Видео

}     

Әлеумет

Үйлену тойы – жас жұбайлардың үлкен өмірге қадам басар бақытты сәттері. Мұндай қайталанбас мезетте кімдердің болмасын өз үйлену тойының барлық рәсім- жоралғыларының сақталып, салтанатты түрде өткенін қалайтыны анық. Осыған орай ауданымыздағы Жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұловтың бастамасымен Неке сарайы ашылып, аудан өмірі тағы бір тың мекемемен толықты. Қашаннан жаңашылдыққа жаны құмар орталық басшысының бұл бастамасына әсіресе отау көтерер жастар дән риза. Себебі, салтанатты рәсімде бір сәт көңіл көкжиектері көкке көтеріліп, неке сақинасын қолдарына тағып, неке куәлігін алып, заңды түрде ерлі-зайыпты атанады. Осынау мезет жас жұбайлардың өмірлеріндегі ең бір қымбат, асыл сәттерімен есте қалары анық.

Тамыз айының 19 күні Жастар орталығына арнайы бас сұққан біз де өмір баспалдағын қол ұстасып енді аттап жатқан қос жұптың неке қию рәсімінің куәсі болдық. Жастар орталығының кең залы әсем безендіріліп, гүл дестелерімен көмкеріліп, арнайы баннер құрылып, сахна төрі де неке сарайына сай сәнді жабдықталған екен. Арнайы сахнаға шығатын баспалдақ жасалынып, мемлекеттік ту мен Елтаңба да қойылған. Осы күні некелерін қиюға келген жас жұбайлар алдымен әдемі баннер алдында фотосуретке түсіп, әсем әуен аясында сахнаға қызыл жолақпен көтеріліп, заңды құжаттарына қол қоюмен той думанын бастады. Ал, неке қию рәсімін өткізген Жұмыспен қамту және Әлеуметтік бағдарламалар бөлімнің бас маманы Айжан Рахымқызы жастарға бақыт тілеп, сақина алмастыруға кезек берді. Қос жұп неке сақинасын қолдарына таққан соң, әдемі вальс та биленіп, неке куәліктері табысталды.

Жас жұбайлардың неке куәліктерін елеусіз ғана ала салмай, салтанатты түрде алуына қолайлы жағдай жасаған Жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұлов өз сөзінде: «Бүгінгі таңда отау құрған жастардың ішінде көпке бармастан шаңырағы шайқалып жатқан жас отбасылар қаншама? Ол біріншіден өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезіне алмаудан болса керек. Ал, салтанатты рәсімде ата-ана, туған-туыс, жора - жолдастары алдында заңды құжатқа қол қоя отырып, зор жауапкершілікті сезінеді,- дейді. Расында да ой саларлық жағдай.

Бір айта кетерлігі, бұл қызмет түрі ақылы түрде жүргізіледі. Алайда, өзге аудан, қалалармен салыстырғанда анағұрлым төмен екен. Өз ауданымызда ашылған бұл Неке сарайы ендігі арада талай жұптың отбасылық өмірінің басталуына куә болып, бақыт құшағына бөлері сөзсіз. Осындай қуаныштың иесі, жас отаудың отағасы Мейіржан да ауданымызда ашылып отырған неке сарайында өзінің некесін қидырған жұптың бірі. Өз сөзінде жастар игілігі үшін ашылған бұл бастамаға ол да ерекше қуанышты екендігін жеткізді. - Отау көтерген жастар неке сарайын босатпасын, ешқашан жұптары жазылмасын, - деген тілегімен де бөлісті.

Біздің де қосарымыз сол, Неке сарайын аттаған жастардың тіктеген жас отауының уығы берік болсын!

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Даму даңғылында

ҰЛЫЛАР ЕЛІ ҮЗДІК ҮШТІКТЕ!

         Жуырда 2015 жылдың басынан бүгінгі күнге дейінгі Шығыс Қазақстан облысының облыстық маңызы бар қалалары мен аудандарының әлеуметтік – экономикалық даму серпіні бойынша ішкі өңірлік талдау көрсеткіші жария етілді. Нәтижесінде Абай ауданы жетістігі жоғары алғашқы үштік қатарынан орын алды.

 

Даму қарқыны жоғары аймақтар:

Аягөз ауданы

Ұлан ауданы

Абай ауданы

Курчатов қаласы

Катонқарағай ауданы

 

Даму қарқыны орташа аймақтар:

Өскемен қаласы

Жарма ауданы

Бесқарағай ауданы

Күршім ауданы

Семей қаласы

Тарбағатай ауданы

Бородулиха ауданы

Үржар ауданы

 

Даму қарқыны төмен аймақтар:

Зайсан ауданы

Шемонайха ауданы

Зырян ауданы

Көкпекті ауданы

Глубокое ауданы

Риддер қаласы

 

ДАМУ ДАҢҒЫЛЫНДА ДАРАЛАНДЫҚ

Шығыс Қазақстан облысының облыстық маңызы бар қалалары мен аудандарының 2015 жылдың қаңтар - мамыр айлары бойынша әлеуметтік - экономикалық даму серпінінің өңірлік талдау көрсеткіші белгілі болды. Абай ауданы бұл тізім бойынша екінші орын тұғырынан көрінді

Даму серпіні жоғары аймақтар:

1) Аягөз ауданы

2) Абай ауданы

3) Курчатов қаласы

4) Ұлан ауданы

5) Катонқарағай ауданы

6) Көкпекті ауданы

Даму серпіні орташа аймақтар:

7) Өскемен қаласы

8) Күршім ауданы

9) Бесқарағай ауданы

10) Тарбағатай ауданы

11) Үржар ауданы

12) Жарма ауданы

13) Семей қаласы

Даму серпіні төмен аймақтар:

14) Бородулиха ауданы

15) Глубокое ауданы

16) Шемонайха ауданы

17) Зайсан ауданы

18) Риддер қаласы

19) Зырян ауданы

ҚР Конституциясына 20 жыл

 

Ерік Қоянбаев:

АТА ЗАҢ -АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

 

Биыл Тәуелсіз еліміздің төл Конституциясының қабылданғанына 20 жыл. Егемендік жылдарындағы осынау аралықта жаңадан қабылданған Заңнамалық жүйе ел Тәуелсіздігін нықтап қана қойған жоқ, ел азаматтары құқығының қорғалуын да қамтамасыз етіп, зайырлы һәм демократиялық қоғам құруда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл орайда Абай ауданында да заң талаптарының орындалуы жіті қадағаланып, өңірдің құқықтық тұрғыдағы дамуына зор мән беріліп отыр. Осы және Конституция туралы туындайтын өзге де ұғымдар жайлы Абай аудандық сотының төрағасы Ерік Сиырбайұлы Қоянбаевты сұхбатқа тартқан едік.

 

- Биылғы жыл мерейтойлы жыл. Атаулы күндер ішінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы да ел бойынша кең көлемде аталып өтілмек. Осы орайда өзіміз жиі қолданатын Конституция терминіне түсініктеме беріп өтсеңіз?

- Конституция латын тіліннен аударғанда constitutio – заң, тұрақтылық деген мағынаны білдіреді. Кеңес өкіметі тарап, Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін 1993 жылы Парламент қабылдаған бірінші Конституция Республиканың дамуындағы зор қадам болды. 1993 жылы 28 қаңтарда егеменді қазақ мемлекетінің тұңғыш Конституциясын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірауыздан қабылдады. Сөйтіп, Конституция – егеменді, ешбір мемлекетпен ортақтаспаған Тәуелсіз мемлекеттің Ата Заңы болды. Ал, 1995 жылы 30 тамызда бүкiлхалықтық дауыс беру негiзiнде екiншi, қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді. Осылайша, Ата Заң мемлекетіміздің қуатына айналды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі - өнеге. Ата Заңның негізгі маңызын айтатын болсақ, дамыған демократиялық мемлекеттерде бірде бір адам өзінің құқығы мен бостандығын Ата Заңсыз елестете алмайды. Басқаша айтқанда, олар күнделікті өмірде өздерінің құқығы мен заңдарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген заңнамаларға жүгінеді. Конституция осылайша халыққа қызмет етіп, олардың тірегі болып табылады.

- Тұңғыш Конституциямызды Жоғарғы Кеңес (яғни, парламент) қабылдаса, қазіргі Конституциямыз республикалық референдумда қабылданды. Айырмашылығын айтыңызшы?

- Шынымен тұңғыш Конституциямыз Жоғарғы Кеңесте қабылданса, қазіргі Конституциямыз республикалық референдумда қабылданды, бұл екеуінің айырмашылығы бірінші Жоғарғы Кеңеспен қабылданған конституциямызда, яғни, халық Ата заңды қабылдауда өз еркін білдіруде мүмкіндігі шектеулі болса, қазіргі қолданыстағы Ата заңымызда халық тікелей референдумда дауыс беру арқылы өздерінің еркін білдіріп, Ата заңымызды қалыптастырған және онда мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындалды.

- Конституциямызға ҚР 1998 жылдың 7 қазандағы Заңымен   біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және біраз жыл өткен соң ҚР 2007 жылдың 21 мамырдағы Заңымен   өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Себебі?

- Тарихи деректерге сүйенсек, ұдайы дамып, жетіліп, өзгеріп отыратын мемлекеттік құрылыс пен қоғам өмірі конституцияның дамуына әкеледі. Ал, конституциялық реформа – қоғам дамуы тұсындағы қажеттілік пен бұқараның құқықтық таным талабы бойынша үкімет әрекетімен және саяси-құқықтық шешімдердің тізбегімен дүниеге келетіні белгілі. 1998 жылғы 7 қазанда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа өзгерістер мен толықтырулар қос палата қызметінің мерзімі, депутаттардың сайлануы, Үкімет мүшелерінің құзыреті шегінде анағұрлым кең дербестік беру, әкімдерді сайлау тәртібін бекіту мәселелеріне қатысты болды. Қазақстан саяси партиялардың пропорционалды өкілеттік негізінде партиялық тізім бойынша Мәжіліс сайлауына қатысуына мүмкіндік жасады. Қазақстандық қоғам дамуы мен мемлекеттің жаңа жағдайдағы негізгі қырларын айқындау мақсатында халықаралық тәжірбиеге сүйенген конституциялық реформа жүргізу мәселесі көтерілді.

2007 жылғы мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі құқықтық реформа­лар уақыт талабынан туындаған өзгерістер болатын. Президенттік басқарудан демократиялық сипаты басымырақ парламенттік жүйеге өту кезеңі келді. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік және тежемеліліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталды. Біздің ойымызды адам мен азамат құқылары жөніндегі 1789 жылғы француз Декларациясындағы мына бір қағида бекіте түседі: «Құқық кепілдігі жоқ және билікті бөліске салмаған қоғамда конституция болмайды».

2007 жылғы 16 мамырда парламенттің қос палатасы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын қолдап дауыс беріп, 2007 жылғы 21 мамырда арнайы заң қабылданды.

Тәуелсіз Қазақстандағы саяси-құқықтық өзгерістердің нәтижелі болуын қамтамасыз етуге, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың жаңа тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің қалыптасуына ықпал ететін конституциялық реформалардың маңызы зор. Конституциялық реформа – мемлекетімізді одан әрі демократияландыру жолындағы маңызды та­рихи кезең. Бұл реформалар саяси-әлеуметтік дамуға, экономикалық жаңару мен жаңғыруға үлкен серпін берді. Конституцияның жаңа үлгісімен мемлекетіміз ұзақ жылдар алға қойған үлкен мақсаттарды орындауға қадам басты. Конституциямызға енгізілген демократиялық өзгерістердің негізгі бағыттарын мыналардан көруге болады. Біріншіден, бірқатар билік уәкілетті Парламентке өтті, яғни құзыреттік міндеттер қайта бөлінді. Осылайша Парламенттің рөлі күшейіп, мемлекеттік басқаруға жаңа үлгі – президенттік-парламенттік басқару жүйесі бекітілді. Елбасының депутаттық корпуспен билік өкілеттігін бөлісу күшпен немесе қысыммен емес, Президенттің өзі қабылдаған шешім бойынша жүзеге асып отыр.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, Парламент жаңа өкілеттікке ие болудың арқасында Үкімет құрамын жасақтау, сондай-ақ қажет кезінде үкімет мүшелері – министрлерді кері шақырып алу және атқарушы билік органдарына бақылау жасау құқына ие болды. Заң шығарушы ұйым реформаларға тиісті заңнамалық база қалыптастырумен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға да бақылау жасайтын болды.

Мемлекеттік биліктің бірыңғай жүйесінде сот билігі өте маңызды орынды алады. Сот билігі адам­дар мен ұйымдардың заңды мүдделері мен еркіндіктерін, Конституцияның, заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді. Сот билігі жа­залап қана қоймай, ең алдымен, адамдардың құқылары мен еркіндіктерін қорғайтындығы айшықталды.

- Конституциямыздың 1 бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» -деп жазылған. Құқықтық мемлекет қандай мемлекет болуы керек деп ойлайсыз?

- Қазақстан Республикасының Контитуциясының 1 бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген, бұл айтылған әрбір сөздің өзіне бірер сағаттан тоқталуға болады, енді құқықтық мемлекет қандай мемлекет болуы керек дегенге қысқаша жауап қайыратын болсам, құқықтық мемлекет дегеніміз - конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет нысаны болып табылады. Құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқығы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет.

Құқық үстемдігі деген ең алдымен заң үстемдігін білдіреді. Басты, маңызды, негізгі қоғамдық қатынастар заңмен реттеледі. Қоғам өмірінде заң үстемдігі арқылы, барлық саяси институттарда жоғарғы құқық бастаулары, құқық рухы енгізіледі. Осылайша, азаматтардың құқықтарының шынайылығы әрі мызғымастығы, олардың сенімді құқықтық мәртебесі, заңдық қорғалуы қамтамасыз етіледі. Құқықтық мемлекет - ең алдымен, құқықтық мемлекет идеялары іске асқан конституциялық мемлекет. Конституциялық құрылымның негізгі қағидаттары, қоғам дамуының маңызды бағыттары, оның басты идеялары конституциялық деңгейде бекітіледі. Конституция құқықтық жүйенің орталығы болып табылады. Соның негізінде құқықтық мемлекеттегі заңдылық тетіктері қалыптасады. Бұл айтқан белгілердің барлығы бүгінгі Ата заңымызда орын алған және орындалуда.

- Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ұлы қайраткер Черчилль айтқандай «... бұдан артық ел басқарудың жолын ешкім ойлап тапқан жоқ». Біздің Конституциямыздағы (14 бап) « ... әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деген қағида өкінішке орай, кейде орындалмай жататыны шындық. Бұған заңгер ретінде көзқарасыңыз?

- Енді қоғамда барлығы бірдей болмайды, бес саусақ бірдей емес дегендей кейбір жағдайларда кейбіреудің құқығы бұзылып жатуы мүмкін, ондай жағдайлар қоғам болғаннан кейін орын алуы да заңдылық, себебі дүниедегі ең дамыған мемлекеттердің өзінде азаматтардың құқықтары бұзылмайды дегені жалған болып табылады, ондай келеңсіз жағдайлар біздің де өмірімізде орын алуы мүмкін, бұндай жағдайларда азамат өзінің құқығын сот арқылы қорғай алады және сотта Сіз айтқандай әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына байланысты кемсіту немесе бұрмалаушылық орын алмайды деп нық сеніммен айта аламын.

- Конституция еліміздегі әрбір адам құқығын қорғау, сот билігі Конституциядан бастап барлық заң актілерінің бұзылмауын, орындалуын қадағалайды емес пе? 2000 жылы «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңы қабылданып, тәуелсіз елімізде сот-құқық реформасы одан әрі жетілдірілді. Осы реформа туралы нақты айтып берсеңіз?

- Иә еліміздің Ата заңымызда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын Конституцияда екі маңызды тәсіл бекітілді: сот арқылы және әкімшілік.

Бірінші кезеңде бұл өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғалуына құқығы. Құқықтық мемлекет жағдайында тәуелсіз сот адамның құқығын қорғауының негізгі құралы болып табылады.

Еліміздің Конституциясы азаматтардың сот төрелігіне еркін қол жеткізуін белгілеп, әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік береді және де Ата Заңымыздың VII бөлімінде соттар мен сот төрелігі жайлы айтылған.

Конституция бойынша егеменді елімізде сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы болып танылады. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

2000 жылы «Қазақстан Республика­сының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң, Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы туралы заңдардың қабылдануы судьялардың кадрлық және әлеуметтік мәселелерін түпкілікті шешіп берді. Судья қызметіне тағайындау ашық және конкурстық негізде жүргізіле бастады. Олардың міндетті түрде тағылымдамадан өту тәртібін белгілейтін нормалар енгізілді.Бұған қоса, Президент тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруда республикалық деңгейде Судьялар съезін тұрақты түрде өткізіп отыруды қолдады. Осы уақытқа дейінгі Судьялар съезінің тарихын еске алсақ, ел Президентінің қатысуымен алты съезд өтті. Мемлекет басшысы әр съезд сайын Судьялар қауымдастығы үшін сот саласында атқарылатын іргелі істер мен межелі міндеттерді айқындап берді.

Біз Қазақстан қоғамына етене жақын сот төрелігін қалыптастыру тұжырым­дамасына сүйенеміз. Даулардың бейбіт жолмен реттелуіне көмектесу судьялар қызметінің бір саласы деу керек. Әлем елдерінде дауларды баламалы түрде шешу рәсімдерінің белсенді қолданылғаны бізге де үлгі, әрі оның тиімді тұстарын алғанымыз жөн.

Сот жүйесінің қызмет ету сапасы ең алдымен білікті де тәжірибелі судьялар корпусын кадрлық қамтамасыз етуге тікелей байланысты болмақ. Жалпы, құқық мамандары арасында «Судья - заңгерлердің ең таңдаулысы» деген тәмсіл сөз бар. Бұл сөз олардың жанкешті еңбегіне, кәсіби біліктілігіне, шеберлік деңгейлеріне берілген баға болар. Аудандық соттардың судьялары еліміздегі сот істерінің тоқсан сегіз пайызын атқарады. Яғни, бұл - бейнеті көп қиын істерді қарауда, сондай-ақ салмағы басым жүктемелерге мойымай қызмет көрсетудің ең төзімді үлгісі.

Ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың «Дұрыс әрекет - мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады» деген даналық сөзі Елбасының тағылымды таңдауға толы әрбір ісінен айқын көрініс тапқанын өмірдің өзі дәлелдеп беруде.

-Сот істері қылмыстық, азаматтық, әкімшілік деп бөлінеді. Аудан бойынша қандай істер көбірек қаралады?

- Аудандық сотта қаралған істердің жалпы санына тоқталатын болсам, үстіміздегі жылдың осы мерізіміне дейін 6 қылмыстық, 103 азаматтық 81 әкімшілік істер қаралған. Негізінен қаралған қылмыстық істер, ол жеке айыптау істер, азаматтық істердің ішінде басым бөлігі қарыз сомаларды өндіру, ал әкімшілік істердің ішінде отбасы ішінде орын алған кикілжіңге байланысты істер болып табылады.

Ойымды қорытындылайтын болсам, біздің халқымыз - қашанда әділ билікті, шынайы заңды ардақ тұтқан, ақиқатын айтып, ақ жүруді қалаған өте турашыл ұлт. Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің әр азаматы өз көкейінде сақтап жүруі үшін айтқан: «Егер де өзім бүгін заңға қайшы келсем, заңға қарсы шықсам, онда ертең құқығым табанға тапталған кезде менің сол құқығымды кім жақтайды, кім қолдайды» деп ойлауы керек», деген сөзінің мәні өте терең, өте тағылымды демекпін.

- Сұхбатыңызға рахмет. Әділ сот төрелігін атқарудағы еңбектеріңізге жемістілік тілейміз.

Сұхбатты жүргізген Анар ҚАБДУАЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Ашық әңгіме алаңында

Облыстық сот төрағасы Абай ауданында

28 мамыр күні Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Досжан Сарманқұлұлы Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. ШҚО сотының төрағасы болып тағайындалған Досжан Сарманқұлұлының мақсаты аудан-ауданды аралап, жүздесулер өткізіп, елдің тыныс-тіршілігін, аудандық соттың жағдайын білу екен.

ШҚО сотының төрағасының айтуы бойынша еліміздің еңселі саласы болып есептелетін сот саласы серпінді дамып келе жатыр. Былтырғы жылы сот шешіміне келіспей халықтың 7%-ы ғана шағымданған болса, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бар болғаны 5 % адам ғана шағымданып отыр. Бұл нәтиже соттардың шығарып жатқан істеріне екі жақтың тарапының да бағынғандығын көрсетеді. Бір алаңдататын жағдай сотқа жүгінетіндердің басым көпшілігі жастар екендігін жасырмады. Сонымен қатар, 2011 жылы қабылданған медиация заңы толыққанды жұмыс атқармай жатқандығын да баса айтты.

Қазіргі кезде елімізде сыбайлас жемқорлық сынды түрлі проблемалар белең алып жатқандығын, сондай-ақ мемлекеттік тіл мәселесі де бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі болып табылатындығын айтты. Яғни, қазақ қанды азаматтарымыздың көпшілігі сот мәселесін орыс тілінде жүргізуде. Бұл бізді қатты қынжылтатындығын атап өтті.

Досжан Сарманқұлұлының сөзінен кейін аудан тұрғындары көкейде жүрген сұрақтарын қойып қана қоймай ауданымыздың сотына деген шексіз алғыстарын да білдірді.

Атап айтар болсақ, облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Байбота Орынбаев, ауданның мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазы және Қарауыл ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Несіпбай қысқаша баяндама жасады, облыс сотының төрағасынан сауал жолдады.

Жиын соңынан «Қаламқас» ән-би ансаблі өз өнерлерін көрсетіп, тағы бір қуанышқа бөледі.

 

Мөлдір БАЙБУРИНОВА

«Абай елі»

 

Ұлы Жеңіске 70 жыл

Кешегі Жеңіс күнін жақындатуға ұрыс даласындағы ерлігімен, тылдағы еңбегімен жанкешті үлес қосқан ардагерлерді ардақтау бүгінгіге парыз. Бұл ретте республика көлемінде түрлі акциялар қолға алынуда. Осы тұрғыда Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков Астанадан жеткен «Жеңістің 70 жылдығына» арналған мерекелік медальды барлық ауылдық округтерге жолдады.

 

Салтанатты түрдегі құттықтау шарасы ең алдымен Қарауыл ауылдық округінде бастау алды. Жастар үйінде ұйымдастырылған жиынға ауыл тұрғындары мол жиылды.  Әсіресе, құшағы гүлге толған тыл еңбегінің ардагерлерінің де қатары көп екен.

Кешегі өткен сұрапыл жылдардың ардагерлеріне құттықтау сөздер айтылды.

Ел басына қара бұлт үйірілген жылдарда ауыр еңбекке балалық шағын беріп, жұмыс істеп, ересектерше қиындықтарға арқа тосқан жандар қатары Қарауылда да мол. Бұл жолы барлығы 92 адам атаулы марапатқа ие болды.

Қарияларға арнап, ауылдық округтің әкімі Құсман Берлешов бастаған әкімдік мамандары гүл шоқтарын табыстап, салтанатты түрде өңірлеріне медаль тақты. Марапатталғандардың көшбасында қарауылдық қадірменді қария, қарт жауынгер Жағыпар Жүнісжанов көш бастап тұр. Ақсақал өз сөзінде осынау ілтипаттары үшін әкімдік қызметкерлеріне ауданымыздағы соғыс және тыл ардагерлері атынан ақ жарма алғыс білдірді.

Осыдан соң жиналғандар алдында мерекелік концерт ұйымдастырылып, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар ақындар сыныбы оқушыларының жауынгерлік рухқа толы жалынды өлеңдерін тарту етті.

Бұл мерейлі шара ендігі аралықта ауданымыздағы ауылдық округтерде жалғасын табатын болады. Мерейлі мереке қарсаңындағы осынау салтанатты сәт көпшіліктің есінде көпке дейін сақталары анық.

 

«Абай елі» ақпараты

 

 

Абайлық жастар жаңа бастаманы қолға алды. Сәуірдің 21 күні аудандық «Жастар орталығының» директоры Мейіржан Смағұловтың жетекшілігімен Жеңістің 70 жылдығына орай «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» атты жаңа акция бастау алды. Игілікті іс аясында аудан орталығының көрнекті жерлеріне 700 түп көшет отырғызылды. Акция «беташары» ретінде алдымен Әнет баба саябағы мен Қарауылдан шыға берістегі Жастар паркіне 70 түп ағаш отырғызылды. Алдағы күндері бұл ілкімді шара әрбір ауылдық округтерде де жалғастық тауып, 70 түптен тал шыбықтары отырғызылмақ.

Қарауылды жасыл желекке айналдыру – аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков басшылық қызметке келгелі бері қолға алған іргелі шара. Осы орайда, Жастар орталығы бұл істі жандандырып, өткен жылдан бастап мықтап қолға алып, сүреңі кетіп, қаңырап тұрған жастар паркін қалпына келтіруден бастап кеткен еді. Биыл да бұл игі дәстүрді қайта қолға алып, облыстағы орман шаруашылығы мекемесімен әрі «Парасат» қоғамдық бірлестігімен келісе отырып, арнайы 700 түп жас өскін алғызған екен. Оның ішінде 40 дана қайың, 275 шегіршін, 275 арша және 110 түп дала алмасы көшеттерін  әрбір ауылдық округтердегі саябақтарға егу жоспарланған.

«Парасат» қоғамдық бірлестігі қызметкерлерінің айтуынша, облыс бойынша бұл игі шараның алғашқы бастамашысы Абай ауданының жастары екен. «Сондай-ақ, бірден 700 түп ағаш алып, зор қарқынмен бастауы өзге аудандарға үлгі боларлықтай іс», - дейді ауданымыздың жалынды жастарына тәнті болған бірлестік өкілдері.

Акцияны бір кісідей жүзеге асыруға жұмылғандар Абай жастары мен «Абай колледжінің» студенттері екеніне де тоқталған жөн. Құлшына кіріскен қыз-жігіттер «Бір тал кескенше, он тал ек» деген қағидатты мықтап ұстаныпты. Біз де ілкімді шара барысында жастардың ынтамен кіріскен істеріне тәнті болыстық.

-Аталмыш акцияның атауын «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп атауымыздың да өзіндік мәнісі бар. Әсіресе, бұл шараны Жеңістің 70 жылдығымен үндестіріп өткізудің жас буын үшін тағылымдық маңызы зор. Кешегі елі мен жері үшін құрбан болған майдангерлердің өшпес ерлігіне орай арнайы егілген ағаштар бейбіт өмірдегі жасампаз ұрпаққа сая болса деген ниет біздікі, - дейді пікір білдірген Жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұлов.

«Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» демекші бүгінгі жас шыбық ертең-ақ жайқалған алып бәйтерекке айналары сөзсіз. Бұл әрине ауданымызды көгалдандыру,  абаттандыру жұмыстарына да айтарлықтай серпін бермек. Ендеше жастардың жанды бастамасы құптарлық іс.

Жаңашылдыққа құмар Жастар орталығының басшысы Мерйіржандай азамат бастаған жігерлі топқа алдағы уақыттардағы жұмыстарына іске сәт дейміз.

 

Тоғжан НҰҒЫБАЕВА,

«Абай елі»

Ертеңіміз үшін маңызды!

Сайлау - 2015

Расында, ұлт мәдениеті – сол ұлттың бет-бейнесін, рухани бол­мысын, ақыл-ойын, парасатын көрсететін мән-мағынасы жоғары өлшем бірлік. Бұл ретте Тәуелсіз елімізде егемендік алғалы бері осы кезеңге дейін жүргізіліп келе жатқан сарабдал саясаттың нәтижесінде мәдениет саласын заман талабына сай дамыту мәселесіне айрықша мән берілді, ұдайы үкімет назарында ұсталды. Соның арқасында, еліміздегі бұл сала жанданып, халыққа мәдени қызмет көрсетудің сапасы күн санап даму  үстінде.          

Оған дәлел, елімізде ешбір елде жоқ “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, небір құнды тарихи жәдігерлеріміз елімізге қайта әкелінді. Өлгеніміз «тіріліп», өшкеніміз жанды. Ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыз сан ғасырдан соң халқымызбен қайта қауышты. Ал осынау игілікті шараға әлбетте көреген көшбасшылық қабілеттің, кемеңгер саясаткерліктің арқау болуы арқылы қол жеткіздік.

Қай елдің  мәдениеті  өркендеп  дамыса, сол елдің   еңсесі  биік, рухы  асқақ ел болары  ақиқат. Ендеше, мәдениет саласына бөлінген көңіл еліміздің ертеңінің кемелді болуы үшін жасалынған алғы шарттың бірі.

Қазіргі күні ауданымызда да  мәдениет  саласының  алар  орыны  ерекше. Бұл тарапта  100-ден аса  мәдениет  қызметкерлері  еңбек етіп,  3- мәдениет  үйі,  5-клуб, мұражай және  10 кітапхана халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Елімізде жылма-жыл  мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің төл мерекесі аталып өтуде. Сондай-ақ бұл салаға еңбек сіңіруде қайраткерлер саны да артып келеді.

            Жүргізіп отырған жүйелі саясаттың арқасында елімізде тұрақтылық пен бейбітшілік берік орнап, Тәуелсіз мемлекет ретінде өркендеп келеміз. Ал еліміздің бұдан әрі дамуы үшін елдің тұтас­тығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы аса қажет.

Сондықтан да, стратегиялық даму жоспарында көзделген ендігі мақсат-міндеттердің іске асуы байтақ республикамыздың ертеңі үшін де маңызды екендігі даусыз. Осы орайда ауданымыздың барша мәдениет қызметкерлері атынан аудан жұртшылығын алдағы сайлауға белсенді қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырамын.

 

 

Толқын БЕРІКБЕКОВА,

аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы

 

 

Page 2 of 3

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!