Қара өлең төрін күзеттім...

 

 

Қара өлең төрін күзеттім,

Қағбамдай көріп киелі.

Оқталған оған бір оқтың,

Бір ұшы маған тиеді.

 

«Қарауыл» төрін мекендеп,

Қалғаным содан шындығы.

«Бөтен сөз былғап кетер» деп,

Бөлінбей жүрдім бір күні.

 

«Жидебай» қорық жанымда,

Құрғамай жатқан қонағы.

Бір мейман келсе ауылға,

Алдымен маған соғады.

 

«Маған» деп мақтан ете алман,

Маған кім сәлем береді.

Алладан жалғыз бата алған,

Абайдай дана керегі.

 

Шәкәрім баба жатпаса,

Шалғайдан келіп несі бар.

Кемеңгерлер елі басқаша,

«Келем» деп халық асығар...

 

Алдынан шығып солардың,

Атынан алам түсіріп.

Қонақтарына бабамның,

Қорлық па, жасау кішілік.

 

Қазақтың жалғыз әкесі,

Жатқанда мәңгі төрімде.

Қателіктердің-қатесі,

Қаперсіз жүру тегінде.

 

Босамай жүрген тақымы,

Болайын мен-ақ «қолбала».

Алаштың көп қой ақыны,

Абайлық ақын мен ғана!

    * * *

 

Тіліме шоқ түсті,

Тілді едім, тісті едім.

Жүректе от бітті,

Жүрексіз нүктемін.

 

Қай көздің сұғы еді,

Қанжарша қадалған.

Қызыл тіл күйеді,

Қытығы жоғалған.

 

Жалтақсыз жан едім,

Жақпадым кімге осы?!

«Тіл» деген пәленің,

«Тілсіздер» түрмесі.

 

 

Оларға бәрібір,

Оңсың ба, солсың ба?

Жантықтар әлі жүр,

Жанымда онсыз да.

 

Бірінен қорқамын,

Бірдеме айтудан.

Қамшылап «айтағын»,

Қалмас деп артымнан.

 

Бірінен түңілем,

Бүрінен гүл атпас.

Құтылсам бірінен,

Бірі жүр қурақ бас!

 

Үндемей сондықтан,

Үйкүшік күн кешем.

Даусымды қарлыққан,

Даладан ізде сен...

      * * *

Қадірімді түсінбесең, түсінбе,

Қабіріме жолай көрме, өтінем.

Өмір бойы келе алмадық бітімге,

Өлгеннен соң неменеге кешірем.

 

Кешірімнің керегі не, өліге,

Жансыз жанда қайдан болсын қас-қабақ.

Мен өкінсем, өкінемін өзіме,

Өмір бойы келген сені дос санап.

 

Оң қолыммен ас асатып аузыңа,

Сол қолыммен балдай қымыз жұтқыздым.

Тек өзімде, тек өзімде бар кінә,

Тек өзімнің ойларыма тұтқынмын!

 

Саған қояр саппас досым кінә жоқ,

Сана, ойың соған жетсе не шара.

Алдымыздан тосқан кезде қиямет,

Алла өзі бөліп берер шекара...

 

       * * *

«Кісімісің» дейсің маған, дейсің-ау,

Бұғақты інім, мұның осы қай сұрау?

Текті атадан текті туған ұл десем,

Бабалардың батасы ұрған жансың-ау!

 

Кісіміз ғой, бәріміз де кісіміз,

Кісілікке ұқсаған соң түсіміз.

Көкте-құдай, жерде-құмай емессің,

Кеудемізден әй, бауырым, түсіңіз!

 

Кеудемізді бастырғанбыз талайға,

Қамшы сілтеп жүрген кезде Абайға.

Миымызды атом жеген адамбыз,

Қызыл өрттей өршіп тұрған қоғамда!

 

Жүйкемізге тисе берме, сен олай,

Ашуымыз Ай шошытқан найзағай.

Алқымыңнан ала түсер бөріміз,

Адам түгіл, Аллаға да қарамай.

 

Кісінеген кісілігің дәрі ме,

Дәрі болса, жаратып ал, тәніңе.

Шыңғыстаудың бастырмаймын кеудесін,

Шыдасам да иттігіңнің бәріне...

 

       * * *

 

Бұл өмірдің несі қалды мен үшін,

Артым-жайлау, алдым күзек-өрісім.

Жалаңаяқ тасты үгіткен табаным,

Кәріліктің киді бүгін кебісін!

 

Соның өзі аяққа ауыр сезіліп,

Созалаңдап әрең тұрам ерініп.

Шалып қалып мәз болады немерем,

Шабан аттай келе жатсам тебініп.

 

«Күлсең күл,- деп жатушы еді кәріге»,

Күлкі болдым үй ішінің бәріне.

Құдай қосқан қосағым да тыржиып,

Бірдемеге өкпелейді әлі де...

        * * *

Нұры қайтты, көзімнің нұры қайтты,

Нұры қайтқан жанардың күйі қайсы?

«Жанар сөнсе жалғаның қоса сөнер»,

Дегенді бұл қазағым, біліп айтты.

 

Қараң тартса жанардың қарашығы,

Қадірленер пенденің қай асылы?

Апанның ауызындай үңірейіп,

Аян ғой көз сүйектің қалатыны.

 

Күннің қалай шыққанын көре алмасаң,

Айдың қайда батқанын шола алмасаң.

«Армансыз өткіздім» деп айта алмайсың,

Алла берген ғұмырды адамға тән.

 

Көрмесең жапырақтың сарғайғанын,

Өзен тасып, көлге құс қонғандарын.

Маңыз да жоқ, ешқандай мағына жоқ,

Маужырап түскенменен маңдайға күн.

 

Елес болып көрінсе есік алды,

Сағынсаң сайрап шығар сахнаңды.

Өкпең өшіп, жүргенмен өліп-талып,

Өзі қысқа өмірдің несі қалды?!

 

Пендеге әйтеуір бар бір қараңғы,

Соған дейін сау қылсын нұр-жанарды.

Мәңгі-бақи тіршілік құрмаған соң,

Мәңгі-бақи көрмейсің бұл ғаламды...

                            

        * * *

«Өтірік» деген өрттің ішіндеміз,

Қақалып, шашаламыз түтінге біз.

Бұлт етіп, бұлт астынан шыққан күндей,

Бір шындықтың боларын күтудеміз.

 

Шал өтірік айтады шатып, бұтып,

Бала өтірік айтады қашып, пысып.

Басшы өтірік айтады, ешкім нанбас,

Барса-келмес бақытқа асықтырып.

 

Молда өтірік айтады мойындатып,

Алласына алақан жайып жатып.

Жалған сөйлеп қояды жарлы байқұс,

Жан бағар болмаған соң қолында түк.

 

Шындықтың көрсетпейтін жартысын да,

Шымылдық бар қоғамның әр тұсында.

Шыр-пыр болып, шырылдап өледі ақын,

Шындық пен өтіріктің тартысында...

       * * *

Таң бозынан тағы да тұрып алдым,

Ұрлығын аңдығандай ұры-қардың.

Ұлы бардың үйінің шамы өшпейді,

Иті үруін қоймайды қызы бардың.

 

Таласып, тармасқандай таң құсымен,

Ақ әтеш айқайлайды бар күшімен.

Үрген итке үн қосып қыз әкесі,

«Бұл кім, әй» деп қояды аула ішінен.

 

Шам сөндірмей шала ұйқы болған ана,

Сәбиіндей қарайды бозбалаға.

Аппақ таң ақ сәулесін сәукеле ғып,

Арай шашып келеді айналаға!

 

Шіркін, жастық – шілденің шіліңгірі,

Оттан да ыстық болып тұр бүгін, міні,

Қос ғашық құшағынан сығалайды,

Менен қашқан өмірдің сұлулығы.

 

Әнекей, көкжиектен күн көрінді,

Қос ғашық та қоштасып, үйге кірді.

Бойжеткеннің жүзінде шалқыған нұр,

Бозбалаға сүйсінтіп тұр көзімді!

       * * *

Қайран, Төке, көшпейсің бе, қалаға,

Деп сөгеді дос, жаран да, бала да.

Сол қалаға бара қалсам, таң ата,

Қарауылға қайтып келем қонаға.

Туған жердің саф ауасы тұрғанда,

Түтін басқан қала ауасы, ауа ма?

 

Жусан иісі жұпар шашып мұрынға,

Жуа жусап өсетұғын қырында.

Туған жердің көктемі де сыйқырлы,

Мың сан ойды оятатын миыңда,

Абай туған Шыңғыстауым тұрғанда,

Басқа таудың басы маған тұғыр ма?

 

Туған жерден бақытымды таппасам,

Басқа жұртқа барып қалай қақпа ашам.

Ең әуелі ел-жұртыңа жаға біл,

Ең алдымен, елді мақта, мақтасаң.

Ошақ басын оттан ыстық көрмесең,

Отанды да сүйе алмайсың ешқашан!

 

 

Абай ауданы

Қарауыл ауылы

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!