СУРЕТ ӨНЕРІНІҢ ШЕБЕРЛЕРІ ШЫҢҒЫСТАУДА

СУРЕТ ӨНЕРІНІҢ ШЕБЕРЛЕРІ ШЫҢҒЫСТАУДА

Аймағымыздағы бірегей мәдени мекеме Шығыс Қазақстан өнер мұражайы «Менің Қазақстаным» атты тұрақты көрме-конкурсты 2010 жылдан бері өткізіп келеді. Абайдың 170 жылдығы қарсаңында, яғни, өткен жылы өнер мұражайы «Нұр  Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп,  қылқалам шеберлері арасында «Абайды танып, біл!» атты облыстық байқау өткізген болатын. Биыл да жалғасын тапқан бұл игілікті шара тек Абай мерейтойымен ғана емес, Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып, симпозиум плэнер түрінде облыстық өнер мұражайының ұйымдастыруымен Ұлан ауданының Көктау демалыс-сауықтыру орталығында  өтті. Плэнерге  қатысқан қылқалам шеберлері ақынның туған күніне орай тағы да  ұлылар еліне  ат басын бұра келген-ді.  

 

 

   Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Өнер Мұражайының ұйымдастыруымен Ұлан ауданында Ұлы Абайдың 170 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай халықаралық симпозиум плэнер өткізілді. Оған  әр аудандардан, Алматы қаласы, Кереку тағы бірқатар облыстардан кәсіби суретшілер келді. Бұл плэнерге біздің Абай ауданынан Сәтбек  Сьезханов  та қатысып қайтты.

Өнер - ешкімнің бара бермейтін, тіпті кез-келгенге есігін аша бермейтін күрделі әлем. Өнер-ұстанғанға бақ, ұстай алмағанға дақ. 3-8 тамыз аралығында,  алты күн бойы  қылқалам шеберлері сурет салып, өздерінің табиғи талант, шеберліктерімен тәнті етті. 20 дан астам  суретшілердің жұмыстары  мұражайда  естелікке қалдырылды.  Ал 9-10 тамыз күндері Ұлы   Абайдың туған күніне орай Өскеменнен бері қарай жол тартқан  облыстық  өнер мұражайының директоры  Қалиева Нұржази Әнуарбекқызы бастап әкелген 11 адамнан тұратын суретшілер қауымы ақынның туған жеріне табан тигізді. Келген қонақтар ішінде Якутия  Суретшілер Одағының председателі, «Ургэл»  арт-галереясының директоры, Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, халық суретшісі, Петровский ғылым мен өнер академиясының мүшесі Юрий Васильевич Спиридонов, Ресей Федерациясының суретшілер Одағының мүшесі Дмитрий Плохих, Астана қаласынан келген өнертанушы Шиврина Нэсли Викторовна, Керекулік суретшілер Қаратай Нуркенов, Жасыбай Қабылдинов, жас таланттар  Әубәкір  Анар және алматылық  Бақыт Сейсенханұлы  сынды талғамы биік, өнер десе ішкен асын жерге қоятын танымал суретшілер  де  болды.

  Бірінші күн

Алыстан ат арытып келген қонақтарды тектінің тұяғы,  қылқалам шебері, әрі сазгер, әрі ақын – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт  бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы Оразалы  қарсы алып, Бөрілі жеріндегі Мұхтар Әуезов мұражайын, Абайдың туған жері сырт Қасқабұлақты тамашалатты.  Бөрілідегі Мұхтар Омарханұлы мұражайының аға ғылыми қызметкері Тәңірберген Гүлзат та қонақтарды құшақ жая күтіп алып,  тік тұрып қызмет жасады. Мұражай экспонаттары мен М.Әуезовке қатысты тың дүниелерді қазақ және орыс тілінде шебер суреттеп, әңгімелеп беріп отырды.   Абайдың кіндік қаны тамған  Сырт Қасқабұлақта болған суретшілер әсері тіптен керемет. Суретші көзімен қарасақ, Абай жері тек тарихымен ғана емес, табиғатымен де ерекше.  Сондықтан болар, Абай ауданына  алыстан ат терлетіп келмейтін жан  некен-саяқ. 

Плэнер қонақтарының  алғашқы күнгі сапары  жақында ғана тұрғызылған «Еңлік-Кебек» ескерткішін тамашалаумен аяқталды. Ұлылар еліндегі Күшікбай асуы, сырт Қасқабұлақ, Бөрілі деп басталып кете беретін жер атауларының астарына үңілсеңіз, қасиетті мекенде ел назарын аударатын тағы бір ерекше нысан бар. Ол – «Еңлік- Кебек» ескерткіші.
Расын айту керек, бұрындары Қарауыл мен Семейдің арасында қатынаған жолаушылар арасында аудан қонақтары болмаса, өзгелер ескерткіш басына көп аялдай бермейді. Аялдаған күннің өзінде естелік суретке түсумен ғана шектеледі. Сол себептен де бұл жердің қадір-қасиетін ұғыну үшін бір демалыс орнының қажеттігі білініп тұратын.
Міне, Абай тойы аясында осынау олқылықтың орны толды. Күні кеше құлазып көрінетін ескерткіш енді көз тартатын әдемі кейіпке енді. Ғашықтар мазарының айналасы асфальтталып, ескерткіш басына келгендер аялдап, тыныс алуы үшін күркешік орнатылды. Ал қасындағы елік бейнесі, жарасым тапқан Еңлік-Кебек мүсіні махаббат құрбандарының басына келушілер үшін мағыналы әсер береді. Туындының авторы – жергілікті мүсінші,  Саржал ауылындағы Тоқжігітов атындағы  орта мектебінің мұғалімі Ертіс Тәтиев.  Халықтың жоғары бағасын алған бұл ескерткіш ең бастысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу бағытында аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы  мен облыстық мәслихаттың депутаты  Тасболат Битеновтердің мұрындық болуымен жүзеге асырылды.

«Еңлік-Кебек» ескерткішінің басына келгендерге ат шалдыратын орынның бары бізді бек қуантады. Семейдегі «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті, ШҚО мәслихатының депутаты Марат Құрманбай Абайдың 170 жылдық тойына тарту ретінде демалыс үйін өз қаражатына салып берді. Осынау жерден дәмхана ашып, жергілікті азаматтарды  жұмысқа тартуының өзі  оның парасат-пайымының жоғары екендігін дәлелдегендей. Ендігі уақытта алыстағы ағайын да, Семейден келген жолаушылар да Еңлік-Кебек» ескерткішіне келгенде, бір сәт  аялдап, «Құрманбай» шаруа қожалығының  дәмі тіл үйірер ұлттық тағам түрлерінен  дәм тата алады.

Абайлықтар ұлылар есімін ежелден қастерлейді. Үлкен Орда тауының беткейіне кісі бойы әріптермен «Абай, Шәкәрім, Мұхтар» деп жазылған киелі есімдер жолаушы көңіліне ерекше бір жылылық пен мақтаныш сезімін ұялатып, алыстан көрініп тұр. Шағын ғана Қарауылды бүкіл әлемге танытып отырған да осы ұлылардың ұлылығы. Қылқалам шеберлері бұл тұстан жайбарақат өтіп кете алмады. Көліктерінің тізгінін тежеп, ұлыларға құрмет көрсете,  таудың  етегінде ескерткішке суретке түсті. Абай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру, спорт бөлімінің бастығы Еркебұлан Сағындықовтың қарсы алуымен Қарауылға келген қонақтар «Еңілік-Димаш» дәмханасынан кешкі ас ішіп, қонақ үйге орналасты.

Екінші  күн

Ертеңінде, 10 тамыз – Абай атамыздың туған күнінде қылқалам шеберлері ауданымыздағы өлкетану мұражайын аралап, мұражай қызметкерлері Біржан Какимов пен Бұлбұл Мәкенованың әңгімелеріне құлақ түрді. Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Би ата ескерткішіне де аялдады. Бұдан соң Жидебайға  бағыт алған қылқалам шеберлері сапарларын Абай – Шәкәрім кесенесіне барып, ұлылар рухына Құран бағыштаудан бастады. Түске дейін ұшқыр ойларын туындатып, қанаттанып шабытттанған қылқалам шеберлері  жусанды дала теңізінде жүзіп келе жатқан алып кемедей ұлылар кешенін бейнелеген   тамаша этюдтер салды. Олар өз сөздерінде: «Бұл жердің қасиеті шығар, өзімізге рухани нәр, бойымызға қуат пен күш бергендей ерекше әсер алдық» деді. «Жүрген жерімде табиғатты қағаз бетіне түсіргенді ұнатамын. Маған мына таулар қатты ұнап тұр. Мынадай саф ауа, мынадай табиғат тұрғанда  тебіренбеу мүмкін емес қой?! Хан Шыңғыс тауы дедіңіз бе?» - деді көлік ішінен сурет салатын құрал-жабдықтарын алып шыққан Якутия елінің хас суретшісі Юрий Спиридонов. Суретшілердің жан дүниесінен шығып, қағаз бетіне түсірген туындылары да аяқталып, суретшілер өлкетану-мұражайына қарай аяңдады.

Абай еліндегі тағы бір қуана қабылдайтын жағымды жаңалық - мұражай жанынан жаңадан ашылған қонақ үй – мейрамхана кешені.  Талай жыл бос тұрып тозуға айналған үлкен  ғимарат халықтың игілігіне жараса деген тілегіміз ақын тойында жүзеге асты. Тамыз айының 7-сі күні аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлының ұйытқы болуымен ашылған комплекстің сол жақ қанатында Абай әлемінен нәр алатын Абайтану орталығы мен конференц залы, ал қызмет көрсету орталығында қонақ-үй, асханалар орналасқан. Жалпы туристер үшін тиімділігі мол Жидебай жері осылайша түрленіп, қайта түледі.

Плэнерде кәнігі де кәсіби суретшілердің жанына еріп келген екі  жас сурешілер Дәулетбек қызы Анар Әубәкір мен Бақыт Сейсенханұлы  осы сапарда тәжірибелі қылқалам шеберлерінен көп нәрсеге үйренгендерін айтып, ризалықтарын білдірді. Алматылық Бақыт Сейсенханұлын әңгімеге тартқанымызда  ол өзінің 2003-2007 жылдар аралығында О.Таңсықбаев атындағы Алматыдағы сәндік-қолданбалы өнер колледжін бітіріп, сол жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына оқуға түсіп, 2012 жылы тәмәмдағанын жеткізді. Содан бері бірнеше рет республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып, жеңімпаз атанған бозбала Бақыт әлі де талмай іздену үстінде. Анарды да сөзге тарттық. «Мен Павлодар қаласының тумасымын. Бала кезден сурет саламын. Кескіндеме магистрін, Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясын бітірдім. Кеше студент болсам, бүгінде ұстазбын. «Аrt Sapar» жылжымалы сурет жобасының  алашқы ұйымдастырушысы болдым. Содан бері  бұл көрме 10-шы  рет Өскеменде өткізілді. Ал осы жобада Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қобыз дала» атты суретімді музейге тапсырдым. Қобыз - бұл Қорқыт жыраудың аспабы екендігін білесіздер. Сол аспап арқылы қазақ жыраулары өздерінің көңіл-күйлерін, іштегі зар-запыранын, қуанышын  жеткізген.  Плэнерге Нұржази Қалиеваның шақыртуымен келдім. Көңілге көп нәрсе түйдім. Сол үшін ризамын» - дейді 31 жастағы Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Анар Әубәкір.

Асхана аспаздары Бұршақбаева Теңілік пен Құлшыбекова Нұргүлдің ақ ниеттерімен, ыстық пейілдерімен жайған мол дастарханынан дәм татқан қылқалам шеберлері қазақтың ұлттық тағамдарының маңыздылығы мен дәмділігіне де тәнті болды. Дастархан басында суретшілер өнерден де  қаражаяу емес екендіктерін  байқатты. Ізгі лебіздерімен қоса, керекулік Жасыбай Қабылдинов домбырамен халық әндерін бебеулетсе, Бақыт Сейсенханұлы сүйрік саусақтарымен  «Көңіл толқыны», «Сарыарқа» күйлерін бірінен соң бірін төгілтті. Бұдан соң Жидебайдағы Абай мұражайының меңгерушісі, әдебиетші Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Әсет Мырзақасымның бастауымен  қонақтар  мұражаймен танысып,  абайлық суретші Сәтбек Сьезхановтың қолынан шыққан бұйымдар мен сувенирлерді қызықтап, жоғары баға берді. Қылқаламмен салынған  Абай, Мұхтар, Шәкәрім, Шәкір Әбенов сынды  қазақтың ұлы тұлғаларының портреттерінің біразы қабырғаға ілінсе, енді біразының қола, мыс бейнелері  қаз-қатар сөреге тізіліп қойылған. Өздеріне естелікке деп  мүсіндерден тәбәрік  алған қонақтар  әріптестеріне ақжарма лебіздері  мен ыстық ықыластарын білдірді.  

