Видео

}     

ИППОТЕРАПИЯ ИІГІЛІГІМІЗГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

«Абай жастарының» жаңашыл бастамасы

 

ИППОТЕРАПИЯ ИІГІЛІГІМІЗГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

 

Жеті қазынаның бірі – қазанат ықылым заманнан бері халқымыздың тұрмыс тіршілігінде айрықша орын алып келеді. Қаймана қазақ үшін жылқының маңыздылығы жоғары. Мінсең - көлік, жесең - ас, ішсең – қымыз, кисең - киім болған Қамбар ата түлігін бабалармыз ерекше бағалағаны белгілі. Жылқы мінезді халық атануымыз да бәлкім осыдан болар.

Расында, жылқы малының адамзат баласы үшін сан түрлі пайдалы қасиеттері бар екені күн өткен сайын мәлім болуда. Ғылымда дәлелденген бір жайт - атқа салт мінудің сал ауруларын емдеудегі пайдасы болып тұр. Медицина тілінде иппотерапия аталатын бұл ем түрін енді Абай ауданында да жолға қойылмақ.

Әріден бастасақ, бүгінде ауданымыз бойынша 24 тірек – қимыл қозғалысы бұзылған және 46 психоневрологиялық ақауы бар балалар есепке алынған екен. Бұл мүмкіндігі шектеулі өрендерді сырқаттары қарқынды емдеуді қажет етеді. Міне, осы орайда иппотерапияның берері мол болмақ. Аталмыш ем-шара түрін ауданымызда жолға қоюға «Абай жастары» қоғамдық бірлестігі бастамашы болып отыр. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша арнайы грантын жеңіп алған бірлестік мүшелері экотуризм саласын дамыту арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуді де қолға алды.

«Жас келсе іске» деген. Білек сыбанған бірлестік мүшелері жуырда алғашқы ем-шараны этноауыл кешенінде бастап кетті. Бастамашы топ құрамында әлеуметтік сала мамандары да бар. Бұл күні бірқатар балақайлар Орда тауының бөктеріне салт атқа жайдық мініп саяхатқа шықты. Аталмыш шараны ұйымдастыруға аудандағы «Жастар орталығының» жетекшісі Мейіржан Смағұлов, этноауыл кешенінің меңгерушісі Тоғжан Исанова, жылқы құмар ауыл жастарынан Думан Бекбосынов, Қаһарман Тайтөлеуов сынды жігіттер бір кісідей жұмыла кірісіп кеткенін көрдік.

Иппотерапия – медицина саласында өз алдына үлкен бір ілім. Бүгінде ол туралы ғылыми әдебиеттер жеткілікті. Бастамашы топтың айтуынша, оған таңдалып алынған жылқының өзі ерекше болуы керек екен. Балақайларға бұл жолы Лашын атты жорға мен Фарс ныспылы асыл тұқымды түліктер қызмет жасады. Екеуі де ірі денелі, адамға үйірсек, жүрісі жайлы жануарлар екен.

Ғылымға жүгінсек, аттың бір қалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен. Яғни, барлық буын қозғалысқа көшеді деген сөз. Сол себепті атқа міну –адамға биохимиялық тұрғыда оң ықпал етіп, ағзаны нығайта түседі. Дәрігер мамандардың айтуынша, жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы массаж жасауға қабілетті көптеген элементтерден тұрады және ағзаны қоздырады. Өйткені, жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары екен. Атқа отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қан айналымының жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады екен. Иппотерапия әсіресе жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек – ми жарақатын алғанда, мінез – құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл-күй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, шорбуынға және тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда, бір сөзбен айтқанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуге қолданылады.Тіпті, есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да иппотерапияға сүйеніп, ем қабылдауға болады дейді мамандар.

Әсем табиғат аясындағы этноауылда балалар бір күнге тарта уақыттарын мейлінше көңілді өткізді. 3 сағат көлемінде атқа жайдақ мініп, жалын сипап, тіпті қимас достарға да айналып кетті. Ем қабылдауға келген балалар ішінде бауыр басып қалғаны соншалық, тіпті, жылқыдан түскісі келмегендер де болды. Ал атқа міну барысында арнайы атбегі, әлеуметтік бөлім мамандары, медицина қызметкері балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын жіті қадағалауда ұстаған еді.

Өз кезегінде аталмыш ем-шара жайында бізге пікір білдірген ауданның әлеуметтік бөлімше меңгерушісі Венера Қалдыбай:

-Иппотерапия – жылқымен емдейтін медицина саласы. Бабаларымыз атқа мінуді биік өнер деңгейіне көтергенін білеміз. Теңге ілу, қыз қуу, көкпар, аламан сияқты ұлттық ойын түрлері – адамның физикалық, психологиялық әлеуетін шыңдайтын шынайы ойындар. Біздің бөлімшеде тәрбиеленіп жатқан балаларға заманауи иппотерапия түрін ұсынып отырған «Абай жастары» қоғамдық бірлестігі бастаған жастарымызға зор алғысымды білдіргім келеді, - деп алғысын да айтып өтті. Осы бөлімшенің 12 баласын бастап келген 6 әдіскер және аудандық емхана бірлестігінің мейірбикесі Толқын Жабархан да бұл терапия түрінің жеткіншектер үшін көмегі зор екенін жеткізді.

Балақайларға арналып ақ боз үйлерде этноауыл кешенінің меңгерушісі Тоғжан Исанова ақ дастархан жайып, қонақжайлық танытты. Әсем табиғат аясында тыныстап, алтыбақан теуіп, «Әйгерім бұлағына» саяхат жасап, тау бөктерін аралап қайтқан балалар да көтеріңкі көңіл-күйде болды. Жүздері алаулап, қуаныштан бал-бұл жанған жеткіншектерге бұл күн үлкен тарту болғаны анық. Олардың ішінде Қанағатова Айымгүл, Байжанова Меруерт және Мұратқызы Забира өздеріне үнемі қамқорлық танытып жүретін «Жастар орталығының» жаңашыл басшысы Мейіржан Смағұловқа алғыстарын білдірді.

Иә, жастардың бұл жолғы жаңашыл бастамасы аудан тұрғындарының игілігіне айналатыны анық.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі».

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!