Жас жүрек жайып саусағын
М.Ибраевтың туғанына 75 жыл
Биылғы жыл - Абай елінің руханият саласы үшін, қалаберді поэзия әлемі үшін айрықша атаулы жыл. Себебі, ақын, сазгер, жазушы, драматург Мерғали Ибраевтың туғанына алдағы маусым айында 75 жыл болса, атауы осы ақынның құрметіне қойылған «Ақсұңқар» ақындар сыныбының ашылғанына аттай 20 жыл толыпты. Осынау ерекше мезетке орай Қарауыл ауылында аймағымыздағы мектеп оқушылары арасында «Жас жүрек жайып саусағын» атты облыстық деңгейдегі жыр мүшәйрасы болып өтті.
Ауданымыздың мәдени өміріне ерекше серпін берген шараға даярлық күні бұрын басталған-ды. Алыс-жақыннан жиналған меймандарды аудан басшылары мен Абай елінің зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы топ Жидебай ауылынан қарсы алды. Мерғали ақынның құрметіне орай ұйымдастырылған жыр додасына облысымыздың Тарбағатай, Жарма, Аягөз т.б сынды аудандарынан жас өрен жыр жүйріктері үміттерін үкілеп келген екен. Ал, мәртебелі меймандар арасында Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің қызметкері, Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Атантай Акпаров, Семей қаласынан ҚР Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, Астана қаласынан «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Қалқаман Сарин, республикалық «Мөлдір бұлақ» халықаралық балалар журналы редакторының орынбасары, «Серпер» сыйлығының иегері, танымал ақын Саят Қамшыгер, әдебиет институтының қызметкері Еркін Ғалымов, Ұлан аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі, ақын Аслан Ғафуров және жерлесіміз, жас ақын Арман Шеризатовтар болды.
Алыс-жақыннан жиналған меймандар әуелгі кезекте Мерғали ақын мазарын зиярат етіп, қаламгер рухына Құран бағыштап, қол жайып, дұға қайырды. Бейіт басына гүл шоқтарын қойды. Осыдан соң меймандар мінген көліктер Қарауыл ауылын бетке алып, бүгінде күллі аймағымыз бойынша бірегей руханият ордасына айналған Қарауыл гимназиясына келіп тоқтады. Аталмыш мәдени шараның беташар рәсімінде осынау ақындар сыныбы мұражай болып ашылып, ресми түрде тұсауы кесілді.
Айта кеткен жөн, қазақы қара сөзден қаймақ сүзетін бұл сынып жас буынның әдеби ортасы. Бұл жерден өлең-сөздің теориясын меңгеріп, табиғи талантын ұштаған сан ақын түлеп ұшқан болатын. Аталмыш сыныптың жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиевтің тәлімін көрген Сағадиев Ұлан, Имантаев Айдос, Нұржан Байтөс, Байболов Бақытжан, Алдажаров Мерей, Шеризатов Арман, Жұмакүлбаева Жадыра, Зарина Сайлаубекова, Қуаныш Еркін, Қуат Айтқали, Жайдар Жақсылықов сынды тағы көптеген талантты жастар өсіп шыққан болатын. Бұл орайда, жас ақындардың бапкері Төлеген Жанғалиев түстен кейін өткен мәдени шара барысында аталмыш сыныптың кешегісі мен бүгіні жайлы баяндама жасап өткен болатын.
Тоқтала кетер болсақ, аталмыш ақындар сыныбы Төлеген ағаның мұрындық болуымен 1996 жылы қоғамдық негізде Қарауыл гимназиясының қасынан ашылды. Кейіннен 2000 жылы аудан әкімінің қолдауымен арнайы штат бөлініп, Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбы деп аталды. Айта кетерлігі сол, шәкірттердің алды облыстық, республикалық мүшайралар мен ақындар айтыстарының жеңімпаздары. Сонымен қатар, республикалық Абай оқуларында да жүлде бермей келеді. Халықаралық байқаулардың да жеңімпаздары осы сыныптан тәлім терген болатын.
- «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп өшпес нақыл қалдырған кешегі дана Абайдың өмірлік ұстанымын мен де мақсат етіп алдым. Ол - өлеңге таласы бар жастардың талабын шыңдау. Менің міндетім – тек қазақ өлеңінің құдіретін түсінуді үйрету, өлең жазуға баулу. Жас өрендердің қазақтың қара сөзі мен өлеңін кеудесіне түйіп, түсіне білетін азамат болуы зор мәртебе, - дейді Абайдың ақындық мектебінің түтінін түтетіп отырған Төлеген ағамыз. Ал, осынау бірегей руханият орталығына Мерғали Ибраев есімін беру ақын ағаға деген өшпес құрметтің белгісі екен. Сол тәрізді сынып атауынан жоғарылатып, мұражай атандыру да артта із қалсын деген ізгі ойдан туыпты. Бұл ретте аталмыш шара Мерғали ақынның 75 жылдығымен орайластырылған.
Аталмыш мұражайды жабдықтап, талап үдесіне сай ету үшін мәдениет саласының жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғали Мүсәпірбеков қолдау көрсеткен екен. Яғни, аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, кабинет іші қайта жарақтандырылды. Мұражай төріне осы сыныптан шыңдалған шәкірттер жетістіктерінен арнайы көрме әзірленіпті. Қысқаша айтқанда, күні кешегі Абай, Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Уәйіс сынды өлең дүлдүлдерінің бүгінгі сарқытындай болған Төлеген ағаның ақындық мектебінің түлектері алған белестер туралы мол мағлұмат бар.
Мұражай үшін әкелінген тарту-таралғылар да мол болды. Соның ішінде, заманында аталмыш ақындар сыныбының ашылуына қолдаушы болған, сол жылдардағы аудан әкімі Қонысбай Төлеубековтың атынан шетелдік теледидар тарту етілді.
Бұл күнгі шара барысында зиялы қауым өкілдерін елең еткізерлік бір жаңалық Мерғали Ибраевтың жаңадан жарық көрген «Жұмбақ жолаушы» атты жинағының тұсауы кесілді. Алматы қаласынан «Әдебиетті қолдау» бағдарламасы аясында оқырманға жол тартқан аталмыш кітап 2200 дана екен. Яғни, еліміздің барлық кітапханаларын толық қамти алады деген сөз. Ақын жинағын құрастырған оңтүстік астанадағы М.Әуезов атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Еркін Ғалымов.
Тұсаукесер рәсімге қатысқан Мерғали Ибраевтың көзкөргендері ақын есімінің де, оның шығармашылығының да ғұмырлы болатынына сенім зор екендігін айтып жатты.
Әйтседе, бұл күнгі шараның мәйегі түстен кейін өрбіген жыр мүшәйрасында айқын көрініс тапты. Айтулы байқау барысында Алатаудың етегінен келген Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Атантай Акпаров Төлеген Жанғалиевке бауырлас елдің атынан құттықтау лебіз білдіріп, шығармашылық шабыт тілей келе сый-құрметтің белгісі ретінде арнайы шапан жапты.
Ал, мектеп оқушыларының жыр мүшәйрасына келер болсақ, қазылар алқасының төрағасы танымал ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов бастаған шара меймандары болды.
Мүшәйрада әр ауданнан келген 14 дарын өзара бақ сынасты. Өлең өлкесінде өзіндік өрнек салып үлгерген жас ақындардың да бар екеніне анық көзіміз жетті. Жауқазын жырларына Мерғали ағаларының есімін де арқау етіп, сөз маржанын төгілткендер болды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, көп ұзамай мүшайраға қатысқан жас ақындар ішінен дараланған шалқар шабыт иелері анықталды. Атап айтсақ, қорытынды бойынша Бас жүлдені Қарауыл гимназиясының 11 сынып оқушысы Зарина Оралқызы жеңіп алды. Жас өреннің өлеңдерінде отты екпін, ерекше леп бар екен. Ал, бірінші орынды Тарбағатай ауданынан келген Аяжан Қамзаева иеленді. Ал, жүлделі екінші орынға екі өрен ұсынылыпты. Олар Қарауыл гимназиясының оқушысы Диана Садырбекқызы мен тарбағатайлық Медеу Ғарифолла сынды сөздің майын ағызған жалынды жас шайырлар болды.
Үшінші орын алғандар қатарында Жарма ауданының К.Кәкенов орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қайрат Есентай, Шәкәрім атындағы орта мектеп оқушысы Бағжан Кәріпбаева және Медеу мектебінің оқушысы Қорлан Берікқазиналар болды. Ал, қалған қатысушылар ынталандыру сыйлығын алды. Бас жүлдені еншілеген өренге 75 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
Ерлік пен Елдік толғауы
“Қазақстан – қай жердегі, қай ел” деп,
“Көк түбінде болса дағы көрем” деп.
Жатқан жұртқа жан –жағымнан сұқтанып,
Елдігімді берейінші дәлелдеп!
Елдігімнің ең бастапқы ерлігі,
Қазақ жерін мойындады жер жүзі.
Тоқыраудың қиындығын жеңбесем,
Тоз-тоз болып кетер едім ендігі.
Содан соңғы елдігімнің белгісі,
Бірлігімен нығаяды ел күші.
Бізден көшкен ұлт өкілі болмайды,
Бізге ұлттардың келе берер келгісі.
Содан соңғы кереметім – Астанам,
Одан асқан жерұйығы жоқ маған.
Нұр жайнаған ширек ғасыр ішінде,
Нұр Астана келбетімен мақтанам!
Әлем күткен ғажайыбым бар тағы,
Күн көзіндей жарқыратқан Арқаны.
“Көреміз” деп, ЭКСПО-ның көрмесін,
Жердің жүзі ертең бізге жортады.
Содан соң ба, содан соң да бар бағым,
Бақытымды келе берер толғағым.
Бізге келіп, кетіп жүрген қонақтар,
“Жарайсың” деп шошайтады бармағын!
“Мәңгілік ел” содан соңғы мұратым,
Біз халықпыз күнге созған құлашын.
Күннің көзі көк туымда тұрғанда,
Асқарларым аласармас шығатын!
Жеткенім де, жетпегім де көп менің,
Адамзаттың алдындағы көштемін.
Азабынан – ғажабына жол салған,
Қазағымнан көр, Ерліктің мектебін!
Оралқызы Зарина,
Қарауыл гимназиясының оқушысы
Тәуелсіздік жыры
Қай адамның болмасын арманы көп,
Жеткізбейтін,жетпейтін қолдары дөп.
Болдым,толдым демейді ешбір пенде,
Азуын тұрса дағы айға білеп.
Кедейлердің бай болу қалағаны,
Бай байысам дейді екен одан әрі.
Біреулерді мол білім алаңдатса,
Біреулерді көп дәулет мазалады.
Мұның бәрі ,әрине, бостандықта,
Бостандықсыз құрылар қақпан жұртқа.
Кешегі кер заманнның кездерінде
Тәуелсіз халықпыз деп мақтандық па?
Тәуелсіздік адамның басты арманы,
Онсыз кетер халықтың бастан бағы.
Барымыз да таңымыз арайлайды,
Елімізде тәуелсіздік басталғалы.
Енді бүгін егемен еліміз бар,
Жерұйықтай тып-тыныш жеріміз бар.
Бар әлемде даңғдарыс болып жатса,
Дағдарыс пен жоқшылық қысқан емес.
Әлем көзі біздерге таңданады,
Астананың көркіне мәз болады.
Тәңіріне тәубесін айтпас дейсің,
Тәуелсіз еліміздің қай қазағы?
Мәңгілік ел-бүгінгі арман-мұрат,
Халқымыз жатыр қазір жолдауды ұнап.
Көрерсің әлі,ертең біздің халық
Көк туын желбіретер айдан бір-ақ!
Қайрат,Ләззат аңсаған арман бізде,
Арманғаарманқосаржолдардыізде.
Қанатсызқұсқаайналарбарлықадам,
Армандарыжоғалыпқалғанкүнде.
Мен-арманшыл қазақтың бір қызымын,
Тәуелсіз ел-ең басты құндылығым.
Көк аспанның түсіндей желбіреген,
Тік көтеріп келеміз туды бүгін!
Уатжанова Ажар,
Қарауыл гимназиясының оқушысы
Айтулы мереке
Атағыңды, даңқыңды ары апар,
Олар маған қара сумен пара-пар.
Қандай атақ алды екен білмеймін
Жидебайда кешегі өткен қара шал.
Ақынның өлеңдеріне терең бойлаған сайын жақын тани түсесің. Жан сарайындағы адамға тән сезімнің бәрінен биік лирикалық күй, тәтті мұң, өмірдің күйінішіне бас имеу тәрізді поэтикалық рух білінеді.
Поэзия әлемінде өзіндік өрнек салып, өнер аспанының көгіне қырандай қалықтап, өткір тілімен өр рухтан туған отты жырларын қаламмен ақ қағазға емес, халқының жүрегіне жазған таланттар санаулы десек соның бірегейі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты,Ы.Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі, ұлағатты ұстазым, ақын - Төлеген Жанғалиев.
Өлең - құдірет. Жалпы талант атаулының барлығы да адамды таңдап қонса керек. Тәңірдің берген сыйы,ұлы күш. Қасіретті тағдырдан қасиетті өнер туады деген қасаң қағида да жоқ емес. Кейде көп ішінде жалғызсыратып,жоқ ішінде аңсатып, қалың елдің мұңын арқалатып қоятын да осы күш.
Көрсетпейтін шындықтың жартысында,
Шымылдық бар қоғамның әр тұсында.
Шыр-пыр болып ақыры өледі ақын,
Шындық пен өтіріктің тартысында.
«Абай жаққан бір шырақ сөнбесін деп» елінің сөзін ұстап өлеңнің киесін ұшырмай қасиетті Қарауылда шырақшы болып отырған да осы кісі. Ұзтаздың тәлімін алып, тәрбиесін көрген шәкірттің бірі менмін. Өмірі өнегеге, ғұмыры ғибратқа толы жанның алдында дәріс алып ақындық дейтін үлкен әлемнің есігін ашқан едім.
Ақындық борыш - азаматтық парызым деп біліп аудан идеялогиясын басқарып жүрген жерінен 1996 жылы «Ақсұңқар» ақындар сыныбын ашты. Бұл сынып емес кемеңгер Абай мектебінің заңды жалғасы, руханияттың мөлдір бастауы десе де болғандай. Әулетінен сөз ұстаған текті атаның жалғасы Төлеген ақынның арыға бармай-ақ ағасы Мерғали Ибраевтың өзі сан қырлы талант иесі болғаны мәлім. 2002 жылы аталған сыныпқа көрнекті ақын, драматург, жазушы, композитор Мерғали Ибраев есімі берілді. Ауданда аз уақыттың ішінде әдеби орта қалыптастырып, бұл күнде күллі республикаға танымал шеберлік мектебіне айналды. Биыл рухани қарашаңырағымызға айналған М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбына 20-жыл толып отыр. Аз уақыт емес, әрине. Ақынның жүрек үні шәкірттерімен-ақ шартарапқа жетіп жатыр.
Байболов Бақытжан, Жұмакүлбаева Жадыра, Сағадиев Ұлан, Байтөсов Нұржан, Имантаев Айдос, Құлбаева Әлия, Құндызбаева Еңлік, Алдажаров Мерей, Жақсылықов Жайдар, Ережепбаева Мадина, Қуат Айтқали, Еркежан Сейітқазы, Балнұр Манатбек, Айдана Дәуренқызы, Нұрқыз Мырзаханова, Зарина Сайлаубекова, Гүлім Ерболатова, Еркін Қуанышұлы, Марал Түгелжанова, Ділдә Уәлибекова... т.б. Бұл «Ақсұңқар» ақындар сыныбынан түлеп ұшқан шәкірттердің бір парасы ғана.
«Білгенге маржан
Білмеске арзан» - деп Абай атамыз айтқандай «сөз қадірін - өз қадірім» деп біліп бағалайтын ұстаздың орыны біз үшін ерекше.
Аға жылап, жатқанда іні жылап,
Жылап алғым келеді бірігіп ап.
Айналамның барлығын тамұқ басса
Маған да керегі жоқ жылы жұмақ.
Оқырманға онға жуық жыр кітабын ұсынған ақынның әр жылдары жарық көрген кітаптарынан уақыт тынысын, сол кезеңге байланысты адам жаратылысының, ой-сезімінің қалай құбылып, өзгеріп отырғанын байқаймыз. Әрбір өлеңінде сезім шынайылығы мен жан дүниесінің терең қатпары еркін сезіліп тұрады.
Асқақ ақындығын ұстаздықпен ұштастырып ұлтына қызмет етіп жатқан Төлеш ағаның әр ісі - үлгі, әр сөзі - ғибрат. Ақсұңқардың қанаты талмасын! Таланттарды тәрбиелейтін шеберлік мектебі әлі небір дүлдүлдерді шығарары сөзсіз...
Ақсұңқар
«Ақсұңқар»-ға алаш білген жиырма жыл,
Тәуелсіз ел жетістігі бұл да бір,
Қарауылдан қанат қаққан қырандар,
Қалың елдің аспанында жүр қазір.
Қанып ішіп өлең дейтін тұнықты,
Ұлдар шықты,қыздар шықты қылықты.
Жыр Меккесі деп танитын бар ауыл,
Мерғалидың есімі бар сыныпты.
Шыңғыстауда шын өнерге қанғанмын,
Шежіресін тыңдап өстік шалдардың.
Ұрпақ түгіл ұлттың тұтас өлгені,
Ұлы Абайдың елі жырсыз қалған күн.
Әрбір сөзі қадалатын жебедей,
Төлеш ағам сөз ұстаған төбе би!
Жидебайда жатыр қарап қос алып
Қарсы жүзген ағысқа аппақ кемедей.
Барлығы да Төлеш ағам еңбегі,
Ерте оянып ұрпақ деді,ел деді...
Ұлылардың аманатын ап қалған,
Елшісіндей көрінеді жердегі.
«Ақсұңқар»-ға қалмас ешкім сұқтанбай,
Рухыңды көкке өрлетер күш бардай?!
Т. Жұдырықтай жүрегімен өз елін,
Ақындар да жырлап өтер құстардай.
Арман Шеризат
Жас жүрек жайып саусағын
Тұла бойды шымырлатар рухты ән әуелеп барып әсерлі тоқтады. Жүректен шыққан ән ғана жүрекке жетері хақ. Тыңдарман қауым залды жаңғырықтыра шапалақтап қол соғып жатыр. Көпшілігі «әй, жарайсың!, «бәрекелді!», «кіп-кішкентай болып дауысы қайдан шығып жатыр десеңші», «болайын деп тұрған бала екен», «тамаша айтады» - десіп сахнадағы кішкентай қара қызға ризашылықтарын ыстық ықыластарымен білдіріп жатты. Ән сүйер қауымның тамсана мақтап отырғаны жастайынан әнге құмар болып өскен Ақбөпе Ағдәриева сынды өнерпаз қыз болатын.
Расында да шынашақтай қара қыздың өзінен дауысы зор. Ал репертуары... Ол енді ерекше тақырып. Жарықтық ән атасы, даланың дара тумасы Әміре Қашаубаев айтқандай, «Әншінің әнді таңдайтыны секілді ән де әншіні таңдайды». Бұл ретте Ақбөпе патриоттық әндерді нақышына келтіре орындайды. Бәлкім дауыс диапазоны, тынысының кеңдігінен осындай асқақ пафосты әндерді шырқауға бейім болса керек.
Бүгінде Абай мектеп-лицейінің 5 сыныбында оқитын Ақбөпе Ағдәриева ауданымыздағы Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінің де шәкірті. Өнердегі ұстазы Мырзаханова Нұржаннан вокал мен сольфеджио сабағынан дәріс алып жүрген ол бес жылдың ішінде хас талантымен танылып үлгерді. Олай деуге негіз бар. Жақында аудандық Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің атынан барған Ақбөпе Алматы қаласында «Ғұмырдария» орталығының ұйымдастырған «Алматым жүрегімде» ән-би байқауынан ІІ- дәрежелі дипломмен марапатталып, «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша лауреат атанып қайтты. Аталмыш байқауда жиыны 300-ге тарта жас өнерпаз бақ сынапты. 9 жастан 11 жасқа дейінгі орта топ деп аталған топ бойынша 30 бала қатысқан. Ақбөпе І- айналымда «Алматының алмасы» әнін әуелетсе, ІІ- турда «Мен қазақпын» деп төгілткен екен.
Тыңдарманын тебірендірген, рухтандырған. Осылайша отыз баланың ішінен оқ бойы озып ІІ-орынды бағындырған Ақбөпенің жеңісі расында да мақтанарлық емес пе?! Байқауды ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының қырағы көзіне іліккен Ақбөпе Абай елінің намысын қолдан бермей, абыройын аспандатты.
Осы орайда Алматыға бірге барған «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншісі Нұрбек Өмірбековтің де еңбегін атап өткен орынды секілді. Өткен жылдан бері бойында өнері бар жас өрендерге вокалдан дәріс беріп жүрген Нұрбек саз мектебінің шәкірті Ақбөпенің өнеріне де тәнті еді.
Ақбөпе кішкентайынан ән айтып, өнерге жақын болды. Балабақшаға барғанға дейін атасы Ағдәримен қосылып бірге ән айтқан кездері де болыпты.
Атасы баян аспабында шебер ойнайды. Ал Көкбай ауылында тұратын нағашы апасы Төкішті жиын-тойдың көркі деседі. Ақ әжесінің Ақбөпеге деген мейірімі де ерекше. Осындай ата-әжеден дарыған қасиет өнерлі ұрпақтың өмірге келуіне себеп болса керек. Атасы сонау бір жылдарда ауданымызда орналасқан беделі биік «Б.Байғожина» атындағы балабақшаға жетектеп әкеліп немересіне үлкен үміт артқаны рас. Өнер сахнасына шығарда қоса айтылатын атасының есімі оған әрдайым қуат беріп, күш сыйлайтындай. Тілеуін тілеп отыратын Ағдәри атасы бүгінде Семей қаласында тұрады. Ақбөпенің әр қадамын қуаттап, өнер сапарына кетіп бара жатқанда оң батасын беріп, маңдайынан иіскеп шығарып салады екен.
Ширақтығы мен елгезектігіне байланысты небары бір жарым жасынан балабақшаға алынған ол аталмыш орталықта саналы тәрбиені бойына сіңіріп өсті. Есейе келе түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетіп, әнші қыз атанды. Әнші қыз атануына әлбетте, балабақша басшысы Лаура Орынғожина, музыка пәнінің мұғалімі, әнді де биді де үйретуші Әсем Көзбаева еселі еңбектерімен үлес қосты.
Ең алғаш «Қарлығаш» әнін орындағаны әлі есінде. Осылайша, өнері өрге жүзген бүлдіршін білімнің қарашаңырағы «Абай мектеп –лицейінің табалдырығын алғаш рет аттап, шәкірт атанады. Мектеп қабырғасында жүргенде де алған асулары баршылық. Мектепішілік, аудандық байқаулардан орын алған марапаттары өз алдына бір төбе. Өнер жолындағы бағындырған белестеріне келсек, 2013 жылы аудандық «Айгөлек» ән-би байқауында да ән номинациясы бойынша көрермен жүрегін жаулап бас жүлдені жеңіп алды. 2014 жылы Семей қаласындағы «ТВК-6» арнасының «Балдәурен» музыкалық студиясының «Semey-Star» аймақтық телевизиялық өнер байқауының лауреаты атанды. Тағы да осы жылы Түркияда өткен балалар ән-би байқауында ІІ- орынмен елін қуантты. Түркиядағы жеңісі көпке шейін жыр ғып айтылып жүрді. Енді ше, үшінші сыныпта-ақ, небәрі 8 жасында түрік елін тамсандырып, таңдандырып қайтқан жоқ па?!
Ал 2015 жылы Алматы қаласында өткен «Самға» республикалық, балалар және жасөспірімдер конкурсында «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша ІІ-ші орын жүлдегері атанды. Бұл конкурсқа қатысуына аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы қолдау көрсетіп, зор сенім білдірген екен. Талантты Ақбөпе ел сенімін ақтады. «Майра» продюссерлік орталығының директоры ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Майра Ілиясованың өзі кішкентай ғана сүйкімді қараторы әрі өжет Ақбөпенің өнеріне сүйіспеншілік танытып, «тура менің бала кезімді көз алдыма әкелдің» деп риза болғаны соншалық құлағындағы сырғасы мен сақинасына дейін тарту етіпті.
«Өнер- деген бақ, оны ұстай алмағанға - дақ» деп бекер айтылмаған. Өнер ұстанғанға ғана дариды. Ақбөпе өзінің дарынымен, еңбекқорлығымен өнердің осынау саласын берік ұстанып жүр. Бойындағы қабілетін тап басып тани білген, оятып, дамыта білген ұстаздары да Ақбөпені «әнші Ақбөпе» етті. Елге танытты, өнерпаз өреннің жолы мен бағын ашты. Бүгінде репертуарында 30-дан аса әні бар Ақбөпе әлі де байытуға барынша күш салып жүр. Айтатын әндерінің көбі өзінің табиғатына сай патриоттық рухтағы әндер. Ағылшын тілінде де ән шырқайды. Марқұм болған ауданымызға белгілі меценат Төлеуғазы Иманғалиев ағамыз Ақбөпенің өнеріне тәнті болып, тіпті Беларуссияда өтетін «Славян базары» байқауына баруға қол ұшын созатындығын айтқан екен. Амал нешік, ауданымызда талай іргелі істерге демеушілік жасаған жаны жомарт, мәрт жанның дүниеден озғаны абайлықтардың қабырғасын қайыстырды. Арамызда жүрсе Ақбөпеге қолдау көрсетер еді. Осыны айтқан Ақбөпе бір сәт мұңайып барып, әңгімесін жалғады.
Үнемі сахнаға киетін киімді де өзі таңдап, тіктіртіп отырады. Ән жаздыру, оранжировкасын келтіру Ақбөпенің бұлжымас міндеті. «Жаңа әнге жаңа киім қажет» дейді Ақбөпе. Әр концертке қатысуға үлкен даярлықпен, ізденіспен қадам жасайды. Әдімілеп жинап қойған өзінің Мақтау Грамоталары мен Дипломдарын алдыма үйіп тастап, болашақта әнші болатындығын нағарлап жеткізді.
Ақбөпенің өмірлік ұстанымы: «Елімді, жерімді ән арқылы әлемге таныту». Осылай деп соққан титтей жүрегінен айналдық. Болашақта Мәдина Ералиева сынды әнші болғысы келеді. Иә, арманы таудай Ақбөпе жақында Республикалық «Ғұмырдария» орталығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Туған жер - Алтын бесігім» атты жасөспірімдер мен балалар байқауына қатысуға жолдама алды. 14-16 қараша күндері Семей қаласындағы Мәдениет сарайында өткізілетін осынау байқауда Ақбөпеміз жүлделі орынмен көрінсін деп тілейміз. Арманың аласармасын Ақбөпе!
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
Тұсаукесер
ЖИНАҚ АРҚАУЫ - ЖАС АҚЫНДАРДЫҢ ЖАСЫН ЖЫРЛАРЫ
Бүгінде өнердің сан түріне, оның ішінде қасиет дарыған қара сөзге кенен Абай елінде ақындық жолға бет бұрған жас дарындардың тұтас бір шоғыры бар. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай хакімнің сөзімен айтсақ, тіл өнеріне сүрлеу салып, өзіндік болмыс-бітімімен танылып келе жатқан, ойы кесек, тілі орамды, жырлары жалынды, болашағынан зор үміт күттірер Шыңғыстаудың шын таланттарына қарап көңіл қуантамыз, мерейіміз өседі.
Бұл ретте кеңгірбайлық жас ақын Байтөсов Болат Берікбекұлы мен Архат ауылының ақын ұлы Ермеков Елдарды екпін түсіре атап өтуге болады. Қазіргі күні Семейдегі қара шаңырақ М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж қабырғасының 4 курс студенттері Болат пен Елдардың бағындырған белестері биік десек, артық айтқандық емес. Себебі, жас талапкерлер жуырда өздерінің тұңғыш туындыларын жарыққа шығарып, туған жері, аяулы мектептерінде тұсаукесер рәсімін өткізді.
Алдымен Архат ауылында шымылдығы түрілген шығармашылық кеш соңына ала Кеңгірбай би ауылында жалғасын тапты. Қазан айының 1 күні алғашқы қуанышын аяулы ұстаздары мен туған-туыстары арасында бөліскен Болаттың шығармашылық кешіне біз де арнайы барып, жыл әлеміне жол салған жас дарындардың шабыт қуатына куә болған едік.
Тұсаукесер рәсімде мәлім болғандай, бір жинаққа қос ақынның өлеңдер топтамасы тоғысқан екен. Заманы, өскен ортасы бір жас шығармашылық иелерінің бұл жаңашылдығын әдеби орта хош алыпты.
Өзгеше талғаммен жарық көрген туынды ерекше әсерге бөлейді. Бір мұқабасында Елдар Ермековтың «Шектеулі шексіздік» атты тақырыптағы өлеңдер жинағы берілсе, екінші мұқабада «Ақ өлең» атты Болат Берікбекұлының жырлары топтасқан. Жинақ 80 беттен тұрады. Кітаптың алғысөзіне көз жүгіртсек, екі авторға да өзінің пайымды пікірін білдірген филология ғылымдарының магистрі, ұстаз Төлеуқоңыр Жадыра Құнанбайқызының жылы лебізін оқып, көңіл жылиды. Пікір білдіруші ғалым жас ақындардың өзіндік стилін, үйлесімді иірімдерін тілге тиек ете келе, болашақтарынан үлкен үміт күтетінін де жеткізіпті.
Жинақ ішінде қос автордың 30-дан аса өлеңдері жинақталса, жалпы жиыны 70-тей өлең топтасқан. Жаңа кітап Семейдегі «Зияткер» қоғамдық қорының редакциялық баспа орталығынан әзірше 50 дана болып жарыққа шығыпты. Осынау қуанышты бөлісуге Болаттың туған-туыстары, аяулы ұстаздары және «шашбауын көтеріп» келген ақын достары арнайы кеш тізгінін қолдарына ұстап, шараны жалынды өлеңдермен жалғады. Жыр жинақтың лентасын қиған мектеп басшысы Бәкизат Скакова мен ұстаздары Арман Салқынбаева және Райгүл Тізгінбай ізгі лебіздерімен бөлісіп, шәкіртіне шығармашылық шабыттар тіледі.
Бұл жыр жинақтың жарыққа шығуына бірден бір қолдау білдірген туған-туыстары болса, осы кешке жиылған сол жанашырлары да қуанышты сәтте шашуларын шашып, кеш ажарын аша түсті. Әрбір іргелі іске ұйытқы болып, ер азаматтардың жүгін қатар алып жүретін ауыл әкімі Гүлнар Боранжанова мен мектеп басшысы Б.Скакова кітапқа қазақы жоралғымен көрімдіктерін беріп, парасаттылық танытты.
Кеш барысында Болаттың әкесі Берікбек аға сөз алып, баласының биік шыңдарды бағындыруына тілектестік білдірді. Тұсаукесер рәсім осылайша әуезді әндер мен ақын достары Қуаныш Еркінұлы мен Сәметова Хамиданың түйдек-түйдек ойларды ағытқан айтысымен жалғанды.
Жас та болса осындай үлкен істің ұйытқысы болып үлгерген Болат пен Елдардың бастаған ісіне тәнті болған біз де жинақ авторларынан алғашқы аяқалыстары жайында сыр тарқатқан едік. Өз сөзінде Болат жырларының кітап болып жарыққа шыққанына ерекше қуанышты екендігін жасырмады. Алдымен осы ретте қолдау танытқан туған-туыстарына, аяулы ұстаздарына, ақын достарына алғысын жеткізді. Бұл жаңа кітап екеуін де ынталандырып, болашақта тың шығармашылық жетістіктерге жетелейтініне сенімді.
Болатқа бұл идеяны бірінші болып ұсынған Елдар да өзінің пікірімен ортақтасып, «Шектеулі мына ғұмырда шексіз боп қалар Ақ өлең» деп жинақ атауларының философиялық тұрғыда терең мағына беретіндігін айтып өтті. Өзінің қазіргі таңдағы көңіліне жақын музасы - сары күз, сары уайым, сары қыз, сары жапырақ екендігін айта келе, бала кезде төрт шумақ тақпақтан бастау алған нәзік сезіммен астасқан өлең иірімдері есейе келе шабыт атты шалқарды оятты, дейді ол.
Өз кезегімізде біз де жас ақындарды жарыққа шыққан жыр жинақтарымен құттықтай келе, шалқар шабыт, шығармашылық өрлеу, өміршең өлеңдер тілейміз.
Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Абай елі»
XVII республикалық Абай оқулары
ХАКІМНІҢ ҚАЗЫНАСЫНАН ҮЛЕСІ МОЛ
республика үздіктері сайысқа түсті
Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық Абай оқулары биыл XVІІ мәрте шымылдық түрді. Хакім Абайдың рухани мұрасын жас буын арасында дәріптеудің озық үлгісі саналатын осынау шара ағымдағы жылы да аса ауқымды өтті. Биылғы жылы да жыр додасына тыңнан қосылып, талабы мен талантын қатар танытқан өрендер мол болды. Байтақ еліміздің әр аймағынан келген, баба мұрасын бойына мол сіңірген жас толқынды дана ақынның өз сөзімен айтқанда «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастар деуге әбден болады екен. Оған кіл жүйріктер топтасқан, тартысты өрбіген жыр аламанында анық көз жеткіздік.
Қыркүйек айының 8 күні ұлылар мекеніне жолдары түскен қадірменді меймандар мен байқауға қатысушылар қасиетті өлкеге сапарлары аясында тарихи мекендерді тамашалап, сахналық қойылымдарға куә болды. Мәселен, Абайдың кіндік қаны тамған жері Сырт Қасқабұлақ маңында аялдаған қонақтарға ауданымыздың «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірттері кестелі сөзден өрнек құрасы, Еңлік пен Кебектің үңгіртасында Мамай негізгі орта мектебінің ұжымы келісті көрініс сомдады.
Мұнымен қатар, меймандар Әйгерім бұлағының басында «Абай мен Әйгерімнің кездесуін» де тамашалады. Бұл көрініс С.Бекбосынов орта мектебінің ұйымдастыруымен сәтті шықты. Бір сөзбен айтқанда, Абай еліне аяқ басқан жандар ерекше әсерге бөленіп, ұлы даланың ұлылығын сезіне алды деуге негіз бар.
Осыдан соң қонақтар Қарауыл ауылын бетке алып, республикалық Абай оқуларының ашылу салтанатына қатысты. Аудандық Мәдениет үйі алдында беташар рәсім өтті. Жиылған қауымға шағын ән шашу ұйымдастырылып, соңынан залға жайғасқан құрметті қонақтар жыр додасына қатысушылармен танысып, баяндамаға құлақ түрді.
Абай еліне ат терлетіп келген мәртебелі меймандар қатарында ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас маманы Г.Мұздыбекова, Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Ш.Қирабаева, аталған орталықтың әдіскері С.Хапизова, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Ж.Айтпаева, ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары А.Сұлтанова, ШҚО қосымша білім беру орталығының директоры Ж.Сағындықова, Халықаралық қазақ тілі қоғамының вице президенті, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі О.Шәріпбаев көпшілікке таныстырылып өтілді.
Сондай-ақ, әр облыстан келген, жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары мен мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп интернаттарының өрендері топтасқан аймақ атаулары да айрықша таныстырылды.
Осыдан соң алғашқы болып көпшілік алдында сөз алған аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков 17 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бәсі басым байқаудың биылғы байқаушыларына сәттілік тілеп, құттықтау лебізін білдірді. Сонымен қатар, жыр додасының өз деңгейінде өтуіне қолдау танытып жүретін республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Қирабаева Шолпан және ҚР Білім және ғылым министрлігі, мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас маманы Мұздыбекова Гүлсила, ШҚО білім басқармасының басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова сөз алып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Мұнан соң дәстүрлі Абай оқуларының әнұраны ойналып, ашылу салтанаты да тәмамдалды. Нағыз қызу сайыс, тартысты дода келесі күні Жидебай төрінде жалғасты.
Қастерлі елді мекендегі бабалар кесенесінің басындағы амфитеатрда бастау алған жыр аламанына төрелік ететін әділ-қазылар алқасы тағайындалып, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, қазақ филологиясы факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор, қазылар алқасының төрағасы Айбар Қадыров жыр додасына қатысушы сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, биылғы әділ төрелігін берер қазылар құрамы да жаңадан жасақталған екен. Осынау төрешілердің алдында жылдағы үрдіспен бірінші болып «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» кезеңі бойынша сайыскерлердің қарым-қабілеттері сыналды. Бірінші бөлімнің өзінде 38 бала Абай, Шәкәрім мұраларын жатқа оқудан жарысып, сынақтан сүрінбей оза шапқан өрендер қазылар алқасының назарына ілігіп жатты. Бір айта кетерлігі саны көп байқаушылардың өлеңді жаттаудағы сапалық көрсеткішінің аздығы қазылар алқасының көңілін қынжылтты. Сондай-ақ, байқаушылар арасынан өлеңді толық жаттамаған, көңілге түйсініп тоқымаған қатысушылар да көзге де ілігіп жатты. Әрине бұл ең қиын бөлім болған соң сайыскерлердің де қобалжуы, жаттаған сөзінің сол сәтте ауызға ілікпей қалуы әбден мүмкін. Дегенмен өнерімен сүйсінткен шәкірттердің де қатары мол болды.Осы бөлім бойынша Абай ауданынан қатысқан қос бірдей үміткеріміз кеңгірбайлық Ақшекин Гүлбақыт пен көкбайлық кішкентай өрен Нұртасұлы Заңғар өнері көңілге қонды. Айта кету ләзім, Абай жерінен шыққан шәкірттеріміздің иығына артылар жүк ауыр екендігі белгілі. Әйтсе де қос бірдей қатысушымыз ұстаздарының үмітін ақтай білді.
Алғашқы бөлім тәмамдалысымен бірден ақындық өнерге кезек берілген еді. Себебі, қатысушылар санының көптігіне байланысты «Көңілім әнді ұғады» бөлімі осы сәтте аудандық Мәдениет үйінде өз жүйріктерін анықтап жатқан болатын.
Ал, ақындық кезеңде де сайыскерлер саны 35 - ті құраған еді. Бірінен бірі сөз саптауымен, келісті ұйқасымен, көркем жыр маржандарымен ерекшеленген жас ақындар өздерінің осалдықтарын байқатпады. Жыр дәптерлерінен бір ғана өлең оқу міндеттелген бұл сайыскерлер көбіне Абай рухына арнауларын ұсынды. Ақындық шабыттарына ерік берген қалған қатысушылар Тәуелсіздікке және «Нұр ағаға»,«Қол шатыр», «Жаңбыр», «Қайралу», «Махамбет рухына» сынды түрлі тақырыпты қамтыған жүректен шыққан жырларын арнады. Бұл бөлім бойынша қос жерлесіміз, Молдағалиев орта мектебінің оқушысы Мейрамғалиева Аружан өрнекті өлеңін ұсынса, «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірті Уатжанова Ажар «Әлди, бөпем» деп бала Абайды бесікте тербеген ұлы аналар мейірімін мағыналы жырына арқау ете отырып, қарсыластарынан ерекшелене білді.
Ал, аудан орталығында сайыстың көркін қыздырған ән бөлімі бойынша да бірқатар өрендер өнерлерін паш еткен еді. Бұл кезеңде зор дауыс иесі де, көңілге қонымды ән ұсына білген өнерпаздар да айқындалды. Ән бөлімі бойынша С.Бекбосынов орта мектебінің оқушысы Әкімбаева Қаламқас пен Қайролдина Нұрдана аудан намысын қамшылай шыққан болатын.
Осылайша кешкілік жыр аламаның қорытындысы да шығып, Мәдениет үйінде балғын бөбектердің бағы жанған сәті, марапаттау мезеті орын алды.
Дарынды балаларды оқыту мен тәрбилеуге қосқан үлестері үшін Білім және ғылым вице министрінің Құрмет грамотасымен Оспанова Бибіткүл, Мақсат Нұрсұлтанұлы, Роллан Тілеуханов марапатталып, мерейге бөленді. Абай аудандық білім бөлімінің алғыс хатымен және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Белсенділігі үшін» грамотасымен сондай-ақ дипломымен бірқатар оқушылар марапатталды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ІІІ дәрежелі дипломына әр кезең бойынша 3 үміткер ілікті. Олар, І кезеңде өнер көрсеткен Мұрат Нұрдәулет, Аюпова Данагүл, Рамазанова Айгерім, ІІ кезеңде көп алдына шыққан «Шабыт» квинтеті, Қайролдина Нұрдана, Төлеухан Шынар, ІІІ кезең бойынша Базарбек Бекжан, Нұрлан Нұржігіт, Жакеева Арайлымдар болатын. Ал, жүлделі ІІ орынға І кезеңнен Ақшекина Гүлбақыт, Саликова Айнаш, ІІ кезеңнен Оразова Аида, Мейрамбек Құралай, ІІІ кезеңнен Кенжебекұлы Ерсін мен Жәмәли Айбын марапатқа ие болды. Үш кезең бойынша І орынды қанжыға басқан Медет Назира, Мукушева Инара, Уатжанова Ажар өнерлері жоғары бағаланды.
Ал, ХVІІ мәрте өткізілген Абай оқуларының Бас жүлдегері І бөлім «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» бойынша үздік өнер көрсеткен жамбылдық жас өрен Қамшыбек Ахметке бұйырды. Жүлдегерлерді марапаттарымен біз де құттықтаймыз. Баба мұрасын көңілге тоқып, келешек өмірлеріне рухани аздық етсін демекпіз.
Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Абай елі»
