Абайдың Қиясбай тапқырлығын бағалауы

 

 

Қиясбай Көгедайұлы – Қодардың немересі, Қазыбайға шөбере, Борсаққа немене болып келеді.

Ел ішіндегі әңгімелерде Қиясбай іс-әрекеті аңыз болып қалған.Абайдың ақындық пен шешендіктегі үздік кемеңгерлігі, от ауыз, орақ тілділер мен аталы сөз, өнеге – өсиеті барларға жоғары ілтипат көрсетіп, қолдау білдіріп отыруының ұйтқысы болып, ерекше маңызға ие болған. Сондай Абай төңірегінде болғандардың ішінде аңыз – әңгімешілдігімен,суырып салма айтқыштығымен есімі кейінгі дәуірге аңыз болып қалғандар қанша ма? Олардың қатарында дойбышы Көрпебай, көкірегі шот қариялар Тоқсанбай мен Қатпа Қорамжанұлы, Сабыржан Серікбайұлы, аяғына бақан байлап құнан бәйгесіне қатысып жүлде алған Берікбол Көпенұлы, топжарған ортадағы әнші Баймағанбет, т. б. әрқайсы ел аузында өмір сүрген, көкірек көзі ояу -  қазақтың көшпелі кезінің өкілдері болып қалған.

Бір көзі қитар, денелі Қиясбайдың үлкенмен де, кішімен де құрдас болып қалжындасатын әдеті болған. Ол шәлдуар мінезді шайқылығынан бұл дүниенің қызығынан бас тартып, софылық өмірді қалаған. Үстіне қызылды-жасылды шүберек тағып, сайқы мазақтың ғұмырын кешіп, үйлі болу жайын жасы ұлғайғанғадейін ойламаған, мал жимаған. Осы шайқылықтыадам жайында Шәкәрімнің «Қодардың өлімі» шығармасында не дейді, соған көз салайық:

           Ой қозғайды оңаша таудың басы,

           Өткеннің ойға түсіп тамашасы.

           Қолтығына қабағын түйіп қарап,

           Әне тұр Қодар өлген құз-жартасы...

 

           Қайдостың бір баласы Борсақ деген,

           Соның бір тұқымы еді батыр Қодар.

           Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,

           Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.

           Жесір қалған келінін Қодар алып,

           Қылмайтын істі қылған құдай құлы.

           Жасырмай айта берсем, сөздің шыны –

           Құдайға ерегесіп қылды мұны.

           Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,

           «Қане, ата ғой деп қылдым, - дейді, - осыны».

 

Осы сөз жайлыпты елге тарап,

Кемітіп мін қыларлық іске жарап.

Тобықтыны билейтін Құнекеңнің

Бетіне басты осыны төре Барақ.    («Шәкәрім шығармалары» Алматы 1988ж, 133б)

М.Әуезовтың «Абай жолы» романында Қиясбайды Абай еркелетіп, тапқырлығы мен алғырлығына үнемі ризалық білдіретіні кеңінен баяндалған. Қатпа Қорамжанұлының ауызекі әңгімесінде деҚиясбайдың Абайға өзінің көңіліндегісін айтып қана қоймай, оныталай рет орындатқаныныңкуәсі болдым дегені де бар.

Қиясбайдың біреуден өлең мен ән қолқалап алатын әдеті, атқа құлын айырбастауы, атан өгізді құдықтан суырып тастауы, балуан біткенді баудай түсіретіні, жұртты қыран күлкіге батырып, тапқыр сөз, бала қылығымен болуы оның бойына біткен қасиет.

Қиясбай сыбызғы, домбыра тартқан үлкен өнер иесі. Оның «Боз айғыр», «Бұлан жігіт», «Мұңлы қыз», «Саймақтың сары өзені», «Қорамжан», «Қара аттың торы аты», «Боз торғай», «Қызыл аттың шабысы» күйлері бар. Ол күйлерді Қиясбай шебер ойнап, әуен ырғағына қарай құбылып, мұхиттың толқынындай толқып әлем тынысымен тербетіле төңкеріліп домбырасын күмбірлете тартып, көпшілікті разы етіп, күлкіге бөлеп, жұртты қарық қылатын қылығына не жетсін.

Абай Қиясбайды тапқыр, күлдіргі сөздері мен бала мінезді, ақ көңіл, қызық қылықтары үшін жақсы көріп, оны еркелетіп «Бала» деп атаған.

Қиясбайдың Абай алдында болған кездерін сипатына қарай төмендегі кезеңдергебөлуге болады.

Үйленбей жүрген Қиясбай.

Абай Қиясбайдышақыртып алып:

- Сенің не ойлаған ойың бар. Неге осы уақытқа дейін әйел алмай жүрсің? дегеніне Қиясбай:

-Менің таңдаған қызымды әперсен, алар едім.

- Абай: Осы маңдағы ауылдардан таңдаған қызың болса, айтып көрші сөйлесейін.

- Онда, алдымен қыз таңдайын, ұнатқан қызымды өзіңе келіп айтамын, - дейді Қиясбай.

Қазан айының қара дауылы үйлерді жығып, ауылдың ұйқы-тұйқысын шығарып, шуласып жатқан кезде Қиясбай Абайдың үйіне алқын-жұлқын кіріп келіп:

-Абай аға, тезірек сыртқа шығыныз, сізге сүйген қызымды көрсетейін, - депті.

Сиырының бұзауы жамырап, соған жүгіріп бара жатқан бір қызды "Ұнатқан қызым анау», - деп қолымен нұсқайды.

-Бала-ау, екеуіңбірігіп, шаруа құрып, өз алдарыңа үй болып кете аласыңдар ма? Сол жағын ойланғаның дұрыс болар – деген Абайға;- іркілместен Қиясбай:Сіз өз көзіңізді жерге алып қоя тұрып, оның орнына менің көзімді салыңыз да, қайтадан қарап көріңізші. Сонда ол хордың қызындай көрінбесе, Сіздің айтқаныңыз жөн болсын, - депті.

-Абай ойланып тұрып: - «Адамның ішкі сезімінің айнасы – көз. Әділеттің қазысы – аталы сөз» - деген нақылды халық тегін айтпаған - ау. Енді мен тоқталдым деп, Қатпа Қорамжанұлынақұдалық сөйлесетіріп, қыздың әкесіне қалыңмал беріп, Қиясбайды Абай үйлендірген екен. Осылайша Қиясбай өзінің ақылды, өткір, тапқырлығымен үйленуге жетіседі.

  «Бала» атанған Қиясбай.

Абай Қиясбайдың ауыл сыртында балалармен ойнап жүргенін көріп, үйге шақыртып алды да: - «Бала», сені жас кезіңде менде еркелеттім, енді қартайған шағыңда балалармен ойнап жүргенің өзіне ұят емес пе?. Бұдан былай жұрт сені еркелетудің орнына күлкі, мазақ қылмайма? Сондықтан енді ақсақалдармен бірге дөң басына шығып, әңгімелесіп отыратын кезің болды емес пе? – деген екен. Бұған Қиясбай қатты ренжіп, томсырайып, өкпелеп қалады. Оған Абай: - Сен менің осы айтқан ақылымды түсініп, тоқтатудың орнына маған өкпелеуің қалай?

Сонда Қиясбай: – Абай  сені ойда - қырда қазақ данышпан ақын деп алдыңнан шықпай, ардақтап жүр ғой. Бірақ сен дүниенің тұрақсыз, алдамшы сырынан түк түсіне білмейді екенсің. Білсең, мен өзіңнен бір сұрақ сұрайын, соны айтып берші:

  • Осы адам баласы анасынан жылап туа ма, күліп туа ма? – дейді.

Бұған Абай күліп: күліп туу жаратылыстың заңында жоқ қой, – деп жауап қайтарады.Олай болса,- дейді Қиясбай - дүниеге жылап келгенадам баласы,күліп өлмейді. Сондықтан кейіспен келген пенденің алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай өмірін өкінішсіз өткізіп өлген бірде-бірі жоқ. Ал мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба? – деп сол өкпелеген бетінде үйден шығып кеткен екен.

Сонда Абай, әлгінің өмірге көз қарасында ой тебірентерлік терең сырлар жатыр екен – ғой. Енді оны өзі ұстаған жолдан өзгертем деудің жөні бола қоймас.Алдамшы, жалған дүниені сайқымазақ еткен де оның түпкі жан дүниесінің ар жағында жататын мақсатты кекесінгежол бергеннен басқа шара жоқ екен ғой, - деген тоқтамға келсе керек Абай!

Қиясбай тапқырлығы мен шапшаңдығы.

Абай Қиясбайдың ақындық жолдағы шапшаңдығын байқамаққа:

           Бұған аңқау, ішім қу,

           Жүрген жерім бәрі ду,

           Үстіме киген киімім,

           Киім емес, қызыл шу,

           Уайым жоқ, қайғы жоқ,

           Атадан тусаң мендей ту, - дейді де - бала, осының аяғын өзің айтып жіберші, - деген де Қиясбай:

           Тамағым тоқ, уайым жоқ,

           Япыр-ай, менің өзім қу,

           Әгәй, әгагәй, - деп әндете жөнелген.

Қиясбай қолқасы.

Найман елінің мыңды айдаған Құлбайдың Бұланының асына  Қиясбай да бармақшы болып, Абайдан апаруын сұрап, әрі өзі айтатын өлең жазып бер, - деген.

Абайдың тапсыруымен Қиясбай айтатын өлеңдердің біразын Асылбек, Әділше шығарып берген.

Өз ырқы болмаса, басқа жуандарға көнбейтін, би болыстардың айтқанына жүрмейтін, тілді, айтқыш әрі пысық Әділше Қиясбайдың сыртқы пішіні арқылы ішкі сырынасай өлең жазып берген екен:

           Ай далада ақ қасқыр оқақ – сопақ,

           Ақ сиырдан туады күрең айғыр.

           Аспанда ителгі құс пішен жейді,

           Арық тоқты шұлғиды жер қатқанда.

           Иттің үріп шыққаны жаз болғаны,

           Беліме буғаным 17 арқан.

           Қыздар-ау, үйіңнің оң жағында

           Бұрқан-тарқан,

           Әгәгой, әгәгой...

Қиясбай қитарлығы.

Жас кезінде Қиясбай көзінің үстінгі қабағына теріскен шығып, қышып болмаған соң, ыза болып тобылғыны жағып, ұшындағы қызыл шоғымен күйдіріп тастайды. Сол жер тыртық болып қабағын жоғары тартып тұратын болған. Сол қолдан жасалған құбылыс Қиясбайдың алып денелі, ұзына бойына қосылған жанама құбыжық көрініс болып жабысады.

Қиясбай тапқырлығы.

 Күрең күздің ызғарлы суығы ақжауынға айналып, бірнеше күн суықтан қатты қалжыраған Қиясбай Абай үйіне сәлем бере келеді. Әдеттегідей үй толы адамдар қызу әңгіме үстінде екен. Абай Қиясбай сәлемін алып, қал – жайын сұрайды. Ойындағысын айтудың орайын Абайдың өзі келтіруіне қарай: «Анда – санда жейтіні бір боқбасар адамда не күй болушы еді», - дейді Қиясбай.

Абай қонақтар қайтып жер аяғы саябырлаған тұста Қиясбайдан: «бір боқбасарың» не деп сұрайды. – Пәлі, Абай аға, соныда білмейсің бе? Ол қойдың төрт сирағы емес  пе.

Қиясбайдың тапқырлығына қайран болған Абай малшысын шақыртып, Қиясбайға айдап жүруге бір – екі қой қиындық келтірер, төрт – бес қой алдына салып бер депті.

Қиясбай қулығы.

 Абайдың қасында шынтақтап жатқан Қиясбай: - Абай аға, сіз есеп білесіз бе? – деп сұрапты.

  • Аздап, Қиясжан, - десе.
  • Аздап білсеңіз, 200 ешкінің мүйізі қанша болады?
  • Төрт жүз болады да.
  • Пәлі, Абай аға, сен де есеп білімін деп мақтанасың – ау.Сонша көп ешкінің ішінде мүйізі жоқ тоқалы, мүйізі сынған кемдері болмай ма екен?- деп мырыс – мырыс күлсе, үйдегілер түгел қарқылдап күлісіпті.

Айдостың бүгінгі күндегі мықтысы, әрі байы кім?деген Қиясбай

сұрауына Абай:

Кімнің сойыл соғары көп болса, сол мықты да сол бай болмақ.

- Сонда Сіздің болжап отырғаныңыз Шоқа балалары ішінде Күреңше ғой деген Қиясбай сөзін Абай мақұлдапты.

Шоқаның бес баласының ішінде Күреңшеге мың біткен. Оның жылқысы Боқтылы (кейін Оспан көлі атанған) көлінен Жырыққұдыққа дейінгі аралықта жайылыста болған. Дүниеден озған КүреңшеБи Ата кесенесі биігіне жерлеген.Кесененің батыс жағындағытөрт құлақты қоңыр зират өткен дәуірдің көнермес белгісіндей. Ал Бәжіғұл Күреңшеұлының қонысы қалың ырғызбай ішінде Шыңғыстың Тоқпанбет өзені етегіндегі кең алқапты алып жатқан ата мекені.

Күреңше Шоқаұлы 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлымен сапарлас болып Меккеге барған. Айдос әулеті ішіндегі қажылыққа барып қажы атанған үшінші адам осы -  Күреңше Шоқаұлы.

«Абай елі» газетінің бетінде, (24-30 қараша 2016) газеттің Бас редакторы Нұржан Байтос мырзаның «Қиясбайдың мазары табылды» деген мақаласы жарияланып, қалың көпшілікті дүр сілкіндірді. Әсіресе абайтанушы қауым көкейінде жүрген – адамгершілікті уағыздаушы адамның рухына тағзым етіп, дұға жасаудың жарқын күні туатынына үшкіршілік етіп, тәуба десті.

     Мазар орнын тауып, айналасына қоршау жасаған Түсіпбек (Сарман) келешекте Борсақтың 4 ұрпағы Қиясбайға құлпытас белгі қоймақшы екенінен де Нұржан бауырымыз хабардар етті.

     Ел ішінде іс – әрекеті аңыз болып қалған Қиясбай мазары халық талғамындағы белгі болуына тілектес болумен қоса қолдау да білдіреміз.

 

                                                 Досымхан Тоққараұлы

ҚР журналистер одағының мүшесі,

Еңбек Ардагері, қаламгер ұстаз.

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!