Видео

}     

Әлеумет

 

Әз-Наурыз балғындардың да асыға, қуана күтетін мерекесі. Жанға шуақ сыйлайтын осынау мейрамға орай жуырда Абай аудандық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үйде арнаулы  әлеуметтік  қызметтер көрсету бөлімі» мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Бақ берекем мерекем-Әз Наурыз» атты тақырыпта ерекше кеш ұйымдастырды.

Осынау аталмыш шараға барша балақай мен олардың тәрбиешілері қызу даярлық жүргізіпті. Кештің әсерлі безендірілуі де ұлттық нақышқа сай болғандықтан тақырыпты ашып тұрды. Барша балалар мерекелік көңіл күйге енген болатын.

Әуелгі кезекте жүргізушілер Наурыз мерекесіне арналған мерекелік кіріспе сөз сөйлеп, шара барысын ашық деп жариялады. Әлбетте, атауы айтып тұрғандай Әз-Наурыз мерекесі ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын мезет. Осынау үрдісті орынды пайдаланған тәрбиеленушілер қазақы салт-дәстүрлер бойынша сырға салу, құда түсу, келін түсіріп, неке қию жоралғыларын сахналады. Бұл көріністердің тағылымдық, тәрбиелік мәні зор болды. Ертеңгілік барысында «Үйде  арнаулы әлеуметтік  қызметтер көрсету бөлімінің» мүмкіндігі шектеулі балалар да, қызметкерлер де өз өнерлерін  ортаға салды. Мәселен, ұстаз бен шәкірт Абылқасымов Нұрлан мен Слямжанова Елдананың орындауында «Бүлдірген», «Егемен ел» әні орындалса, Әбеуова Амангүл «Қырманға кел, қалқатай!» әнін әсем дауыспен шарықтатты.

Мұнымен қатар, мерекелік кеш барысында әлеуметтік қызметкер Әбеуова Амангүл «Шақырады көктем» әнін әуелетті. Сондай-ақ, қызмет алушылар арасында жас жұбайлар Махтаев Айдос пен Толғанбаева Салтанаттың некелері қиылып, сырға салу, беташар, жар-жар сынды салт-дәстүрлер көрсетілді. Жастардың неке қию рәсіміне куәлік еткен Махтаева Бақытжамал және Қағазбеков Әлібек өз баталарын берді. «Құнанбай қажы» атындағы мешіт имамы Болат Самырбай жас жұбайларға арнайы неке куәлігін тапсырды.

Сонымен қатар, Қанағатова Айымгүл мен Ақылбекова Гүлім «Бәйге» биін биледі. Мерекелік кеште орындалған «Аққу» биі де көрерменді тәнтті етті. Кеш барысы қызықты әрі танымдық мағынаға бай болуы үшін келген қонақтар арасында қазақтың салт-дәстүріне байланысты сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды.

Ал кеш соңында шараға қатысқан барша қызмет алушылар және келген қонақтар бірігіп «Қара жорға» биін биледі және жастарға ізі тілектерін жолдап, баталарын берді. Бұл орайда сөз алған «Үйде  арнаулы  әлеуметтік  қызметтер көрсету бөлімшесінің» меңгерушісі Қалдыбай  Венера Бейсенғазықызы қызмет алушыларды Наурыз мейрамымен құттықтап, балаларға  арнап жылы лебізін білдірді.

 Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

Жуырда Өскемен қаласында облыс әкімі жанындағы Жастар істері кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Аймақ басшысының орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен өткен жиын барысында өңіріміздегі жастар мәселесі, оларды тұрақты жұмыспен және баспанамен қамту шаралары тәрізді бірқатар өзекті тақырыптар ортақ талқыға салынды.

Кеңес отырысын алғысөзбен ашқан Жақсылық Мұқашұлы қазіргі таңда аймағымыздағы жастар мәселесі бойынша алаңдатарлық жайттардың бар екендігін ашып айтып, бұл тараптағы жұмыстарда бірізділік жоқ екендігін алға тартты. Атап айтсақ, кейбір аудандар мен қалаларда жастар ісіне толыққанды көңіл бөлінбей келеді. Әсіресе, мәселеге жауапты базбір мекемелер жұмыс ырғағынан жаңылып қалған. Осы тәрізді өткір пікір білдірген облыс әкімінің орынбасары жуырда ғана жастар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысына да тоқталды. «Юпитер» қоғамдық мәселелерді зерттеу орталығының мәліметіне сәйкес, облыс жастары жергілікті органдардың көмегін сезініп отырмағандықтарын жеткізіп, өкпе-наздарын білдіріпті. Облыс орталығы мен Семей шаһарының жастары өз өңірлеріндегі әлеуметтік қолдау шараларына көңілдері толмайды екен. Бұл сөз жоқ аталған бағыттағы жұмыстардың ақсаңқырап жатқанын айғақтаса керек. Осыны жеткізген Жақсылық Омар ендігі аралықта нақты шараларға көшу қажеттігін атап өтті. Ол үшін бірінші кезекте өңірлердегі жастар саясатын ширатып, жергілікті әкімдіктердің жастар мәселесімен айналысатын бөлімінің жұмысын жандандыра түсу қажет.

Екінші кезекте жастарды ауылды жерлерде тұрақтандыру, яғни, ол үшін өскелең буынды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі сөз болды. Бұл орайда кеңес барысында пікір білдірген облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Мырзабаева нақты дәйектемелерге тоқталды. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда аймағымыздағы азаматтарды жұмыспен қамту ісі бойынша жастар арасында да арнайы шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, бүгінде 12 мыңның үстіндегі жас бағдарламаның игілігін көруде. Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының жас буын үшін берері мол болып тұр. Дегенмен, бұл әлі де болса төмен көрсеткіш. Сол себепті, алдағы уақыттарда мемлекеттік бағдарламалармен аймағымыздағы түрлі жобаларға жастарды көптеп тарту қажеттігі туындауда. Бұл пікірді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да қуаттады.

Ж.Мұқашұлы облыстық ішкі саясат басқармасының жүргізген талдауларына сүйене келе, жұмыссыз жастардың саны биылғы жылы анағұрлым артып отырғанын жеткізіп, бұл бағытта тиісті орындар нақты жұмыс жүргізбей отырғанын сынға алды. Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы негізінен аудандар мен қалалардан алынған мәліметтерді тіркеп, министрлікке жіберумен ғана айналысуда. Сол себептен де аталмыш бағытта тыңғылықты жұмыс жүргізу қажет.

Сонымен қатар кеңес отырысы барысында жастарды баспанамен қамту ісі де жан-жақты сөз болды. Бұл ретте тың мағлұматтармен қанықтырған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Инна Валл ханым аталмыш тақырып аясында кеңінен сөз өрбітті. Оның айтуынша, қазіргі таңда облысымыз бойынша баспана кезегінде тұрған жастардың жалпы саны 6 мыңнан асады екен. Бұл бағыт бойынша қарқынды шаралар орын алмағанымен тиімділігі мол бағдарламалар бар. Атап айтсақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ арқылы жастардың пәтер иеленулеріне мүмкіндіктері мол. Тек бұл бағытта жастар арасында ақпараттық жұмыстар жүргізу қажет. Яғни, мемлекеттік бағдарламалардың берер пайдасы жайлы көптеген жастар әлі күнге дейін хабарсыз. Әсіресе, аталмыш бағытта аудан жастары арасында нақты шараларды жүзеге асыру міндеті күн тақырыбында тұр.

Жалпы, кеңес отырысы барысында жастардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты әңгіме өрбіді. Базбір мекемелер мен бөлімдер жұмысы сынға алынды. Алдағы міндеттемелер айқындалды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы келесі отырысқа дейін орын алған кемшіліктер қалпына келтіріліп, нақтыланған межелер еңсерілуі қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, жастар мәселесіне қатысты шаралармен айналысатын бірқатар құзырлы мекемелер басшыларына тапсырмалар жүктеп, аталған бағытта жанды жұмыс жүргізуді міндеттеді.

 Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»,

Қарауыл- Өскемен-Қарауыл

Сәуірдің 7-і күні облыс орталығы Өскемен қаласында, Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінде аймақ басшысы Даниал Ахметовтың баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Аймағымыздағы БАҚ өкілдері бас қосқан жиында облыс әкімі Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясындағы ел Шығысында жүзеге асырылған ауқымды шаралар мен алдағы межелер туралы келелі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар қатысушы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайырды.

Даниал Кенжетайұлы ең бірінші кезекте ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының алдын ала қорытындысы бойынша жалпы экономикалық көрсеткіштерге тоқталып өтті. Бұл орайда облысымызда атап көрсетуге тұрарлық жетістіктер қатары бар екен. Әлем бойынша орын алған жаһандық қаржылық дағдарысқа қарамастан аймағымыздағы ішкі өсім көлемінің артуы байқалады. Облыс әкімі айтып өткендей, ішкі және сыртқы факторларды қатар ескерсек, жалпы өңірлік өнімнің номиналды өсімі 500 млрд. теңгеден жоғары, яғни 102 %-дық өсімді құрайды екен. Өндірістік өнім көлемі 301 млрд. теңге болыпты. Ал, ауылшаруашылығының жалпы өнімі 30,1 млрд. теңге. Мұнымен қатар,  мемлекеттік бюджетке түсімдер мен салықтар 49,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 2,5 есеге артыпты. Жыл басынан бергі еселі еңбектің нәтижесіне тоқталып өткен аймақ басшысы Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар қатарына тоқталып өтті.

Ұлт көшбасшысы атап көрсеткен бірінші реформа шеңберінде бүгінде кәсіби мемлекет құру, қызметкерлердің тұрақсыздығы мәселесін шешу және кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қызметі мемлекеттік аппарат қызметін жақсартуға, билік органдарында қызмет атқаратын адамдардың әдептілігі мен адалдығын арттыруға бағытталып отыр. Бұл ретте аймақ басшысының назарға алуымен ілкім істер орын алған.

- Өткен жылы аталмыш реформа жарияланған кезден бастап өңірімізде бірқатар маңызды кадрлық өзгерістер болды. Тоқталып өтер болсақ, Қатонқарағай, Бесқарағай, Күршім, Ұлан аудандарының әкімдері жаңадан тағайындалды. Олар «А» корпусына сынақтан сүрінбей өтіп, жауапты қызметке лайықты екендіктерін көрсетті. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу, дайындау жоғары деңгейде жүргізілуде, - деп атап өтті Даниал Кенжетайұлы.

Аймақ басшысы сонымен қатар Ұлт Жоспарын іске асыруда тиімділік беретін реформалар қатарына жекелей тоқталып өтті. Соның ішінде маңызы жоғары тағы бір жаңашылдық - индустрияландыру және экономикалық өсім мәселесі болып отыр. Оның негізінде, аймағымызда индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында өндіріс салаларына стратегиялық инвесторлар тартылып, ірі жобаларды жүзеге асыру қолға алынған.

- Бүгінгі таңда облыста 890 млрд. теңгенің 76 жобасы қолға алынса, осыған дейін 225 млрд. теңгені құрайтын 48 жоба толық іске асырылды. Биыл 9,7 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба өндіріске енгізіледі. Бұлардың барлығы дерлік еліміздің әлемдік нарыққа шығуына және экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін ауқымды бастамалар, - деген аймақ басшысы ауқымды жобалар қатарына тоқталады. Бұл ретте Аягөз және Жарма аудандары бойынша іргелі шаралар қолға алынған.

Даниал Кенжетайұлы баспасөз мәслихаты барысында аймақ экономикасындағы елеулі салалардың бірі - аграрлық секторға да баса тоқталды. Осы ретте сүт және сүт өнімдерін, ет, құс етін өндіруге басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Бүгінде облысымыз сүт өндіруден республикада үшінші орында. Бірақ сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын игеру бар-жоғы 35%-ды құрайды екен. Бұл дегеніміз қолда бар мүмкіндікті толыққанды пайдалана отырғанымызды айғақтайды. Яғни, аймақ әлеуеті әлі де жоғары деген сөз.

Сондай-ақ, облыс әкімі айтып өткендей, ет өндіру және өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тартуға елеулі түрде көңіл бөлінген. Негізгі міндет - шикізат базасын және өңделген өнімді экспорттауды дамыту. Облыста республикада өндірілетін еттің жалпы көлемінің 12%-ы шығарылады. Мұнымен қатар, облыстың ет өндіру кәсіпорындарында барлығы 39% шикізат өңделеді. Ет өндіру ісінде асыл тұқымды мал басын арттырудың мүмкіндігі зор.

Журналистермен өткен басқосу барысында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселесі де қозғалды. Аймақ басшысы айтып өткендей, жерді түгендеу бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесінде аймағымызда қолданылмай жатқан 984,3 мың га жер анықталыпты. Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерді жалға беру бойынша жасалған келісімдер бұзылып, 10,2 мың га жер аумағы мемлекет қарамағына қайтарылған. Бұл бағыттағы шаралар жаңадан қабылданған заң аясында алдағы уақыттарда да жүргізіле бермек.

Бір бұл емес, облыс әкімі Даниал Ахметов өңірлерді абаттандыру, тұрғын үй құрылысын жүргізу, жол инфрақұрылымын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, археологиялық жұмыстарды жандандыру, туризмді өркендету, үш тілділікті оқыту, мемлекеттік жастар саясаты, жұмыспен қамту мәселелеріне де жан-жақты тоқталды.

Әрине, баспасөз мәслихаты сұрақ-жауап алмасуларынсыз өтпейтіндігі белгілі. Аймақтың әр түкпірінен жиналған журналистер қауымы түрлі тақырыпты арқау еткен сан-алуан сауалдар қойды. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметкерлер имиджі, атқарушы билік өкілдерінің жұмысы сынды сұрақтар берілді. Соның ішінде аймақ басшысына қойылған: «Облыс әкімдерінің қызметін рейтингілік жүйемен қабылдауға қалай қарайсыз?» деген сауалға Даниал Кенжетайұлы тосылмастан орынды түрде жауап қайырды.

-Мен үшін өзімнің жұмысыма ең бірінші кезектегі берілер баға халықтың ризалығы. Мәселен, Абай елінің, Қарауыл ауылының тұрғындары абаттандырылған көшелермен, мұнтаздай асфальтпен жүрсе - әлбетте атқарушы билікке ризашылық пейіл танытар еді. Ол алдыңғы кезекте менің де жұмысыма берілген жоғары баға болар еді, - деп жауап қайырды. 

Облыс әкімі өз сөз соңында Ұлт Көшбасшысы жүктеген міндеттердің өңірімізде нақты іспен жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек ете келе, көп ұлтты Отанымыздағы тұрақтылық пен ұлтаралық татулыққа, конфессияаралық келісімге де ерекше тоқталып өтті. Осы орайда Елбасы өзі атап көрсеткен жалпы қазақстандық қоғамның біртектілігі мен бірлігін нығайтуға күш салуға, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын дамытуға барынша күш салуға шақырды.

 Нұржан БАЙТӨС,

Қарауыл-Өскемен-Қарауыл,

«Абай елі»

Сәуір айының алғашқы жұлдызында Абай еліне арнайы ат басын тіреген ШҚО сотының төрағасы Досжан Әміровтың қатысуымен М.Әуезов атындағы кітапханада «Жаңа Қазақстан Республикасының азаматтық процестік кодексі: Бітістіру рәсімдерін насихаттау және оларды азаматтық, қылмыстық сот өндірісінде қолдануды енгізу» атты ауқымды тақырыпты қамтыған алқалы жиын өтті.

Басқосуға аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, ғылым докторы, профессор Арап Еспенбетов, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Семей көлік колледжінің директоры Шаған Жұмақсанов, зейнеттегі судья Мұқашев Кенжеш, облыстық соттың судьясы Елдос Жұмақсанов, Абай аудандық сотының төраға міндетін атқарушы Руслан Омаров, Абай ауданының прокуроры Дулат Аубакиров, Абай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ержан Қаратаев, аудандық әділет басқармасының басшысы Ақсұңқар Махметов, аудандық аурухананың бас дәрігері Алмагүл Балтақаева, «Шаңырақ» медиация орталығының директоры Елизавета Абдрахманова және ауылдық округ әкімдері мен аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, кәсіби емес медиаторлар қатысты.

Жиынды алғысөзбен ашқан аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы сөз кезегін облыстық сот төрағасына ұсынды.

Өз ақпаратында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы бағдарламасында көрсетілген сот саласының жаңа бағыты бүгінгі таңда өңірлерде ойдағыдай жүзеге асып жатқанын  айтқан төраға сот қызметінің ашықтығы, халыққа қолайлы жағдайдың жасалуы осыған дәлел деген пікір айтты. Десек те, болмашы кикілжіңге бола заңға жүгініп, істі сотқа жеткізудің де тиімсіз тұстарын саралаған Д.Сарманқұлов керісінше, қарсылас қос тараптарды қол алысып, бітімге келтірудің маңыздылығына тоқталды. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген хакім Абайдың ұлы сөзінен де үлкен мағына ұғуға болады. Ерте дәуірлерде дана халқымыз дау-дамайларды ақсақалдар алқасының талқысына тастаған болса, бүгінде кез - келген істің басынан аузы дуалы, көненің көзі қарияларымыз табылса істің де ымыраға келері анық. Осы орайда медиация қызметін аудан көлемінде барынша жоғарылату керектігі де сөз болды. Себебі, Қатонқарағай ауданының өзі аталмыш үрдіс бойынша 20% -ға жеткенде, қаймағы бұзылмаған қазақы аудан Абай елінің көрсеткіші тіптен қомақты болуы шарт екендігін тілге тиек етті.

Дөңгелек үстелде сөз алған аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Руслан Омаров өңірімізде бітімге келу туралы іске байланысты бірқатар шаруалар атқарылғандығын жеткізді. Мәселен, статистикаға көз жүгірткен судья 2013 жылы 482 іс қаралса, соның 5 -і ғана медиация тәртібімен қысқарды дейді. Сондай-ақ, 2014 жылы 464 шағым түссе, соның 19-ы медиация тәртібімен, 2015 жылғы 482 істің 7 пайызы медиация тәртібімен және 2016 жылдың І тоқсанында 82 істің 6 –ы медиация тәртібімен шешілгендігін сөз етті. Осыған орай жыл санап медиация қызметі қарқын алып келе жатқандығын, әйтсе де бұл көрсеткішті еселей түсу міндет деп ойын білдірді. «Тек, бірлесе қызмет жасасақ, бітіспейтін дау, шешілмейтін шешім болмайды», - деді аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Р.Омаров.

Бір ауыз сөзбен жауласқан дүйім елді бітістірген кешегі билер шешімі бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Осы ретте істің насырға шаппауын қадағалап, медиация қызметінің мән-маңыздылығын арттыру мақсатында құрылған «Шаңырақ» медиациялық орталығының директоры Елизавета Абдрахманова аталмыш орталық қызметі 2013 жылдан бастап жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Бүгінгі күндері аудандық, қалалық медиация орталықтарымен тығыз жұмыс жасай отырып, білікті медиаторларды дайындау ісі де орталық арқылы жүзеге асуда. Сонымен қатар Е.Абдрахманова орталықтың арнайы плакатын тарту етті.

Медиация бойынша өзінің араласуымен атқарылған пәрменді жұмыстар қатарын алға тартқан, кәсіби емес медиатор әрі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Несіпбаев бұл ретте Абай ауданы бойынша көрсеткіштің төмен болуы әсте мүмкін еместігін де айтты. Сондай-ақ сот мекемесі ішінен жеке кабинет қарастырылса, кәсіби емес медиаторлар да марапатталса, арнайы көлік бөлінсе деген ұсынысын да сөз орайында жеткізе кетті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар пікірлерін қорытындылап, жиынды түйіндеген аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков әрбір ауылдық округ әкімдеріне де түймедейден туындаған дау-жанжалдарды өршітпей, ауыл ақсақалдарымен бірлесе отырып, шешімін табуға күш салуға шақырды. Кәсіби медиатордың негізгі мақсаты да сол - ауыл-аймақ азаматтарын береке-бірлікке ұйыстыру, ел ынтымағын сақтап, өзара сыйластықты арттыру екені хақ.  

 

Тоғжан НҰҒЫБАЕВА,

«Абай елі»

 

«НҰР ОТАНМЕН» БІРГЕМІЗ!

Елін-жерін, ертеңін ойлаған ұлылар туған қастерлі мекен тұрғындары азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, өз таңдауларын жасады. Абай елі бұған дейін де сайлаусынды саяси науқанға бей-жай қарамай, саяси сауаттылықтарын танытып, жоғары деңгейде ат салысты. Жоғары жауапкершілікпен қарады. Еліміздің дамуына үлесімізді қостық, осының нәтижесінде халықтың сөзін сөйлейтін партия, қазақстандықтардың мұң-мұқтажын терең түсінетін, олардың өмір сүру жағдайын жақсарту жолында нақты ісімен ел сеніміне ие болған, Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқаратын «Нұр Отан»  партиясы  сайлауда жеңіске жетті!

 

Естеріңізге сала кетсек, «Нұр Отан» партиясының жанынан орталық, облыстық, аудандық сайлауалды штабы құрылып 20 ақпаннан-19 наурызға дейінгі аралықта жүйелі жұмыс жасады. Абай ауданында аудандық қоғамдық штабта 14 адам, 8 ауылдық кіші штаб құрылып, жиыны 54 «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасының жұртшылыққа насихаттау сынды т.б шаралар өткізуде белесенділік танытты. Барша қазақстандықтар мен бірге береке бірлігі жарасқан Абай ауданының сайлаушылары 20 наурыз күні кезектен тыс өткізілген ҚР Парламент Мәжілісі мен деңгейлі мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты.

«Нұр Отан» партиясы шын мәнінде Қазақстан сайлаушыларының  82.15 пайыз  дауысын жинап халқының сенімді партиясы болып сайланды. Бұл орайда ел сеніміндегі партияға Абай ауданының халқы 86,15 пайыз қолдау жасады. Сонымен қатар саяси додаға партия атынан түскен облыстық  мәслихат депутаттығына кандидат Битенов Тасболат, аудандық мәслихатқа кандидат Белібаев Ардақ, Қарауыл-Медеу ауылы бойынша Ерлан Лдибаев, Молдаханова Рысбүбі, Балтақаева Алмагүл, Оразбаев Бақытжан, Мұхтаров Дәулет, Көкебаев Айдар, Нұғымаров Қарықбол, Елубаев Асқар 80 пайыздан жоғары   дауыс алып, халықтың қолдауына ие болып депутат атанды. «Елбасымен бірге – Нұр Отан партиясы жаңа жетістіктерге жете беретініне сеніміміз мол.

Ағымдағы жылдың 1 наурызында  құрылғанына 17  жыл толған Елбасымыз басқаратын «Нұр Отан» партиясы өзінің сайлауалды тұғырнамасындағы уәделерін толық орындады. Алдағы уақытта да осы қарқынмен қызмет ете бермек. Мұндай жалынды сөздер аталмыш партияның жеңіс тойын тойлаудағы салтанатты жиынында айтылды.

Қолдарына желбіреген тулары, асқақ ұрандары бар жалынды жүрек жастарымыз бен саяси шараларға сергек қарайтын Қарауыл ауылының тұрғындары  орталық алаңға жеңіс құрметіне, елдігімізді асқақтатуға  жиналды.  Жеңіске жеткен «Нұр Отан» партиясының Абай аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Дүрмекбай Қайырғазы Нұрлыбекұлы мінберге көтеріліп, Елбасының басшылығымен тамаша ел құрғандығымызды баса айта келе, жеткен жетістіктерді тізбелеп өтті. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы бойынша қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Нұртай Сабильяновтың 9 ауылда болып партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, кездесу өткізгендігін, Абай ауданы саяси науқанда «Нұр Отан» партиясына   86, 15 пайыз дауыс  бергенін қуанышпен жеткізді.

«Нұр Отан» париясының жеңісі - қазақстандық демократияның жеңісі. Тәуелсіз Қазақстан партиямен бірге гүлдене берері айқын.

Келесі сөз кезегінде Қарауыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, «Қазақ Совет Социалистік халық ағарту ісінің озық қызметкері» Несіпбаев Шыңғыс  өзінің ой-толғамын жеткізіп, ақжарма лебізін білдірді. Ал, жастар қатарынан Абай атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рысбекқызы Әйгерім Елбасының сындарлы саясатын қолдайтындығын айта келе:

- Біздің, жастардың жоғары білім алуымызға, алаңсыз бейбіт өмір кешуімізге, білек сыбана еңбек етіп, еңбегіміздің жемісін көруімізге жағдай жасап, қолдау көрсетіп отырған елімізге, осынау Мәңгілік Елдің көшбасшысы, Елбасымыз Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымыз шексіз. Оқуды ойдағыдай тәмәмдап, алтын бесік ауылымызға шәкірт оқытуға, шәкірт санасына білім дәнін егуге аттандық. Онда да жұмыс іздеп сабылмадық. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асуымен көтерме жәрдемақы, тұрғын үймен қамтамасыз етілдік, - деп ақжарма ризашылығын білдірді.

Жеңімпаздар форумында  Бақыт Шағатаева, Тамара Көзбаева, Жанат Хайсина мен  Еркін Жолжігітов, Космомавт Төлеухан сынды «Қаламқас» ән-би ансамблі әншілері ән шашуымен шара көркін аша түсті. Маңызды форумда «Нұр Отан» партиясының жақтастары  «Елдің аты – Қазақстан - Ердің аты Нұрсұлтан!», Жеңіске жетті Нұр Отан!, Жасасын Елбасы!, Жасасын Нұр Отан!» деп ұрандатып тұрды.

Сайлауда жеңіске жеткен «Нұр Отан» партиясының саясатын қолдап, жұмыс жүргізген бірқатар азаматтар аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясының  Абай аудандық филиалының төрағасы Мүсәпірбеков Тұрсынғазы Жантұяқұлының Алғыс хатымен марапатталды.   

«Нұр Отан» партиясының жеңісі - қазақстандық демократияның жеңісі. Тәуелсіздік – бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз - Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу – өз тағдырына жауап беру деген сөз. Себебі Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, біздің Отанымыз. Олай болса кең байтақ Қазақстанды «Нұр Отан» партиясымен бірге гүлдендіре берейік ағайын.  Берік іргеміз - Елбасы мен «Нұр Отанмен» біргеміз.

   Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

Аймақтық форум

 

БАҚ ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТҚА КЕНЕЛДІ

 

Жуырда облыс орталығы Өскемен қаласында аймақтық журналистер форумы болып өтті. Аймағымыздың әр түкпірінен жиналған БАҚ өкілдерін облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы құттықтап, жүлделі сыйлықтар табыс етті.

Бұл жолғы өткен аймақтық форумның мән-маңыздығы өзгеше болды. Журналистер алдында сөз алған Даниал Кенжетайұлы БАҚ қызметі туралы өз пікір-ілтипатын білдіре келе, ризашылығын да жеткізе кетті.

– Барлығыңызды мерейлі мереке тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Шығыста қызмет атқарған бір жылда өңірдің өркендеуі мен дамуы жолында өздеріңізбен бірлесіп еңбек етіп келеміз. Әрине, қой жылы оңай болған жоқ. Бүкіл әлемді дағдарыс шарпып, жаһан бойынша экономикада тұрақсыздық туындады. Алайда, еліміздің, оның ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін төмендетпей ұстауға қол жеткіздік. Облыста атқарылып жатқан игі істерді халыққа жеткізіп, жақсылықтың жаршысы болуда ақпарат құралдарының көтерген жүгі зор. Сондай-ақ, сіздер қандай да бір кемшіліктер болса, өткір сынға алып, оның түзелуіне үлестеріңізді қосып келесіздер. Бұл еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Жалпы, журналистер қауымы қашан да ақиқаттың, шынайылық пен әділдіктің жақтаушысы. Қоғамға аса қажетті шынайылықты қамтамасыз етуге атсалысып жүрген еңбектеріңіз үшін сіздерге шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Мереке құтты болсын! – деді форумның ашылу рәсімінде сөз алған аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Әрине, мұндай салтанатты жиын марапатсыз болмайды. Облыс әкімі сонымен қатар қызметте табысқа жетіп жүрген қаламдары қарымды бірқатар журналистерді арнайы грамоталармен, алғыс хаттармен марапаттады. Абыройы асқақтап, мерейі үстем болған БАҚ өкілдері арасында негізінен Республикалық және облыстық басылымдар журналистері көп болды.

Бүгінгі заман – ақпараттар ағыны заманы. Жаңару мен жаңғыруға, идеологиялық қарама-қайшылықтар орын алған қазіргі шақта журналист мамандығы зор жауапкершілік, кәсіби біліктілік пен жеделдік, жан-жақтылық секілді қасиеттерді өте-мөте қажет етеді. Бұқаралық ақпарат құралының өкілі ұсынған баспа немесе телерадио өнімі – халықтық ортақ игілігі. Бұқараның ұғым-түсінігі, өмірге көзқарасы, әлеуметтік ұстанымы, тіпті мінез-менталитеті соған қарай қалыптасады. Бұл орайда, аймақ басшысының аталмыш сала қызметкерлеріне сенім білдіріп, ризашылығын жеткізуі – үлкен жауапкершілік жүктеуі деп те түсінгеніміз абзал.

