ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚҰЛПЫТАС

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚҰЛПЫТАС

Ұлы Абайға 170 жыл

 

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚҰЛПЫТАС

 

Қазана айының 15-і күні Жидебай қорық-мұражайында хакім Абай мен ғұлама Шәкәрім бабаларымыздың кесенесі жанында мән-маңыздылығы ерекше басқосу өтті. Тарихқа тағзым, өткенге құрмет ретінде орын алған шара ресми сипатқа ие болмаса да, танымдық, рухани мәні өте зор болды. Осынау күні тағы бір тарихи жәдігер өзінің байырғы орнына қайта оралды.

Сөз басын жоғарыда айтылған жәдігер жайлы өрбіткенді жөн көрдік. 1940 жылы кеңестік өкіметтің арнайы қаулысы шығып, бұрынғы Шыңғыстау ауданына Абай есімі беріліп, хакімнің бейіті де қайта жөндеуден өткен екен. Жөндеуден өткен мазар басына ақ мәрмәр тастан құлпытас қойылыпты. Ұлы Абайдың 95 жылдық мерейтойын нақты іспен атқару үшін арнайы комиссия құрылып, оның мүшелігінде заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те болған екен. Жазушы осынау шаралардың басы-қасында жүріп, ерекше мән берген деседі.

1904 жылы ақын дүниеден өткенде көтерілген мазардың бұл күні суреті сақталмаса да, 1940 жылы қайта жөндеуден өткен орынның суреті қолымызда бар. Осы мазарда сол жылы қойылған Абайдың есімі латынша, астында орыс әріптерімен жазылған құлпытас болған-ды. Ол құлпытасты Мұхтар Омарханұлы өзі орнатқан деген деректер де бар. Уақыт өте келе Абай мазары қайталама жөндеулерден өтіп, қазіргі таңда Сарыарқа төсінде жүзіп бара жатқан кеме үлгісіндегі ерекше пішінді кесенеге айналып отыр. Бірақ, бұрындары тұрған сол құлпытастың тағдыры туралы мәліметтер толық емес еді. Кейін келе, осы мұражайдың меңгерушісі Әсет Мырзақасым ол құлпытасты мұражай қоймасынан тауып, екіге бөлінген жәдігерді қайта қалпына келтіріп, кесенеге кіре беріс жерге қайта орнатты. Осылайша, көзден кеткен көне жәдігер тиісті орнына, көпшілік назарына қайта ұсынылып, 75 жыл бұрынғы тарихтан сыр шертіп тұр.

Жидебай қорық-мұражайының меңгерушісі Әсет Мырзақасым өз сөзінде:

-Құлпытасты қойма төрінен шығарып, бұл жерге орнатқандағы мақсатымыз – бабалар басына келген көпшілік бұл жерден зәулім кесенені көріп, бұрынғы мазары қандай болған екен деген ойға қалады. Сондықтан тарихқа терең үңілу үшін 1904 салынған мазардың 1940 жылы жөнделген кезіндегі қойылған жәдігерді ел назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл мазар 1961 жылы қайта өзгертілген. Оның да суреті бар. Ал, 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай қазіргі кесене бой көтергендігін бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейді. Сол себепті бүгін мұражай қызметкерлері болып, Жидебай тұрғындары болып, осы мәдени жәдігерді қайтадан орнына қою шарасын іске асырып отырмыз, - деп атап өтті.

Мәдени шара барысында, ескерткіш жәдігердің қайта оралуына орай лента қию құрметі бұл күндері мұражайға қызмет жасап жүрген осы ауылдың жасы 90-ға таяған Тоқтар ақсақалға, мұражайда ұзақ жылдар еңбек еткен бөлім меңгерушісі Ерғали Икеновке және осы қасиетті мекеннің шырақшысы болған Ғизат Күзембаев ағамыздың ұрпағы Ерік Күзембаевқа тапсырылды. Сондай-ақ, кешеннің байырғы қызметшісі, көп балалы ана Теңдік Бұршақбаева анамыз шашу шашты.

Келер ұрпақ үшін бағасы зор жәдігердің байырғы орнына қайта оралуы Абай әлеміне құрметпен қарайтын жұртшылық үшін де көңіл марқайтарлық қуаныш болды. Әсерлі шарада қатысушылар естелік суреттерге түсіп, жылы лебіздерін білдірді.

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар