ҚИЯСБАЙДЫҢ МАЗАРЫ ТАБЫЛДЫ

Ел мен жер шежіресі

Абайдың айналасындағы әйдік есімдердің бірі Қиясбай. Ел ішін күлкімен көмкеріп, небір келеңсіздікті ащы мысқылмен келемеж етіп жүретін, осының бәрінен бөлек тосыннан сөз табатын ерен тапқырлығымен Абайды өзін тәнті еткен жан туралы ел ішінде бүгінге дейін жеткен небір қызғылықты әңгімелер көп. Қиясбайды әпенділігі мен оғаш мінезіне қарап Қожанасырға, сөзге ұста усойқылығына қарап Алдаркөсеге, қиыннан қиыстырар тапқырлығын қарап ертегідегі Тазша балаға теңеуге болады. Бұл ретте Абай мен Қиясбай арасындағы әңгіме делінетін біраз сөз ел арасында жүр. Осындай ой салар тәмсілдердің біразын жуырда жерлесіміз, көкбайлық азамат Мардан Төлеутаевтан жазып алдық. 

Қазіргі Көкбай ауылынан 12 шақырымдай жерде Қараой делінетін елді мекен бар. Бүгінде малшы қауым ғана отыратын жайылым заманында Көкбай Жанатайұлының жері болған деседі. Көнекөздердің айтуынша, Абай өмірінің соңында Қиясбайды Көкбайға тапсырып кеткен көрінеді. Дәл осы атырапта Қиясбай Көгедайұлының бейіті делінетін көне зират бар. Бұл ескі қорымның ел аузындағы Абайдың Қиясбайынікі екендігін Мардан Төлеутаев та айтады. Балалық шағында ескіше сауатты, шариғатқа жүйрік, молдалығы бар әкесі Төлеутай өзі әкеліп көрсетіп кетіпті. Кейінгі кезеңдері шопандық кәсіпті серік еткенде де ел мен жер жай-жапсарын жақсы білетіндерден бұл моланың Қиясбайдікі екенін естіген. Бүгінде осы аумақты қоныс еткеніне 40 жылдай уақыт болыпты. Көне қорымды қорып қана қоймай, Қиясбай жайлы ел аузындағы там-тұм деректерді жинастыруда. Сондықтанда болар, ескіліктен жеткен әңгімелерді айтуға шебер.

-Әкемізден естуіміз бойынша бұл бейітте Абайдың замандасы болған Қиясбай жатыр. Ол бұл жайтты осы өңірдегі қариялардан естіп-білген екен. Балаларға зиратқа қарап дәрет сындырмауды, маңайына мал жаймауды тапсыратын-ды. Бейіттің аяқ асты болмауын қазіргі күні де қадағалап отырамыз, - дейді бүгінде жасы алпыстан асқан ағамыз.    

Мардан Төлеутайұлының Абай мен Қиясбай жайлы естіген әпсана-әңгімелері де көп. Қараой өлкесіне жасаған осынау сапарымыздың барысында соның бірқатарын қойын дәптерге арнайылап түртіп алған едік.

Бір күні Қиясбай Абай ауылына жолаушылап келіпті. Абай жақсылап қонақ етеді. Қиясбайдың тапқырлығын жақсы білетін Абай оның қайтарында бәйбішесіне қарап:
- Мына Қиясбайды шошалаға кіргіз, қалағанынша ет алып шықсын, - дейді. Шошалаға кірген Қиясбай жаңа сойылған малдың жас етінен ештеме алмастан, тек жылқының  басы мен төрт сирағын ғана алып шығыпты. Бұған таңданған Абай оның мәнісін сұрағанда, Қиясбай қолма-қол: - Сұраған жұртқа Абай ағам соғым тарту етті демеймін бе? Басы, төрт аяғы бар жануар өзі жүре бермей ме? – деп жауап береді. Сөзден тосылған Абай бір сойыс малын жетектетіп жіберген екен.

Бірде Абай ауыл-аймағын жиып думанды шара ұйымдастырады. Түрлі ұлттық ойындар арасында келіншектер жарысы да өткізіліпті. Көпшіліктің арасынан қара үзіп, дара келген жүйрік әйелді Қиясбай көпшіліктің алдында жорта сабаған болып, зекіп ұрысса керек. Мұнысына таңырқаған Абай істің мәнісін сұрайды. Сонда Қиясбай саспастан: - Жүйрік ат кімдікі – Абайдікі, алғыр құмай тазы кімдікі –Абайдікі. Енді топтан озып, жүйрік атанған бұл әйелді де Абай алып қояма деймін, - деп жиналған көпшілікті ду күлдірген екен. Осыдан соң елден ерек аттың жақсысына, қыран құстың, тазының алғырлығына қызығып, қолына түсірмей қоймайтын, жұрттың алдында жүретін Абай ұялғанынан мұндай құмарпаздығынан бас тартқан деседі-мыс. Ақылы елден асып тұрғанымен осындай қарапайым жанның тауып айтқан сөзіне тоқтап, көңіліне медеу тұтуы - Абай даналығының тағы бір қырын аша түседі.

Қараойға бізді ерте барған Қиясбайдың аталас туысы, алтыншы ұрпағы болып келетін Сарман ағамыз да аймағымыздың тарихи тұлғасы жайында біраз шыр шертті.

-Біз әке-аталарымыздан, олар өз бабаларынан, естуіміз бойынша Қиясбай жарықтық алып денелі адам болған екен. Тіпті, құдыққа құлаған атан өгізді суырып алар қара күштің иесі болыпты. Ұдайы дағдыға айналдырмағанмен көңілі түскенде күреске шығып, балуан біткенді баудай түсіретін қасиеті де бар екен. Ол жайында да әңгімелер көп. Бірде Шұбартау жерінде, қалың Керейдің ішінде бір үлкен ас өтеді. Сондағы қомақты бәйге тігілген күресте Тобықтыдан барған кіл балуандардың бәрі жығылып, елдің шонжарлары  жерге қарайды. Бір арагідікте Абай көптің ішінен Қиясбайды тауып алып:                   

- Күреске енді сен түс!, - деп бұйырады. - Сіз айтсаңыз болды емес пе, Абай аға!- деген Қиясбай білек түріп, ортаға шығады. Сөйтіп, балуан шақ келтірмеген апайтөс дәуді бір демде тік көтеріп алып, Тобықтының игі-жақсылары тұрған жаққа қарап: - Абай аға, қалай қарай лақтырайын!- деп сұрапты деседі.

Көшкінбаев Түсіпбек (Сарман) ағамыз бүгінде аз атадан тараса да Қиясбайдың ұрпағы саналғандықтан басына құлпытас орнатуды мақсат тұтқанын айтады. Қазіргі күні бейіттің айналасын қоршап қойыпты. Әзірлік жасалуда...

Сонымен қатар, ағамыз Қиясбайдың ерекше қабілеттерін әңгімелеуде көп мағлұмат біледі екен. Мәселен, ол кісі атқа құлын айырбастап, елдің күлкісіне ұшырап, артынан әлгі таңдаған құлыны бәйгеден келеді. Келеке қылған көптің күлкісі сап тиылып, таңданыпты.  Сонымен қатар, Қиясбай лақпа өлеңімен де Абайды күлкіге кенелтіп, қайғы-мұң қамаған көңілін серпілтіп отырған. Атап айтсақ, ілкіде ел аузында айтылып жүрген, бүгінде дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың орындауындағы «Аспанда көк қаршыға пішен жейді» деп басталып, «Туады ақ сиырдан жирен құлын» деп жалғасып кете беретін өтірік өлеңіне заманында Абайдың өзі ерекше тәнті болыпты.

Жалпы дана хакім де аусар мінезді, сөзі түйеден түскендей боп келетін, ерекше жаратылған Қиясбайдың айтқан сөздерінен демеу тауып, қатты қадірлеп отырған деседі.

Демек, Қиясбай - Абайдың қасындағы сайқымазағы емес, ақынның жүрегін торлаған мұң мен зардың бұлтын серпілтер, күлкі сыйлаған абзал жан, зор дарын иесі. Десек те, шайқы Қиясбай мен дана Абайды жақындастырып тұрған күлкіден де терең дүние - зіл батпан ауыр қайғы бар. Ол Құнанбай айналасының үкімімен ауыр жазаға кесілген Қодардың өлімі, оның ерте жетім қалған немересі Қиясбайды Абайдың өмір бойына қамқорлыққа  алуында жатыр дер едік. Мұндай ұлы жүрек тек ұлы адамдарда ғана болатыны ақиқат.  

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар