АБАЙ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ  

Даналыққа тағзым

 «Абай сөзі - қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы».

Нұрсұлтан Назарбаев,

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті.

 

Тәуелсіздік атты ұғымға берілетін анықтама көп бүгінде. Әнге де, жырға да арқау болған айрықша тақырыпты сан қырынан толғауға болады. Ширек ғасырға аяқ басқан ел егемендігі жайлы сөз еткенде осыдан 25 жыл бұрын зор белестерді бағындырарымызды болжай да алмаған едік. Ал, бүгінгі таңда – міне, бейбіт елдің еркесіміз. Азат елдің арда ұрпағы Тәуелсіздік туралы пікір қорытқанда сан-саққа ой жүгірте алады. Бұл ретте ұлылар топырағында өскен менің де айтарым бар...

 

«Менің Тәуелсіздігім» менің ауылымнан басталған болатын...

 

Абай елі – қазақ елінің руханият әлемінің орталығы, қара өлеңнің қағбасы. Өлең, сөздің пайғамбары, хакім Абай дүниеге келген шежірелі Шыңғыстау қаймана қазақ үшін жаңашыл сипаттағы ақыл-ой дарытқан құт мекен. Алайда, Тәңірі өзінің осындай үлкен тартуы үшін бұл өлкеден үлкен өтем де алыпты. Қастерлі өңірге басылған қасірет таңбалары аз емес. Бүлдіргені сұқтандырып, боз жусанының жұпары көш жерден мұрын қытықтар, көк шалғыны көрпедей өлкенің ұйыған тыныштығын ядролық сынақтар бұзды. Ұлы дала төсін у мен өрт алды. Жергілікті жұрт «атом» дегенді естігенде аза бойы қаза тұрады. Себебі, олар бейбіт заманның өзінде белгісіз майданның құрбаны болғандарын Тәуелсіздік алған кезде ғана түйсінген болатын.

1949 жылдың 29 тамызы - мамыражай мекен үшін «қияметтің» басталған күні саналады. Алғашқы ядролық қарудың алапат залалы туралы деректерді бүгінгі ақпарат құралдары ашып жазып жүр. Семей полигонында ресми дерек бойынша 456 ядролық және термоядролық атом бомбалары сыналып, 616 жарылыс жасалған. Оның 116-сы жер бетінің ашық кеңістігінде жарылған. Төңіректегі тіршілік атаулы көшкен жұрттың орнындай тұлданып, тіршілік атаулы адам қолымен жасалған тамұқ құрсауында қисапсыз қырылды. Ал, жергілікті тұрғындар жарылыс сәтіндегі сәулелену салдарынан орасан зардап шекті. Экологиялық аймақта жүрек-қан тамыр аурулары, қатерлі ісіктің бұрын-соңды естіп-білмеген түрлері, құрсақтағы сәбилердің паталогиялық ақаумен өмірге келуі, психо-неврологиялық дерттің күрт асқынуы белең алды. Суицид көрсеткіштерінде де шек болмады. Және мұндай шығындардың 40 жылға созылған қырғыннан кейін де әлі күнге дейін екпінін баспағаны ешкімге құпия емес. Өрісінен от, отбасынан құт қашқан момын ел сонда да өзі құрметтеген кеңестік идеологияның жаппай қырып-жоятын қаруларды сынау саясаты мен физик ғалымдардың «ессіз экспериментіміз» деп ойламаған еді.

Тек 1989 жылдан бастап қана сең қозғалды. Орасан зор зардап әкелген  сынақтардан зәре-зап болған абайлықтар «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс сапында шеруге шықты. Күллі әлемге, бейбітшілік сүйгіш барша адамзатқа үндеу жасады. Ал 1991 жылы 29 тамыз күні қазақ даласына алапат қайғы-қасірет әкелген Семей сынақ полигоны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен жабылды. Расында, бұл жаһан бойынша тұңғыш әрі теңдессіз тарихи оқиға болатын. Әлемдік державалар арасындағы геосаяси текетіреске қарамастан, кейбір солшыл саясаткерлердің «атом шоқпарын тақымға бассақ ешбір дұшпан батып келе алмайды» деген шолақ пікіріне қарамастан маңызды қадам жасалды.

Осылайша, 40 жылдан астам уақыт запыран төктіріп, қасірет тартқызған  жарылыстың үні мәңгілікке өшті. Бұл – Елбасының ұлы шешімі, ұлылар еліне деген алғашқы жанашыр һәм ерен қамқорлығы болды. Киелі мекенді «ажал аждаһасынан» азат ету арқылы ұлт көшбасшысы қазаққа жаңа дәуірдің даңғылын салып берді.

Жаппай қырып-жою қарулары сынақтарынан зардап шеккен полигон аймағындағы тұрғындарға мемлекет тарапынан экологиялық жәрдемақылар тағайындалып, қазіргі күні әр тұрғынға зейнет демалысына шығу мерзімі қысқартылды. 1992 жылы мамырда Семей полигонының базасында, Курчатов қаласында ұлттық ядролық орталық құрылды.

Ауызынан от шашатын аждаһалар туралы ертегіні бала шақтан оқып өсіп едік. Сонда зұлымдықтың жеңіліп, аждаһаның басын шабатын бір батырдың шығатынына сенетінбіз. Елбасының бұл шешімі сол ертегінің шынайы өміріміздегі көрінісіндей болды. Ағымдағы жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толды. Бұл ел егемендігінің ең алғашқы асқақ шешімі болды. Сол себепті, аудан халқы үшін Тәуелсіздік мерекесі - ең Ұлы мейрам!

 

Негізгі бата мен лебізді бата

 

1991 жылы 1 желтоқсанда өтетін сайлаудың қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы жұмыс сапармен, жергілікті халықтың жағдайымен танысу мақсатында һәм Абай, Шәкәрім кесенелерін зиярат ету үшін Абай ауданына келген болатын. Осынау сапарында Елбасы тұрғындармен емен-жарқын жүздесіп, ел ықыласына бөленді. Сол бір күндерде небары үш жастағы Серік Әсетұлын қолына алып көтергенін де дүйім жұрт бүгінге дейін әңгімелеп айтып отырады. Сол Серік қазіргі уақытта аудандық қазынашылық басқармасында белді қызмет атқаруда.

 Осылайша, көп ұзамай жалпыхалықтық Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев  98,8%  дауыс жинады, Қазақ КСР-нің президенттігіне сайланды. Ең қызығы сайлаудан кейін 15 күн өткен соң Қазақстан өз егемендігін жариялады. Осылайша, тұңғыш мемлекет басшысы мен жас Тәуелсіз елдің жаңа қадамы, жаңа дәуірі басталды. Бұл Назарбаев модулінің қалыптасудағы алғашқы кіріспе болатын.

Сайлаудан кейін, мемлекет басшысының осынау мәртебелі лауазымды атқаруға кірісер алдындағы ант беру салтанатына Абай елінен Шыңғыстаудың абызы, белгілі халық ақыны Шәкір Әбенов арнайы шақырылған болатын. Батагөй ақсақал күллі қазақ елінің атынан, ақсақалдар атынан Тұңғыш Президентімізге бата беріп, алдағы ұлы жолына тілеулестігін жеткізді.  

«Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ

Қазақ елі ежелден көкседі азат.

Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,

Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.

 

Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін,

Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,

Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған,

Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.

 

Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,

Жаман ат жапсыра алмас жатың тілеп.

Қарадан хан туған деп қадірлеген,

Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.

 

Абылайым бүгінгі Сен емес пе?

Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!

Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,

Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.

Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,

Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!.

Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар бата берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі - негізгі бата, екіншісі - лебізді бата. Негізгі бата - халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тап­сыр­ған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол, негізінен, үш міндетке саяды:Дүниенің бар игілігін өндіретін жұ­мыс­­шы, диқан, мал өсіруші қауымның та­бан ақысын, маңдай терін зая кетірмей, ысы­рапқа ұшыратпай ұқсатып, халықтың қа­жетіне, игілігіне жарату; Осыған кедергі жасап, кесел келті­ре­тін суыққол сұғанақтарға, қиянатшыл-зор­лық­шыл зұлымдарға тыйым салу; Қошеметшіл жағымпазға бой ал­дыр­­май, өз ісіңе де, өзгеге де сын көз­бен қа­рап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш та­лап үдесінен көрінген басшы ел сенімін ақ­­тары шүбәсіз, анық. Ендігі менің ле­бізді батам, тұжырым-түйінім мынау: Иллаһи аумин! Халыққа береке, мынау қиын заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жет­кізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абы­ройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын бол­сын!.. Аллаһу акбар!», - деген екен сол кезде жасы жүзге қадам басқан ел абызы. Бабалар дәстүріне сай Шәкір Әбенов берген бұл бата-тілек қабыл болып, тек Елбасының ғана емес, еліміздің көсегесі көгергеніне бүгінгі буын куәміз. «Батаменен ер көгерер» деген осы болар, сірә.

Мемлекет басшысының Шығыстың шырайы Шыңғыстау өңіріне жасаған келесі сапары мүлде өзгеше, тың мағынаға ие болды. Сонымен қоса, тарихи сипат алды. Ол 1995 жылы болатын. Өткен күндер еншісінде алтын әріптермен жазылатын бұл мезеттің Абайдың рухани мұраларын жаңғыртуда өзіндік үлесі бар. Олай дейтін себебіміз, бұл жылы хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы бүкіл жер шарының мәдени-рухани үрдісін жандандырушы беделді халықаралық ұйым – ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен болатын. Аталмыш ұйым басшысы, көрнекті қоғам қайраткері, әлем таныған ақын Федерико Майор Елбасының шақыруымен осы тойға өзі де қатысты.

Осы арада ерекшелеп айтар бір жайт бар. Сарыарқының сайын даласында еркін жүзіп келе жатқан қос желкенді кемедей әсер қалдыратын Абай, Шәкәрімнің алып мемориалды кесенелері тұрғызылды. Бұл игі іс Елбасының бастамасымен жүзеге асқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ақтаудың қашалған әк тасынан көтерілген айрықша архитектуралық құрылыста Римдегі Колизей макетіндегі әсем амфитеатр салынып, айнала жер асты кітапханасы болып жасақталды.

Бұған қоса, тек Абай ауданында ғана емес, сол кездегі облыс орталығы Семей қаласында да Абай есімімен байланысты көптеген жаңашылдықтар орын алды. Қала мен Қарауыл ауылын жалғайтын тас жол төселіп, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың туған жері Бөрілі көріктендіріліп, махаббат символы «Еңлік-Кебек» кесенесі жөндеуден өтті, тойға қатысушы қонақтарды сары дала төсінен қарсы алып тұрғандай болды. Қарауылға 1600 ақшаң киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі додалар өтті. Замана заңғары Мұхтар Әуезов Абай есімін әлем әдебиетіне енгізіп, бір аспандатса, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы ұлы ақынды жер-жаһанға тағы бір мәрте паш етті. Сол күндерден бастап төрткүл дүниенің төрт бұрышында Абай ескерткіштері тұрғызылып, хакімге көше аттары беріліп, шығармашылығы өркениетті елдердің тілдеріне аударыла бастады. Бұл үрдісдің тіні үзілмей әлі де жалғасын тауып келе жатқанына куәміз. Мәселен, қазақ фольклорында жиі айтылатын Үнді мен Мысыр елінде қазақ ақынына құрмет көрсетіліп, мүсінінің қойылуы осы сөзімізге дәлел.

«Жалпы біз қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың. Бүгінгі халықаралық жағдайларға байланысты ұстанып отырған мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатымызға да жауапты Абайдан табуға болады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген жолдардан халықтар достығы ақын үшін қатар өмір сүрудің жалаң дипломатиясы ғана емес, тіршіліктің негізгі мағынасын айқындайтын ұлы мұрат екендігі көрінеді», – деп атап көрсеткеніндей, абайтану ілімінің жаңа дәуірінің тұсауын Нұрсұлтан Әбішұлының өзі кескен болатын.

Мемлекет басшысының қасиетті мекенге келесі сапары 1998 жылы болған еді. Ол кезде де Елбасына өлкеміздің қазыналы қариясы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт журналист Жағыпар Жүнісжанұлы ақ батасын берген болатын.

Жидебайға үшінші рет аяқ басқан Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездегі Абай ауданының әкімі Қонысбай Қойшыбайұлына «Абай, Шәкәрім кесенесі тұр. Амфитеатры бар. Тек жұмысын жандандыру керек» деп тың тапсырма жүктейді. Сол кезде аудан әкімі: «Бұл жерде облыстық «Абай, Шәкәрім оқулары» ұйымдастырылып жүр. Оқушылар ақындардың шығармашылығын жаттап, әндерін насихаттап, өз шығармашылығы бойынша байқауға түседі» деп жауап қайырады. Сонда Елбасы: «Олай болса, сол байқауды республикалық деңгейде өткізу қажет. Өте дұрыс бастама. Қазақ елінің әр ұланы Ұлы Абайдың өлеңін жаттап, көңілге тоқып өсуі тиіс» деп қолдау білдіреді.

Содан бері міне, биыл Абай оқулары 17 мәрте өткізіліпті. Рухани шара жылнамасына үңілер болсақ, әр жылдың өз үздіктері, өз жеңімпаздары бар. Абай мен Шәкәрім шығармашылығынан 300-ден астам өлең жаттап келетін, көкірегі сезімді, тілі орамды өрендер бар. Сондай-ақ, өз шығармашылығы бойынша ақындар аламанында танылған таланттар да аз емес. Бұл республикалық байқау хакімнің мұраларын  насихаттап қана қоймай, сол өскелең буынның болашағына даңғыл жол ашып берді десек қателеспейміз. Абай өсиеттерін бойтұмар тұтатын арлы жас - ел ертеңі. Ал осынау игілігі мол іргелі бастаманың көшбасында тағы да Елбасы тұр. Түйе айтсақ, Абай мен Елбасының есімдерін атағанда мәдени сабақтастықты аңғаратынымыз - заңдылық.

 

Тобықтай түйін

 

Елбасының Семей жеріне жасаған бір сапарында: «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, кең байтақ қазақ елінің өзге өңірлері бір төбе, Абай елі бір төбе» деген бейресми бір ауыз пікірі қанатты сөзге айналғалы қашан. Әлбетте, осынау астарлы ойдың сары алтындай салмағы бар. Расында, қазақ халқының әрбір әйгілі тұлғаларының Абайға айналып соқпағаны болмаған. Солардың ішінде мемлекет басшысы, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Нзарбаевтың Абайды насихаттауға, хакімді күллі әлемге танытуға күш салғаны өз алдына бір пара әңгіме. Оның ішінде Абай жерін атом аждаһасынан арашалап алуының өзі неге тұрады?

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп дана ақынның өзі айтқандай, бүгінде сарабдал саясатымен әлемді мойындатқан Елбасының Абайға деген құрметі, ықылас-ілтипаты тіптен ерекше. Оған Ұлт Көшбасшысының әр жылдарда жарық көрген деректі туындыларындағы бірқатар тақырыптарға Абай сөзін тұздық етуі дәлел болса керек. Ал біздің айтарымыз біреу ғана. Абайдың Алаш баласына өсиет еткен «кемел адам» атты философиялық ұғымын Елбасының да мұрат тұтқаны һәм бойынан көрініс тапқаны - ақиқат...

          

            Нұржан БАЙТӨС,

            «Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар