Ақтамберді жыраудың ұрпағы Үржарда

                                 Ақтамберді жыраудың ұрпағы Үржарда

                                                           ( 1675-1768)             

Кейінгі кезде ататегі төңірегінде көбірек талас туып жүрген атақты Ақтамберді жыраудың 1675 жылы Қаратау баурайында туғаны анық. Ол тұста қазақтардың көбі Қаратауды айнала көшіп-қонып жүрді. Ақтамберді Сарыұлы да сондай көшпенді, бірақ әл-ауқаты нығыз отбасында өмір есігін ашты. Әкеден ерте айрылған болашақ жырау жамағайын туысы Бердеке батырдың тәрбиесінде өсіп, ержетеді. Ақындық дарыны ерте бүр жарған ол он-он бір жасында-ақ өлең шығарып, төңірегіне тез танылады. Ал он жеті жасында ержүрек, өжет бозбала қазақтардың Орта Азия хандықтарымен арадағы соғыстарға қатысып, батырлығымен, батылдығымен көзге түседі. Алғыр ақылымен, айла-амалымен, жанкешті-жанқиярлығымен танылған жаужүрек батыр талай рет ажалдың аузынан қалады. 1723 жылы қазақтар ойда жоқта ойраттардан ойсырата жеңіліп, күллі түстік және шығыс аймақтағы атақоныстарынан айрылып, Ақтабан шұбырындыға ұшыраған шақта, Ақтамберді айтулы батыр әрі Орта жүздің атақты рубасыларының бірі еді. Жалынды жырау пәрменді ісімен де, ұранды жырымен де елдің еңсесін көтеріп, жігерін жанып, жоңғарларға қарсы күрес ұйымдастырушылардың алдыңғы легінде жүрді. Жоңғар мемлекеті талқандалып, дұшпаннан босатылған шығыс өңірге қайта қоныстану кезінде ол қазақ руларын атамекенге түбегейлі орнықтыруға білек сыбанып белсене кіріседі. Өзі де сол қайта қауышқан атақонысында өз ажалымен тоқсан үш жасында өмірден өтті. Адуын батыр, арынды ақын соның өзінде де: «бар арманым, айтайын, батырларша жорықта өлмедім оқтан, қайтейін!» деп армандап кетті. Жыраудың мүрдесі Құндызды ауылындағы Жүрекжота деген төбеде жатыр. Кезінде Жданов атындағы совхоз аталынған тұста совхоз директоры болған Дүйсенбаев Меллат (1986-1993жж) Ақтамберді жырау кесенесін тікелей салып тұрғызуға, атсалысқан –ды. Батырдың кесенесін тұрғызуға деген еңбегі өте зор. Кесене басында қазіргі уақытта:

Балаларыма өсиет,

Қылмаңыздар кепиет.

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет.

Татулық болар береке,

Қылмасын жұрт келеке.

Араз болсаң алтыауыз,

Еліңе кірер әрекет-деген сөз жазылған.

 

                 Батыр бабаның сауыты Семейде сақтаулы тұр

Ақтамберді батырдың тікелей жетінші ұрпағы Жанатбек Ақынтаев 52 жаста. Оның әкесі Мұхаметқали Ақынтаевтың кіндік қаны Ай ауылында тамып, бүкіл саналы ғұмыры    Таскескен ауылында өтті. 1920 жылы ауыл молдасынан хат таниды. 1926-34 жылдары 7 сыныптық білім алып, Талдықорғандағы Қапал педагогикалық  техникумын бітірді де, Жаркент қаласында мұғалімдік қызметін бастайды. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, елге жеңіспен оралған жан. 40 жыл ұстаздық еткен ол кісі 1910 жылы дүниеге келіп, тоқсан жасында өмірден озды. Батырдың жетінші ұрпағы болып келетін Жанатбек Мұхаметқалиұлының айтуынша, Найман руынан тарайтын Сыбанның Бөрі, Бөлтірік деген ұлдары болыпты. Бөрі жаугершілікте опат болғасын, оның жесірін Бөлтірікке әпереді. Одан Сақадам, Сары атты екі ұл туады. Сақадамнан алты ұл дүниеге келеді де, Сарыдан жалғыз Ақтамберді бабамыз екен. Бұл жайында жыраудың өзі бір өлеңінде:

Жағалбай деген ел болар,

Жағалтай деген көл болар.

Жағалтайдың жағасы,

Жасыл да байтақ ну болар.

Атадан алтау туғанның,

Жүрегінің бастары

Алтын менен бу болар.

Атадан жалғыз туғанның

Жүрегінің бастары

Сары да жалқын су болар,

Жалғыздық, сені қайтейін!

... Жағама қолдың тигенін,

Жалғыздық сенен көремін.

Жамаулы киім кигенім,

Жарлылық, сенен көремін... деп толғайды. 7 жасында жетім қалған ол нағашылары Бердіке батырдың қолында тәрбиеленіпті. Ақтамберді бабамыз екі әйел алған. Біріншісінен Қабылан, Жолбарыс, Еділ, Бойтан, Жамбай атты бес ұл туса, екіншісінен Арық, Көлен, Бабай, Аян есімді төрт ұл дүниеге келеді. Осылардың барлығының ұрпақтары бүгінде Алматы, Таскескен, Аягөз, Шыңқожа, Ай, Алтыншоқы ауылдарында тұрады. Мәселен, батыр бабамыздың жуырда табылған сауытын жарнамалап жүрген А.Жұмәділов осы Қабыланнан тарайды. Батыр баба сауыты бүгінде Семейдегі өлкетану мұражайында сақтаулы. Ал Ақтамберді Сарыұлының тікелей ұрпағы Мұхаметқали Ақынтаевтан бүгінде Марат, Жанатбек атты екі ұл, Бәдигүл, Нұргүл, Ләззат, Гүлзира атты төрт қыз қалған. 1944 жылы туған Марат Ақынтаев Таскескен ауылында тұрады да, 1962 жылғы Жанатбек Үржар ауылында. Қабыланнан тараған Қайрат, Бораш Сепбосыновтар да үлкен қызметкерлер. Ал Бойтанның ұрпақтары Қуандық, Ерлан Ожаровтар бабалары жайында шежіре жинақтап жүрген көрінеді. Ақтамберді батырдың бір ұрпағы Сәдірұлы Боранқұл Қажымұқан балуанмен күш сынасып, мерейі үстем болған алып күш иесі екен. Ақтамберді батырдың әкесі Сарының ағасы Сақадамның Сәдірі бірде ұлы Боранкұлдың үйіне келсе, есіктен төрге дейін ыбырсып жатқан көрінеді. Сонда балуан ұлы мен салақ келініне ренжіген ол:

-Дегенге Борай қалқам, Борай қалқам,

Екі жақсы қосылыпсың алқам-салқам.

Үй іші аяқ алып жүрер жер жоқ,

Ыдыс-аяқ сынып жатыр талқан-талқан-деген екен.

Жалпы, бабамыздың ұрпақтарының көпшілігі ақын, балуан болған. Мәселен, Жамбайдан тарайтын Таскескен ауылындағы Тынысбек Ақтаевтың әкесі Ақтай да жауырыны жер иіскемеген күш иесі болса, оның ағасы Шәріп те балуан, ақын, өз жанынан ән шығаратын өнерпаз жандар болған.

Отты жырлары мен алмас қылышын көзі жұмылғанша жанынан тастамаған батыр бабаның соңында бізге жеткен 30-40-тай ғана жырлары бар. Таскескен ауылында Ақтамберді атында мектеп бар. Құндызды ауылының Жүрекжота төбесінде сүйегі жатыр. Қазақтың ұлы даласына аса зор тауқымет әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретін көзімен көріп, басынан өткерген, сол бір нәубетті жоюға атсалысып, жоңғар шапқыншылығынан отанын қорғауда өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға-ақ сауытты Ақтамберді жыраудың өмірі отаншылдық сезімде өсер ұрпақ үшін өнеге болып қалмақ.

 

Қайырбек Тайтөлеуов,

Құндызды ауылы.

Бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!