Видео

}     

МЕДИАТОР МҰРАТЫ - БІТІСТІРУ

Сәуір айының алғашқы жұлдызында Абай еліне арнайы ат басын тіреген ШҚО сотының төрағасы Досжан Әміровтың қатысуымен М.Әуезов атындағы кітапханада «Жаңа Қазақстан Республикасының азаматтық процестік кодексі: Бітістіру рәсімдерін насихаттау және оларды азаматтық, қылмыстық сот өндірісінде қолдануды енгізу» атты ауқымды тақырыпты қамтыған алқалы жиын өтті.

Басқосуға аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, ғылым докторы, профессор Арап Еспенбетов, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Семей көлік колледжінің директоры Шаған Жұмақсанов, зейнеттегі судья Мұқашев Кенжеш, облыстық соттың судьясы Елдос Жұмақсанов, Абай аудандық сотының төраға міндетін атқарушы Руслан Омаров, Абай ауданының прокуроры Дулат Аубакиров, Абай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ержан Қаратаев, аудандық әділет басқармасының басшысы Ақсұңқар Махметов, аудандық аурухананың бас дәрігері Алмагүл Балтақаева, «Шаңырақ» медиация орталығының директоры Елизавета Абдрахманова және ауылдық округ әкімдері мен аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, кәсіби емес медиаторлар қатысты.

Жиынды алғысөзбен ашқан аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы сөз кезегін облыстық сот төрағасына ұсынды.

Өз ақпаратында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы бағдарламасында көрсетілген сот саласының жаңа бағыты бүгінгі таңда өңірлерде ойдағыдай жүзеге асып жатқанын  айтқан төраға сот қызметінің ашықтығы, халыққа қолайлы жағдайдың жасалуы осыған дәлел деген пікір айтты. Десек те, болмашы кикілжіңге бола заңға жүгініп, істі сотқа жеткізудің де тиімсіз тұстарын саралаған Д.Сарманқұлов керісінше, қарсылас қос тараптарды қол алысып, бітімге келтірудің маңыздылығына тоқталды. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген хакім Абайдың ұлы сөзінен де үлкен мағына ұғуға болады. Ерте дәуірлерде дана халқымыз дау-дамайларды ақсақалдар алқасының талқысына тастаған болса, бүгінде кез - келген істің басынан аузы дуалы, көненің көзі қарияларымыз табылса істің де ымыраға келері анық. Осы орайда медиация қызметін аудан көлемінде барынша жоғарылату керектігі де сөз болды. Себебі, Қатонқарағай ауданының өзі аталмыш үрдіс бойынша 20% -ға жеткенде, қаймағы бұзылмаған қазақы аудан Абай елінің көрсеткіші тіптен қомақты болуы шарт екендігін тілге тиек етті.

Дөңгелек үстелде сөз алған аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Руслан Омаров өңірімізде бітімге келу туралы іске байланысты бірқатар шаруалар атқарылғандығын жеткізді. Мәселен, статистикаға көз жүгірткен судья 2013 жылы 482 іс қаралса, соның 5 -і ғана медиация тәртібімен қысқарды дейді. Сондай-ақ, 2014 жылы 464 шағым түссе, соның 19-ы медиация тәртібімен, 2015 жылғы 482 істің 7 пайызы медиация тәртібімен және 2016 жылдың І тоқсанында 82 істің 6 –ы медиация тәртібімен шешілгендігін сөз етті. Осыған орай жыл санап медиация қызметі қарқын алып келе жатқандығын, әйтсе де бұл көрсеткішті еселей түсу міндет деп ойын білдірді. «Тек, бірлесе қызмет жасасақ, бітіспейтін дау, шешілмейтін шешім болмайды», - деді аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Р.Омаров.

Бір ауыз сөзбен жауласқан дүйім елді бітістірген кешегі билер шешімі бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Осы ретте істің насырға шаппауын қадағалап, медиация қызметінің мән-маңыздылығын арттыру мақсатында құрылған «Шаңырақ» медиациялық орталығының директоры Елизавета Абдрахманова аталмыш орталық қызметі 2013 жылдан бастап жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Бүгінгі күндері аудандық, қалалық медиация орталықтарымен тығыз жұмыс жасай отырып, білікті медиаторларды дайындау ісі де орталық арқылы жүзеге асуда. Сонымен қатар Е.Абдрахманова орталықтың арнайы плакатын тарту етті.

Медиация бойынша өзінің араласуымен атқарылған пәрменді жұмыстар қатарын алға тартқан, кәсіби емес медиатор әрі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Несіпбаев бұл ретте Абай ауданы бойынша көрсеткіштің төмен болуы әсте мүмкін еместігін де айтты. Сондай-ақ сот мекемесі ішінен жеке кабинет қарастырылса, кәсіби емес медиаторлар да марапатталса, арнайы көлік бөлінсе деген ұсынысын да сөз орайында жеткізе кетті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар пікірлерін қорытындылап, жиынды түйіндеген аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков әрбір ауылдық округ әкімдеріне де түймедейден туындаған дау-жанжалдарды өршітпей, ауыл ақсақалдарымен бірлесе отырып, шешімін табуға күш салуға шақырды. Кәсіби медиатордың негізгі мақсаты да сол - ауыл-аймақ азаматтарын береке-бірлікке ұйыстыру, ел ынтымағын сақтап, өзара сыйластықты арттыру екені хақ.  

 

Тоғжан НҰҒЫБАЕВА,

«Абай елі»

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!