Аудандық конференция
Әрбір саналы азамат өз елінің, кіндік қаны тамған жерінің өткен тарихын тани білуі һәм қадір тұтуы тиіс. Атамекеннің арғы-бергі тарихын, ондағы орын алған тағылымды жайттардан мол мағлұматта болу оңай нәрсе емес. Қазақ елінің де ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан талайлы тарихы, мол рухани қазынасы бар. Бірақ сол қазынаны қаншалықты игеріп жүрміз. Барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуде қол жеткізген жетістіктеріміз қандай? Міне, бүгінгі Тәуелсіздік биігінен көз тастар мәселелердің негізгі дені осылар. Бұл бүгінгі азат елдің жаңа буыны үшін, ертеңгі келер ұрпақ үшін аса қажет. Қамти айтар болсақ, жалпықазақстандық құндылықтарды игеруде кенжелеп қалуға болмайды. Бұл ретте абайлық көзіқарақты қауым бірқатар ілкімді істерге бастамашы болуда.
Жуырда Қарауыл гимназиясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Өлкетану - өңір мұрасы» атты ғылыми-танымдық конференция болып өтті. Осынау білім ошағынан түлеп ұшқан, бүгінде ауданның тарихи-өлкетану мұражайында қызмет етіп жүрген Бауыржан Асқардың ұйымдастыруымен өткен бұл шара ауданымыз бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл басқосудың мазмұны тым ауқымды - туған өлкемізді танып-білу, Абай елінің тарихи жерлерін еске сақтау, Алаш ардақтыларын құрметтеу және оқушыларға патриоттық тәрбие беру болатын. Осы мақсатында өткізілген шара барысында әр ауылдан даярлықпен келген шәкірттер үш бағытта ғылыми жоба қорғады. Атап айтсақ, архелогия секциясы бойынша 4 өрен, «Тәуелсіздік тірегім» секциясы бойынша 6 бала, «Алаш орданың құрылғанына 100 жыл» секциясы бойынша 10 оқушы қатысты.
Білім сайысы басталмас бұрын Қарауыл гимназиясының тарих пәні мұғалімі Тоғжан Абламбаева сөз алып, өткізіліп отырған шараның маңыздылығын, мәнін түсіндіре келе, ендігі аралықта жыл сайын жалғасып отыратындығын жеткізді.
Сонымен үш кабинетке бөлінген жоба қорғаушы оқушылар аталмыш тақырыптар бойынша өз білім-біліктерін сарапқа салды.
Археология секциясы бойынша алғашқылардың бірі болып сөз бастаған Көкбай орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дулатқызы Құралай ауданымыздағы бірегей тарихи орын Сарыкөл ғибадатханасы жайлы слайд көрсете отырып, кеңінен әңгімеледі. Расында Сарыкөлдің біз білмейтін, тарих қатпарларында жасырылған құпиясы мол екен. Бұл орыннан ежелгі Түркі қағанаты дәуірінен қалған жәдігерлер табылған болатын. Әлі күнге дейін археологтардың қызығушылығын тудыруда.
Ал Молдағалиев орта мектебінің 10 сынып оқушысы Маратқызы Жанерке «Туған өлке-тұнған шежіре» тақырыбында өз ауылының тарихи жерлерін сипаттап, Тоқтамыстай баһадүр бабамыздан қалған ту, қылыш, найзасының ұшы сынды жәдігерлердің құндылығын паш етті.
Сонымен қатар, Қарауыл гимназиясының 8 сынып оқушысы Кәкімова Жұлдызай «Архелогия - бабалар мұрасы» тақырыбында ауданымыздағы Шілікті кезеңі, Күңке, Айғыз қоражайы т.б. сынды орындардағы тарихи тұлғалар жерленген жерлерді слайд арқылы көрсетіп, әр жылдардағы басылым беттерінен алынған деректермен таныстырды. Ал Абай мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Зейнелова Айпара аудан бойынша жүргізілген археоргиялық зерттеулер бойынша әңгімелеп берді.
«Тәуелсіздік тірегім» секциясындағы жоба қорғаушылар да ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті тереңнен қозғап, егеменді еліміздің бүгінгі тынысын теберене жеткізді. Ұлт Көшбасшысы, Астана жайлы да слайдтан көрсетіліп, елін сүйген, елі сүйген Елбасының елі үшін сіңірген еңбегі жырға қосылды. Алаштың ардақтыларының есімдері аталып, азаттық жолында жан қиған күрестері айтылды.
Осылайша, «Өлкетану –өңір мұрасы» атты ғылыми- танымдық конференцияда өрендердің ой-танымы, жиған-терген білімі сарапталған мезет те өз мәресіне жетті. Қатысқан оқушылардың ғылыми жобаларының тақырып ауқымы, жетекші ұстаздарының еңбектері бағаланып, жоба үздіктері анықталды. Ғылыми-танымдық конференцияда үздік жобаларымен топ жарған оқушылар тізіміне тоқтала кетсек:«Археология» секциясы бойынша: І орынды Көкбай атындағы орта мектеп 11 сынып оқушысы Дулатқызы Құралай, ІІ орынды Ж.Молдағалиев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Маратқызы Жанерке, ІІ орынды «Қарауыл гимназиясының» 8 сынып оқушысы Кәкімова Жұлдызай иеленсе,
ІІІ орынға Абай мектеп- лицейінің 10 сынып оқушысы Зейнелова Айпара лайық деп танылды. «Тәуелсіздік тірегім» секциясы бойынша:І орынды Қарауыл гимназиясының 8 сынып оқушысы Белгібаева Зарина қанжығасына байласа,
ІІ орынды М.Әуезов орта мектебінің 8 сынып оқушысы Қазбеков Ерасыл еншіледі. Ерасыл Мұхтар атамыздың Бөрілі мұражайы жайлы тың декректер қамтылған банер әзірлеп әкеліпті. Тағы бір ІІ орынды Ш.Әбенов орта мектебінің 9 сынып оқушысы Батишева Ақнұр бағындырды. Ал ІІІ орын Қарауыл гимназиясының 8 «ә» сынып оқушысы Әнуарова Ақбатаға, Абай мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Бейбітқызы Аидаға, сондай –ақ Шәкәрім орта мектебінің 9 сынып оқушысы Толымжанова Мадинаға берілді. «Алаш Орданың құрылғанына 100 жыл» секциясы бойынша: Қарауыл гимназиясының оқушысы Алтынбекқызы Іңкәр І- орынды қоржынына салса, жүлделі ІІ орын үш өренге: Тоқжігітов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушылары Саясатова Аружан мен Абылғазина Дианаға және Абай мектеп- лицейінің шәкірті Мәденова Мәдинаға бұйырды. ІІІ орын да екі үміткерге берілді. Қарауыл гимназиясының оқушысы Скежан Арман мен Бекбосынов орта мектебінің 11 сынып оқушысы Төлеуғазин Олжас олжалады. Бұған қоса Қарауыл гимназиясының оқушысы Құрманов Алмас пен Тоқжігітов орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әділ Ақерке және Абай мектеп-лицейінің шәкірті Кенжеғалиұлына Алғыс хаттар табысталды. Жеңімпаздар арнайы алғыс хаттармен һәм сыйлықтармен марапатталды. Өскелең ұрпаққа тәлім болардай осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын тауып, маңыздылығын арттыра жалғасын таба бермек деген ойдамыз. Ғылыми- танымдық конференция деген атына сай зор мән беріле өткілсе деген ой да жоқ емес.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
