Рухани жаңғыру:
Біз қазақ халқы тегіміз-түркі, түлігіміз-жылқы деп өткен елміз. Қазақтың арғы тегін жылқысыз елестету мүмкін емес. Себебі қазақ дейтін халықтың өзі тарих сахнасына жылқымен шыққаны белгілі. Жылқы- ол біздің халықтың жаны. Ұлан-ғайыр атырапқа жылқының күшімен, найзаның ұшымен ие болып қалғанымыз да ақиқат. Мінсең-көлік, ішсең-сусын болатын қасиетті жануардың қазақ халқы үшін пайдасы шаш етектен.
«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ ат баптау ісіне ерекше ықтиярлықпен қараған. Алайда, осы қасиетті жануарға деген қызығушылық танытатындардың қатары көп болғанымен, ат баптау ісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Десек те, соңғы жылдары ат спорты, соның ішінде ат баптау ісіне ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Сондай азаматтың бірі, «ат баптау ісінің» шебері, жүйріктері бәйге бермейтін, ауданымыздың, Шығысымыздың намысын қорғап жүрген көкбайлық атбегі- Бекбосынов Ерасыл Батырханұлы.
Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек.
Атбегілік - бұл үлкен өнер. Бұл қасиет қазақтың қанына сіңген. Өйткені қазақтан басқа аттың жағдайын білетін халық жоқ десек те болады. «Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол бәйге бермейтіні анық»- дейді атбегі. «Тек» демекші, Ерасылдың да бұл ат баптау өнеріне жайдан -жай келмегені белгілі. Сондықтан да әңгімені арғы жақтан бастауды жөн көрдік.
Алты жасынан жылқыға құмар болып өскен Ерасыл талай ат бәйгесінің бел ортасында жүрді. Атбегілік өнер оған қанмен берілген қасиет. Әкесі Бекбосынов Батырхан да жылқы десе қаны қызып, елеңдеп отыратын адам болған деседі. Ал өзінің үлкен атасы кезінде Қытай елінде бәйге жарысынан 50 км -ден бірінші болып келіпті. Отбасында үш ұл болса да, «Әке көрген оқ жонар» демекші атасы мен әкесінен дарыған атбегілік қасиет тек Ерасылға қоныпты. Ал бүгінде бес бала тәрбиелеп өсіріп отырған атбегі өзінің ұлдары Дамир мен Нұрасылды да осы өнердің қыр-сырына баулып өсіріп келеді. Яғни бұл өнер Бекбосыновтар әулетінің атадан балаға беріліп келе жатқан ата дәстүрі деп айтсақ та артық емес. Нұрасыл мен Дамирдың да бағындырған белестері аз емес. Атбегінің айтуынша: «аттың бәйгеде бірінші болып келуі 50 пайыз шабандозға да байланысты. Жеңіс тұғырына жету үшін шабандоз бен сәйгүліктің арасында сенім пайда болу керек. Ат үстіндегі адам ең алдымен аттың тілін түсіну керек. Қызбалыққа салынып аттың өкпесін қысып, тебінбейді. Қай кезде қамшылап, қай кезде аттың басын тартуды есте ұстаған жөн. Міне, бұл қағидаларды толық орындаған шабандоз ғана жеңіс тұғырынан көрінері анық».
Сонымен қатар, атты бапауды қай кезден бастаған жөн деген сұрағыма атбегі: Жалпы мен атты әр мезгілде әр қилы баптаймын. Оның өзінің қыр сыры көп. Атты баптауды қаңтар айының басынан бастаймын. Қыстағы дайындық мықты болса, сәйгүлік жазда бәйге бермейді, ал, көктем айынан бастап дайындалған ат тез алқынып қалады дейді. Сол себепті қыс айы ат баптаудың нағыз таптырмас уақыты. Дайындықта бейнетті көрмеген ат үлкен топтың ортасына түскенде жанып кетеді. Аттың қырын білетін адам ғана аттың жан дүниесін түсінеді. Ат баптау бұл үлкен жауапкершілікті, қырағылықты, сезімталдықты қажет етеді. Ол үшін сен жылқының жай- күйін терең аңғара білуің керек. Тіпті дайындықта аттың дем алысынан да оны қандай күйде келе жатқанын сезіне алуың керек дейді. Сондықтан да бұл аттың бабын, қыр- сырын түсінетін адамның ғана қолынан келетін дүние.
Жалпы, Ерасылдың ат баптау өнерінің өзіндік ерекшелігі де бар. «Аттың тынысы кең болып, кеудесі мен шоқтығы өсуі үшін атқа ертоқым салмаймын»- дейді. Ол бәйге алдында тұлпарды тізгіндеп ұстамай, күн бұрын тау-тасты, даланы аралатып бойын жазады. «Жалпы өзім атты кең далада жүріп, дала шөбімен қоректендіргенді жөн санаймын. Себебі, далада жүрген жылқы сүйген шөбін жейді. Ал дәруменнің барлығы сол даланың шөбінде болады. Дала шөбі кальцийге бай болғандықтан аттың буындарының қатаюына көп септігін тигізеді. Атбегінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақсысы тамақты да талғап жейтін көрінеді. Яғни, шын жүйрік бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. «Бұл жылқы малының ерекше қасиеті», – дейді атбегі.
Бабы келіскен сәйгүлік - қашықтық талғамайды.
Қазақ десе-жылқы, жылқы десе есімізге қазақ түседі. Әрі қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен баптап, аттың сынына аса мән берген. Құнан шыққанда қолтығын жаздырып, ал бәйгеге қосар кезде оны әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығарып, бабына келтірген.
Бүгінгі таңда осы атадан қалған асыл өнерімізге деген құрмет артып келеді. Бірде-бір мереке, ас ат жарысынсыз өтпейтіні белгілі. Атжарыс-қазақ халқының мәдени дәстүріне енген ат ойындарының бір түрі. Атбегілер мен шабандоздардың шеберлігі сынға түсетін мезет. Жалпы аттар жаратылыс бітіміне байланысты әр түрлі шабады. Мысалы кейбір аттар бәйге шығар шықпадан шыға сала, барлық жүйріктен оза шығады да, сол бойына алдына ешбір атты жібермей көмбеге бірақ жетуі мүмкін. Бірақ, атбегінің ойы «атты топқа кірген бойы қамшылап күшін кетірмей, ең алдымен терлетіп, аяқ алысымен денесін қыздырып алу қажет»- дейді. Басында баяу шауып, көп жүйріктің соңынан ере келе, тынысы ашылып, терлей келе біртіндеп озып шығатын жүйріктер де болады. Дегенмен де, әр атбегінің ат баптау әдәсі әр түрлі болып келеді.
Ерасыл аудандық, облыстық ат жарыстардан бәйге бермей жүргендердің бірі. Биылғы жылы М. Әуезовтың 120 жылдығына арналған Абай ауданы әкімінің жүлдесі үшін өткен жарыста үш қашықтық: тай, құнан, топ, аламан бәйге бойынша қатарынан «Ерасылдың бірдей үш жүйрігі оқ бойы озып келіпті деген сөздер аудан жұртшылығы арасында кеңінен таралып кеткен болатын». Расыменде, бір жарыста сондағы тай жарысқа да, құнан жарысқа да, аламан бәйгеге де қатысып шығып, бір аттан түсіп, екіншісіне шауып, дара келу мақтанышпен ауыз толтырып айтарлықтай дүние.
Айта берсек Ерасылдың бағындырған белестері жетіп артылады. Қадыр Мырзалиевтың «Жүйрікке шабудан да самғау оңай,жүйрікке қалудан да озу оңай» дегеніндей Семей қаласында өткен ат жарысынан да «Ханшайым» атты тұлпары Алматы мен Астананың сәйгүліктерін шаң қаптырып, нағыз арғымақтар бәйгесінде тағы да бас жүлдені алып, Абай ауданының атын ат спортында тағы бір асқақатып келген –ді. Сонымен қатар, Үржар жерінде өткен бәйгеде де 1 млн ақшалай сыйлыққа ие болса, ал Аягөз, Балқаш қаласында өткен жарыста үш арақашықтық бойынша да тағы да қатарынан үш бәйгесі бірінші болып келді. Былтырғы жылы Ақсуат жерінде үлкен ас беріліп, шашасына шаң жұқтырмайтын шабандоздар жарысында. да атбегінің баптаған тұлпары тай жарысында 47 аттың ішінде бірінші болып келсе, құнан жарыста 43 аттың ішінде, ал бәйге жарысында 67 жүйріктің арасынан оза шауып тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, келген елдің, көрген жұрттың делебесін қоздырып, ағайынға арқа бітірді. Бес күннің ішінде Шұбартау, Балқаш Алғабасқа барып үш арақашықтық бойынша да бірінші орынды еншілеген кездері де болған. Төрт жылда Ерасылдың сәйгүліктері тек бір мен екінші орында болып келген. Атбегі «Бабы келіскен сәйгүлік - қашықтық талғамайды» деген қағиданы расымен де дәлелдегендей.
«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін ауылдастары да атбегінің жасаған еңбегіне әрдайым тілекші болып отырады. Алда әлі талай жарыстар тұр. Әрдайым сәгүліктерінің бабы мен бағы қатар шабатын ат бапкеріне - баптаған жүйріктеріңіз мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін дейміз!
Тоғжан ҚАЛЫМОВА,
«Абай елі»
