Видео

}     

Даниал Ахметов: АЙМАҚ ДАМУЫНДА ҰЛТ ЖОСПАРЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Сәуірдің 7-і күні облыс орталығы Өскемен қаласында, Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінде аймақ басшысы Даниал Ахметовтың баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Аймағымыздағы БАҚ өкілдері бас қосқан жиында облыс әкімі Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясындағы ел Шығысында жүзеге асырылған ауқымды шаралар мен алдағы межелер туралы келелі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар қатысушы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайырды.

Даниал Кенжетайұлы ең бірінші кезекте ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының алдын ала қорытындысы бойынша жалпы экономикалық көрсеткіштерге тоқталып өтті. Бұл орайда облысымызда атап көрсетуге тұрарлық жетістіктер қатары бар екен. Әлем бойынша орын алған жаһандық қаржылық дағдарысқа қарамастан аймағымыздағы ішкі өсім көлемінің артуы байқалады. Облыс әкімі айтып өткендей, ішкі және сыртқы факторларды қатар ескерсек, жалпы өңірлік өнімнің номиналды өсімі 500 млрд. теңгеден жоғары, яғни 102 %-дық өсімді құрайды екен. Өндірістік өнім көлемі 301 млрд. теңге болыпты. Ал, ауылшаруашылығының жалпы өнімі 30,1 млрд. теңге. Мұнымен қатар,  мемлекеттік бюджетке түсімдер мен салықтар 49,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 2,5 есеге артыпты. Жыл басынан бергі еселі еңбектің нәтижесіне тоқталып өткен аймақ басшысы Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар қатарына тоқталып өтті.

Ұлт көшбасшысы атап көрсеткен бірінші реформа шеңберінде бүгінде кәсіби мемлекет құру, қызметкерлердің тұрақсыздығы мәселесін шешу және кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қызметі мемлекеттік аппарат қызметін жақсартуға, билік органдарында қызмет атқаратын адамдардың әдептілігі мен адалдығын арттыруға бағытталып отыр. Бұл ретте аймақ басшысының назарға алуымен ілкім істер орын алған.

— Өткен жылы аталмыш реформа жарияланған кезден бастап өңірімізде бірқатар маңызды кадрлық өзгерістер болды. Тоқталып өтер болсақ, Қатонқарағай, Бесқарағай, Күршім, Ұлан аудандарының әкімдері жаңадан тағайындалды. Олар «А» корпусына сынақтан сүрінбей өтіп, жауапты қызметке лайықты екендіктерін көрсетті. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу, дайындау жоғары деңгейде жүргізілуде, - деп атап өтті Даниал Кенжетайұлы.

Аймақ басшысы сонымен қатар Ұлт Жоспарын іске асыруда тиімділік беретін реформалар қатарына жекелей тоқталып өтті. Соның ішінде маңызы жоғары тағы бір жаңашылдық - индустрияландыру және экономикалық өсім мәселесі болып отыр. Оның негізінде, аймағымызда индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында өндіріс салаларына стратегиялық инвесторлар тартылып, ірі жобаларды жүзеге асыру қолға алынған.

— Бүгінгі таңда облыста 890 млрд. теңгенің 76 жобасы қолға алынса, осыған дейін 225 млрд. теңгені құрайтын 48 жоба толық іске асырылды. Биыл 9,7 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба өндіріске енгізіледі. Бұлардың барлығы дерлік еліміздің әлемдік нарыққа шығуына және экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін ауқымды бастамалар, - деген аймақ басшысы ауқымды жобалар қатарына тоқталады. Бұл ретте Аягөз және Жарма аудандары бойынша іргелі шаралар қолға алынған.

Даниал Кенжетайұлы баспасөз мәслихаты барысында аймақ экономикасындағы елеулі салалардың бірі - аграрлық секторға да баса тоқталды. Осы ретте сүт және сүт өнімдерін, ет, құс етін өндіруге басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Бүгінде облысымыз сүт өндіруден республикада үшінші орында. Бірақ сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын игеру бар-жоғы 35%-ды құрайды екен. Бұл дегеніміз қолда бар мүмкіндікті толыққанды пайдалана отырғанымызды айғақтайды. Яғни, аймақ әлеуеті әлі де жоғары деген сөз.

Сондай-ақ, облыс әкімі айтып өткендей, ет өндіру және өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тартуға елеулі түрде көңіл бөлінген. Негізгі міндет - шикізат базасын және өңделген өнімді экспорттауды дамыту. Облыста республикада өндірілетін еттің жалпы көлемінің 12%-ы шығарылады. Мұнымен қатар, облыстың ет өндіру кәсіпорындарында барлығы 39% шикізат өңделеді. Ет өндіру ісінде асыл тұқымды мал басын арттырудың мүмкіндігі зор.

Журналистермен өткен басқосу барысында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселесі де қозғалды. Аймақ басшысы айтып өткендей, жерді түгендеу бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесінде аймағымызда қолданылмай жатқан 984,3 мың га жер анықталыпты. Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерді жалға беру бойынша жасалған келісімдер бұзылып, 10,2 мың га жер аумағы мемлекет қарамағына қайтарылған. Бұл бағыттағы шаралар жаңадан қабылданған заң аясында алдағы уақыттарда да жүргізіле бермек.

Бір бұл емес, облыс әкімі Даниал Ахметов өңірлерді абаттандыру, тұрғын үй құрылысын жүргізу, жол инфрақұрылымын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, археологиялық жұмыстарды жандандыру, туризмді өркендету, үш тілділікті оқыту, мемлекеттік жастар саясаты, жұмыспен қамту мәселелеріне де жан-жақты тоқталды.

Әрине, баспасөз мәслихаты сұрақ-жауап алмасуларынсыз өтпейтіндігі белгілі. Аймақтың әр түкпірінен жиналған журналистер қауымы түрлі тақырыпты арқау еткен сан-алуан сауалдар қойды. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметкерлер имиджі, атқарушы билік өкілдерінің жұмысы сынды сұрақтар берілді. Соның ішінде аймақ басшысына қойылған: «Облыс әкімдерінің қызметін рейтингілік жүйемен қабылдауға қалай қарайсыз?» деген сауалға Даниал Кенжетайұлы тосылмастан орынды түрде жауап қайырды.

-Мен үшін өзімнің жұмысыма ең бірінші кезектегі берілер баға халықтың ризалығы. Мәселен, Абай елінің, Қарауыл ауылының тұрғындары абаттандырылған көшелермен, мұнтаздай асфальтпен жүрсе - әлбетте атқарушы билікке ризашылық пейіл танытар еді. Ол алдыңғы кезекте менің де жұмысыма берілген жоғары баға болар еді, - деп жауап қайырды. 

Облыс әкімі өз сөз соңында Ұлт Көшбасшысы жүктеген міндеттердің өңірімізде нақты іспен жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек ете келе, көп ұлтты Отанымыздағы тұрақтылық пен ұлтаралық татулыққа, конфессияаралық келісімге де ерекше тоқталып өтті. Осы орайда Елбасы өзі атап көрсеткен жалпы қазақстандық қоғамның біртектілігі мен бірлігін нығайтуға күш салуға, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын дамытуға барынша күш салуға шақырды.

 Нұржан БАЙТӨС,

Қарауыл-Өскемен-Қарауыл,

«Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар