Заңғар жазушыға -119 жыл
«М.Әуезов – қазақ халқының кемеңгер ойшылы, ұлы суреткері. Осы бабамыздың өмірі мен еңбегі еліміздің бүгінгі тәуелсіздігін аңсап өткен. Мұхаңды құрметтеу – елдің тәуелсіздігін құрметтеу, өз еліңді сүю, Отаныңды қорғау, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямау» деп мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, бүкіл әлем таныған заңғар жазушыны құрметтеу - парызымыз.
Осыған орай жазушының туған күні қаламгердің есімі берілген аудандық кітапханада балалар бөлімінің меңгерушісі Оразова Серікгүл Әбенайқызының ұйымдастыруымен ұлы суреткер, әдебиетші-ғалым, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, қоғам қайраткері, мұхиттай Мұхтарға арналып «Мәңгілікпен үндескен ұлылық» атты әдеби-сазды кеш өтті.
«Сонша ұлылықпен, сонша суреткерлікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шын бақытты ғой» деп Бержерон баға бергендей, расында да біз бақыттымыз. Осы тақырыпқа сай қойылған кітап көрмесі де кеш маңызын арттыра түсті.
Мұхтар Әуезов феномені туралы айтылып, жазылып жүрген ой-пікірлер, зерттеулер баршылық. Дегенмен, қаншама жиі айтылған сайын мұхтартанудың проблемалары артып, тереңдеп өсе береді. Жаңа сыр-қыры ашылып, тың міндеттер жүктеле түсері сөзсіз.
«Абай жолы» роман-эпопеясын Луи Арагон XX ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі деп бағаласа, Шыңғыс Айтматов XX ғасырды - Әуезов ғасыры деп атады. Ал, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Әуезовті тану - қазақты тану, Қазақстанды тану деп бағалаған болатын. Шын мәнінде М.Әуезов XX ғасыр әдебиетінде ғажайып құбылыс, феномен екендігі ешқандай күмән тудырмайды. Оның мәңгілік туындыларын жан-жақты терең зерттеп тану ғасырдан ғасырға жалғаса береді. М.Әуезов творчествосының тұтас тұлғасының қадір-қасиеті, құдіреті неде? Оның өзгешелік, ерекшелік сыр-сипатын қалайша тауып, тани аламыз? Бұл - өте күрделі, дәуірлік мәселе. Оны әрбір кезең, әрбір ұрпақ өзінше таниды. Керек болса, әрбір жеке оқырманның өз Әуезові бар.
М.Әуезовтің тұтас бүтін бітімін танып білу үшін алдымен оның сан қырлы творчестволык мұрасын жекелей, сатылай тануымыз керек.
Қазiрше, басы ашық объективтi жағдай: Әуелi, М.Әуезов тумысынан, табиғатынан айрықша дарынды болып жаратылған. Екiншiден, туып-өскен ортасынан, айналасынан алған тәлiм-тәрбиесi, бойына терең сiңiрiп өскен нәрi өте құнарлы болған. Үшiншден, мұсылманша медресе мен орыс мектебiнен, Ташкент, Петербург университеттерiнен түбегейлi терең бiлiм, таным алып жетiлген. Төртiншiден, жастайынан үлкен қоғамдық, мемлекеттiк қызметтер атқарып, ел тiрлiгiнiң тұтқасын ұстап, келелi мәселелерiне араласқан. Бесiншiден, семинарияда оқып жүрген кезiнен бастап, күнделiктi газет журналдарды шығарысып, үзбей ат салысып еқбек еткен, қаламгерлiк өнерге ерте жетiлген. Алтыншыдан, әдебиет пен өнер-ғылымның, мәдениеттiң адам өмiрiнде, қоғам тiрлiгiнде атқаратын қызметiн ерте танып, кәмiл түсiнген.
Міне, осы аталған объкетивті жағдайлар Әуезовтің терең де заңғар, нәрлі де нәзік суреткерлігінің негізгі бір қыры - оның кемеңгерлік ойшылдығында, ғұлама ғалымдығында, өткір сыншылдығында жатқандығы да анық.
Жазушы әлеуметтану, мәдениеттану, әдебиеттану мәселелеріне байланысты өмір бойы үзбей қалам тартып, бас-аяғы үлкенді-кішілі 500-ге жуық мақала, зерттеу еңбектер жазған екен.
Әдебиет пен өнердiң көп ғасырлық тарихынан мәлiм, көрнектi суреткерлердiң көпшiлiгi дерлiк әдеби-сын мақалалар жазып, жалпы әдеби процеске, әдебиеттануға да еңбек сiңiрiп, мол үлес қосқан. Мұның, әрине, өзiндiк объективтi және субъективтi себеп заңдылықтары бар. Ол, негiзiнен, әдебиеттiң, сынның өз мiндетi, мүддесiнен туындаса керек. Аталмыш басқосу барысында осы тәрізді ой-пікірлер мен толғамдар кеңінен айтылып, еркін талқыланды.
Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі бастығының орынбасары мәдениет, әдебиет жанашыры, Мұхтар Әуезов жайлы «Абайдан соң» атты төрт томдық романдар цитррологиясын дүниеге әкелген жазушы Кәмен Оразалиннің ұлы Елдар Кәменұлы әсерлі кешті кіріспе сөзбен ашып, кітапханашы С.Оразоваға сөз кезегін берді. Балалар бөлімінің меңгерушісі жазушы жайлы тың деректер келтіре отырып, баяндама жасады. Ғұлама жазушы жайлы көрсетілген слайд та, ол жайлы түсірілген кино да көпшілікке ұнағаны сөзсіз. Жүрекке жылы тиетін жазушының өз дауысы тыңдалып, парасаттылығы мен тілінің шешендігіне көз жеткізілді. Әсіресе, ұлт мақтанышына айналған Мұхтар Әуезов жайлы тереңнен сөз қозғаған, жазушының үйінде тұрып оқып, білім алған, тәлім-тәрбиесін көрген, тың естеліктер толғаған Манатай Толғанбаев ақсақалдың әңгімесін жұртшылық ұйып тыңдады.
Жақында ғана жазушы жайлы газет бетіне көлемді танымдық мақаласы жарық көрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Түңлікбаевтың ой-толғауы, Баян Мәлікқызы жетекшілік ететін Қарауыл гимназиясының 8 «а» сынып оқушыларының жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталған әдеби монтажы, сондай-ақ жазушыға арнап шығарған арқалы ақындардың жырларын жатқа оқыған оқушылар өнері де тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды.
Әсерлі әдеби кеш ән шашумен шырайланып, ауданның Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің өнерлі жас өрендері Арқашев Ақжігіт Абайдың «Сегіз аяқ», Қалиханова Ділназ бен Баймуринова Тоғжан халық әні «Гүлдерайым», Баймуринова Тоғжан Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әндерін әуелетсе, Арқашев Ақжігіт «Сылқым қыз» күйін күмбірлетті. Осылайша, әдеби кештен әдемі де әуезді ән тыңдап, Әуезов әлеміне саяхат жасаған көпшілік кітапхана ұжымына разы көңілмен тарасты.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
