ДАЛАНЫҢ ДАРА ШАЙЫРЫНА АРНАЛДЫ
Биылғы жылы шежірелі қарт, батагөй қария, даланың дархан мінезді ақыны Шәкір Әбеновтың туғанына 115 жыл толады. Кешегі ұлылардың сарқытындай болған қадірменді ақсақалдың арамыздан кеткеніне көп бола қоймаса да оған деген жұртшылықтың құрмет-ілтипаты, сағынышы әлі де суып үлгерген жоқ. Қайта рухани мұраларын жыл сайын жаңғыртып, жаңа буынға жаңа қырынан танытып, өнеге тұтуда. Бұл ретте ақынның торқалы тойы абыз ақсақалдың туған мекенінде, қаймағы бұзылмаған қазақы өлке Құндызды ауылында болып өтті.
Салтанатты кеш аталмыш ауыл төріндегі Шәкір атамыздың мұражай үйінің алдында мерекелік іс-шарамен шымылдық түрді. Шара беташарында кіріспе сөз алған аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаев пен ауыл әкімі Тілек Үркімбаевтар құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік жиынды ашып берді. Аталмыш іргелі басқосуға ауданымыздың көзіқарақты зиялы қауым өкілдері, мекеме-ұйымдар басшылары мен ақынның туыстары, Құндызды ауылының тұрғындары мол жиналған болатын.
Тартымды өрбіген кештің маңызын арттырған жайт Шәкір атамыз жайлы толғанған естеліктер болды. Әсіресе абыз ақынның туысқан інісі, бүгінде өзі де ауылдың қадірменді ақсақалына айналған Көлембай Әлімбеков тағылымды әңгіме өрбітіп, Шәкір атамыздың өмірінен қызықты естеліктер айтты.
Сонымен қатар, құндыздылық жас дарын ақындар жиналған қауымды аталарының жыр-өлеңдерімен сусындатты. Расында, кешегі жыраулар үлгісімен жазылған, қуатты ойдан құралған, көркем кестелі ақын шығармалары бүгінгі күні де маңызын жоймаған.
Құндызды ауылының тумасы, ұзақ жылдар бойы Шәкір атамыздың шәкірті болған, Алматы облысына қарасты Қапшағай қалалық Мәдениет үйінің директоры Серік Бекбосынов аталмыш шараға арнайы келген болатын. Қадірменді мейман абыз ақынға арнау өлеңін оқыды. Бір бұл емес, жергілікті ақын Қожағұлов Еркін де жүрекжарды туындысын көпшілік алдында паш етті.
Кеш барысы осылайша әсерлі өрбіді. Шәкір атамыздың 115 жылдық тойы Абай елі үшін елеулі мереке. Сондықтан да болар, ақынның артындағы ұрпағы, жалғыз тұяғы Сана апайымызға қазақы дәстүрмен ақ орамал тарту етіліп, камзол кигізілді. Мұндай сый-сияпат Көлембай Әлімбеков, Абай елінің бас ақыны Төлеген Жанғалиев, туысы Тоқтарбек Күнғалиев және осынау тойды ұйымдастыруға ат салысқан, басы-қасында жүрген ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайырбек Тайтөлеуовке, қасиетті ұлылар мекенінде, Құндызды елінде еңбек еткен, Шәкір атамыздың қасында талай жыл бірге жүріп, інісіндей болған Меллат Дүйсенбаевқа да көрсетіліп, құрмет ретінде қазақы салтпен оюлы шапан жабылды.
Мұнымен қатар, бүгінде атамыздың ән-жырын насихаттап жүрген бірегей шәкірті Амангелді Жікенов те көпшілік алдында сөз сөйлеп, кезінде үйренген екі әнін нақышына келтіре орындап, тыңдарман көңілдерін серпілтті. Одан кейін жас әнші Қайрат Қабышев Шәкір атаның жұртшылық арасында танымалдылыққа ие бірқатар әндерін тамылжыта орындады. Өз кезектерінде мектеп оқушылары да жергілікті сазгер Ақылбек Нұрахметовтың «Шәкір ұрпақтарының үні» атты әнін ерекше жігермен орындап, көрермен қошеметіне бөленді.
Аталмыш кеш әдеби композициямен де көркем өрбіді. Бірнеше оқушы «Шәкіртану» сабағында үйренген Шәкір ақынның тақпақтарын мәнерлеп жатқа айтып, көпшіліктің алғысына бөленді. Расында, ақын өлеңдері осынау ұрпақтармен өміршең.
Салтанатты шара аяқталғаннан кейін жиналған көпшілік қауым қыр басында тұрған Шәкір атамыздың зиратына барып зиярат етіп, сүре оқып, дұға бағыштады.
Сонымен қатар, ауылымыздың тойханасында ақын рухына арналып, үлкен ас беріліп, Құран бағышталып, қатым түсірілді. Бұл жиында да абыз ақсақалдың көзкөргендері сөз сөйлеп, Шәкір жайлы естеліктер айтылды. Ал соңын ала Шәкірдің ұрпақтары Сана мен Арнұр ауыл азаматтарына алғыстарын айтып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Түс ауған соң ақын тойы жаңаша сипатпен жалғастық тапты. Анығырақ айтсақ, қазақтың аламан бәйгесі, құнан, тай жарыстары ұйымдастырылды. Жүлде қоры да қомақты екен. Аламан бәйгеге «жигули» автокөлігі тігілді.
Бір бұл емес, осынау ұлан-асыр шара барысында ұлттық ойындар: қазақ күресі, жаяу жарыс, қол тірес өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Аламан бәйгеде бас жүлдені Құрманғазин Ерсіннің «Дос» сәйгүлігі иеленсе, құнан жарысында Нұғымаров Мараттың «Құндызды қасқа» аты және тай жарысында Мамытұлы Айбектің «Жалын» аты сәгүлігі І орынды еншіледі. Шабандоздар тиісінше сый-сияпатқа кенелді.
Қол күресінен ерлер арасында Нұғымаров Айдос І орынды жеңіп алса, жаяу жүгіру жарысы бойынша Еңсебаев Айдын жүлделі жеңісті қанжығасына басты. Нағыз ұлттық ойын қазақ күресі екені хақ. Түйе палуан сайысынан І орынды Нұғымаров Марат, ІІ орынды Батырбаев Аян, ІІІ орынды Еңсебаев Айдын иеленді.
Осы спорт түрінен 25 келі салмақ пен 55 келі салмақ арасында шеберлік байқасқан құндыздылық жас балуандар белдесуі де тартысты өтті. Бұл жарыста І орынды Серікханұлы Роллан, ІІ орынды Дарынұлы Біржан, ІІІ орынға Сұлтанұлы Мирас ие болып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Ауыл халқы осынау іс-шараларды тамашалап, бек риза болысты. Думанды шара мұнымен тәмамдалған жоқ. Кешкі сағат 20-00-де Жастар саябағында «Қаламқас» ән-би ансамблінің гала-концерті ұйымдастырылды. Соңынан Құндызды ауылының талантты жастарының әні мен биі орындалды. Әсіресе, көрермендердің сұрауымен Шәкірдің шәкірті Алмаз Мадиева мен тікелей ұрпағы Арнұр Шәкеровтың бірнеше әндері орындалды.
Бұл дүбірлі той көптің көмегімен орын алып отыр. Шәкір атамыздың 115 жылдығы құрметіне арналған шараны ұйымдастырып, ойдағыдай өтуіне ауылымыздың 1973 жылдан 1993 жылға дейінгі туған азаматтар мен Шәкір атаның туыстары, «Наз» ұрпақтары, ынталы ауыл тұрғындары демеушілік көрсетіп, атсалысқан болатын-ды. Осы тойды ұйымдастырушы ауыл азаматтары қатарында 2013 жылғы «Қазақстан барысы» жеңімпазы Айбек Нұғымаров және «Наз» ұрпағы Сырым Дүйсекин, ауыл әкімдігі мен клуб үйінің қызметкерлерінің қосқан үлестерін баса атап өткен ләзім. Ал аталмыш шараның сценарийін жазып, ұйымдастырып өткізген Құндызды ауылының клуб үйінің меңгерушісі Төлендиев Ерқанаттың да еңбегі зор.
Абыз ақсақалға, оның мұраларына деген құрмет – ұрпаққа ұлағат. Бұл ретте заманының біртуар шайыры Шәкір Әбеновтың торқалы тойы Шығыс жерінде, Абай еліндегі Құндызды ауылында тұңғыш рет ауыл тұрғындарының демеушілік жасап, атсалысуымен ұйымдастырылып өткізілді. Бұл сөз жоқ, елдігіміздің, береке-бірлігіміздің кемелдігінің бір белгісі екендігі анық.
«Абай елі» ақпараты
