Жетінші ұрпаққа жеткен жәдігерлер

«Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы»

Жетінші ұрпаққа жеткен жәдігерлер

Қазақ - қалмақ соғысының бас қаҺармандарының бірі, толарсақтан қан кешіп, елін, жерін ақ найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған даңқты батырларымыздың бірі – Лақаұлы Тоқтамыс. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, кейбір шежіре деректерге сүйінсек Тоқтамыс батыр 1730-шы жылдардың шамасында Әзіреттің Қаратауындағы Жылыбұлақ деген жерде туған. Тоқтамыс батырдың ерлік шайқастары Абылай ханның жасағында ерекше көзге түсіп отырады.

«Тоқтамыстай ер біткен қазағыма

Дұшпанының көнбей кеткен мазағына

Сырдың бойын шулатып үш Ту алып,

Жоңғарды талай салған азабына»

                                       Байкөкше ақын

Тоқтамыс – хан күзет жасағының басшысы

Абылай хан қолбасы батырлармен бірге шатырда қымыз ішіп отырған – ды. Бір мезетте қала қақпаларын сырттай торуылдап жүрген күзет жасағының басшысы - Тобықты Тоқтамыс батыр ішке кірді. Бұл қазір немере ағасы Мамай батырдың туын ұстап қалған, кейінгі жас буын арасында көзге түсіп жүрген, дәмелі жігіттердің бірі еді. Сол Тоқтамыс кірген бойда шұғыл хабар жеткізді.

-Хан ием! Ішінде қала басқағы Молла Самсы бар, бір үлкен топ Ташкенттен шығып, осылай қарай беттеп келеді. Осында келіп, сіздің дәргейіңізге бас ұрмақ – деді ол ентігін баспаған күйі ханға тәжім етіп.

-Келсін... Көрейік, саудагерлердің қалай сайрағанын! Абылай көңілденіп қалды. – Ал өзің жақсы хабар әкелгенің үшін хан шарасынан қымыз іш! – деп қолындағы сырлы аяқты қымызға толтыртты да, Тоқтамысқа ұсынды.

-Рахмет, хан ием! Мен үшін бұдан өткен құрмет жоқ! – деп жас батыр әлдебір киелі затты ұстағандай қымыз толы шараны аузына таман апарды да, дем алмастан басына бірақ төңкерді.

 

 

 

 

                  

 

 

Тоқтамыс батырдың жәдігерлері

Тоқтамыс батырдың туы мен қару - жарағы, найзасы, ұрпақтан ұрпаққа беріліп бүгінгі күнге дейін Тобықты Ескене ұрпақтарының ішінде Қарсамбекұлы Әбіштің әулетінде үш ғасырға жуық сақталуда. Себебі Тоқтамыс батыр - Әбіштің төртінші атасы. Ел үстіне аласапыран туған кездерде Әбіш ақсақал туды шапанының астына тігіп алып, ал қару-жарығын тау ішіне жасырып ұрпақтарына мұра еткен. Тоқтамыс батыр үш соғысқа кіріп үш туға ие болған. Кейіннен жас батырға риза болған Мамай батыр өзі бір кезде Көкенай батырдан алған Тобықты туын іні батыр Тоқтамысқа табыс еткен.

 

 

 

 

Тоқтамыс батыр өмірден өткенде батырдың туы жылына дейін көтеріліп тұрған.

Зұлмат жылдары батыр ұрпақтары бұл туды шапанның астарына тігіп, жасырып сақтап қалған екен

 

 

 

Қазір Тоқтамыс батырдың туы және найзасының ұшы Әбішев Ақылтай Нұрымханұлының үйінде сақтаулы. Ақылтайдың Нұртай-Жадыра, Елнұр-Сандуғаш атты ұл - келіндері, Бауыржан - Лаура, Роллан - Жанар атты күйеубала, қыздары бар.

Тоқтамыс батырдың қылышы Әбішев Нұрымханның үлкен ұлы Несіптай Нұрымхановтың үйінде сақтаулы. Несіптайдың Нұржан-Лаура, Арнұр- Гаухар атты ұл-келіндері, Нұрым-Айнұр, Шаған-Гүлнұр атты күйеубала, қыздары бар.

 

 

 

 

 

Шаған шайқасы

Тоқтамыстың алғаш көзге түсіп, жүрек жұтқан ерен ерлігінің тұңғыш танылған тұсы – атақты Шаған шайқасы деседі. Бұл тұста жас Тоқтамыстың осы ұрыстағы кейбір ойда жоқ жерден жөн тапқан, қысылтаяңда жол тапқан ептілігі мен тапқырлығы айрықша сөз болады. Шаған соғысы 1750-ші жылдардың орта тұсында болған. Бұған хан Абылай бастаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қостаған атақты батырлар тегіс қатысады. Бір шайқаста қазақ тобының саны азайып қалады. Соны байқаған Абылай:

Енді жауға өктеп шабуға болмайды. Қол қарасын Жоңғарлар байқап қалды. Қаша ұрыс саламыз - дейді. Осы кезде топ ішінде тұрған жас батыр Тоқтамыс аттан түсіп, ханның алдына келіп дат сұрайды.

Датың болса айт – дейді Абылай, жас батырдың тұлғасына риза болып. Тоқтамыс:

-Жау беті қайтып тұрғанда санымыз аз деп жасқанып қалғанымыз жарамас. Ескіден жол бар емес пе еді. Аттың құйрығына қараған, шеңгел, бұта байлап жауға қарсы ұран сап шапсақ, шаң тозаңнан жоңғарлар қолдың санын байқай алмайды және көп екен деп алаңдап қалар, сірә! Аз ойланған Абылай жасы үлкен аға батырларына қарап:

-Япыр – ай, мынау қозыке баланың сөзінің жаны бар екен. Нар тәуекел, аттың құйрығына байлайтын шеңгел, қараған, бұта шауып әкеліңдер деп - бұйырады. Осы қанды шайқаста жау жағы шаңдата шыққан қазақ қолының аздығын білмей дүркірей қашады. Сол қашқаннан мол қашып, ақыры Шаған тауының бір тас үңгіріне барып паналайды. Осы жолы Абылай қолы үлкен жеңіске жетеді. Бұл соғыс кейіннен «Шаңды жорық», кейде «Қалмаққырған» деп аталады.

 

 

 

 

 

 

Жорықта айтылған үңгір – Қоныр әулие үңгірі Шыңғыстау жоталарында ауызы тар қуыстан кіретін, ішінде суы бар, ел ішінде қасиетті орын деп табылған табиғаты құдыретті мекен. Осы үңгірге бірде қазақ, бірде қалмақ паналаған, үнгір алдында шәйіт болғандардың зираттары бар.

Аягөз шайқасы

Тоқтамыстың ерекше ерлік көрсеткен тұсы Аягөз шайқасы. Бұл мөлшермен 1756 жылдары болған. Осы ұрыста иісі орта жүздің ұранын шақырып, жекпе – жекке түскен Тоқтамыс батыр қалмақтың бір емес, екі батырын өлтіреді. Ол кездегі соғыс жекпе – жек рәсімі бойынша екі жақтың батырлары қандай қару қолданатынын келісіп алады. Үлкендердің айтуына қарағанда Тоқтамыс батыр бес қарудың бәріне де ұста болған. Әсіресе, найзагерлігімен ерекше даңқы шыққан. Сол ұрыста жекпе – жекте өзімен айқасқа түскен қалмақ батырының екіншісін найзаласып жүріп жайратып салады.

Мұндай аңыз Тоқтамыстың ерлігі жайлы көп айтылады. Соның ішінде батыр бейнесін айрықша танытатын жаумен соңғы шайқасы дейді жұрт. Жоңғарлармен кезекті бір соғыста қара санынан уланған найзаның ұшы тиіп қатты жарақат алады. Алайда ұлы жорық , қантөгіс үстінде сол жараланғанын ешкімге білдірмей жарасын таңып алып қайта шайқасқа шығады. Сөйтіп жеңіске жетуге күш салады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

            

Ел ауызында Тоқтамыс батыр туралы тарихи аңыздар өте көп. Соның бірі батырдың айнымас, серігі, әрі рухы атақты «Көкбөрі» туралы әңгіме. Батырдың Көкбөрісі ол жорыққа шығардың алдында дөң басында басын ауылға беріп жатады екен. Егер жортуылда батырдың жолы болатын болса, Көкбөрі Тоқтамыстың алдына түсіп үнсіз жортып, жол бастап отырады екен. Егер Көкбөрі соғыста жеңіліс табатындай болса басын ауылдан басқа жаққа қаратып, теріс қарап жатады екен. Және батыр жорыққа аттанғанда көзіне түспей қояды-мыс. Көкбөрі бір – ақ рет Тоқтамыс батырдың көзіне көрінбей жоғалып кеткен. Сол ұрыста батыр жау найзасына шаншылып, санынан жарадар болып қайтады. Осы жара уақыт өте асқынып кетеді. Үлкендердің айтуына қарағанда   Тоқтамыс батыр өзінің өткір сапысын алып, қара сандағы, қоң еттегі іріңдеген жараны ойып алып, лақтырып тастаған екен.

Қырылған сон қалмақтар жаман сасқан,

Нұржайсын Шәуешектен аса қашқан.

Ата қоныс арқаны босатып ап.

Қазақ келіп қолмақтың орның басқан

                                                       Шәкәрім

Еңді батырларымыз жер шолып, қоныс іздеген. Сонда Арғынның бір бұтағы – Тобықты елі Шыңғыс өңірін мекен еткен. Шұрайлы қоныс үшін талас - тартыста Тоқтамыс батыр бастаған Жуантаяқ батырларының да өзіндік шешімі болған. Бұған дәлел «Шор қашқан» оқиғасының болуы және оқиғаға байланысты «Қырық ошақ», «Алтауыт», «Шөпті қақ», «Бала көксенгір» жер атауларының болуы.

Соғыста алған жарақаты жазылмай Тоқтамыс батыр мөлшерімен 1797 жылдары қаза тапты деседі.

Тоқтамыстың зираты Абай ауданының орталығы Қарауылдан 12 шақырым жерде Шыңғыстаудың жотасында орналасқан.

1993 жылы 270 жылдығына арналған үлкен ас беріліп, Тоқтамыс батыр кесенесі Маңғыстаудың ақ тасыннан тұрғызылды. Бұл игілікті шараға сол кездегі савхоз директоры Ә. Мұздыбаевтың ұйымдастыруымен көптеген азаматтар қатысқан екен.

 

 

  • Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» кітабы «Ақырғы айқас» бөлімінде Тоқтамыс батырдың хан жасағының басшысы болғаны айтылады. 2005 жыл Тоқтамыс батыр туралы алғаш дастан жазған Балғынбайұлы Байкөкше ақын, руы Қабас.
  • Алпысыншы жылдары Қарсамбекұлы Әбіштің үйінде бір ай жатып жыршы, әңгімешіл Әбіш ақсақалдың баяндауымен абыз ақын Шәкер Әбенов «Тоқтамыс батыр» дастаның жазды.
  • Жағыпар Жүнісжанұлы «Отыз әулет – мың ұрпақ» шежіре, дерекнамасында Тоқтамыс батыр ұрпақтары туралы мәліметтер бар.
  • Шежіреші қарт Жағыпар Жүнісжанов «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» атты кітап жазды 2003 жылы. Бұл кітапқа 15 азаматтың жинақтаған шежірелері, әнгімелері қамтылды.
  • ШҚО, Абай ауданы бұрынғы «Қызылту» савхозы – қазір Тоқтамыс ауылы деп аталады.
  • Әбішев Ақылтай інілері Несіптайұлы Нұржан, Несіптайұлы Арнұр және балалары Нұртай, Елнұрмен ауыл кіреберісіне қақпа орнатты. Ауыл әкімі А. Садырбайдың ұйымдастыруымен ауыл азаматтары қатысты

 

 

 

 

 

 

 

Тоқтамыс батыр кесенесі

 

 

Айжан ҚАБДЫРАХМАНҚЫЗЫ

Тоқтамыс ауылдық округі

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!