Видео
}
Тарих толқынында
Өнерпазды еске алу
ЖЫР ДҮЛДҮЛІ ЖӘНІБЕК
Қараша айының 25 күні Қасқабұлақ ауылында қазақтың біртуар перзенті, дәстүрлі ән өнерінің саңлағы, сазгер, өнер зерттеушісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған елеулі шара болып өтті. Жыр дүлдүлі Жәнібек Кәрменов есімімен аталатын саз мектебінің Қасқабұлақ ауылдық саз филиалының ұйымдастыруымен өткен әсерлі кеш әуелі дәстүрлі ән өнерін насихаттау мақсатындағы «Қалыпты дәстүр, үлгілі үрдіс жалғасы» атты семинар сабақпен шымылдық түрді.
Әсіресе жас буын игілігі үшін дәстүрлі ән өнерін насихатшысы болып келе жатқан бұл білім ордасының ауданымыздағы өнер мектептері арасында алар орны орасан. Бүгінде аталмыш оқу орынының тек аудан орталығында ғана емес, Қасқабұлақ, Құндызды және Саржал ауылдарында филиалдары бар, қанатын кеңге жайған үлкен қара шаңыраққа айналған. Сондай-ақ дәстүрлі ән өнерін насихаттауда нағыз талантты ұстаздар қатары да осы білім ошағында жұмыс жасауда. Солардың бірқатары аталмыш семинарда әр тақырыпты қамтыған сабақтарын жүргізіп, дәстүрлі өнерді оқыту тәсілі мен шеберліктерін паш етті. Қасқабұлақ саз филиалының оқытушысы Қабланов Қанат «Қазақ халқының ән өнері» атты тақырыбында ашық сабағын жүргізсе, Саржал саз филиалының ұстазы Әліпбаев Жұмабек «Арқаның әншілік мектебі» оның ішінде Біржанның әні «Жанботаны» өзінің сабағына арқау етіп, тақырыбын сан қырынан аша білді. Ауданымызға келгеніне көп болмаса да Мұхит мектебін насихаттап жүрген саз мектебінің оқытушысы Мыңбаева Ақмаралдың семинар сабақтағы тақырыбы «Батыстың әншілік мектебі» жайында болды. Арқаның мектебіне бейім шәкірттерді батыстың мақамымен тәрбиелей отырып, ән үйретудің өзіндік ерекшеліктерімен ортақтастырған оқытушының шеберлігіне семинарға қатысушы ұстаздар да жоғары баға беріп жатты.
Осыдан соң келген қонақтар мектептің акт залында ұйымдастырылған «Ән аманат»кешіне жиылды. Бұл әсерлі кешті дәстүрлі әнші Амангелді Жікенов жүргізіп, өзіне аманаттап қалдырып кеткен кешегі көзін көрген, сырлас болған Шәкір Әбеновтың әндеріндегі әуезділікті, Көкбай Жанатайұлының әндерінде ұшырасатын ұқсастықтарды зерделей отырып, әр әннің ара-жігін аша келе, үлкен тағылымдық рухани аса бай дүние тарту етті. Кеш барысында Шәкір ақынның «Кәрілік» әнін бірде баянмен сүйемелдеп классика жанрында орындаса, енді бірде қара домбырасын күйлеп, дәстүрлі ән мақамымен шырқап берді. Сондай-ақ «Әнші моласы», «Жастық шақ» әндерін де сөзіне астар ете отырып, асқақ үнмен әуелете салып, кеш шырайын аша түсті. Танымдық сипаты басым осынау кешке арнайы шақырылған Семейдегі Абай мұражайы өкілдеріне Амангелді ағамыз жәдігер қорларын толықтыру мақсатында үнтаспа тарту етті.
Кешке арнайы келген Жәнібек Кәрменовтың апайы Құрышева Рымғайша апай, сыныптас достары ақын Төлеген Жанғалиев, әнші Баян Сағымбаева,қызметтес болған әріптестері, әншінің көзін көрген ауылдың қариялары Әбдеш Имаханов бастаған ақсақалдар қауымы шараға қатысып, ән өнері төңірегіндегі өзіндік ойларымен бөлісіп, талай жылғы арқалап жүрген аманатын орындаған Амангелді Жікеновке ризашылықтарын жеткізді.
Кеш барысында Жәнібек Кәрменовтың апайы Рымғайша Құрышеваны сөзге тартып, естеліктерінен сыр алысқан едік. Жәнібек жайлы сөз қозғағанда жанарына еріксіз жас алған апайы бауырының ғұмырының қысқалығына қынжылыс білдіріп, халқына берері көп азаматтың бірі болғандығын жеткізді.
– «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ»,- деп Абай атамыз өзінің екі анадан тарағандығын жеткізсе, біз де дәл осылай өрбіген отбасымыз. Жәнібекпен біздің әкеміз бөлек болғанымен, бір құрсақтан шыққан туыспыз. Жәнібек өмірінің соңғы жылдарындаауылға жиі ат басын бұрып, ата-бабаларының басына барып, Құран оқытып жүрді. Сол кезде бізбен де қоштасып жүрген екен. Бұлай тым ерте кетерін кім білген? Сол жылдары шеттен көп ірі-ірі тұлғалы азаматтар келіп, ауданымызға қонақ болып жатқанда Жәкеңнің бір өзі дамыл таппастан Абайдың жиырма өлеңін шырқап бергені әлі құлағымнан кетпейді. Дауысы қандай еді, шіркін?!.Бала кезінде өте зерек, талапшыл болатын. Өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын. Бес жасынан шыбықты домбыра етіп, халық әндерінің қалпын бұзбай шырқайтын еді. 1958-1959 жылдары сахнаға шыға бастады. Кейбір деректерде Жәнібектің туылған жері бұрмаланып қате көрсетіліп жүр. негізі Қаражартаста дүние есігін ашқан болатын,-дейді апайы Рымғайша Құрышева.
Кеш соңынан жиылған қауым мектеп асханасында берілген Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған қатымға қатысып, қол жайып, талантты тұлға жайындағы ескірмес естеліктерімен ортақтасып, сыр бөлісті.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, болмысынан бір мін таппайтын бауырмал туыс, сыйлас дос жайында ақтарылған жылы естеліктерін жеткізді.
Түстен кейін ауылдық мәдениет үйінде оқушылар арасында «Өмірін өнерімен өрнектеген» атты аудандық дәстүрлі ән байқауы өз жүйріктерін анықтады. Жәнібектің ізін жалғастырушы жас таланттар да өсіп келе жатқандығын жыр додасынан байқадық. Қатысушыларүш кезең бойынша сайысып, ең әуелі халық әндерін, халық композиторларының әндерін және Жәнібек Кәрменовтың әндерін шырқап, сахна төрін күйлі әуендермен көмкере білді. Кешті алғысөзімен ашып берген Зәматай аға Жәнібектің тұлғалы қасиетін сөз етіп, кешегі арамыздан кеткен абзал азаматтың есімін өшірмей, ұлықтау мақсатында еске алу кештерін қолға алуды мақсат тұтқандарын жасырмады. Осынау ойдың аясында ең бірінші облысқа, елімізге танымал жерлесіміз, Алаштан ән оздырған Жәнібек Кәрменовтей өнер саңлағынан бастау орынды деп ұйғара келе, өткізіп отырған шара жалғасы мұнымен шектелмейтінін де айтып өтті. Әрине, өмірден ерте кеткенімен кейінгіге сарқылмасмол мұра қалдырған қасиетті өлкенің талантты тұлғалары баршылық. Бұл бастамашыл істері халықтың да қолдауына ие болғанын жаны жомарт демушілер мен кешке жиылған қауымның қарасынан да аңдадық. Осынау кеште жомарттық танытып, демеушілік білдірген азаматтарға алғыстар айтылып, ескерткіш сый ретінде Жәнібек Кәрменовтың портреттері қойылған картиналар табысталды.
Жәнібектің де Абай еліндегі өнер саласына қосып кеткен үлесі қомақты.Кезінде клуб меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, халықтың көңілін бір серпілтіп, кеш барысында жырларын төгілтіп тастайтын қасиетін ауылдастары да жиі еске алады. Слайд арқылы Жәнібек жайлы жылы естеліктер, ескі фотосуреттер тамашаланып, көпшілік көңілдеріндегі сағыныштарын бір басқандай болды.
-1992 жылы аяқастынан Жәнібектен айырылып қалғанымызды естіп, жанарға жас іркіліп, түнімен ұйықтай алмай, ертеңінде Алматыға жол тартып, ақтық сапарға шығарып салған едік. Қазір сіздерге үлкен тұлға болып көрініп тұрған азамат, қыршыннан қиылған сол бір кезде небәрі 43 жаста ғана еді. Кішкентайымнан Ақтоғайда бірге өскен досымның қабірінің басына Абай атасының басынан алған бір уыс топырақты, аяқ жағына Ақтоғайдың басынан алған уыс топырақты салып, қаралы Қарауыл халқының көңілін жеткізіп қайтқан болатынмын. Сонда иін тірескен халық менің сөзіме емес, туып өскен жерінен жеткен бір уыс топырақты көріп, көздеріне ыстық жас алды. Сол кезде күллі Алаш аспаны күңіреніп тұрғандай еді,- дейді Жәнібектің ақырғы сапары жайында сөз қозғаған досы, ақиық ақын Төлеген Жанғалиев. Сан қырлы қасиеті бар досының ақындық, жазушылық қырына тоқталған ақын ағамыз оның сөз саптауындағы, ұйқас қолдануындағы ерекшеліктерін де сөз етті. Шарада сондай-ақ ыстық естеліктерімен бөліскен, бала кезінен бірге өскен досы Махмутбай Санбаев Жәнібектің шешендік сөздеріне тоқталды.Сөз, өнер, махаббат, адамгершілік жайлы жазылған нақыл сөздерінде үлкен философиялық ой жатқандығын айтады. Ол сол кездің өзінде ұлт жайында өзекті тақырыпты қозғап, жікшілдік туралы «Сол дерттен ел өлсе, кейінгі ұрпақ не болады» деп күйінгендігінен-ақ үлкен ой түюімізге болады»,-дейді досы М.Санбаев.
Осылайша Жәнібек жайлы жарқын естеліктерге толы бірінші бөлім саз мектебінің ұстазы Әлімбай Жұмабектің орындауында «Әнің қайда, Жәнібек» атты тамаша әнмен қорытындыланып,екінші бөлім жыр додасының бәсекесіне берілді.
Жәнібек өзінің сөзіне ән жазып, тыңдарман жүрегін еліте білетін тамаша сазгер де еді. Алайда, қысқа ғұмыры талантын толықтай тануға мүмкіндік бермеді. Десе де артындағы өнерін насихаттаушы, жолын жалғастырушы ұрпағы барда Жәнібек есімі әсте өшпек емес. Осынау кеште саз мектебінің оқытушысы Ораз Сыздықовтың Жәнібек Кәрменовтың сөзіне жазылған «Арызың бар ма тағдырға» атты жаңа әнінің тұсауы кесіліп, тыңдармандары арасында ерекше ықыласқа бөленді. Жәнібектің туған апайы Рымғайша Құрышева ұйымдастырушыларға үлкен алғысын жеткізе келе, Жәнібектей бауырының атына өткізіліп жатқан үлкен шараға қолғабыс еткен ауыл азаматтарына зор ризашылығын жаудырды. Көзіне жас алған ақ жаулықты ана қимас бауырының айтылмай кеткен, жазылмай кеткен жырларын қайта жаңғыртып жүрген ұрпағына ерекше ықыласын жеткізе келе, Ораз Сыздықовтың иығына шапан жауып, құрметке бөледі.
Байқауға қатысқан сайыскерлер Алтынбекұлы Бекнұр, Жетпісбаев Мәди, Сәметова Хамида, Амангелдин Ерсін, Саржал саз филиалының оқушысы Қапан Есбол, Қасқабұлақ саз филиалының оқушылары Әбілқасымова Ұлжан, Әділбекова Жанерке, Доғалбеков Темірлан 3 кезең бойынша бақтарын сынап, үздіктерін сараптады. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Қапан Есбол жеңіп алса, ІІ орынды Әбілқасымова Ұлжан, ІІІ орынды Әділбекова Жанерке иеленді. Қалған қатысушылар арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Бұл өнерпаз өрендеріміз үшін үлкен байқаудың алды деп білеміз.
Өмірін өнерімен өрнектеген, дәстүрлі әннің дүлдүлі Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған кеш бір мезеттік болса да, жан дүниесі мөлдір, қарапайым, мейірімді, бауырмал тұлғаның есімін артында қалған елі ешқашан ұмытпақ емес.
Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Абай елі»
Халиолла Құнанбайұлының қайда жерленді?
Өткенде «Дидар» газетінде «Шыңғыстаудың тарихи орындарын аралап қайтты» деген мақала жарияланған болатын. Мақалада Халиолла Құнанабайұлы зираты жөнінде көнекөз қарияларымыз бен кейбір абайтанушылар Халиолла Жидебайда, Ақшоқыда жерленген деген әртүрлі пікірлер айтып жүргендігін жазған болатынбыз.
Халиолла жөнінде дерек аз болғандықтан, оның жерленген жері жөнінде Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа, «Отырар» кітапханасының директоры, профессор Тұрсын Жұртбайға, Абай қорық-мұражайынның директоры, ғылым кандидаты Жандос Әубәкіровке хабарласуға тура келді.
Бірнеше күннен кейін Жандос Әубәкіров Абайдың жақын туыстарының бірі Мінаш Архамқызы Ысқақованың «Ұлы Абайға адалдық» атты кітаптың Архам Ысқақовтың 122 беттегі естелігін көшіріп мұражайға жіберді. Онда былай жазылған: «Халиолла Омбыда бір жыл қызмет етіп тұрып, ақыры сол қайғыдан жүдеп, науқасқа шалдығып, қайтыс болады. Құнанабай кісі жіберіп Халиолланың сүйегін алғызып, Шыңғыс тауындағы қыстау «Сарқатын» деген жерге қояды».
Біздің көшбастаушымыз Серікқкзы Шабданов сол «Сарқатын» деген жердің етегінде, Күнкенің зиратынан 200 метрдей ал Айқыздың зираты мен қора-жайынан 500 метрдей жерде орналасқан зиратты көрсеткен болатын. Басқа зираттарға қарағанда оның биіктігі аласалау келген, еніде кішкене екен, жастау адамға арналған сияқты болып көрінді.
«Мен Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевпен көп араладым, ол кісі шешесі Күнкеге келіп, құран бағыштап отыратын, содан ол кісі маған Күнкенің бейітінен 200 қадамдай таудың етегіне қарай орналасқан осы зират Халиолланыкі деп көрсеткен»- дейді шешірелі қария Серікқазы Шабданов.
Демек, Шыңғыстаудың ішінде С.Шабданов көрсеткен «Сарқатын» деген жердегі Халиолланың зираты шындыққа жанасады деп ойлаймыз.
Малгаждар ЖҮНІСЖАНОВ
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының филиал меңгерушісі.
Абай ауданы.
«Әке жолдас өлім ортақ» - деген екен киелі бабамыз Би ата
Ұлтымыздың тағдыры таразыға тартылып қара бұлт торлаған алапат апаттың төніп келе жатқанын сол кездегі ел басшысы, билердің биі, ұлылардың ұстазы, ақылгөй даналардың данасы, алыптардың атасы, бабалардың бабасы, аузы дуалы тарихи мемлекет қайраткері, іргелі мемлекет заңы «Жеті жарғы»-ның өмірге жолдама алуына ат салысқан Әз Тәуке ханның бас кеңесшісі Әнет баба, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер алдын ала білген. Осы билердің ақылымен Әз Тәуке хан «Мемлекеттік мәселелерді» шешетін хан кеңесін құрған. Кеңеске билер мен әскер басшылары шақырылған.
Кеңес хан ордасының астанасы Түркістан қаласы жанындағы «Битөбеде», Сайрам қаласы маңындағы «Мәртөбеде» және Келес өзені бойындағы «Күлтөбеде», бүгінгі ел аузында айтылып сақталған «Мәртөбеге мамырда бар», «Күлтөбеде күнде жиын» деген киелі сөздер содан қалған.
Қазақ жұрты XVIII ғасырдың басында Алтайдан Еділге дейінгі алып даланы қамтитын біртұтас іргелі мемлекет еді.
Өкінішке қарай, Әз Тәуке хан (1680-1718 жж) дүние салғаннан кейін хандардың таққа таласу сүргініне байланысты алауыздыққа ұшырады. Ресей, Қытай империяларының көз алартуы, жоңғар шапқыны Қазақ жерінің талай мәрте таласқа, ханталапайға түскені тарихтан белгілі. Жерін жау таптап, қазақ біртұтастығынан айырылып, ұлтымыздың тағдыры таразыға тартылған, тіпті ұлт ретінде құрып кетудің сәл-ақ алдында тұрған күрделі кезеңнің бірі, халқымыздың басына қара бұлт торлаған «Ақтабан шұбырынды- Алқакөл сұлама» атанған уақыт.
«Ер сын сағатта танылады», ер мен жерін, жан кешті жан пидада жол тауып, кекті жерде текті болған, ерлігі ел есінде сақталған, еліне қорған болған, есімі елге ұран болған, Ру атымен аталған, Ұлт батыры – Тобықты Жігітек-Жандос батыр Олжайұлы.
