Абай елі
КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТҚА КЕНЕЛДІ
Кәсіби мереке

15-ші қазан-кітапханашылар күні. Тарих пен таным, ұлағат пен қасиет, қала берді ұрпақ тәрбиесіне дейін асыл қазына кітапта көмкерілген. Ал, кітапханашы маманы болса сол даналықты үлестіруші, таратушы, һәм насихаттаушы. Әлем мұрасын ардақтаған асыл жандардың мерекесіне «Абай елі» редакциясы арнайы қатысып қайтқан болатын.
Аудандық М.О.Әуезов атындағы орталық кітапхана ұжымы және округтердегі филиал меңгерушілерінің бас қосуына аудандық мәдениет үйінің директоры Сайлау Нұрпейісов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысының орынбасары Елдар Оразалы қатысты.
Жиынның ресми бөлімінде аудандық М.О.Әуезов атындағы кітапхана директоры Ырыс Молдаханова сөз алып, асыл қазына қорына сақшы болған аудан кітапханашыларының еңбектері мен жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, Елдар Кәменұлы аудандық М.О.Әуезов атындағы кітапхана әдіскері Әсия Ахметқалиқызына, Архат ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Раушан Секенқызына, орталық кітапхананың онлайн орталығы жұмысының кітапханашысы Дина Жанабекқызына ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының алғыс хаттары мен марапаттарын табыстап, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысының атынан Саржал ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Қымбат Болатқызына, Кеңгірбай би ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Гүлғайша Қабидоллақызына, Медеу ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Назым Оралбайқызына, орталық кітапхананың кітап қорын толықтыру бөлімінің кітапханашысы Дәмелі Тоқтарбекқызына, оқырман қамту бөлімінің кітапханашысы Шынар Лизмқызына, балалар бөлімінің кітапханашысы Айман Шаймұратқызына кәсіби мерекеге орай алғыс хаттарын табыстады, сондай-ақ, аудандық кітапхана жүйесінің директоры Ырыс Молдаханова Тоқтамыс ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Шолпан Қабдрахманқызы, Құндызды ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Сәуле Төлеуханқызы, Қасқабұлақ ауылдық кітапханасының меңгерушісі Зәуреш Секенқызы, Көкбай ауылынан Гүлбаршын Серікханқызы, Орда елді-мекенінің кітапхана меңгерушісі Жанар Тілеубайқызы, ал аудандық кітапханадан балалар бөлімінің меңгерушісі Серікгүл Әбенайқызы, оқырман қамту бөлімінің кітапханашысы Мафура Сағынбайқызы, оқу залының кітапханашысы Сарқыт Атанбекқызы, ардагер кітапханашы Гүлбаршын Болатқызы, компьютерлік іс жүргізу маманы Гүлшат Сабырғалиқызы, техникалық қызметкерлер Жібек Түсіпқызы мен Айдос Серікұлына алғыс хаттар тапсырып, марапатқа кенелді.
Кеш барысында «асыл қазына сақшылары» кітапханашы мамандығының қыр-сыры, маңыздылығы туралы кеш жүргізушісі Серікгүл Оразова кеңінен таныстырып, биыл 120 жылдығы жер жерлерде аталып өтіп жатқан заңғар жазушы, белгілі тұлға Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығынан викториналық сұрақтар қойды.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
Әлемдік кеңістікке бастар жол
Міне, бүгін елімізде ақ түйенің қарны жарылды! Еліміздегі көптен бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі - қазақ әрпін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне мемлекет басшысы байыппен қарап, түрлі пікірлер мен ұсыныстарды саралай келе, өзінің салиқалы шешімін айтты.
Бұл қадам дер кезінде, барлық жағдаяттар ескеріле отырып жасалды.Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын, ішкі және сыртқы жағдайды жан-жақты ескерген мемлекет басшысы қазақ зиялыларының алдына үлкен міндет қойды.
Латынға көшу ісі үлкен дайындықты қажет етті. Көптеген түсіндіру шаралары атқарылды. Қоғамның пікіріне баса назар аударылды. Қоғамымызда латынға көшуді қолдайтындардың үні басым түсті, өйткені латынға көшу уақыт талабы, замана сұранысы екенін халық терең түсіне білді.
Бір қуантарлығы, биліктің халық талабымен санасып, алғашқы нұсқаны өзгерткені болды. Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған ең даулы мәселе – қазақтың дауысты – ә, ө, ү төл дыбыстарының қос әріпті болып келуі болатын. Жаңа нұсқада бұл талап толық шешімін тауып, енді олар бір әріппен, әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылып, апокрифпен белгіленеді. Сөйтіп, халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы дайын болды.
Ел арасында ерекше қолдау тапқан терең талдау мен қазақтың төл дыбыстарынбелгілеудегі ұтымды ұсыныстары жаңа жобада жақсы көрініс тапқанын көріп, қуана қолдап отырмыз.
Ұсынылып отырған нұсқадағы 11 әріптің 9-ы жаңа формада қабылданыпты. Бізді ол қатты қуантып отыр.
, Бүкіләлемді шарпыған жаһандану үдерісі ағылшын тілі мен латын графикасының көкжиегін бұрынғыдан бетер кеңейтіп жіберді. Өйткені бүгінгі заманауи технологиялар мен инновациялық идеялардың басым көпшілігінің ағылшын тілді әлемнен бастау алып отырғаны жасырын емес.Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы – бүкілхалықтық таңдаудың жарқын нәтижесі деп санаймыз, себебі қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшудеекеніне және бұл қадамның әлем қазақтарын біріктіретін маңызды факторекеніне халықтың көзі жетті. Қоғамның жаңа әліпбиді талқылауда көрсеткен белсенділігісоның тағы бір жарқын дәлелі деп санаймыз.
Сәния Акласова,
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы
Білім министрінің марапатын иеленді
Бәрекелді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдына үлкен жауапкершілік артып отыр. Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру ұстаздың міндеті. Мұғалімдер қазіргі заман талабына сай азаматқа білім беріп, тәрбиелеу үшін өзі де заман ағысымен өзгерген, жаңа педтехнологияны меңгерген, кем дегенде үш тілді игерген болып, оқушыға білімді өзіне іздентіп игертетін, өзіндік пікірі қалыптасқан жас жеткіншекті қалыптастыруы керек деген. Мұғалімдердің білімдерін жетілдіру үшін әр түрлі оқу түрлері, семинарлар, конференциялар, сайыстар, мәдени шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыруға барлық жағдайлар жасалуда.
Адам үшін бақыт – еңбек жемісінде. Биылғы ұстаздар мерекесі «Абай колледжінің» ұжымы үшін ерекше болды. Өйткені, білім беру саласында ерінбей тер төгіп,тәтті еңбегінің жемісін татып келе жатқан ұстаздардың бірі- колледж директорының оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары, математика пәнінің оқытушысы,жоғары санатты ұстаз Бурыбаева Алтынғайша үстіміздегі жылдың мамыр айында өткен «ҮЗДІК ПЕДАГОГ -2017» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІНДЕ ІІ ДӘРЕЖЕЛІ ДИПЛОММЕН марапатталып, 2017 жылдың қазан айында Астана қаласында өткен Республикалық кезеңінде «2017 жылдың үздік педагогы» атағын жеңіп алып, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі Е.Сағадиевтің қолынан «Білім беру ұйымының үздік педагогі» медалін және «2017 жылдың үздік педагогі» куәлігін алып келді.
Бурыбаева Алтынғайша ұлағатты ұстаз, білікті басшы болып еңбек етіп келе жатқанына 30 жылға тақау уақыт болыпты. Осы бір жоғары жауапкершілікті талап ететін ұстаздық салада тынымсыз еңбек етіп жүрген жан өз ортасына сыйлы. Ұжымы мен үлгі-өнеге тұтатын шәкірттері оның еңбек сүйгіштігіне, тиянақты да ұқыпты ісіне талай жылдардан бері тәнті болуда. Бәрінен де, қоғамның дамуына, еліміздің өркендеуі жолында бойындағы біліктілігін аянып қалған емес. Қарапайым оқытушыдан бастап, колледж директорының оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары деңгейіне дейін көтеріле отырып, еңбек жолының талай қызығы мен шыжығын бастан өткерді. Инемен құдық қазғандай, көз майын тауысқан оның осы салада көптеген еңбектерi еленіп, бағаланды.. Жастарды тәрбиелеуде ұстаз: «Ең бiрiншi, адам жанын түсiнуге тырысу керек, сондай-ақ, мейiрiмдiлiк пен қатаң ұстанымды тең ұстай отырып, жүктелген жауапкершiлiктi сезiну маңызды» дейдi.
