Абай елі
«Ырысай» көлі – ырыстың көзі.

Әкем жарықтық жер тарихын, ел тарихын бір кісідей білетін жан еді. Сол кісі Қарауыл ауылынан Семей қаласына тура тартатын қасқа жолдың «Арқалық» кезеңіне жете бергендегі сол жақ бүйірінде қалатын шағын көлді «Ырысай» көлі дейтін. Айтуынша бұл жерді ертеректе әйгілі Тобықты-Ырғызбай әулетінің «Мырзатайдан» тарайтын бір жұрты мекен етіпті. Әулеттің үлкені де, ірісі де Ырысай деген кісі болыпты. Адамның ала жібін аттамайтын адалдығына, шыншылдығына риза болған Құнекеңнің өзі оған жері құнарлы, бұлақ көзі мол, әрі ащылы-тұщылы суы бар көлдің маңайын беріпті. Көлдің «Ырысай» аталуы да сондықтан. Құдайдың құдіреттілігін қараңыз. Осы көлге сонау аштық жылдары ғайыптан қара балықтар пайда болып, Шыңғыстаудың бауырынан Қара Ертіске қаптап шұбырған қалың ашарықтар балықты аша, айырмен аулап, осы жерде жан сақтап қалыпты.
Сол «Ырысай» әлі бар. Күні кешеге дейін бұл көлге бұрылып қараған адам да болмады. Қатты ыстықта қаққа айналып, қарлы көктемде қайта толығып отырады. Көлдің тәп-тәуір көзінің бар екенін де ешкім білген емес.
Былтырдан бері «Ырысай» көлінің атағы тағы да «дүр» ете түсті. Жақсылық та, жаманшылық та жата ма?«Бәтір-ау, «Ырысай» көліне балық бітіпті, ең кішкентайы – білектей, ең үлкені – құлаштай екен» деген алып қашты сөздер желдей есті.
«Өзен, көлдері жаз ортасында тартылып, арнасы ырсиып ашылып қалатын Абай ауданында қайдағы балық, сендер де айтады екенсіңдер» деп сенбегендер де табылып жатты.
Шыны керек, біз де аң-таң болдық. Мен баяғыда әкем айтатын қара балықтар қайта пайда болған шығар деп ойлағанмын да қойғанмын. Бір күні балам үйге «Сазан» аталатын ақ балықтың бірнешеуін алып келді. Сіздерге өтірік, маған шын, ұзындығы – білектей. «Ырысай» көлінен қармақ салып аулап алдық» дейді балам күліп. Қуырып, дәмін таттық. Тіл үйіреді. Тойларда өзіміз құмарланып жеп жүрген балықтардың әкесіндей.
Істің ізіне түстік. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, көлдің иесі табылыпты. Ол өзіміздің елдің азаматы, көп жылдары аудан шаруашылықтарын басқарып, білікті басшы, білімді маман атанған Жансап Сәдібек екен. Телефон шалып, тауып алдық. Бізді көл басына қонаққа шақырды. Ауыл ақсақалдары: Манатай Толғанбаев, Боташ Орынбаев, Кемтан Оспанов, Серікхан Әбеуовтер бас қосқан шағын отырыста көп нәрсенің басы ашылып, бағыт, бағдары айқындала бастады.
- Осы көлге сонау кеңестік үкімет кезінде, дәлірек айтсақ, 1987 жылдан бастап көзім түсіп жүретін еді,-деп бастады сөзін көл иесі Жансап Сәдібек. Ол кезде Мұхтар Әуезов атындағы совхоздың мал маманы болатынмын. Көлдің маңайынан әрі өтіп, бері өтіп жүргенде «шіркін, осы көлге балық өсірсе» деген балаң ойдың қылаң бергені де рас. Бірақ ол кез – «кісідегінің кілті - аспанда», «қолда бардың қоғам игілігінде» тұрған шағы қой. Ой мен қиялың қайдан жүзеге ассын. Армандағанмын да қойғанмын.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын, сол арманға қайта оралдым. Егемен ел болдық, еркіндік бар, еңбек етемін, табыс табамын деген адамға ай жарығындай ақжарылқап заман туды. Елбасымыз екі күннің бірінде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жалықпай айтып жатады. Қой, мен де талап пен жігерді қолға алайын деп осы көтерілмей жатқан тың сияқты тәуекелдің шаруасына қойып кеттім. Алдымен көлдің айналасындағы жерді жалға сатып алдым. «Көл қамыссыз болмайды, қамысты көл балықсыз болмайды» демекші, сонау «Озеркадан» қамыс тасып, жалаңаш жатқан көлдің жағасына ектік. Қыста қар тоқтаттық. Балық жейтін әртүрлі минералды тыңайтқыщтарды көл бетіне шаштық.
Мамандардың ұсынысымен «Карась» деген балықтың уылдырығын сатып алып суға жібердік. «Карась» (қазақшасы «Мөңке») азулы балық, ол көл түбін кем дегенде жарты метр қазып ұйықтайды екен. Бір жылда көлдің көзі ашылып, су деңгейі көтеріле бастады. Келесі жылында Күршім ауданынан алты жүз мың «Карп» деген балықтың уылдырығын тірідей әкеліп шаштық. Бұл кәдімгі «Сазанның» бір түрі. «Сазанды» – арқар десек, «Карп» - қой. Өте өсімтал жәндік.
- Байқайсыздар ма?,- деді Жансап біздің назарымызды айнадай жарқырап жатқан көл жағасына аударып, ендігі қауіп – қамыс көбейіп барады. Оны тез арада азайтпаса, көлдің тынысы тарылады. Тыныс тарылса, балық та, суда жоқ. Сол үшін биыл күзде көлге «Белый амур» (қазақшасы «Ақ амур») деген балық жібереміз. Оның қорегі – қамыс.
Шыны керек, біз бір кездегі Жансапты танымай қалдық. Қасымызда зоотехник Сәдібек емес, ихтиолог отырғандай көрінді.
Әңгімеге араластық.
Барған қонақтардың бәрі бірінен соң бірі іліп әкетіп, сұрақты төтелетіп жатыр.
- Бауырым – ау, осының бәрін осыншама уақыт бойы жарылып кетпей ішіңе қалай сыйдырғансың. Аудан халқы еттен басқа ештеңе жемейді. Мына балығыңды неге әкеліп сатпайсың?,- деп кешегі кеңес тұсында ауданды басқарған Боташ Орынбаев ағасы сұрақты төтесінен қойды.
- Кедергі болмаса, етек, жеңіміздің кеңейіп, құлашымыздың ұзарып кететін түрі бар,- деді Жансап әңгімесін әрі қарай жалғап. Көл басыбайлы біздікі болмай тұр. Жердің иесі болсақ та, судың иесі біз емеспіз. Демек, судағы балық та, өзіміз өсіргенмен өзгенікі. Толық құқымыз жоқ. Сондықтан да болар, қаладан, даладан келген «браконьерлер» күндіз, түні тор құрып, иесіз балықты қаптап алып кетіп жатыр. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожан жоқ». Барсақ, құжат сұрайды. Ол бізде әзірше жоқ. Облыстық, республикалық ауыл шаруашылық басқармаларына, тіпті, Министрлікке бірнеше рет хат жолдадық, жауапсыз қалды. Бұл мәселемен аудан басшылары да толық хабардар. Олар да «көмектеспеймін» деп отырған жоқ. Шамалары жетпей жатыр. Қазақшалап айтқанда, көл суының нақты қожайынына айналуымыз қажет. Жазығымыз – біз бір кезде қаққа айналып, құрып бара жатқан көлдің көзін аштық, табыс көзін таптық, амал не, қайран еңбек адыра қалатын түрі бар.
Ботекең жылдам адам ғой, «лып» етіп сөзге араласып: Ой, ондай бөгет болмайды, аудан ардагерлері атынан тікелей Елбасына шығамыз, ол кісінің өзі туған жерді түлетіңдер, өзен, көлдерін қорғаңдар деп жатқанда қол қусырып отырғанымыз ұят емес пе?-деп қалды. Оны әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің бауырында өсіп, білім алған, Тобықты-Ырғызбай әулетінің, оның ішінде осы Ырысай бабамыздың тікелей ұрпағы – Манатай Толғанбаев та қолпаштап қойды.
Осы уақытқа дейін көлді көтеруге Жансап үш-төрт миллиондай ақшасын жұмсапты.
Аз қаражат емес. Сол қайран еңбек қолдау тауып, қолғабыстық көрмесе, желге ұшып кететін түрі бар.
Көлдің дәл қазіргі аумағы да үлкен. Ұзындығы мен ені бірдей екі-үш шақырым. Соған орай балығы да баршылық. Жансаптың шамалауынша, 100-150 тоннаға жетеді. Қайта биылғы қыста «Карасьті» түп – тұқиянымен құртып алыпты. Мұз қалыңдап, қолмен оюға келмей тұншығып өліпті.
Кедергінің басы – жердікі сияқты, көлге де тендер өткізу керек. Ал, оны өткізуге не ауданда, не Семей қаласында арнайы шарт – құжат жоқ. Ешкім білмейді, біріне – бірі сілтейді. «Жаны ашымастың жанында басың ауырмасын» деген осы. Бетінде мөр басылған біржапырақ қағаз –қаншама шаруаға қол байлау болып тұр.
Елбасымыз кәсіпкерлікті дамытуға оңды-солды еркіндік бергенмен, мәселені жұмсақ креслода отырып алып шешетін бюрократтық жүйеден әлі де арыла алмай келе жатқанымыз қарын ашырады. Ойланатын шаруа.
«Тіршілік болса, көлдің айналасына тұтастай ағаш егемін, ол – қыста қар тоқтатуға, көктемде көл суын көбейтуге септігін тигізеді. Әрі демалуға, балық аулауға келгендерге саябақ. Көл басына қонақ үй саламын. Аудан орталығынан арнайы балық өнімдерін сататын дүкен ашамын, балабақшалары мен мектеп жасына дейінгі оқу орындарын арзан бағалы балықпен қамтамасыз етемін»,– деп Жәкең алдағы армандарын да айтып салды.
Қолында қаржысы бар, дәулеті шалқып тұрған азаматтың бұл армандарының ойдағыдай жүзеге асатынына біз де кәміл сендік.
Алдымызға буы бұрқырап үйме табақ ас келді. Кәдімгі қойдың құйрық майына баптап қуырылған балық еті. Бас салдық. Бейне бір аштан келгендей асап жатырмыз. Іліп алар сүйегі жоқ. Қылқыта бересің.
«Бұл «Карп» деген балық. Қазақшасы- «Тұқы». Еті өте майлы, әрі дәмді келеді. Семейдің көк базардағы бағасы жоғары. Бір килограмы – 1200 теңге. Осы балықты қырық жыл атом қырғынының астында болған аудан халқы, әсіресе, жас балалар жесе ғой, шіркін» - деп қалды ел азаматы Жансап Сәдібек.
Сары қымыз сапырылды. Бұл да осы азаматтың үйірлеп өсірген жылқысының өнімі. Дәмі – балдай. Тіл үйіреді.
Бірер сағаттың ішінде сарайыңды ашар саф ауа. Мұрын жаратын жусан иісі. Жайқала өскен көк шалғын – туған жер табиғатының ештеңеге айырбастамайтын таңғажайып көрінісі мен рахатын көз алдымызға жайып салды.
Дәл кетерімізде Семей қаласынан асай – мүсейін асынып бір топ адам келді. Ештеңеге қарайтын емес. Сасқалақтау да, абыржып, абдырау да жоқ. Дәл бір әкесінің үйіне келгендей «иесіз көлге» иелік жасап жатыр. Манағы Жәкең айтқан «браконьерлер» осылар екен. Ел көзінше қармақ салған болып, кеш бата ау құрып, таң ата қаптап алып кететін көрінеді. Баратын жері – базар.
- Аулай беріңдер, тек ау құрмаңдаршы, бауырларым,-деп Жансап дауыстаған болды. Олар бізге бұрылып та қараған жоқ. «Бізде не шатақтарың бар. Біз де сендер сияқты демалушылармыз» деп сес көрсететін сияқты. Не шара?!
Ал, ырыс көзі – «Ырысай көлі» болса, «бәріңе де жетемін, бірақ құрдымға кетіріп, құртып алмаңдар» дегендей батыстан соққан баяу желмен сәл-пәл толқынданып, жалдары жарқыл қағып мөлдіреп жатты...
Төлеген Жанғалиев
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Абай ауданының Құрметті азаматы.
Абай ауданы,
Қарауыл ауылы
Шәкәрімді атқан кім?

Нәстілек ақсақалдың дерегі
Жыл сайын Атамекенім – Шұбартау өңіріне барып тұрамын. Ата-бабама рухына Құран қатым түсіре салысымен, Абай ауданы мен Шұбартаудың шекарасында орналасқан Малкелді ауылына асығам. Малкелдіде өңір тарихының терең білгірі, ескі адамдардың соңғы көзі, шежіреші Нәстілек Сәменбетұлы тұрады. Жылдағы әдет бойынша былтыр да барып, сәлем бердім.
Менің қызықтаратын дүние белгілі: төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы араласып кететін қос өңірдің тарихы, Шұбартаудан шыққан тұлғалар, Абай мен Шәкәрім, оның шәкірттері мен араласқан адамдары туралы әңгімелер. Былтырғы барған сапарымда Нәстілек ақсақалмен даланы шарлап жүріп бірсыпыра дүниенің басын шалғанбыз, соңыра үйінде жата-жастана әңгімелестік.
«Әй, сен бала мынаны білесің бе, ал, мына жағдайды естіп пе едің?» - деп еліктіріп алып, әңгіме бастайтын Нәстілек аға осы жолы біраз сырдың тиегін ағытты.
Сол кезде диктофоныма мына бір әңгімені жазып алып едім. Әңгіме Шәкәрімнің оққа ұшқаны туралы. Ара-арасында қызықты деректер де ұшырасады. Соны қол босаған уақытта қағазға көшіріп, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.
Нәстілек Сәменбетұлы: Совхоздын директоры едім. 1982 жыл. Нақты есімде. Көктемнің лебі енді сезіле бастаған шақ, наурыз айы.
Ауданның бірінші хатшысы Шаймағанбет Мақашев хабарласты. Облыс орталығы Семейде совхоз директорларының аймақтық активі болады, соған жолға шық деді. Аякөзге барып, ары қарай қарай пойызбен не автобуспен жететінбіз. Мен олай жүруді қаламадым да, «Ойбай-ау Шәке, маған Қайнар жақпен барған жеңіл» деп айттым.
Содан жолға шықтық. Бір жерге келген кезде көлігімізге жанармай құйып алайық деп тоқтадық. Анадай жерде бір топ адам тұр екен, арасынан бір келіншек шығып, бізге қарай жүрді. «Аға, сәлеметсіз бе, сіз Семейге жиналысқа бара жатқан кісі сияқтысыз ғой, мен де соған бара жатыр едім, ала кетесіз бе?» - деп өтінді.
Ала кетейін деп едім, әлгі келіншек қасымда тағы 2 адам бар еді, оларды да ала кетсек деп тағы қиылды. Көлікке сияды ғой, келістім. Келіншек бір топ адамның ішінен екі үлкен кісіні ертіп келді. Жолға шықтық. Екі шалдың бірі сымбатты кісі екен, аяғына хром етік киген, үстінде сәнді макинтош кәстөмі бар, қалада тұратыны жел мүжімеген мәрмәрдай бетінен көрініп тұр. Екіншісі алдағы бір ауылдан түседі екен. Оған мән бермедім, екі көзім әлгі кеудесі қайқайған ақсақалда.
Екі ақсақал мен келіншек артқы орындыққа жайғасты. Өзім көліктің алдыңғы орындығына міндім. Қозғалғаннан сәл кейін, әлгі сергек ақсақал жөн сұраса бастады. Осылай да осылай Шұбартаудан келеміз, совхоздың директорымын, пәлен-түген деп жатырмын. Таныс-білістіктен кейін: «ал енді жол қысқарсын, ақсақал әнгіме айта отырыңыз!» - дедім. Көпті көргені білініп-сезіліп тұрды. Біз де ауылдың қарияларының әңгімесін естіп өскенбіз, мына шал бекер жүрген адам емес деп іштей ойлап келемін. Сәл уақыт өткен соң, қозғалақтап ап жөткірінген жаңағы сымбатты шал сөз бастады. «Қарағым рахмет, енді біздің жолымыз болды, сен мінгізіп алдың, мен саған бір осы күнге дейін айтылмаған бір әңгіме айтып берейін» деді.
1931 жылы деді, 20-ға толмаған кезім. Комсомолмын әрі Шыңғыстауда милиция қызметкері едім. Қиын кезең, бір жерде кісі өлтіріп жатыр, біреулер Қытайға қашып жатыр, ел ішінде ашаршылық жайлаған, кәмпеске, айдау, несін айтасың, алмағайып уақыт. Бір күні бастығымыз шақырып алып мына екі офицерге еріп, арбаны айдайсың, үшеуің барып қаладан жаңа милицияның формасын, ауданға қару-жарақ әкелесіңдер деп арбамен Семейге жіберді. Апыр-топыр барып, керек дүниені алып келдік. Су жаңа форма кидік, қаруландық. Сөйтіп жүргенде мамыр айы болды. Бір күні «ойбай, Елтай Ерназаров келе жатыр, Жорғада Өгіз тауда жиналыс өткізіпті, Шұбартау көтерілісіне қатыстың деп 9 ауданның басшысын партиядан шығарып, Сібірге айдатып жіберіпті» деген әңгіме жетті. Содан кейін барып Абыралыға, енді міне Қарауылға келе жатыр екен деп жатты. Содан «Ерназаров келеді» деп біздің бастықтар жанталасып, 2-3 үйді әрең тікті, жағдай жоқ, қиын уақыт қой енді. 2-3 үйді тігіп өздерінше бізді күзет ретінде босағаға қойып қойды. Үстімізде су жаңа форма, қолда жаңа мылтық. Қылшылдаған жаспыз, бәрі қызық бізге. Содан Елтай келді, халықты жинап, мәжіліс өткізді, жағдайды айтты. «Осылай да осылай, Қазақстанды ашаршылық жайлады, мен осының бәрін астанаға орталыққа жеткізем, жағдайларыңды түзеймін» деп елдің көңілін аулады.
Ал енді оған дейін халықтың ішіндегі дүрбелеңді тиятын, Қытайға кетіп жатқандарды тоқтататын, көтерілісті басатын араларында беделді кім бар? Кімнің сөзіне халық тоқтайды деп сұрады. Жиналған жұрт біраз үнсіз тұрды да, «Шәкәрім ғой, Шәкәрім қажы! Одан басқа кіміміз бар?!» деп ұлардай шулап кетті. Кешегі Құнанбайдың ұрпағы соны айтқанына ғана халық тоқтайды, әйтпесе басқа біреудің сөзін керек етпейді деп жатты. Ерназаров: «Ендеше, сол кісіні шақырсаңдаршы маған, қажыларыңмен дұрыстап сөйлесейін» деді.
Содан басшылар екі қос атпен екі жас жігітті «Шәкәрімді алып келіңдер» деп жөнелтті. Шәкәрім де алыс жерде жүрмеген болу керек, бір күннің ішінде тауып, ертіп әкелді. Қажекең үлкен тор жорға атпен келді, қолында сарыала қамшысы бар, басына елтірі тымақ, үстіне жеңіл шапан, аяғына саптама етік киіп алған. Шапанының бір етегін қайырып кісесіне қыстырып алған екен, үйдің тура алдына кеп түсті. Ерназаров сыртқа шықты. Қажы ағамыз «ассалаумалейкум!» деп амандасты да жерге жайғаса кетті. Сәлемдескеннен кейін Ерназаров кеше елге айтқан сөзді қажыға қайталап айтты. «Мына халық сенің ғана сөзіңе тоқтайды дейді. Сен үгіт-насихат жүргіз, халықты бас» деді. Үш рет қайталап айтты. Шәкәрім ләм-мим деген жоқ, үнсіз ғана тыңдап отырды. Сол бойы жұмған аузын ашқан жоқ. Ыңғайсыз бір жағдай болды. Қажыдан сөз ала алмаған Ерназаров үйге қарай бұрылып кетті. Шәкәрім қамшысына сүйеніп тұрды да, етегін сілкіп-сілкіп, тізесін қағып жіберіп, торы атына мінген бойда Шақпаққа қарай кетті. Келген басшы артында состиып тұрып қалған аудан басшыларына қарап: «бәріңді бүлдіріп жүрген осы қажыларың екен» деп түнеріп кетті. Шәкәрім өз бетіне кеткен, Елтай Алматысына кетті. Күз болып қалды. Күнде кісі өлімі. Ел іші тыныш емес. «Күзде Рамазанда екі мұғалімді өлтіріпті, анабір Олжабайды өлтіріп кетіпті» деген әңгіме гу-гу етеді. Содан бандыларды ұстау керек деп Семейден бір жазалаушы жасақ келді.
Жасақты Қалитов деген татар басқарып келді. Қарқаралыдан бір отряд келді. Оның басшысы Қарасартов деген кісі екен.
Мұздай қаруланған екі отрядтың қатарына жерді білетін адамдарды жинады. «Сендер жерді көрсетесіндер, Шыңғыстаудың ішін сүзіп шығамыз» деді. Сол жасақтың біреуіне мен де қосылдым. Жас жігітпін, комсомолмын, қолымда жаңа қару, үстімде жаңа форма, оның үстіне ат берген. Жұлқынып тұрмын. Содан шықтық, Шыңғыстаудың ішін сүзіп келе жатырмыз. Бір кезде сібірлеп ақ жаңбыр жауды. Қазанның алғашқы күні. Екі жасақ екі жақты қатар сүзіп келе жатқан едік, кенет сайдан қоламта бықсып жатқанын байқадық. «Мәссаған, бандылар жаңа ғана кеткен екен» деп дереу аттарымыздан қарғып түсіп қарап жаттық. Тездетіп атқа қонып, біраз жүргеннен кейін анау сайдан әлгі өзім көрген торы атқа мінген бір кісі тастақ жерді сатыр-сұтыр еткізіп шыға келді. «Банды әне кетті!» деп тұра кеп қудық. Әлгі кісіге жақындап қалғанда бірден таныдым. Шәкәрім қажы екен. Татар Қалитов мылтықты сілке көтеріп, тартып жіберді. Саннан тиді. Көріп келеміз. Шәкәрім аяғын қайыра ұстаған бойы, мына қолында тізгін мен винтовка бар, аттың басын қайырып көлденең тұра қалды. «Атпаңдар! Атпаңдар! Мен сендерге керек адаммын! Мен Шәкәрім қажымын!» деп айқай салды. Калитов сөзге келген жоқ, мылтықпен тағы да тартып жіберді. Шәкәрім аттың үстінен серең етіп құлады. Торы аты ойнақтап шыға берді. «Ой, банды ұсталды» деп барып топырлап қарасақ, сол мамыр айында көрген Шәкәрім екен шынымен. Басшылар бандыны ұстадық деп хаттама толтыруға кірісті. Хаттама біткен соң, екі солдатты Семейге жөнелтті де, бір солдатты екі атпенен Қарқаралыға айдады. «Бізге бандыны түйеге өңгеріндер» деп тапсырма берді. Содан 12 шақырым жердегі Рамазан ауылына тарттық. Халықтан жасырынып, түн ішінде келдік. Шәкәрім биік адам, түйеге өңгеріп әрең әкелдік. Ауылдың ақсақалдарын жинадық. «Міне, банды ұсталды, енді ел тынышталады» дегендей әңгіме айтылды. Содан кейін бізге «барыңдар да мына кісіні бір жерге көміп тастаңдар» деп тапсырма берді.
Түйені жетектеген бойда, әудем жерде апан сияқты бір ойпаңдау бір жер бар екен соған қажының денесін сылқ еткізіп тастай салдық та, бетін жаба салдық. Жаназа шығару, құран оқу жоқ қой. Содан кейін әлгі ауылдан таң атпастан аттанып кеттік. Осылай, бауырым. Шәкәрім қажыны осылай опат қылғанбыз.
***
Нәстілек ақсақал біраз үнсіз қалып, сөзін жалғады. Міне, әлгі шалдың маған айтқан әңгімесі осы. Шәкәрім туралы әңгімелерді бала кезімізден естіп өстік қой. Анандай әңгіме айтып отырған жаңағы ақсақалды іштей жек көріп келе жаттым. Содан Семейге іліндік, ақсақалды үйіне жеткізіп тастадым. Ішім аласапыран, көңіл-күйім алай-дүлей боп тұр. «Ақсақал атыңызды айтыңызшы, біліп жүрейін» деп сұрадым.
Есімі Өміртай, фамилиясы Смағұлов екен. Осы оқиғаны ұмытып қалмайын деп әр жерде айтып жүрдім. 1993 жылы «Жұлдыз» журналына жазып жіберіп ем, журнал ол материалымды жариялады. Осы бір әңгімені ертеректе Мерғали Ыбыраев деген ақынға айтып ем, ол Шәкәрімді ұстау операциясына қатысқан көзі тірі Зейнолла деген милиционер бар, сол болуы мүмкін деген. Мен сол атпен «Жұлдызға» жариялап жіберіппін. Кейін түзеттім бірақ. Әлгі ақсақал Абай ауданы «Қызыл ту» совхозының адамы екен, менімен кездескеннен 3-4 жылдан кейін қайтыс болды.
Әділін айту керек ақсақал жаңағы әңгімені зор өкінішпен айтып отырды. Әрине, өзін кінәлі санап отырған жоқ, өйткені ол төменгі шендегі солдат қой. Өлтірме десе де, аналар қояйын деп тұрған жоқ. Шәкәрімнің көзін құрту керек деген нақты тапсырма алған жендеттер ғой.
Нәстілек ақсақал осы жерде көзінің жасын сүртіп, әңгімені ары қарай жалғады.
Енді осы тапсырманы бұлжытпай орындаған Қарасартов пен Қалитов деген кімдер?
Мен саған солар туралы айтып берейін. Қызықтың бәрі осы жерде.
Қарасартов деген Абайда милицияның бастығы болған кісі. Өзі ақынсымақ біреу болған дейді.
Ел аман, жұрт тыныш уақытта Шәкәрімге өлеңдерін көрсетіп, ақыннан өз шығармаларыңызды беріңіз, мен шығарайын деп қажымен қатынаста жүрген адам. Шәкәрім бірақ оны заң қызметкері екенін біліп жүрген ғой, көп жолатпаған сияқты. Ол сонымен бітті. Енді ана Қалитов кім? Өзі татар, патшалық Ресей армиясының офицері. Патшаның әскері қызылдардан қашқанда, мына Калитов деген татар Тобықтыны паналап қалып қойған екен.
Өткен ғасырдың 19-20 жылдары екен, азаматтық соғыс болып жатыр. Ол кезеңді «Ақ қашқан» деп атаймыз. Жер-жерде атыс-шабыс, ақтар большевиктерден қашып жүрген тынышсыз кез. Сол уақытта қажекең Семейдің базарында қымыз ішіп отырған дейді, бір мүсәпір адам келіп анандай жерге барып отырыпты.
Шәкәрім енді гуманист адам ғой. «Оу, ана байғұсқа қымыз құйып берсеңдерші, наннан ауыз тисін!» - деп әлгі мүсәпірді қасына шақыртып алады. Сөйлесе келіп: «Татарсың ба, әлде ноғайсың ба, кімсің өзің?», - деп сұраса, әлгі ашылып сөйлей қоймапты. «Арабша білесің бе, мұсылманша хат танисың ба?», - деп сұрапты Шәкәрім. Әлгі татар «білем» депті. «Арабша білсең, ендеше менімен бірге жүр, біздің ауылдың балаларын оқытасын» деп әлгі мүсәпірге ат беріп, өзімен бірге Шыңғыстауға алып кетіпті. Шәкәрімнің ауылында біраз уақыт жүріп, кейін есін жинап алған соң кетіп қалады. Сол кеткеннен мол кетіп, кейін совет үкіметі жағына шығып, милицияға жұмысқа тұрады. Сол татар – әлгі Шәкәрімді сұлатып түсірген бағанағы Калитов деген қаныпезердің нақ өзі.
Кейін Шәкәрімді атқан әлгі Калитов жынданып өлген екен.
Ал, жаңағы Қарасартов деген екінші жасақтың басшысы «мені бекер қаралап жатырсындар» деп Мағауиннің атына арыз жазып, Мұхтардың соңына түскен ғой. Ал, сол Қарасартовтың ұлы кейін совхоздың директоры болған, одан кейін бірінші хатшысы болды.
Осыдан 5-6 жыл бұрын Қарағанды мен Астана жақтан аңға келген жігіттер «Қарасартыңды тірідей көрдік» деген еді маған. Қап-қара шал екен, дымын білдірмей әкім баласының үйінде кіріп-шығып, ешкімге көрінбеуге тырысып жүр екен. Заман өзгерді, адамдар Шәкәрімді ақтап алды, саясатты біліп тұр ғой, өте қу адам болған. Дегенмен арыздарын бірінен соң бірін жаза берген екен байғұс. Айтатыны: «Баяғы мен кешегі коммунист едім, совет үкіметі үшін күрестім, мені бекер қаралап жатырсындар» деген мағынада.
Еее, бұл қазақ не көрмеген дейсің, қарағым-ау...
***
Міне, ағайын, Нәстілек ақсақалдың Шәкәрім туралы айтқан бір әңгімесі осындай болды. Шежіреші қарттың Абай туралы, ұлы кемеңгерге қатысты кейбір қызықты әңгімелерін келешекте қағазға түсіріп ұсына жатармын. Тек аманшылық болсын.
Деректерді қағазға түсіріп, өңдеген: Ақберен Елгезек,
мақала «ҰЛТ» порталынан алынды
ЕЛІ ЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ
Мамыр айының жайма шуақ күндерінің бірінде, дәлірек айтсақ,12 мамыр күні Шыңғыстаудың топырағынан өсіп-өніп шыққан, өр тұлғалы, даңқты ұлымыз, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны, «самбо» күресінің майталманы, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Таутанов Манарбек Бекенұлы атындағы республикалық турнир VI- рет жалауын көтерді.
Қашанда ұлысын ұлықтап, асылын ардақтаған Абай жұртшылығы бұл жолы да дәстүрден жаңылмай Шыңғыстаудың нар ұлы Таутанов Манарбекті еске алуға арналған қазақ күресінен ересекер арасындағы Республикалық турнирді жылдағыдай кең көлемде атап өтті.
Шыңғыстудың қасиетті қойнауында дүние есігін ашқан Манарбек әкесі Бекеннің өтінішімен жас кезінен бастап Қарауыл ауылында ұйымдастырылған қазақша күрестен КСРО спорт шебері Мағауия Оразбековтың тәрбиесін алған.
1978 жылы Алматы қаласында № 86 мектепте білім ала жүріп ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Темірхан Досмағанбетов, Нұрлан Бейсенбаевтардың тәрбиесінде болады.
Мектеп бітірген соң (1985-1989 жылдары азаматтық борышын өтеп келіп) Қазақ дене шынықтыру институтын бітіріп «самбо», «дзюдо» күрестерінен жаттықтырушы мамандығын алады. 1999-2001 жылдары Туран Университетін сырттай оқып бітірген заңгер Манарбек Алматының мал дәрігерлік институтының дене тәрбиесі кафедрасында оқытушы, жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарған.
Дзюдо күресінен жастар арасында Дүниежүзілік Олимпиадада ең тұңғыш оқушысы Ерлан Слямбаев 1-ші орын алады.
2001 жылдан бастап ҚР туризм және спорт агенттігінің ұлттық командасының бас жаттықтырушысы болып еңбек етеді. Өз ісіне адал, мол тәжірибелі ұстаз, талантты жаттықтырушы, білікті ұйымдастырушы болады.
Манарбек дзюдо күресінен республиканың жоғары көрсеткішке жетуіне 10-15 жылдай қажырлы еңбек еткен. Төрт Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жетпістен артық спорт шеберлерін дайындаған,
Манарбек Таутановқа 1996 жылы «самбо» күресі бойынша «ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы берілді. 1998 жылы «дзюдо» күресі бойынша «ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы тағы да берілді. Манарбек республика палуандарын үлкен Әлемдік биіктерден көрсетті. Халық алдындағы ерекше еңбегі үшін оған ҚР бас бапкері, «Абай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Манарбек Таутановты еске алуға арналған турнир қазақ күресінен талай палуандардың үлкен спортқа қадам жасауына септігін тигізген еліміздегі ең ірі жарыстардың бірі.
Жасындай жарқылдаған батыр ұлды еске алуға еліміздің түкпір-түкпірінен 14 облыс, 2 қаладан 150-ге тарта балуандар жиналды.
Күннің ыстығына қарамастан «Аға сұлтан» алаңына жиылған қауымның қарасы да көп болды.
Қазақ күресі – нағыз текті күрес түріне жатады. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінетін, нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі.
Осындай дүбірлі доданың демеушілерсіз өтпейтіні белгілі.Жыл сайынғы дәсүрден жаңылмай өткізіліп отыратын байрақты бәсекенің өтуіне мұрындық болған Астана қаласы мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықыру және спорт бөлімі, Абай ауданының әкімшілігі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық спорт мектебі азаматтарының еңбегін атап өтпеске болмас.
Осылайша жарыстың ашылу салтанаты басталды. Еліміздің Әнұраны шырқалып, ортаға осы жарыстың бас төрешісі, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Қазақ күресінен жоғарғы дәрежедегі төреші Қайрат Чармухаметов бастаған жарыс төрешілері мен жарысқа қатысушы палуандар шақырылып, салтанатпен халыққа таныстырылды. Жарысың ашылу салтанатында Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сөз бастап Абай елінің абыройын асқақатып, артына өшпестей із қалдырған өр рухты ұлымыз Манарбек Таутанов атындағы Республикалық турнирге қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың шымылдығын ашып берді.
Ары қарай сөз кезегі қазақ күресінің іргетасын қалап, аталмыш спорт түрінің шашбауын көтеріп жүрген Диханбай Дүржанұлы мен Марат Жақыт , Жеңіс Биткөзов сынды спорт ардагерлеріне берілді. Қазақта «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген жақсы сөз бар. Осынау игілікті шараның жоғары деңгейде өтуіне Манарбек Таутановтың жары Гүлмира апай, сонымен қатар Серік Қоржыкенов, Берік Канафин, Зекен Шаймарданов сынды спорттағы үзеңгілес достары мен шәкірттерінің ерен еңбегі екені белгілі.
Боз кілемдегі байрақты бәсекені түсіруге телеарналар да қалыс қалмады. «Ертіс өңірі», «Каз спорт», «Қазақсан-Өскемен» арнасының түсірілім тобы арнайы келіпті.
Үш күнге ұласқан байрақты бәсекенің бірінші күнінде балуандарымыз командалық белдесу бойынша жекпе-жекке шықты. Тартысты өткен жекпе-жекте өзіміздің жерлестеріміз, тасқа салса жарып өтетін қазақ елінің барыстары -Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов бастаған команда намысты қолдан бермей, қарсыластарының жауырындарын жерге тигізіп жеңісті жұлып әкетті. Осылайша Шығысымыздың абыройын тағы бір асқақтатып тастады. (300 мың теңге). 2-орынды Алматы қаласынан келген балуандар (150 мың теңге), 3-орынды Алматы мен Астана қаласынан келген апайтөс батырлар бөлісті. (80 мың теңге).
Бәсекенің екінші күнінде палуандарымыз жекелей сынға түсті. 50 кг бойынша (1-орын) Н.Тұтқышев Қарағанды обл, (2-орын )Б.Жүніс Атырау обл,( 3-орын) Ә.Мұханбетжанов Қостанай обл, Д.Ниетбай Алматы қ.60 кг бойынша (1-орын) Е.Еренқайып Алматы қ. (2-орын) А.Балмаш Қостанай қ, (3-орын) М.Берекетов ШҚО, А.Арыстанбеков Алматы қ 66 кг бойынша (1-орын) Б.Гарипуллаев Жамбыл обл, Н. Тұрсынғазиев ШҚО, (3-орын) Р.Рантаев Қызылорда обл, О.Ілесбеков Алматы қ. 74 кг бойынша (1-орын) Қ.Төленбай Алматы қ, (2-орын) Д.Темірханов Алматы қ, (3-орын )А.Ғалымов Қарағанды обл, Б. Манасбаев ШҚО 82 кг бойынша (1-орын) Ә. Сахан Алматы қ, (2-орын )Н.Сәлімжанов Қостанай обл, (3-орын) Д.Пахриденов Жамбыл обл, Е.Мағауинов Алматы Алматы қ. 90 кг бойынша (1-орын) Б.Ахметбеков Қарағанды обл,( 2-орын ) С.Шәмшиев Алматы қ, (3-орын ) П.Жәмәділ ОҚО, М.Жаңабай Маңғыстау обл 100 кг бойынша (1-орын) М.Тұрсынов ШҚО, (2-орын) А.Қалиев Атырау обл, (3-орын) С.Пак Астана қ, Ә. Жұмахметов Алматы қ. 100 кг жоғары салмақпен (1 орын) Д.Нұралинов Алматы қ, (2-орын) А. Сейтен Астана қ, (3-орын) О. Шынкеев Астана қ, Н. Аманжолұлы Алматы обл.
Жарыстың үшінші күні де жалғасын тапты. Ашық аспан астында төселген боз кілемнің үстінде белдескен ірі денелі батырлар «түйе палуан» атағына таласы. Жан алысып жан беріскен бәсекеде турнирдің түйе палуаны болып – Алматы қаласының мықтысы Д.Нұралинов, (200 мың теңге), 2-орын М. Жаңабай Маңғыстау обл (150 мың теңге) 3-орын О. Шынкеев Астана қ, А. Қалибеков ШҚО. (100 мың теңге) жеңіп алып, ақшалай сыйақылармен марапатталды. Осылайша, алысқанды алып ұратын апайтөс палуандар Абай елін ұлан-асыр дүбірге бөледі.
Жарыстың жабылу салтанаты кешінде жеңіс туын желбіреткен барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Еліміздің спорт тарихында, оның ішінде қазақ күресі мен дзюдоның дамуына айрықша еңбек сіңіріп, соңына ұрпақ жадына ұмытылмас жарқын із қалдырып өткен марқұм Манарбек Таутанов биыл тірі болса 50 жасқа толар еді.
Мұқағали Мақатаев жырлағандай «фәни дүниедегі барша пенде бір сәттік қонақ ғана» Иә, ажал жас таңдамай біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Дегенмен, Шыңғыстаудың киелі топырағында Манарбек Таутановтың есімін ұлықтап, жолын жалғар әлі талай батыр ұлдардың дүниеге келері хақ.
Тоғжан Қалымова
«Абай елі»
МЕРҒАЛИ ҒҰМЫРЫ МӘНДІ ӨЛЕҢМЕН МӘҢГІЛІК
М.Ибраевтың туғанына 75 жыл
Биылғы жыл - Абай елінің руханият саласы үшін, қалаберді поэзия әлемі үшін айрықша атаулы жыл. Себебі, ақын, сазгер, жазушы, драматург Мерғали Ибраевтың туғанына алдағы маусым айында 75 жыл болса, атауы осы ақынның құрметіне қойылған «Ақсұңқар» ақындар сыныбының ашылғанына аттай 20 жыл толыпты. Осынау ерекше мезетке орай Қарауыл ауылында аймағымыздағы мектеп оқушылары арасында «Жас жүрек жайып саусағын» атты облыстық деңгейдегі жыр мүшәйрасы болып өтті.
Ауданымыздың мәдени өміріне ерекше серпін берген шараға даярлық күні бұрын басталған-ды. Алыс-жақыннан жиналған меймандарды аудан басшылары мен Абай елінің зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы топ Жидебай ауылынан қарсы алды. Мерғали ақынның құрметіне орай ұйымдастырылған жыр додасына облысымыздың Тарбағатай, Жарма, Аягөз т.б сынды аудандарынан жас өрен жыр жүйріктері үміттерін үкілеп келген екен. Ал, мәртебелі меймандар арасында Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің қызметкері, Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Атантай Акпаров, Семей қаласынан ҚР Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, Астана қаласынан «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Қалқаман Сарин, республикалық «Мөлдір бұлақ» халықаралық балалар журналы редакторының орынбасары, «Серпер» сыйлығының иегері, танымал ақын Саят Қамшыгер, әдебиет институтының қызметкері Еркін Ғалымов, Ұлан аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі, ақын Аслан Ғафуров және жерлесіміз, жас ақын Арман Шеризатовтар болды.
Алыс-жақыннан жиналған меймандар әуелгі кезекте Мерғали ақын мазарын зиярат етіп, қаламгер рухына Құран бағыштап, қол жайып, дұға қайырды. Бейіт басына гүл шоқтарын қойды. Осыдан соң меймандар мінген көліктер Қарауыл ауылын бетке алып, бүгінде күллі аймағымыз бойынша бірегей руханият ордасына айналған Қарауыл гимназиясына келіп тоқтады. Аталмыш мәдени шараның беташар рәсімінде осынау ақындар сыныбы мұражай болып ашылып, ресми түрде тұсауы кесілді.
Айта кеткен жөн, қазақы қара сөзден қаймақ сүзетін бұл сынып жас буынның әдеби ортасы. Бұл жерден өлең-сөздің теориясын меңгеріп, табиғи талантын ұштаған сан ақын түлеп ұшқан болатын. Аталмыш сыныптың жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиевтің тәлімін көрген Сағадиев Ұлан, Имантаев Айдос, Нұржан Байтөс, Байболов Бақытжан, Алдажаров Мерей, Шеризатов Арман, Жұмакүлбаева Жадыра, Зарина Сайлаубекова, Қуаныш Еркін, Қуат Айтқали, Жайдар Жақсылықов сынды тағы көптеген талантты жастар өсіп шыққан болатын. Бұл орайда, жас ақындардың бапкері Төлеген Жанғалиев түстен кейін өткен мәдени шара барысында аталмыш сыныптың кешегісі мен бүгіні жайлы баяндама жасап өткен болатын.
Тоқтала кетер болсақ, аталмыш ақындар сыныбы Төлеген ағаның мұрындық болуымен 1996 жылы қоғамдық негізде Қарауыл гимназиясының қасынан ашылды. Кейіннен 2000 жылы аудан әкімінің қолдауымен арнайы штат бөлініп, Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбы деп аталды. Айта кетерлігі сол, шәкірттердің алды облыстық, республикалық мүшайралар мен ақындар айтыстарының жеңімпаздары. Сонымен қатар, республикалық Абай оқуларында да жүлде бермей келеді. Халықаралық байқаулардың да жеңімпаздары осы сыныптан тәлім терген болатын.
- «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп өшпес нақыл қалдырған кешегі дана Абайдың өмірлік ұстанымын мен де мақсат етіп алдым. Ол - өлеңге таласы бар жастардың талабын шыңдау. Менің міндетім – тек қазақ өлеңінің құдіретін түсінуді үйрету, өлең жазуға баулу. Жас өрендердің қазақтың қара сөзі мен өлеңін кеудесіне түйіп, түсіне білетін азамат болуы зор мәртебе, - дейді Абайдың ақындық мектебінің түтінін түтетіп отырған Төлеген ағамыз. Ал, осынау бірегей руханият орталығына Мерғали Ибраев есімін беру ақын ағаға деген өшпес құрметтің белгісі екен. Сол тәрізді сынып атауынан жоғарылатып, мұражай атандыру да артта із қалсын деген ізгі ойдан туыпты. Бұл ретте аталмыш шара Мерғали ақынның 75 жылдығымен орайластырылған.
Аталмыш мұражайды жабдықтап, талап үдесіне сай ету үшін мәдениет саласының жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғали Мүсәпірбеков қолдау көрсеткен екен. Яғни, аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, кабинет іші қайта жарақтандырылды. Мұражай төріне осы сыныптан шыңдалған шәкірттер жетістіктерінен арнайы көрме әзірленіпті. Қысқаша айтқанда, күні кешегі Абай, Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Уәйіс сынды өлең дүлдүлдерінің бүгінгі сарқытындай болған Төлеген ағаның ақындық мектебінің түлектері алған белестер туралы мол мағлұмат бар.
Мұражай үшін әкелінген тарту-таралғылар да мол болды. Соның ішінде, заманында аталмыш ақындар сыныбының ашылуына қолдаушы болған, сол жылдардағы аудан әкімі Қонысбай Төлеубековтың атынан шетелдік теледидар тарту етілді.
Бұл күнгі шара барысында зиялы қауым өкілдерін елең еткізерлік бір жаңалық Мерғали Ибраевтың жаңадан жарық көрген «Жұмбақ жолаушы» атты жинағының тұсауы кесілді. Алматы қаласынан «Әдебиетті қолдау» бағдарламасы аясында оқырманға жол тартқан аталмыш кітап 2200 дана екен. Яғни, еліміздің барлық кітапханаларын толық қамти алады деген сөз. Ақын жинағын құрастырған оңтүстік астанадағы М.Әуезов атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Еркін Ғалымов.
Тұсаукесер рәсімге қатысқан Мерғали Ибраевтың көзкөргендері ақын есімінің де, оның шығармашылығының да ғұмырлы болатынына сенім зор екендігін айтып жатты.
Әйтседе, бұл күнгі шараның мәйегі түстен кейін өрбіген жыр мүшәйрасында айқын көрініс тапты. Айтулы байқау барысында Алатаудың етегінен келген Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Атантай Акпаров Төлеген Жанғалиевке бауырлас елдің атынан құттықтау лебіз білдіріп, шығармашылық шабыт тілей келе сый-құрметтің белгісі ретінде арнайы шапан жапты.
Ал, мектеп оқушыларының жыр мүшәйрасына келер болсақ, қазылар алқасының төрағасы танымал ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов бастаған шара меймандары болды.
Мүшәйрада әр ауданнан келген 14 дарын өзара бақ сынасты. Өлең өлкесінде өзіндік өрнек салып үлгерген жас ақындардың да бар екеніне анық көзіміз жетті. Жауқазын жырларына Мерғали ағаларының есімін де арқау етіп, сөз маржанын төгілткендер болды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, көп ұзамай мүшайраға қатысқан жас ақындар ішінен дараланған шалқар шабыт иелері анықталды. Атап айтсақ, қорытынды бойынша Бас жүлдені Қарауыл гимназиясының 11 сынып оқушысы Зарина Оралқызы жеңіп алды. Жас өреннің өлеңдерінде отты екпін, ерекше леп бар екен. Ал, бірінші орынды Тарбағатай ауданынан келген Аяжан Қамзаева иеленді. Ал, жүлделі екінші орынға екі өрен ұсынылыпты. Олар Қарауыл гимназиясының оқушысы Диана Садырбекқызы мен тарбағатайлық Медеу Ғарифолла сынды сөздің майын ағызған жалынды жас шайырлар болды.
Үшінші орын алғандар қатарында Жарма ауданының К.Кәкенов орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қайрат Есентай, Шәкәрім атындағы орта мектеп оқушысы Бағжан Кәріпбаева және Медеу мектебінің оқушысы Қорлан Берікқазиналар болды. Ал, қалған қатысушылар ынталандыру сыйлығын алды. Бас жүлдені еншілеген өренге 75 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
Арманда кеткен боздақтар-ай

Кеңес жауынгерлеріне,техниканың соңғы жетістіктерімен бақайшығына дейін қаруланып,Европаның басты елдерін түгелге жуық жаулап алып Орасан зор тәжірибие жинақтаған фашистік Германияның бесаспап әскерлерімен соғысу оңайға соққан жоқ .Жеңіске өлшеусіз құрбандықпен,қиыншылықпен әрең дегенде қол жеткізілді.
Мәселен ,Украинадағы «Харьков қазаны» деген жерде 4 мыңнан астам двизвия жауынгерлері қоршауда қалып опат болған.Мұның дені №106 атты әскердің құрамындағы қазақтар екендігі кейіннен анықталған.
Осы тәрізді оқиғалар әсіресе Смоленск жерінде де көп болған.1943 жылы март айында 33-армияның №5 двизиясының жауынгерлері бұйрық бойынша үсті-үстіне шабыулдап,немістерді батысқа қарай шегінуге мәжбүр етеді.Осы ұрыста гвардия лейтенанты жерлесіміз Мардеш Стамбеков ерекше ерлігімен көзге түседі.Шара бар ма,қиан-кескі ұрыстың бірінде ол опат болады.Сұрапыл ұрыс кезінде өлгендерді жерлеуге де мүмкіндік болмайды.Олардың мүделерін снаряд қопарып кеткен бір шұңқырға көмген болады.Олар 70 жыл бойы белгісіз күйде қала береді.
2012 жылы Москвада құрылған «Обелиск» атты іздеу отряды Смоленск облысының Тиемкин аудынына экспедиция жасақтап,әлгі шұңқырдан 36 жауынгер мен офицерлердің сүйегін қазып,алып тексеру жүргізгенде Стамбеков Мардештің мойнындағы медальонын шиыршықталған тілдей қағаз тауып алады.
Онда: «Стамбеков Мардеш,гвардия младший лейтенант,1912г.р.Место рождения Семипалатинская область,Абаевский район,Мукурский сельсовет ,колхоз Бирлык.Призван Семипалатинским РВК,жена Сулейменова Сагила» деп жазылыпты.
Марқұмның бірде болмаса,бірде мерт болатының білгендей өзі және жұбайы жөнінде тілдей қағазға жазып,медальонында сақтаған жазуы мұрағат мұрасындай өте құнды дерек болды.Өзі өлсе де аты-жөні сақталып қалды.
Ал қорғаныс министрінің Орталық архивінде:Гвардий лейтенант,командир взвода 5-й гвардейской стрелковой двизии 33-й армии Станбеков Мардеш,1912 г.р. деп жазылған.Лейтенант атағын соңғы ұрысқа кірер алдында алған тәрізді.
25 август 2012 жылы «Поле Памяти» атты мемориалдық зиратқа шұңқырдағы барлық жауынгерлер салтанатты түрде қайта жерленген.Бәрінің де аты-жөндеріжазылған мемориалдық табличка тақта орнатылған.Офицер Мардештің медальонын табылған тілдей қағаздағы жазу,дерек оны хабарсыз кетті деген қарақағаздың жалған екендігін дәлелдеп берді.
Осындай өтірік қарақағаздың қаншама боздақтарға жіберілгені қазір де анықталып жатқанына тәубе дейсің.
М.Түңлікбаев
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Көзі көргендер айтқан еді
Біз, соғыс дейтін қасіретті көрмеген, бергі дәуірде, бейбіт заманда өмірге келген ұрпақпыз.
Бірақ, соғысқа қатысқан майдангер аға-аталарымызды көзімізбен көрудің сәті түсіп, олардың майдан туралы әңгімелерін естідік, ерліктеріне бас иіп, оларды құрметтеп, қадірлеуді бойымызға сіңіріп өстік.
Алайда, олардың бірде-бірі соғыстағы ерліктерін ерекше қылып айтқан емес, оны азаматтық борышым, ел қорғаудағы ерлердің ісі деп білетін.
Соғыс жайлы әңгімеден гөрі, олар көп ретте оның зардап, зұлмат, қасіретін айтып, бүгінгі тыныш заман мен бейбіт еңбекке мың мәрте тәубе деп, ұрпақтарын оқып-білім алуға, адал еңбек етуге үндейтін.
Ал, бүгінде миллиондаған аға ұрпақтың төккен қаны мен ересен ерлігімен келген осы Ұлы Отан соғысына қарсы, тіптен теріс баға берушілер көбейіп кетті.
Қалай айтылса да, Ұлы Отан соғысы – тарихтың бір парағы. Оны ой-санадан аластап, жазбадан өшіруге келмейді. Адам баласы қай уақытта болмасын өз заманының пердесі. Қаласын-қаламасын соғысты да көреді, оның орасан зор зияны мен қиындығын басынан өткереді.
Сонау алыстағы Қазақстанның Шығысындағы Шыңғыстау өңірі де соғыстың дүмпуі мен әбігерін бастан өткерді.
Абай туған осы өңірден 2000-ға жуық боздақ қан майданға аттанып, оның 600-дейі ғана елге аман-есен оралған. Олардың көбі соғыстан алған жара мен мүгедектігі салдарынан көп жасамай өмірден ерте өтіп кетті.
Қазақ деген- іске адал, сөзге сенгіш, аңқау да аңғал, бірақ уәдеге, сертке берік ғой.
Үкімет пен партия айтты деп соғысқа жарамды азаматтардың көбі өздері сұранып, қан майданға аттанып жатса, ауылдағы қара халық өздері аш құрсақ бола тұра, аузындағы соңғы дәмін жырып, жылы қолғабы мен тіккен тон көрпесін майданға жіберіп жатты.
Тіпте,мыңдаған қазақ қыздары майдан даласындағы Әлия мен Мәншүктің ерлігімен рухтанып, ерте ержетті.
Осындай ерік жігерін жанып, өзі сұранып,сұрапыл соғысқа аттанғандардың бірі- Шыңғыстау елінің тумасы, қол бастаған Мамай батырдың ұрпағы- Баян Байғожина.
Қазақта: «Естігенімді айтсам -жалған болар, көргенімді айтсам- шындыққа жанасар» - деген сөз бар.
Сол айтқандай, Баян сынды батыр апамыз жайлы ағат айтып, жалған жазу жараспас.
Ендеше, Баянды көрген, онымен тілдескен, көзін көргендердің айтқаны мен жазғанына жүгінейік.
Абай елінде – текті әулеттің жалғасы, қиын-қыстау жылдары бір кісідей емес, ер кісідей-ақ еліне қызмет жасаған, қоғамдық тірлікте топ бастаған, бүгінде өмірде жоқ Әсия Майқанова дейтін анамыз болды.
Әсия апай – әрісі Абылай ханнан тарайтын, берісі Тобықты Шыңғыстау еліне әйгілі Майқан төренің қызы.
Майқан төре – Ұлы Абайдың баласы Мағауияның жақын досы болған,
1895 жылы қайтыс болған Абайдың ұлы- Әбдірахманның денесін Алматыдан Ақшоқыға жеткізген үш адамның бірі – Майқан төре.
Бұл жайлы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Қапада» тарауында жақсы баяндалған.
Әсия апай - өзі көзімен көрген, куә болған Абай елінің өткен тарихына қатысты әңгімелерді жақсы білетін, тек шындықты айтатын,тура мінезді адам еді.
2005 жылы – Ұлы Жеңістің 60 жылдығына байланысты деректер жинау үшін Әсия апайға жолығып, әңгімелескен едік.
- Әсия апай, жерлесіміз батыр қыз Баян Байғожина туралы не білесіз?-деп сұрағанымызда
Апай еш ойланбастан:
- Білгенде мен білейін. Баянды көрген,бірге оқыған адаммын. Екеуміз соғыс қарсаңында Қарауылда орта мектепті бітіріп, интернатта жатып, қара нанды бөліп жеп, сабан төсеген матраста бірге жатқан сырлас құрбы қыз болдық – деп әңгімесін әріден бастаған.
Сондағы Әсия апайдың Баянның келбетін ақын – жазушыдай көркем суреттеп: «Екі көзі қарақаттай жайнаған, қос бұрымы қалың қарағайдай өрілген, томпақ бетті, алма жүзді, қара торының әдемісі еді» - деп сүйсіне айтқаны есімде қалыпты.
Әсия апай сәл ойланып, «Баянның өз ойын ашық айтатын батылдығына, аштық пен суыққа төзімділігіне қайран қалып, от жағылмаған суық бөлмеде бүрсеңдеген қыздарға жігер беріп, ән бастап, қалжың сөз айтып топ бастаған белсенділігі мен ерік -жігеріне әрі сүйсініп, әрі таң қалушы едік» – деп еске алған.
- Соғыс басталған жылы мен Саржалға, ол өзінің ауылы Архатқа қайтты. Хабар болмай көз жазып қалдық. Кейіннен ,өзі сұранып соғысқа аттанды деп естідім.
Соғыс біткен соң, 1945 жылы Берлин түбінде қаза болғанын естіп, қатты қайғырдым.
Батыр да, батыл болатын. Соғыста ерлік көрсетіп, батыр атанса оған еш шүбә келтірмеймін – деп әңгімесін аяқтап еді кейуана.
Иә, алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз Баян тәуекелге бел буып, туған жері – Шыңғыстаумен қоштасып, ата-анасының батасын алып, алдымен Семейге келіп, онда мергендік арнайы курстан өтіп, сақадай - сай дайындықпен майданға 1943 жылы аттанған.
Беларуссия,Украина, Польша жерлерін неміс фашистерінен азат етуге қатысқан. Өзінің батырлығы мен қаһармандығы арқасында мергендігімен көзге түсіп, қан кешкен шайқастарда төрт рет жараланып, бірнеше жауынгерлік орден – медальдарға ие болған.
Берлин түбіндегі қиян –кескі ұрыстарға қатысып, 1945 жылы 27 сәуірде Жеңіске небәрі он екі- ақ күн қалғанда Гинденбург бекінісін алу үшін болған шайқаста ерлікпен қаза табады.
Баянды соңғы рет көріп, тілдескен, ол жайлы көркем очерк жазып, есімін әйгілеген, тарихта қалдырған орыс журналисі Павел Кузнецовке мың мәрте рахмет айтайық.
Ол Баянмен Берлин түбіндегі Гинденбург қалашығында қашуға үлгермеген неміс офицері Бюргердің сән –салтанатты кең үйінде кездескен.
Оның «Шыңғыстаудың Баяны» атты очеркі «Комсомолская правда» газетінің 23 март 1945 жылғы нөмерінде жарияланған.
Шағын, бірақ бізге қымбат очерк Баянның ерлігі мен қаһармандығын боямасыз баяндайтын, нақты бірден – бір жазба дерек, батыр қызға көркем сөзден тұрғызылған ескерткіш десе де болады.
Очерктің өзі: «Төгілген ұзын қара шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген, қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан» - деп шуақты күндей жарқырай басталуының өзі қандай тартымды!
Әсия апай айтқан Баянның бейнесі мен орыс журналисі П.Кузнецовтың батыр қыздың көркем сипаттамасының дәл келуі көзі көргендердің көзі мен сөзінің бірдей шыққаны да қызық..
Әскери журналист оның Қазақстанның шалғайдағы Шыңғыстау өңірінен келгенін біліп, ашық-жарқын әңгімелесіп, ұрыс даласындағы ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл жұдыз» екі мәрте «Даңқ» орденіне ие болғандығын айрықша мақтанышпен жазған.
Тіпте, жуырда болған шайқаста 15 фашистің көзін жойғаны үшін
«Отан соғысы» орденін алған оқиғасын да қосқан.
Қоштасарда «Берлинде жеңіспен көріскенше!»-деп қимай қол алысқанымен, бұл соңғы жүздесу екенін екеуі де білмеді.
Арада бір айдан соң ұзаққа созылған Берлинді алу шайқасында Баян ерлікпен қаза табады.
Белгілі әскери журналист, кейіннен әйгілі жазушы атанған Павел Кузнецовтың бұл очеркі оның «Москвадан Берлинге дейін» кітабына еніп, миллиондаған орыс тілді оқырмандар қазақтың батыр қызының ерлігіне куә болып, есімін білді-ау деп ойлаймын.
Баянды дәл осы Берлинде 1945 жылы наурыз айының аяғында көрген тағы бір адам – Абай еліне көршілес, Абыралы ауданының ұланы, гвардия аға-лейтенанты Мұрат Қабышев деген азамат екен.
Мұрат Қабышевтың майдан даласынан жазған, елге жолданған бұл хаты кейіннен Семей облыстық мұрағатынан табылып, «Семей таңы» газетінде «Жауынгер хаты» деген айдармен жарияланды.
Мұрат ағамыз өз хатында: «Қиылған қас, қара көз, қара торы, басына солдат малақайын киген қыз менен: «Ағай, қай жерденсіз? – деді.
«Семей облысы, Абыралы ауданының азаматымын»-деген сөз менің аузымнан шығуы мұң екен,көптен жерлестеріне кездеспеген қазақтың батыр қызы: «Жерлес екенбіз. Мен Абыралыға көршілес Шыңғыстауданмын. Атым - Баян Байғожина», -деп шап беріп, қолымды алды», -деп сол бір қуанышты кездесу сәтін тебірене жазған.
Оның жауынгерлік жолын біліп, ерлігін өз аузынан естіп, Баянның хабарын айтып, елге сәлемін жеткізген де осы - М. Қабышев.
Ең соңында: «Мұндай Отанға еңбегі сіңген Баян сияқты қазақ қыздары санаулы. Қазақ қыздары, Баян сияқты еңбек сіңіріңдер!»-деп хатты аяқтапты.
Баянды соңғы рет көрген жерлесіміз, Абыралылық Мұрат Қабышев кім екен? Оның соғыстан кейінгі тағдыры не болды екен?
Ең бастысы соғыс қырғынынан аман қалды ма?-деген сұрақтар да ойдан шықпайды.
Иә, батыр қыз Баянды ең соңғы рет көзімен көрген Әсия Майқанова, Павел Кузнецов пен Мұрат Қабышевтардың айтып, жазып, бізге қалдырған естеліктері осы.
«Ер есімі-ел есінде»,-деген батыр қыз Баянның атын Шыңғыстау елінің халқы ұмытпайды.
Аудан орталығында бір көше, Баян атындағы балалар бақшасы батыр қыз есімімен аталса, ұлағатты ұстаз,халықтың жанашыры -Түгелжан Әзімбаева негізін салған «Баян» клубы – Архаттағы мәдениет пен өнердің орталығына айналды.
Ертеректе, қарт журналист, ақын-Қабыш Молдашев «Баян» атты поэма жазса, бергі тұста осы жолдардың авторы «Шыңғыстаудың шынары» атты пьеса жазды.
Берлин түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза болған Баян Байғожина –Совет Одағы Батыры атағына ұсынылған деген екі ұштылау дерек бар.
Оның үстіне екі мәрте «Даңқ» орденін алған Баянның соңғы ерлігі үшін үшінші мәрте «Даңқ» орденіне ұсынылуы да мүмкін-ғой.
Бірақ, түйткілді осы мәселелерді қозғап,зерттеп, анықтап соңына түскен ешкім жоқ.
Батыр қыз Баянды жерлестері Абайлықтар ғана жақсы білуі мүмкін. Оның есімін, ерлігін көп ел біле бермейді. Сондықтан, облыс көлемінде батыр қыз Баян атында байқау,конкурс, мәдени спорт жарыстары өтіп жатса, Семей қаласында мектеп, Өскемен қаласында көше аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Осы орайда, қолға алынбай жүрген мәселелердің бірі – батыр қыздың жерленген орнын анықтау, көз жеткізу.
Баян 1945 жылы 27 сәуірде Берлин түбіндегі Гинденбург қамалын алу жолындағы шайқаста қаза тауып, сонда жерленген деген деректі айтып та, жазып та жүрміз.
Алайда, батыр қыздың жерленген орнын нақтылап, есімі жазылған тақтаны көріп, суретке түсіріп бекіткен жоқпыз ғой.
Бұл жайлы, екі-үш жыл бұрын Қазақстанның Германиядағы елшілігіне хат жазып, сұрау салғанымыз бар. Әлде біздің хатымыз жетпеді ме? әлде оқығандар бұған селқос қарады ма? әйтеуір хабар болмады.
Әлі де кеш емес. Ендеше,Баянның ерлігін ұмытпай, оның есімін қадірлеу бүгінгі жас ұрпақтың парызы болса деген жақсы тілек бар.
Әсет Медеуханұлы
Қарауыл ауылы
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері
ҚАРТ СЕМЕЙ «ҚАЛАМҚАСҚА» ТӨР ҰСЫНДЫ
Өнер өріндегі 45 жыл
Сәуірдің 25-і күні Семей қаласында Абай атындағы сазды-драма театрда Абай елінің «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің кезекті шығармашылық концерті болып өтті. Өнер ұжымының әсем сазын сағынған шаһар жұртшылығы бұл жолы да театрдың кең залына молынан жиналды. Көрермен қауым иін тіресіп, ине шаншарға орын болмаған осынау кеште халық ансамблі айрықша қошеметке бөленді.
Өнер әлемінде бір адамның ғұмыры дерлік 45 жылға тарта өзіндік тарихы қалыптасқан «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің бұл жолғы бағдарламасы тың тартуларға толы болды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Нұрбек Өмірбек, аудандық «Абай» халық театрының бас режиссері, ҚР мәдениет үздігі Дулат Қабдолдин, «Шыңғыстау» ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі Нұргүл Төлемісова, ансамбльдің балетмейстрі, ҚР мәдениет үздігі Ария Айтбаева, әйгілі «Өрнек» би ансамблінің жетекшісі Зайра Кәріпжанова мен ансамбльдің музыкалық жетекшісі Дамир Бекмұханбетовтер кезекті бағдарламаның ұйымдастырушылары екен.
Сазды кешті фольклорлық ансамбльдің орындауындағы «Шаңды жорық» күйі дүбірлі әуенмен ашты. Аталмыш оркестр сонымен қатар, Нұрбек Өмірбектің орындауындағы «Абай ұрпақтары әні», Майнұр Өнерханның репертуарындағы халық әні «Алқоңырды» да сүйемелдеді.
Ал, Қабышев Қайрат Біржан салдың «Айтбайын» орындаса, бишілер тобы «Аққу» биін ел назарына ұсынды.
Бұл жолғы бағдарламада Нұрғиса Тілендиевтің «Абай табиғаты» композициясын қобызшылар тобы көркем үлгіде, ерекше шеберлікпен орындаса, ансамбльдің өнерпаздары ұсынған этнографиялық «қыз-жігіт айтысында» халық әндері әсерлі орындалды.
Әлбетте, осынау ерекше кеште «Қаламқастың» күллі қазақ жұртшылығы таныған өнерпаздарының ән шырқамауы мүмкін емес еді. Бұл ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағатаева «Көш қызығы» халық әнін тарту етсе, Нұрбек Өмірбеков пен Ақбота Кәрменова «The prayer» әнін арнады.
Бүгінгі Абай елінің төл мәдениеті тек ән мен биден ғана тұрмайды. Ауданымызда көне ұлттық аспаптар да қайта жаңғырып, рухани мұралар қатарын толықтыруда. Аталмыш орайда, ұлт аспаптар ансамблі өнерсүйер қауымды айрықша тамсантты. Нақышына келтірілген «Дүр қамшы» туындысын көрермен асқан сүйсініспен қабылдады.
Сондай-ақ Дәулет Сағатов «Құшақ жайған қандай адам» әнін, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Тамара Көзбаева «Жақсы адамдар» әнін, әншілер квинтеті испанның «Passera» әнін ұсынды.
Кеште «Қаламқас» қатарындағы жас өнерпаздар да қошеметке бөленді. Балдырғандардан құралған «Саз» триосы мен «Өрнек» би тобы әзірлеген «Көкке өрле» композициялық қойылымы талғампаз қауымды тәтті еткені сөзсіз. «Дала сазы» фольклорлық ансамблі «Дайрабай» күйін әуелетіп, өнерді серік еткен Елдос Советханұлы мен Қарлығаш Сейдахметова «Әлия» әнін әр жүрекке жеткізе білді.
Бір бұл емес, талғампаз семейлік көрермен қаламқастық бишілердің «Алтын адам» композициясына да таң-тамаша қалысып, қошемет білдіріп, ұзақ қол соқты. Расында, өнердің мәйегі қалыптасқан, алаш елінің руханияты мен мәдениетінің астанасы саналатын кірпияз Семей жұртшылығын таңырқату оңайға соқпайтыны белгілі. Бұл ретте, осынау кешті ұйымдастырушылар әр нөмірді орнымен сәтті таңдап, ал өнерпаздар қатары жоғары даярлықтары себепті көңілден шыға білді.
Осылайша, кеш барысы да мәреге таяған болатын. Концерттік бағдарламаны ансамбль әншілерінің орындауындағы «Семейім менің» атты асқақ үнді ән тәмамдады.
Өнер кешін тамашалаған көрермен арасынан 45 жылға аяқ басқан осынау мерейлі ұжымға арнап Семей қаласының әкімі Ермак Салимов пен Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков ықылас гүлдерін табыстап, құрмет білдірді. Сонымен қатар, жерлесіміз, әйгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, М.О.Әуезов атындағы педогогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева жүрекжарды ыстық ықыластарын білдіріп, ізгілікті лебіздерін арнады.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
ҮКІЛІ КӘМШАТ, БҮРМЕЛІ КӨЙЛЕК...
Арулар байқауы
Бүгінде әр саладағы даму көрсеткіші бойынша көш басында келе жатқан ауданымызда жетістіктер де, оң өзгерістер де мол. Тіл, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жаңғыртып, ортамызға оралған ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға мұраға қалдыру бағытында әлі де аянбай еңбек ете беру қажеттілігі туып тұр. Бұл ретте соңғы жылдары Абай елі бойынша «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» байқауларымен қоса «Келіндер сайысының» да жиі ұйымдастырылуы осының айғағы. Жуырда аудандық мәдениет үйінде Жастар орталығы белсенділерінің бастамасымен «Абай аруы-2017» аудандық байқауы болып өтті.
«Гүл өссе - жердің көркі, қыз өссе - елдің көркі» дейтін дана халқымыз көркі мен ақылына сай қыз тәрбиелеу ісінде аса байыпты болған. Қыз баланы қонақ деп төрге отырғызған, аялаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деп оның әдептілігіне, сөзіне, жүріс –тұрысына сын көзбен қараған. Себебі, қыз бала болашақ ана, бір әулеттің түтінін түтетер келіні, ұрпақ жалғастырушы. Міне, бүгінгі қазақ қыздарының аяулы да сұлу болмысын, рухани келбетін дәріптеу мақсатында өткізіліп отырған осынау байқауға ұлт дәстүрі мен мәдениетін, ұлттық өнерді тал бойына жинаған, қазақ қыздарына тән ибалылық, ізеттілік қасиеттерді бойына сіңірген, әр ауылдық округтен 10 ару қатысты.
Тоқтала берсек, аталмыш байқаудың аясы мейлінше кеңи түседі. Атап айтсақ, қазақстандық патриотизмді дамыту, жастар саясатын насихаттау, қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан даналығы мен терең саналылығын бойына дарытқан қазақ қыздарының табиғат берген көркемдік әдемілігі мен сұлулығын дәріптеу басты мұрат саналды. Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру. Сонымен қатар, аналар мектебіне тән қасиет - қыздардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту, көпшілік алдында өзін ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулыққа тәрбиелеу де мақсат етілді. Осынау орайда биылғы байқау жылдағыдан өзгешелеу өтті. Бұл жолы жалынды да жайдарлы жастар жаңаша тұрғыда ұйымдастырып, іс-шараны әзілмен көмкере отырып көрермен көңіліне жол табуды ұйғарыпты.
Осылайша зал толы көрермен бір кезде сахна төріне шыққан, қос етекті бүрмелі әсем қазақ көйлектерімен, нәзік қимылдарымен тербеле, жайқалған қырмызы гүлдей құлпырған ару қыздарымызды көріп тамсана қол соқты. Көпшіліктің сүйсінгендері айдан анық. Талай дүбірлі сайыстар өтетін аудандық мәдениет үйінің концерттік залында ине шаншар орын болмады. Байқауды жүргізуді қолға алған Мейіржан Смағұлов бастаған ауданның «Жастар» орталығы сайысты ойдағыдай өткізу үшін тыңғылықты даярлық жасапты.
Сондай-ақ, сайысты жүргізуде жаңашылдық танытқан «Рахмет» жайдарман ойыншылары Талант Берікболов пен Сырым Жұмағали және «Қаламқас» ансамблінің жас әншісі Думан Болатов шараның жоғары деңгейде өтуіне елеулі ықпал жасады.
Сөз орайында сайысқа қатысқан он аруды атай кетсек, 2010 жылы Шәкір Әбенов атындағы орта мектепті бітіріп, 2011-2014 жылдары М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжін ағылшын тілі мамандығы бойынша тәмамдап, қазіргі уақытта Шәкір Әбенов атындағы орта мектепте аталмыш пән мұғалімі болып қызмет ететін Ерзатқызы Толғанай, Қасқабұлақ ауылынан келген, бүгінде Шәкәрім университетінде инженерлік технологиялық факультетінде білім алып жүрген 17 жастағы Дүйсенбаева Мадина, Тоқтамыс ауылынан келген, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің инженерлік технологиялық факультетінде оқитын студент Уалитова Айдана, Қарауыл ауылынан 2011-2015 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде оқып информатика пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп, қазіргі таңда Баян Байғожина атындаға ясли бала –бақшасында тәрбиеші қызметін атқаратын өнерлі қыз Толымбекқызы Назгүл де бақ сынауды ұйғарыпты. Сондай-ақ, 2011 жылы Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп лицейін тәмамдәп, 2011-2015 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің орыс тілі және әдебиеті мамандығын бітіріп, бүгінде Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп лицейінде мұғалім болып қызмет атқаратын және Қазақ гуманитарлық иновациялық заң университетінің магистранты Нұрланова Айжан, Би ата ауылы, Абай колледжінің атынан келген Еркінқызы Айдана да келіпті. Шәкәрім атындағы мектебін бітіріп, Абай колледжінде ауыл-шаруашылығы мамандығының 2 курс студенті болып жүр. Ал, Қарауыл ауылынан қатысқан Айгерім Сайлаубек Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп- лицейінде білім алып, 2009-2013 жылы Құрылыс колледжінде Құрылыс технологиясы мамандығын аяқтаған, қазіргі таңда Абай ауданының сәулет құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінде әдіскер болып жұмыс істейді. Қарауыл ауылынан Динара Болат есімді тағы бір үміткеріміз де жасанып шығыпты. Ол 2012 жылы Қарауыл Гимназиясын бітіріп, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжге түсіп 2015 жылы тәмамдаған. Қазіргі таңда Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінде теориялық музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді екен. Ал, 2012-2015 жылдары «Авиценна» колледжін бітіріп, өзі туған ауылы Саржал ауылында «Толғанай» ясли-бақшасында медбике болып қызмет атқаратын Арай Құмашева мен Медеу ауылынан сайысқа түсуге келген М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің 4 курс студенті Сайлаубаева Әлия байқауға үлкен мән бере, зор дайындықпен келгендіктерін байқатты.
Жеребе бойынша реттік нөмірлерін таңдап алған арулар мен сайысқа төрелік етуші қазылар алқасы да көпшілікке таныстырылып өтілді. Атап айтсақ, алқа төрағасы Абай ауданы әкімінің орынбасары Тәттібеков Бауыржан Болатұлы бастаған әділ-қазылар алқасының мүшелері: ҚР «Құрмет» орденінің иегері, Баян Байғожина атындағы бала-бақша меңгерушісі Орынғожина Лаура Советқызы, Абай халық театрының бас режиссері, ҚР мәдениет саласының үздігі Қабдолдин Дулат Қабдешұлы, Абай ауданы мәдениет және саз мектебінің хореографы Кәрібжанова Зайра Жұманқызы, Абай ауданы Жастар орталығының директоры Смагулов Мейіржан Серікбосынұлы әр бөлім бойынша сайыскерлердің жалпы өнеріне, біліміне баса назар аударып отырды.
Мұнымен қатар, «Қаламқас» ансамблінің Таңнұр Жақсыбеков, Еркеназ Мәненова, Ақбота Кәрімбекова сынды жас әншілері әсем әннен шашу шашып отырды.
Айта кету ләзім, дүбірлі сайысқа арналған сый-сияпат та қомақты тігіліпті. Бас жүлдеге тоңазытқыш болса, І- орынға газ плита, ІІ- орынға кір жуатын машина, ІІІ- орынға шаңсорғыш сынды бағалы сыйлықтар ұйымдастыру ісінің жоғары деңгейін көрсетті.
Жалпы, аталмыш қыз сыны 5 бөлімнен тұрды. Алғашқы «Мен қазақтың қызымын» атты бөлімде ару қыздарымыздың тіл көркемдігі, сырт келбеті, ұлттық киімі үлгілерін насихаттауы, жүріс-тұрысы, қазақы ибалығы, сондай-ақ, өзін таныстыра білуі бағаланды. ІІ бөлім «Халқын сүйген – салтын сүйер» деп аталып, бұл бөлімде аруларымыз салт-дәстүр, Қазақстан тарихы, жергілікті тарих айлы сауалдарға және ситуациялық сұрақтарға жауап береді. Сайыстың бұл түрі билет алу тәртібінде өткізілді.
Ал, ІІІ шарт бойынша «Өнерлі өрге жүзер» бөлімінде ару қыздар ән салып, би билеп бойларындағы өз өнерлерін паш етті. Мұнымен қоса, төртінші шарт бойынша бір әулеттің түтінін түтетер болашақ ана атанар қыздарымыз «Қонақ күте білеміз бе?» тақырыбында ас әзірлеу сайысында сыналды. Бұл бөлімде аруларымыз өз қолдарымен жасалған бір-бір тағам ұсынды. Оларға тағамды дайындау тәртібі және не себепті осы мәзірді тандағанын түсіндіру міндеттелген болатын.
Кезекті «Қыздарға әсемдік жарасады» атты бесінші бөлімде аруларымыз бүгінгі заманға сай тігілген кешкі киім үлгісін киіп, қысқаша түсіндірді. Әрі шаш үлгілеріне де ерекше мән берілді. Басты шарт көйлектің ұзындығы тізеден төмен болуы қажет еді.
Осылайша, алғашқы болып сахнада өнер көрсеткен Медеу ауылынан келген ару қыз Әлия Сайлаубаева құлаққа жағымды дауысымен өзін таныстырып, көсемсөздің шебері екендігін дәлелдеді. Екінші нөмірлі Би ата ауылынан келген Айдана Еркінқызы да өрелі әулеттің қызы екенін дәлелдеп, есесін жібермеді.
Ал үшінші болып сахна төрінен орын алған сүйкімді де сан қырлы талант иесі Назгүл Толымбекқызы «Ақ Баян» әнімен, ақ күймелі құрбыларымен бірге қалықтай ортаға келіп, өзінің осы байқауда өнер көрсетуде аянып қалмайтынын жеткізсе, құндыздылық жас ұстаз Ерзатқызы Толғанай өзін үш тілде тамаша таныстырып өтті.
Тоқтамыстық ару Уалитова Айдана да тіл білгірі екенін дәлелде. Өз кезегінде саржалдық сәбилердің медбикесі, тұла бойына өнер тұнған Арай Құмашева да әнімен әуелете озық таныстыру үлгісін көрсетті.
Сондай-ақ, Қарауыл ауылының Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің жас ұстазы Болат Динара, әкімдіктен Сайлаубек Әйгерім де әсем назды қылықтарымен қоса көрермен жүрегіне жол таба білді. Ал, лағыл жырларымен лапылдата өзін таныстырған қасқабұлақтық Мадина Дүйсенбаева өзінің әдемілігімен қоса, биязы мінезімен, жүріс-тұрысымен байқау басталғаннан көрерменді бірден баурап әкеткен-ді.
Сайыс барысы тартымды өрбіді. Алғашқы бөлімде Мадинамен бірге Назгүл Толымбекқызы және құндыздылық Толғанай Ерзатқызы біріңғай 5 ұпайды еншілеп, жоғары ұпай жинады. Келесі «Халқын сүйген – салтын сүйер» атты қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына, тарихына байланысты сұрақтар қойылған ІІ сайыста да аруларымыздың біразы ұтқыр жауаптарымен таң қалдырса да, сұрақтан сүрініп «әттеген-ай» дегізген аруларымыз да кездесті. «Өнерлі өрге жүзер» атты ІІІ бөлім бойынша сынға түскен арулар ұлттық өнерге бейімділігін анықтатып, өз өнерлерін ортаға салды.
Бірі ән айтып, бірі мың бұрала би билеп, бірі монолог оқыған аруларымыз көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, зор ілтипатқа кенелді. Әсіресе, Назгүл Толымбекқызының титтей бүлдіршін шәкірттерімен билеген «Балапандар» биі көпшіліктің жүрегін жаулап алды.
Қазақтың «Қара жорға» биін келістіре билеген саржалдық А. Құмашева мен қасқабұлақтық М.Дүйсенбаеваның өнеріне де көрермен дуылдата қол соқты. Саз мектебінің музыканты Д. Болат күйсандықта тамаша әуен орындаса, Абай мектеп-лицейінің жас ұстазы А.Нұрланова тәжік биін төгілте биледі.
Осылайша, ІV бөлімге де аяқ басып, сайыскер арулар «Қонақты күте білеміз бе?» сынында аспаздық өнерлерін көптің алдына салды. Қазақы дастархан жайып, қымыз ұсынған, қазы –қарта, жал-жая, Наурыз көже, әсіп, көк бауыр, бауырсақ, балқаймақ сынды ұлттық тағамдарының түр-түрін әзірлеп әкелген аруларымыз оның жасалу жолдарын да баяндап берді.
Келесі кезекте сайысқа түсуші қыздар қазіргі заманға сай кешкі киім үлгілерін көрсетіп, тамаша ою-өрнекті қазақ киімдерімен ерекше назар аудартты. Той көйлектерінің жалт-жұлт еткен тастармен, қазақы өрнектермен зерленуі сахна көркін ажарландырып жіберді. Сахнадағы ғажайып уақыт осылайша білінбей сырғып өтіп, Қарауыл жұртшылығы мен ауыл қонақтары сайыстың өз мәресіне жеткенін байқамай да қалды.
Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Қасқабұлақ ауылынан келген ару, студент Дүйсенбаева Мадина айқын басымдықпен қанжығасына байлады. Ал, жүлделі І-орынды қарауылдық ару қызымыз, «Б.Байғожина» ясли-бақшасының тәрбиешісі Толымбекқызы Назгүл жеңіп алса, ІІ- орынды ауданымыздағы Абай атындағы мектеп-лицейінің жас ұстазы Нұрланова Айжан иеленді. Жүлделі ІІІ- орын қарауылдық өнерпаз ару, Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің жас ұстазы Болат Динараға бұйырды.
Барша жеңімпаздар арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, әділ-қазылар алқасының ұйғаруымен қарауылдық Әйгерім Сайлаубек «Көрермен көзайымы» деп танылса, тоқтамыстық Айдана Уалитова «Қылықты ару», Саржал ауылынан келген Құмашева Арай «Өнерлі ару», құндыздылық Ерзатқызы Толғанай «Білімді ару», медеулік Әлия Сайлаубаева «Бесаспап ару», Би ата ауылынан келген Еркінқызы Айдана «Инабатты ару» номинацияларына ие болып, олар да бағалы сыйлықтармен марапатталды.
- S. Иә, кешегі текті аналардың бүгінгі сарқытындай саналатын арулар Абай елінің ары мен ажары. Ал, арулар сайысы осылайша, араға жыл салып көрерменмен қайта қауышуы көпшілікке қуаныш сыйлағаны хақ. Оған залдағы жұртшылықтың қошеметі бірден-бір дәлел. Бұл сайыста әр ауылдан келген ару қыздарымыз бар өнерлерін салып-ақ бақты. Бойындағы өнерлерін көрсетуге тырысты. Шалғайдағы жатқан ауылдардан байқауға мән бере, арнайы келіп қатысуларының өзі неге тұрады?
Қыз бала ұлттың ертеңгі анасы! Оған бүгінгі күні берілген ұлттық тәрбие ертеңгі күні сөз жоқ ұрпақ бойынан көрініс табады. Осыны ескерген ұйымдастырушылар игілікті іс жасады деп білеміз. Ал, сынға қатысушы бойжеткендеріміздің халқымыздың салт-дәстүрін қаншалықты деңгейде меңгергендіктері анық көрінген сайыс – ересектер қауымына да ой салғаны анық. Бүгінгі жас буын қыздарымызға нені үйрете алмай жатырмыз? Олардың бойынан нені көргіміз келеді? Қыздарымыздың бойында қандай қасиеттер кемшін соғып жатыр? Міне, осы сауалдарға аталмыш қыз сыны нақты жауап берді. Ертеңгі күні «әлемді тербетер» бүгінгі аруларымыз қазақы қасиеттен арылмас екен! Ұлттық дәстүрге қанып өскен қыздарымыз мол болсын дейміз.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
«Алаш ДЕСЕ, АБАЙ ДЕП ҚАРАЙДЫ АДАМ»
Болат Жүнісбеков,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
қорық-мұражайының директоры
Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейге мәшһүр еткен Ұлы Абай тұлғасы біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырып, шоқтықтана түседі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген терең ұлағаты жүрегімізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Соған орай, осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы және біздің қызметіміздің айнымас Темірқазығы болып табылады.
Алда Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан Ұлы ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұжымы ағымдағы жұмыстарды еңсере отырып, алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша және сол жауапкершілікті жұмыста әрқайсымыздың сезініп отырғанымыз да шындық. Осыған енді өткен, 2016-шы жылдың туған Қазақстанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен атап өтілгенін, ал биыл Астанамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылатынын айтсақ, иықтағы міндет жүгінің бұрынғыдан да салмақтырақ екені түсінікті.
Ұлы Абайдың киелі шаңырағы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы үшін, сондай-ақ 2017-жыл – ұлы даланың ұлы перзенті – Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық мерейтой жылы. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш ектен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.
Сонымен музейдің биылғы жылғы жоспары республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып жасалып, ғылым, білім орталықтары және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия Ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушыларымен қатар енді студенттері үшін де Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы қаңтар айынан бастап, Абай өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестер М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, сондай-ақ Еуразия Ұлттық және Шәкәрім атындағы Семей университеттерімен бірлесе отырып М. Әуезовтің мерейтойына арнап, биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия Ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен кеңесе келе музейдің бір бөлімі – Ұлы Абайдың алақанының табы қалған «Алаш арыстары – М. Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері, жиырма жыл бос тұрған бірінші қабатында басталған реэкспозиция жұмыстары былтыр жүргізілген ағымдағы жөндеудің қисынды қорытындысы дер едім.
Ал, халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына, ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жылдық жоспарымызда жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын мен орыс тілдерінде ашылған «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.
Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығы ғана емес, сауатты бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр, айталық, 21-ші сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың да туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін музейлердің функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына шейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етіледі .
Демек, күнделікті жұмыста қарбаластыққа жол бермей, қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы күндерінде музейге тарту еткен «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозияция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.
Осылайша «Абай арманы» залы былтырғы 22-ші ақпанда Семейге келген республиклық «Мәңгілік ел» пойызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақтауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан әрі Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы мен Қазақстан Конституциясын ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.
«Абай арманы» экспозициясы, сондай-ақ Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан болған, былтыр 150 жылдығы атап өтілген Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы, 30 жыл толған Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызы арқылы пайымдатады. Былтыр көмейіне қорғасын құйылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін деректі материалдармен көз алдымызға жайып салады.
Музейге келушілер «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақбатасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын музейіне тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.
Музей ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа ала отырып, кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.
Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні – 23-ші тамызда музейдің бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы–Қаршоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылып, қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншіліген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.
Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса музейдің сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал, өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы «1 наурыз – Алғыс күні» паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында музей қорындағы 600-ден астам суреттердің ішінен іріктеп ала отырып 100-ден астам туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда. Онда Абай еліне арнайы шақырылған Қазақстан суретшілері симпозиумына қатысқан қылқалам шеберлерінің туындылары лайықты орын алды.
Былтыр 100 жылдығы республика көлемінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арнап, ғалымның туған күні 5-ші қаңтарда тұсауы кесілген шаралар керуені оның өзі егемендігін зарыға күткен елінің Астанасында жалғасып, абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин, мен «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә. Марғұлан атындағы 40-шы мектепте ашылған көрмелер арқылы танысты.
Сондай-ақ, «Абай» журналының арнаулы шығарылымы Абай туралы естеліктерге арналып, Астанада және Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» көрмелері ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып, ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітшы шығады аңға...» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен (президенті Н.Өнербай) өзара келісім жасалды.
Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу үшін, ең алдымен, асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры мейлінше қолайлы әрі қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орынға көшірілді. Жидебайдағы Қызмет көрсету орталығы тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы кәсіпкерлерге конкурс негізінде жалға беріліп, қызмет сапасы жақсарды. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.
Жұртшылықты елеңдетіп отырған Абайдың 175 жылдық мерейтойы да енді алыс емес. Сол себепті өзіміз құрамына кіретін Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше мәселені бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және Әнияр Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне Республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-музейінде құрылыс және көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыру мүмкін болады. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.
Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшатаудағы Құнанбай әулетінің қорымында жақын жылдары түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында кәсіпорын бойынша құрылыс жұмыстарына тиісті мекемелер арқылы жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы биыл бюджетті нақтылау кезінде бізге бөлінген күнде, бұл - Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды. Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа, ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.
Думан Нариманұлы: "Субсидиалау тәртібі өзгерді"
Бөлім басшысымен сұхбат
Абай ауданындағы пайдалануға жарамды жер алабының басым бөлігі тек жайылымды ғана құрағандықтан, бұл өлке ежелден ата кәсіпке қолайлы мекен саналады. Сол себептен де, төрт түлікке ерекше көңіл бөлетін ауданымыздың экономикасын тіреп тұрған бірден бір сала - мал шаруашылығы. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың игілігіне кенелген шаруашылық иелері әсіресе түлік басын асылдандыруға кеңінен көңіл бөліп, тындырымды іс атқарып жүр. Осы ретте, ауылшаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жаңашылдықтар жайында ауданның кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Думан Нариманұлымен сұхбаттасқан едік.
-Елбасының биылғы Жолдауының негізгі басымдықтарының бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын қалыптастыру екені белгілі. Бұл игі істен ешбір сала қалыс қалмауы тиіс. Ал осы ретте, негізгі құжаттамасы қағаз жүзінде жүргізілетін ауыл шаруашылығы саласы да жаңашылдыққа бой үйретудің жолдарын қарастыруда. Атап айтсақ, қазіргі күні тиісті ведомства субсидия берудің екі бағытын ғана электронды жүйеде іске асырса, көп ұзамай құжат рәсімдеу түгелдей заманауи форматқа көшпекші. Осы жаңашылдықтың жай-жапсарына тоқтала кетсеңіз.
-Сөзіңіз орынды, Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында баса айтылған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласы да жаңа жүйеге бет бұруда. Осыған орай биылғы жылғы субсидия қағидаларына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Айталық, әрбір ауылшаруашылығы тауар өндіруші субсидия алуға өтінімді жеке электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦП) мен ақпараттық талдау жүйесі (ИАС) арқылы тиісті өтінімді қалыптастырады және электронды түрде облыстық ауылшаруашылығы басқармасына өзі тікелей өтінім жолдайды. Ал, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөліміне түскен электронды өтінімді қайта қарап толықтыру мен тексеру үшін басқарма аудандық ауылшаруашылығы бөліміне жолдайды. Ал, аталмыш бөлім келіп түскен өтінімнің талаптар мен өлшем-шарттарына сәйкестігін (мал басы; аналығы, төлі) салыстырып тексеру үшін жұмыс тобын құрып, өтінім берген шаруашылыққа барып сәйкестігін салыстырып, тексерудің нәтижесін алып, басқармаға құжатты қайтадан жібереді. Яғни, жіті тексерілген құжат тағы да электронды түрде жолданады. Егер тексеру кезінде сәйкессіздіктер кездескен жағдайда ауылшаруашылығы бөлімі басқармаға себебін көрсетіп, электронды хат жолдайды. Әйтседе, шаруашылықтың сәйкессіздікті түзеп және толықтырып қайта өтінім беруіне толық мүмкіндігі бар. Міне, аңдағандарыңыздай, құжатты өткізуге облыс орталығына сабылудың қажеті жоқ. Жаңа бағдарламаның тиімді тұсы құжат рәсімдеу кезіндегі заманауи форматқа көшу арқылы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын қалыптастыру екені айқын.
-Жаңа жүйе интернет игілігі дендеп ене қоймаған шалғайдағы шағын ауылдардағы азаматтарымыз үшін қолайсыздықтар әкелмей ме? Ол үшін қандай нақты шаралар қабылдануда?
-Дұрыс айтасыз, бұл тұста біраз келеңсіздіктердің бары жасырын емес. Себебі көптеген ауылдық округтердегі интернет желілерінің сын көтермейтіндігі аталмыш жаңа жүйемен жұмыс жасауда қол байлау болары анық. Алайда, аудан орталығына келген шаруашылық иелері үшін екі жерден шаруа қожалықтарына ақылы қызмет көрсету орталықтары жұмыс жүргізетіндігін ескерте кеткіміз келеді. Яғни, іске мықтап ден қойған азаматтар үшін жаңа жүйе қол жетімді болмақ. Ал, қазіргі күні бұл жүйе тиімділігін түсіндіретін топ жұмыс істеуде. Бұл орайда жоғарыда айтылған қос бірдей қызмет көрсету орталығының жұмысынан шаруалар хабардар деген ойдамыз.
-Осы ретте туындайтын бір заңды сауал бар. Жаңа жүйені түсіндіру шаралары бойынша құрылатын ақпараттық насихаттық топ құрамына қандай құзырлы орындар өкілдері енеді? Топтың жұмыс жасау тәртібі қандай?
-Жаңа жүйе жайында бүгінде ауыл-ауылдарда ақпараттық түсінік жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі күні арнайы жасақталған мамандар Архат ауылдық округіне жол тартқандығын да айта кеткен жөн. Бес адамнан тұратын жұмыс тобы құрамында Жер қатынастары бөлімі, аудандық Ветеринария бөлімдерінің мамандары бар. Олар арнайы түрде ауыл тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру шараларын жүргізуде. Бұл дегеніміз азаматтар аталмыш жаңашылдық төңірегінде туындаған сауалдарына толыққанды жауап ала алады деген сөз.
-Бүгінде ауданымыздың шаруалары негізінен қандай бағыт бойынша субсидия алып келеді? Жалпы, қазіргі уақытта еліміз бойынша мал шаруашылығын субсидиялаудың қанша түрі бар? Ал алдағы уақытта жаңа жүйеден қандай тиімділіктер күтілуде?
-Ауылшаруашылығына қолайлы аудан болғандықтан көбіне асыл тұқымды ірі қара малы мен жылқы, қой-ешкі төлдеріне де субсидия алуға ниетті шаруалар қатары көп. Бүгінгі күні аудан бойынша асыл тұқымды мал сатып алудың құнын арзандату бойынша, селекциялық жұмыстар жүргізу және мал шаруашылығы өнімінің сапасын жоғарылату мақсатында субсидия қаражаттарына қол жеткізуде мол мүмкіндіктер барын айта кеткен орынды. Жұмыс барысымызға тоқтала кетсек, мәселен, МІҚ малының аналық басының селекциялық жұмыстарына өтінім 1-мамырдан 1-ші шілде аралығында қабылданса, әрбір аналық басқа 10 мың теңге төленетіндігін айта кеткен жөн. Ал, төліне өтінім 1-шілдеден бастап 20-қараша аралығында қабылданады және 80% төл алынған жағдайда қосымша әр аналыққа 8 мың теңгеден, ал 80 пайыздан төмен алынса әр аналық басына 6 мың теңгеден қаражат төленеді.
Шаруашылық иелерінің қой малының селекциялық жұмыстарын субсидиялауға ағымдағы жылдың 1 қырүйегінен желтоқсан айының аралығында өтінім беруге мүмкіндіктері бар. Асыл тұқымды саулықтардың селекциялық жұмыстарына 2500 теңге, ал тауарлы шаруашылықтың саулықтарының селекциялық жұмыстарына 1500 теңге төленеді.
Асыл тұқымды 18 айдан аспаған тайыншалар мен 26 айдан аспаған бұқашықтарды сатып алған жағдайда әр ірі қара басына 150 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Асыл тұқымды 18 айға дейінгі қой малын сатып алған жағдайда әр басқа 8 мың теңге, ал қошқар басына 20 мың теңге субсидия қаражаты төленетіндігін ескертеміз.
Сондай-ақ, асыл тұқымды 5 жасқа дейінгі айғыр сатып алған жағдайда 100 мың теңге және 3 жасқа дейінгі байталдарға 40 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Қозы етін өндірудің құнын арзандату бойынша әр басқа 1,5 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Алайда, оған қойылатын өзіндік талаптар да бар. Мәселен, бірдейлендіру нөмірлерінің тіркелуі, сойылған сәттегі қозылардың жасы 12 айдан аспауы, зоотехникалық есептері мен ветеринариялық санитариялық іс-шаралардың жүргізілуі, қой ұшаларын стандартқа сай бөлшектеуді қамтамасыз ететін ет өңдейтін өндіріс орындарына өткізу сынды талаптар орындалуы шарт.
Сонымен қатар, биыл Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы берілетін «Береке» бағдарламасына да өзгерістер еніп отыр. Несие мақсаты мүйізді ірі қара малын семіртіп, ет өнімін өндіруге бағытталған. Ол үшін 20 адамнан кем емес адамдар немесе шаруа қожалықтары несиені алып кооператив болып құрылуы қажет.
-Осы ретте туындайтын сауал, ауданымызда құрылған кооперативтер саны қанша? Оларға берілетін мемлекеттік жеңілдіктер көлемі арта ма?
-Құрамында 20 адамнан кем емес тұлғалар біріге отырып, кооператив құра алады. Оларға берілетін өзіндік жеңілдіктер де қарастырылған. Біріккен тұлғалар несие алып, мал бордақылау алаңдарын ашса, оған ет тапсыруға мол мүмкіндіктер берілері анық. Сондай-ақ, кооперативке берілетін негізгі басымдықтар ішінде бұқашықтардың бордақылау шығындарын арзандату мен құрама жемнің (комбикорм) құнын арзандатып беру қарастырылған. Десек те, ауданымызда құрылған 5 кооператив, кейбір міндеттелген талаптар шеңберінен шыға алмауы істі бастауға кедергі келтіруде.
Етке тапсырылған әр бұқашыққа 20 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Ол үшін қойылатын талаптар мен өлшем-шарттары орындалуы тиіс. Алайда, біздің бірқатар аудандар үшін осы талаптардың орындалмауы салдарынан бұл іске әлі де қол жеткізе алмай отырмыз. Мәселен, тоңазытқышпен жабдықталған мал сою пунктінің болуы және есептік нөмірі бар ветеринариялық зертхананың болуы тиіс делінген. Ал, өкінішке орай бізде ол талаптар орындалмай отыр. Осы ретте айта кетсем, жуырда облыс орталығында өткен алқалы жиында осынау талаптар шеңберінде түрлі сауалдар жолданып, бұл міндеттемелер қайта қаралатын болды. Және де құрама жемнің құнын арзандату үшін де өзіндік қойылатын талаптар мен өлшем-шарттар бар. Құрама жемнің сапасын анықтайтын сараптау зертханасы бар және есептік нөмірі бар құрама жем өндіретін зауыттан сатып алынған жағдайда 1 тоннаға 20 мың теңге субсидия қаражаты төленеді.
-Еліміз бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгені белгілі. Осынау жаңа жобаның ауылшаруашылығын субсидиялауға қатысты жаңа талап-тәртіптерін қысқаша түсіндіріп өтсеңіз.
- Иә, негізінен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ілкімді бағдарламалар қатары мол десек артық айтқандығымыз емес. Солардың бірі 2017 жылғы 27 қаңтардағы №30 АШМ бұйрығымен қабылданған мемлекеттік бағдарлама негізінде жұмыстар жүргізілетін болады. Ол шаралардың ілкімдісі жоғарыда атап өткенімдей кооперативтер құру арқылы кіші шаруашылықтарды ірілендіру болып табылады.
-Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, агроөнеркәсіп – ел дамуының драйвері. Бұл сала өндірісін әртараптандыру арқылы еліміздің, қала берді облысымыз бен ауданымыздың ауылшаруашылық тауары экспортын арттыру алдағы міндет. Бұл ретте, Жолдау жолындағы мол мүмкіндіктің иелері – кәсіпкерлер екені анық. Ал, олардың мемлекет тарапынан берілер көмек пен көптеген игілікке қол жеткізулері үшін алдағы уақытта қандай кешенді шаралар жүргізілмек?
-Ауданның басты бағыты мал шаруашылығы оның ішінде ет бағытында болғандықтан ет өндірісін дамыту негізгі жолға қойылып отыр. Шаруа қожалықтары ғана емес жеке қосалқы шаруашылықтарды да жұмысқа тарту несиелер беру арқылы мал бордақылау алаңдарын құра отырып және кооперативке біріктіріп, бәсекеге қабілетті ет өндіріп, ет экспортын дамыту сынды кешенді шараларды жүргізу жоспарда бар. Бұл ретте кәсіпкерлерге, жалпы агроөнеркәсіпке мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер беріліп отырғандығына өздеріңіз де куәгерсіздер. Сол бағытта жүйелі жұмыс жасауда біз де сала мамандары ретінде аянып қалмаспыз.
-Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз. Еңбектеріңізге табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Абай елі»
