
Жас жүрек жайып саусағын
ТАЛАБЫҢ ҰШТАЛСЫН, ТАЛШЫН!
Бүгінгі Абай елінің даңқын өнерлі өрендер де аспандатып жүр. Солардың көшбасында тұрған, Қарауыл гимназиясының 10-сынып оқушысы, кішкентайынан әнге әуес, күйме құмар болып өскен талантты Талшын Советқызын ерекше атаумызға болады. Талшын жақында «Ғұмырдария» орталығының ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасындағы Алматы қаласының мың жылдығына арналған республикалық «Алматым жүрегімде» атты ән байқауынан бас жүлдені еншілеп қайтты.
Еліміздің орталығы, кешегі мен бүгінгі мәдениеттің түр-сипатын айқындай көрсететін алып мегаполиске айналған Алматы қаласы әрбіріміздің жүрегімізден ерекше орын алатыны анық. Биыл Алматының 1000 жылдығы ЮНЕСКОның мерейтойлық даталар тізіміне енді. Қазақстың ұлттық өнерімен көркейіп, әлемге ұлттық нақышымен танылған, ақын мен сазгердің мұрасына айналған әсем әннің ордасы, сұлулықтың символы, тамаша табиғаттың көрінісіне айналған Алматының өскелең ұрпақ үшін де әлі берері мол. !Алматым жүрегімде» Республикалық ән-би байқауының мақсаты Алматы жайлы жазылған ақын-композиторлырдың туындыларын дәріптеп, ұмыт бола бастаған, әндер мен жырларды қайта жаңғырту болса біздің Талшынымыз да осы үдеден табыла білді. Көркемдікке құмар, әдебиетке құштар, кітап оқығанды ұнататын ол түрлі зияткерлік және шығармашылық олимпиадалар мен сайыстарға да белсене қатысады. Мәселен, қалалық патриоттық әндер байқауының дипломанты атанды. Ауданымыздағы Ж.Кәрменов атындағы музыкалық мектептің прима-қобыз класын бітірген ол жан-жақты, сан қырлы өрен. Вокалды да қоса алып жүреді. Сонымен қатар спортқа да бейім Талшын волейбол және бимен әуестенеді. Одан өзге мектепте әр түрлі мәдени шаралардың жүргізушісі болып өнерімен де, білімімен де алға озып, мектеп мақтанышы болып жүрген шәкірт. Алғыр қыз 2015 жылы облыстық «Жарқын болашақ» атты өнер байқауында І- орынды қанжығасына байласа, осы жылы Республикалық «Абай оқуларының» «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша жүлделі ІІІ-ші орынды жеңіп алды. Бұған қоса үздік те, талантты шәкірттердің бірі ретінде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына баруға мүмкіндік алған болатын. Бұл орталықта да «Тележүргізуші», «Сазды әлем» үйірмелеріне белсене қатысқаны үшін алған сертификаттары бар.
Өзі ата-аналары Смайлов Совет пен Серікқанқызы Зәуренің отбасындағы төрт қыздың кенжесі. Үлкен апайы Сәуле Семей қаласында мұғалімдік мамандықтың тізгінін ұстаса, Әлия кезінде «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірті болған-ды, ал Торғын да ән айтып, өнерпаз қыз екендігін дәледеп үлгерді.
Енді байқауға оралсақ, «Эстрадалық вокал» бойынша 14-19 жас аралығындағы 50-ден аса үміткерлер қатарында бақ сынаған Талшын ең алғашқы турда «Құс қайтты Алматыма» әнін шырқаса, ІІ- турда «Сағыныш күйім еліме» әнін нақышына келтіре әуелетіпті.
Осылайша, ҚР «Кино қайраткері, ҚР киноматографиясының үздігі», профессор Ш.Имашұлы, ҚР мәдениет қайраткері, хореограф Б.Бектаев және ҚР мәденет қайраткері, әнші М.Нұрмұханбетова, «Ғұмырдария» балалар байқауының авторы А.Тоқтарбекқызы сынды әділқазылар алқасының қырағы көзіне іліккен Талшынның бас жүлде алуын әділ шешім тапқандығы деп білеміз.
«Адам өз бақытын қалаушы. Әр қайсысында табандылық, шыдамдылық және өмірде бір нәрсеге жету үшін ұмтылыс болу керек» дейтін өмірлік ұстанымы бар Талшынның алда әлі де талай алар асуы бар деп сенеміз.
Талшынды осы жолғы байқауға Нұрбек Өмірбеков дайындап апарыпты. Вокалдан беретін мұғалімінің де еңбегі зор екендігі анық. Осы байқаудан Ағдәриева Ақбөпе есімді тағы бір талантты шәкірті жүлделі ІІ- орынды иеленгенін ескерсек, Нұрбектің де өнер айдынында еркін жүзген өрелі ұстаз екендігін дөп басамыз.
Ал Талшынның өзі болашақта әнші, актрисса болуды армандайды. Алдағы уақытта дәл осындай «Алматым жүрегімде» байқауы Семей қаласында да өткізілетін көрінеді.Тұла бойына тұнған табиғи талант иесі Талшынға алда да осындай ән байқаулардан оза шауып, өнердің биік шыңынан көріне бер дегіміз келеді. Талабың ұшталсын, Талшын!
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