Біз- колледж ұжымы, Алтынғайша әріптесіміздің алдағы өміріне толағай табыстар мен асқаралы шыңдарды бағындыра беруге тілектестік білдіреміз. Еңбегіңіздің жемісін әр уақытта көре беріңіз!
«Абай колледжі» ұжымы.
«ЖАҢА АРНАДА» ҰСТАЗДАР КҮНІ
Кәсіби мереке

Жуырда Би ата ауылындағы Шәкәрім орта мектебінің оқушылары «Ұстаздар күні» мерекесі аясында тағылымы мол әсерлі кеш ұйымдастырды. Салтанатты шараның ерекшелігі сол, тамашалаушы көрерменге телевизиялық бағдарлама ретінде ұсынылды. Нәтижесінде бұл креативті тың жоба мұғалімдер ризашылығына ие болды.
Жүргізушілер жұбы әсерлі өрбіткен «Жаңа арна» телебағдарламасында ең алдымен арнайы аңдатпа көрсетілді. Содан соң Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімі Өмірбек Жанарбекұлы студия қонағы болды. Ауыл әкімі өз сөзінде аудандық спартакиада барысында үздік өнер көрсеткен денешынықтыру пәнінің ұстаздарына ризашылығын білдіріп, ресми түрде алғыс хаттармен марапаттады.
Сонымен қатар, мектеп директоры Бакизат Нұрмұхаметқызы да аталмыш бағдарламаға арнайы қатысып, ұстаздар күніне орай өз лебізін білдіріп өтті. Сондай-ақ, білім ордасының басшысы облыстық, аудандық деңгейде жетістікке жеткен, әдістемелік жұмыстар бойынша озат атанған бірқатар әріптестеріне, ұстаздар қауымына алғыс хаттар табыстады.
Телевизиялық жоба түрінде әзірленген ерекше кешке шәкірттер тыңғылықты дайындалыпты. Осынау шара барысында Ұстаздар күнінің шығу тарихы туралы танымдық мазмұндағы қызықты репортаж дайындап, көрсетті. Әлбетте, білім мен спортты, өнерді тең ұстаған мектеп оқушылары мерекелік кешті ән-жырмен әрлейтіні анық. Бұл жолы төменгі сынып оқушылары жыр маржандарын төгілтіп, бал қылықты «Жалқаубек» биін көрермен назарына ұсынды.
Әсерлі кеште ата-аналар ұйымының төрайымы Алуа Жетпісқызы мен аталмыш мектептің түлегі, қазіргі уақытта Шәкәрім университетінің 4 курс студенті Еңлік Егізғали барша ұстаздарды, құрмет иелерін бейне-чат арқылы арнайы құттықтады.
Бір бұл емес, көңіл өрбіген кеште ұстаздармен бірге интеллектуалдық ойындар да ойнатылды. Түйе айтқанда, жаңа жоба түрінде жүзеге асқан осынау салтанатты шара мұғалімдерге де, шәкірттер мен тамашалаушы көпшілікке де ерекше жылылық, сыйласым шуағы мен қайталанбас сезімдерге толы сәттер сыйлады.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
Ардагерлер қозғалысына 30-жыл
«Ауылыңның маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең.Ауылыңда ақылгөй қария болса, жазып қойған хатпен тең»,- деген екен бабаларымыз. Иә, өткенімізді қарияларсыз елестету мүмкін емес. Бүгінгі бейбіт күнге жеткеніміз самайларын қырау шалып, жүздеріне уақыт әжімі торлаған данагөй қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің арқасы екені даусыз. Қазақ халқы қашан да қарттарын қазынаға теңеп, құрмет көрсеткен. Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда.

Осы орайда Ұлылардың мекені қарттарын төрге шығарып 1- қазан «Халықаралық қарттар күні» мен Республикалық ардагерлер қозғалысына 30 жыл толуына орай Аудандық мәдениет үйінде кең көлемде мерекелік іс-шараны атап өтті.
Салтанатты мерекені бүгінде жоқ есіл ардагерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алумен бастау алып, сахна төріне Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Абай ауданының құрметті азаматы» Марат Түңлікбаев Халықаралық қарттар күні мерекесімен және Республикалық ардагерлер қозғалысына 30 жыл толуына орай баяндама жасап, жылы лебізін білдірді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Тәттібеков Бауыржан Болатұлы қазыналы қарияларымызды 1 қазан- халықаралық қарттар күні мерекесімен және Республикалық ардагерлер қозғалысына 30 жыл толуына орай Манатай Толғанбаев, Байбота Орынбаев, Шыңғыс Несібай, Жанғалиев Төлеген сыңды ардагерлерді ел дамуына үлес қосып, белсене қатысқан бірқатар аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, аудандық, облыстық және республикалық дәрежедегі марапаттарды табыстап, қарттарды мерекесімен құттықтады.
Бүгінде ардагерлеріміз Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жастарға патриоттық бағытта танымдық шаралар мен тәрбиелік мәні бар шаралар ұйымдастырып, атқарып жатқанына куә болып жүрміз.
Сондай-ақ, «Ән – көңілдің ажары» демекші, қарттардың көңілін сергіткен «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншілері Қонысбек Байдашев, Тамара Көзбаева, Бақыт Шағатаева шырқаған туған жер, ана, әке, қарттар туралы әндерімен, өнерпаз ардагерлер: Ақылбек Нұрахметов, Серік Күсімханов, Дәкен Әлиасқаров, Нүргүл Құсайынов, Аманғали Мақаев, Әміре Жұқманұлы, Ақылбек Нұрахметов және «Нұр Сана» әжелер ансамблі, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ардагер ансаблі кеш ажарын аша түсті.Тәрбиелік мәні зор, әзілмен шындығын бейнелеген Көкбай ауылының көркемөнерпаздары «Қарттар үйі» скечін сахналады.
Осыдан соң естелік фотосуретке түсіп, мерекелік жиын «Атамекен» тойханасында қарияларға арнайы жайылған ақ дастархан басында жалғасып,
өмірден көргені мен түйгені мол қариялар ізгі лебіздерін ортаға салып, салиқалы ойларымен бөлісіп, әсем ән тындап, бір сәт сергіп қалды.
Келесі кезекте, Қарауыл ауылының әкімі Мейіржан Смағұлов абзал қариялар мен ақ жаулықты әжелерді ізгі тілегімен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар Жастар орталығының директоры Сырым Жұмағали жастардың атынан ата-әжелерімізге алғыс хаты мен сыйлықтарын табыстады.
Осылайша көңілді өткен мерекелік шара соңы Манатай Толғанбаев қарияның көпшілікке бата беруімен тәмамдалып, қарттар қауымы ерекше қуанышпен тарасты.
Тоғжан НҮРИДЕНОВА
«Абай елі»
Ұлылыққа тағзым
Тарих-жыр,тарих –өлең,тарих-қайғы,
Өзінше әркім оны парықтайды.
Жас ұрпақ ұмытпау керек бабаларын,
Ұмытқан ұрпақ болып жарытпайды.
Қадыр Мырза Әли
Қарауыл гимназиясында заңғар жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығына орай
тағылымы мол,игі іс-шаралар өтті.
Төгілте жазатын көп қырлы қаламгер, ағылта сөйлейтін шешен қайраткер, қаламы қарымды майталман жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. «Елінен өсиет,жерінен қасиет кетпеген» ұлылар мекенінде заңғар жазушының тойын бүкіл ел болып тойлатты. Баба рухына тағзым ету шаралары білім ордасы Қарауыл гимназиясында да ауқымды көлемде өткізілді.
«Мұхтар тойы-ел тойы» болып тойланып жатқанда,өскелең ұрпаққа тасын түртсең тарихтан сыр шертетін , қойны-қонышы шежіреге толы өлкеміздің кей жерлерін,нақтырақ айтсақ, Бөрілі мен Еңлік-Кебектің тығылған үңгір тасын көрсету мақсатымен 27 қыркүйек күні Қарауыл гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Нұрғалиева Күлзия, Оразова Аяулым, Әбенова Динар жетекшілік етіп, 8,9,10,11-сынып оқушыларына саяхат-сабақ өткізіп қайтты.
Ата-аналардың демеушілігімен,мектеп басшыларының қолдауымен 2 автобус толы 80-ге жуық оқушыларымызбен классик жазушының ата қонысына ат басын тіредік.Бөрілідегі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының қор сақтаушысы Гүлзат Сәлемқызы бізді жылы қарсы алды.Кемеңгер қаламгердің балалық шағы,жастық дәурені өткен осы шаңырақпен таныстыра жүріп,Мұхтар атамыздың ата тегі,ұрпақтары жайлы,1897 жылдан бастап өмірден озған уақыт аралығын қамтып,«Абай жолы» бойынша өңіріміздегі тарихи елді-мекендер туралы да деректер келтіре кетті.
10-сынып оқушылары «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-томын кезектесіп,негізгі оқиғаларына тоқтала отырып,мазмұндап берді. Мұражай қызметкері Гүлзат Сәлемқызы хакім Абайды әлемге паш еткен Мұхтар сынды дананың ұлы туындысын шемішкедей шағып тұрған оқушыларына риза болып, Күлзия Әзілбекқызына аталмыш романның аудиокітабын сыйға тартты.
Мұражайдан шыққан бетте,жазушының ата-анасының бейітіне барып,құран бағыштадық.
Ендігі бет алысымыз – сол дәуірдегі қағазға түспесе де заңға бергісіз қатал үкімнің,салт-дәстүрден аттатпайтын дала заңының құрбаны болған қос ғашық Еңлік пен Кебектің тығылған үңгір тасы.
Бұл жерде де әдебиетші мұғалімдер тарапынан мағлұматтар беріліп,балалар үңгір тасты көздерімен көріп,суретке түсті.
28 қыркүйек күні мектебіміздің жылдағы қалыптасқан дәстүрі бойынша мұғалімдер мен оқушылар Мұхтар атамыздың ескерткішінің басына тағзым етіп,гүл шоқтарын апарып қойдық. Күннің күрт бұзылып, қар араласқан жаңбырына қарамастан 8-сынып оқушылары белгілі қоғам қайраткерлерінің,әдебиет саңлақтарының Мұхтар туралы айтқан сөздерін оқыса,күні кеше ғана «Абай жолы» романының үзіндісін жатқа оқушылар бойынша аудандық сайысқа қатысып,жүлделі орындарға ие болып келген
11 «ә» сынып оқушысы Төлепбекова Еңлік пен 9 «ә» сынып оқушысы Сайлаубекова Балнұр да романнан үзінді келтірді.Тағзым ету рәсімін мектебіміздің жас мұғалімі Ергінбаева Жадыра ұлы Мұхтарға арнаған «Дара тұлға» атты өлеңімен түйіндеді.
Дәл осы күні кітапханашы Жұматаева Гүлнар апай мектебімізде «Әлем әдебиетінің алыбы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Оқушылар Әуезов шығармаларымен және заңғар жазушыға арналған еңбектермен танысты.
Қыркүйектің соңғы күндері өткізілген осы мәдени-әдеби игі істерден әр шәкірт рухани азық алғаны сөзсіз.
«Өз ерін,өз жақсысын ескермесе,
Ел шіркін ,қайдан алсын кемеңгерді?»-деп Ілияс Жансүгіров айтқандай , ұлылардың ізі қалған қасиетті топырақтың өрендерімен ұлылыққа тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған шарамыз сәтті аяқталды.
Қарауыл гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі Әбенова Динар
Хакім атындағы жыр додасы жүйріктерін анықтады
XVIII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ
Биылғы Республикалық Абай оқулары әдебиеттің асқары, Абайтанудың іргесін қалап, шаңырағын көтерген, өмірі де, өзі де дара, мұхиттай терең дарын иесі, шалқар шабытты жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Дара дәстүрге айналған қазақ көгінің күні мен айындай болған қос алыбы -Абай мен Шәкәрім оқулары биыл XVIII рет өз жалауын көтерді.
Жүсіпбекше айтсақ: «қазақтың әдебиетіне жан берген: сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған» Ұлы Абайдың сөзі нәр, бұлақ, рухани қазына. Сол себепті баба атында өтетін байқаудың орны ерек.
Қазақстанның түкпір – түкпірінен жиналған өлең, сөзге әуес, жаны жырға жақын жандар ең алдыменАбай жолымен ақынның кіндік қаны тамған туған жері Сырт Қасқабұлақ өлкесіне, соңынан Еңлік – Кебек ескерткішінің басына тоқтап, қос ғашықтың мүсінін тамашалап, Үй тастағы театрландырылған көрініске куә болды. Сонымен қатар, Шілікті кезеңдегі Абайдың жары Шүкіманның (Әйгерім бұлағының) басында аялдап Абай мен Әйгерімнің алғаш таныстығын сахналаған көрініске көз сүйсінтті.Осыдан соң Жидебайдағы Абай, Шәкәрім мұражайын аралап, кесенелерге кіріп, тағзым жасады. Жол бойы тарихи мұраға тұнып тұрған киелі жерлермен танысқан соң, кеш бата аудан орталығына бет алды. Жас өрендерді мәдениет үйінің алдында күтіп алған өнерпаздар жырмен өрнектеп, биден шашу шашып, өнерлерін паш етті. Әсіресе, жас өрендерді Абай, Шәкәрім, Мұхтар болып ұрпағына асыл сөздерін арнаған театрланған көрініс ерекше тәнті етті. Осыдан соң Мәдениет үйінің залында жалғасқан ашылу салтанаты жыр додасына қатысушы сайыскерлер мен жүйріктерге сәттілік тілеген құттықтау лебіздерге берілді. Ең алдымен байқау шымылдығын аудан әкімінің міндетін атқарушы, ақындар елінің басшысы Тәттібеков Бауыржан Болатұлы құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп,жыр додасының мән-маңыздылығымен таныстырып өтті.
Ары қарай жалғастыра сөз алған мектепке дейінгі және орта білім департаменті білімның мазмұны және әдістемесі басқармасының басшысы Жакенов Талғат Жұмабекұлы: талапты жастарға сәттілік тілеп, болашақта осы талантты жастардың арасынан Абай, Шәкәрім сынды ғұламалардың шығатынына зор сеніммен қарайтынын жеткізді.
Абай оқулары жыр додасы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің бұйрығымен ең алғаш ұлы ақынның 155 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Сол уақыттан бері ақынның шығармашылығына терең бойлап, қанша қазсаң да, таусылмайтын асыл қазынасынан сусындап өскен талай жасқа қанат бітірді.
Абай оқулары - осы күнге дейін дәстүрлі түрде өткізіліп, өзіндік жолын бір ізге түсірген бірегей байқау. Осыған орай байқау тізгінін қолға алған ҚР Білім және Ғылым министрлігі, ШҚО-ның білім басқармасы, ШҚ өңірлік ғылыми – практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдерінің тікелей араласуымен ұйымдастырылып отырған игі шаралардың бірі ретінде аталып өтіп келеді.
Дәстүрлі түрде жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткізілетін республикалық Абай оқуларына Республикамыздың барлық облыстары мен қалаларынан атап айтсақ: Астана, Алматы қаласы, Алматы облысы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстарынан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шығыс Қазақстан ,Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Абай ауданының командасынан барлығы 90-ға жуық оқушы қатысты.
Келесі күні меймандар Ұлылардың ізі қалған қасиетті топыраққа, Еуразия кіндігі -Жидебайға ат басын бұрды. Сайыстың ең қызған сәті осы мекенде басталды. «Ұлылырдың мекені» деген асқаралы атты арқалап жүрген мекенге келіп, додаға қатысу «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың» ғана қолынан келетін іс. Әр облыстың аманатын арқалап келген жас өрендердің жеңіс тұғырынан көрінсек деген армандары бар. Десек те, Əр облыстан «сен тұр, мен атайын» дейтіндей кіл мықтылар жиылған. мұндай республикалық жыр додасына кім болса соның қатыса бермейтіні тағы бар. қатал талапты қазылар алқасы биыл да толық құраммен өрендер өнерін қадағалауға алды. Алқа мүшелері құрамында қазылар алқасының төрағасы.- Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті, қазақ
филологиясы факультетінің деканы,филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыров Айбар Қабыкенұлы Сарекенова Қарлығаш Құрамғалиқызы - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.Картаева Айжан Маратбековна -Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы. Келгембаева Бақытжан Бекенқызы - Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.Кусманова Гүлжібек Аскенқызы - Серікбаев атындағыШығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің
доценті,педагогика ғылымдарының докторы. Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы - Семей қаласы, Абай музейінің директоры, жазушы.Сабырбаева Раушан
Койшанқызы - Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, қазақ филологиясы факультетінің доценті, ғ.д.к.,Сериков Адлет Серикович- Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, «Музыкалық білім» кафедрасыӘбдікәкімұлы Тыныштықбек- Қазақтың белгілі ақыны, ҚР Президентінің сыйлығының иегері.Ақберен Елгезек - Алматы қаласы, ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушылар одағының мүшесі және - ҚР маслихаттарының Құрметті депутаты, ҚР-ның әлеуметтік еңбек саласының үздігі, Абай ауданының Құрметті азаматы, Абай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.Аманғазы Төлеубек Аманғазаұлы төрелік етті.
Қатысушылар ортаға шақырыллғаннан соң, байқаудың туы көтеріліп, қазылар алқасының төрағасы Айбар Қабыкенұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, байқауды ашық деп жариялады.
Биылғы жылғы байқау бұрынғы байқаулардан өзгеше деп айтуымызға болады.
І бөлім: «Өлең сөздің патшасы-сөз сарасы» Абай, Шәкерім өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу сайысы.
ІІ бөлім «Көңілім әнді ұғады»- Абай, Шәкерім әндері мен күйлерін орындаушылар сайысы.
ІІІ бөлім «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»-жас дарынды ақындар сайысы. Жыл сайын үш бөлімді қамтитын байқаудың биылғы жаңалығы «Ұлылар әлемі» бөлімі қосылды. Бұл бөлімде қатысушылардың сөз саптау шеберлігі бағаланып, эссе жазудан сынға түсті.
Осылайша бірінші бөлімнің шымылдығы түріліп, «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты алғашқы кезеңнің жүйріктері Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа оқудан сайысқа түсті. Негізгі сайыстың ішіндегі ең ауыры да осы кезең екені белгілі. Бұл сайыста кейбір қатысушыларымыз қазылардың қатал сынына шыдамай, сүрініп те жатты. Дегенмен араларынан нағыз кіл мықтылар та табылып жатты. Көңілді құлазытқан бір жайт-Абай мен Шәкәрімнің поэмаларын жатқа оқимын деп шыққан қатысушыларымыздың поэманы соңына дейін жаттамағандықтары да көрініп жатты.
Ал ауданымыздың намысын қорғаған, жарыстың ең кішкентай қатысушысы Мамай атындағы негізгі орта мектебінің 3 сынып оқушысы Қанатова Ақбота өзінің білімділігімен, өлең оқудағы шеберлігімен көпшілікті сүйсінтті.ол Абай атамыздың 100 өлеңі, 2 қарасөзі мен 1 поэмасын, Шәкәрімнің 21 өлеңін, барлығы 124 шығармасын жатқа біледі. Шынашақтай ғана Ақботаның талантына көпшілік қауым ризашылығын білдіріп, қошеметке бөледі. Ал, Қызылорда өңірінен келген қатысушымыз небәрі 6 сыныптың оқушысы Ақереке Жансанова Абай атамыздың 170 өлеңін, Шәкәрім бабамыздың 190 өлеңін, 2 поэма, барлығы 400 өлең жаттап келіпті. Жас талаптың өлең оқудағы дауыс мәнері де көрерменін сүйсінтіп, көшіліктің көңілінен шығып жатты. Сонымен қатар, бұл бөлімде қазылардың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің ұшқыр ойлылығымен, дауыс ырғағымен көзге түскен Жамбыл облысының намысын қорғап келген Айдана Есбағамбетова Абайдың 211өлеңін, 9 қарасөзін, 3 поэмасын, Шәкәрім атаның 118 өлеңін, жиыны 341 шығармасын жатқа біледі екен. Қос ақынның қай шығармасын сұрсаң да ешбірінен тосылмаған Айдана қазылардың оң бағасын алып, көзіқарақты көрерменді тәнті етті.
Бірінші бөлім аяқталып, сайыстың екінші «Көңілім әнді ұғады» бөлімінде . қатысушылар Абай мен Шәкәрімнің құлақтан кіріп, бойды алған әсем әндерімен халықты сүйсінтті. Бұл бөлімде де қос ақыннынң әндерін бірі эстрадаға салып айтып жатса, енді бірі қазақтың қара домбырасымен нақышына келтіре әуелетті.
Ал, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты бөлім бойынша жас дарындар ортаға шақырылып өрнекті өлеңдерін халық алдында паш етті. Бұл бөлімде жас ақындар өздеріне берілген тақырып бойынша бақ сынасқан болатын. Нәтижесінде кейбір қатысушыларымыз ұнамды ұйқастарымен көптің көңілінен шығып жатса, кейбірі керісінше әділ қазылар алқасының сынына ұшырап жатты. Семей қаласының № 42 орта мектебінің 11 сынып оқушысы «Барар жерден адасып қалушы едік, Бабатай, қандай жақсы болғаныңыз!» -деп Абайды жырға қосқан Темірлан Кәмілжанов, «Ғарыш» тақырыбын өлеңіне арқау еткен» Қостанайлық Сәтбай Айзат, жерлесіміз Қарауыл гимназиясының 11 сынып оқушысы Төлепбекова Еңліктің, Алматы қаласынан келген Тоқтар Думанның жыр шумақтары тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, қазылар тарапынан да жоғары ұпайларды қанжығалады.
Десек те сайыс болған соң жеңімпаздың болатындығы ақиқат. Өте тартысты өткен бұл доданың шешуші сәті де таяды. Көптен күткен уақыт та таяды. Сонымен, XVIII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ байқауының «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша Бас жүлдесі Жамбыл облысы, Меркі ауданынының намысын арқалап келген Айдана Есбағамбетоваға бұйырды.
Осы орайда жеңімпаз қызды жеңісімен құттықтап, бір ауыз әңгімеге тартқан едік:
«Мен Абай оқуларына 5 сыныптан бастап қатысып келемін. Алдыма қойған мақсатым – Ұлылыар мекеніне келіп, Республикалық байқауға қатысу болатын. Әрине, жарыс болған соң, жеңіс те, жеңіліс те болды. Мен де сүріндім. Бірақ, мені сол кезде арман-мақсатым алдыға жетеледі. Дәл қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Төбем көкке екі елі ғана жетпей тұр» деп өзінің ішкі сезімімен бөлісті.
Ал бірінші орын- Б.Ирасылова Семей қ, екінші орын - О.Қасымбек ОҚО, пен Атыраулық Ә. Жолдасқалиқызы және үшінші орынды- Ақмоладан келген Ә. Алдажұманова, Ә. Балғабаева (ШҚО), Абайлық А. Кәріпбай иеленді.
«Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша: бірінші орын- Алматылық Н.Айтжан, екінші орын – Павлдар қаласынан келген Т.Сушенова, ақтөбелік А. Санбаевқа, ал үшінші орын - Б. Мұстафа Ақтау қ. А.Марат Алматы обл, Б. Құдайбергенова Семей қаласының талантты жастарына бұйырды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»-номинациясы бойынша
Семейлік Темірлан Кәрібжанов бірінші орынға ие болды. Айта кетейік, Темірлан өзінің даралығының арқасында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің арнайы грантына ие болды. Ал, екінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан келген Қ. Дәулет пен Өскемендік Б.Қалижан бөліссе, үшінші орын- Қостанайлық А.Сәтбай, абайлық Е.Төлепбекова және Алматы қаласынан келген Т.Думанға бұйырды.
«Ұлылар әлемі» бөлімі бойынша бірінші орын- М. Мұратханова (Өскемен қ), екінші орын -Н.Бөрібаева (Алматы қ), П. Нусупова (ШҚО) үшінші орын -
Э. Абдрахманова (Қостанай обл), А. Құдайқұл (Жамбыл обл), Д. Мұратова (Ақтөбе обл) келген өрендер қанжығаларына байлады.
PS: Осылайша, Ұлылар мекені XVIII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ байқауын абыроймен өткізді.
«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген хакімнің өз сөзіне жүгінсек, Абай мәңгі тірі, оның мұрасы халықпен бірге мәңгілік жасай бермек.
Тоғжан Қалымова
«Абай елі»
Мұхтар тойы - халық тойы
Құнанбайға арналған құнды кітап
Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты игілікке бастайтын жаңа бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Абай елінде де елеулі шаралар қолға алынуда. Соның бір парасы ретінде жуырда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы аудан төрінде кеңінен аталып өтілді. Абайлықтар жерлес қаламгердің тойын ерекше дайындықпен есте қаларлықтай өткізді.
Бұл күні табиғат та ерекше тамылжып, күн нұры молынан төгілді. Ұлылар мекеніндегі ұлы дүбір 15 қыркүйек күні М.Әуезов атындағы орталық кітапханадан бастау алды. Талай-талай тарихи оқиғалар мен небір дүбірлі тойлардың куәсі болған киелі Шыңғыстау тағы бір мәрте ерекше сәттің куәсі болды. Олай дейтініміз, бұл күні Құнанбай баба ескерткішінің тұңғыш рет бой көтеруі орын алды. Сондай-ақ, дәл осы күні Құнанбай бабаға арналған ерекше кітаптың да тұсаукесері өтті. Аталған туындыны жинақтап, құрастырушы жергілікті әдебиетші Әсет Мырзақасым. Кітап осыған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Тұрсынғазы Жантұяқұлының бастамасымен, демеушілердің және аудан халқының қаржылай қолдауымен шығарылды.
«Дала данышпаны – Құнанбай» - атты кітапта қажы, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының өмір жолы мен қилы тағдыры жайлы жазылған зерттеу мақалалар, естеліктер мен ел аузындағы әңгімелер, арнау өлеңдер енгізілген.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда облысымыздың әкімі Даниал Ахметовтың басшылығымен облыс, аудан көлемінде «Рухани жаңғыруға» арналған игілікті істерге қолдау көрсету мақсатында бірқатар шаралар атқарылып, жүзеге асырылуда. Бүгінгі «Дала данышпаны – Құнанбай» атты кітаптың жарыққа шығуы, Құнанбай баба ескерткішінің тұңғыш бой көтеруі - «Рухани жаңғыру» бағытында ауданда атқарылған игілікті істердің дәлелі болып отыр. Осы орайда, «Әрбір адамның ең жақсы досы, өмірлік досы кітап болуы тиіс» деген Мұхтар Әуезовтың нақыл сөзі кімге болсын ой тастайтындай. Ендеше, дала кемеңгеріне арналған кітаптың дүниеге келуі – өткенге құрмет, ұрпаққа ұлағат болары даусыз. Елбасының: «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады» деген қанатты сөзі осыны айғақтаса керек. Бұл ретте көптеген шаралардың басын қайырып, ауданның гүлденуіне аянбай еңбек еткен Тұрсынғазы Жантұяқұлына алғыс айтуымыз абзал!
Айрықша шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібеков бастаған аудан басшылары, мекеме басшылары, бөлім меңгерушілері, ауыл әкімдері, ауданымыздың Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, ақ жаулықты аналарымыз бен қазыналы қарттарымыз, көптеген кітапсүйер қауым қатысып, алыс-жақыннан сыйлы қонақтар, мәртебелі меймандар қуанышымызға ортақтасты. Сондай сыйлы қонақтарымыздың бірі, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, жазушы, ғалым, профессор Совет-хан Ғаббасов ағамыз және абайтану ілімін насихаттаушы Анарбек Байдабеков Алматы облысынан дүбірлі мерекемізге арнайы келіп қатысты.
Іс-шараны мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының орынбасары, асылдың сынығы, тектінің тұяғы, мәдениет пен өнердің шын жанашыры Елдар Кәменұлы Оразалин өз мәнінде жүргізіп отырды.
Ең алдымен «Дала данышпаны - Құнанбай» атты кітаптың тұсауын кесу рәсімі өткізілді. Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тәттібеков Бауыржан Болатұлы, ауданымыздың әлеуметтік-экономикасының дамуына айтулы үлес қосып, өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген, «Абай ауданының Құрметті азаматы» Мүсәпірбеков Тұрсынғазы Жантұяқұлы, кешіміздің қонағы, сонау Алматыдан келген профессор Совет-хан Ғаббасов ағамыз, Құнанбай бабамыздың ұрпағы, «Абай ауданының құрметті азаматы», балалық шағын Мұхтар Әуезовтың қолында өткізіп, ғұлама жазушының тәлім-тәрбиесін көрген ардақты ағамыз Толғанбаев Манатай Балтақайұлы жаңа кітаптың тұсауын кесіп, «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығының әзиз әжелері шашу шашып думанға ұластырды.
Осынау әсерлі шараның құрметіне арнап «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншісі Қайрат Қабышев Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қалықтатты. Келген қонақтар кітап жайлы өз пікірлерін білдірді.
Осыдан соң «Абай аманаты", "Абайдың əдеби хатшысы" кітаптарының, "Абай жолымен" журналының авторы, осы кітаптың шығуына өз үлесін қосқан, жинақты құрастырушы, әрі жауапты редакторы, әдебиетші, драматург, Қазақстан Республикасы Мәдениетіне еңбегі сіңген озық қызметкер Әсет Медеуханұлы сөз алып, бұл кітаптың Абай ауданы әкімдігінің ұсынысымен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында қабылданған іс-шара бағдарламасына орай шығарылып отырғанына кеңірек тоқталды.
Келесі сөз Алматы облысынан келген қонақ, медицина және педагогика ғылымдарының доқторы, жазушы, ғалым, профессор Совет-хан Ғаббасов ағамызға берілді. Қадірменді мейман ризашылығын білдіріп, аудандық Мұхтар Әуезов атындағы кітапханаға өз туындыларынан кітаптар сыйға тартты.
Бір күннің, бірер сәттің ішінде ұлылар елінде ұлылыққа тағзым еткен осынау шара тамаша туындысымен тарту етіліп, келген қонақтар да аса риза көңілмен тарасты. Иә, Құнанбай бабамызға деген осынау құрмет – баршамыз үшін қуаныш, әрі қайталанбас тарихи оқиға болып қалмақ. Олай болса туған халқына жол тартқан «Дала данышпаны - Құнанбай» атты кітаптың ғұмыры ұзақ, егемендігіміз мәңгілік болғай!
Осыған дейін жарық көрген ел мен жер шежіресінен тағылымды сыр шертетін бірнеше кітаптардың авторы Әсет Мырзақасымды тұнып тұрған энциклопедия дерсіз. Аса құнды, бағалы кітаптары қалың оқырманның ыстық ықыласына ие болып үлгерді. Алда да жазары мол кітап авторы Әсет Мырзақасымға шығармашылық табыстар тілейміз. Өскелең жас ұрпаққа әліде береріңіз көп! Қаламыңыз ұшқыр болып тарихи құнды шығармалар көбейе берсін демекпіз.
ҚҰНАНБАЙ БАБАМЫЗДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ
Дәуірінің дара тұлғасы, өз заманының ақылшы биі, дін Исламның қызметшісі, ұлы Абай атамыздың әкесі - Құнанбай Өскенбайұлына, алты алаштың ұрпақтары Абай жерінде ескерткіш орнатты. Тарихи оқиға саналатын осынау айтулы шара хакім Абай атамызды әлемге танытқан ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 120 жылдық мерейтойы аясында орын алды. Ескерткіш авторы Абай елінің азаматы, Саржал ауылының тумасы, аз уақыттың ішінде танылып үлгерген шебер мүсінші - Нұрбол Қалиев. «Ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса алғанда 9 метр, салмағы 12 тонна болады және Балқаштың таза мысынан жасалды», - дейді туындының авторы.
Атаулы шара барысында ескерткіштің лентасын қию құрметі Абай ауданының құрметті азаматтары Тұрсынғазы Жантұяқұлы, Амантай Мұқатаев, Байбота Орынбаев және құрметті қонағымыз, мүсінші - Қалиев Нұрболдың әжесі Сағила Темірбаеваларға берілді. Ақ жаулықты әжелеріміз шашуларын шашып, ескерткіштің алдына гүл шоқтары койылды. Абай ауданының Құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы, Мұхтар Әуезовтың тәрбиесін көріп тәлімін алған Манатай Толғанбайұлы, қонақтарымыз - Балхаш қаласынан келген жазушы Жарылғапов Махмұт, Павлодар қаласынан келген Бейсенғазы Ғазизұлы, Қарағанды қаласынан келген жерлесіміз Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы, Семей қаласы Шәкәрім университетіннен келген Аман Тілеубаевтар құттықтау сөздерін жеткізіп, сый- сияпаттарын табыстады.
Шара барысында сезімге толы ерекше сәттер де орын алды. Атап айтсақ, мүсінші Қалиев Нұрбол мен Құнанбай қажы қорының төрағасы Белібаев Ардаққа Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушысы Тәттібеков Бауыржан Болатұлы абайлықтар ризашылығын жеткізе келе, Алғыс хатпен марапаттап, оқалы шапан жапты. Сондай-ақ, белді кәсіпкер жерлесіміз Рақымжанов Ербол Арғынғазыұлы мен Әзімбаев Ернұр, Абай ауданына автокөлік сыйға тарттып, көліктің кілтін Бас имам Болат Самырбайға табыстады. Салтанатты жиынның соңында жерлесіміз Әзімбаев Ернұрдың “Құнанбай қажыға арнау” әні Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық ән байқауының жүлдегері, халықаралық “Шабыт”фестивалінің бас жүлдегері Әлімханов Сәкен Ерланұлының орындауында шырқалды.
Құнанбай бабамыздың ескерткішін орнатуда қолдау білдірген облысымыздың басшысы Даниал Ахметовке және Абай елінің барша құрметті азаматтарына біз де ел атынан алғыс білдіреміз!
Ауданымыздың ажарын ашқан-стадион
Дәл осы күні заңғар жазушымыздың 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс тұсауы кесілген тек бір бұл емес, күннен күнге көркейіп келе жатқан ауданымыздың ажарына ажар кіргізер орталық стадионның ашылу салтанаты өтті. Әдебиет пен мәдениеттің нағыз ошағына айналған Абай ауданы спорттан да кенде емес. Заман талабына сай аудан орталығында стадионның күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан халық игілігіне берілуі-баршамыз үшін маңызды оқиға екені даусыз. Ескерткіштің салтанатты ашылуынан соң халық бірден су жаңа стадионға ағыла бастады.
Осылайша жаңа нысанның лентасын қию құрметі аудан әкімі міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы мен ауданымыздың бұрыңғы әкімі, Абай ауданының Құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы сондай-ақ қоғам қайраткері Нәубат Қалиевқа берілді. Өз кезегінде Тәттібеков Бауыржан Болатұлы: «-Бүгінгі күні ашылып отырған осынау нысандар баба тойының қуанышын еселеп отыр. Ұлы жазушыны ұлықтау, ұлағатын ұмытпау біздің қасиетті парызымыз.Қымбатты ағайын! Мұхтар –тойы, халық-тойы құтты болсын! баршаңызға береке-бірлік тілеймін! Ұлы жазушыға деген құрметіміз арта берсін!»- деп қорытты сөзін аудан басшысы. Сонымен қатар, жерлесіміз, саясаттану ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Нәубат Қалиев мырза:- Абай салған, Мұхтар салған дара жол – біздің де қасиетті жолымыз болсын, ашылып жатқан жаңа нысан жастардың тынысын кеңейтіп, денсаулықтарына дем беретін халықтың құтты орынына айналсын деген тілектерін жеткізді. Ал, Абай ауданының құрметті азаматы Кошкин Сайлау өз кезегінде қалың жұртшылықты торқалы тоймен құттықтап, игі істің басы-қасында жүріп, тікелей ұйымдастыруға мұрындық болған Тұрсынғазы Жантұяқұлы мен аудандық әкімшілікке зор алғысын жеткізе кетті. Осындай айтулы мерекеде қуанышымызды еселеп, Абайдың киелі топырағынан нәр алып ел намысын, жер намысын қорғап жүрген даңқты ұлымыз ЕКСПО 2017 аясында өткен «Әлем барысы» 2017 турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаровты Абай жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алды. Ел сенімін асқақтатқан оғланымыздың әлемді бағындыруына зор ықпал еткен бапкері Серік Сәпенұлымен бірге сахна төріне шақырылып, аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы мен Абай ауданының құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы құттықтап Айбекке 1 млн теңгенің ал, бапкеріне 500 мың теңгенің сертификатын тарту етті. Осы орайда ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев алты алаштың алыбы, атағы әлемге шарлаған батыр ұлға ел атынан жырдан шашу шашып, ақ батасын берді.
Орталық стадионның ашылу салтанатында «Спорт даңқы» аллеясы да халыққа таныстырылды. Аудан спортының тарихында елеулі еңбектерімен мәңгілік ел есінде сақталып қалған тұлғалар туралы спорт ардагері Майдан Мұқанов түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, өскелең ұрпақ білсін, көрсін, көңілге түйсін деген ниетпен театрландырылған көрініс арқылы Әуезовтың өмірі, шығармашылығы ұлықталды. «Әлем таныған Әуезов» атты театрландырылған қойылым ұлы Мұхтардың мәртебесін марқайтып, әсіресе, Бала Мұхтардан – дана Мұхтарға дейінгі М.Әуезов өмірінің тарихи тізбесіне арналған көрініс жиналған көпшілікті Әуезов әлеміне сүңгігітіп әкеткедей.
Қазақ футболының ғасырдан астам тарихы барын қазіргі жеткіншектердің бірі білсе, бірі білмес. Қазақ топырағында тұңғыш ресми футбол командасы 1913 жылы Семей қаласында құрылып, ол – Ярыш (Жарыс) деп аталған болатын. Оның құрамында қорғаушы болып заманымыздың заңғар жазушысы – М.Әуезов ойнаған. М.Әуезов – қазақтан шыққан тұңғыш футболшы болғанын таңданып та, мақтанып та айта жүргеніміз артық емес. Қазіргі жеткіншектер күрделі жөндеуден өткен жаңа стадионда спорттың әлемге танылған түрі – футболға құмартумен, шұғылданумен қатар, оның тарихын да біле жүргені абзал. Әсіресе, Биылғы жыл – егемен еліміздің футболы үшін айтулы белес. Жазушының 120 жылдық мерей тойымен қатар, стадионның да бой көтеруі Баба рухымен үндестік десек артық айтқандық емес.
Өнер биігінде
«ҚАЛАМҚАСЫ» ХАЛЫҚТЫҢ 45-ТЕ
Өнер әлемінде халықты ән-жырмен сусындатып қалтқысыз қызмет етіп жүрген әйгілі «Қаламқас» биыл 45 жылдығын тойлауда. Қазіргі таңда Абай ауданда бір аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі және 5 ауылдық клуб үйі, 4 халық театры, 2 халықтық ән-би ансамблі ел игілігі жолында қызмет көрсетуде.
«Қаламқас» ансамблінің тарихы тым тереңде. Өнер ордасы 1972 жылы құрылды. Құрылған жылдан бастап ансамбль өркендеудің сара жолына түсті. Оған негізінен жергілікті өнерпаздар тартылып, ауданда басшылық қызмет атқарып жүрген ел ағалары қолдап, жәрдемші болды. Осылайша, «Қаламқас» көп жыл өтпей-ақ аудан көлемінен тысқары жерлерге де таныла бастады. Облыс, республика, қала берді одақ көлемінен асып, шетелдерге әйгілі болғанын Абай елі бүгінде жақсы біледі. Алғаш рет ансамбль Чехославакияның Старжница қаласында өткен халықаралық фольклорлық фестивальға қатысып, көрермен назарын бірден өзіне аударды. Бүгінде «Қаламқаста бір «Қазақтан Республикасының мәдениет қайраткері», үш «Мәдениет қайраткері», он бес «Мәдениет саласы үздіктері» қызмет етуде. Осының өзі көп жайтты айғақтаса керек-ті.
Қазіргі күндері ауданның мәдениет саласында да жаңғырулар орын алуда. Аталған шара аясында Венгрия, Чехославакия, Ресей елдерінің конкурстарының лауреаты «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің 45 жылдық мерейтойы аталып өтті. Жылма- жыл дәстүрлі түрде Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей қалаларының белгілі сахналарында, ШҚО аудандарында өзінің шығармашылық концерттерін қойып жүрген ұжым қазіргі уақытта жас өнерпаздармен толығып, жетістіктерге жетуде.
Ауданымызда өткен М.Әуезовтің 120 жылдық тойына келген қонақтар, аудан халқы өрттей өнерімен аспандаған «Қаламқас» ансамблі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, сазды әуенге куә болды.
Дарынды жастары бар бүгінгі «Қаламқас» кешегі Төкен, Роза, Ғаббас сынды тағы көптеген өнер саңлақтарының көзіндей іздерін жалғастырып келеді. Қырық бес жылдық тарихы бар «Қаламқасқа» қанша мақтау, мадақ айтсақ та жарасады. Ұлы Абайдың үлгі өнегесін, өсиетін ұлықтап, елінің мақтанышына айналған «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің 45 жылдық өнер мерекесінің шымылдығы «Шыңғыстау» ұлт-аспаптар оркестрінің «Шаңды жорық» күйімен түріліп, өнер саласы қызметкерлерінің марапаттауларына ұласты. «Қаламқастың» алғашқы қарлығаштары Баян Сағынбаева, Зайра Қабышева, Нағия Бұланбаева, Тамара Көзбаева, Бақыт Шағатаева тағы көптеген ансамбльдің іргетасын қалаушы майталмандары мен бүгінгі жас әншілеріне аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Тәттібеков облыс және аудан басшылығының Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.
Көңілдерге нұр сыйлаған осынау мәртебелі марапаттаулардан соң «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі, әнші Нұрбек Өмірбеков «Абайдың елі» әнімен шашу шашты. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әніне композициялық қойылым көрсетіліп, ән шырқалса, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев Біржан салдың «Айтбай» әнін әуелетті. Бұдан соң әншілер мен бишілер А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Той бастар» әнін тарту етті. Сахна төрі сән-салтанатқа ұласып ерекше көңіл-күйге бөледі. Ал, домбыра мен қобыздың, дауылпаздың үні астасқан «Бірігіңдер» әні «Дала сазы» көне ұлт аспаптар ансамблінің орындауында күмбірлей, ерекше бір рухпен айтылып, көрерменіне көнеден қалған есті сөзді жеткізе білді.
Қазақы рухтың лебі ескен «Қаламқас» ансамбльінің мерекелік концерті әнші Жанат Хайсинаның орындауындағы «Ұлы дала» әнімен жарасым тапты. «Өрнек» тобының жас өрендерінің «Көкке өрле» әні де әр көңілге шаттық сыйласа, әншілер квинтетінің орындауындағы Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әні лирикалық сезімге жетелегені анық. Ансамбльдің майталман әншісі Тамара Көзбаева «Жылдар-жылдар» әнін орындап, қайтып келмес сол бір сағынышқа толы жылдар кино лентасындай көз алдында тізбектеле өтіп, тыңдармандарымыздың жүрегінен жылы орын алды. Сондай-ақ, әншілер «Тербеледі тың дала» әнін, жас әнші Елдос Советханұлы халық әні «Қараторғай», Абайдың ұрпағы, бұлбұл әнші Бақыт Шағатаева Ыбырайдың «Гәккуін», қобызшылар ансамблі «Абай табиғаты» шығармасын тамылжыта орындап, халықтың ыстық ықаласына бөленді.
Концерт соңы ансамбль әншілерінің «Қаламқастың әнімен» тәмәмдалды. Тамашалаушы тыңдарман тамсана, үлкен жүрекпен дуылдата қол соғып өздерінің алғыстарын ду қол шапалақпен білдіріп жатты.
Осылайша, ғұлама жазушының 120 жылдық мерейтойы атағы үш жүзге мәлім қажы, аға сұлтан, ұлы Абайдың әкесі Құнанбайға ескерткіш қоюымен құндылығы артып, ауданымызда сәулеті келіскен стадионның бой көтеруіне де септігін тигізді. Одан бөлек қажы ұрпағы Ернұр Əзімбаев Шəкəрімнің өзі қолданған заттарын "Әзірет Сұлтан Мемлекеттік Қорық-музейіне тапсырып, рухани құндылықтарды ел игілігіне, халық назарына ұсынды. Өзіндегі, туыстарындағы, анасындағы құнды дүниелерді музей қорына тапсыруына зор ықпал жасаған азаматтың бұл игілікті ісін абайлық көпшілік жоғары бағалады. Мұнымен қоса, оның «Құнанбай қажыға арнау» атты жаңа әні көпшілікке жол тартты. Рухты ән ескерткіш ашыларда да, «Қаламқас» ансамблінің мерекелік концертінде де, Қарауылтөбеде де қалықтап, тіпті Мұхаңның тәлім-тәрбиесін көрген абыз ақсақалымыз Манатай Балтақайұлының 80 жас мерейтойында да Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлде иегері, халықаралық «Қазақ дауысы» конкурсының Бас жүлде иегері, республикалық «Әміре Қашаубаев» атындағы конкурстың Бас жүлде иегері әнші Алимханов Сәкен Ерланұлының орындауында бірнеше қайтара тыңдарман жүрегінен жол тапты. «Абай елі» газетінің жауапты хатшысы, журналист Анар Сәрсенбинаның ән авторы Ернұр Мұсабайұлымен сұхбат жүргізіп, қалың көпшілікке аудиожазбасы таратылғанын журналист ретінде еліне қосқан тағы бір үлесі деп білеміз. Ырғызбай ұрпақтары Құнанбай қажы атындағы мешітке автокөлік сыйлады. Мұхтар Әуезовтің есімімен аталатын киелі кітапханада зиялы қауым өкілдерінің, жақсы-жайсаңдардың қатысуыменен жергілікті әдебиетші Әсет Мырзақасымның «Дала данышпаны- Құнанбай» атты құнды кітабының тұсауы кесілді. «Мұхтар тойы –халық тойы» деген ұранмен орталық стадионда ұлы жазушының бала күніндегі, жігіттік кезіндегі және әлемге танылған шақтары, шығармаларына елдің сүйікті кейіпкерлеріне айналған тұлғалар арнайы декорациямен сахналап, жазушы шығармалары насихатталып, өмір жолынан үзінділер келтірілді. Ал аудандық кітапханада заңғар жазушы, классик, ұлы Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов әлемі кітап көрмесіне сай ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Қарауылтөбедегі дүбірлі дода
Қарауыл төбеде жалғасын тапқан тойдың түскі мезгілінде киіз үйлер қалашығында дала данышпандарына арналып ас беріліп, мереке ұлттық спорт ойындары түрлерінен жарыстарға жалғасты. Жиналған жұрт түс ауа Қарауылтөбеге ағыла бастады. Осындай ұлы дүбірлі мереке әрбір қазақтың қаны қызатын аламан бәйге мен түйе палуансыз, өтпейтіні белгілі. Бабамыздың таңертеңнен басталған тойы түс ауа қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ат жарысына ұласты.
Жарыс тай жарысынан басталды. Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер ат тұяқтарымен таудың баурайын дүбірлетіп 5 шақырым қашықтыққа жүгірді. Тай жарысынан Сәйгүліктердің ішінде Қарқаралыдан келген Қаршалов Мәдидің «Гауһартас» деген аты жүйріктігін танытып бірінші келді. Ал Үржар ауданынан келген Рысбалкин Алексейдің «Желі» атты сәйгүлігі мәре сызығын екінші болып кесті. Ал жүлделі үшінші орынға Медеу ауылының келген Шаймарданов Зекеннің «Аққыз» деген тұлпары ие болды.
Тай жарысын жалғастыра топ бәйгенің сәйгүліктері жарыстың көркін қыздырды. Осылайша Семей қаласынан келген Жұмағазы әулетінің шабандозы Ербұлан мәре сызығына бірінші болып жетіп, топ бәйгенің жүлдесін жеңіп алса, Бородулихадан келген Оқжирен атты сәйгүлік екінші болып келіп, Шыңғожалық Еркебұлан Ерланның аты үшінші болып мәре сызығын кесті.
Ал аламан бәйгеден Шыңқожадан келген Шериязданов Адайдың Құралай атты сәйгүлігі Баба тойының бас жүлдесін қанжығалады. Жармадан келген Имадилов Ерболаттың сәйгүлүгі екінші орынды, Семейлік Туртугулов Рахаттың шабандозы үшінші орынға ие болды.
Баба тойының жарғасы әрмен қарай боз кілемде жолыққан Түйе палуандарының күресімен жалғасты. «Күш атасын танымас» дегендей Қажұмықан, Балуан Шолақ аталарының жолын қуған жауырындары жерге тимейтін мықтылардың ғана жолы болды. Нәтижесінде Мұхтар тойының бас палуаны атағына Ерасыл Қажыбаев лайық болып, 300 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды. екінші орынды- Марат Нұғмаров, ал Семей қаласынан келген балуан Асхат Құсайынов үшінші орынға тұрақтады.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей тойға дейін қаншама қыруар шаруалар атқарылды. Халық тек мінсіз атқарылған істің нәтижесін ғана көреді, ал оның арғы жағында кімдердің қалтқысыз қызмет еткенінен бейхабар күйі қалады. Ұлыны ұлықтау – ұлт мерейі, ұрпақ парызы мен намысы деп білетін Абай елі осылайша терең талант иесі, дала данышпаны- Мұхтар Әуезовтың тойын ел болып, дүркіретіп атап өтті. Осындай қасиетті топырақтың қазіргі текті ұрпағының өнегелі істері ұзағынан сүйіндірсін дейміз біз де.
Анар СӘРСЕНБИНА,
Тоғжан ҚАЛЫМОВА,
Тоғжан НҮРИДЕНОВА,
«Абай елі»
ТАЛАНТ ДЕГЕН АТҚА САЙ...
Өнерпаз болсаң арқалан...

Бүгінгі Абай елі де жас дарындардан кенде емес. Шыңғыстау жұлдыздары дерлік өнер иелерінің қастерлі сахна әлеміндегі жолын ашу, талантын шыңдау мақсатында да елеулі шаралар орын алуда. Мәселен, тамыз айының 24-ші жұлдызында аудан орталығында Қарауыл ауылы әкімдігінің қолдауымен ерекше шара ұйымдастырылды. Өнерлі жас, “Жайдарман” әзіл- сықақ театрында шыңдалған, аймағымызға белгілі сахна шебері, “Шыңғыстау жұлдыздары - 2016” байқауының жеңімпазы Беріболов Таланттың “Мен өнерді сүйемін” атты әсерлі ән кеші болып өтті.
Талант көрермен қауымға әң әуелі сатира жанрымен танылды. Десекте, «Жігітке жеті өнер де аз» демекші жас дарынның көпшілікті тәнті етер қасиеті көп. Сол себепті де, қабілетін ұштап, өнерін шындау мақсатында сегіз қырлы бір сырлы Талант елордасы Астана қаласына жол тартпақ.
Ел ағаларының, туып өскен елінің ақ тілек, ақ батасын алуды көздеген Талант өзінің осынау ән кешінде қазақтың киелі домбырасымен де сахна төрінде өнер көрсетіп, “Жидебай жидектері” КТК командасымен халыққа астарлы да әдемі күлкі сыйлай білді.
Өз кезектерінде ауданымыздың мәдениет үйінің әншілері де Талант сынды өнерпаз ұланға қолдау көрсетіп, репертуарларында ең үздік әндерін тарту етті. Өнер әлеміндегі әріптестерінің көңілінде қимастық сезім бардай сезілгені де рас. Бәлкім әр нөмірдің ұзақ қол соқтырғаны да сондықтан болар.
Көрермен қошеметі мол болған кеш соңында Абай ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Балтабеков Құмарғазы атамыз жас өренге ақ жол тілеп, тілекші болып отырған қалың елінің атынан батасын берді. Ал, Абай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бастығының орынбасары Елдар Кәменұлы жүрек жарды тілегін жеткізе келе, аудан әкімінің атынан арнайы сыйлық тарту етті.
«Боламын...» деген өреннің бетін қақпай, елінің алдында танылып, осындай биік дәрежеге жетуіне мұрындық болған, абайлық жастардың жанашыры, бүгінде Қарауыл ауылының әкімі болып отырған Мейіржан Смагуловтың еңбегінің зор екенін айта кеткеніміз жөн. Өз сөзінде Мейіржан мырза да Талантқа ағалық тілегін айтып, толғанысын жасыра алмады.
Бір бұл емес, әсерге толы ән кешінде Уәсила Нұрсейтова апамыз шашу шашып, жас дарынға өнердің биік шыңынан көрініп, әрдайым киелі Абай жерінің атын шығарып, намысын биік ұстай берсін деп ақ жол тіледі. Лайым, Таланттың сахна әлеміндегі жолы даңғылға айналғай...
Тоғжан Нүриденова
"Абай елі"
Республикалық қылқалам шеберлерінің «симпозиумы» өтті.
Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл
Осы мерекеге орай қылқалам шеберлері М.Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясы ізімен Семей қаласынан ұлылар мекені Шыңғыстау баурайы Жидебайға ат басын тіреді. Олар жолшыбай М.Әуезов музейіне, Ділдә, Әйгерім зираттарына, Күшікбай зираты мен бұлағына, Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақ, Еңлік-Кебек ескерткішіне, Ақшоқы Құнанбай қажы әулетінің қорымына, Шілікті кезең, Еңлік-Кебек жасырынған үйтас сияқты тарихи орындарды аралап, Жидебайда екі күн болды.
Бұл суретшілер Қазақстанның төрт бұрышынан жиналған аттары елімізге танымал қылқалам шеберлері: Атап айтар болсақ: Астана, Алматы қаласы суретшілер одағының төрағасы Т.Ермеков, Еңбек сіңірген өнер қайраткері М.Тукентов, Мәдениет қайраткерлері М.Байтенов, Т.Байғалиев, Қазақстан суретшілер Одағының мүшелері: М.Исмагул, М.Сыдыков., Д.Нугер, Г.Тостимбаева.
Семей қаласынан: Семей қаласы суретшілер Одағының төрағасы Т.Жұбанышев, Педагогика ғылымдарының кандидаты А.Мырзаханов, Қазақстан суретшілер Одағының мүшелері: О.Хасенов, А.Махан, Т.Татиев, С.Абдильханов, Е.Турганбаев Атыраудан: А.Жантасов, Қызылордадан: А.Абизбеков, Шымкенттен: Х.Атамкулов, Е.Палымбетов, Павлодардан: Т.Төлеуов.
Еліміздің майталман суретшілері екі күн Жидебай өңіріндегі тарихи орындарды қылқаламмен бейнелеп, ұлылар мекенінің ұлылығын сурет салу арқылы сөйлете білді.
Абай салған ұлы көш поэзия, тарих, әдебиетпен ғана шектеліп қалмай, қылқаламмен әр түске боялып «Тотықұс түсті көбелек»-деп Абай айтқандай түрлі түске боялып толғаулы тоқсан ауыз толғанысты суреттерге айналып, сыр шертеді. Бұл өнер көші өрге өрлеп, «Ұлылар рухы асқақтай береді» деп сенеміз.
Күзембай Лаура Ғизатқызы
Жидебайдағы Абай музей-үйінің жетекші,
меңгеруші қызметін атқарушы.
