СҮЙІП АЙТАР ЕЛІМНІҢ ӘНІ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ...

Абай елінің ғана емес, күллі алаш жұртының маңдайына сыймай кеткен дарынды ақын Мерғали Ибраевтың  сөзіне жазылған «Сүйіп айтар елімнің әні болғым ке-ле-ді-і» әні  баяу сызылтып барып тоқталды. Жүректен шыққан әннің ғана жүрекке жететіні рас екен. Елім деп елжіреген жүрегі қандай десеңізші!  Әсем әннің  қанатында қалықтап, өзгеше әлемнің құшағында сүйсініп отырған көпшілік бір сәттік «ұйқыдан» селк оянғандай әсерде қалды. Ән де, әнші де бірін-бірі дәл тапқандай екен.

Иә, жүректі шымырлатып, көңілге түрлі ой салатын осынау әнді нақышына келтіріп, әсем дауыспен орындаған Абай елінің ерке қызы Баян Сағынбаева болатын. Ұзақ соғылған көрермен қошеметі ән мен әншіні қимағандығын әйгілегендей.

Біз білетін тума талант иесі 1950 жылы Абай ауданында өмірге келген болатын. Шыңғыстаудың өз қызы. Өнердегі жолын «Қаламқастан» бастаған Баян Сағынбаева бүгінде мақтау-марапаттың иесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальінің иегері. Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. Концерттік сапармен Чехия, Словакия, Қытай, Түркияда және еліміздің барлық облыстарында болған жан. Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында өнер көрсететін майталман әнші өнерде жүргеніне 50 жыл толуына орай туған еліне келіп тегін концерт беруді жоспарлапты. Халқымен қауышып, сәлемдесіп алған Баян ән кешін «Солғандай гүлде мүлде», «Қыз қуу» , «Последний раз» әндерін ерекше сұлу сазымен үйлесім тапқызды.

Әнші жерлесіміз өзімен бірге семейлік жас таланттарды да ерте келіпті. Солардың арасында 1982 жылы 14 тамызда Монғолияның Баян - Өлгей қаласында туған,  Ұлан-Батыр қаласындағы жоғары оқу орнының өнер бөлімінде би мамандығын алған биші Айнұр Асхардың өнеріне сүйсінбеген жан болмады. Айнұр жас болса да  көптеген Халықаралық би байқауларының бас жүлдегері атанып, бірнеше шет мемлекеттерде концерттік сапармен болған жас дарын. Тіпті, Монғолия мәдениетінің озат қызметкері атанып үлгеріпті. 2013 жылдан күні бүгінге дейін  Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның жеке бишісі болып жұмыс жасауда. 

Ал тамаша дауыс иесі Жасұлан Тәжиевтің есімі бүгінгі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Жасұлан да ұлттық аспабымызбен ән шырқап, көпшіліктің  көңілінен шығып,  «Беу, шіркін!» дегізді.  Бұдан соң «Ақ баян», «Гүлдариға», «Көзімнің қарасы», «Шыңғыстау вальсі» әндерін ионика аспабында Рақышев Рахметолланың, жетіген аспабында Әзілқияшева Жазираның, қыл қобыз аспабында Атанбеков Қасымжанның сүйемелдеумен бірінен соң бірін төгілткен әнші Баян Сағынбаеваға ел құрметі ерекше болды.

Әншінің өнерде жүрген өз немересі Аружан Абзалқызы да көпшілікке таныстырылып, Мейрамбек Жанболатовтың «Ән домбыра» әнін нақышына келтіре орындады. Аружанға дүйім жұртшылық  ұзақ қол шапалақтады.

Рас, Семейден елім деп жеткен әншінің құрметіне байырғы әріптестері де әннен шашу шашып қарсы алды. ҚР-ның Мәдениет саласының үздігі Нұргүл Демесінова мен Нұрбек Өмірбеков сынды «Қаламқастық» әншілер де сүбелі туындыларды орындап, әнші мерейін үстем етті. Ал, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін музыка мамандығы бойынша бiтiрiп шыққан  талғамы жоғары жас әнші Парасат Отан халық әні «Жорғатайды»  салғанда әсіресе үлкендер жағы разы болды. Ұлылар елінің сахнасында екі ән шырқаған жас  әнші  өзі де ән шығарумен айналысады екен. Репертуары негізінен жергілікті сазгерлердің  әндерінен құралған. Биылғы жылғы облыстық «Жас қанат» байқауының бас жүлдегері атаныпты.

Осылайша,  көңілдерге гүл еккен  ән кешінде «Гауһартас», «Ғазизагүл», «Ах, Самара», «Іңкәрім-ай», «Ауылға барам», «Танцуй», «Шохсанам», «Жаңбыр төкті», «Терме» әндері шарықтады. Ойнақы әндердің әуеніне билей жөнелген көрермендеріміз көп болды. Міне, әнші мен ән құдіреті қандай!  Тамаша әуендерді тарту еткен Баян Сағынбаеваның ән кешінен жерлестері зор әсер алып тарасты. Иә, бәрінен де халық қошеметі жоғары тұратыны анық. Бұл ретте абайлық тыңдарман өз қызын әлі де сағынады екен. Салған әндерін сағаттап тыңдауға бар. Біз мұны әнші қабілетінің ерекшелігінен деп түйдік.

 S. Сахнадағы 50 жыл! Әрине бұл аз уақыт емес. Бір кісінің ғұмыры дерлік мерзім. Осынау жарты ғасыр бойы халқын өнерімен сүйсінтіп жүрген Баян Сағынбаеваға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейтіні белгілі. Аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаев аудан басшысы Тұрсынғазы Жантұяқұлының «Алғыс хаты» мен арнайы әзірленген сый-сияпатын ұсынып, өнерінің сарқылмауын, ұрпақтарының қызығын көріп, Абай елін әнге бөлеп жүре беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Еркебұлан Сағындықов, бөлім орынбасары, тектінің тұяғы, өнер жанашыры Елдар Оразалы, әнші Тамара Көзбаевалар да ізгі тілектерін жеткізіп, әншіге зор  ілтипат білдірді.  Алдағы уақытта  Абай елінің ақ Баянына «Абай ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп жатса нұр үстіне нұр болар еді дейміз біз де.

 АНАР СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар