Видео

}     

ЖАСТАРҒА ЖАНДЫ КӨМЕК ҚАЖЕТ

Жуырда Өскемен қаласында облыс әкімі жанындағы Жастар істері кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Аймақ басшысының орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен өткен жиын барысында өңіріміздегі жастар мәселесі, оларды тұрақты жұмыспен және баспанамен қамту шаралары тәрізді бірқатар өзекті тақырыптар ортақ талқыға салынды.

Кеңес отырысын алғысөзбен ашқан Жақсылық Мұқашұлы қазіргі таңда аймағымыздағы жастар мәселесі бойынша алаңдатарлық жайттардың бар екендігін ашып айтып, бұл тараптағы жұмыстарда бірізділік жоқ екендігін алға тартты. Атап айтсақ, кейбір аудандар мен қалаларда жастар ісіне толыққанды көңіл бөлінбей келеді. Әсіресе, мәселеге жауапты базбір мекемелер жұмыс ырғағынан жаңылып қалған. Осы тәрізді өткір пікір білдірген облыс әкімінің орынбасары жуырда ғана жастар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысына да тоқталды. «Юпитер» қоғамдық мәселелерді зерттеу орталығының мәліметіне сәйкес, облыс жастары жергілікті органдардың көмегін сезініп отырмағандықтарын жеткізіп, өкпе-наздарын білдіріпті. Облыс орталығы мен Семей шаһарының жастары өз өңірлеріндегі әлеуметтік қолдау шараларына көңілдері толмайды екен. Бұл сөз жоқ аталған бағыттағы жұмыстардың ақсаңқырап жатқанын айғақтаса керек. Осыны жеткізген Жақсылық Омар ендігі аралықта нақты шараларға көшу қажеттігін атап өтті. Ол үшін бірінші кезекте өңірлердегі жастар саясатын ширатып, жергілікті әкімдіктердің жастар мәселесімен айналысатын бөлімінің жұмысын жандандыра түсу қажет.

Екінші кезекте жастарды ауылды жерлерде тұрақтандыру, яғни, ол үшін өскелең буынды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі сөз болды. Бұл орайда кеңес барысында пікір білдірген облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Мырзабаева нақты дәйектемелерге тоқталды. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда аймағымыздағы азаматтарды жұмыспен қамту ісі бойынша жастар арасында да арнайы шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, бүгінде 12 мыңның үстіндегі жас бағдарламаның игілігін көруде. Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының жас буын үшін берері мол болып тұр. Дегенмен, бұл әлі де болса төмен көрсеткіш. Сол себепті, алдағы уақыттарда мемлекеттік бағдарламалармен аймағымыздағы түрлі жобаларға жастарды көптеп тарту қажеттігі туындауда. Бұл пікірді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да қуаттады.

Ж.Мұқашұлы облыстық ішкі саясат басқармасының жүргізген талдауларына сүйене келе, жұмыссыз жастардың саны биылғы жылы анағұрлым артып отырғанын жеткізіп, бұл бағытта тиісті орындар нақты жұмыс жүргізбей отырғанын сынға алды. Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы негізінен аудандар мен қалалардан алынған мәліметтерді тіркеп, министрлікке жіберумен ғана айналысуда. Сол себептен де аталмыш бағытта тыңғылықты жұмыс жүргізу қажет.

Сонымен қатар кеңес отырысы барысында жастарды баспанамен қамту ісі де жан-жақты сөз болды. Бұл ретте тың мағлұматтармен қанықтырған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Инна Валл ханым аталмыш тақырып аясында кеңінен сөз өрбітті. Оның айтуынша, қазіргі таңда облысымыз бойынша баспана кезегінде тұрған жастардың жалпы саны 6 мыңнан асады екен. Бұл бағыт бойынша қарқынды шаралар орын алмағанымен тиімділігі мол бағдарламалар бар. Атап айтсақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ арқылы жастардың пәтер иеленулеріне мүмкіндіктері мол. Тек бұл бағытта жастар арасында ақпараттық жұмыстар жүргізу қажет. Яғни, мемлекеттік бағдарламалардың берер пайдасы жайлы көптеген жастар әлі күнге дейін хабарсыз. Әсіресе, аталмыш бағытта аудан жастары арасында нақты шараларды жүзеге асыру міндеті күн тақырыбында тұр.

Жалпы, кеңес отырысы барысында жастардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты әңгіме өрбіді. Базбір мекемелер мен бөлімдер жұмысы сынға алынды. Алдағы міндеттемелер айқындалды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы келесі отырысқа дейін орын алған кемшіліктер қалпына келтіріліп, нақтыланған межелер еңсерілуі қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, жастар мәселесіне қатысты шаралармен айналысатын бірқатар құзырлы мекемелер басшыларына тапсырмалар жүктеп, аталған бағытта жанды жұмыс жүргізуді міндеттеді.

 Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»,

Қарауыл- Өскемен-Қарауыл

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!