ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

31- мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

 

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

 

Мамыр айының 29 күні ауданымыздағы Шәкәрім баба ескерткіші жанында сталиндік репрессия мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг болып өтті. Өткенін ұмытпай, тарихтың ақтаңдақ беттерін ұлықтауда ауданымызда атқарылып жатқан шаралар аз емес. Бұл жолғы өткен жиынның да тағылымдық мазмұны аса терең болды.

Жалпы, 1997 жылы Елбасының жарлығымен бекітілген атаулы күн жылдағы үрдіске сай абайлықтар арасында да айрықша мәнде аталып өтті. Оның да өзіндік себебі бар. Еліміз бойынша еңсе көтертпес оқиғалардың тізбегін толықтыратын қаралы жылдардың бірі - 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қасіретті іздері Абай жерінде де жатыр. Бұл нәубет қаншама миллион қазақстандықтарды жазықсыз жаланың құрбаны етті. Бүкіл елімізді шарпыған қаралы жылдар алақандай Абай елінің басына да қара бұлт үйіріп, тоз-тозын шығарып, жұртын бостырып жібергені ел мен жердің кешегі шежіресінен белгілі. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан халықтың көбі жан сауғалап шекара асып кетті. Бұдан кейінгі жылдарда да халқымызды тағы бір қаралы нәубет келіп, қан қақсатты. Ол - елдің мысын басып, еңсесін көтертпеу мақсатындағы Ф.Голощекиннің құйтырқы саясаты - халық қалаулыларын, ұлт зиялыларын «халық жауы» деген желеумен жою миссиясы еді. Бұл асыра сілтеудің нәтижесіндегі астыртын әрекет Шыңғыстау өлкесіндегі аға сұлтан Құнанбай қажы әулетін, Абай ұрпақтарын қудалап, жер аудартқызып, абақтыға тоғытты. Алаш арысы Шәкәрім қажыны да оққа байлап, құр құдыққа тастағаны ақиқат. Құрбан болған ақтаңдақ арыстармыздың қатары сол жылдарда күрт артқан еді. Осылайша, сонау зобалаң замандардың зұлматты күндерін еске алу шарасына, Қарауыл ауылындағы Шәкәрім атындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған алаң маңына жиылған көпшілік те осы күндердің сүреңсіз шақтарын бір сәт еске алды.

Бұл тағылымдық шараға аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазин, аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаев, аппарат басшысы Серік Мұқажан, ауданның білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлы мен Қарауыл ауылдық округі әкімі Құсман Берлешов, бөлім басшылары, мекеме қызметкерлері және ауылдың көнекөз қарттары да арнайы келген болатын.

Тарихты өшірмей ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыру да аузы дуалы қарияларымыздың әңгімелерінен даритыны сөзсіз. Шара тізгінін қолына алған «Абай елі» газетінің редакторы Нұржан Байтусовтың бірқатар тұщымды мағлұматтарынан соң сөз кезегін жалғаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкетанушы, зерттеуші Марат Түңлікбаев тарихи мән-маңызы жоғары бүгінгідей шараның өтуі әсіресе кейінгі буын жастар үшін қажет екеніне тоқталды. Себебі, өз сөзінде қазақ халқының, яғни, әр кезең ұрпақтарының басынан кешірген қасіреті ешбір дүниемен өлшенбейтін құндылық екендігі анық. Сондай-ақ, Голощокиннің саясаты тікелей қазақ елін құртуға ғана бағытталмағанын, саяси науқан Совет үкіметі бойынша жаппай жүргізілгенін де айтып өтіп, тарихымыз бұрмаланбауы тиіс деп пікір білдірді.

Ал, кейбір жастардың осынау ескерткіш алаңының қандай мән-маңызға ие екенін біле бермейтіні өкінішті жайт. Сол себептен де әр ескерткіштің маңыздылығына тоқталған Қарауыл ауылдық округі әкімі Құсман Берлешов өзінің де арғы аталарының Шәкәрім қажымен бірге қудалауға ұшырап, ату жазасына кесілгенімен Қытай асып, аман қалғанын айтты.

- Бұл қуғын-сүргін алаңы сол бір жылдардағы НКВД-нің ғимараты, атқорасы мен құдығы орналасқан жер болған. Қызыл империяның саясатымен ұсталып, ату жазасына кесілген құрбандар осы құр құдыққа ешқандай тергеусіз, сотсыз тасталып отырған екен. Белгілі зерттеуші Марат Құрманбекұлының еңбегі бойынша, бұл жерге 5 адамның денесі тасталып, бірі аман шыққан, - деді ол өз сөзінде.

Алаңның бой көтеруі кезінде басы-қасында болған Құсман Ғимранұлы құдықтан шығып тұрған саусақтардың бірі - аруланбай жерленген рухтардың Құран-дұға дәметуі, бірі шыға алмай, тырмысып жатқан қолдың бейнесі болса, енді бірі құдықтан құтылған саусақ көрінісі екендігін атап өтті. Сондай-ақ, күн-түн демей ер-азаматтарын жер аударып, ату жазасына ұшыратқандықтан сол кездердегі панасыз, қорғансыз қалған ана мен баланың жыламсыраған бейнесі де бұл ескерткіштен орын тепкендігі айтылды. Шарада сөз алған еңбек ардагері Оңғар Сыдықбайұлы әкесі Сыдықбай Жайлауовтың да 1937 жылдары Магадан қаласына жер аударылып, кейіннен жазықсыздығы дәлелденгенін айта келе әкесінің елінен жыраққа кеткендегі қаламынан туған жырын көпшілік алдында оқып берді.

Сонымен қатар, Абайдың тікелей ұрпағы Бақыт Шағатаева Шәкәрім бабасының мүрдесін арулап жерлегенде өзінің небары 12 жастағы бала болса да сол шақтар көз алдында бүгінгідей сақтаулы екендігін айтты.

Кешегі құрбандар үшін дұға жасау маңызды екендігін жеткізген «Құнанбай қажы» мешітінің наиб имамы Орал Боқанов Құран бағыштап, рухтарына тағзым етті. Шәкәрім қажы ескерткішіне гүл шоқтары да қойылды.

Бұл кеште әуезді әндерін әуелеткен «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншілері Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Бақыт Шағатаева, дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдері Қайрат Қабышев, Қонысбек Байдашевтар да шара көрігін әсерлі әндермен кіргізді.

Осылайша қуғын-сүргін құрбандарына арналған шара соңын ауданның ішкі саясат бөлмі бастығының міндетін атұқарушы Ұлан Сағадиев қорытындылап, ұлы дала перзенттерін ұлықтау ұрпақ парызы екендігін жеткізді.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!