Абай оқулары
АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Абайдың 170 жылдық мерейтойы биылғы жылдың айшықты мерекесіне айналары анық. Айтулы шаралар тізбегі қазіргі күннің өзінде қызу басталып кетті. Ал олардың қатарында мектеп оқушылары арасында өтетін XVI республикалық Абай, Шәкәрім оқуларының алар мәртебесі қашан да биік. Жуырда Жидебайдағы жыр бәйгесіне жолдама алған ұлылар елінің өрендері де іріктеуден өтіп, аудан намысын қорғайтын дарын иелерінің есімдері анықталды.
Әуелі аймақтық кезеңде бақ сынап, одан кейін аудандық кезеңде шеберлік сынасқан оқушылар биылғы Абай, Шәкәрім оқуларына үлкен дайындықпен келгендерін көрсетті. Әсіресе, хакім жырларын мәнерлеп оқу бөлімі бойынша, бастауыш сынып оқушыларының белсенділік танытқаны дәстүрлі шараның маңызын тіптен айшықтай түсті. Айтар болсақ, өз тобында үздік өнер көрсетіп, ІІІ орын иегері атанған Мамай негізгі орта мектебінің 3-ші сынып оқушысы Карчалова Маржан жас ерекшелігіне қарамай 70-тен аса өлеңді жаттап келсе, ІІ орын иегері Көкбай орта мектебінің 3-ші сынып оқушысы Нұртасұлы Заңғар хакімнің «Ескендір» поэмасын мүдірместен оқып шығып, көрермен көзаймына айналды. ІІ орын иеленген Әуезов орта мектебінен келген қатысушы Амангелдинова Аружан өлеңді оқу мәнерімен дараланды. Ал, І орын иегері атанған Шәкәрім орта мектебінің 10 сынып оқушысы Дінслиямова Аружан 200-ден астам өлең жаттап келіп, мерейі үстем болды. Республикалық бәсекеде өнер көрсететін Аружан ендігі аралықта аудан үмітін арқаламақ.
«Көңілім әнді ұғады» деп аталатын екінші бөлім бойынша, ордалық Қабылқақова Еркемай «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін орындап ІІІ орынға табан тіресе, ІІ орын тұғырынан Қасқабұлақ ауылдық округінен келген Болатқазы Мұхит пен Әділбекова Жанерке көрінді. Айта кететін бір жайт, Әуезов орта мектебінің 7 сынып оқушысы күміс көмей әнші Ж.Елебековтің нұсқасындағы «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындап, жоғарғы ұпайға ие болды. Ол І-ші орынға пара-пар өнер көрсетті. Десекте, әділ-қазылар шешімі бойынша, республикалық додаға Абай мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Орынжанова Ақберен лайық деп танылды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» аталатын үшінші бөлімде оқушылардың жеке шығармашылығы сараланды. Аудандық кезеңге дайындалып келген жас ақындар биылғы жылдың айтулы даталары - Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты тақырыптарды кеңінен қамтығандарын көрсете алды. Заманының заңғар ақыны Қадыр Мырзалиев:
«Кей жырдың айғайлаған күші басым,
Кей жырдың сырты Абай, іші Қасым.
Өлеңнің көптігіне қуанасың,
Ақынның аздығына қысыласың»
— деп жырлағанындай, поэзия кеші барысында лирикалық тақырыптар да, оқушылардың ой-толғамдары да, элегия жанрындағы өлеңдер де көптеп оқылды. Мәселен, медеулік Ақтайлақ Наргиздің кеше ғана дүниеден озған жас ақын Дулат Аюбаевқа арнаған жыр жолдары көрермен көпшілікті тебірентпей қоймады.
Бөлім қорытындысы бойынша, Әуезов орта мектебінің 7 сынып оқушысы, өткір мінезді жас ақын Айтмұхаметов Әділет пен Қарауыл гимназиясының 8 сынып оқушысы, сыршыл лирика иесі Садырбекова Диана жүлделі ІІІ орынды иеленіп, Абай мектеп лицейінің 9 сынып оқушысы, кесек ойды өлеңіне арқау еткен жас ақын Саметова Хамидаға ІІ орын бұйырды. Ал, Қарауыл гимназиясының 10 сынып оқушысы Оралқызы Зарина жыр кешінің жүйрігі болып, І орын иегері атанды. Зарина алдағы уақытта республикалық додаға ауданның үкілеген үміті болып қатыспақ.
Талаптарын ұштап, қанаттарын қомдап, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» сынды хакімнің өзі өсиет еткен қасиеттерді бойларына қалыптастырып келе жатқан жас дарындарға алдағы күзде болатын Абай, Шәкәрім оқуларында сәттілік тілейміз! Ақ жол болсын!
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