 

Нұржан БАЙТӨС

«Абай елі»

Қарауыл-Өскемен

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚПЕН ТАНЫСТЫРДЫ

 

Қазан айының 16 күні «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында зейнетақы жүйесінің жай-жапсарымен жақынырақ түсіндіру мақсатында облыс орталығынан арнайы келген ШҚО зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» ММ директоры Жанат Умергалиева қарауылдық қариялармен кездесу өткізді. Жиынға ШҚО филиалының «Абай аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» ММ басшысы Мейрамгүл Нұрланова мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайырғазы Дүрмекбай, сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Түңлікбаев бастаған белсенді ақсақалдар қатысты.

Жиынды алғысөзбен ашқан аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық басшысы Мейрамгүл Мұқатайқызы мейманмен таныстырып өтіп, сөз ұсынды.

Жылма жыл халықпен жүзбе-жүз кездесіп, зейнетақы жүйесі жайында жан-жақты ақпараттандырып, тұрғындардың көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап беру басты мақсат екенін жеткізген Жанат Каукенқызы арнайы ат басын бұрған Абай еліндегі зейнетақы орталығындағы тыңғылықты жөндеу жұмыстарын көріп көңілі толғанын жеткізе кетті. 2013 жылдан бері сметалық жоба жасалынып, биылғы жылы сәтін салып бөлінген қаржыны ауылдарыңыздың жанашыр азаматы Ардақ Белібаев ұтып алған еді, сөз орайында басшысы бастатқан жұмыс күшіне өз алғысымызды жеткізе кеткенді жөн көрдік,-дейді. Сонымен қатар, еліміздің зейнетақы жинақтау жүйесіндегі алдағы уақытта орын алатын өзгерістерге, яғни, біріктірілген жүйе бағдарламасына да тоқталған басшы бұл жаңашылдықтың төлемақыға ешқандай әсері жоқтығын, Елбасы бір сөзінде атап көрсеткендей, халықтың салымына кедергі келмейтінін баса айтты.

Осыдан соң мәртебелі мейманға сауалдар қойылды. Сөз алған кейбір тұрғын өз зейнетақысының аздығын айтса, енді бірі өтілге байланысты базалық зейнетақының өсуі, қымбатшылықтың салдары зейнетақысы аз қариялардың күнкөрісіне жетпейтіні жайлы пікір білдірді. Сондай-ақ, тыл ардагерлеріне қосылатын жәрдемақылардың төлену реті сынды түрлі сауалдар жекелеме тұрғындар тарапынан жолданып жатты. Осы ретте салмақты жауап қайырған Жанат Умергалиева тағайындалған зейнетақыларды мерзімінде жіберу ғана құзіреттіліктеріне енетіндігін, десе де әрбір зейнеткердің сауалы өз тараптарынан үкіметке, жауапты министрлікке жолданатынын жеткізді.

- Зейнетақы өсімі 2016 жылдан 9 пайызға көтерілді. Базалық зейнетақы еңбек өтілдеріңізге байланысты 2018 жылдың шілдесінен қайта қаралады. Егер жағдай қалыпты болып жатса, келергі жылы да қосылуы бек мүмкін. Тек уәде беруден аулақпын. Себебі, бәрі бюджет қаржысына келіп тіреледі, - деді өз сөзінде облыстық зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың басшысы.

Сөз алған ақсақалдар қатары әсіресе аудандық зейнетақы орталығының білікті басшысы Мейрамгүл Мұқатайқызының мінсіз жұмысына марапаттың да керектігін айтып қалды. Алайда, өз ісінің білгірі бүгінде кеудесіне қос медаль қадаған абыройлы басшы болып шықты.

Осылайша абайлық ардагерлер атынан Түңлікбаев Марат, Толғамбаев Манатай, Орынбаев Байбота, Несіпбаев Шыңғыс ақсақалдар сала мамандарына ақ баталарын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Жиын соңында сөз алған Қайырғазы Нұрлыбекұлы да пікір білдіріп, өзіне қатысты сауал-ұсыныстарға да тиісінше жауап қайырды.

 

«Абай елі» ақпараты

 

«Абай жастарының» жаңашыл бастамасы

 

ИППОТЕРАПИЯ ИІГІЛІГІМІЗГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

 

Жеті қазынаның бірі – қазанат ықылым заманнан бері халқымыздың тұрмыс тіршілігінде айрықша орын алып келеді. Қаймана қазақ үшін жылқының маңыздылығы жоғары. Мінсең - көлік, жесең - ас, ішсең – қымыз, кисең - киім болған Қамбар ата түлігін бабалармыз ерекше бағалағаны белгілі. Жылқы мінезді халық атануымыз да бәлкім осыдан болар.

Расында, жылқы малының адамзат баласы үшін сан түрлі пайдалы қасиеттері бар екені күн өткен сайын мәлім болуда. Ғылымда дәлелденген бір жайт - атқа салт мінудің сал ауруларын емдеудегі пайдасы болып тұр. Медицина тілінде иппотерапия аталатын бұл ем түрін енді Абай ауданында да жолға қойылмақ.

Әріден бастасақ, бүгінде ауданымыз бойынша 24 тірек – қимыл қозғалысы бұзылған және 46 психоневрологиялық ақауы бар балалар есепке алынған екен. Бұл мүмкіндігі шектеулі өрендерді сырқаттары қарқынды емдеуді қажет етеді. Міне, осы орайда иппотерапияның берері мол болмақ. Аталмыш ем-шара түрін ауданымызда жолға қоюға «Абай жастары» қоғамдық бірлестігі бастамашы болып отыр. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша арнайы грантын жеңіп алған бірлестік мүшелері экотуризм саласын дамыту арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуді де қолға алды.

«Жас келсе іске» деген. Білек сыбанған бірлестік мүшелері жуырда алғашқы ем-шараны этноауыл кешенінде бастап кетті. Бастамашы топ құрамында әлеуметтік сала мамандары да бар. Бұл күні бірқатар балақайлар Орда тауының бөктеріне салт атқа жайдық мініп саяхатқа шықты. Аталмыш шараны ұйымдастыруға аудандағы «Жастар орталығының» жетекшісі Мейіржан Смағұлов, этноауыл кешенінің меңгерушісі Тоғжан Исанова, жылқы құмар ауыл жастарынан Думан Бекбосынов, Қаһарман Тайтөлеуов сынды жігіттер бір кісідей жұмыла кірісіп кеткенін көрдік.

Иппотерапия – медицина саласында өз алдына үлкен бір ілім. Бүгінде ол туралы ғылыми әдебиеттер жеткілікті. Бастамашы топтың айтуынша, оған таңдалып алынған жылқының өзі ерекше болуы керек екен. Балақайларға бұл жолы Лашын атты жорға мен Фарс ныспылы асыл тұқымды түліктер қызмет жасады. Екеуі де ірі денелі, адамға үйірсек, жүрісі жайлы жануарлар екен.

Ғылымға жүгінсек, аттың бір қалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен. Яғни, барлық буын қозғалысқа көшеді деген сөз. Сол себепті атқа міну –адамға биохимиялық тұрғыда оң ықпал етіп, ағзаны нығайта түседі. Дәрігер мамандардың айтуынша, жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы массаж жасауға қабілетті көптеген элементтерден тұрады және ағзаны қоздырады. Өйткені, жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары екен. Атқа отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қан айналымының жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады екен. Иппотерапия әсіресе жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек – ми жарақатын алғанда, мінез – құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл-күй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, шорбуынға және тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда, бір сөзбен айтқанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуге қолданылады.Тіпті, есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да иппотерапияға сүйеніп, ем қабылдауға болады дейді мамандар.

Әсем табиғат аясындағы этноауылда балалар бір күнге тарта уақыттарын мейлінше көңілді өткізді. 3 сағат көлемінде атқа жайдақ мініп, жалын сипап, тіпті қимас достарға да айналып кетті. Ем қабылдауға келген балалар ішінде бауыр басып қалғаны соншалық, тіпті, жылқыдан түскісі келмегендер де болды. Ал атқа міну барысында арнайы атбегі, әлеуметтік бөлім мамандары, медицина қызметкері балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын жіті қадағалауда ұстаған еді.

Өз кезегінде аталмыш ем-шара жайында бізге пікір білдірген ауданның әлеуметтік бөлімше меңгерушісі Венера Қалдыбай:

-Иппотерапия – жылқымен емдейтін медицина саласы. Бабаларымыз атқа мінуді биік өнер деңгейіне көтергенін білеміз. Теңге ілу, қыз қуу, көкпар, аламан сияқты ұлттық ойын түрлері – адамның физикалық, психологиялық әлеуетін шыңдайтын шынайы ойындар. Біздің бөлімшеде тәрбиеленіп жатқан балаларға заманауи иппотерапия түрін ұсынып отырған «Абай жастары» қоғамдық бірлестігі бастаған жастарымызға зор алғысымды білдіргім келеді, - деп алғысын да айтып өтті. Осы бөлімшенің 12 баласын бастап келген 6 әдіскер және аудандық емхана бірлестігінің мейірбикесі Толқын Жабархан да бұл терапия түрінің жеткіншектер үшін көмегі зор екенін жеткізді.

Балақайларға арналып ақ боз үйлерде этноауыл кешенінің меңгерушісі Тоғжан Исанова ақ дастархан жайып, қонақжайлық танытты. Әсем табиғат аясында тыныстап, алтыбақан теуіп, «Әйгерім бұлағына» саяхат жасап, тау бөктерін аралап қайтқан балалар да көтеріңкі көңіл-күйде болды. Жүздері алаулап, қуаныштан бал-бұл жанған жеткіншектерге бұл күн үлкен тарту болғаны анық. Олардың ішінде Қанағатова Айымгүл, Байжанова Меруерт және Мұратқызы Забира өздеріне үнемі қамқорлық танытып жүретін «Жастар орталығының» жаңашыл басшысы Мейіржан Смағұловқа алғыстарын білдірді.

Иә, жастардың бұл жолғы жаңашыл бастамасы аудан тұрғындарының игілігіне айналатыны анық.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі».

Page 1 of 3

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!