Абай музейі Шәкәрім заттарымен толықты

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі құрылған уақытынан бастап ұлы ақын мұрасын насихаттау және қорды молайту, құнды деректер жинақтау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ұлы Абай, оның ақындық-өнер және туыстық айналасына қатысты әрбір заттық және құжаттық материалдар құндылығымен ерекшеленуімен бірге тұлғаны әр қырынан тануда маңызы зор айғақ болып табылады.

Маусым айының соңғы күндері Абайдың қорық-музейінің қоры құнды жәдігерлермен толықты. Музейге тапсырылған экспонаттар Шәкәрім Құдайбердіұлының өз қолымен жасаған және қажы өзі тұтынған заттар болғандығымен аса құнды. Олар – Шәкәрім қажының шоқпары мен ағаштан жасалған саптыаяғы. Бұл заттар Абай ауданы Архат ауылының тумасы, бүгінде Қарағанды қаласының тұрғыны Ернұр Мұсабайұлы Әзімбаевтың үйінде ұзақ жыл сақталған.

Он жасқа дейін үлкен атасы Қыдырдың тәрбиесінде болған Ернұр бұл туралы: «Руым Тобықты Ырғызбай, Өскенбайдың Мырзатай деген ағасынан тараймыз. Мырзатайдан Жұман, оның 9 ұлының біреуі Әзімбай. Жұман атамыз «Абай жолы» роман-эпопеясына енген адам. Шәкәрім атылғанда немере ағайындары Қыдыр мен Шыңғыс Әзімбаевтар ақынның көп дүние­ле­рін алып қалады. Соның қатарында Шәкәрімнің төсек-жабдығы да бар еді. Үйге Ахат Шәкәрімұлы келгенде Сирақбай, Шахман есімді ауыл ақсақалдары жиналатын. Сол кезде естігенім, Шәкәрімді өлтірген күні түнде  НКВД-ның мәйітке күзет қоймағанын пайдаланып, Бақанаста болған ауыл азаматтары мәйітті ұрлап, ескі құдыққа  апарып тығады. Таңертең НКВД шу шығарып, барлық ауыл адамдарынан жауап алады. Алайда, ешкімді мойындата алмайды. Кетер кездерінде ауылдастары қажының жеке мүліктерін сол ауылда қалған жақын туысы ретінде немере ағайыны – менің атам Қыдырға табыстап кетеді. Сол себепті біздің үйде Шәкәрімнің төсегі, алтын белбеуі, ою-өрнектері, өз қолымен жонып жасалған шоқпары мен саптыаяғы, тағы басқа заттары  болды. Төсегі әдемі, темір бұрандалы, бұзылып жиналатын еді. Сол төсекке атам қайтыс болғанша жатты. Онымен бірге жататын болғандықтан мен де сол төсекте ұйықтап өстім. Кейін Ахат әкесі Шәкәрімді ақтап алып, сүйегін жерлеу үшін біздің үйге ақсақалдарды жинап, яғни мәйітті ұрлаған адамдардан құдықты сұрағанда, олар үкіметке қарсы келген деп қылмысқа тартылмауы үшін әдейі қауесет таратады: НКВД Шәкәрімді құдыққа тастап кетіп, қырық жыл мәйіті жерленбей жатыр деп.  Қажының алтын белбеуін Қарауылда, Абай атамыздың бір тойында Жидебайға апарып қойып, содан қайтпай қалды. Ол кезде Шәкәрім ақталмаған кез, атын атауға ел қорқатын.  Шоқпары мен саптыаяғын атам Қыдыр темекі езіп, насыбай жасауға пайдаланды. Мен оны ешкімге бермей, атамнан қалған мирас ретінде сақтап жүрдім. Алайда ол туралы білетін  адамдар көп болды», - дейді.

Естеріңізге сала кетейік, Ернұр Әзімбаев 2016 жылы музей қорына әжесі Ұлжан Бәжіғұлқызы Шәкәрім жасаған үлгі бойынша тіккен кимешекті (1920ж.) тапсырған болатын.

Бүгінде құнды экспонаттар Абай еліне, Қарауылдағы өлкетану музейіне уақытша апарып қойылды. Алдағы уақытта Шәкәрім қажының шоқпары мен саптыаяғы Семейдегі бас мұражай экпозициясының төрінен орын алмақ. Музей қызметкерлері құнды жәдігерлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді өздерінің абыройлы міндеті деп біледі.

 Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі»

 қорық-музейінің баспасөз қызметі

тел.: 8(7222) 36-06-35

 

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!