             

СӘТБЕК СУРЕТТЕРІНІҢ СЫРЫ ТЕРЕҢ

 

Өнер қасиетті дүние. Ал ел ішіндегі өнердің құдіретін алтынға теңесек, қателеспейміз. Дүниеде мәңгілік ешнәрсе жоқ. Бәрі де өтпелі. Тарих-уақыт қармағында жеке адамдар түгілі, айбатты мемлекеттер де жұтылып кеткен. Сан ғасыр кейінгі ұрпақ олардың қандай ел болғанын, сол елдің мәдениетін артында қалдырған мол мұрадан, оның ішінде сәулет, бейнелеу өнерінен , мүсіндерден, кітаптары мен ғылыми мұраларынан ғана танып-білуде. Себебі сурет-өнер туындысы, әрі тарих десек, суретшілік- өміршең өнердің бірі. Суретші-сол шексіз тарихтың бір сәтін ұзақ уақытқа «тоқтата» алған шебер. Мұндайды қазақ «Жақсынының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді ежелден. Өйткені әрбір суретшінің, әрбір картинаның өзіндік алған бағасы, өзіндік тарихи мәні, ұрпақ қажеттілігіне жаратарлық құндылығы бар десек артық айтқандық емес

Өнердің сан түрі бар: күй құдіреті, ән құдіреті, сөз құдіреті деп те  жатамыз. Сол өнердің ішінде сурет өнерін өміріне серік еткен, тәңір сыйлаған талантын өлтірмей, алтынсаусақ азамат атанып,  талай сәтті туындыларды тудырған жерлесіміз,  аудандық «Өнер мектебінің» ұстазы Сәтбек  Сьезхановты айтар едік.  Ең алғашқы қадамын сурет салудан бастаған  өнер иесі біртіндеп мүсін өнерін де меңгерген. Шәкәрімнің мүсінін қашаған  ең алғашқы шебердің қолынан шыққан сәтті туындылары  бүгінде  Қарауыл ауылының ажарын ашып, терең тарихын айшықтап тұр. Айталық, аудан орталығына кіреберістегі Кеңгірбай бидің, орталық алаңдағы ән бұлбұлы Жәнібек Кәрменовтің бюсті, Ауған соғысының жауынгерлеріне қойған ескерткіш, сондай-ақ, біраз ұлттық нақыштағы мүсіндер - осы азаматтың қолтаңбасы. Жидебай қорығындағы қайта жөндеуден өткен Зере әже мен Ұлжан ананың кесенесінің жобасы да Сәтбектің сәтті туындысы.  Сәтбектің тағы бір қыры, ерекшелігі - ат әбзелдерін жасау, аң терілерінен бас киім тігу, тіпті бабалардың жанына серік болған жанторсықты тігу мен  етікшілік өнерін де игергендігі.  Соншама өнерді   бір бойына тоғыстырған жігіттің  қазақы қарапайымдылығы да қандай жарасымды!  Сегіз қырлы, бір сырлы Сәтбек Сьезханов  қазақ ұлтында қандай өнер болса, соның бәрін бір бойына жиған хас шебер, хас талант иесі. Бүгінде өзінің ізін басқан, тәлімін алған шәкірттері де бар. «Ұлан ауданындағы  танымал суретшілер бас қосқан плэнерге маған сенім артып, қолдау білдіріп жіберген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту және денешынықтыру, спорт бөлімінің бас маманы  өзі де өнерлі азамат Елдар Оразалыға алғысым шексіз. Сол сапардан айрықша әсер алдым.  Бір жағынан таза ауада жақсы дем алсақ, екінші жағынан алты күн бойы танымал суретшілермен иық тірестіріп сурет салдық, тәжірибелерін көрдік. Мен майлы бояумен салдым. Ең бастысы мен үшін қазақ өнерінің өлмегені, сурет өнерінің дамығаны, Қарауылымның көркейгені» -дейді суретші Сәтбек өз сөзінде.          
Осылайша Абай жеріне алғаш рет ат басын бұрып келген якутиялық Ю.Спиридонов та, барнаулдық Д.Плохих та, өнертанушы Н.Шиврина, өзге  суретшілер де тамсанып, таңданыстарын жасыра алмай, қонақжай қазақ  халқының мәдениетіне тәнті болып, зор   ризашылықпен аттанды. Осы маңызды шараны  ұйымдастыруға бастамашы болған Шығыс Қазақстан өнер мұражайының  директоры Нұржази Қалиеваға ел атынан үлкен рахметімізді айтамыз.  

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

 

 

 

 

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар