Қасиетті Кеңгірбай би

Қасиетті Кеңгірбай би

 

                                                                                                       Ау, Би ата, ардағым,

                                                                                                          Қоғамның көріп азғанын.

                                                                                                     Ұғымынан ұрпақтың,

                                                                                                    Ұмыт бола жаздадың.

                                                                                                       Ел шетінде жатып- ақ,

                                                                                                 Еліңді бірақ қорғадың.

                                                                                                     Дертті адамды емдедің,

                                                                                                     Кекті адамды арбадың.

                                                                                                   Қайда жүрсек әйтеуір,

                                                                                             Қолдап жүрді аруағың.

                                                                                                        Т. Жанғалиев

 

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп халқымыз бекер айтпаған. Кеңгірбай би ата ерекше қасиетті, ойлы философ, кемел ақыл иесі, батыл да, батыр жүрек, өткір, өр мінезді, турашыл, бірбеткей, екі сөйлемейтін, жасқанып, жасуды білмейтін, қайсар, алғыр, сертіне берік, өзіне қатал, кем- кетік, жетім- жесірге мейірімді, рахымды, ашық- жарқын, көпшіл, опасыздыққа, өтірікке, зұлымдыққа кекшіл, жаны қас, дос- жатқа абыройлы, сыйлы, отбасы, жақын туыстарына ерекше қадірлі, намысқой, әділетшіл, шұрайлы, тілге бай, сергек, сезімтал, бос сөзге сараң, ұғымтал, талапты, киелі, саясаткер, көсем, елші, батыр, ақын, ойшыл, білімпаз, психолог, заңгер, тәрбиеші, шыңдалған шешен тілді болған. Осы қасиеттердің барлығы бір кісіден табылса кемел- дана болмай қайтеді. «Ақыл- арқан, ой- өріс, тіл- қазық» деген осы. «Би дегенің – бір кемел, жүз жылда туады», -деп Төле би тегін айтпаса керек.  

Өз заманындағы исі Тобықтының көсемі, иесі, кейінгі ұрпақтарының киесі, сиынатын аруағы болған Кеңгірбай би 1735 жылы Кеңгір өзенінің бойында туып, 1825 жылы Шыңғыстауда дүние салды. Елдің жердің қасиетін танып білген Шыңғыстауды Тобықтының құтты мекен етіп, таңдауы ерекше қасиет.

                             Тобықтының Кеңгірбайы – болат тұлға, ақылы зор,

                   Алдынан бұрын байқар- құрылса тор.

                   Кешегі « қол күші, қол найзаның» заманында,

                 Тобықтыны Шыңғысқа әкеп, қондырған – ол.

            Кеңгірбай би мен Мамай, Тоқтамыс, Қарабас, Жанан батырлары бастаған Тобықты жұрты Семейтау, Көкен, Шаған өзенінің бойында, Қарақорық , Шыңғыстауды сілемелі Қыдыр, Орда, Көкен, Доғалаң, Ащысу өңіріне ертіп ірге тебеді. Бұл 1780 жылы шамасы болу керек. Сол кезде Шыңғыстауға келген Тобықтылар бір ауылда 60 үй, 9 ауыл болыпты.

                       «Келгені Тобықтының осы маңға,

                       Мың жеті жүз сексенге тақалғанда.

                       Елді бастап әкелген Мамай батыр,

                    Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға»,- деген өлең жолдары сөзімізге дәлел бола алады.

Қараменде би Кеңгірбай би Шыңғыстауды мекендеп, қоныстануға келгенде жер жағдайы таршылық етеді. Келешегін ойлаған Қараменденің елін- Данадан Тобықтыны бастап, қанатын кеңге жайып, «өрісіміз өссін, қонысымыз кеңейсін» деген ниетпен Балқаш бойына көшуінің бір себебі осы еді. Тағы бір себеп Қаракең көрші қоныстанған қалың орыстан сескенсе керек. Олай дейтініміз бірде Қаракең Би атама:

Бұл күнде орыс тақау, «Шошқаның құлағы» көрініп тұр. Бұрынғы жайлаған Сырдың бойына көшейік ,- деп ұсыныс айтады.

                       Би-еке, ойландым мен, кері кетелік,

                     Атты да, атанды да ұзақ жолда терлетелік.

                     Көп тобырдың табаны талқы деген,

                    Аты жақсы Дариядан әрі өтелік.

Сонда, Би ата жеріне жұт жүрмейтін, халқына жайлы Шыңғысты қимай:

                     Орта жүздің құты едің, Қараменде,

                     Сірә, сендей ұл тумас дара пенде.

                     Керегедей Шыңғысты қия алмадым,

                     Неде болса қаламын осы жерде,- дейді.

 

Қайран Биатам етектен алуға төніп келе жатқан қалың орыстан қанша сескенседе шын мәнінде Шыңғысты қимаса керек.

«Тобықтыны керегесі мықты, босағасы берік, шаңырағы биік, терезесі тең, басқа елге айбындыда, айдынды ел еттім. Өткенге салауат, барға қанағат. Енді, Алладан ұрпағым өсіп, молайып, Еңкейсем Ертіс, шалқайсам Шыңғыс болуға жазсын!»- деп бата берген екен Би атам - Кеңгірбай би. Тобықтыны шоқтай жиып, шашыратпай, қиып түсер алмастай қайрап, ежелгі ата қоныс хан Шыңғысқа мәңгілік орнықтырды. Қиыншылық «Ақтабан шұбырынды» жылдары Кеңгірбай би атаны паналап барған халыққа қорған болып, оларды басы байлық құл мен күң емес, әке - шешеден туған ұл мен кыз ретінде қабылдады. Қиналған жетім- жесірлерді өзекке теппей, түртпектеп шет қақпай жасамай, қамқорлық жасап, қол үшін беріп, бауырына басқан. Өз заманында өнегелі тәрбие беріп, халқын өсіріп, жеткізіп, бүгінгі күнге жеткізген. Адалдықты ту етіп әділетсіздікке қарсы шығып, қиын күндері елін, жерін сақтап қалды. Өз заманында дау дамайды, әділ шешіп татулықты, береке бірлікті қалыптастыруда ел аузында қалған мына әңгімеден Кеңгірбай бидің тектілігін көруге болады.

          Арғынның «Бура» деген елінде бірнеше жылдан бері бір барымта дауы шешім таппай жүреді. Бура елінің басты адамдары сол дауға билік айтуға Қаракесек биі Тіленшіге жүгінеді. Бұлар Тобықты адамдарынан көрген зорлығын айтып Тіленшіні қайрап салады. Мұны Тобықты биі Кеңгірбай сезеді. Осыдан екі би қырғи- қабақ болып жүреді. Тіленші Тобықтыларға тыйым сала береді. Оны Кеңгірбай тыңдамайды. Бір жолы Тобықты елінің жігіті сол елдің бір қызымен сөз байласып, алып қашады, қуғыншылардың Ақшал деген біреуі Шаған өзенінің мұзы ойылып, аты суға құлап, қызыл шұнақ аязда ұшып өледі. Екі арада қақтығыс болады. Енді бұрынғы барымтаға құн дауы кеп жалғасады.Сол екі дауды шешу үшін Тіленші би екі жүздей қолмен: «Тобықтыны шабамыз,»- деп атқа қонады. Тобықтының қариялары асып - сасып Кеңгірбайға барады. Кеңгірбай оларға:

  • Саспаңдар, бір мәнісі болар,- дейді.
  • Тіленшінің алдынан шықпайсызба?- дейді ауыл адамдары. Сонда Кеңгірбай :
  • Менің атым арып, тоңым тозған шағым ғой.

                   «Тапқыр едің Көбейім,

                     Бұлбұл еді көмейің.

                     Жайымды менің көріп тұрсын,

                    Тіленшіге мен не дейін.

Мен үлкен басымды иіп, олардың алдынан шықпаймын. Әлгі бір Жүзбенбет өлеңші бар емес пе еді? Соны шақырыңдаршы,- дейді. Біреуі барып он алты жасар Алтыбай ақынды ертіп келеді. Кеңгірбай оған:

  • Бір атқа мін - дағы Тіленшінің алдынан шық! –дейді. Алтыбай бала Тіленшінің алдынан шығып, салем берсе, олар салемін алмайды. Тіленші:
  • Мына бір тайға мінген кімнің баласы ? – деп, оны адам екен демейді. Сонда Алтыбай бала:

                               Мен Алтыбай бала өлеңші,

                                Сіз – Бекболатұлы Толенші.

