Көзі көргендер айтқан еді

Біз, соғыс дейтін қасіретті көрмеген, бергі дәуірде, бейбіт заманда өмірге келген ұрпақпыз.

   Бірақ, соғысқа қатысқан майдангер аға-аталарымызды көзімізбен  көрудің сәті түсіп, олардың майдан туралы әңгімелерін естідік, ерліктеріне бас иіп, оларды құрметтеп, қадірлеуді бойымызға сіңіріп өстік.

  Алайда, олардың бірде-бірі соғыстағы ерліктерін ерекше қылып айтқан емес, оны азаматтық борышым, ел қорғаудағы ерлердің ісі деп білетін.

  Соғыс жайлы әңгімеден гөрі, олар көп ретте оның зардап, зұлмат, қасіретін айтып, бүгінгі тыныш заман мен бейбіт еңбекке мың мәрте  тәубе деп, ұрпақтарын оқып-білім алуға, адал еңбек етуге үндейтін.

  Ал, бүгінде миллиондаған аға ұрпақтың төккен қаны мен ересен ерлігімен келген осы Ұлы Отан соғысына қарсы, тіптен теріс баға берушілер көбейіп кетті.

    Қалай айтылса да, Ұлы Отан соғысы – тарихтың бір  парағы. Оны ой-санадан аластап, жазбадан өшіруге келмейді. Адам баласы қай уақытта болмасын өз заманының пердесі. Қаласын-қаламасын соғысты да көреді, оның орасан зор зияны мен қиындығын басынан өткереді.

    Сонау алыстағы Қазақстанның Шығысындағы Шыңғыстау өңірі де соғыстың дүмпуі мен әбігерін бастан өткерді.

     Абай туған осы өңірден 2000-ға жуық боздақ қан майданға  аттанып, оның 600-дейі ғана елге аман-есен оралған. Олардың көбі соғыстан алған жара мен мүгедектігі салдарынан  көп жасамай өмірден ерте өтіп кетті.

    Қазақ деген- іске адал, сөзге сенгіш, аңқау да аңғал, бірақ уәдеге, сертке берік ғой.

    Үкімет пен партия айтты деп соғысқа жарамды азаматтардың көбі өздері сұранып, қан майданға аттанып жатса, ауылдағы қара халық өздері аш құрсақ бола тұра, аузындағы соңғы дәмін жырып, жылы қолғабы мен тіккен тон көрпесін майданға жіберіп жатты.

Тіпте,мыңдаған қазақ қыздары майдан даласындағы Әлия мен Мәншүктің ерлігімен рухтанып, ерте ержетті.

Осындай ерік жігерін жанып, өзі сұранып,сұрапыл соғысқа аттанғандардың бірі- Шыңғыстау елінің тумасы, қол бастаған Мамай батырдың ұрпағы- Баян Байғожина.

  Қазақта:  «Естігенімді айтсам -жалған болар, көргенімді айтсам- шындыққа жанасар» - деген сөз бар.

   Сол айтқандай, Баян сынды батыр апамыз жайлы ағат айтып, жалған жазу жараспас.

   Ендеше, Баянды көрген, онымен тілдескен, көзін көргендердің айтқаны мен жазғанына жүгінейік.

    Абай елінде – текті әулеттің жалғасы, қиын-қыстау жылдары  бір кісідей емес, ер кісідей-ақ еліне қызмет жасаған, қоғамдық тірлікте топ бастаған, бүгінде өмірде жоқ Әсия Майқанова дейтін анамыз болды.

    Әсия апай – әрісі Абылай ханнан тарайтын, берісі Тобықты Шыңғыстау еліне әйгілі Майқан төренің қызы.

  Майқан төре – Ұлы Абайдың баласы Мағауияның жақын досы болған,

1895 жылы қайтыс болған Абайдың ұлы- Әбдірахманның денесін Алматыдан Ақшоқыға жеткізген үш адамның бірі – Майқан төре.

   Бұл жайлы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Қапада» тарауында жақсы баяндалған.

  Әсия апай - өзі көзімен көрген, куә болған Абай елінің өткен тарихына қатысты әңгімелерді жақсы білетін, тек шындықты айтатын,тура мінезді адам еді.

2005 жылы – Ұлы Жеңістің 60 жылдығына байланысты деректер жинау үшін Әсия апайға жолығып, әңгімелескен едік.

  -   Әсия апай, жерлесіміз батыр қыз Баян Байғожина туралы не білесіз?-деп   сұрағанымызда

Апай  еш ойланбастан:

  • Білгенде мен білейін. Баянды көрген,бірге оқыған адаммын. Екеуміз соғыс қарсаңында Қарауылда орта мектепті бітіріп, интернатта жатып, қара нанды бөліп жеп, сабан төсеген матраста бірге жатқан сырлас құрбы қыз болдық – деп әңгімесін әріден бастаған.

   Сондағы Әсия апайдың Баянның келбетін ақын – жазушыдай көркем суреттеп: «Екі көзі қарақаттай жайнаған, қос бұрымы қалың қарағайдай өрілген, томпақ бетті, алма жүзді, қара торының әдемісі еді» - деп сүйсіне айтқаны есімде қалыпты.

     Әсия апай сәл ойланып, «Баянның өз ойын ашық айтатын батылдығына, аштық пен суыққа төзімділігіне қайран қалып, от жағылмаған суық бөлмеде бүрсеңдеген қыздарға жігер беріп, ән бастап, қалжың сөз айтып топ бастаған белсенділігі мен ерік -жігеріне әрі сүйсініп, әрі таң қалушы едік» – деп еске алған.

  • Соғыс басталған жылы мен Саржалға, ол өзінің ауылы Архатқа қайтты. Хабар болмай көз жазып қалдық. Кейіннен ,өзі сұранып соғысқа аттанды деп естідім.

Соғыс біткен соң, 1945 жылы Берлин түбінде қаза болғанын естіп, қатты қайғырдым.

  Батыр да, батыл болатын. Соғыста ерлік көрсетіп, батыр атанса оған еш шүбә келтірмеймін – деп әңгімесін аяқтап еді кейуана.

 Иә, алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз Баян тәуекелге бел буып, туған жері – Шыңғыстаумен қоштасып,  ата-анасының батасын алып, алдымен Семейге келіп, онда мергендік арнайы курстан  өтіп, сақадай - сай  дайындықпен майданға 1943 жылы аттанған.

Беларуссия,Украина, Польша жерлерін неміс фашистерінен азат етуге қатысқан. Өзінің батырлығы мен қаһармандығы арқасында мергендігімен көзге түсіп, қан кешкен шайқастарда төрт рет жараланып, бірнеше жауынгерлік  орден – медальдарға ие болған.

Берлин түбіндегі қиян –кескі ұрыстарға қатысып, 1945 жылы 27 сәуірде Жеңіске небәрі он екі- ақ күн қалғанда Гинденбург бекінісін алу үшін болған шайқаста ерлікпен қаза табады.

   Баянды соңғы рет көріп, тілдескен, ол жайлы көркем очерк жазып, есімін әйгілеген, тарихта қалдырған орыс журналисі Павел Кузнецовке мың мәрте рахмет айтайық.

  Ол Баянмен Берлин түбіндегі Гинденбург қалашығында қашуға үлгермеген неміс офицері Бюргердің сән –салтанатты кең үйінде кездескен.

   Оның «Шыңғыстаудың Баяны» атты очеркі  «Комсомолская правда» газетінің 23 март 1945 жылғы нөмерінде жарияланған.

 Шағын, бірақ бізге қымбат очерк Баянның ерлігі мен қаһармандығын боямасыз баяндайтын, нақты бірден – бір жазба дерек, батыр қызға көркем сөзден тұрғызылған ескерткіш десе де болады.

     Очерктің өзі: «Төгілген ұзын қара шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген, қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан» - деп шуақты күндей жарқырай басталуының өзі қандай тартымды!

   Әсия апай айтқан Баянның бейнесі мен орыс журналисі П.Кузнецовтың батыр қыздың көркем сипаттамасының дәл келуі көзі көргендердің көзі мен сөзінің бірдей шыққаны да қызық..

  Әскери журналист оның Қазақстанның шалғайдағы Шыңғыстау өңірінен келгенін біліп, ашық-жарқын әңгімелесіп,  ұрыс даласындағы ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл жұдыз» екі мәрте «Даңқ» орденіне ие болғандығын айрықша мақтанышпен жазған.

  Тіпте, жуырда болған шайқаста 15 фашистің көзін жойғаны үшін

«Отан соғысы »  орденін алған оқиғасын да қосқан.

  Қоштасарда «Берлинде жеңіспен көріскенше!»-деп қимай қол алысқанымен, бұл соңғы жүздесу екенін екеуі де білмеді.

  Арада бір айдан соң ұзаққа созылған Берлинді алу шайқасында Баян ерлікпен қаза табады.

  Белгілі әскери журналист, кейіннен әйгілі жазушы атанған Павел Кузнецовтың  бұл очеркі оның «Москвадан Берлинге дейін» кітабына еніп, миллиондаған орыс тілді оқырмандар қазақтың батыр қызының ерлігіне куә болып, есімін білді-ау деп ойлаймын.

  Баянды дәл осы Берлинде  1945 жылы наурыз айының аяғында көрген тағы бір адам – Абай еліне көршілес, Абыралы ауданының ұланы, гвардия аға-лейтенанты Мұрат Қабышев деген азамат екен.

  Мұрат Қабышевтың майдан даласынан жазған, елге жолданған бұл хаты кейіннен Семей облыстық  мұрағатынан табылып, «Семей таңы» газетінде «Жауынгер хаты» деген айдармен жарияланды.

   Мұрат ағамыз өз хатында: «Қиылған қас, қара көз, қара торы, басына солдат малақайын киген қыз менен: «Ағай, қай жерденсіз? – деді.

 «Семей облысы, Абыралы ауданының азаматымын»-деген сөз менің аузымнан шығуы мұң екен,көптен жерлестеріне кездеспеген қазақтың батыр қызы: «Жерлес екенбіз. Мен Абыралыға көршілес Шыңғыстауданмын. Атым - Баян Байғожина», -деп шап беріп, қолымды алды», -деп сол бір қуанышты кездесу сәтін тебірене жазған.

  Оның жауынгерлік жолын біліп, ерлігін өз аузынан естіп, Баянның хабарын айтып, елге сәлемін жеткізген де осы - М. Қабышев.

  Ең соңында: «Мұндай Отанға еңбегі сіңген Баян сияқты қазақ қыздары санаулы. Қазақ қыздары, Баян сияқты еңбек сіңіріңдер!»-деп хатты аяқтапты.

  Баянды соңғы рет көрген жерлесіміз, Абыралылық Мұрат Қабышев кім екен? Оның соғыстан кейінгі тағдыры не болды екен?

  Ең бастысы соғыс қырғынынан аман қалды ма?-деген сұрақтар да ойдан шықпайды.

 Иә, батыр қыз Баянды ең соңғы рет көзімен көрген Әсия Майқанова, Павел Кузнецов пен Мұрат Қабышевтардың айтып, жазып, бізге қалдырған естеліктері осы.

  «Ер есімі-ел есінде»,-деген батыр қыз Баянның атын Шыңғыстау елінің халқы ұмытпайды.

  Аудан орталығында бір көше, Баян атындағы  балалар бақшасы батыр қыз есімімен аталса, ұлағатты ұстаз,халықтың жанашыры -Түгелжан Әзімбаева негізін салған «Баян» клубы – Архаттағы мәдениет пен өнердің орталығына айналды.

  Ертеректе, қарт журналист, ақын-Қабыш Молдашев «Баян» атты поэма жазса, бергі тұста осы жолдардың авторы «Шыңғыстаудың шынары» атты пьеса жазды.

  Берлин түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза болған Баян Байғожина –Совет Одағы Батыры атағына ұсынылған деген екі ұштылау дерек бар.

Оның үстіне екі мәрте «Даңқ» орденін алған Баянның соңғы ерлігі үшін үшінші мәрте «Даңқ» орденіне ұсынылуы да мүмкін-ғой.

  Бірақ, түйткілді осы мәселелерді қозғап,зерттеп, анықтап соңына түскен ешкім жоқ.

   Батыр қыз Баянды жерлестері Абайлықтар ғана жақсы білуі мүмкін. Оның есімін, ерлігін көп ел біле бермейді. Сондықтан, облыс көлемінде батыр қыз Баян атында байқау,конкурс, мәдени спорт жарыстары өтіп жатса, Семей қаласында мектеп, Өскемен қаласында көше аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

  Осы орайда, қолға алынбай жүрген мәселелердің бірі – батыр қыздың жерленген орнын анықтау, көз жеткізу.

  Баян 1945 жылы 27 сәуірде Берлин түбіндегі Гинденбург қамалын алу жолындағы шайқаста қаза тауып, сонда жерленген деген деректі айтып та, жазып та жүрміз.

  Алайда, батыр қыздың жерленген орнын нақтылап, есімі жазылған тақтаны көріп, суретке түсіріп бекіткен жоқпыз ғой.

  Бұл жайлы, екі-үш жыл бұрын Қазақстанның Германиядағы елшілігіне хат жазып, сұрау салғанымыз бар. Әлде біздің хатымыз жетпеді ме? әлде оқығандар бұған селқос қарады ма? әйтеуір хабар болмады.

  Әлі де кеш емес. Ендеше,Баянның ерлігін ұмытпай, оның есімін қадірлеу бүгінгі жас ұрпақтың парызы болса  деген жақсы тілек бар.

Әсет Медеуханұлы

Қарауыл ауылы

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!