ҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАЖЫРЛЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Сөз - басқарма басшысында!

Бақтыгүл Сүбәтілғазықызы:

ҚАРЖЫЛЫҚ  ҚЫЗМЕТКЕ ҚАЖЫРЛЫЛЫҚ  ҚАЖЕТ

 

Елдігімізді,  Тәуелсіздігіміздің тұғырлылығын, өзге елдермен тереземіздің теңдігін танытатын бірден бір нышан - ұлттық валюта. Ол күндер бүгінде естелікке айналды. Сонау 1993 жылдың қараша айында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен қолданысқа енген төл теңгеміз биыл  жиырма үш жасқа толды. Сол бір жылдары ел әлеуетінің өркендеуіне, экономикамыздың күш алуына ұлттық валютамыздың тигізген үлесі елеулі болғаны анық.

Теңгеміздің кескін - сипаты дизайны да мемлекеттік рәміздермен, еліміздің сәулет нысандарымен, табиғи ландшафтарымен бейнелене отырып, халық қолданысына тез сіңісті болып кетті. Ал, бүгінде теңгеміздің айналасында тың өзгерістер орын алуда. Осыған орай, ауданымыздағы қаржылық құрылым саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың төл мерекесіне орай ШҚО бойынша Қазынашылық департаменті Абай аудандық Қазынашылық басқарамысының басшысы Бақтыгүл Сүбәтілғазықызымен арнайы сұхбат өткізген едік.

 

-Бақтыгүл Сүбәтілғазықызы, алдымен сізді және сіз арқылы ұжымыңызды еліміздегі кәсіби мереке қаржыгерлер күнімен құттықтаймыз. Осы күн тарих парағында Ұлттық валюта күні болып, яғни төл теңгеміздің айналымға енген күні ретінде есте қалды. Сөз басында осынау атаулы күн жайлы пікір білдіріп өтсеңіз...               

-Рахмет! Қалыптасқан дәстүрге сай, жыл сайын төл мерекемізді әр түрлі іс-шаралармен атап өтуді игілікті дәстүрге айналдырғанбыз. Кәсіби мерекемізде, әсіресе, зейнетке шыққан ардагер жандарды ортамызға алу үрдісі қалыптасқан. Яғни, барлық қызметкерлермен бірігіп, қызығы мен қиыншылығы мол сала жайында арнайы сайыс ұйымдастырып, үздік әріптестерімізді марапатқа бөлеп, қал-қадірімізше атап өтеміз.  

- Жалпы Қазынашылық басқармасының қызметі, алға қойған мақсат-міндеттерімен бөліссеңіз?

-Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы қаржы министрінің қазынашылығын құру туралы №1526 жарлығына сәйкес, жер-жерде қазынашылық Департаменттері мен олардың жүздеген бөлімшелері құрылған еді. Осы жылдың 20 мамырында ҚР қаржы министрлігінің қазынашылық комитетінің ҚР қаржы министрлігінің қазынашылық құру туралы жөніндегі №549 қаулысына сәйкес, ШҚО бойынша қазынашылық Департаменті қаралып, оның Абай аудандық бөлімшесі де өз жұмысын бастаған еді. Жаңадан құрылған қызметте осылайша  қарқынды жұмыстар орын ала бастады. Айталық, Абай аудандық бюджеттік банк бөлімінің ғимараты мен материалдық құндылықтары ауданның жаңа қазынашылық бөліміне өткізіліп берілді. Осылайша 1998 жылдың 2 қаңтарынан штаттық кестеде 9 қызметкері бар қазынашылық бөлімі өз жұмысын бастады. Содан бері басқарма жұмысы байыппен алға басып келе жатыр.

Ал ел Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі №387 Қаулысымен «бөлім» «басқарма» атауына ауыстырылды. Міне, содан бері егеменді еліміздің жаңа құрылымдарының бірі, экономикамыздың қарқынды дамуына бюджеттік мекемелерге қызмет көрсету арқылы сүбелі үлес қосып келеміз. Биылғы жылы Қазынашылық органдарына 22 жыл толып отыр.

Қазынашылық – аты айқындап тұрғандай, ол мемлекеттік қазынаның, яғни мемлекеттік бюджеттің кіріс және шығыс түрлерінің атқарылуын іс жүзіне асыратын және оның мақсатты жұмсалуына бақылау жасайтын мемлекеттік атқарушы орган.

Қазіргі таңда Абай аудандық қазынашылық басқармасында облыстық бюджетке  қарайтын 4, аудандық бюджеттен қаржыландыратын 38, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшасын бақылау шоттары -23, квази секторлық субъекті -1, ақылы қызмет көрсетуде 2 шот ашылған.

-Ағымдағы жыл сіздер үшін несімен есте қалмақ? Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қызметтеріңізде қандай жаңашылдықтар орын алуда?

-Сауалыңыз орынды. Бұл тарапта айта кетер болсам, бүгінгі күні біздің жұмысымызда қазіргі заман талабына сай бірқатар ілкімді жаңашылдықтар орын алуда. Мәселен, қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелермен жұмыс барысында «Қазынашылық-клиент» жүйесі жақсы қалыптасып, алған бағытының дұрыстығын іс жүзінде дәлелдеді. Бір ауыз сөзбен айтсақ, қазынашылық жүйеде қағазбастылық азайып, артық сұраныстар мен хабарлар азайды. Бұл - үлкен жетістік.

Сонымен қатар, бүгінде Қазынашылық басқармасы мен мекемелер арасында электрондық байланыс орнап, электронды түрде аударымдар жүргізілуде. Қазынашылық жүйесі үшін ағымдағы жылдың жағымды әрі ең басты жаңалығы - келісім шарттарды электронды өтінім арқылы тіркеу болып табылады. 

Сөз орайында айта кетейін, біздің салада маманның біліктілігіне баса мән беріледі. Бұл ретте басқарма қызметкерлері үш жылда бір рет республикалық деңгейдегі қайта  даярлаудан өтіп отырады.

-Тәуелсіздік аясында 23 жасқа толған теңгеміздің тарихи таңбасы күн санап түрленіп, дизайны да заман талабына сай жаңартылу үстінде. Жуырда ғана Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы бейнеленген 10 мың теңгелік кәдесыйлық ұлттық валюта мен монеталар таныстырылған еді. Желтоқсан айынан бастап қолданысқа енетін жаңа банкноттар жайлы анығырақ баяндасаңыз.

-Иә, өздеріңіз бұқаралық ақпарат құралдарынан құлағдар болып отырғандарыңыздай, Ұлттық Банк төрағасы  Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасы бейнеленген 10 мыңдық кәдесыйлық банкнот пен монеталардың шығарылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жаңа банкноттар осы жылдың 1 желтоқсанында айналымға енгізілетінін де жеткізді. 

Аталмыш банкнот бірегей технология нәтижесінде ерекше қорғаныш қабілетіне ие. Онда өмір ағашы, сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарихты жинақтау белгісі ретінде жасалған жәдігерлік элементтер ерекше дизайнмен орналастырылған. Бұл теңгеліктерді алған адам оны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығынан естелік ретінде сақтап қояры анық.

-Жалпы өзіңіз осынау жауапты міндет жолында қай жылдардан бастап еңбек етіп келесіз? Мекемедегі абырой иелері атанған қызметкерлеріңіз жайлы тоқталсаңыз...

-Мен осы саладағы еңбек жолымды 1992 жылы 11 мамырда Қарауыл ауылының есеп –айырысу касса орталығында оператор болып бастап, осы мекеменің ішінде сектор меңгерушісіне дейін жоғарыладым. 1997 жылы мекемеміз Бюджеттік банк болып атауы өзгерді. Ал 1998 жылдың 2 қаңтарынан Абай аудандық қазынашылық бөлімі болып өзгертілгенде қызметімді бас маман-бас қазынашы болып бастап, бөлім бастығының орынбасары лауазымына дейін жоғарыладым. Осылайша, 2008 жылдың 23 қыркүйегінен бастап басқарманың басшысы қызметіне тағайындалдым. Осынау қызметке деген сүйіспеншілік, жұмысқа деген ынта адамды үнемі алға ұмтылдыратыны анық. Бұл ізгі қасиетті өзге әріптестерімнің де бойынан байқаймын. Мәселен, Абай аудандық қазынашылық бөлімінің алғашқы құрылған күнінен бастап мемлекеттік қызметкер деген атқа кір келтірмей өз лауазымдарын жауапкершілікпен атқарып келе жатқан, төлемдерді алдын – ала бақылау және енгізу тобының бас маман-бас қазынашысы Н.Г.Жакишбекова, операциялық топтың бас маман-бас қазынашысы Л.Мұхаметқалиева және басқарма басшысының орынбасары С.Әсетұлын осындай өз мамандығына шексіз берілген жандар қатарына жатқызамын. Сонымен қатар, ізімізді басып келе жатқан кейінгі толқын жас буын мамандар А.Байжуманова, Ж.Шәкенова және А.Кентбекұлының абыройлы қызметтерін атап өткен орынды дер едім. Біздің қызмет асқан жауапкершілікті, іс барысында мұқияттылықты талап етеді. Осынау үдеден табыла білу біз үшін үлкен абырой.

-Мекемелеріңіздің  материалдық-техникалық базасы қалай қалыптасқан?

-Басқарманың материалдық техникалық жағдайына келсек, барлық қызметкерлер жеке жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Басқарма бүгінгі заман талабына сай сканьер, ксерокс және принтерлермен, кәсіби бағдарламалық жүйе орнатылған компьютерлік құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда материалдық тұрғыдан ешқандай мұқтаждық жоқ.

-Сұхбатымыздың соңында ауданымыздағы қазынашылық жүйесінің жетістігі жайлы айтып өтсеңіз. Облысымыздағы рейтингілік көрсеткіш бойынша  қандай межеден табылуда?

-Ағымдағы жылы ШҚО бойынша қазынашылық Департаментінің рейтинг қорытындысы нәтижесінде орташа деңгейдеміз. Себебі, штат бойынша 8 адам жұмыс жасауы тиіс мекемеде биылғы жылдың ақпанынан бері небары төрт адам ғана зор жауапкершілікпен қызмет атқарып келеді. Басты себеп сол, салаға қажетті мамандардың жеткіліксіздігі жұмыс қарқынын шамалы тежеп, аймақ бойынша сараланған көрсеткішімізді сәл төмендетіп тұрған жайы бар. Алдағы уақытта бұл олқылықтың орынын толтырып, жоғары көрсеткішке қол жеткізуге барымызды салатын боламыз.

- Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.Еңбектеріңіз әрдайым табысты болғай. Ауданымыздың да, байтақ отанымыздың да қазынасы ортаймасын!

 

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар