Ауданымыздың ақпарат жаршысы «Абай елі» газеті редакциясы оқырман арасында «Шыңғыстаудың Сәулесі» атты шығармашылық байқау жариялайды. Байқау жеңімпаздарына төл басылымның іргесін қалаған қаламгер, кейінгі буын тілшілерге ұстаз, қарымды журналист Нұртазина Сәуле Зәрерқызы атындағы жүлде тағайындалады. Байқауға 16-40 жас аралығындағы кез-келген аудан тұрғыны қатыса алады.
Берілген төрт тақырып бойынша
бас жүлде – біреу
І орын – біреу
ІІ орын – екеу
ІІІ орын – үшеу
және ынталандыру сыйлықтарын беріледі.
Байқаудың мақсаты:
Ұлы Абай мұрасын насихаттау. Көзі қарақты оқырманмен байланысты нығайта отырып, тұрғындардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Ауданымыздағы әр саланың өркендеуі жайлы тұжырым-көзқарастарымен бөлісу. Жергілікті атқарушы билік, уәкілетті органдар мен бұқара арасындағы ықпалдастықты арттыру.
Байқауға ұсынылатын тақырыптар:
«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» (Абайдың 170 жылдығына орай ақын өнегесі жайлы тұжырым, ықшам очерк, танымдық деректер қабылданады)
«Берекелі болса ел...» (Ауылдың абаттандырылуы, өркендеуі жолындағы атқарылып жатқан игі істер, көркем суреттемелер)
«Ақыл мен қайрат жол табар!..» (Ел ішінде ерекше ісімен танылған кәсіпкерлер, ерен еңбеккерлер, кең жүректі демеушілер жайында)
«Жүрек теңіз – қызықтың бәрі асыл тас!» (Ауылдардағы айрықша дарын иелері, жастардың немесе округ әкімдерінің жаңашыл бастамалары туралы қызғылықты мақала)
Байқау шарттары:
- Жолданатын мақала көлемі А4 форматымен екі беттен аспауы керек. Мүмкіндігінше сапалы фото талап етіледі.
- Мәтін қарпі 14, интервалы 1,5 (тек электронды түрде)
- Өлең түріндегі туындылар қабылданбайды. Автор кез келген публицистикалық жанрды қолдануына болады.
- Материалдар мамыр айының 30-на дейін қабылданады. Байқау қорытындысы журналисттер күнінде жария етілмек.
- Әділ-қазылар алқасының шешімі қайта қаралмайды.
Сараптамаңыз салмақты, айтарыңыз айшықты болса, аудан айнасы – «Абай елі» газеті арқылы бөлісіңіз. Сәуле Зәрерқызы атындағы жүлде иегері атануға қалам тербей алатын әркімнің де таласы бар! Өңіріміздегі өркенді істер сіз бен біздің ортақ қуанышымызға айналсын, құрметті оқырман!
ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР АЛҚАСЫ
