Тұсаукесер
ЖИНАҚ АРҚАУЫ - ЖАС АҚЫНДАРДЫҢ ЖАСЫН ЖЫРЛАРЫ
Бүгінде өнердің сан түріне, оның ішінде қасиет дарыған қара сөзге кенен Абай елінде ақындық жолға бет бұрған жас дарындардың тұтас бір шоғыры бар. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай хакімнің сөзімен айтсақ, тіл өнеріне сүрлеу салып, өзіндік болмыс-бітімімен танылып келе жатқан, ойы кесек, тілі орамды, жырлары жалынды, болашағынан зор үміт күттірер Шыңғыстаудың шын таланттарына қарап көңіл қуантамыз, мерейіміз өседі.
Бұл ретте кеңгірбайлық жас ақын Байтөсов Болат Берікбекұлы мен Архат ауылының ақын ұлы Ермеков Елдарды екпін түсіре атап өтуге болады. Қазіргі күні Семейдегі қара шаңырақ М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж қабырғасының 4 курс студенттері Болат пен Елдардың бағындырған белестері биік десек, артық айтқандық емес. Себебі, жас талапкерлер жуырда өздерінің тұңғыш туындыларын жарыққа шығарып, туған жері, аяулы мектептерінде тұсаукесер рәсімін өткізді.
Алдымен Архат ауылында шымылдығы түрілген шығармашылық кеш соңына ала Кеңгірбай би ауылында жалғасын тапты. Қазан айының 1 күні алғашқы қуанышын аяулы ұстаздары мен туған-туыстары арасында бөліскен Болаттың шығармашылық кешіне біз де арнайы барып, жыл әлеміне жол салған жас дарындардың шабыт қуатына куә болған едік.
Тұсаукесер рәсімде мәлім болғандай, бір жинаққа қос ақынның өлеңдер топтамасы тоғысқан екен. Заманы, өскен ортасы бір жас шығармашылық иелерінің бұл жаңашылдығын әдеби орта хош алыпты.
Өзгеше талғаммен жарық көрген туынды ерекше әсерге бөлейді. Бір мұқабасында Елдар Ермековтың «Шектеулі шексіздік» атты тақырыптағы өлеңдер жинағы берілсе, екінші мұқабада «Ақ өлең» атты Болат Берікбекұлының жырлары топтасқан. Жинақ 80 беттен тұрады. Кітаптың алғысөзіне көз жүгіртсек, екі авторға да өзінің пайымды пікірін білдірген филология ғылымдарының магистрі, ұстаз Төлеуқоңыр Жадыра Құнанбайқызының жылы лебізін оқып, көңіл жылиды. Пікір білдіруші ғалым жас ақындардың өзіндік стилін, үйлесімді иірімдерін тілге тиек ете келе, болашақтарынан үлкен үміт күтетінін де жеткізіпті.
Жинақ ішінде қос автордың 30-дан аса өлеңдері жинақталса, жалпы жиыны 70-тей өлең топтасқан. Жаңа кітап Семейдегі «Зияткер» қоғамдық қорының редакциялық баспа орталығынан әзірше 50 дана болып жарыққа шығыпты. Осынау қуанышты бөлісуге Болаттың туған-туыстары, аяулы ұстаздары және «шашбауын көтеріп» келген ақын достары арнайы кеш тізгінін қолдарына ұстап, шараны жалынды өлеңдермен жалғады. Жыр жинақтың лентасын қиған мектеп басшысы Бәкизат Скакова мен ұстаздары Арман Салқынбаева және Райгүл Тізгінбай ізгі лебіздерімен бөлісіп, шәкіртіне шығармашылық шабыттар тіледі.
Бұл жыр жинақтың жарыққа шығуына бірден бір қолдау білдірген туған-туыстары болса, осы кешке жиылған сол жанашырлары да қуанышты сәтте шашуларын шашып, кеш ажарын аша түсті. Әрбір іргелі іске ұйытқы болып, ер азаматтардың жүгін қатар алып жүретін ауыл әкімі Гүлнар Боранжанова мен мектеп басшысы Б.Скакова кітапқа қазақы жоралғымен көрімдіктерін беріп, парасаттылық танытты.
Кеш барысында Болаттың әкесі Берікбек аға сөз алып, баласының биік шыңдарды бағындыруына тілектестік білдірді. Тұсаукесер рәсім осылайша әуезді әндер мен ақын достары Қуаныш Еркінұлы мен Сәметова Хамиданың түйдек-түйдек ойларды ағытқан айтысымен жалғанды.
Жас та болса осындай үлкен істің ұйытқысы болып үлгерген Болат пен Елдардың бастаған ісіне тәнті болған біз де жинақ авторларынан алғашқы аяқалыстары жайында сыр тарқатқан едік. Өз сөзінде Болат жырларының кітап болып жарыққа шыққанына ерекше қуанышты екендігін жасырмады. Алдымен осы ретте қолдау танытқан туған-туыстарына, аяулы ұстаздарына, ақын достарына алғысын жеткізді. Бұл жаңа кітап екеуін де ынталандырып, болашақта тың шығармашылық жетістіктерге жетелейтініне сенімді.
Болатқа бұл идеяны бірінші болып ұсынған Елдар да өзінің пікірімен ортақтасып, «Шектеулі мына ғұмырда шексіз боп қалар Ақ өлең» деп жинақ атауларының философиялық тұрғыда терең мағына беретіндігін айтып өтті. Өзінің қазіргі таңдағы көңіліне жақын музасы - сары күз, сары уайым, сары қыз, сары жапырақ екендігін айта келе, бала кезде төрт шумақ тақпақтан бастау алған нәзік сезіммен астасқан өлең иірімдері есейе келе шабыт атты шалқарды оятты, дейді ол.
Өз кезегімізде біз де жас ақындарды жарыққа шыққан жыр жинақтарымен құттықтай келе, шалқар шабыт, шығармашылық өрлеу, өміршең өлеңдер тілейміз.
Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Абай елі»
