Ұлылыққа тағзым                                                                   

                                                          

                                                                                   Тарих-жыр,тарих –өлең,тарих-қайғы,

                                                                                   Өзінше әркім оны парықтайды.

                                                                                   Жас  ұрпақ ұмытпау керек бабаларын,

                                                                                   Ұмытқан ұрпақ болып жарытпайды.

                                                                                                               Қадыр Мырза Әли

 

Қарауыл гимназиясында заңғар жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығына орай

 тағылымы мол,игі іс-шаралар өтті.

Төгілте жазатын көп қырлы қаламгер, ағылта сөйлейтін шешен қайраткер, қаламы қарымды майталман жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 120 жыл  толып отыр. «Елінен өсиет,жерінен қасиет кетпеген» ұлылар мекенінде заңғар жазушының тойын бүкіл ел болып тойлатты. Баба рухына тағзым ету шаралары білім ордасы Қарауыл гимназиясында да ауқымды көлемде  өткізілді.

«Мұхтар тойы-ел тойы» болып тойланып жатқанда,өскелең ұрпаққа тасын түртсең тарихтан сыр шертетін , қойны-қонышы шежіреге толы өлкеміздің кей жерлерін,нақтырақ айтсақ, Бөрілі мен Еңлік-Кебектің тығылған үңгір тасын  көрсету  мақсатымен 27 қыркүйек күні Қарауыл гимназиясының  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Нұрғалиева Күлзия, Оразова Аяулым, Әбенова Динар жетекшілік етіп, 8,9,10,11-сынып оқушыларына  саяхат-сабақ өткізіп қайтты.

Ата-аналардың демеушілігімен,мектеп басшыларының қолдауымен 2 автобус толы  80-ге жуық оқушыларымызбен классик жазушының ата қонысына ат басын тіредік.Бөрілідегі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының қор сақтаушысы Гүлзат Сәлемқызы бізді  жылы қарсы алды.Кемеңгер қаламгердің балалық шағы,жастық дәурені өткен осы  шаңырақпен таныстыра жүріп,Мұхтар атамыздың ата тегі,ұрпақтары жайлы,1897 жылдан бастап өмірден озған уақыт аралығын қамтып,«Абай жолы» бойынша өңіріміздегі тарихи елді-мекендер туралы да деректер келтіре кетті.
            10-сынып оқушылары «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-томын  кезектесіп,негізгі оқиғаларына тоқтала отырып,мазмұндап берді. Мұражай қызметкері Гүлзат Сәлемқызы хакім Абайды әлемге паш еткен Мұхтар сынды дананың ұлы туындысын шемішкедей шағып тұрған оқушыларына риза болып, Күлзия Әзілбекқызына аталмыш романның аудиокітабын сыйға тартты.

Мұражайдан шыққан бетте,жазушының ата-анасының бейітіне барып,құран бағыштадық.

Ендігі бет алысымыз – сол дәуірдегі  қағазға түспесе де заңға бергісіз қатал үкімнің,салт-дәстүрден аттатпайтын дала заңының  құрбаны болған қос ғашық Еңлік пен Кебектің тығылған үңгір тасы.

Бұл жерде де әдебиетші  мұғалімдер  тарапынан  мағлұматтар беріліп,балалар үңгір  тасты  көздерімен  көріп,суретке түсті.

28 қыркүйек күні мектебіміздің жылдағы қалыптасқан дәстүрі  бойынша  мұғалімдер мен оқушылар Мұхтар атамыздың  ескерткішінің басына тағзым етіп,гүл шоқтарын апарып қойдық. Күннің  күрт бұзылып, қар араласқан жаңбырына қарамастан 8-сынып оқушылары белгілі қоғам қайраткерлерінің,әдебиет саңлақтарының  Мұхтар туралы айтқан сөздерін  оқыса,күні кеше ғана «Абай жолы» романының үзіндісін жатқа оқушылар бойынша аудандық сайысқа қатысып,жүлделі орындарға ие болып келген

11 «ә» сынып оқушысы Төлепбекова Еңлік  пен 9 «ә» сынып оқушысы  Сайлаубекова Балнұр да  романнан үзінді келтірді.Тағзым ету рәсімін мектебіміздің жас мұғалімі Ергінбаева Жадыра  ұлы Мұхтарға арнаған «Дара тұлға» атты өлеңімен түйіндеді.

Дәл осы күні  кітапханашы Жұматаева  Гүлнар апай мектебімізде «Әлем әдебиетінің алыбы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Оқушылар   Әуезов шығармаларымен  және заңғар жазушыға  арналған  еңбектермен танысты.

Қыркүйектің  соңғы күндері өткізілген осы мәдени-әдеби  игі істерден әр шәкірт рухани  азық алғаны сөзсіз.

«Өз ерін,өз жақсысын ескермесе,

Ел шіркін ,қайдан алсын кемеңгерді?»-деп Ілияс Жансүгіров айтқандай , ұлылардың ізі қалған қасиетті топырақтың өрендерімен  ұлылыққа тағзым ету мақсатында  ұйымдастырылған  шарамыз сәтті аяқталды.

                      Қарауыл гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні

мұғалімі Әбенова Динар

 

 

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар