Тарих толқынында

                 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі тағы да бір құнды жәдігермен толықты. Абай ауданының ірге тасын қалаған, Шәкәрім қажының көзін көрген Кенжетілеу Доланбекұлының баласы Айдар Кенжетілеуұлы Абайдың екінші әйелі Әйгерімнің Бәтет Әзімханқызына сыйлаған қобдишасын музей қорына тапсырды. Бұл сыйлықтың иесі Бәтет апамыз – руы Жігітек, Бөжей ұрпағы екен.

А.Кенжетілеуұлының айтуы бойынша, Бәтет Әзімханқызы Ырғызбай ауылына келін болып түседі. Бұрынғының салты бойынша, ағайын-туыс кезектесіп, есік көрсету үшін жас келінді қонаққа шақырып отырған. Сонда Әйгерім келін болып түскен Бәтетті өз үйінен дәм таттырып, соңында осы қобдишаны сыйға тартқан. Онысы – «қуыс үйден құр шықпасын», игілікке бастаған ырым болсын дегені.

А.Кенжетілеуұлының анасы Ақлия – Бәтет Әзімханқызының туған сіңілісі. 1967 жылы Бәтет апамыз қобдишаны А.Кенжетілеуұлының әйелі Бақытқа берген. Міне, осылайша, А.Кенжетілеуұлы  Әйгерім сыйға тартқан қобдишаны енді музей қорына тапсырды.

Көненің көзі болған қобдиша музей қорында сақталып,  жуық арада жұрт назарына ұсынылады.

 Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі құрылған уақытынан бастап ұлы ақын мұрасын насихаттау және қорды молайту, құнды деректер жинақтау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ұлы Абай, оның ақындық-өнер және туыстық айналасына қатысты әрбір заттық және құжаттық материалдар құндылығымен ерекшеленуімен бірге тұлғаны әр қырынан тануда маңызы зор айғақ болып табылады.

Маусым айының соңғы күндері Абайдың қорық-музейінің қоры құнды жәдігерлермен толықты. Музейге тапсырылған экспонаттар Шәкәрім Құдайбердіұлының өз қолымен жасаған және қажы өзі тұтынған заттар болғандығымен аса құнды. Олар – Шәкәрім қажының шоқпары мен ағаштан жасалған саптыаяғы. Бұл заттар Абай ауданы Архат ауылының тумасы, бүгінде Қарағанды қаласының тұрғыны Ернұр Мұсабайұлы Әзімбаевтың үйінде ұзақ жыл сақталған.

Он жасқа дейін үлкен атасы Қыдырдың тәрбиесінде болған Ернұр бұл туралы: «Руым Тобықты Ырғызбай, Өскенбайдың Мырзатай деген ағасынан тараймыз. Мырзатайдан Жұман, оның 9 ұлының біреуі Әзімбай. Жұман атамыз «Абай жолы» роман-эпопеясына енген адам. Шәкәрім атылғанда немере ағайындары Қыдыр мен Шыңғыс Әзімбаевтар ақынның көп дүние­ле­рін алып қалады. Соның қатарында Шәкәрімнің төсек-жабдығы да бар еді. Үйге Ахат Шәкәрімұлы келгенде Сирақбай, Шахман есімді ауыл ақсақалдары жиналатын. Сол кезде естігенім, Шәкәрімді өлтірген күні түнде  НКВД-ның мәйітке күзет қоймағанын пайдаланып, Бақанаста болған ауыл азаматтары мәйітті ұрлап, ескі құдыққа  апарып тығады. Таңертең НКВД шу шығарып, барлық ауыл адамдарынан жауап алады. Алайда, ешкімді мойындата алмайды. Кетер кездерінде ауылдастары қажының жеке мүліктерін сол ауылда қалған жақын туысы ретінде немере ағайыны – менің атам Қыдырға табыстап кетеді. Сол себепті біздің үйде Шәкәрімнің төсегі, алтын белбеуі, ою-өрнектері, өз қолымен жонып жасалған шоқпары мен саптыаяғы, тағы басқа заттары  болды. Төсегі әдемі, темір бұрандалы, бұзылып жиналатын еді. Сол төсекке атам қайтыс болғанша жатты. Онымен бірге жататын болғандықтан мен де сол төсекте ұйықтап өстім. Кейін Ахат әкесі Шәкәрімді ақтап алып, сүйегін жерлеу үшін біздің үйге ақсақалдарды жинап, яғни мәйітті ұрлаған адамдардан құдықты сұрағанда, олар үкіметке қарсы келген деп қылмысқа тартылмауы үшін әдейі қауесет таратады: НКВД Шәкәрімді құдыққа тастап кетіп, қырық жыл мәйіті жерленбей жатыр деп.  Қажының алтын белбеуін Қарауылда, Абай атамыздың бір тойында Жидебайға апарып қойып, содан қайтпай қалды. Ол кезде Шәкәрім ақталмаған кез, атын атауға ел қорқатын.  Шоқпары мен саптыаяғын атам Қыдыр темекі езіп, насыбай жасауға пайдаланды. Мен оны ешкімге бермей, атамнан қалған мирас ретінде сақтап жүрдім. Алайда ол туралы білетін  адамдар көп болды», - дейді.

Естеріңізге сала кетейік, Ернұр Әзімбаев 2016 жылы музей қорына әжесі Ұлжан Бәжіғұлқызы Шәкәрім жасаған үлгі бойынша тіккен кимешекті (1920ж.) тапсырған болатын.

Бүгінде құнды экспонаттар Абай еліне, Қарауылдағы өлкетану музейіне уақытша апарып қойылды. Алдағы уақытта Шәкәрім қажының шоқпары мен саптыаяғы Семейдегі бас мұражай экпозициясының төрінен орын алмақ. Музей қызметкерлері құнды жәдігерлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді өздерінің абыройлы міндеті деп біледі.

 Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі»

 қорық-музейінің баспасөз қызметі

тел.: 8(7222) 36-06-35

 

 

 

Кеңес жауынгерлеріне,техниканың соңғы жетістіктерімен бақайшығына дейін қаруланып,Европаның басты елдерін түгелге жуық жаулап алып Орасан зор тәжірибие жинақтаған фашистік Германияның бесаспап әскерлерімен соғысу оңайға соққан жоқ .Жеңіске өлшеусіз құрбандықпен,қиыншылықпен әрең дегенде қол жеткізілді.

Мәселен ,Украинадағы «Харьков қазаны» деген жерде 4 мыңнан астам двизвия жауынгерлері қоршауда қалып опат болған.Мұның дені №106 атты әскердің құрамындағы қазақтар екендігі кейіннен анықталған.

Осы тәрізді оқиғалар әсіресе Смоленск жерінде де көп болған.1943 жылы март айында 33-армияның №5 двизиясының жауынгерлері бұйрық бойынша үсті-үстіне шабыулдап,немістерді батысқа қарай шегінуге мәжбүр етеді.Осы ұрыста гвардия лейтенанты жерлесіміз Мардеш Стамбеков ерекше ерлігімен көзге түседі.Шара бар ма,қиан-кескі ұрыстың бірінде ол опат болады.Сұрапыл ұрыс кезінде өлгендерді жерлеуге де мүмкіндік болмайды.Олардың мүделерін снаряд қопарып кеткен бір шұңқырға көмген болады.Олар 70 жыл бойы белгісіз күйде қала береді.

2012 жылы Москвада құрылған «Обелиск» атты іздеу отряды Смоленск облысының Тиемкин аудынына экспедиция жасақтап,әлгі шұңқырдан 36 жауынгер мен офицерлердің сүйегін қазып,алып тексеру жүргізгенде Стамбеков Мардештің мойнындағы медальонын шиыршықталған тілдей қағаз тауып алады.

Онда: «Стамбеков Мардеш,гвардия младший лейтенант,1912г.р.Место рождения Семипалатинская область,Абаевский район,Мукурский сельсовет ,колхоз Бирлык.Призван Семипалатинским РВК,жена Сулейменова Сагила» деп жазылыпты.

Марқұмның бірде болмаса,бірде мерт болатының білгендей өзі және жұбайы жөнінде тілдей қағазға жазып,медальонында сақтаған жазуы мұрағат мұрасындай өте құнды дерек болды.Өзі өлсе де аты-жөні сақталып қалды.

Ал қорғаныс министрінің Орталық архивінде:Гвардий лейтенант,командир взвода 5-й гвардейской стрелковой двизии 33-й армии Станбеков Мардеш,1912 г.р. деп жазылған.Лейтенант атағын соңғы ұрысқа кірер алдында алған тәрізді.

25 август 2012 жылы «Поле Памяти» атты мемориалдық зиратқа шұңқырдағы барлық жауынгерлер салтанатты түрде қайта жерленген.Бәрінің де аты-жөндеріжазылған мемориалдық табличка тақта орнатылған.Офицер Мардештің медальонын табылған тілдей қағаздағы жазу,дерек оны хабарсыз кетті деген қарақағаздың жалған екендігін дәлелдеп берді.

           Осындай өтірік қарақағаздың қаншама боздақтарға жіберілгені қазір де анықталып жатқанына тәубе дейсің.

    М.Түңлікбаев

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

Біз, соғыс дейтін қасіретті көрмеген, бергі дәуірде, бейбіт заманда өмірге келген ұрпақпыз.

   Бірақ, соғысқа қатысқан майдангер аға-аталарымызды көзімізбен  көрудің сәті түсіп, олардың майдан туралы әңгімелерін естідік, ерліктеріне бас иіп, оларды құрметтеп, қадірлеуді бойымызға сіңіріп өстік.

  Алайда, олардың бірде-бірі соғыстағы ерліктерін ерекше қылып айтқан емес, оны азаматтық борышым, ел қорғаудағы ерлердің ісі деп білетін.

  Соғыс жайлы әңгімеден гөрі, олар көп ретте оның зардап, зұлмат, қасіретін айтып, бүгінгі тыныш заман мен бейбіт еңбекке мың мәрте  тәубе деп, ұрпақтарын оқып-білім алуға, адал еңбек етуге үндейтін.

  Ал, бүгінде миллиондаған аға ұрпақтың төккен қаны мен ересен ерлігімен келген осы Ұлы Отан соғысына қарсы, тіптен теріс баға берушілер көбейіп кетті.

    Қалай айтылса да, Ұлы Отан соғысы – тарихтың бір  парағы. Оны ой-санадан аластап, жазбадан өшіруге келмейді. Адам баласы қай уақытта болмасын өз заманының пердесі. Қаласын-қаламасын соғысты да көреді, оның орасан зор зияны мен қиындығын басынан өткереді.

    Сонау алыстағы Қазақстанның Шығысындағы Шыңғыстау өңірі де соғыстың дүмпуі мен әбігерін бастан өткерді.

     Абай туған осы өңірден 2000-ға жуық боздақ қан майданға  аттанып, оның 600-дейі ғана елге аман-есен оралған. Олардың көбі соғыстан алған жара мен мүгедектігі салдарынан  көп жасамай өмірден ерте өтіп кетті.

    Қазақ деген- іске адал, сөзге сенгіш, аңқау да аңғал, бірақ уәдеге, сертке берік ғой.

    Үкімет пен партия айтты деп соғысқа жарамды азаматтардың көбі өздері сұранып, қан майданға аттанып жатса, ауылдағы қара халық өздері аш құрсақ бола тұра, аузындағы соңғы дәмін жырып, жылы қолғабы мен тіккен тон көрпесін майданға жіберіп жатты.

Тіпте,мыңдаған қазақ қыздары майдан даласындағы Әлия мен Мәншүктің ерлігімен рухтанып, ерте ержетті.

Осындай ерік жігерін жанып, өзі сұранып,сұрапыл соғысқа аттанғандардың бірі- Шыңғыстау елінің тумасы, қол бастаған Мамай батырдың ұрпағы- Баян Байғожина.

  Қазақта:  «Естігенімді айтсам -жалған болар, көргенімді айтсам- шындыққа жанасар» - деген сөз бар.

   Сол айтқандай, Баян сынды батыр апамыз жайлы ағат айтып, жалған жазу жараспас.

   Ендеше, Баянды көрген, онымен тілдескен, көзін көргендердің айтқаны мен жазғанына жүгінейік.

    Абай елінде – текті әулеттің жалғасы, қиын-қыстау жылдары  бір кісідей емес, ер кісідей-ақ еліне қызмет жасаған, қоғамдық тірлікте топ бастаған, бүгінде өмірде жоқ Әсия Майқанова дейтін анамыз болды.

    Әсия апай – әрісі Абылай ханнан тарайтын, берісі Тобықты Шыңғыстау еліне әйгілі Майқан төренің қызы.

  Майқан төре – Ұлы Абайдың баласы Мағауияның жақын досы болған,

1895 жылы қайтыс болған Абайдың ұлы- Әбдірахманның денесін Алматыдан Ақшоқыға жеткізген үш адамның бірі – Майқан төре.

   Бұл жайлы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Қапада» тарауында жақсы баяндалған.

  Әсия апай - өзі көзімен көрген, куә болған Абай елінің өткен тарихына қатысты әңгімелерді жақсы білетін, тек шындықты айтатын,тура мінезді адам еді.

2005 жылы – Ұлы Жеңістің 60 жылдығына байланысты деректер жинау үшін Әсия апайға жолығып, әңгімелескен едік.

  -   Әсия апай, жерлесіміз батыр қыз Баян Байғожина туралы не білесіз?-деп   сұрағанымызда

Апай  еш ойланбастан:

  • Білгенде мен білейін. Баянды көрген,бірге оқыған адаммын. Екеуміз соғыс қарсаңында Қарауылда орта мектепті бітіріп, интернатта жатып, қара нанды бөліп жеп, сабан төсеген матраста бірге жатқан сырлас құрбы қыз болдық – деп әңгімесін әріден бастаған.

   Сондағы Әсия апайдың Баянның келбетін ақын – жазушыдай көркем суреттеп: «Екі көзі қарақаттай жайнаған, қос бұрымы қалың қарағайдай өрілген, томпақ бетті, алма жүзді, қара торының әдемісі еді» - деп сүйсіне айтқаны есімде қалыпты.

     Әсия апай сәл ойланып, «Баянның өз ойын ашық айтатын батылдығына, аштық пен суыққа төзімділігіне қайран қалып, от жағылмаған суық бөлмеде бүрсеңдеген қыздарға жігер беріп, ән бастап, қалжың сөз айтып топ бастаған белсенділігі мен ерік -жігеріне әрі сүйсініп, әрі таң қалушы едік» – деп еске алған.

  • Соғыс басталған жылы мен Саржалға, ол өзінің ауылы Архатқа қайтты. Хабар болмай көз жазып қалдық. Кейіннен ,өзі сұранып соғысқа аттанды деп естідім.

Соғыс біткен соң, 1945 жылы Берлин түбінде қаза болғанын естіп, қатты қайғырдым.

  Батыр да, батыл болатын. Соғыста ерлік көрсетіп, батыр атанса оған еш шүбә келтірмеймін – деп әңгімесін аяқтап еді кейуана.

 Иә, алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз Баян тәуекелге бел буып, туған жері – Шыңғыстаумен қоштасып,  ата-анасының батасын алып, алдымен Семейге келіп, онда мергендік арнайы курстан  өтіп, сақадай - сай  дайындықпен майданға 1943 жылы аттанған.

Беларуссия,Украина, Польша жерлерін неміс фашистерінен азат етуге қатысқан. Өзінің батырлығы мен қаһармандығы арқасында мергендігімен көзге түсіп, қан кешкен шайқастарда төрт рет жараланып, бірнеше жауынгерлік  орден – медальдарға ие болған.

Берлин түбіндегі қиян –кескі ұрыстарға қатысып, 1945 жылы 27 сәуірде Жеңіске небәрі он екі- ақ күн қалғанда Гинденбург бекінісін алу үшін болған шайқаста ерлікпен қаза табады.

   Баянды соңғы рет көріп, тілдескен, ол жайлы көркем очерк жазып, есімін әйгілеген, тарихта қалдырған орыс журналисі Павел Кузнецовке мың мәрте рахмет айтайық.

  Ол Баянмен Берлин түбіндегі Гинденбург қалашығында қашуға үлгермеген неміс офицері Бюргердің сән –салтанатты кең үйінде кездескен.

   Оның «Шыңғыстаудың Баяны» атты очеркі  «Комсомолская правда» газетінің 23 март 1945 жылғы нөмерінде жарияланған.

 Шағын, бірақ бізге қымбат очерк Баянның ерлігі мен қаһармандығын боямасыз баяндайтын, нақты бірден – бір жазба дерек, батыр қызға көркем сөзден тұрғызылған ескерткіш десе де болады.

     Очерктің өзі: «Төгілген ұзын қара шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген, қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан» - деп шуақты күндей жарқырай басталуының өзі қандай тартымды!

   Әсия апай айтқан Баянның бейнесі мен орыс журналисі П.Кузнецовтың батыр қыздың көркем сипаттамасының дәл келуі көзі көргендердің көзі мен сөзінің бірдей шыққаны да қызық..

  Әскери журналист оның Қазақстанның шалғайдағы Шыңғыстау өңірінен келгенін біліп, ашық-жарқын әңгімелесіп,  ұрыс даласындағы ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл жұдыз» екі мәрте «Даңқ» орденіне ие болғандығын айрықша мақтанышпен жазған.

  Тіпте, жуырда болған шайқаста 15 фашистің көзін жойғаны үшін

«Отан соғысы»  орденін алған оқиғасын да қосқан.

  Қоштасарда «Берлинде жеңіспен көріскенше!»-деп қимай қол алысқанымен, бұл соңғы жүздесу екенін екеуі де білмеді.

  Арада бір айдан соң ұзаққа созылған Берлинді алу шайқасында Баян ерлікпен қаза табады.

  Белгілі әскери журналист, кейіннен әйгілі жазушы атанған Павел Кузнецовтың  бұл очеркі оның «Москвадан Берлинге дейін» кітабына еніп, миллиондаған орыс тілді оқырмандар қазақтың батыр қызының ерлігіне куә болып, есімін білді-ау деп ойлаймын.

  Баянды дәл осы Берлинде  1945 жылы наурыз айының аяғында көрген тағы бір адам – Абай еліне көршілес, Абыралы ауданының ұланы, гвардия аға-лейтенанты Мұрат Қабышев деген азамат екен.

  Мұрат Қабышевтың майдан даласынан жазған, елге жолданған бұл хаты кейіннен Семей облыстық  мұрағатынан табылып, «Семей таңы» газетінде «Жауынгер хаты» деген айдармен жарияланды.

   Мұрат ағамыз өз хатында: «Қиылған қас, қара көз, қара торы, басына солдат малақайын киген қыз менен: «Ағай, қай жерденсіз? – деді.

 «Семей облысы, Абыралы ауданының азаматымын»-деген сөз менің аузымнан шығуы мұң екен,көптен жерлестеріне кездеспеген қазақтың батыр қызы: «Жерлес екенбіз. Мен Абыралыға көршілес Шыңғыстауданмын. Атым - Баян Байғожина», -деп шап беріп, қолымды алды», -деп сол бір қуанышты кездесу сәтін тебірене жазған.

  Оның жауынгерлік жолын біліп, ерлігін өз аузынан естіп, Баянның хабарын айтып, елге сәлемін жеткізген де осы - М. Қабышев.

  Ең соңында: «Мұндай Отанға еңбегі сіңген Баян сияқты қазақ қыздары санаулы. Қазақ қыздары, Баян сияқты еңбек сіңіріңдер!»-деп хатты аяқтапты.

  Баянды соңғы рет көрген жерлесіміз, Абыралылық Мұрат Қабышев кім екен? Оның соғыстан кейінгі тағдыры не болды екен?

  Ең бастысы соғыс қырғынынан аман қалды ма?-деген сұрақтар да ойдан шықпайды.

 Иә, батыр қыз Баянды ең соңғы рет көзімен көрген Әсия Майқанова, Павел Кузнецов пен Мұрат Қабышевтардың айтып, жазып, бізге қалдырған естеліктері осы.

  «Ер есімі-ел есінде»,-деген батыр қыз Баянның атын Шыңғыстау елінің халқы ұмытпайды.

  Аудан орталығында бір көше, Баян атындағы  балалар бақшасы батыр қыз есімімен аталса, ұлағатты ұстаз,халықтың жанашыры -Түгелжан Әзімбаева негізін салған «Баян» клубы – Архаттағы мәдениет пен өнердің орталығына айналды.

  Ертеректе, қарт журналист, ақын-Қабыш Молдашев «Баян» атты поэма жазса, бергі тұста осы жолдардың авторы «Шыңғыстаудың шынары» атты пьеса жазды.

  Берлин түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза болған Баян Байғожина –Совет Одағы Батыры атағына ұсынылған деген екі ұштылау дерек бар.

Оның үстіне екі мәрте «Даңқ» орденін алған Баянның соңғы ерлігі үшін үшінші мәрте «Даңқ» орденіне ұсынылуы да мүмкін-ғой.

  Бірақ, түйткілді осы мәселелерді қозғап,зерттеп, анықтап соңына түскен ешкім жоқ.

   Батыр қыз Баянды жерлестері Абайлықтар ғана жақсы білуі мүмкін. Оның есімін, ерлігін көп ел біле бермейді. Сондықтан, облыс көлемінде батыр қыз Баян атында байқау,конкурс, мәдени спорт жарыстары өтіп жатса, Семей қаласында мектеп, Өскемен қаласында көше аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

  Осы орайда, қолға алынбай жүрген мәселелердің бірі – батыр қыздың жерленген орнын анықтау, көз жеткізу.

  Баян 1945 жылы 27 сәуірде Берлин түбіндегі Гинденбург қамалын алу жолындағы шайқаста қаза тауып, сонда жерленген деген деректі айтып та, жазып та жүрміз.

  Алайда, батыр қыздың жерленген орнын нақтылап, есімі жазылған тақтаны көріп, суретке түсіріп бекіткен жоқпыз ғой.

  Бұл жайлы, екі-үш жыл бұрын Қазақстанның Германиядағы елшілігіне хат жазып, сұрау салғанымыз бар. Әлде біздің хатымыз жетпеді ме? әлде оқығандар бұған селқос қарады ма? әйтеуір хабар болмады.

  Әлі де кеш емес. Ендеше,Баянның ерлігін ұмытпай, оның есімін қадірлеу бүгінгі жас ұрпақтың парызы болса  деген жақсы тілек бар.

Әсет Медеуханұлы

Қарауыл ауылы

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

 

 

Алаш қозғалысына 100 жыл

Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толды. Сондықтан осы қозғалысқа жанашыр болып, алаш белсенділерімен тығыз байланыста болған азаматтар Абай елінде де аз амес.  Солардың бірі де бірегейі Кенжетілеу Доланбекұлы екені сөзссіз.

К.Доланбекұлы негізгі туған жылы 1904 жылы, алайда куәлігіне 1907 жыл деп жазылып кеткен көрінеді. Шыңғыстау бойында дүниеге келген ол, ерте есейді.1925 жылы ересектер мектебінде хат танып, кейіннен Семейдегі партия-кеңес қызметкерлерін даярлайтын арнайы курстан өтті. Абай ауданының  ірге тасын қалаушылардың бірі болды. Ауданда сауатсыздықты жою үшін күресіп, оқытушылық қызметін атқарды. Ол Машан  ауылдық кеңесінің хатшысы, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық зат дайындау мекемесінде басшы қызметте болды. Сөзге шешен, білікті ағартушы ретінде елді ынтымаққа, береке-бірлікке, еңбекке жұмылдыра білді.

Ол 1929-1930 жылдары Алашорда белсенділерімен тығыз байланысты болған. Шәкәрім қажымен кездесуге Бақанас-Шақпақтағы Саятқораға бірнеше рет барады.

1926 желтоқсан айында К.Доланбекұлы совпартшколда оқып жүріп, Жұбайхан Мендібаевпен бірге Шәкәрімге хат жазады. Кішілік жүзбен сәлем бере барып, сұрақтар да қояды.Сонда Шәкәрім оларға былай жауап берген: «Келешектің жастары, рахмет жазған хаттарыңа, сендер мынаны ұғыңдар! Ұлы орыс халқының мәдениетіне көшіңдер. Орыс халқында мынадай адамдар болған: Ю.Лермонтов, Л.Толстой, А.Пушкин. Осылардың жазған еңбектерін оқып, жете зерттеңдер. Сонда сендар дүниені танисыңдар. Өздеріңнің қатарларыңдағы жастарды да осыған бейімдеп тарта біліңдер. Келешектің кілтін ұстайтын жастар сендер боласыңдар. Менің әзірше беретін ақылым осы»,-деген екен.

К.Доланбекұлына бағытталған бұл пікір «Абай мұражайының хабаршысы» №1 (01)2010 санындағы «Шәкәрім - ақылды, ойшыл, философ» деген мақалада кеңінен жазылған.

Шәкәрімнің баласы Зият пен Берлешті Қытай асып кетуі үшін астарындағы аттарын (Мырзалымен бірге) беріп, қоржынға азықтарын салып, астыртын шығарып салғанда осы Кенжетілеу екен.

Кенжетілеу өз өмірінде үш рет СОКП қатарынан шығарылды, екі рет сотталды.

Бірінші рет сотталғанда  Семей түрмесінде алашорда өкілі, Ұлы Абайдың баласы Тұрағұлмен бірге отырады. Ол Абайдың Әйгерімнен туған баласы, ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан сауат алған. Орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. 1904 жылы Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланған, алайда 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босаған. 1917-1920 жылдары Семей өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әр түрлі қызметтер атқарған.

Тұрағұлмен бірге жатқанда Кенжетілеу оған «Қолбала» сияқты қызмет  жасаған, сондықтан оны түрмедегілер «Тұрағұлдың құйыршығы» деп атап кеткен көрінеді. Түрмеде Тұрағұлмен бірге болғаны, Кенжетілеудің кейіннен қайтадан «істі» болуына әкеп соққан. Әрине түрмеде бірге болғандықтан Тұрағұл Кенжетілеуге Алаш қозғалысын тереңдете түсіндіргені анық.

Өткен жылы Кенжетілеудің Медицина саласының білгірі, ұзақ жылдар осы салада аянбай еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ұлы Айдар әкесі жөнінен тың деректерді мұражайға өткізді.Біз оны сіздерге фото сурет ретінде ұсынып отырмыз.

             «Әрине, бұл құпия құжаттарды көшіріп алу оңайға түскен жоқ, бірнеше жыл жүріп әрең дегенде рұқсат алдым.Фотоапаратпен, ксерокстеуге мүмкіндік бермеді, еріксіз өз қолыммен бәрін көшіруге тура келді» - деп тебіренеді Кенжетілеудің ұлы Айдар.

Отаны, елі, жері десе барлық қиындықтарға төзіп, қажет болғанда өз өмірін де қатерге тігуге дайын екенін көрсетіп, дәлелдей білетін Кенжетілеу Доланбекұлы сынды жерлестеріміздің алаш арыстарымен етене жақындасуы тегіннен тегін емес екендігін түсіндік.

 

 

                                            Малгаждар Жүнісжанов,

                                Облыстық Семей тарихи-өлкетану музейінің

                               Қарауыл ауылындағы филиал меңгерушісі

 

 

Қиясбай Көгедайұлы – Қодардың немересі, Қазыбайға шөбере, Борсаққа немене болып келеді.

Ел ішіндегі әңгімелерде Қиясбай іс-әрекеті аңыз болып қалған.Абайдың ақындық пен шешендіктегі үздік кемеңгерлігі, от ауыз, орақ тілділер мен аталы сөз, өнеге – өсиеті барларға жоғары ілтипат көрсетіп, қолдау білдіріп отыруының ұйтқысы болып, ерекше маңызға ие болған. Сондай Абай төңірегінде болғандардың ішінде аңыз – әңгімешілдігімен,суырып салма айтқыштығымен есімі кейінгі дәуірге аңыз болып қалғандар қанша ма? Олардың қатарында дойбышы Көрпебай, көкірегі шот қариялар Тоқсанбай мен Қатпа Қорамжанұлы, Сабыржан Серікбайұлы, аяғына бақан байлап құнан бәйгесіне қатысып жүлде алған Берікбол Көпенұлы, топжарған ортадағы әнші Баймағанбет, т. б. әрқайсы ел аузында өмір сүрген, көкірек көзі ояу -  қазақтың көшпелі кезінің өкілдері болып қалған.

Бір көзі қитар, денелі Қиясбайдың үлкенмен де, кішімен де құрдас болып қалжындасатын әдеті болған. Ол шәлдуар мінезді шайқылығынан бұл дүниенің қызығынан бас тартып, софылық өмірді қалаған. Үстіне қызылды-жасылды шүберек тағып, сайқы мазақтың ғұмырын кешіп, үйлі болу жайын жасы ұлғайғанғадейін ойламаған, мал жимаған. Осы шайқылықтыадам жайында Шәкәрімнің «Қодардың өлімі» шығармасында не дейді, соған көз салайық:

           Ой қозғайды оңаша таудың басы,

           Өткеннің ойға түсіп тамашасы.

           Қолтығына қабағын түйіп қарап,

           Әне тұр Қодар өлген құз-жартасы...

 

           Қайдостың бір баласы Борсақ деген,

           Соның бір тұқымы еді батыр Қодар.

           Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,

           Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.

           Жесір қалған келінін Қодар алып,

           Қылмайтын істі қылған құдай құлы.

           Жасырмай айта берсем, сөздің шыны –

           Құдайға ерегесіп қылды мұны.

           Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,

           «Қане, ата ғой деп қылдым, - дейді, - осыны».

 

Осы сөз жайлыпты елге тарап,

Кемітіп мін қыларлық іске жарап.

Тобықтыны билейтін Құнекеңнің

Бетіне басты осыны төре Барақ.    («Шәкәрім шығармалары» Алматы 1988ж, 133б)

М.Әуезовтың «Абай жолы» романында Қиясбайды Абай еркелетіп, тапқырлығы мен алғырлығына үнемі ризалық білдіретіні кеңінен баяндалған. Қатпа Қорамжанұлының ауызекі әңгімесінде деҚиясбайдың Абайға өзінің көңіліндегісін айтып қана қоймай, оныталай рет орындатқаныныңкуәсі болдым дегені де бар.

Қиясбайдың біреуден өлең мен ән қолқалап алатын әдеті, атқа құлын айырбастауы, атан өгізді құдықтан суырып тастауы, балуан біткенді баудай түсіретіні, жұртты қыран күлкіге батырып, тапқыр сөз, бала қылығымен болуы оның бойына біткен қасиет.

Қиясбай сыбызғы, домбыра тартқан үлкен өнер иесі. Оның «Боз айғыр», «Бұлан жігіт», «Мұңлы қыз», «Саймақтың сары өзені», «Қорамжан», «Қара аттың торы аты», «Боз торғай», «Қызыл аттың шабысы» күйлері бар. Ол күйлерді Қиясбай шебер ойнап, әуен ырғағына қарай құбылып, мұхиттың толқынындай толқып әлем тынысымен тербетіле төңкеріліп домбырасын күмбірлете тартып, көпшілікті разы етіп, күлкіге бөлеп, жұртты қарық қылатын қылығына не жетсін.

Абай Қиясбайды тапқыр, күлдіргі сөздері мен бала мінезді, ақ көңіл, қызық қылықтары үшін жақсы көріп, оны еркелетіп «Бала» деп атаған.

Қиясбайдың Абай алдында болған кездерін сипатына қарай төмендегі кезеңдергебөлуге болады.

Үйленбей жүрген Қиясбай.

Абай Қиясбайдышақыртып алып:

- Сенің не ойлаған ойың бар. Неге осы уақытқа дейін әйел алмай жүрсің? дегеніне Қиясбай:

-Менің таңдаған қызымды әперсен, алар едім.

- Абай: Осы маңдағы ауылдардан таңдаған қызың болса, айтып көрші сөйлесейін.

- Онда, алдымен қыз таңдайын, ұнатқан қызымды өзіңе келіп айтамын, - дейді Қиясбай.

Қазан айының қара дауылы үйлерді жығып, ауылдың ұйқы-тұйқысын шығарып, шуласып жатқан кезде Қиясбай Абайдың үйіне алқын-жұлқын кіріп келіп:

-Абай аға, тезірек сыртқа шығыныз, сізге сүйген қызымды көрсетейін, - депті.

Сиырының бұзауы жамырап, соған жүгіріп бара жатқан бір қызды "Ұнатқан қызым анау», - деп қолымен нұсқайды.

-Бала-ау, екеуіңбірігіп, шаруа құрып, өз алдарыңа үй болып кете аласыңдар ма? Сол жағын ойланғаның дұрыс болар – деген Абайға;- іркілместен Қиясбай:Сіз өз көзіңізді жерге алып қоя тұрып, оның орнына менің көзімді салыңыз да, қайтадан қарап көріңізші. Сонда ол хордың қызындай көрінбесе, Сіздің айтқаныңыз жөн болсын, - депті.

-Абай ойланып тұрып: - «Адамның ішкі сезімінің айнасы – көз. Әділеттің қазысы – аталы сөз» - деген нақылды халық тегін айтпаған - ау. Енді мен тоқталдым деп, Қатпа Қорамжанұлынақұдалық сөйлесетіріп, қыздың әкесіне қалыңмал беріп, Қиясбайды Абай үйлендірген екен. Осылайша Қиясбай өзінің ақылды, өткір, тапқырлығымен үйленуге жетіседі.

  «Бала» атанған Қиясбай.

Абай Қиясбайдың ауыл сыртында балалармен ойнап жүргенін көріп, үйге шақыртып алды да: - «Бала», сені жас кезіңде менде еркелеттім, енді қартайған шағыңда балалармен ойнап жүргенің өзіне ұят емес пе?. Бұдан былай жұрт сені еркелетудің орнына күлкі, мазақ қылмайма? Сондықтан енді ақсақалдармен бірге дөң басына шығып, әңгімелесіп отыратын кезің болды емес пе? – деген екен. Бұған Қиясбай қатты ренжіп, томсырайып, өкпелеп қалады. Оған Абай: - Сен менің осы айтқан ақылымды түсініп, тоқтатудың орнына маған өкпелеуің қалай?

Сонда Қиясбай: – Абай  сені ойда - қырда қазақ данышпан ақын деп алдыңнан шықпай, ардақтап жүр ғой. Бірақ сен дүниенің тұрақсыз, алдамшы сырынан түк түсіне білмейді екенсің. Білсең, мен өзіңнен бір сұрақ сұрайын, соны айтып берші:

  • Осы адам баласы анасынан жылап туа ма, күліп туа ма? – дейді.

Бұған Абай күліп: күліп туу жаратылыстың заңында жоқ қой, – деп жауап қайтарады.Олай болса,- дейді Қиясбай - дүниеге жылап келгенадам баласы,күліп өлмейді. Сондықтан кейіспен келген пенденің алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай өмірін өкінішсіз өткізіп өлген бірде-бірі жоқ. Ал мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба? – деп сол өкпелеген бетінде үйден шығып кеткен екен.

Сонда Абай, әлгінің өмірге көз қарасында ой тебірентерлік терең сырлар жатыр екен – ғой. Енді оны өзі ұстаған жолдан өзгертем деудің жөні бола қоймас.Алдамшы, жалған дүниені сайқымазақ еткен де оның түпкі жан дүниесінің ар жағында жататын мақсатты кекесінгежол бергеннен басқа шара жоқ екен ғой, - деген тоқтамға келсе керек Абай!

Қиясбай тапқырлығы мен шапшаңдығы.

Абай Қиясбайдың ақындық жолдағы шапшаңдығын байқамаққа:

           Бұған аңқау, ішім қу,

           Жүрген жерім бәрі ду,

           Үстіме киген киімім,

           Киім емес, қызыл шу,

           Уайым жоқ, қайғы жоқ,

           Атадан тусаң мендей ту, - дейді де - бала, осының аяғын өзің айтып жіберші, - деген де Қиясбай:

           Тамағым тоқ, уайым жоқ,

           Япыр-ай, менің өзім қу,

           Әгәй, әгагәй, - деп әндете жөнелген.

Қиясбай қолқасы.

Найман елінің мыңды айдаған Құлбайдың Бұланының асына  Қиясбай да бармақшы болып, Абайдан апаруын сұрап, әрі өзі айтатын өлең жазып бер, - деген.

Абайдың тапсыруымен Қиясбай айтатын өлеңдердің біразын Асылбек, Әділше шығарып берген.

Өз ырқы болмаса, басқа жуандарға көнбейтін, би болыстардың айтқанына жүрмейтін, тілді, айтқыш әрі пысық Әділше Қиясбайдың сыртқы пішіні арқылы ішкі сырынасай өлең жазып берген екен:

           Ай далада ақ қасқыр оқақ – сопақ,

           Ақ сиырдан туады күрең айғыр.

           Аспанда ителгі құс пішен жейді,

           Арық тоқты шұлғиды жер қатқанда.

           Иттің үріп шыққаны жаз болғаны,

           Беліме буғаным 17 арқан.

           Қыздар-ау, үйіңнің оң жағында

           Бұрқан-тарқан,

           Әгәгой, әгәгой...

Қиясбай қитарлығы.

Жас кезінде Қиясбай көзінің үстінгі қабағына теріскен шығып, қышып болмаған соң, ыза болып тобылғыны жағып, ұшындағы қызыл шоғымен күйдіріп тастайды. Сол жер тыртық болып қабағын жоғары тартып тұратын болған. Сол қолдан жасалған құбылыс Қиясбайдың алып денелі, ұзына бойына қосылған жанама құбыжық көрініс болып жабысады.

Қиясбай тапқырлығы.

 Күрең күздің ызғарлы суығы ақжауынға айналып, бірнеше күн суықтан қатты қалжыраған Қиясбай Абай үйіне сәлем бере келеді. Әдеттегідей үй толы адамдар қызу әңгіме үстінде екен. Абай Қиясбай сәлемін алып, қал – жайын сұрайды. Ойындағысын айтудың орайын Абайдың өзі келтіруіне қарай: «Анда – санда жейтіні бір боқбасар адамда не күй болушы еді», - дейді Қиясбай.

Абай қонақтар қайтып жер аяғы саябырлаған тұста Қиясбайдан: «бір боқбасарың» не деп сұрайды. – Пәлі, Абай аға, соныда білмейсің бе? Ол қойдың төрт сирағы емес  пе.

Қиясбайдың тапқырлығына қайран болған Абай малшысын шақыртып, Қиясбайға айдап жүруге бір – екі қой қиындық келтірер, төрт – бес қой алдына салып бер депті.

Қиясбай қулығы.

 Абайдың қасында шынтақтап жатқан Қиясбай: - Абай аға, сіз есеп білесіз бе? – деп сұрапты.

  • Аздап, Қиясжан, - десе.
  • Аздап білсеңіз, 200 ешкінің мүйізі қанша болады?
  • Төрт жүз болады да.
  • Пәлі, Абай аға, сен де есеп білімін деп мақтанасың – ау.Сонша көп ешкінің ішінде мүйізі жоқ тоқалы, мүйізі сынған кемдері болмай ма екен?- деп мырыс – мырыс күлсе, үйдегілер түгел қарқылдап күлісіпті.

Айдостың бүгінгі күндегі мықтысы, әрі байы кім?деген Қиясбай

сұрауына Абай:

Кімнің сойыл соғары көп болса, сол мықты да сол бай болмақ.

- Сонда Сіздің болжап отырғаныңыз Шоқа балалары ішінде Күреңше ғой деген Қиясбай сөзін Абай мақұлдапты.

Шоқаның бес баласының ішінде Күреңшеге мың біткен. Оның жылқысы Боқтылы (кейін Оспан көлі атанған) көлінен Жырыққұдыққа дейінгі аралықта жайылыста болған. Дүниеден озған КүреңшеБи Ата кесенесі биігіне жерлеген.Кесененің батыс жағындағытөрт құлақты қоңыр зират өткен дәуірдің көнермес белгісіндей. Ал Бәжіғұл Күреңшеұлының қонысы қалың ырғызбай ішінде Шыңғыстың Тоқпанбет өзені етегіндегі кең алқапты алып жатқан ата мекені.

Күреңше Шоқаұлы 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлымен сапарлас болып Меккеге барған. Айдос әулеті ішіндегі қажылыққа барып қажы атанған үшінші адам осы -  Күреңше Шоқаұлы.

«Абай елі» газетінің бетінде, (24-30 қараша 2016) газеттің Бас редакторы Нұржан Байтос мырзаның «Қиясбайдың мазары табылды» деген мақаласы жарияланып, қалың көпшілікті дүр сілкіндірді. Әсіресе абайтанушы қауым көкейінде жүрген – адамгершілікті уағыздаушы адамның рухына тағзым етіп, дұға жасаудың жарқын күні туатынына үшкіршілік етіп, тәуба десті.

     Мазар орнын тауып, айналасына қоршау жасаған Түсіпбек (Сарман) келешекте Борсақтың 4 ұрпағы Қиясбайға құлпытас белгі қоймақшы екенінен де Нұржан бауырымыз хабардар етті.

     Ел ішінде іс – әрекеті аңыз болып қалған Қиясбай мазары халық талғамындағы белгі болуына тілектес болумен қоса қолдау да білдіреміз.

 

                                                 Досымхан Тоққараұлы

ҚР журналистер одағының мүшесі,

Еңбек Ардагері, қаламгер ұстаз.

Ел мен жер шежіресі

Абайдың айналасындағы әйдік есімдердің бірі Қиясбай. Ел ішін күлкімен көмкеріп, небір келеңсіздікті ащы мысқылмен келемеж етіп жүретін, осының бәрінен бөлек тосыннан сөз табатын ерен тапқырлығымен Абайды өзін тәнті еткен жан туралы ел ішінде бүгінге дейін жеткен небір қызғылықты әңгімелер көп. Қиясбайды әпенділігі мен оғаш мінезіне қарап Қожанасырға, сөзге ұста усойқылығына қарап Алдаркөсеге, қиыннан қиыстырар тапқырлығын қарап ертегідегі Тазша балаға теңеуге болады. Бұл ретте Абай мен Қиясбай арасындағы әңгіме делінетін біраз сөз ел арасында жүр. Осындай ой салар тәмсілдердің біразын жуырда жерлесіміз, көкбайлық азамат Мардан Төлеутаевтан жазып алдық. 

Қазіргі Көкбай ауылынан 12 шақырымдай жерде Қараой делінетін елді мекен бар. Бүгінде малшы қауым ғана отыратын жайылым заманында Көкбай Жанатайұлының жері болған деседі. Көнекөздердің айтуынша, Абай өмірінің соңында Қиясбайды Көкбайға тапсырып кеткен көрінеді. Дәл осы атырапта Қиясбай Көгедайұлының бейіті делінетін көне зират бар. Бұл ескі қорымның ел аузындағы Абайдың Қиясбайынікі екендігін Мардан Төлеутаев та айтады. Балалық шағында ескіше сауатты, шариғатқа жүйрік, молдалығы бар әкесі Төлеутай өзі әкеліп көрсетіп кетіпті. Кейінгі кезеңдері шопандық кәсіпті серік еткенде де ел мен жер жай-жапсарын жақсы білетіндерден бұл моланың Қиясбайдікі екенін естіген. Бүгінде осы аумақты қоныс еткеніне 40 жылдай уақыт болыпты. Көне қорымды қорып қана қоймай, Қиясбай жайлы ел аузындағы там-тұм деректерді жинастыруда. Сондықтанда болар, ескіліктен жеткен әңгімелерді айтуға шебер.

-Әкемізден естуіміз бойынша бұл бейітте Абайдың замандасы болған Қиясбай жатыр. Ол бұл жайтты осы өңірдегі қариялардан естіп-білген екен. Балаларға зиратқа қарап дәрет сындырмауды, маңайына мал жаймауды тапсыратын-ды. Бейіттің аяқ асты болмауын қазіргі күні де қадағалап отырамыз, - дейді бүгінде жасы алпыстан асқан ағамыз.    

Мардан Төлеутайұлының Абай мен Қиясбай жайлы естіген әпсана-әңгімелері де көп. Қараой өлкесіне жасаған осынау сапарымыздың барысында соның бірқатарын қойын дәптерге арнайылап түртіп алған едік.

Бір күні Қиясбай Абай ауылына жолаушылап келіпті. Абай жақсылап қонақ етеді. Қиясбайдың тапқырлығын жақсы білетін Абай оның қайтарында бәйбішесіне қарап:
- Мына Қиясбайды шошалаға кіргіз, қалағанынша ет алып шықсын, - дейді. Шошалаға кірген Қиясбай жаңа сойылған малдың жас етінен ештеме алмастан, тек жылқының  басы мен төрт сирағын ғана алып шығыпты. Бұған таңданған Абай оның мәнісін сұрағанда, Қиясбай қолма-қол: - Сұраған жұртқа Абай ағам соғым тарту етті демеймін бе? Басы, төрт аяғы бар жануар өзі жүре бермей ме? – деп жауап береді. Сөзден тосылған Абай бір сойыс малын жетектетіп жіберген екен.

Бірде Абай ауыл-аймағын жиып думанды шара ұйымдастырады. Түрлі ұлттық ойындар арасында келіншектер жарысы да өткізіліпті. Көпшіліктің арасынан қара үзіп, дара келген жүйрік әйелді Қиясбай көпшіліктің алдында жорта сабаған болып, зекіп ұрысса керек. Мұнысына таңырқаған Абай істің мәнісін сұрайды. Сонда Қиясбай саспастан: - Жүйрік ат кімдікі – Абайдікі, алғыр құмай тазы кімдікі –Абайдікі. Енді топтан озып, жүйрік атанған бұл әйелді де Абай алып қояма деймін, - деп жиналған көпшілікті ду күлдірген екен. Осыдан соң елден ерек аттың жақсысына, қыран құстың, тазының алғырлығына қызығып, қолына түсірмей қоймайтын, жұрттың алдында жүретін Абай ұялғанынан мұндай құмарпаздығынан бас тартқан деседі-мыс. Ақылы елден асып тұрғанымен осындай қарапайым жанның тауып айтқан сөзіне тоқтап, көңіліне медеу тұтуы - Абай даналығының тағы бір қырын аша түседі.

Қараойға бізді ерте барған Қиясбайдың аталас туысы, алтыншы ұрпағы болып келетін Сарман ағамыз да аймағымыздың тарихи тұлғасы жайында біраз шыр шертті.

-Біз әке-аталарымыздан, олар өз бабаларынан, естуіміз бойынша Қиясбай жарықтық алып денелі адам болған екен. Тіпті, құдыққа құлаған атан өгізді суырып алар қара күштің иесі болыпты. Ұдайы дағдыға айналдырмағанмен көңілі түскенде күреске шығып, балуан біткенді баудай түсіретін қасиеті де бар екен. Ол жайында да әңгімелер көп. Бірде Шұбартау жерінде, қалың Керейдің ішінде бір үлкен ас өтеді. Сондағы қомақты бәйге тігілген күресте Тобықтыдан барған кіл балуандардың бәрі жығылып, елдің шонжарлары  жерге қарайды. Бір арагідікте Абай көптің ішінен Қиясбайды тауып алып:                   

- Күреске енді сен түс!, - деп бұйырады. - Сіз айтсаңыз болды емес пе, Абай аға!- деген Қиясбай білек түріп, ортаға шығады. Сөйтіп, балуан шақ келтірмеген апайтөс дәуді бір демде тік көтеріп алып, Тобықтының игі-жақсылары тұрған жаққа қарап: - Абай аға, қалай қарай лақтырайын!- деп сұрапты деседі.

Көшкінбаев Түсіпбек (Сарман) ағамыз бүгінде аз атадан тараса да Қиясбайдың ұрпағы саналғандықтан басына құлпытас орнатуды мақсат тұтқанын айтады. Қазіргі күні бейіттің айналасын қоршап қойыпты. Әзірлік жасалуда...

Сонымен қатар, ағамыз Қиясбайдың ерекше қабілеттерін әңгімелеуде көп мағлұмат біледі екен. Мәселен, ол кісі атқа құлын айырбастап, елдің күлкісіне ұшырап, артынан әлгі таңдаған құлыны бәйгеден келеді. Келеке қылған көптің күлкісі сап тиылып, таңданыпты.  Сонымен қатар, Қиясбай лақпа өлеңімен де Абайды күлкіге кенелтіп, қайғы-мұң қамаған көңілін серпілтіп отырған. Атап айтсақ, ілкіде ел аузында айтылып жүрген, бүгінде дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың орындауындағы «Аспанда көк қаршыға пішен жейді» деп басталып, «Туады ақ сиырдан жирен құлын» деп жалғасып кете беретін өтірік өлеңіне заманында Абайдың өзі ерекше тәнті болыпты.

Жалпы дана хакім де аусар мінезді, сөзі түйеден түскендей боп келетін, ерекше жаратылған Қиясбайдың айтқан сөздерінен демеу тауып, қатты қадірлеп отырған деседі.

Демек, Қиясбай - Абайдың қасындағы сайқымазағы емес, ақынның жүрегін торлаған мұң мен зардың бұлтын серпілтер, күлкі сыйлаған абзал жан, зор дарын иесі. Десек те, шайқы Қиясбай мен дана Абайды жақындастырып тұрған күлкіден де терең дүние - зіл батпан ауыр қайғы бар. Ол Құнанбай айналасының үкімімен ауыр жазаға кесілген Қодардың өлімі, оның ерте жетім қалған немересі Қиясбайды Абайдың өмір бойына қамқорлыққа  алуында жатыр дер едік. Мұндай ұлы жүрек тек ұлы адамдарда ғана болатыны ақиқат.  

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Page 1 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар