Ұлы Абайға 170 жыл

Ұлы Абай Құнанбайұлына 170 жыл

 

Болат Самырбай:

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕ «ӘРУАҚ» СӨЗІН ҚОЛДАНБАҒАН

 

— Болат Нұрболатұлы, Абай шығармашылығы діни-тағылымдық һәм тәрбиелік қырымен де ерекшеленеді. Адамшылықтың шырқау шегі саналатын «кемел адам» идеясын дана ақын Құран мен Сүннеттен - теңіз түбінен маржан тергендей сүзіп алғаны белгілі. Ал Абайдың ақыл кенінен ағылған иләһи даналық бұлағы ешқашан сарқылмасы анық. Осы орайда, хакімнің өзіңіз жатқа білетін, әрі өмірлік ұстаным санайтын қандай діни тәрбиелік сөздерін немесе өлең шумақтарын оқырманға талдап берер едіңіз?

- Халқымызға дана Абайдай әйгілі тұлғаны берген Аллаһ Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Ибраһим Құнанбайұлын еске алғанда әуелі оның Жаратушы туралы, дін жайлы тағылымды өлеңдері, қарасөздері еске түседі. Мәселен, хакім:

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас», - деп Аллаһтың бар екендігіне ерекше мән беріп тоқталған. Бұл өлең жолдары арқылы бабамыздың Құранды зерделеп, сүре-аят сырларына терең бойлағанын білеміз. Екінші өлеңінде:

«Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса мейлі сол айтты.

Ақыл сенбей, сенбеңіз.

Құран-хадис емес қой,

Күпір болды демес қой,

Қанша қарсы келсеңіз!», - дейді. Бұдан келер қорытынды - Аллаһтан келген аятқа, Пайғамбарымыздан келген хадиске күмән келтіруге хақымыз жоқ. Ал пенденің білместікпен айтқан, я болмаса шариғатқа қайшы келетін сөздеріне ермеу қажет.

— Абай өзінің 16-шы қара сөзінде бәзбір қазақтың діндарлығын сынға алып: «Біздің қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып әуре болып жатпайды» деп кейістік білдіреді. Осы жолдарды «тәпсірлеп» бересіз бе? Бұл сөз қазіргі күні де мәнін жоймаған секілді...

— Дана Абайдың бұлай айтуының өзі сол кездегі халқымыздың басым көпшілігінің діни сауаты төмен болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әр нәрсенің өз жолы болады, ал жәннаттың жолы – білім» дейді. Сондықтан бірінші кезекте адам баласы білімге құмар болуы керек. Ал, енді сол уақыттағы қазақтың көпшілігінің оқуға жағдайы болмаған. Бай баласы болмаса, кедей баласы жалшылықтан босамаған. Ондай адамның білім деңгейі қандай болмақ? Молдаға беріп арабша хат танытқаннан кейін ары қарай оқытуға жағдайы болмаған. Азды-кемді сүре-аят жаттағаннан кейін намазға жығылуды үйренеді де, білімнің аздығынан құлшылықтың шынайы ләззатын түсіне алмайды. Көпшілікпен тұрып, көпшілікпен жығылып жүре береді. Хакім Абай «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде осы жайға байланысты:

«Ойында жоқ олардың,

Шариғатқа шаласы.

Орыс тілі, жазуы -

Білсем деген таласы.

Прошение жазуға,

Тырысар, келсе шамасы», - дейді. Бұл - ізденістің кемдігін, орыс тіліне ғана иек артатынын, оның өзінде де тек өзгенің үстінен арыз-шағым жазуды үйренуді ғана мансап санайтынын көрсетеді. Құдайға шүкір, бүгінде араб әліпбиін меңгеріп, Құранға түскен жерлестеріміз аз емес. Намаздың 12 парызының бірі - қирағат. Қирағат дегеніміз Құран аяттарын дұрыс оқу. Қирағат дұрыс болмаса, намаздың қабыл болуы қиын. Ал, дінді тазарту дегеніміз – ізденіс. Ислам ғалымдарының бірінің айтқан сөзі: «Екі күні бір-біріне ұқсаған адам - зиянда» дейді. Демек, бүгінгі алған білімді ертеңгі күні дамытып, жаңадан үйреніп, ілімді көбейте беру керек. Мысалы, кеше бір әріп үйренсеңіз, ертеңгісін сол білімді жетілдіріп тағы бір әріпті, одан кейінгі күні келесі әріпті үйреніп, бір орында тұрып қалмау керек. Аят-хадис жаттап, оған амал етуде де солай. Абай хакімнің айтайын деген негізгі ойы осында деп білемін.

— «Кемел мұсылман кемел адам, жарым мұсылман жарым адам» деп келетін ақын сөздерінен адамшылықтың толық болмағы имандылыққа байланысты екенін ұғынамыз. Иманды адам – қоғамның толыққанды мүшесі болатыны анық қой!..

-Бұл жерде бірінші әуелі имандылық тұрғысында айтылған. Екіншіден адамның білім деңгейі туралы да меңзеу бар. Адам баласы өз білімін өмірімен байланыстыра алса – онда оны толық адам деп тануға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Иман мен амал адам баласының екі қолы сияқты. Бірінсіз бірі іске аспайды» дейді. Иман болып - амал болмаса, амал болып - иман болмаса, онда пайда жоқ. Сол себепті иман мен амал міндетті түрде қабысуы керек. Сол кезде ғана ол жемісін береді. Яғни, толық адам - өзінің тіршілігін құлшылығымен байланыстыра білген адам.

— Абай – ойшыл тұлға. Жаратылыстанушылар «адам неден жаратылды?» деген сұраққа жауап іздесе, Абай ол сауалдың аясын кеңейтіп «Адам – кім?» деген сұраққа діни догма тұрғысынан жауап қайырады. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» деп келетін өлең жолдарында «бес асыл іс» бойынан табылмайтын пенденің ешкім де емес екенін меңзейді. Жалпы, адам бойындағы жақсылық-жамандық сынды қасиеттер туралы Абайдың тағы қандай пайымдарына баса тоқталар едіңіз?

— Дана Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өліңінде:

«Ел бұзылса, құрады шайтан - өрнек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға берер көмек», - деп толғанады. Расында «шайтан азғырды, анау айтты, мынау айтты» деп жататын жұрт көп. Шариғатта «адам егер өз нәпсісіне ие болса, бағындыра білсе - періштелерден артық болады. Ал, ие бола алмаса – хайуаннан да күні төмен болмақ» делінген. Қазір БАҚ арқылы жаңалықтардан хабардармыз, неше түрлі бұзақылық, қылмыстар орын алуда. Мәселен, қандай хайуан өз төлін тастап кетеді? Ал, адамзат хайуаннан төмен сорақылыққа барып жатыр. Жануарда ақыл жоқ, нәпсі бар. Ал періштеде нәпсі жоқ, ақыл бар. Адам баласында ақыл да, нәпсі де бар. Егер ол нәпсіге жеңдіретін болса, хайуаннан төмен болып, ал ақылына жеңдірсе Аллаһ алдындағы дәрежесі періштеден артық болады.

— Бүгінде кейбір дінтанушылар «Абай Аллаһқа серік қоспаған, Ислам дініндегі Таухид ілімін (бір құдайға ғана сиыну) берік ұстанған тақуа жан болған» деп жүр. Бұл мәселеге ақынның қандай өлең жолдарынан дәлел табуға болады? Жалпы, дініміз айыптайтын - ырымшылдық, Аллаһтан өзге бір нәрседен жәрдем сұрау, тұмар тағу сынды күнәлі істерге хакімнің көзқарасы қандай болған!?.

- Қазақ «әкеге қарап ұл өседі» дейді. Ал, Абайдың әкесі Құнанбай - қажы. Меккеде Тәкие тұрғызған, Қарқаралыда мешіт салдырған тұлға. Сондай-ақ, Өскенбай да діндар адам болған. Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай қажы» кітабында Өскенбай зекет жинай келген қожаларды алып қалып, баласы Құнанбайды оқытқаны айтылады. Діни сауатты Құнекең өз балаларына да кітаби есімдер қойғаны белгілі. Мәселен, Абайға Ибраһим деп ат қоюы, Әбдірахман, Мағауия, Ғабдулхаким т.б деп атауының өзі тақуалықтың, Ислам дініне деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Әйтпесе, ол заманда тіл-көз тимесін, ұзақ жасасын деген тәрізді бақсылық ұғымнан туған ныспы-есімдер де көп болған ғой.

            Абайдың барлық туындыларында да ғибрат пен насихат бар. Енді назар аударыңыз, Абайдың ешбір өлеңінде, ешқандай қара сөзінде «Әруақ» деген сөз жоқ! Қай өлеңін алып қарасаңыз да Алланы ғана ауызға алып отырады. Мәселен: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Патша құдай, сыйындым», «Алла мінсіз әуелден пайғамбар хақ» деп келеді. Сондай-ақ, «Арғы атасы қажы еді, пейіштен татқай шәрбатты» деп келетін бір өлеңі де бар. Бұл жерде Абай өз әкесінің батырлығын, аға сұлтан болғандығын айтқан жоқ, діндарлығын ғана тілге тиек етіп отыр.

Дана Абайдың Таухид ілімін берік ұстанған, бір Аллаһтан басқаға сиынбаған жан болғаны ақиқат. Ешбір өлеңінде даңқты аталарының әруағынан жәрдем тілегенін көрмейміз. Мұның өзі хакімнің шариғат талаптарына аса жетік болғанын білдіреді. Себебі Құранда Жаратушы Иеміз: «Алладан өзге сиынғандарың қабықшаның үлесіне де иелік етпейді. Егер оларға жалбарынсаңдар сендерді естімейді, ал еститін болса, сендерге жауап қайтара алмайды, ал Қиямет күні сендердің серік қосқандарыңды мойындамайды» деген болатын. (Құран 35:14) Онымен қоса, Аллаһтан өзгеден тілек тілеу – дінімізде кешірілмес күнә саналады, егер райынан қайтып Тәубегеге келмесе әрине. Оған Пайғамбарымыздың мына бір хадисі дәлел: «Кімде-кім Аллаһқа еш нәрсені серік етпей сиынып жүріп өлсе – жәннатқа кіреді. Ал, кімде-кім Оған өзге бір нәрсені серік қосып кездестірсе – Тозаққа кіреді», хадисті Муслим жеткізген. 

Жалпы, Абайдың дінді ұстану туралы өсиетін айтқанда мына бір сөздеріне тоқталмай кетуге болмас. Хакімнің: «Әрбір ақылды адамға иман парыз, ал, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деген бір ауыз сөзіне үлкен мағына сыйып жатыр.

— Абайды айтсақ, ойымызға дара тұлға Құнанбай да оралады. Ал Абай өзінің әкесі дүниеден озғанда ұлан-асыр ас бермегені тарихтан белгілі. Ел мен жер шежіресінде «Құнанбайдың асы» дейтін ас жоқ. Тобықтының игі-жақсыларының Құнанбайдың жылына деп жинаған үйірлі жылқы, отар қой, бірнеше бас түйені Семейге апарып, саттырып, медресе мен орыс интернатында оқып жүрген жас шәкірттерге (олардың көбі жетімдер болғаны белгілі) әкесінің рухына бағыштап садақа ретінде таратқан екен деген пікір де айтылады. Ақынның «бес дұшпаның білсеңіз» деп келетін өлең жолдарындағы «бекерге мал шашпақ» сөзі осыдан туындапты, «интернатта оқып жүр» деген өлеңдері осы кезеңде жазылыпты деген дәлелді пікір де айтылады. Бұл жайында дін адамдары не айтар екен?

— Жалпы өлген адамға ас беру, қырқын беру, жылын беру - ол біздің дәстүріміз. Бірақ, ол дінде жоқ. Шариғаттың бұйрығы емес. Дәстүрдің шариғатқа икемделуі арқылы қалыптасқан үрдіс. Мысалы, Наурыз мейрамы - отқа, күнге сиынатын Зороастризм дінімен бірге парсылардан келген болатын. Бірақ қазақтар оны да шариғатқа икемдеп жіберді. Адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, сыйлық беруі, ренжіскендердің қауышуы дінге қайшылығы жоқ, сол себепті ынтымаққа, ізгілікке құрылған мереке болып табылады.

Хадисте келетіндей, адам өлгеннен кейін амал дәптері жабылады. Тек кей бір адамдардың амал дәптерлері ашық тұрады. Оған артындағы ізгі ұрпағының дұғасы жазылады. Бұл жердегі Абайдың негізгі мақсаты сол – сауапты әкесінің рухына бағыштау, қазақтың көзін ашу, халыққа қызмет ету болғанын көреміз.

— Абай өлеңдерінде өзі «ғамалус солихин» деп атайтын Исламдағы ізгілік жасау, Алла үшін жақсы көру сынды қасиеттерді баса айтады. Алланың адамға, адамның Аллаға және адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін басты орынға қояды. Қазіргідей діни төзеалмаушылық, қалаберді радикалды ағымдардың экстремистік пиғылдары бой көрсете бастаған тұста имамдарымыз теңгелеп берілген садақаның сауабын емес, «мұсылман бауырыңа жылы жүзбен жымиюдың өзі садақа» делінген тәрізді хадистер тағылымын көбірек насихаттауға ден қойғаны жөн секілді.

— Дана Абайдың:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Аллаһты жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп ғадаләтті», - деген тамаша сөзі бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өз хадисінде: «Мұсылман адам - тілімен де, қолымен де ешкімге зияны тимеген адам» дейді. «Бір мұсылманның екінші мұсылманның көңілін қалдыруы - Қағбаны жетпіс мәрте қиратқанмен тең» деген хадис те бар. Осыған қанық Абай арттағыға рулас, аталасты ғана емес, «Адамзаттың бәрін сүй» деген өсиет қалдырады.

Ал, садақаға келетін болсақ, мұсылманның мұсылманға күлімсіреуінің өзі сауапты амал. «Жақсы сөз-жарым ырыс» дейміз ғой, жақсы сөздің өзі садақа. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзгелермен амандасқанда күлімдеп тұрған. Сол замандағы сахабалардың өзі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) қатты еліктеген. Бір күні Аллаһ елшісі (с.ғ.с) келе жатқанда соңындағы бір сахаба тұрып қалған екен. «Неге тұрып қалдың?» дегенде әлгі сахаба: «сіз арықтан оң аяқпен секірдіңіз бе, сол аяқпен секірдіңіз бе, байқамай қалдым» деген екен. Көрдіңіз бе, соншалықты еліктеген, әрбір ісіне мән беріп отырған. Пайғамбарымыздың(с.ғ.с) сүннетін күнделікті өмірімізде іске асыру әр мұсылманға міндет. Мысалы, сақал өсірсек, тақия кисек – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)-сүннетін орындаған боламыз.

Сөз соңында айтарым, біз, қазақ халқы руға, жерге бөлінген шығармыз, бірақ ешқашан дінге бөлінген емеспіз. Біз - Аллаһтың құлымыз, Пайғамбардың (с.ғ.с) үмметіміз, ата-бабамыздың жолы саналатын дәстүрлі Имам ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамыз. Тарихымызда дінаралық түсінбестік, дін атын жамылып бүлдіргі ашу болған жоқ. Бұл бізге кейінгі жылдарда келе бастады. Сұрқия саясатқа құрылған жат ағымдарға емес, аталарымыздан мұраға қалған төл дінімізді ұстану ләзім. Бұл орайда бізге Абайдың діни-тағылымдық өсиеттері де адастырмас темірқазық бола алады деп санаймын.

— Сұхбатыңызға рахмет, жұртшылықты имандылыққа ұйыту жолындағы еңбегіңізге жеміс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Ұлы даланың дана ойшылы

Ұлы даланың дана ойшылы

(Абайдың данышпандығы мен қайраткерлігі хақында)

Абай әрқашанда біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс.

Н.Ә.Назарбаев

         Қай халықтың болмасын өсіп-өркендеуі, ақыл-ойы мен санасының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің – қысқасы, бүкіл рухани жан дүниесінің дамуы, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы – сол халықтың өміріне, ұлт ретінде адами болмысы мен рухына іргелі бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың тарихи еңбегімен, қайталанбас қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты болып жатады.            

Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, ойшыл-философ Абай еді. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы болды. Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Себебі дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай. Қазақ даласында небір үлкен тұлғалар өмір сүрген, бірақ та дәл Абайдай өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға болған емес.                

Абайдың ұлылығын, халқының болашағын ойлаған қайраткерлігін, елін емірене сүйген ұлтжандылығын түсіну үшін – оның «жүрегінің түбіне терең бойлай» білу шарт. Өз заманынан озып туған кемел дарынның жылдар өтсе де ұрпағымен бірге жасасып келе жатқан «жұмбақ жанның» алтын сандығы сонда ғана ашыла түспек.              

Адамға жақсылық жасау жанына жат, жамандыққа келгенде жанып түсетін санасыз сотқарлары көп, қараңғылықтың қалың тұманы басқан, соқпағы да жоқ жерде «мыңмен жалғыз алысып» өткен алыптың қасиетті тұлғасы ғасырлар бойы жаңа ұрпақтармен бірге жасарып, жаңғыра берері сөзсіз. Мыңмен жалғыз алысқан Абайдың қаруы – «сөз патшасы, сөз сарасы» - өлең еді. Ол қылыштан да өткір өлеңі арқылы әуелі адамның санасына сәуле түсіріп, адамды, адам арқылы қоғамды түзетпек болды. Ол өзінің өлмес туындылары арқылы қазақ ұлтының «бас-басына би болған өңкей қиқым» мүдделерінің басын қосып, ұлттық тұтас мақсатқа айналдырды. Сол арқылы сара жолды көрсетті. Әрқайсымыздың жүрегімізге үңіліп, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп, «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос» деп, рухымызды тұтастырып, мүддемізді біріктіріп кетті. Абайдың данышпандығы, қазақ халқының алдындағы ұлы қайраткер екендігінің бір сарасы осы деп білеміз.                  

Қалың қазақ жерін қараңғылық пен надандықтың қалың тұманы басып тұрған шақта «қайран қазағының» қамын жеген Абай ең алдымен қоғамды өзгертер күш – білімде, ғылымда, адал еңбекте деп санады. Сол себепті де өз шығармаларында ішкен-жегеніне мәз, тоғышарлық пен жалқаулық, зұлымдық пен қулық-сұмдық жайлаған ортаны жақсылыққа, мәдениетке шақырды. Білімге, ғылымға, еңбекке жатпай-тұрмай үндеді. Ғылымды ол әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ғана емес, бүкіл прогреске апаратын жол деп түсінді. Ғылымның әлеуметтік орнын адамдардың жақсы қасиеттерімен байланыстырып қарады. Абай ғылымның әлеуметтік ролін терең талдап, қайрат, ақыл және жүрек үшеуін айтыстыра келеді де, ғылымға жүгіндіреді. Ғылым жүректік әділеттілік, ұят, рақымшылық, мейірбандық қасиеттерінің артықшылығын қолдайды. Бұдан Абайдың топшылауынша, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, әділеттің орнауы – адамдардың ұятына, әділдігіне, мейірбандығына, ар тазалығына байланысты болмақ.                     Ғылымды ол бақталастық үшін емес, ақиқатты білмек үшін үйрену керек екенін баса айтады. Ақын бірқатар шығармаларында еңбекке немқұрайды қараушылықтың, жалқаулықтың, еріншектіктің қоғамды жұтатып, тоқыраушылыққа ұшырататынын, соның нәтижесінде әлеуметтік жүдеуліктің орын алып отырғанын сынайды, еңбек етуге шақырады.         «Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей» - деп еңбексіздік пен қарекетсіздікті ашына шенейді. Жалқаулықтың әлеуметтік зияндылығымен қатар, рухани жағынан да адамды аздыратынын данышпан Абай көре білді. Ол үшінші қарасөзінде: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады. Әрбір қайратсыз, қорқақ - мақтаншақ келеді. Әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі ойсыз, тиымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» - деп, адамның басында кездесетін кертартпа, келеңсіз сипаттарын ашып көрсетті.                        

Өзі өмір сүріп отырған ортаның мінін қатал сынай отырып, Абай оны жөндеудің де жолдарын меңзеп отырады. Өлеңдері мен ғақлия сөздерінде адамның адамшылық қасиетін бірінші орынға қояды. «Адам боламын десең, байлықпен озбай, ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, кемел мінезбен оз» - дейді. Абай қазақ қоғамында жан-жақты жетілген адамды арман ете отырып, оның мінезді болуына, мінездің әлеуметтік өмірдегі ролі мен қызметіне айрықша мән береді. Абай халықтың шығармашылық күшіне сенді, әсіресе, жастарға көп үміт артты. Жастар ғылым, білім мен өнер қуаты бар шағын бос өткізбей, талаптануға, еңбектенуге жол сілтеді. Туған халқын шексіз сүйгендіктен оның қоғамдық өмірдегі бар кемшілігін сынап-мінеп қана қоймай, оны жоюға күш салды. Өйткені өз мінін көре алмаған халық прогреске ұмтылмайтынын кемеңгер Абай жақсы түсінді. Сондықтан ол қоғамды ірітіп-шірітіп отырған кертарпа дәстүрлерге қатал да батыл күресті, өмірдің жаңа да озық өлшемдерін уағыздады.                                  

Ұлылар - қай заманда да жалғыз. Олар қай дәуірде өмір сүрсе де өз заманынан озып туады. Адамзат ақыл-ойының алыбы Абай да сондай жан еді. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен рухани дүниесінің айнасына айналды. Оның өмірі мен шығармашылығы – көшпелі өмір мен отырықшы өмірдің арасындағы тіршіліктің, таным мен мәдениеттің, салт-сана мен рухани өмірдің, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамдық қайшылықтың, түрлі көзқарастың алмағайып арбасқан кезінің толық көрінісі болып табылады.

Шығармаларындағы ұлы тоғыс пен толғаныстарды былай қойғанда, оның жеке өмірінің өзі ірі-ірі рухани және дүниауй трагедияларға толы болды. Абай өзінің «заманды жаман билеп жатқан» тұстағы арпалысты сезімін ақылына суарып, өткен мен жаңаның арасындағы құбылыстарды тең байқап, оны өлеңдеріне өзек етті. Орыстың атақты тарихшысы В.Ключевскийдің мынадай бір тамаша сөзі бар: «Ұлы тұлғалар көзге көрінбейтін жұмбақ құбылыс арқылы төңірегімен тіл табыса отырып, көпшіліктің ұсақ-түйек, быт-шыты шыққан мүддесі мен мұратының басын қосып, өзінің жеке толғанысы арқылы оны ұлы мақсат пен күреске жұмылдырады, сөйте отырып, сол қоғамның бойына жиған қуат-күші мен мүмкіндіктерін ашады да, бұдан әрі қарайғы даму жолын көрсетіп береді. Мұндай ұлы қайраткерлік – халықтық сананың даму көрсеткіші, әрі олардың тағдырының қай бағытта даму керектігінің құбылнамасы болып табылады. Ұлылардың қасиеттілігі де сонда. Олар халықтың ұлттық санасына үнемі жан бітіріп отырады». Дәл осы сөзді Абайға қаратып айтуға болады. Ол өзінің мәңгілік туындылары арқылы иісі адамзаттың қазақ даласындағы ақыл-ойының шамшырағы болды. Тұтас бір ұлттың көшбасшысына, рухани көсеміне айналды.

Ақын алдымен ұлт мінезін қатты сынайды. Ақынның сыншылдығын негізінен үш салаға бөліп қарауға болады. Бірінші - әлеуметтік өмірге, заманға көзқарасы, екінші - өнер мен әдебиетке, ғылымға көзқарасы, үшіншісі – жеке адамның мінез-құлқын адамшылық, имандылық, ұстаздық тұрғысынан бағалауы. Ойшыл оқын «Он сегізінші сөзінде»: «Тегінде адам баласы ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» - дейді. Абайдың мінез-құлық, тәлім-тәрбиелі ұстаздық сыны осы тұрғыдан әртарапты, сан салалы болып келеді. Оны сөз құдіретімен көркемдік қалыпқа құйғанда сол сыны – жүрекке жылдам жетерлік ыстық лепті, қызу қуатты немесе жиреніш сезімін оятарлық улы, зәрлі, кейде күлкілі, аянышты, күйінішті. Ақынның жоғарыдағы сынын екі салаға бөліп қарауға болады. Біріншісі – надандық, еріншектік, жалқаулық, мақтаншақтық, жарамсақтық, ұрлық-қарлыққа байланысты жеке адамдарды сынауы, шенеуі, мысқылдап күлкі қылуы. Екіншісі – ғылым-білім, тәлім-тәрбиеге байланысты қазақтың ұлттық керенаулығын, бойкүйездігі мен күншілдігі сияқты сүйекке сіңген мінез-құлқын сынауы, мысқылдап ызалы әжуа қылуы.

«Өтірік пен өсекке бәйге атындай аңқылдаушылар» - бір топ, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар», «ата-анасын малға сатқандар» да осы топқа жатады. «Қулық сауып, көз сүзіп, өнерсіз жүрген иттер» мен «законшыл», «мал мен бақтың дұшпаны», «кеселді пысықтар», «өзі көрген мақсатын ашып берер» сатқындар бір топ. «Күн жауғанда қойныңда, күн ашықта мойныңда» жүретін алаяқтар, «жалғыз атын терлетіп, ыржаң қаққандар», «сабырсыз, арсыз еріншектер» - бір топ, осының барлығы қосылғанда қаншама мінез, қаншама ұсқынсыз пенделер көз алдыңыздан өтеді. Міне, осылар – ақынның ашына сынап, ызалы күлкіге айналдыратындары.

Абайдың сыны қазақ қауымының барлық қат-қабатын қамтиды. Солардың ішінде билеуші топты шенеуі басымырақ. «Оқалы тон тола ма, ар-ұятын сатқанға» дегенде кімді айтып отыр? Әрине, шен-шекпенділерді меңзеген. «Нанымы жоқ, анты бар, Ел нұсқыны кетті ғой. Елмін деген салты бар, Әлі күнге уайым қылған жаны жоқ» - деп келеді тағы бір наразылығы. Абай неге осынша күйіне берген. Абайдың күйзелісі – ақылдың күйзелісі. Әділетсіздік пен надандықтың небір түрін көрген Абайдың «білімінен - қайғы, тілінен - зар шықпағанда» қайтеді.

Шыншыл, сыршыл ақынның түпкі ойын, мақсатын, асыл арманын мына жолдарынан-ақ көруге болады: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос», «Малыңды жауға, басыңды дауға қор қылма, қорға, татулас». Ызалы күлкі мен ащы сөздің еліне жаны ашығандықтан шыққанына көзіміз жете түседі. Осы тұрғыдан алғанда Абай – дара, дана тұлға. Ол қатал сыншы бола отырып, туралықты, шындақты танытып, көрсете білді, халықтың көзін ашты. Ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді. Халық үшін ойға батып, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, соның тарихи келешегін көрсетіп берді. Абайдың пайымдауынша, адамның адамшылығы өз бойындағы жамандық пиғыл, жағымсыз, зиянды іс-әрекет, әдеттерімен күрес үстінде көрінеді. Өйткені өзінің пиғылын, қара ниетін жеңе алмаған адам, нәпсісіне де тосқауыл қоя алмайды. Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар жалмауыз» деген сөзі соны аңғартады. Нәпсіңді жеңе алмай ерік берсең, ол саған не істетпейді? Өтірік те айтқызады, ұрлық та қылғызады, әлсіздің сыбағасын да тартып алғызады. Озбырлыққа салынып, зұлымдық пен қиянат жасайтындар да солар. Қара басы үшін құныққандар мен дәніккендер үшін Алланың да, адамның да қадірі жоқ. Оның аңсары – көздің құрты болған дүние ғана. Пиғылдың өзгеруін Абай: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызсақ керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық. Ұзақтай шулап, қарғадай қарқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізден билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық. Ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік» - деп «Жетінші қара сөзінде» ашып көрсетеді.

Замана ағымын, өмірдің алуан түрлі құбылыстарын көкірек көзімен ғана көріп, санаға салғанда ғана түсінуге болады. Абайдың мақсаты да осы – қандастарының көкірек көзін ашу болған. «Мақсатым ...наданның көңілін қойып, көзін ашпақ» - деп жазғаны да сондықтан. Қазақтың көкірек көзі еркін ашылмағандықтан, көрген қорлығы көп.Мешеуліктің, надандықтың, пиғылы тарлықтың басты себебі – қара танымаған кезде ғана емес, құлақтың құлқында» - деп білген ақын сол мінді түзетуге күш салды. «Көңілсіз құлақ – ойға олақ» - деп, дұрыс тыңдай білмеген адамның не жақсы, не жаман екенін ұға алмайтынын, құлақ көңілді болмай, санаға сәуле түспейтінін, көкірек көзінің ашылуын қиындатып, ойлау күшін тежейтінін еске салады. Әділетті қоғам боуы үшін, оның әрбір мүшесінің көкірек көзі ашық, жақсылыққа құштар, жаны ізгі болуға тиіс. Сондықтан да Абай: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» - деп кесіп айтқан.

Абайдың жаратушы құдайынан тілегені, бар арманы – туған халқының көзін ашып, надандықтан құтқару болған. Оның ойынша ұлттық адамзат көшінде өзіне мықты орын алып, заман талабына сай өркендеуі үшін белгілі бір адамдар тобының надандықтан құтылып, парасатты адам болуы жеткіліксіз. Ұлттың өзгелермен терезесі теңелуі үшін оның ұлттық сана деңгейі көтерілуі шарт. Ал ұлттық мүдде, ұлттық намыс дегеннен жоғары тұратын ұғым болмайтыны белгілі. Жалпы ұят жетілмей, қараңғылық тұманы басып тұрғанда, таланттылардың көбін сол тоғышарлық құрдымы тартып кетеді. Осыны көкірек көзімен көре білген ақын жоғарыда мысалға келтірген өлең жолдарынан кейін «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» - деп күйінішін айтып кеткен. Адаммын деп жүрген әрбір азаматқа ұлт деңгейін көтеру үшін – оның көкірек көзін ашуға қызмет ет деп өсиет қалдырған. Демек, Абай қазақтың ұлттық рухын өлтірмей, өсер ұрпаққа тірі жеткізген елінің ұлтжанды, халқын сүйген ұлы тұлғасы.

Қорыта келгенде, қазақты дәл Абайдай сынап-мінеген қайраткер жоқ. Алайда ол өз халқын жек көрген нигилист емес. Оның ызалы сөзінің астарында туған халқына деген ұлы махаббаты жатты. Оның болашаққа деген бұл асыл арманын «үміт еткен жас достары» жақсы түсінді және Абай армандаған рухани бостандықты ту етті де, бүкіл ұлттық мүддені «Алаш» деген ұранға біріктірді. Абай сөзін жүректеріне жалау етіп ұстап, бостандыққа ұмтылды. Азаттық күрес жолына түскен алаштың аяулы азаматтары - Әлихан мен Ахмет, Шәкәрім мен Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт пен Міржақып, Мағжан мен Мұхтарлар Абайды өздеріне рухани көсем санағаны осыған айқын дәлел.

Сөз соңында айтарымыз, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, оның ұлттық өмірінің символы болған Абай өзінің бүкіл өмірі мен ақыл-ойын, құдіретті талантын туған халқының болашақ бақыты үшін сарқа жұмсап өтті. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан Абай – қазақ халқы үшін теңдесі жоқ ұлы құбылыс. Оның сарқылмас ғажайып мұрасы бүгін де, ертең де, ғасырлар бойы біздің мәдениетіміз бен әдебиетімізді, бүкіл рухани өмірімізді көркейтіп, мәңгі жасай бермек.

 

Имантай Бектөлеу

 

                   Ұлы Абайға-170 жыл

Татулық та, таным да –тәржімада

Бүгінге дейін әлемнің бірнеше тіліне аударылған Абайдың өлеңдері мен қара сөздері енді түрік тілінде қайта жарық көрді.

Жуырда Алматыда Жазушылар одағында Абай Құнанбаев пен Мұқағали Мақатаевтың түрік тілінде жарық көрген кітаптары таныстырылды. Жиынға белгілі ғалымдар, ақын жазушылар қатысты. Классик ақындардың шығармаларын түрік тіліне аудару Түркиядағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен жүзеге асқан. Абай Құнанбавтың өлеңдерімен қатар «Қара сөздері» де жеке жинақ болып басылып шықты. Аударма жұмыстарымен Түрік ғалымы Зафер Кибар шұғылданған екен. Әр кітаптың таралымы әзірге 5000 дана. Жиын барысында  ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Н.Оразалин, Қазақстанның «ТҮРІКСОЙДАҒЫ» өкілі Мәлік Отарбаев, сондай-ақ, Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев сынды ұлт зиялылары сөз алды. Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде басты мақсат қазақ әдебиетін өзінің құндылығымен түркі халқына жеткізу екендігін, ол мақсаттың орындалғанына тоқталып, түрік оқырмандары бұл шығармалар жөнінде жылы пікір білдіргендігін атап өтті.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырып деп..» деп Абай атамыз айтпақшы Түрік бауырларымыздың бұл қадамы қазақ халқын біршама қуантты.«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе!» деген сөзді тілге тиек етіп отырған бауырларымыздың каламдары мұқалмаса, қазақ әдебиетіндегі бұл өзгеріс болашақта үлкен жемісін берері анық.

Мөлдір БАЙБУРИНОВА

Сулейман Демирел атындағы халықаралық

қазақ-түрік универсиетінің журналистика

факультетінің 1-курс студенті

 

               Хакім қазынасынан

                      

                                     КОНФЕРЕНЦИЯ АРҚАУЫ - АБАЙ МҰРАСЫ

 

Мамырдың 13-14 күндері ауданымызда Абай есімімен аталатын келелі білім ордасында дана ақынның туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы-ұрпаққа ұлағат» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Игі шараға Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқытушылары, Абай мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының, ШҚО ББ «Шығыс» өңірлік орталығының қызметкерлері мен Өскемен, Семей, Курчатов қалаларының және Абай, Аягөз, Көкпекті, Жарма, Глубокое, Ұлан аудандарының білім беру қызметкерлері, сондай-ақ, Алматы қаласынан келген тіл мамандары қатысып, ақын мұраларынан сыр шерткен көлемді баяндамаларын ортаға салды. Практикалық конференция ең бірінші пленарлық бөлімнен бастау алып, әр түрлі тақырыптарды қамтыған секциялық кезеңдермен жалғасты.

Алғашқы күні конференция қонақтары ең әуелі Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражайы мен Жидебайдағы Абай мұражайын, Абай-Шәкәрім кесенесін аралап, ұлылар рухына тағзым жасады. Осыдан соң аудан орталығындағы орталық мұражай мен Абай мектеп лицейіндегі «Қазақстан жолы» кабинетін, «Абай ұрпақтары» мұражайын тамашалап, шағын концерттік бағдарламаның куәсі болды. Меймандарға арналып мектеп фойесінде ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылған екен. Сондай-ақ, аудандық Саз мектебінің ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Абай күйлері де қонақтарға ерекше әсер сыйлай білді.

Ал, ертеңгісін Абай мектеп-лицейінің акт залында өңірлік деңгейді қамтыған конференция өз жұмысын бастап кетті. Өзге қалалар мен аудандардан келген 60-тан аса ұстаздар қатысқан ауқымды шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлы құттықтау сөзімен ашып беріп, кезекті конференцияның пленарлық бөліміне ұсынды. Бұл кезеңде қатысушы педагогтар мағыналы баяндамалар жасап, Абайдың мол мұраларын әр қырынан таныстырды. Айталық, Шәкәрім мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Фарида Жақсыбаева «Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы» тақырыбында, Шәкәрім мемлекеттік университетінің оқытушысы, педогогика ғылымдарының кандидаты Ғалия Ақыманова «Абай қалдырған із мәңгілік», Абай мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайранбаева Мейрамгүл «Абай мұрасы және ұлт руханияты» және ШҚО ББ «Шығыс» өңірлік орталығының әдіскері Риза Сәбиева «Абай мұрасы – ұрпаққа ұлағат» тақырыбында баяндамалар жасады.

Ал түстен кейін конференция жұмысы үш секция бойынша жалғасын тапты. Бірінші секцияның жұмысы «Абай шығармашылығын оқытудың жаңашыл әдістемесі мен технологиясы» бойынша ШҚО ББ «Шығыс» өңірлік орталығының әдіскері Файызрахманова Назираның жетекшілігімен өтті. Оған он бес мұғалім қатысып, он мұғалім баяндама жасады.

Келесі кезектегі «Әуезов және Абай» тақырыбындағы екінші секцияның жұмысы ШҚО ББ «Шығыс» өңірлік орталығының әдіскері Риза Сәбиеваның басқаруымен өтіп, онда жиырма қатысушының арасынан он екі мұғалім баяндама жасады. Ал Абай аудандық білім бөлімінің әдіскері Бектөлеу Имантайдың жетекшілігімен өткен «Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы» тақырыбындағы үшінші секцияның жұмысына он сегіз адам қатысып, он екі мұғалім ғылыми жұмыстарын оқыды.

Тағылымды өткен конференция соңында баяндама жасаған барша ұстаздар қауымына арнайы сертификаттар табысталды.

 

«Абай елі» ақпараты

 

 

 

Абайдың ақыл дариясынан

...деген екен!

Абайдың замандасы Көкбай ақынның жақсы атқа жаны құмар болса керек. Бірде орайы келіп, ел ішінде ауызға іліккен Көкбесті дейтін атты бір түйе, екі бестіге айырбастап алады да, олжасын ақындардың ұстазы Абайға көрсетуге келеді. Ат жалының буы бар, оған ақындық шалымы қосылған Көкбай:

  • Асалаумағаләкум, Абай ақын,

Алдыңнан өнеге алдық талай ақын.

Бір түйе, екі бесті беріп алдым,

Мінуге алшаңдатып, қалай атым?-

десе,Абай: «Мақтанға жарып-ақ қалдық емес пе!»- деп, қасындағыларға қарап күліпті.

Сонда Абайдың  жанында отырған Біралы ақын:

-Қанат жоқ ер жігітке аттан басқа,

Өнер жоқ жазу, сызу хаттан басқа.

Ат жақсы, алған жары жақсы  болса,

Жігітті ел қояр ма мақтанбасқа,-

Депті.

Осы кезде Абай қисынды сөзге ден қойып:

-Ендеше Көкбай жоғары шықсын. Ал мынау отырған Сүлеймен деген жігіт, осы  ауылға арық атын жаяу жетелеп келіп отыр. Әңгіме ат туралы болған соң, мұны да құр қалдырмай, бірдеңе десең жарар еді,- дейді. Сонда Біралы іркелместен:

-Жігітті кім таниды жүрмеген соң,

Атағын ауыл-елі  білмеген соң.

Ер түгіл, еркек деуге аузым бармас,

Бір тайды үркек қылып мінбеген соң,- деген екен.

 

Әлі төре Шар өзенін өрлеп келе жатса, алдынан ақын Абай кездесіпті. Абайды алыстан шырамытқан Әлі төре жанындағы Жалтыр ақынға:

-Ал, қамдан, Абай сыншыл адам ғой, сын таққызбай өлеңмен бір атым насыбай  сұра,-депті.

Айтқанынша болмайды, Абай да жақындап келіп қалады. Сонда Жалтыр ақын:

-Шар суы су құймаса тасымайды,

Әркімнің бір жары бар басыбайлы.

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Әбеке, алшы бері насыбайды,

-дейді. Сонда Абай:

— Бәрекелді, шіркіннің былшылын!- депті.

Осы кезде сөзге Әлі төре араласып:

  • Несі былшыл, үйлесіп-ақ жатқан жоқ па?-дейді.

Сол жерде Абай атының  тізгінін тартып:

-Оның былшыл болатынын айтайын,-дейді,-Шардың  суынан бастап, әркімнің  әйелін тілге тиек етіп, онымен қоймай, әркімнің өсіп- өнген әйелін басыбайлы етіп, сондағы сұрағаны бір атым насыбай ма?!

-Олай болса, сіз қалай айтар едіңіз?-дейді Әлі төре.

Сонда Абай іркілместен:

-Қарашасы ханына басыбайлы,

Хан қарасса қараша жасымайды.

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Әбеке, алшы бері насыбайды дер едім,-деген екен.

                   

 

Page 3 of 3

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар