Абай елі
Ұлылыққа тағзым
Қазақ халқының ұлы ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 172 жыл толды. Осыған байланысты ақынның туған күніне орай 10-тамыз күні Жидебайдағы Абай музей-үйі жанындағы тұрмыстық кешеніне ұлыларға деген ұрпақтық құрметпен Жидебайдағы Абай қорық-музейінің ұжымы «Ұрпаққа тағзым» деп ұлыларға арнап, құран оқытып, қатым түсіріп еске алды.
Абай атамыздың туған күніне орай екі ұшты пікір бар. Бірі 10-тамыз десе, ол ескі жыл санау бойынша, негізі 23-тамыз дейді екіншісі. Біздің құлағымызға сіңіп, көкейімізге орнығып, жүрегімізге ұя салған 10 тамыз. «Қосылғыш өзгергенмен қосынды өзгермейді».
Абайды «ұлы» деп дүние жүзі халқы мойындап, әлем таныған 10-тамыз, 1995 жылы өткен ЮНЕСКО деңгейіндегі 150 жылдық мерей тойы. Бұл Абайға құрмет жасап, құран оқып, еске алу дәстүрі есебінде бастау алған ұлыға деген сезім, ұлыға деген құрмет, данышпанға деген ұрпақтық парыз жылдан-жылға сара жолдан айнымай дәстүрді жалғастырып келе жатқан – ұлы көш.
«Өлі разы болмай, тірі жарымайды» деген даналықты басшылыққа алған, айрандай ұйып отырған ұжым қызметкерлері бір кісідей ат салысып жылда бұл күнді-«Ұлылыққа тағзым», ұлыға құрмет, ұрпақтық міндет деп бағалайды.
Ұлылар мекенінің кіндігі аталған – Жидебай өңіріндегі киелі, құдіретті Құнанбай, зерделі Зере мен ұлағатты Ұлжан әжелер, қарапайым Құдайберді, данышпан Шәкәрім, жомарт Оспан, елгезек Еркежан ана, ардақты Ахат ақсақалдар есімдері ұрпақ жанында сақталып, тарихта тарихи тұлға болып қала береді.
Биыл ұлыларға құран бағыштау Қарауыл орталығындағы «Құнанбай қажы» мешітінен арнайы келген өкіл Күзембаев Ролланның еншілігіне бұйырыпты. Роллан өзінің араби мақамды құбылмалы, құлаққа жағымды, азаншының үніндей ашық үнмен құран оқып, барша аруақтар рухына бағыштап қатым түсірді.
Ұлылыққа деген ұлылардың ұлы жолы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз. Бұл Абайға, ұлыларға деген ұрпақтық парасатты ұлы ұғым тоқтамақ емес, тоқтамайды да.
Ұлылар рухы бәріңізге демеу болып, қолдап жүрсін!
Күзембай Лаура Ғизатқызы
Жидебайдағы Абай музей-үйінің жетекші,
меңгеруші қызметін атқарушы.
ҚОҢЫРӘУЛИЕ - ТУРИСТІК ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛМАҚ
«Рухани жаңғыру: қастерлі мекен»
«Әрбір халықтың, әр өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл - рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», - деген еді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Бұл орайда, мақтанышпен айтарымыз сол, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тікелей қолдауымен ауданымыздағы Қоңырәулие үңгірі жаңаша сипатқа енбек. Ем алуға, қастерлі мекенмен танысуға, үңгір тарихы арқылы осынау мекеннің өткеніне терең үңілуге келген туристтер үшін қолайлылық жасалмақ. Облысымыз бойынша Алакөл көлі жағалауы, Берел қорымы және Қоңырәулие үңгірі байтақ Отанымыздың қастерлі жерлері картасына енгізілді.
Осынау тарихы тұңғиық өлкеге, Шаған шайқасы болған мекенге, Қабанбай найзасын қадап, хан Абылай қалмақ шабуылын қайырған, Тобықтының туын құлатпаған батыр Тоқтамыс өткен бұл өлкеге алыс-жақын шет елдерден ат арытып келетін қонақтар аз болмайды. Тіпті, еліміздің түкпір-түкпірінен күнделікті келіп жататын туристердің де қарасы мол. Ел шежіресі мен жер тарихының сырына қанығып, таңғалысып жататыны қаншама. Ендігі аралықта осынау жолаушы қауымның жолы тіптен ашыла түседі десек дөп айтқандығымыз. Өйткені, шілде айының 15-нен бері Қоңырәулие үңгірінің жаңғырту құрылысы бойынша құжаттары жасалып, республикалық деңгейде тарихи-мәдени қорғалатын нысан ретінде танылып, мемлекеттік тізімге тіркелген болатын. Ол туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы:
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында таяу жылдарда атқарылатын міндеттердің ішінде «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларын жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлінуде. Осы ретте, облыс басшысы Даниал Ахметов Абай ауданындағы Қоңырәулие үңгірінің абаттандырып, келуші қауымға қолайлы жағдай жасауға үлкен мән беріп отыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталып, үңгірдегі жерасты көліне баратын баспалдақтар жасалынып, жарық тартылып, келушілерге ыңғайлы бірегей демалыс орнына айналып отыр, - деді.
Расында да тарихы 13 ғасырды қамтитын тылсымы мол осынау үңгірге бір кездері келушілер от тұтатып алаулармен кіргені мәлім. Сол себепті тас қабырғалары мен төбесі әбден ыстанып, күйе басқан-ды. Жаңғырту жұмыстары аясында оның бәрі тазартылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, ұзындығы 120 метр болатын баспалдақты жол салынып, жарық бағандары тартылып, қуаттылығы жоғары прожекторлар мен фонарьлар құрылды. Бір бұл емес, жерасты көлінің суын ем ретінде қолданушылар үшін арнайы демалыс орындары да әзірленді. Ол туралы пікір білдірген аудандық мәдениет үйінің басшысы Сайлау Нұрпейісов:
-Ескерткіш ретінде арнайы жоба әзірленіп, облыстық жер қатынастары басқармасы комиссиясында қаралып, бекітілді. Облыстық мәдениет басқармасынан облыстық мәслихаттың шешімі бойынша Қоңырәулие үңгірінің жөндеу жұмыстарына 20 млн теңге қаражатқа сұраныс жасалып, нысанның жаңғыртылуының сметалық жобасы жасалынды. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарымен жерлесіміз «Ақши-Құрылыс» ЖШС-нің жетекшісі Қайрат Тайтөлеуов бастаған ұжым айналысып жатыр. Жобаның аяқталуы қыркүйек айының 5-не жоспарланған, - деп атап өтті.
Ал осынау жұмыстар межесіне жетіп, құрылыс толығымен аяқталған соң аталмыш нысан Абай аудандық «Мәдениет үйі» КМҚК теңгеріліміне алынып, иелігіне берілетін болады. Демек, табиғаттың тылсымға толы төл туындысы қайта жаңғыртылған соң да қараусыз қалмай, арнайы күтімде болады деген сөз. Өңірімізге туристер тарту үшін ерекше себеп болатын аталмыш жұмысқа туған өлкенің әрбір тарихи орынын қастерлейтін барша абайлықтар қуаныш білдіруде.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
АБАЙ РУХЫ АСҚАҚТАҒАН КҮН
Хакімге тағзым
Расында, дана Абайдың дүние есігін ашқан күні 10-шы емес, 23-ші тамызда екенін бүгінде зиялы қауым өкілдерінен бастап барша қауым мойындап қойғандай. Хакім өмірін жете зерттеген Қайым Мұхамедханов пен абайтанушы Төкен Ибрагимовтың тұжырымдары Ибраһим Құнанбайұлының шынында да дәл осы күні өмірге келгенін дәлелдеп бере алады.
Хакім мұралары қашан да қадірлі. Әйтседе, оның артында қалдырған рухани мирасын туған күнінде тағы бір түгендеп, өсиеттерін ардақ тұту жарасымды іс. Осы ретте, тамыздың 23-і күні Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішінің алдында дана бабаға тағзым ету, шығармаларын насихаттауға арналған әдеби-сазды шара ұйымдастырылып өткізілді. Ұлттық ортақ мақсатқа ұйысуы, рухани жаңғырудың негізі Абайдан басталатыны дау тудырмас ақиқат. Бұл орайда осынау баға жеткісіз құндылықтарды мұқым көпшілікке паш ету мақсатында өткен шараға аудан басшылары, мекеме қызметкерлері мен ұлы ақынды ұлық тұтатын барша тұрғындар қатысты.
«Абай әлемі және Рухани жаңғыру» тақырыбындағы осынау мәдени һәм рухани шара ауданымыздың қадірменді қариялары Манатай Толғанбаев пен Байбота Орынбаевтың ескерткіш алдына салтанатты түрде гүл шоқтарын қоюымен басталды.
Айта кету ләзім, Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тәттібеков Бауыржан қазақ елінің бас ақыны, данышпан ойшыл, кемеңгер Абай бабамыздың туғанына 172 жыл толуына орай мерекеге қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдіріп өтті. Сонымен қатар, Абай атамыздың туған күні келесі жылдан бастап 10 тамыз күні атап өтілетінін жеткізді. Басшылар мұндай шешімге ақсақалдар қауымымен ақылдаса отырып келіпті.
Ауданымыздағы әрбір мерекелік шара халықтық өнермен көмкерілетіні белгілі. Бұл жолы да ұлы бабамыздың ескерткіші алдына жиылған жұрт «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі әншілерінің өнеріне тәнті болды. Абай бабамыздың ұрпағы, бұлбұл үнді әнші, «ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» Бақыт Шағатаева Абайдың «Татьянаға жазған хатын» ерекше тебіреніспен орындады.
Сонымен қөатар, Абайдың туысы, Мұхтар Әуезовтің тәлімін көрген ақсақал, ел ағасы Манатай Балтақайұлы да хакім жайлы ой толғап, жастарды Абай тәліміне терең бойлап, өлеңдерін жаттап қана қоймай мән-мазмұнын түйсініп оқуға шақырды. Ізінше дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев Абайдың «Сегіз аяғын» нақышына келтіре орындап, құлақ құрышын қандырды. Осылайша Шыңғыстау аспанында Абайдың әуезді әндері қалықтады. Жанат Хайсина «Желсіз түнде жарық ай», Еркежан Мәнненова «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әндерін орындаса, кішкентай бүлдіршін Әсем Оразалина Абайдың бірінші қарасөзін мәнерлеп оқып берді. Қарауыл гимназиясының оқушылары Іскежан Арман мен Ғазизова Әмина да Абай аталарының өлеңдерін жатқа оқып көпшіліктің зор қошеметіне ие болды.
Қазақтың бас ақынына арналған әсерлі кеш әншілердің орындауындағы «Айттым сәлем Қаламқас» әнімен өз шымылдығын түсірген-ді.
«Абайдың қайтқан күнінен қаншама алыстасақ, оның рухына соншалықты жақындай түсеміз», - деген екен заманында алашорда арысы Міржақып Дулатұлы. Абай атамыздың есімін, қалдырған рухани құндылығын бұдан да жоғары көлемде, халықаралық деңгейде насихаттау керектігі бүгінде айқын байқалуда. Ол күн де алыс емес шығар, бәлкім. Руханиятсыз халық болмайды. Бүгінде ақыл-өсиеті телегей теңіз Абай атамыздың ұлылығын басқалар да танып жатыр. Бізден тілек - ақынның мұраларын насихаттау жұмысы алдағы уақыттарда бұдан да ауқымды бола түссе екен дейміз.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
Заңғар жазушының мұралары ұлықталуда
Рухани жаңғыру: Мұражай жаңалығы
Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз, бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Мұхтардың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары, Құрманғазының күйлері ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні. Бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,- деп айтқан еді. Білімді , көзі ашық, көкірегі ояу жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеуде ғұлама М.О.Әуезовтың шығармаларының берері мол. Сол ғұлама жазушының мұрасын кейінгі келер ұрпаққа жеткізіп насихаттау біздің мұражай қызметкерлерінің басты міндеті. Мұражайға келген адамдардың қызығушылығын арттырып, Мұхтардың шығармаларын, Абай өмір сүрген заман сырын терең танып, ұлы жазушының Абайдың өмірбаянын төрт рет толықтырып жазған ғылыми өмірбаянын «Абай жолы» эпопеясында суреттеп баяндауы арқылы түсіндіріп насихаттаймыз. (экскурсия жүргіземіз). Мұражайда көрмелер, ғылыми-насихат жұмыстары, тақырыптық экскурсиялар, танымдық сабақтар, ашық есік күндері өткізіліп тұрады. Жоғары оқу орындарымен, мектептермен, кітапханалармен тығыз байланыста болып тәжірибе алмасып отырады. Мазмұны кең мазмұнды кездесу тамыз айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Абай тану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабалбай Шойынбет Алшынбекұлы өз шәкірттерімен келіп, мұражай меңгерушісі Шағжан Исабаев «Жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» атты тақырыппен Жер кіндігі-Жидебайға дейін жер тарихымен таныстырып, мұражайды аралап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Мекемтас Мырзахметұлының «Абай лұғаты» атты алғашқы сөздік еңбегін мұражайға сыйға тарту етті. Ұлы жазушы М.О.Әуезовтың немере ағасы Ахметбек Әуезовтың ұрпағы Халел Ахметбекұлының қызы Эльмира Халелқызы отбасымен Қарағандыдан келіп атасы Ахметбек Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасында тұңғыш Еңліктің рөлін ойнағанын естіп, атасы Ахметбек, апасы Қалима Тұрағұлқызының суреттерін көріп, ризашылықтарын білдірді. Қазіргі уақытта М.О. Әуезовтың 120 жылдығына арналған аудандық, облыстық конференцияларға, өткізілетін іс-шараларға дайындық, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Біз - мұражай қызметкерлері жұмыс барысында ұлы жазушының мұрасын, оның туыстық айналасын зерттеп насихаттауды жауапкершілігіміз деп білеміз. Жылдан-жылға мұражайымыздың өсіп-өркендеуіне, еліміздің ертеңіне деген сеніміміз нығая түспек. Елбасы атап көрсеткендей, мақсатқа жету жолында, «біздің санамыздың ісімізден озық жүруінің» нәтижесі болмақ.
Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай үйінің
аға ғылыми қызметкері
Тәңірберген Гүлзат Сәлемқызы
ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫҒА ӘН АРНАДЫ
Рухани жаңғыру: ұлттық сана серпілісі
Өз дәуірінде ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов: «Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған» деп аса жоғары бағалаған дала данышпаны, қазақтың бас ақыны Абайдай дананың әкесі аға сұлтан Құнанбай қажыға бүгінде аз құрмет көрсетіліп жатқан жоқ. Таяу арада бюсті орнатылып, кітап та шығарылмақ. Міне, тарихи тұлғаға ән де арналды. «Дарынды - дархан, талантты - тарлан, тектіні - тұлға» деп бағалай білетін халықтың ұрпағымыз ғой. Ендігі әңгімеміздің арқауы Құнанбай қажыға байланысты туған ән мен сол әннің авторы жайлы болмақ.
Тектінің тұяғы, асылдың сынығы болған Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы өз жерлесіміз, 1965 жылы 26 қаңтарда Архат ауылында дүниеге келген. «Тектіден текті туады» демей ме, Ернұр Абайдың үлкен атасы Өскенбайдың туған ағасы Мырзатайдан тарайды. Мырзатайдың Жұман деген ұлынан сегіз ұл туған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында сол замандағы сатирик, сыншы, сайқы мазақ әңгімешіл етіп бейнеленген адам. Тарихта қазақтың бірінші сатиригі болып аты қалған. Рахымжан, Толғанбай, Әзімбай т.б. Әзімбайдан Қыдыр, Шыңғыс, Айтқазы деген үш ұл бар. Бір кезде «Социалистік Еңбек Ері» атанған Шыңғыс Әзімбаевты білмейтін ел кемде-кем. Қыдыр атасы ҰО соғысының мүгедегі болған еңбекқор жан болған деседі. «Еңбек Қызыл ту» ордені мен бірнеше медаль, ордендердің иегері атанған атасы ауданның іргетасын қаласқан адамдардың бірі болған. Ал Айтқазы соғыста хабарсыз кеткен. Өзінің шыққан тегін термелеген Ернұр атасы Қыдырдың Мұсабай деген ұлынан тараған он баланың бірі екендігін айта келе, Ерсін, Ернар деген ағаларының Астана қаласында тұратынын әңгімеледі. Алтын құрсақты аяулы анасы Теңдік Семей қаласында кенже ұлы Бақытжанның қолында тұрады. Ал, апа-қарындастары Нұргүл Алматыда, Гүлнар, Дария, Лаура ел ордасы Астанада, Нұрпан, Назгүл Семей қаласынан орын тепкен.
1983 жылы әскер қатарынан азаматтық борышын өтеп келген Ернұр Қарағанды қаласындағы арнаулы милиция жоғары мектебіне түседі. Аталмыш білім ордасын абыроймен тәмәмдаған болашақ тәртіп сақшысы ішкі істер органдарындағы қызметін 1990 жылы Семей облысы Жаңасемей аудандық ішкі істер басқармасының алдын алу қызмет инспекторынан бастайды.
Зеректігімен, талапшылдығымен көзге түсіп үлгерген жас маман қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметте белсенділік танытады. Еңбек жолын тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімшесінің бастығы, ІІМ-нің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі қызметін адал іспен, қырағылықпен атқарып шыққан Ернұр Мұсабайұлы 2007 жылы Көкшетау станциясының ЖІІБ бастығы лауазымына тағайындалады. Ұжымда зор бедел мен құрметке ие. Ішкі істер саласында ауыр қылмыстарды ашу кезеңінде ерекше шеберлік, ептілік пен жоғары жауапкершілік танытқаны үшін Ернұр Мұсабайұлы «Ең үздік полиция бастығы», «Үздік қызметі үшін», І,ІІ, ІІІ дәрежелі медальдармен, ҚР ІІМ-нің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Жалпы, кейіпкеріміздің сан қырлылығына тоқталар болсақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолында зор еңбек жасап жүрген азамат. Өзінің үйінде атадан мирас етіп сақтап келген Шәкәрім қажының мүліктерін мемлекет меншігіне табыстады. Қарағанды қаласындағы орталық мешітке Әнет баба атын беруге ат салысып бабамыздың асын жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді. Бойында зиялылықтың дәні бар Ернұр Әзімбаев Құнанбай қажының Қарауылдағы және Қарқаралыда ескерткішін қоюға да бар көмегін аямай жүр. Ағайындарын ұйымдастырып Құнанбай мешітіне автокөлік сыйға тартты. Елге,туған жерге деген тағзымын осылайша ісімен дәлелдеп жүрген Ернұрға жерлестері де дән риза. Жақсының көзіндей болған Ернұр аталары Әнет бабаға, Құнанбай қажыға, мұзбалақ ақын Мұқағалиға, әйгілі Шәмшіге арнап толғаулар жазып, ән шығарып елге таратып, болашақ ұрпақ тәрбиесіне қызмет етуде. Бұдан бұрын да 20 дан астам әндерді өмірге әкелген Ернұр Әзімбаевтың енді міне, «Құнанбай қажыға арнау» әні тыңдармандарына жол тартпақ.
Отан алдындағы борышын да жақсы атқарып, құқық қорғау саласында адал еңбегімен танылып, шәкірттер тәрбиелеген полковник мырза 35 жылдан аса талмай қажырлы қызмет етіп келеді. Халық үшін жасаған еңбегі еленіп «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды. Өз саласы бойынша «Қолдаушы» медалінің және Ішкі Істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін бірнеше медальдар мен ордандерді өңіріне жарқырата тақты.
Бүгінде зайыбы Әзімбаева Зария Орынғалиқызы екеуі 4 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 5 немере сүйіп отыр.Үлкені Дархан жанұялы, Айпара,Омар, Айлана атты үш баласы бар. Егіз қыздары Еңлік пен Теңлік тұрмыста. Олардан Жәния, Байсал атты жиендер өсіп келеді. Талғат есімді кенже ұлы 12 жаста. Барлығы да Астанада тұрады. Кім-кімге болса да көмегін аямайтын, бүкіл қазақ балаларына қамқор бұл жанұя - үлгілі отбасы.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда қазақты әлемге танытқан Абайды дүниеге әкелген Құнанбай қажының бойына сіңірген діни тәрбиенің бастауы Алла әмірімен, одан соң Расул Алла сүннетімен, одан кейін ата-ана тақуалығымен, содан соң барып Тобықты ішіндегі Әнет баба мен Нысан абыз, Кеңгірбай би секілді тұлғалар әсері десек еш қателеспейміз. 1875-1876 жылдары Құнанбайдың қажылыққа барған сапары да ел жадында. Бұл сапарында дана тұлға қазақ қажылары тегін түсіп тұрсын деген ниетпен шамамен 1876 жылы тәкия салғызды. Әрі 280 адамды өзімен бірге сол сапарға ерте барған екен. Құнанбай қажы мешіті ең алғаш Мекке Мәдинада салынса бүгінгі таңда Қажы атындағы мешіт Абай елінде орналасқан. Жақында осы мешітке Тобықты елінің Ырғызбай руынан тараған, атағы үш жүзге мәлім болған Өскенбай бидің көзі тірісінде жомарт атанған, туған ағасы Мырзатайдан туған Жұман атаның сегіз ұлынан тараған ұрпақтары Рақымжанов Ертай Арғынғазыұлы мен әннің авторы Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы ағайындырын жиып автокөлік сыйға тарту етті.
Құнанбай мен оның ұрпақтары жерленген Ақшоқының қазақ тарихында алар орны бөлек. Ақшоқының өзі Кіші Ақшоқы, Шеткі Ақшоқы, Үлкен Ақшоқы деп үшке бөлінеді. Әрине, Ақшоқыны жұрттың көбі ең әуелі данагөй Құнанбай бабамыз мәңгілікке тыныс тапқан киелі мекен ретінде біледі. Алайда, Абай еліне келетін туристер мен басқа да қонақтардың көпшілігінің Бөрілі мен Жидебайға ғана соғып, Ақшоқыны айналып өтіп кетіп жүргені мәлім. Бұл сірә, Ақшоқының ең әуелі жолдан қиыс, екіншіден, насихаттың аздығынан, басының қараусыз жатқандығынан болар деп топшыладық. Ал Ақшоқының ұлы Абай өмірінде алар орны, ақынның алғашқы жарын сүйген ләззатты шақтары мен Әбдірахмандай аяулы ұлын өз қолымен ақтық сапарға аттандырған қамырықты сәттерін өткерген қасиетті өлке екендігін ескермей жүрген секілдіміз. Біріншіден, Ақшоқы – ұлы тұлғаның қыстау салған жері. Екіншіден, алғашқы жары Ділдәмен шаңырақ көтерген құтты қонысы. Ақшоқының Құнанбай мен Кәкітай зиратынан жоғары сай түкпірінде сол кезде салынған Абай қорасының іргетасы әлі күнге дейін сақталған. Ақын әуелде Үлкен Ақшоқыны мекен еткенімен, көп ұзамай бір жарым шақырымдай жердегі Кіші Ақшоқыға көшкен көрінеді. Аз ғана ғұмырында «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеп», «боямасыз ақ көңіл жүрегін кірлетпей» дүниеден өткен сүйікті ұлы Әбіштің сүйегін 1895 жылы наурыз айында осы Кіші Ақшоқыда қарсы алған дейді.
«Әбішті Үлкен Ақшоқыдағы Құнанбай қасына жерлеуге алып жүргенде Абай пәуеске соңында салт бара жатыр еді. Сақ руына сіңген керей Байысұлы Қыдыралы артынан барып сөйлесіп еді, Абай пәуескені тоқтатып, жолдың оң жағындағы шиді нұсқап, солай жіберді» – деген көргендер», – дей келіп, «бір ғажабы, осы зарлы қоштасу болған орында түп-түп ши бүгін де өсіп тұр» деп жазады Бекен Исабаев.
Нар тұлғаның ерекше жақсы көрген, келешегінен зор үміт күткен ұлдарының бірі, «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», «Абылай» поэмаларын жазған Мағауия Шеткі Ақшоқыда дүние салған. Ақын ұлының сүйегін Үлкен Ақшоқыға қарай алып жүргенде «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп жол үстінің ұсақ тасын теріп, пәуеске алдында жүріп отырған деседі. Осындай шерлі де шежірелі тарихы бар Ақшоқыны Құнанбайға ғана қатысты деуге бола ма? «Абай жолы» роман-эпопеясында 407 жер-су, 5 мыңнан астам кісі есімі аталады екен.
«Шіркін-ай, осы 407 жер-су атауы түгелдей тізімделіп, «бұл жерде ұлы Абай қыстау салған», «мына жерде ақын сүйікті ұлымен қоштасқан» деген белгілер қойылса қандай ғажап болар еді дейміз.
Ақшоқыдағы Құнанбай қорымын мемлекет қамқорлығына алу жөнінде соңғы жылдары аз айтылып жүрген жоқ. Әуезовтің ұлылығы сол, «Абай жолында» жер-су атауларының бәрін жазып, айтып кеткен. Тарихи жер атауларын сақтау үшін бәріне белгі қою керек. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен Жидебайда алыптарға ғажайып кесене салынып, Шыңғыс елі рухани жаңғыруды бастан кешсе, Ақшоқыға да осындай бір рухани серпіліс қажет-ақ.
Ақшоқыға келсек, дәл қазір Құнанбай бабамыз халқымен қайта қауышқан тұста ұлы ақынның әкесі жатқан мекен алаш баласы аялдайтын қасиетті орынға айналуы қажет. Қазір Ақшоқыға кісі бармайды. Бара қалғанның өзінде келушілерді қарсы алатын, Ақшоқының тарихы, қорымда кімдердің жерленгені туралы тәптіштеп айтып беретін адам жоқ. Біз Абайдың басына қалай келетін болсақ, ақынның әкесіне де солай келуіміз керек. Ақшоқыға дейінгі 21 шақырым жол асфальтталса тіпті ғажап болар еді. Ернұр Мұсабайұлы Әзімбаевтың Құнанбай туралы әнін тыңдап отырып осындай сан түрлі ойға қаласың. Аға сұлтан Құнанбайға арналған ескерткіш ашыларда осы ән орындалса деген ниет де жоқ емес. Ал ән авторына Абай еліне жасап отырған қаншама қыруар істері үшін құрметтеп «Абай ауданының Құрметті азаматы» атағын берсек, тақиямызға тар келмесі анық. «Әнді сүйсең менше сүй...» деп хакім Абай айтып кеткендей, енді тұсауы жаңа кесілген жаңа әннің сөзі мен нотасын назарларыңызға ұсынайық!..
Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,
«Абай елі»
Жаңа ән
Құнанбай қажыға арнау
Атағы мәлім үш жүзге,
Құнанбайдай көреген.
Шыңғыстау мен Қарқаралы,
Елінде әмір жүргізген.
Арын қорғап қазағымның,
Қарадан хан сайланған.
Егеменді ел болуға,
Бұхараға ой салған.
Қайырмасы
Аға сұлтан айбарым,
Рухым сенде мәңгілік.
Жетті міне осы күнге,
Ұрпақтарың жаңғырып.
Қарауылда құйып қойды,
Мүсініңді ел болып.
Кіндігінде жер шарының,
Отырғандай ой шолып.
Аруағы қажы атамның,
Риза болсын халқына.
Бақ-дәулеттен адастырмай,
Мәңгілік ел жолында.
Қайырмасы
ҚҰНАНБАЙ РУХЫ ХАЛҚЫМЕН ҚАУЫШПАҚ
Рухани жаңғыру: туған жер- тұғырым
Бүгінде ел аузында нақыл сөзге айналып кеткен әдемі бір тәмсіл бар. «Жер – әңгімеші, жер әңгімеші болған соң ел әңгімеші», - дейді ұлы Мұхаң, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Расында, бұл сөздерде даналық бар. Дүниеге Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды асыл перзенттер сыйлаған алтын құрсақты, шежірелі қарт Шыңғыстауда – ұлылар мекенінде туып өсудің өзі бақыт.
Рухани жаңғырудың Абай елінен басталуы жарасымды. Бұл ретте, биыл елімізде әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтілетіні мәлім. Заңғар қаламгердің мерейтойына орай аудан көлемі қызу дайындық үстінде. Енді бірер күнде ауқымды салтанатты шара, ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылмақ. Осыған орай, ұлы тұлғаның туған жері Бөріліге апаратын 4 шақырым қара жол толық асфальттанады. Мұндай шаралар қатары көп.
Жуырда облыс орталығы Өскемен қаласында Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бойынша облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен жиын өтіп, сол басқосуда Шығыс Қазақстандағы қастерлі орындар картасы жасалатыны туралы айтылған-ды. Міне, көп ұзамай қуанышты хабарға да құлағдар болдық. Аталған өңірлік бағдарламаға Құнанбай әулетіне құтты қоныс болған, һәкім өмірінің соңғы жылдарын өткізген Жидебай жері мен Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Қоңыр әулие үңгірі де енгізіліпті. Анығырақ айтсақ, Жибебай мен Қоңыр әулие үңгірі тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер қатарына алынды. Осы бағдарлама аясында үңгірдің жағдайы жөнге келтірілуде. Ұлылар мекенінде тек Құнанбай, Абай өміріне ғана қатысты емес, тарихы тереңнен тамыр тартатын киелі орындар жетерлік. Соның бірі де бірегейі – Қоңыр әулие үңгірі. Қоңыр әулие үңгірі жайында ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Әйгілі Қабанбай батыр «Дарабоз» атағын осы жерде алған деседі. Бұл туралы «Абай жолы» романында да жазылғаны белгілі. Үңгір маңында жоңғарлармен қаншама кескілескен қанды шайқастардың өткенін сол төңіректегі тас қорымдардың өзі әйгілеп жатқандай. Алайда, дәл қазіргі уақытта Қоңыр әулие үңгірін жұрттың көбі тарихи мекен ретінде емес, тек емделу орны ретінде қабылдап жүрген секілді. Қасиетті үңгірді түсініксіз діни ұйымдардың табыс көзіне айналдырып алғаны жайында да БАҚ беттерінде айтылып, жазылған еді. Қазіргі таңда Қоңыр әулие үңгірінде жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Ойды ой қозғайды» демекші, Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен Жидебайда алыптарға ғажайып кесене салынып, Шыңғыс елі рухани жаңғыруды бастан кешті. Айтпағымыз Ақшоқыға да осындай бір рухани серпілістің қажет екендігі сөзсіз. Ақшоқыдағы Құнанбай қорымы да өңірдің ерекше орындары картасына енгізілсе деген ойдамыз.
Тағы бір жағымды жаңалыққа тоқталсақ, әдебиетші, өнердің шын жанашыры Әсет Медеуханұлы Мырзақасымның құрастыруымен Алматы қаласында Ардақ Арнаұлы Лдибаевтың жеке баспасынан 160-180 беттік кітап шығарылмақ. Бұл да бір айтулы үлкен жаңалық екендігі рас.
Құнанбай демекші, Абай ауданының орталығы Қарауылда әйгілі бабамыздың еңселі ескерткіші орнатылмақ. Биіктігі тұғырымен қоса алғанда 9 метрге жуықтайтын ескерткіш таза балқаштық мыстан құйылып, әзірленіп жатыр. Қойылатын орны да белгіленді. Бұдан бұрын да бірнеше танымал тұлғаларға арнап төл туындыларын дүниеге әкелген Нұрбол Қалиев есімді азамат аз уақыттың ішінде көпке танымал болып үлгерді. Аягөз қаласында бой көтерген Ақтамберді жырау ескерткішінің авторы енді міне, Құнанбай ескерткішін жасауға ден қойған екен.
-Ескерткішті қыс айынан бері қолға алдым. Бірінші кезекте сапаға мән берілуде. Ауа райының құбылмалылығына төзімді етіп жасалынуда. Себебі 9,9 пайызы таза мыстан жасалынды. Технологиясы өте күрделі. Көмекшілерім Жомарт, Данияр, Нұрлан есімді өз ісінің шеберлері. Өзім Абай жерінің азаматы болғандықтан туған елге деген ықыласым ерекше. Саржал ауылының тумасымын. Алматыда білім алып, алғашқы еңбек жолымды сурет мектебінен бастадым. Ақтамберді, Құнанбайдай алып тұлғаларды дәріптеу мен үшін де ел өркениетіне қосқан бір үлес болмақ, - дейді ескерткіш авторы.
Бұл орайда айта кетер жайт, Абай елі бойынша айтулы бастамалардың бірі ретінде көтерілген Құнанбай қажы Өскенбайұлына еңселі ескерткіш орнату ісі ат үстіндегі азаматтардың жанды қолдауымен жандана түсуде. Ел бірлігін танытар осынау ілкімді бастамаға ел болып атсалысу мақсатында «Құнанбай қоры» да құрылып, қолы ашық, жаны жомарт жандардың қаржы құйып, зор үлес қосып жатқандығы мәлім. Осы ретте қор директоры болып сайланған ауылымыздың белді кәсіпкері, мәслихат депутаты Ардақ Белібаевқа арнайы жолығып, көпке ортақ игі іске ат салысып, көмектерін ұсынып жатқан азаматтар санының артып келе жатқанына қанықтық.
Елдік мүдде жолындағы елеулі іске қол ұшын берушілер мол екен. Әрине, бұл ретте алыс-жақынға сауын айтып, ауданымыздан шыққан атан жілік азаматтарға қоңырау шалып, істің оң шешімін табуға білек түре кіріскен қор директоры Ардақ ағамыздың да еңбегі бағалауға тұрарлық.
-Бұл сөз жоқ Абай елі үшін тарихи шара екендігі анық. Жұмыла кіріскен осынау іске қол үшін созуға ниеттіжандар қатары күн санап артып келеді. Есімі алашқа әйгілі қажы бабаға арналған еңселі ескерткіштің бой көтеруіне қаржылай қолғабыс көрсеткен жерлес азаматтарымыз бен баба ұрпақтарының жұмыла кірісуі, ауыл кәсіпкерлерінің жанды қолдауы - тарихи тұлғаның тұғырға қонар күнін жақындата түсуде. Әлі де қаржылай көмек қажет, - деп атап өтті өз сөзінде аталмыш қор директоры.
Расында да, елдігімізді танытар іргелі іс ендігі аралықта аяқсыз қалмайды. Себебі, қомақты қаражат аударып жатқан кең жүректі азаматтарымыз жетерлік. Осы ретте белді демеушілер есімдерін де атай кеткен жөн.
-Құнанбай қажыға тұрғызылатын ескерткішке қаржылай үлес қосқан Абай ауданының тумаларына, аудан әкімдігі, мәслихаты мен аудан, мекеме мекемелерінің жұмысшы қызметкерлерінің ұжымына және жекелеме азаматтар мен азаматшаларға ел атынан алғысымды білдіремін, - деген «Құнанбай қорының» атқарушы директоры Ардақ Белібаев газет бетіне толықтай тізімін беруді өтінген еді.
«Көп түкірсе көл» демекші ел азаматтарының арқасында ескерткіш жұмысы күн санап жануда. Біздің қосарымыз, қаржыдан қағажу болмаса, ескерткіш жұмысы да сапалы бола түспек. Осы себепті, демеушілер қатарынан табыламын деген көңілі жомарт ел азаматтары болса төмендегі «Құнанбай қажы» қоғамдық қорының реквизитін ұсынамыз. Ал, демеушілік жасаудан тартынбай, қаржы аударып жатқан азаматтарға тағы да зор алғыс білдіреміз. Көптің атсалысуымен жүзеге асатын, тарихи тұлғаға арналған ескерткіш белгі ертеңгі ұрпақ үшін бүгінгі буыннан мұраға қалатын аса елеулі, бірегей туынды болмақ. Осы орайда, бүгінгі таңдағы көрсетіліп жатқан жанды қолдауды тарихи тұлғаға деген ерекше құрметтің жарқын үлгісі деп білген абзал.
«Құнанбай қажы» қоғамдық қоры
ШҚО Абай ауданы, Қарауыл ауылы, Құнанбай көшесі 22, индекс 070100
ИИК КZ516010261000216253
БИН 141140008128
БИК HSBKKZKХ
«Қазақстан халық банкі» АҚ
Кбе 18
КНП 119
Атқарушы директоры: Белібаев Ардақ Сағадиұлы
Байланыс телефоны: 87751395223, 87225292253, 87225291953
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
АТБЕГІЛІК– АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ ӨНЕР.
Рухани жаңғыру:
Біз қазақ халқы тегіміз-түркі, түлігіміз-жылқы деп өткен елміз. Қазақтың арғы тегін жылқысыз елестету мүмкін емес. Себебі қазақ дейтін халықтың өзі тарих сахнасына жылқымен шыққаны белгілі. Жылқы- ол біздің халықтың жаны. Ұлан-ғайыр атырапқа жылқының күшімен, найзаның ұшымен ие болып қалғанымыз да ақиқат. Мінсең-көлік, ішсең-сусын болатын қасиетті жануардың қазақ халқы үшін пайдасы шаш етектен.
«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ ат баптау ісіне ерекше ықтиярлықпен қараған. Алайда, осы қасиетті жануарға деген қызығушылық танытатындардың қатары көп болғанымен, ат баптау ісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Десек те, соңғы жылдары ат спорты, соның ішінде ат баптау ісіне ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Сондай азаматтың бірі, «ат баптау ісінің» шебері, жүйріктері бәйге бермейтін, ауданымыздың, Шығысымыздың намысын қорғап жүрген көкбайлық атбегі- Бекбосынов Ерасыл Батырханұлы.
Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек.
Атбегілік - бұл үлкен өнер. Бұл қасиет қазақтың қанына сіңген. Өйткені қазақтан басқа аттың жағдайын білетін халық жоқ десек те болады. «Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол бәйге бермейтіні анық»- дейді атбегі. «Тек» демекші, Ерасылдың да бұл ат баптау өнеріне жайдан -жай келмегені белгілі. Сондықтан да әңгімені арғы жақтан бастауды жөн көрдік.
Алты жасынан жылқыға құмар болып өскен Ерасыл талай ат бәйгесінің бел ортасында жүрді. Атбегілік өнер оған қанмен берілген қасиет. Әкесі Бекбосынов Батырхан да жылқы десе қаны қызып, елеңдеп отыратын адам болған деседі. Ал өзінің үлкен атасы кезінде Қытай елінде бәйге жарысынан 50 км -ден бірінші болып келіпті. Отбасында үш ұл болса да, «Әке көрген оқ жонар» демекші атасы мен әкесінен дарыған атбегілік қасиет тек Ерасылға қоныпты. Ал бүгінде бес бала тәрбиелеп өсіріп отырған атбегі өзінің ұлдары Дамир мен Нұрасылды да осы өнердің қыр-сырына баулып өсіріп келеді. Яғни бұл өнер Бекбосыновтар әулетінің атадан балаға беріліп келе жатқан ата дәстүрі деп айтсақ та артық емес. Нұрасыл мен Дамирдың да бағындырған белестері аз емес. Атбегінің айтуынша: «аттың бәйгеде бірінші болып келуі 50 пайыз шабандозға да байланысты. Жеңіс тұғырына жету үшін шабандоз бен сәйгүліктің арасында сенім пайда болу керек. Ат үстіндегі адам ең алдымен аттың тілін түсіну керек. Қызбалыққа салынып аттың өкпесін қысып, тебінбейді. Қай кезде қамшылап, қай кезде аттың басын тартуды есте ұстаған жөн. Міне, бұл қағидаларды толық орындаған шабандоз ғана жеңіс тұғырынан көрінері анық».
Сонымен қатар, атты бапауды қай кезден бастаған жөн деген сұрағыма атбегі: Жалпы мен атты әр мезгілде әр қилы баптаймын. Оның өзінің қыр сыры көп. Атты баптауды қаңтар айының басынан бастаймын. Қыстағы дайындық мықты болса, сәйгүлік жазда бәйге бермейді, ал, көктем айынан бастап дайындалған ат тез алқынып қалады дейді. Сол себепті қыс айы ат баптаудың нағыз таптырмас уақыты. Дайындықта бейнетті көрмеген ат үлкен топтың ортасына түскенде жанып кетеді. Аттың қырын білетін адам ғана аттың жан дүниесін түсінеді. Ат баптау бұл үлкен жауапкершілікті, қырағылықты, сезімталдықты қажет етеді. Ол үшін сен жылқының жай- күйін терең аңғара білуің керек. Тіпті дайындықта аттың дем алысынан да оны қандай күйде келе жатқанын сезіне алуың керек дейді. Сондықтан да бұл аттың бабын, қыр- сырын түсінетін адамның ғана қолынан келетін дүние.
Жалпы, Ерасылдың ат баптау өнерінің өзіндік ерекшелігі де бар. «Аттың тынысы кең болып, кеудесі мен шоқтығы өсуі үшін атқа ертоқым салмаймын»- дейді. Ол бәйге алдында тұлпарды тізгіндеп ұстамай, күн бұрын тау-тасты, даланы аралатып бойын жазады. «Жалпы өзім атты кең далада жүріп, дала шөбімен қоректендіргенді жөн санаймын. Себебі, далада жүрген жылқы сүйген шөбін жейді. Ал дәруменнің барлығы сол даланың шөбінде болады. Дала шөбі кальцийге бай болғандықтан аттың буындарының қатаюына көп септігін тигізеді. Атбегінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақсысы тамақты да талғап жейтін көрінеді. Яғни, шын жүйрік бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. «Бұл жылқы малының ерекше қасиеті», – дейді атбегі.
Бабы келіскен сәйгүлік - қашықтық талғамайды.
Қазақ десе-жылқы, жылқы десе есімізге қазақ түседі. Әрі қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен баптап, аттың сынына аса мән берген. Құнан шыққанда қолтығын жаздырып, ал бәйгеге қосар кезде оны әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығарып, бабына келтірген.
Бүгінгі таңда осы атадан қалған асыл өнерімізге деген құрмет артып келеді. Бірде-бір мереке, ас ат жарысынсыз өтпейтіні белгілі. Атжарыс-қазақ халқының мәдени дәстүріне енген ат ойындарының бір түрі. Атбегілер мен шабандоздардың шеберлігі сынға түсетін мезет. Жалпы аттар жаратылыс бітіміне байланысты әр түрлі шабады. Мысалы кейбір аттар бәйге шығар шықпадан шыға сала, барлық жүйріктен оза шығады да, сол бойына алдына ешбір атты жібермей көмбеге бірақ жетуі мүмкін. Бірақ, атбегінің ойы «атты топқа кірген бойы қамшылап күшін кетірмей, ең алдымен терлетіп, аяқ алысымен денесін қыздырып алу қажет»- дейді. Басында баяу шауып, көп жүйріктің соңынан ере келе, тынысы ашылып, терлей келе біртіндеп озып шығатын жүйріктер де болады. Дегенмен де, әр атбегінің ат баптау әдәсі әр түрлі болып келеді.
Ерасыл аудандық, облыстық ат жарыстардан бәйге бермей жүргендердің бірі. Биылғы жылы М. Әуезовтың 120 жылдығына арналған Абай ауданы әкімінің жүлдесі үшін өткен жарыста үш қашықтық: тай, құнан, топ, аламан бәйге бойынша қатарынан «Ерасылдың бірдей үш жүйрігі оқ бойы озып келіпті деген сөздер аудан жұртшылығы арасында кеңінен таралып кеткен болатын». Расыменде, бір жарыста сондағы тай жарысқа да, құнан жарысқа да, аламан бәйгеге де қатысып шығып, бір аттан түсіп, екіншісіне шауып, дара келу мақтанышпен ауыз толтырып айтарлықтай дүние.
Айта берсек Ерасылдың бағындырған белестері жетіп артылады. Қадыр Мырзалиевтың «Жүйрікке шабудан да самғау оңай,жүйрікке қалудан да озу оңай» дегеніндей Семей қаласында өткен ат жарысынан да «Ханшайым» атты тұлпары Алматы мен Астананың сәйгүліктерін шаң қаптырып, нағыз арғымақтар бәйгесінде тағы да бас жүлдені алып, Абай ауданының атын ат спортында тағы бір асқақатып келген –ді. Сонымен қатар, Үржар жерінде өткен бәйгеде де 1 млн ақшалай сыйлыққа ие болса, ал Аягөз, Балқаш қаласында өткен жарыста үш арақашықтық бойынша да тағы да қатарынан үш бәйгесі бірінші болып келді. Былтырғы жылы Ақсуат жерінде үлкен ас беріліп, шашасына шаң жұқтырмайтын шабандоздар жарысында. да атбегінің баптаған тұлпары тай жарысында 47 аттың ішінде бірінші болып келсе, құнан жарыста 43 аттың ішінде, ал бәйге жарысында 67 жүйріктің арасынан оза шауып тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, келген елдің, көрген жұрттың делебесін қоздырып, ағайынға арқа бітірді. Бес күннің ішінде Шұбартау, Балқаш Алғабасқа барып үш арақашықтық бойынша да бірінші орынды еншілеген кездері де болған. Төрт жылда Ерасылдың сәйгүліктері тек бір мен екінші орында болып келген. Атбегі «Бабы келіскен сәйгүлік - қашықтық талғамайды» деген қағиданы расымен де дәлелдегендей.
«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін ауылдастары да атбегінің жасаған еңбегіне әрдайым тілекші болып отырады. Алда әлі талай жарыстар тұр. Әрдайым сәгүліктерінің бабы мен бағы қатар шабатын ат бапкеріне - баптаған жүйріктеріңіз мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін дейміз!
Тоғжан ҚАЛЫМОВА,
«Абай елі»
«АҚ ДАСТАРХАН» БАСЫНДА
Рухани жаңғыру: озық дәстүр
Ұлттық болмысымызды айғақтайтын ұлы ұғымдардың бірі – ақ дастархан! Жомарттық пен ақжарма пейілдің айқын нышаны саналатын, әр қазақ үшін қастерлі осынау атаудың өзіндік терең мән-мағынасы бар. Бағзыдан жеткен бұл ұғымның байыбын әсіресе ақ жаулықты әжелер қауымы жақсы түсінеді.
Ұлттық үрдістің тіні үзілмеген ұлылар елінде қазақы дәстүр мен салт-жоралғылар аясында түрлі шаралар жиі дүбірлеп өтіп жатады. Әсіресе, рухы өр, өресі биік, қаймағы бұзылмаған қазақы мінезі бар осынау өлкеде аузы дуалы ақсақалдар мен ел берекесін ұйытқан ақ жаулықты әжелерінің тәрбие мектебінің үлесі зор. Бұл ретте, жас ұрпақ алдында сан алуан асыл қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды насихаттап, салт- дәстүрімізді дәріптеуде ерен еңбек сіңіріп жүрген ауданымыздағы «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері осы үдеден табылуда.
Кешегі Айпара, Зере сынды рулы елдің арқа тұтары болған әжелеріміздің бүгінгі сарқыты арамызда жүр десек артық айтпағандығымыз. «Нұр-сана» салт-дәстүр орталығының кимешекті апалары туралы да осындай ізгі ой түюге болады. Аталмыш ұжым құрылған уақыттан бері аудан көлемінде ұланғайыр шараларға ұйытқы болды. Оған дәлел ретінде, биылғы жылы әжелеріміздің бастамасымен өткізілген «Қауышу», «Алғыс айту», «Ақ дастархан», «Ақ орамал» сынды игі дәстүрлеріміздің көптің көңілінен шығып, сыйластыққа, бауырмалдыққа, жалпы ізгі ниетке жол ашқанын айтсақ та болады. «Ананың тілегі ақ» деген осы-да.
Жуырда орталық жетекшісі Қаныша Нұрғалиева бастаған әжелеріміз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп жоспарлы күнге орайластырып тағы бір шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді. Бұдан бұрын да «Ақ дастархан» шарасын жоғары деңгейде атқарған әжелер осынау шараны жалғастырып, тәрбиелік, тәлімдік аясын кеңейте түскендей.
«Ақ дастархан» іс-шарасы арқылы әулеттің қамқоршылары ақ жаулықты аналардың босағаны жаңа аттаған келінге деген аналық ақ тілегінің, ерекше ілтипатының куәсі болдық. Яғни, үлкен тағылымның бастауы - ене мектебінен алар тәрбиенің алтын арқауын көрсетіп берді.
Бұл күні әжелер ақ дастархан жайды. Келелі басқосуда өрелі әңгімелер өрбіді. Әжелердің дәміне жақында ғана шаңырақ көтерген жас отбасылар Бектөлеуұлы Жандос пен Рамазанова Назигүл, Байтусов Нұржан мен Дәуренқызы Айдана, Қадыров Ернұр мен Мәденова Жаннұр, Ғабитов Аманбек пен Нұрланова Айжан арнайы шақырылыпты. Тағылымды да тәрбиелік мәні зор басқосуды осынау шараның ұйытқысы, «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Қаныша Нұрғалиқызы ұлағатты сөздерімен аша келе, жас ұрпақты тәрбиелеуде атқарып жатқан айшықты еңбектеріне баса тоқталып өтіп, жас отбасыларға босағаларының берік, шаңырақтарының биік болуын аналық ақ жүрегімен тіледі.
Сонымен қоса, жас отауды жаңа көтерген осынау жастарға ізгі лебіздерін арнаған әжелер ән де шырқап, отырыстың сәнін келтірді. Бас қосып отырған жастар әр мамандықтың иелері, қызметте табысты жандар.
Ауыл аналары жай басқосу жасамапты, келін түсіру, беташардың маңызы мен құндылығы жөнінде де тағылымды әңгіме өрбітті. Осы орайда, жаңадан отау көтерген жас отбасылардың дастарханы мол болсын деген тілекпен «Дастархан» ән шашуымен әрлеп «Ақ дастархан» аталған тәтті торттарын ұсынды. Мұнымен қатар, көңілдері аппақ қардай кіршіксіз ақ әжелердің төрт шеті оюмен көмкерілген ақ дастархан жаймасы да жастарға ерекше сый болды. Кезінде ата-бабаларымыз дөңгелек үстелге ас ішкен-ді. Үстелдің үстіне оюлы дастархан жайылғанын ескерген әжелеріміз жастарға ырыс-бақ тілеп, төрт құбыласы тең болсын деп ақ дастархан тарту етті. Тағылымды басқосу барысында Абай бабамыздың әндері шырқалып, жиналғандарды әдемі әсерге бөледі.
Келелі әңгіме кестелі көрініс тапты. Атап айтсақ, ақ дастарханның құндылығы, жаңа түскен келіннің ата-енесін, жұбайын сыйлауы, келін ретіндегі міндеті жайлы тағылымды, тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылды. Міне, әжелер өткізген бір ғана кештің мән-маңыздылығы осылайша тереңнен орын алды. Осынау сәтте жас отауға неке куәлігін салтанатты түрде тапсыратын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Әйгерім Боранбайқызы да жас отбасыларды құттықтап, сыйластық, ауызбіршілік сынды құнды қасиеттер жайлы әсерлі әңгімелеп, жастарға жанұя бақытын тіледі.
Бүгінгі жас отау иелерін қазақы мәнер, ұлттық үрдіс негізінде сусындатудың маңызы зор. Тағылымы зор ерекше отырыста «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері де аналық ізгі тілектерін білдіре келе, өздерінің жастық шақтарынан әңгіме шертіп, тұрмысқа қажеттінің барлығы даяр қазіргі заман келіндерінің бақытты екендіктерін айтып өтті. Мұнымен қатар, Абай атамыздың туған күнімен тұспа-тұс келген, жаңа құрған отауларының керегелері кең, шаңырағы биік болуына тілектестіктерін білдірді.
Ақ дастархан басында сән-салтанат орнап, сыйластықпен сый-сыбаға тартылған, жүректен жыр ағытылған бұл күн жас шаңырақ иелерінің есінен мәңгілік кетпесі анық.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
ЕЛ БІРІНШІЛІГІНДЕ ТОП ЖАРДЫ
Дзюдо күресі

Жуырда Үржар ауданына қарасты Қабанбай ауылында дзюдо күресінен 1997-1999 жылы туған жастар және 2000-2001, 2001-2002 жылғы жасөспірімдер арасында Республикалық турнир болып өтті.
Аталмыш біріншілікке еліміздің барлық аймақтарынан командалар келіп қатысты. Жарысқа Абай ауданының құрам командасы да арнайы барып бақ сынап қайтқан болатын.
Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде 42 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Құмаров Байсиық ІІІ орын, 46 кг салмақ дәрежесінде Кәкітаев Алтынбек ІІ орын, 55 кг салмақ бойынша Кеңесбеков Данияр ІІІ орын, 66 келілік салмақтағы Құмаров Сұңғат ІІІ орынды иеленіп, мадақтамалармен марапатталды. Өрендерімізге алдағы уақыттарда да жеңіс тілейміз.
«Абай елі» ақпараты
ОРТАЛЫҚ СТАДИОН КЕЛБЕТІН ӨЗГЕРТТІ
«Рухани жаңғыру: Өмірге сергек көзқарас»
Әрбір елді мекенде тұрғындардың балалық шағын еске салатын ерекше орындар болады. Қарауылдағы спорт алаңы осындай ерекше нысандардың бірі. Әйтседе, төрт қабырғасының қоршауы төрт түрлі, тозығы жеткен жүгіру жолақтары, доп ойналса шаң көтерілетін үлкен футбол алаңы бар стадионның талапқа сай еместігі спортсүйер қауымның жанына батып-ақ жүрген-ді. Десек те, амалдап аудан, облыс көлеміндегі маңызды спорттық шараларды осында өткізіп келдік.
Биылғы жылдың бір қуанышты жаңалығы сол, аталмыш стадион күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай қайта жаңғырмақ. Мұндағы жүргізіліп жатқан қызу жұмыстар бүгінде ел назарын өзіне аударып отыр. Нысанның жаңарар уақыты жақын.
Бүгінде жер-жерлер, қалалар, ауылдар жаңғыру үрдісіне жаңаша сипат беріп жатқаны мәлім. Қайта түлеген спорт алаңымен бірге ауыл спорты да жаңа сатыға көтерілері сөзсіз.
Аталмыш спорт нысанын күрделі жөндеуден өткізу мердігер мекеме «Еңбек» ШЖҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Еңбек-Семей» филиалына және қосалқы мердігер «Ақши-құрылыс» ЖШС-не тапсырылыпты. Бүгіннің өзінде 2200 шаршы метр жүгіру жолағының асфальты төселіп, 982 метр аумақтың қоршауы жаңадан тартылып, қос бірдей қақпа орнатылып, 400 адамға арналған металл конструкциясынан монтаждалған трибуна жұмысы аяқталды. Мұнымен қатар, спортшылардың киім ауыстыратын орыны, қоғамдық дәретхана құрылыстары да тәмамдалған.
Тағы бір ерекшелік, жеңіл атлетика мен гимнастика үшін арнайы жабдықталған қосымша шағын алаңдары да бар.
Жүргізілген құрылыстар жұмыстары қатарында сонымен бірге, алаңға электр желісі тартылып, стадионның жарықтандырылуы, бағандар орнату жұмыстары да нәтижелі іске асқан.
Бұл ретте, жөндеу жұмыстары жөнінде пікір білдірген аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібеков:
— Бүгінгі күні 6700 шаршы метр футбол алаңының орнын тегістеу, жасанды төсеніш жаю сынды жұмыстары қалды. Ол үшін қосымша техникалар Семей қаласынан жеткізіледі. Сонымен қатар, баскетбол алаңына асфальт төселіп, арнайы волейбол алаңы да салынатын болады. Стадион жұмысы заманауи талаптарға толығымен сай болмақ. Құрылыс барысы назарымызда тұр. Мерзімінде аяқталады деп сенеміз, - дейді.
Қазіргі уақыттың өзінде жаңаша сипат алған орталық спорттық алаң салауатты өмір салтын серік еткен жандар үшін қолайлылық тудырады. Аталмыш нышан облыстық деңгейдегі іргелі сайыстар мен біріншіліктерді еш қымсынбай өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «екінші тынысы ашылған» алаң аудан көлемінде спорттың бұқаралығын тіптен арттыра түседі деген ізгі үміт бар.
Жалпы, стадионды абаттандыру жұмыстарына оннан аса құрылыс техникалары, 40-тан аса жұмыс күші жұмылдырылған екен. Жаңа нысан тамыз айының соңында пайдалануға берілмек.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