Кешегі кеңестік идеология халықтың санасын лайлап, әрі –сәрі күйге түсіргенінің салдарынан біз төл тарихымызды әлі түгендей алғамыз жоқ. Қазақ тарихының әлі күнге дейін бір ізге түспей бақ күңдестікпен, көреалмаушылық, өзінің құлқыны, мәнсаптың тағы үшін тұсалып, тұмшаланып, ауыздықталып, қайырымсыз қабақ, немкетті көңілдің көлеңкесінде, кейбіреулердің бәсеке құралына, қолшоқпарға айналып жатқандығы сондықтан.
Ел мен жердің иесі, табынатын киесі, қаһары – ұран, рухы - бойтұмар, киесі- қорған, даулы жерде дауылпаз болған, сөз бастаған дуалы шешен, қол бастаған батыр, Тобықты елін тарыша шәшіліп, қурай паналап, қайың сауып, тозаң болып тозған елдің басын біріктіріп, құрап ата жұрт Хан-Шыңғысқа алып келіп, мәңгілік Тобықты елі етіп орналастырған Ұлы көшбасшы көсем Би Кеңгірбай бабаны ұлықтаймыз деп оның әкесі жүректі, әруақты Жігітек-Жандос батырға деген құрметімізді азайтып алғанымыз жасырын емес. Тарихта жоңғарлармен күресте елім деп еңіреп, жерім деп күңіренген аты да бар, заты да бар батыр бабаларымыз лайықты бағасын ала алмай келе жатқаны анық.
Атақты ғұлама Байкөкше ақын «Кеңгірбай Би» деген дастанында Жігітек батырды жазған. Онда қазақ батырларының жорықтары ерекшк айтылып, жоқтау жыр етіп ел іші пайдаланылған. Бидің әкесі Жігітек-Жандос батыр егжей-тегжейлі толық жырланған, дастанынан бізге жеткені аз, ұмытылған, жоғалған.
Атақты Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында «Бұл бір адам айтқысыз ауыр кезеңде» ата жауымыз жоңғарларды талқандауға қазақ батырлары баға жетпес ерлік, теңдесі жоқ үлес қосты. Сол замандағы батырдың бірі, бірегейі, ірі тұлға, туған елім, жерім деп қан сорып, қан түкірген, тектінің тұяғы, қыранның қияғы, қаһарлы батыр Жігітек-Жандос деді.
Алтайдың ақиығы Оралхан Бөкей «Айпара Ана» деген еңбегінде «Жігітек 9 жасында ат жалын тартып мініп, бес қаруын асынып, Терісаққан өзенінен жауға аттанды»- дейді.
1723-жылы жоңғарлар жетпіс мың жасағын жеті он мыңдыққа бөліп, шабуыл жасады, қазақ халқы ауыр қырғыншылыққа ұшырады. Халық ата қонысынан, ата-жұрттан ауды.
Тобықтылар Жайықтан асып Ордың Қара ағашына дейін барды. Мұғалжар мен Терісаққан, Ырғыз, Қоскеңгір өзендерінің көп жылдар Торғай Ақтөбе бойын мекендеген Тобықты Әнет бабаның інісі Әйтек ұрпағы Олжай балалары Айдос, Қайдос, Жандос Үш Олжай деген атпен тарихта қалды (Абай жолы).
Олжайдың ортаншы ұлы Қайдос Қаратауда қалмақпен болған соғыста өлді. Әйелі Айсана Бөкенші 3 жаста, Борсақ (азан шақырған аты - Шегедек) емшекте екі баламен жесір қалады. Қазақ зыңдан, түрме салмаған. Тәуір асын аузынан жырып, сыйласына сақтаған. Жетімін тастамаған, жесірін қаңғыртпаған. Ата салт-дәстүрі бойынша сол әулеттін біреуіне немесе сүйген, ұнатқан адамына қосады. Айсананың көңілі бойдақ қайнысы Жігітек-Жандоста болады.Үш Олжайдың үлкені Айдостың құдай қосқан қосағы, жары Айпара абысыны Айсанамен күндес.Екеуінің қосылғанына кедергі жасап, алдырмайды. Әріден бізге жеткен тарихта айтылғандай Айдос- жуас, момын, шөккен түйеге өздігінен міне алмайтын, ырыс-құт қонған, шемен-шартық болған.
Кіші кенже қайнысы Жігітек–Жандосты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, өз мүддесіне пайдаланған. Бұған ашуланған Айсана еліне, әулетіне жетімі мен жесірін қаңғыртқан деген сөз ерсін, сүйектеріне, тұқымдарына өмірі мазақ, қара таңба болсын деген егеспен, екі баласымен қалмаққа сатылып кеткен сартқа тиіп кетеді.
«Кіші қайным Жандос - ұрпақ қымбат, қанымызды жат жұртқа жауыңа ит емгендей телміртпе. Екі тамшы қан – екі ата ел. Тұқымсыз әке қу сүйекпен тең, аған Қайдосты тұқымсыз дегізбе, ел үшін адал өліммен аттанып кетті. Асығыстық-қатер, қысылғанда медеу, сүрінгенге сүйеу, жалқы жолдасын – сабырлық. Тірі әкелуге шаман келмесе, өлтіріп кет, ертең жау болып өзіңді шабады. Өмір тар, кесіп айтқаным - шешіп айтқаным»- деді Айпара.
Жандос Торғайдағы Терісаққан өзенінен 9 жасында қалмақпен қазақтың майдан шебіне аттанып, жан алып, жан берісіп, шыдамдылық, табандылық, қажыр-қайратпен екі інісін – Бөкенші, Борсақты ботасы өлген түйенің екі емшегіне теліп, емізіп, қоржынның екі басына екеуін салып, түйенің беліне асып, артып елге алып келеді.
Айпара анамыз емшек сүтін бермесе де, елік сүтін беріп асырайды. Жандос-Жігітек қалмақ шолғыншыларының қолына түседі, қайдан келесін дегенге бошалап кеткен түйемді іздеп келемін дегеніне бес қаруын асынған Жандосқа сенбей, секем алып, кигізге орап, астына от жағып, бырысып қалай өлер екен деп, сайқы-мазақ етісіп отырады. Аспанда бір топ қара бұлт пайда болып, жаңбырдың исі сезіліп, күн күркіреп найзағай шатырлағанда, шошынып, әбігерге түсіп, қалмақ шолғыншылары аттарына міне салып шаба жөнеледі. Кейгіз өртеніп, әулие, киелі әруақтылығы басым болып Жандос-Жігітек тірі қалады. Осы әруақтылық қасиет қан арқылы тұқым қуалап үлкен Ұлы әруақты Кеңгірбай Биге және немересі Ералы әулиеге дарыды. Бұл трихи шындық. Ауылдың ғұлама ақсақалдары: Сартта бала көп болушы еді, жанында басқадай балалар болды ма?- деп сұрапты. Болды, жауды аяған жаралы, кек қуады деп өлтіріп кеттім -, депті. Қазақ жолы қанағат, Жігіт-ақ екенсін, Жігіт-ақ, Жігіт-ақ! – деумен елі, халқы Жандосты Жігітек деп атап кеткен.
Олжайдың баласы Айдос, Қайдостан кейінгі кішісі, кенжесі болғандықтан да Кішекен деп те атап, ел Кішекен ауылы деседі. Азан шақырып қойған аты Жандос- Жігітек-Кішекен елі қойған ат.
Ел көшкенде күш көлік, мықты сабаз, атан түйелер. Бір жуас түйеге қомдап, екі кебеже артады. Бір кебежеге жетім Бөкенші, Борсақты, екінші кебежеге шемен-шартық Айдосты салып, аумайтындай етіп теңестіріп, арқанмен тартып, байлап қояды. Айпара қайнысы Жандосқа өзінің немере сіңілісі Әшкенді алып беріп үйлендірген, қосқан. Ескі тарихтан бізге жеткен:
Айпара Әшкенменен абысынды,
Жігітек ортаға сал табысынды.
Шартығы мен жетімін теңдеп алып,
Елменен салысып жүр жарысынды – деген сөз қалған.
Тарихи деректерге сүйенсек Айпара ана орта жүздің Керей елінен шыққан, ел бастаған, қол бастаған батыр, Ер Жәнібектің қызы.
Абылай екі жүз шолғыншы жасақты басқарып келе жатып, жаудың негізгі әскерлері тұрған жеріне тап болады. Абылай асқан ерлік көрсетіп, шағын қолмен шабуыл жасайды. Бұл жөнінде Ямышев бекінісінің коменданты Сібір губерниясының кеңесіне 1741 жылдың 1 маусымында жіберген мәлімдемесінде қалмақтар оларды қамап алып, сұлтан Абылайды жанында болған серіктерімен барлығы 35 адам ішінде Жолбарыс сұлтан, Жандос, Байқозы, Арғын батырлары бар деп жазылған.
Абылайдың қалмақ тұтқынынан 1740 жылы 1 қыркүйегінде құтқарылуы Ресей өкіметі Жоңғар хандығына Орынбордан жіберілген майор Миллер бастатқан елшілігінен еш нәтиже шықпай, Қалдан-Церен қабылдамай, кейін қайтарып жіберген. Абылай тұтқында серіктерімен екі жылдай болады. Қалдан-Церен Абылайдың кемеңгерлік қасиетін түсініп байқаған, өз саясатының мүддесіне пайдаланбақшы болады. Көкірегінде көзі, көкейінде өнеге сөзі бар қызыл тілдің шешені, Орта жүздің құты Қараменде биді қалмаққа елшілікке аттандырады. Келген қазақ елшілеріне қалмақтың қонтайшысы Қалдан: кәзір алдарыңнан бір-біріне ұқсас, бәрі бірдей киіндірілген жүз жігітті үш рет өткіземін. Соның ішінен тани алмасаңдар, хандарың жанындағы серіктерімен мәңгілік құлдықта қалады – деп шарт қояды. Елшілерден едәуір жерден бір рет өткізіледі, екінші рет өткізіледі, Абылайды ешкім тани қоймайды. Қазақ елшілері тығырыққа тірелгендей күй кешкен сәт туады. Енді үшінші рет өткізе бергенде Қараменде би алға шығып: Хан қарашы біз тұғыр, тұғырына мінбеспе!- деп саңқ етіп, төрт тағандап тұра қалғанда, Абылайда саптан сып беріп, оның арқасына отыра қалыпты. Абылайды тұтқыннан босата отырып, оған жоғары мәртебелі сый-сияпат көрсетеді, қалмақтың бір сұлу қызын қосады. Кенесарының әкесі Қасым сұлтан осы әйелінен туған деседі.
Екі жыл тұтқында болғанда жоңғарларға жасалған ең жойқын соққылар, табандылығымен, жүректілігімен, тапқырлығы мен батылдығына, батырлығына тәнті еткеніне мыңбасы Жандос-Жігітек батырға текті, кекті, дүбірің күшті, алып қаһарман батырсын деп, пайғамбардың ақ туын сыйлаған.
Тоғыз жасынан жауымен жағаласып, шепті бұзып, жан алып, жан беріскен, қазақ батырларымен тізе қосып, бір ұлыстан, бір әулеттен үзеңгі дос, сыйлас болған, бір әулеттің, бір атаның баласы аға –інілі Мамай батырға Жандос-Жігітек батыр мына аяусыз ажал келіп, шәйіт болсақ кейінгі ұрпақ бізді қайдан іздейді, тіріміз өлгенімізді, Түркістанға Әзірет сұлтанға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлейік деп серттеседі. 1752 жылы отыз жыл ат үстінде ұрпақ үшін қан төкті, ақылы мен қайратын, халқының бақыты мен бостандығына, азаттығына жұмсады.
Айтылған Уағда-серт бойынша батыр Мамай інісін Жандос-Жігітек батырды қалын қолмен апарып, қазақтың талай асылдарын қойнына алып жатқан Түркістанға қамырының басына найзасы мен ақ туын қадап қойып жерледі.
Тегін адамның Түркістанға жерленбейтіні тарихтан белгілі. Ол жерге хандардың ханы, батырлардың батыры, даңқы жер жарған әлемге әйгілі тұлғағалар ғана жерленеді. С. Сейфуллинның басына күн туғанда, шәкірттерін де қудалауға салған. Қырғыз асыңдар сендерді де тек қоймайды – деген Сәкеннің ақылымен шәкірті Тұлғажан ұлы Бөпебай ақын, журналист жол-жөнекей Түркістандағы бабасының басына тәуіп етіп сыйынады. Бабасы Жандос батырдың басына қойылған құлпытасында туған, өлген жылы өшіп қалған екен. Хадымша ескі әріппен жазылған. Оны Бөпебай оқи алмай, бір ғалым өзбекке оқытыпты.
«Арғын руының атақты қол бастаған батыры, руы- Тобықты Олжайұлы Жандос-Жігітек рухы»- деп жазылыпты. Ақ тудың шетінен ырым етіп, жыртып алған белгі білініп тұр. Менде шетінен жыртып, қамыр топырағын қоса тұмар етіп тігіп, аруағына сыйынып, мойныма тағып алдым.
Доссыз өмір бос, жауда болса бір досың болсын. Шын дос кеудеден жан шыққанша, бұл нағыз дос. Адал достық өмірлік ұлысқа ұран.
Жандос-Жігітек батырдың ұлы Тобықтының Кеңгірбай Биі: Біз Мамаймен «Әке жолдас, өлім ортақпыз»- деген ұран Құдайдың сөзіндей, аруақтың көзіндей тарихта қалды.
Мамай батыр 100-ге келіп, Шыңғыстауда қайтыс болып, батыр Жігітек Жандосұлы Кеңгірбай Би – әкемді қойып еді, мойнымда қарызы бар - деп Мамайды Түркістанға апарып жерледі. Достықтың дәлелі осы. Кездесумен қоштасудың арасын жалғастырып жататын адалдық пен амандық, қимас дос, сыйластық – алтын тақтан кем емес. Достықты түсіну – Қиямет. Асыл арман өз халқының қара дауылдай өксігін, мұңын, зарын, ауыр қайғы мен қасіретін көрген Жандос-Жігітек батыр қара нардай азаттық пен бостандықты арман еткен. Тәуелсіздік алғанымызға байланысты Хандар мен батырларымыздың 550 жылдығында іске асты.
Алдына кеп тәу етсең де қай күні,
Еске салар Ерлік пенен Қайғыны.
Мына тұрған қола мүсін, бауырлар,
Біле-білсек, атамекен айбыны.
Совет Орынғожаұлы Шаланов
Еңбек ардагері
Қасиетті Кеңгірбай би
Ау, Би ата, ардағым,
Қоғамның көріп азғанын.
Ұғымынан ұрпақтың,
Ұмыт бола жаздадың.
Ел шетінде жатып- ақ,
Еліңді бірақ қорғадың.
Дертті адамды емдедің,
Кекті адамды арбадың.
Қайда жүрсек әйтеуір,
Қолдап жүрді аруағың.
Т. Жанғалиев
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп халқымыз бекер айтпаған. Кеңгірбай би ата ерекше қасиетті, ойлы философ, кемел ақыл иесі, батыл да, батыр жүрек, өткір, өр мінезді, турашыл, бірбеткей, екі сөйлемейтін, жасқанып, жасуды білмейтін, қайсар, алғыр, сертіне берік, өзіне қатал, кем- кетік, жетім- жесірге мейірімді, рахымды, ашық- жарқын, көпшіл, опасыздыққа, өтірікке, зұлымдыққа кекшіл, жаны қас, дос- жатқа абыройлы, сыйлы, отбасы, жақын туыстарына ерекше қадірлі, намысқой, әділетшіл, шұрайлы, тілге бай, сергек, сезімтал, бос сөзге сараң, ұғымтал, талапты, киелі, саясаткер, көсем, елші, батыр, ақын, ойшыл, білімпаз, психолог, заңгер, тәрбиеші, шыңдалған шешен тілді болған. Осы қасиеттердің барлығы бір кісіден табылса кемел- дана болмай қайтеді. «Ақыл- арқан, ой- өріс, тіл- қазық» деген осы. «Би дегенің – бір кемел, жүз жылда туады», -деп Төле би тегін айтпаса керек.
Өз заманындағы исі Тобықтының көсемі, иесі, кейінгі ұрпақтарының киесі, сиынатын аруағы болған Кеңгірбай би 1735 жылы Кеңгір өзенінің бойында туып, 1825 жылы Шыңғыстауда дүние салды. Елдің жердің қасиетін танып білген Шыңғыстауды Тобықтының құтты мекен етіп, таңдауы ерекше қасиет.
Тобықтының Кеңгірбайы – болат тұлға, ақылы зор,
Алдынан бұрын байқар- құрылса тор.
Кешегі «қол күші, қол найзаның» заманында,
Тобықтыны Шыңғысқа әкеп, қондырған – ол.
Кеңгірбай би мен Мамай, Тоқтамыс, Қарабас, Жанан батырлары бастаған Тобықты жұрты Семейтау, Көкен, Шаған өзенінің бойында, Қарақорық , Шыңғыстауды сілемелі Қыдыр, Орда, Көкен, Доғалаң, Ащысу өңіріне ертіп ірге тебеді. Бұл 1780 жылы шамасы болу керек. Сол кезде Шыңғыстауға келген Тобықтылар бір ауылда 60 үй, 9 ауыл болыпты.
«Келгені Тобықтының осы маңға,
Мың жеті жүз сексенге тақалғанда.
Елді бастап әкелген Мамай батыр,
Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға»,- деген өлең жолдары сөзімізге дәлел бола алады.
Қараменде би Кеңгірбай би Шыңғыстауды мекендеп, қоныстануға келгенде жер жағдайы таршылық етеді. Келешегін ойлаған Қараменденің елін- Данадан Тобықтыны бастап, қанатын кеңге жайып, «өрісіміз өссін, қонысымыз кеңейсін» деген ниетпен Балқаш бойына көшуінің бір себебі осы еді. Тағы бір себеп Қаракең көрші қоныстанған қалың орыстан сескенсе керек. Олай дейтініміз бірде Қаракең Би атама:
Бұл күнде орыс тақау, «Шошқаның құлағы» көрініп тұр. Бұрынғы жайлаған Сырдың бойына көшейік ,- деп ұсыныс айтады.
Би-еке, ойландым мен, кері кетелік,
Атты да, атанды да ұзақ жолда терлетелік.
Көп тобырдың табаны талқы деген,
Аты жақсы Дариядан әрі өтелік.
Сонда, Би ата жеріне жұт жүрмейтін, халқына жайлы Шыңғысты қимай:
Орта жүздің құты едің, Қараменде,
Сірә, сендей ұл тумас дара пенде.
Керегедей Шыңғысты қия алмадым,
Неде болса қаламын осы жерде,- дейді.
Қайран Биатам етектен алуға төніп келе жатқан қалың орыстан қанша сескенседе шын мәнінде Шыңғысты қимаса керек.
«Тобықтыны керегесі мықты, босағасы берік, шаңырағы биік, терезесі тең, басқа елге айбындыда, айдынды ел еттім. Өткенге салауат, барға қанағат. Енді, Алладан ұрпағым өсіп, молайып, Еңкейсем Ертіс, шалқайсам Шыңғыс болуға жазсын!»- деп бата берген екен Би атам - Кеңгірбай би. Тобықтыны шоқтай жиып, шашыратпай, қиып түсер алмастай қайрап, ежелгі ата қоныс хан Шыңғысқа мәңгілік орнықтырды. Қиыншылық «Ақтабан шұбырынды» жылдары Кеңгірбай би атаны паналап барған халыққа қорған болып, оларды басы байлық құл мен күң емес, әке - шешеден туған ұл мен кыз ретінде қабылдады. Қиналған жетім- жесірлерді өзекке теппей, түртпектеп шет қақпай жасамай, қамқорлық жасап, қол үшін беріп, бауырына басқан. Өз заманында өнегелі тәрбие беріп, халқын өсіріп, жеткізіп, бүгінгі күнге жеткізген. Адалдықты ту етіп әділетсіздікке қарсы шығып, қиын күндері елін, жерін сақтап қалды. Өз заманында дау дамайды, әділ шешіп татулықты, береке бірлікті қалыптастыруда ел аузында қалған мына әңгімеден Кеңгірбай бидің тектілігін көруге болады.
Арғынның «Бура» деген елінде бірнеше жылдан бері бір барымта дауы шешім таппай жүреді. Бура елінің басты адамдары сол дауға билік айтуға Қаракесек биі Тіленшіге жүгінеді. Бұлар Тобықты адамдарынан көрген зорлығын айтып Тіленшіні қайрап салады. Мұны Тобықты биі Кеңгірбай сезеді. Осыдан екі би қырғи- қабақ болып жүреді. Тіленші Тобықтыларға тыйым сала береді. Оны Кеңгірбай тыңдамайды. Бір жолы Тобықты елінің жігіті сол елдің бір қызымен сөз байласып, алып қашады, қуғыншылардың Ақшал деген біреуі Шаған өзенінің мұзы ойылып, аты суға құлап, қызыл шұнақ аязда ұшып өледі. Екі арада қақтығыс болады. Енді бұрынғы барымтаға құн дауы кеп жалғасады.Сол екі дауды шешу үшін Тіленші би екі жүздей қолмен: «Тобықтыны шабамыз,»- деп атқа қонады. Тобықтының қариялары асып - сасып Кеңгірбайға барады. Кеңгірбай оларға:
- Саспаңдар, бір мәнісі болар,- дейді.
- Тіленшінің алдынан шықпайсызба?- дейді ауыл адамдары. Сонда Кеңгірбай :
- Менің атым арып, тоңым тозған шағым ғой.
«Тапқыр едің Көбейім,
Бұлбұл еді көмейің.
Жайымды менің көріп тұрсын,
Тіленшіге мен не дейін.
Мен үлкен басымды иіп, олардың алдынан шықпаймын. Әлгі бір Жүзбенбет өлеңші бар емес пе еді? Соны шақырыңдаршы,- дейді. Біреуі барып он алты жасар Алтыбай ақынды ертіп келеді. Кеңгірбай оған:
- Бір атқа мін - дағы Тіленшінің алдынан шық! –дейді. Алтыбай бала Тіленшінің алдынан шығып, салем берсе, олар салемін алмайды. Тіленші:
- Мына бір тайға мінген кімнің баласы ? – деп, оны адам екен демейді. Сонда Алтыбай бала:
Мен Алтыбай бала өлеңші,
Сіз – Бекболатұлы Толенші.
Ата тегін жақсы еді- ау,
Ата тегін болмаса.
Ел бүлдірген өренші,
Алдыңа келгенде.
Әділдіктен бұзылдың,
Ата – анасы бізбе едік.
Терісінен соққан қызылдың,
Сен бұл барғаннан барарсың,
Бес- алты тай аларсың,
Елге бүлік саларсың.
Адалыңды арам қып,
Бір пәлеге қаларсың.
Ұры кетер түн асып,
Ақ бұлды адал құн кетер.
Барымтаға ұласып,
Талассаң талас, жарқыным
Өзіңді- өзің таларсың,- депті.
Тіленші ойланып қалады. Бұл баланы Кеңгірбай әдейі жіберіп отырғанын сезеді ол. Үлкен- кіші бәрі ақыл қосады:
«Бұл барғаннан барарсың, бес- алты ай аларсың, елге бүлік саларсың. Құн дауы барымтаға ұласып, екі ел өшігіп кетер. Өзіңді- өзің таларсың» деп Кеңгірбай би түп атамыз Арғынды айтқызып отырғой. Қой, райымыздан қайтайық. Барып іс мәнісін айтайық, Кеңгірбай өзі не дер екен?»- деп Тіленшілер аттан түседі. Тобықтылар оларды сыйлап күтеді. Дау шешіміне жақындағанда өзінің ақ ордасында отырған Кеңгірбай би тағыда әлгі Алтыбай баланы шақырып алып,
— Бар Тіленшіге салем айт, мына алтын жүзігімді алсын да, сөзді созбай тынсын,- деп жұмсайды. Алтыбай ақын алтын жүзікті әкеп Тіленшіге береді. Сонда Тіленші:
— Би ағамыздың мұнысы: «Адам өлген Бура елі тобықтыдан қалың малсыз бір қыз алсын да, құда- жекжат боп төс қағыстырсын. Ал, барымта дауы өзінен – өзі шешіле жатар дегені ғой. Біз көндік, бітім осылай болсын,- деп, бұл дауды қорытыпты. Екі ел сонымен құйрық- бауыр жесіп, алыс- беріс салтын жасап құда – жекжат боп татуласып, тарасыпты.
Би ата ұрпақтары аруағына тағзым етіп, құрметтеп 1996 жылы Абай атындағы совхозға Кеңгірбай би атамыздың есімі берілді. Ауыл орталығынан 2002 жылы тамыз айында Би атаның ескерткіші орнатылды.
Қасиетті ата қоныс топырағында иелік алыптардың атасы, даналардың бабасы, ұлылардың ұстазындай иелік еткен Әнет баба бар. Абай, Шәкерім, Мұхтардай дана тұлғаларды мақтан етіп, ұрпақтары бас иеді. Жас ұрпақ бүкіл халқымыздың ары мен ұяты, намысы, ерлігі мен елдігін жоғары қойған дана Би атаны мақтан етеді. Алтын бесік туған жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, аманат етіп бізге қалдырып отыр. Қасиетті мекеннің қадіріне жетіп, қасиетін ұғып, қастерлеп, халқымыз даму үстінде. Әдебиет пен мәдениеттің меккесіне айналып, ұлы данышпан Абай атамыздың биыл 170 жыл толу мерекесін атап өтуге дайындық үстінде. Абай жерінде туып, өскен әрбір жас ұрпақ қасиетті бабалар өсиетін, даналығын танып білуі парыз. Киелі Абай ұрпақтары жер тарихын, ел тарихын танып біліп, бабалар рухына тағзым етеді.
Назкен Уалиева
Шәкерім атындағы орта мектептің
тарих пәнінің оқытушысы
Кеңгірбай би ауылы
Қасиет қонған Қоңырәулие үңгірі
Ұланғайыр еліміздің қай түкпіріне барсаңызда, бейне бір шебер суретшінің қолынан шыққандай табиғат көріністері жиі кезігіп жатады.
Соның бірі Шыңғыстаудың сырт жағында, Шаған өзені бойындағы, Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18-шақырымдай жердегі Ақтас тауындағы Қоңырәулие үңгірі.
Қоңырәулие үңгірі табиғи құбылыстың негізінде пайда болған. Ақтас бойында орналасқан үңгірдің ауызғы қуысы сырттан қарағанда елеусіз келеді. Үңгірдің аузы өзеннен 500 метрдей жерден басталады. Ені 80 м, биіктігі 1,5 метрдей болатын жіңішке дәліз арқылы кіргенде кеңейіп сала беретін үңгір бітісі сан алуан пішін ала отырып төменге беттей береді. Жіңішке дәлізбен солға бұрылғанда орасан көрініс ашылады. Үңгір кеңейіп сала береді. Үңгірдің оң қанатынан қуыстар ерекшеленіп көрінеді. Бұрын осы қуыстарда шалқалай жатқан әйел затының тастан қашалған мүсіндері болған деседі. Қариялардан жеткен сөзге сенсек, осы қуыстарда ерте де 15 шақты балбал тастардың болғанын айтады.
Үңгірмен әрі жүрсеңіз үңгірдің төбесі көтеріле береді де, алдыңыздан ғажайып көрініс ашылады. Үңгір төбесі шырқап аспандап кетеді. Бұл шаңырақты бөлме, егер төбедегі шаңырақты жалпақ қабатты тас түндік баспағанда, аспан көрініп тұрар еді.
Үңгір күрт төмендейді де, кесек тастар тіктеп келіп мөп-мөлдір көлге әкеледі. Көлдің көлемі жер асты су деңгейінің құбылуына байланысты өзгеріп отырады. Оның ұзындығы-25 м, ені-10 м, тереңдігі 1,8 метр, суы мөлдір, тұщы. Көл суының кереметі туралы ел ішінде сан түрлі әңгімелер айтылып жүр. Шынында да көл суы жылдың төрт мезгілінде де бір температурада болады. Суға неше рет түссеңізде тоңбайсыз. Суға түскен адамның тыныс мүшелері ауырып, дем алуы қиындап кетсе де, судан шыққаннан кейін, тыныс алуы жеңілдеп, денең сергіп сала береді. Қазіргі кезде көлді қасиетті орын деп келетіндер, суына жуынып-шайынып, тәу ететіндердің саны жыл санап артып келеді.
Бұл үңгірдегі бірінші көл туралы сөз болса, үңгір түбінде көлемі 35х5 метр болатын екінші көлдің бар екендігін осыдан 5-6 жыл бұрын Алматыдан, Астанадан келген ғалым, профессорлар зерттеп кетті. Ол кісілердің айтуынша Қоңыр әулие түбіндегі көл жер асты теңізімен байланысып жатыр дейді...
Қоңырәулие үңгірі суының қасиетімен ғана емес, өз атауына байланысты айтылатын тарихи оқиғаларға да бай. Мен өзім көрмесем де, көнекөз қариялардың айтуынша, үңгірдің ішінде Абай атамыздың есімі арабша жазылған тас та болған деседі. Ал сыртында С.Мұқанов, М.Әуезовтың есімдері жазылған тастары болған деп айтады. Бірақ кейіннен бұл тастар әртүрлі себептермен жоқ болып кеткен. Кейбір деректерге қарағанда Абай атамыз бұл үңгірге жиі келіп тұрғандығы айтылады. Ақынның Петербордан келген ұлы Әбішті бір топ жолдастарымен сергіп қайтсын деп Қоңырәулиеге жіберуі ғұлама жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының «Өкініште» атты тарауында кеңінен баяндалады.
Әбіш тас мүсінге көз салып «Әулие мінекей! Мынау төсекше қашалған тасты көріңдерші. Мынау бас, мынау иық кескіні!.. Ұзын дене, бойы былай кетеді? – дейді қасындағы Мағаш пен Кәкітайға қарап. Рас, Әбіш «ҚоңырӘулиенің» сұлу мүсінді емес екендігін, бірақ адам бойына тілеген қуат, қиял еткен қайрат байқалатындығын, баяғы адам қиялшылдыққа келгенде, ешкімнен осал болмайтындығында айтып еді. Әбіш жолдастарымен үңгірден шығып, сырт жағындағы бірнеше қорым бейіттерді көріп таңдана қараған кезде Абайдың інісі Көкбай бұларға бір хикаяны баяндап береді. Жоңғарлар қазақтардан қорғану үшін осы Қоңыр Әулиені паналаған. Абылайдың қолы осы Арқаны бойлап, қуа соғысып келе жатқанда осы қалмақ қолынан тұтқиылда қатты соққы көреді. Үңгірге кіріп, бекініп алған қалмақтар бұларға алғызбай қояды. Сонда Абылайдың қойған шартына сай жаудан айласын асырған Қаракерей Қабанбай батыр «Дарабоз» атанады.
Тарихи тұлға Шыңғыс ханның жерленген жері де осы Қоңыр Әулие үңгірі деп те айтылады. Үңгір түбіндегі көлдің ішінде құпия есік бар, сол есік тау астындағы үлкен үңгірге апарады. Сол жерде Шыңғыс хан жерленген деген де қауесет бар. Бұл тарихи аңыз дегенмен шындық та болуы мүмкін.
Қалай десекте бұл аңыз бен ақиқат. Солай дегенмен де суы дертке шипа болған, талай тарихты бүгіп жатқан Қоңырәулие үңгірінің ашылмаған сыры мен жұмбағын көпшілікке танытып, зерттеп шындыққа көз жеткізу болашақ ұрпақтың қолында.
Ғабдуллина Шолпан
Тоқтамыс ауылдық
кітапханасының
кітапханашысы
Күшікбай батыр
Күшікбай – ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген қазақ батыры. Орта жүз Уақ тайпасынан шыққан. Батыр жайындағы нақты деректер мардымсыз болғанымен, ел ішіндегі аңыздан мәлімі, қоныс еткен жеріне тосыннан шабуылдап, ауылдастарының малын тартып әкеткен ойрат-қалмақтардың соңынан түре қуып келіп, осы жерде айқасқа түскен. Өн бойына шешек қаптап, ауыр халде жатқанына қарамастан, атқа қонған ол жаудың бетін қайтарғанымен, жарақаты ауырлап, жасы 20-дан енді асқанда осы жерде найзасына сүйеніп тұрып жантәсілім еткен. Ұлы жерлес жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Күшікбай батыр 21 жасында дүние салған екен. Ерте күннен батыр атағын алған. Ол қолбасы атанған тұста шешек тиіп, көп уақыт қозғала алмай жатып қалады. Осыны білген дұшпандары оны қапыда алмақшы болады. Кек буған батыр жалаңаш денесіне желбегей жамыла салып, жауға атой беріпті. Жауын жеңген ол осы асуда ат үстінде найзасына сүйенген қалпы жантәсілі етіпті» деп суреттейді. Күшікбай Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен белгілі батырлардың бірі. Ол батырлығына қоса нашарға қайырымды, әділдігімен аты шыққан адам.
Күшікбай кезеңі - Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. Семей қаласынан Абай еліне дейін 60 шақырымдай, Арқалық тауынан асатын тұсты «Күшікбай кезеңі» деп атайды. Арқалық тауының биік төбе басында Күшікбай батыр жерленген. М.Әуезов «Қорғансыздың күні» деген әңгімесінде Күшікбай кезеңінде болған қайғылы оқиғаны шынайы бейнелеген.
Семейден ұлылар мекенін бетке алып, Қарауылға жол тартқанда алдымен көзге түсетін өзгеше мекен бар. Ол – дерекке бергісіз аңыздарымен әйгілі Күшікбай батыр бұлағы. Қойнауына қасиет тұнған қарт Шыңғыстауға жол ашатын қақпа іспетті көрінетін бұл жердің өткен-кеткен жолаушы үшін жөні бөлек. Себебі ұлы Абай топырағына аяқ басқан жан алдымен осы Күшікбай бұлағының басына аялдайды. Жай ғана тоқтамай, тұнық суды қасиет тұтып, арнайы ыдыстарына да толтыра алып кетіп жатады. Тау бауырынан сарқырай ағып жататын бұлақтың ерекшелігі сол – қыста қатпайды, жазда да суы бір толастамайды.
Бұл жердің тарихи мәні зор, ұрпақ үшін ұғымы терең. Алғаш рет ел аузындағы Күшікбай бұлағының баяндалуы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде көрініс табады. «Қорғансыздың күнінде» баяндалған оқиға 1914 жылы болған екен, М.Әуезов оны 1921 жылы жазған.
Ерте күннен жортуылға аттанып, уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағанына қарамай, талай қиын-қыстау сәтте ақыл тауып, қажымас қайрат, ерен ерлік көрсеткен. Осындай өнерінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен. Соңғы жылдарда көздеген мақсаты қолбасылық болып, аяғында оған да жеткен.
Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен...»
Бұл – жоғарыда сөз еткен Әуезов шығармасындағы үзінді. Жазушының жазықсыз зорлық көрген Ғазиза қыздың тағдырын суреттеген әңгімесіндегі осынау шағын үзінді уақыт өте келе Күшікбай батырдың тарихта қалуына түрткі болды.
Кейіннен Шыңғыстау сырының құпиясын ашар кілт іспетті Күшікбай батыр бейітінің басына монумент қойылып, көпшілік көкейіндегі игілікті іс жүзеге асты. Салтанатты шараға қатысқан Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов Күшікбай батырға белгі қою тек бір ғана мақсатты көздеген біржақты іс емес, жалпы қазақ батырларына көрсетілген құрметтің көрінісі екендігін атап өтті.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Күшікбай батырдың басына тұрғызылған монумент «Күшікбай батыр» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жүзеге асқан болатын. Тарихи нысан құрылысы 2010 жылы қолға алынған. 20 шақырымнан көз тартатын батырдың дулығасы пішіндес монумент Маңғыстаудан әкелінген ақ таспен көмкерілген. Маңдайшасындағы қазақтың домбырасы мен еркіндікке ұмтылған аққудың да өзіндік айтар сыры бар. Ал дулығадан сәл кейінірек қойылған белгітастың оң қапталына найзасы мен қалқаны орналастырылған. Ертістің жағалауынан әдейілеп әкелінген алып тастың бетіне ақын Т.Жанғалиевтің батыр жайындағы толғанысы бедерленген. Тұғыртасы мәрмәрмен қапталған монументтің дулыға пішіндес болып иіліп келуі ұлылар мекеніне апаратын қақпа бейнесінде де көрінеді. Монумент эскизінің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, СМПИ көркемсурет-графика кафедрасының меңгерушісі Мадвақас Сексенбаев.
Семейде бір күн түнеп, Жидебайды бетке аламыз. Жидебай бағытына бет алған жолда алғаш болып тоқтаған орнымыз Күшікбай батыр асуы болды. Күшікбай асуы – Семейден 51 шақырым қашықтықта орналасқан Арқалық тауынан асатын тұсы. Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. Күшікбай бұлағының тарихы да ерекше. Бұлақ басында Абай да, Мұхтар да талай болған
тарихи орындардың бірі.
Сондай-ақ, Абаймен 25 жыл жолдас болған ақын әрі шәкірті Көкбай Жанатаев та осы асуда 1925 жылы Омбыға бара жатқан жолында көз жұмған. «Күні бүгінге дейін Шыңғыстауға бет алған жолаушылар осы бекетке тоқтамай өткен емес. Батыс жақтағы ана тау үстіндегі бейіт -Күшікбайдікі. Осы өңірді иемденгісі келген жауларының зорлығына көнбей, бұлақ басында күші басым топқа қарсы шауып, қаза тапқан батыр азамат» деп жерлес жазушы Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат атты кітабында жазылады. Батырлар –ел қорғаны. Өлкемізге ерекше еңбек сіңіріп, үлес қосқан адамдарды, тарихи тұлғаларды дәріптеу борышымыз бен міндетіміз.
Әсел Жүнісова
М.Әуезов атындағы орта мектептің
тарих пәнінің мұғалімі
«Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы»
Жетінші ұрпаққа жеткен жәдігерлер
Қазақ - қалмақ соғысының бас қаҺармандарының бірі, толарсақтан қан кешіп, елін, жерін ақ найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған даңқты батырларымыздың бірі – Лақаұлы Тоқтамыс. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, кейбір шежіре деректерге сүйінсек Тоқтамыс батыр 1730-шы жылдардың шамасында Әзіреттің Қаратауындағы Жылыбұлақ деген жерде туған. Тоқтамыс батырдың ерлік шайқастары Абылай ханның жасағында ерекше көзге түсіп отырады.
«Тоқтамыстай ер біткен қазағыма
Дұшпанының көнбей кеткен мазағына
Сырдың бойын шулатып үш Ту алып,
Жоңғарды талай салған азабына»
Байкөкше ақын
Тоқтамыс – хан күзет жасағының басшысы
Абылай хан қолбасы батырлармен бірге шатырда қымыз ішіп отырған – ды. Бір мезетте қала қақпаларын сырттай торуылдап жүрген күзет жасағының басшысы - Тобықты Тоқтамыс батыр ішке кірді. Бұл қазір немере ағасы Мамай батырдың туын ұстап қалған, кейінгі жас буын арасында көзге түсіп жүрген, дәмелі жігіттердің бірі еді. Сол Тоқтамыс кірген бойда шұғыл хабар жеткізді.
-Хан ием! Ішінде қала басқағы Молла Самсы бар, бір үлкен топ Ташкенттен шығып, осылай қарай беттеп келеді. Осында келіп, сіздің дәргейіңізге бас ұрмақ – деді ол ентігін баспаған күйі ханға тәжім етіп.
-Келсін... Көрейік, саудагерлердің қалай сайрағанын! Абылай көңілденіп қалды. – Ал өзің жақсы хабар әкелгенің үшін хан шарасынан қымыз іш! – деп қолындағы сырлы аяқты қымызға толтыртты да, Тоқтамысқа ұсынды.
-Рахмет, хан ием! Мен үшін бұдан өткен құрмет жоқ! – деп жас батыр әлдебір киелі затты ұстағандай қымыз толы шараны аузына таман апарды да, дем алмастан басына бірақ төңкерді.
Тоқтамыс батырдың жәдігерлері
Тоқтамыс батырдың туы мен қару - жарағы, найзасы, ұрпақтан ұрпаққа беріліп бүгінгі күнге дейін Тобықты Ескене ұрпақтарының ішінде Қарсамбекұлы Әбіштің әулетінде үш ғасырға жуық сақталуда. Себебі Тоқтамыс батыр - Әбіштің төртінші атасы. Ел үстіне аласапыран туған кездерде Әбіш ақсақал туды шапанының астына тігіп алып, ал қару-жарығын тау ішіне жасырып ұрпақтарына мұра еткен. Тоқтамыс батыр үш соғысқа кіріп үш туға ие болған. Кейіннен жас батырға риза болған Мамай батыр өзі бір кезде Көкенай батырдан алған Тобықты туын іні батыр Тоқтамысқа табыс еткен.
Тоқтамыс батыр өмірден өткенде батырдың туы жылына дейін көтеріліп тұрған.
Зұлмат жылдары батыр ұрпақтары бұл туды шапанның астарына тігіп, жасырып сақтап қалған екен
Қазір Тоқтамыс батырдың туы және найзасының ұшы Әбішев Ақылтай Нұрымханұлының үйінде сақтаулы. Ақылтайдың Нұртай-Жадыра, Елнұр-Сандуғаш атты ұл - келіндері, Бауыржан - Лаура, Роллан - Жанар атты күйеубала, қыздары бар.
Тоқтамыс батырдың қылышы Әбішев Нұрымханның үлкен ұлы Несіптай Нұрымхановтың үйінде сақтаулы. Несіптайдың Нұржан-Лаура, Арнұр- Гаухар атты ұл-келіндері, Нұрым-Айнұр, Шаған-Гүлнұр атты күйеубала, қыздары бар.
Шаған шайқасы
Тоқтамыстың алғаш көзге түсіп, жүрек жұтқан ерен ерлігінің тұңғыш танылған тұсы – атақты Шаған шайқасы деседі. Бұл тұста жас Тоқтамыстың осы ұрыстағы кейбір ойда жоқ жерден жөн тапқан, қысылтаяңда жол тапқан ептілігі мен тапқырлығы айрықша сөз болады. Шаған соғысы 1750-ші жылдардың орта тұсында болған. Бұған хан Абылай бастаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қостаған атақты батырлар тегіс қатысады. Бір шайқаста қазақ тобының саны азайып қалады. Соны байқаған Абылай:
Енді жауға өктеп шабуға болмайды. Қол қарасын Жоңғарлар байқап қалды. Қаша ұрыс саламыз - дейді. Осы кезде топ ішінде тұрған жас батыр Тоқтамыс аттан түсіп, ханның алдына келіп дат сұрайды.
Датың болса айт – дейді Абылай, жас батырдың тұлғасына риза болып. Тоқтамыс:
-Жау беті қайтып тұрғанда санымыз аз деп жасқанып қалғанымыз жарамас. Ескіден жол бар емес пе еді. Аттың құйрығына қараған, шеңгел, бұта байлап жауға қарсы ұран сап шапсақ, шаң тозаңнан жоңғарлар қолдың санын байқай алмайды және көп екен деп алаңдап қалар, сірә! Аз ойланған Абылай жасы үлкен аға батырларына қарап:
-Япыр – ай, мынау қозыке баланың сөзінің жаны бар екен. Нар тәуекел, аттың құйрығына байлайтын шеңгел, қараған, бұта шауып әкеліңдер деп - бұйырады. Осы қанды шайқаста жау жағы шаңдата шыққан қазақ қолының аздығын білмей дүркірей қашады. Сол қашқаннан мол қашып, ақыры Шаған тауының бір тас үңгіріне барып паналайды. Осы жолы Абылай қолы үлкен жеңіске жетеді. Бұл соғыс кейіннен «Шаңды жорық», кейде «Қалмаққырған» деп аталады.
Жорықта айтылған үңгір – Қоныр әулие үңгірі Шыңғыстау жоталарында ауызы тар қуыстан кіретін, ішінде суы бар, ел ішінде қасиетті орын деп табылған табиғаты құдыретті мекен. Осы үңгірге бірде қазақ, бірде қалмақ паналаған, үнгір алдында шәйіт болғандардың зираттары бар.
Аягөз шайқасы
Тоқтамыстың ерекше ерлік көрсеткен тұсы Аягөз шайқасы. Бұл мөлшермен 1756 жылдары болған. Осы ұрыста иісі орта жүздің ұранын шақырып, жекпе – жекке түскен Тоқтамыс батыр қалмақтың бір емес, екі батырын өлтіреді. Ол кездегі соғыс жекпе – жек рәсімі бойынша екі жақтың батырлары қандай қару қолданатынын келісіп алады. Үлкендердің айтуына қарағанда Тоқтамыс батыр бес қарудың бәріне де ұста болған. Әсіресе, найзагерлігімен ерекше даңқы шыққан. Сол ұрыста жекпе – жекте өзімен айқасқа түскен қалмақ батырының екіншісін найзаласып жүріп жайратып салады.
Мұндай аңыз Тоқтамыстың ерлігі жайлы көп айтылады. Соның ішінде батыр бейнесін айрықша танытатын жаумен соңғы шайқасы дейді жұрт. Жоңғарлармен кезекті бір соғыста қара санынан уланған найзаның ұшы тиіп қатты жарақат алады. Алайда ұлы жорық , қантөгіс үстінде сол жараланғанын ешкімге білдірмей жарасын таңып алып қайта шайқасқа шығады. Сөйтіп жеңіске жетуге күш салады.
Ел ауызында Тоқтамыс батыр туралы тарихи аңыздар өте көп. Соның бірі батырдың айнымас, серігі, әрі рухы атақты «Көкбөрі» туралы әңгіме. Батырдың Көкбөрісі ол жорыққа шығардың алдында дөң басында басын ауылға беріп жатады екен. Егер жортуылда батырдың жолы болатын болса, Көкбөрі Тоқтамыстың алдына түсіп үнсіз жортып, жол бастап отырады екен. Егер Көкбөрі соғыста жеңіліс табатындай болса басын ауылдан басқа жаққа қаратып, теріс қарап жатады екен. Және батыр жорыққа аттанғанда көзіне түспей қояды-мыс. Көкбөрі бір – ақ рет Тоқтамыс батырдың көзіне көрінбей жоғалып кеткен. Сол ұрыста батыр жау найзасына шаншылып, санынан жарадар болып қайтады. Осы жара уақыт өте асқынып кетеді. Үлкендердің айтуына қарағанда Тоқтамыс батыр өзінің өткір сапысын алып, қара сандағы, қоң еттегі іріңдеген жараны ойып алып, лақтырып тастаған екен.
Қырылған сон қалмақтар жаман сасқан,
Нұржайсын Шәуешектен аса қашқан.
Ата қоныс арқаны босатып ап.
Қазақ келіп қолмақтың орның басқан
Шәкәрім
Еңді батырларымыз жер шолып, қоныс іздеген. Сонда Арғынның бір бұтағы – Тобықты елі Шыңғыс өңірін мекен еткен. Шұрайлы қоныс үшін талас - тартыста Тоқтамыс батыр бастаған Жуантаяқ батырларының да өзіндік шешімі болған. Бұған дәлел «Шор қашқан» оқиғасының болуы және оқиғаға байланысты «Қырық ошақ», «Алтауыт», «Шөпті қақ», «Бала көксенгір» жер атауларының болуы.
Соғыста алған жарақаты жазылмай Тоқтамыс батыр мөлшерімен 1797 жылдары қаза тапты деседі.
Тоқтамыстың зираты Абай ауданының орталығы Қарауылдан 12 шақырым жерде Шыңғыстаудың жотасында орналасқан.
1993 жылы 270 жылдығына арналған үлкен ас беріліп, Тоқтамыс батыр кесенесі Маңғыстаудың ақ тасыннан тұрғызылды. Бұл игілікті шараға сол кездегі савхоз директоры Ә. Мұздыбаевтың ұйымдастыруымен көптеген азаматтар қатысқан екен.
- Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» кітабы «Ақырғы айқас» бөлімінде Тоқтамыс батырдың хан жасағының басшысы болғаны айтылады. 2005 жыл Тоқтамыс батыр туралы алғаш дастан жазған Балғынбайұлы Байкөкше ақын, руы Қабас.
- Алпысыншы жылдары Қарсамбекұлы Әбіштің үйінде бір ай жатып жыршы, әңгімешіл Әбіш ақсақалдың баяндауымен абыз ақын Шәкер Әбенов «Тоқтамыс батыр» дастаның жазды.
- Жағыпар Жүнісжанұлы «Отыз әулет – мың ұрпақ» шежіре, дерекнамасында Тоқтамыс батыр ұрпақтары туралы мәліметтер бар.
- Шежіреші қарт Жағыпар Жүнісжанов «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» атты кітап жазды 2003 жылы. Бұл кітапқа 15 азаматтың жинақтаған шежірелері, әнгімелері қамтылды.
- ШҚО, Абай ауданы бұрынғы «Қызылту» савхозы – қазір Тоқтамыс ауылы деп аталады.
- Әбішев Ақылтай інілері Несіптайұлы Нұржан, Несіптайұлы Арнұр және балалары Нұртай, Елнұрмен ауыл кіреберісіне қақпа орнатты. Ауыл әкімі А. Садырбайдың ұйымдастыруымен ауыл азаматтары қатысты
Тоқтамыс батыр кесенесі
Айжан ҚАБДЫРАХМАНҚЫЗЫ
Тоқтамыс ауылдық округі
Күмбір-күмбір кісінетіп...
Биылғы жылы Егемен ел атанғалы бері қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы тұңғыш рет аталып, елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жүктелген міндеттер орындалып жатыр. Бұл қазақ елі үшін тарих беттерінде қалатын ең маңызды мереке болмақ.
Есім хан тұсында өмір сүрген атақты жырау Ақтанберді Сарыұлының мәңгілік мекені Құндызды жерінде жатыр.
Ақтамберді Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратау жерінде туып - 1768 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Жүрекадыр ауылында жерленген. Атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.
Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтамберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он екіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он екі жасында- ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.
Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.
Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.
Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай рөл атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.
Ол 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болған. 1738-1752 жылдары қазақ-қалмақ арасында болған қанды қақтығыстардың барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау болған. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.
«Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы.
Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады. Бұл өсиет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып бүгінгі күнге жетті.
Қазірде бүкіл әлем мойындап, алдағы дамыған қуатты 30 іргелі елдің қатарында болуды болжап отырған еліміздің мемлекет болып қалыптасуы мен алғашқы хандарымыз туралы тарихи мерекенің аталып өтілуі өскелең жас ұрпақтың қазақ жеріне, ұлтына, мемлекетіне деген мақтаныш сенімін және отансүйгүштік рухтарын арттыра түседі. Қазақ хандығының тұсында өмір сүріп, елін, жерін жаудан қорғаған Ақтамберді батыр-жыраудың ерлік, өсиет-өнегесі – өзінен кейінгіге қалдырған мол мұра.
Гүлназ МЫРЗАХАНОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Бақытжан СЫДЫҚОВА,
жастар ісі маманы