                               Ата тегін жақсы еді- ау,

                               Ата тегін болмаса.

                               Ел бүлдірген өренші,

                               Алдыңа келгенде.

                               Әділдіктен бұзылдың,

                               Ата – анасы бізбе едік.

                               Терісінен соққан қызылдың,

                             Сен бұл барғаннан барарсың,

                            Бес- алты тай аларсың,

                             Елге бүлік саларсың.

                             Адалыңды арам қып,

                             Бір пәлеге қаларсың.

                             Ұры кетер түн асып,

                             Ақ бұлды адал құн кетер.

                             Барымтаға ұласып,

                             Талассаң талас, жарқыным

                             Өзіңді- өзің таларсың,- депті.

 

Тіленші ойланып қалады. Бұл баланы Кеңгірбай әдейі жіберіп отырғанын сезеді ол. Үлкен- кіші бәрі ақыл қосады:

«Бұл барғаннан барарсың, бес- алты ай аларсың, елге бүлік саларсың. Құн дауы барымтаға ұласып, екі ел өшігіп кетер. Өзіңді- өзің таларсың» деп Кеңгірбай би түп атамыз Арғынды айтқызып отырғой. Қой, райымыздан қайтайық. Барып іс мәнісін айтайық, Кеңгірбай өзі не дер екен?»- деп Тіленшілер аттан түседі. Тобықтылар оларды сыйлап күтеді. Дау шешіміне жақындағанда өзінің ақ ордасында отырған Кеңгірбай би тағыда әлгі Алтыбай баланы шақырып алып,

- Бар Тіленшіге салем айт, мына алтын жүзігімді алсын да, сөзді созбай тынсын,- деп жұмсайды. Алтыбай ақын алтын жүзікті әкеп Тіленшіге береді. Сонда Тіленші:

- Би ағамыздың мұнысы: «Адам өлген Бура елі тобықтыдан қалың малсыз бір қыз алсын да, құда- жекжат боп төс қағыстырсын. Ал, барымта дауы өзінен – өзі шешіле жатар дегені ғой. Біз көндік, бітім осылай болсын,- деп, бұл дауды қорытыпты. Екі ел сонымен құйрық- бауыр жесіп, алыс- беріс салтын жасап құда – жекжат боп татуласып, тарасыпты.

Би ата ұрпақтары аруағына тағзым етіп, құрметтеп 1996 жылы Абай атындағы совхозға Кеңгірбай би атамыздың есімі берілді. Ауыл орталығынан 2002 жылы тамыз айында Би атаның ескерткіші орнатылды.

Қасиетті ата қоныс топырағында иелік алыптардың атасы, даналардың бабасы, ұлылардың ұстазындай иелік еткен Әнет баба бар. Абай, Шәкерім, Мұхтардай дана тұлғаларды мақтан етіп, ұрпақтары бас иеді. Жас ұрпақ бүкіл халқымыздың ары мен ұяты, намысы, ерлігі мен елдігін жоғары қойған дана Би атаны мақтан етеді. Алтын бесік туған жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, аманат етіп бізге қалдырып отыр. Қасиетті мекеннің қадіріне жетіп, қасиетін ұғып, қастерлеп, халқымыз даму үстінде. Әдебиет пен мәдениеттің меккесіне айналып, ұлы данышпан Абай атамыздың биыл 170 жыл толу мерекесін атап өтуге дайындық үстінде. Абай жерінде туып, өскен әрбір жас ұрпақ қасиетті бабалар өсиетін, даналығын танып білуі парыз. Киелі Абай ұрпақтары жер тарихын, ел тарихын танып біліп, бабалар рухына тағзым етеді.

Назкен Уалиева

Шәкерім атындағы орта мектептің

тарих пәнінің оқытушысы

Кеңгірбай би ауылы    

 

 

 

 

 

 

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!