Ұлтымыздың ұлы тұлғалары туған құнарлы топырақтан жаралған қазақтың тағы бір көрнекті ақыны, сазгер, әнші әрі күйші, сал-сері, батагөй қария Шәкір Әбенов. Атамыз тар жол, тайғақ кешкен тағдырды басынан өткерсе де артына мол мұра қалдырды. Сол асыл мұрасын өшірмеу мақсатында жылма жыл Шәкір оқулары өткізіліп келеді. Көзінің қарашығындай болған жалғыз қызы Сана, ақын атындағы мектеп ұжымы ақын мұрасының өміршең болуына атсалысуда.
«Халық ақыны Шәкір Әбеновті құрметтеу - Қазақ елін құрметтеумен бірдей» деген екен заманында жазушы Әзілхан Нұршайықов. Жылдағы дәстүрге сай ақын шығармашылығына арналған байқау биылғы жылы да ақынның туған ауылы Құндызды ауылындағы клуб үйінде өткізілді. Өлең жырдың өлкесі Жүрекадырда бас қосқан жас таланттар Шәкір абыздың 115 жылдығына орай ұйымдастырлған «Ән мен жырым халқыма сыйым» атты байқауда жырдан бұлақ ағызып, ән- термелер төгілтті. Үкілі үміткерлер зор дайындықпен келгендіктерін байқатты.
Байқау беташарында мектеп директоры Серік Кемерханов, қазылар алқасының төрағасы Бектөлеу Имантай жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сайысқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Жалпы, Шәкір оқуларына ұзын саны 40-қа жуық өнерпаз қатысып, бақ сынасты. Төрелік жасаған қазылар алқасының құрамында төрағасы, Абай ауданының білім бөлімінің әдіскері Бектөлеу Имантай, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы, Шәкер Әбеновтың інісі, шәкіртанушы Көлембай Әлімбеков, «Қаламқас» ән-би ансамблінің дәстүрлі әншісі Қайрат Қабышев және осы мақаланың авторы өнерпаз жеткіншектердің талабы мен өрісін, қарымының өлшемін сараптап, өнеріне лайықты бағаларын берді.
Бұл байқаудың бір өзгешелігі, бұған дейінгі сайыстарда айтыс көрігін қыздыратын өрендер ендігі арада халықты Шәкір абыздың әндері мен термелерімен сусындатты.
«Қаламқас» халық ансамблінің дәстүрлі әншісі Қайрат Қабышев Шәкір әндерін шебер орындаушылардың бірі. Әннен байғазы сұраған көпшілікке бірнеше ән орындаған әнші ыстық ықыласқа бөленді. Әншінің жұбайы Ақмарал Маңғыстау өңірінің тумасы, Махамбет жырларын өз мақамына салып орындағанда арқаланбайтын жан жоқ сірә да.
Жаратылыс сыйлаған дарыны өнер,
Өлсеңде өнер өлмес, өмір сөнер.
Мен үшін өлеңдерім сен жауап бер,
«Мен кіммін?» - деп сұраса кейінгілер,- деп өзі жырлап кеткендей, байқаудың «Өлең-өнер, ойыншық, емес ермек» атты І- бөлімінде жиыны 14 қатысушы Шәкір өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл бөлімде әсіресе ақын атындағы мектептің кішкентай бүлдіршіндерінен бастап таңдайлары тақылдап тақпақ айтқандықтарының куәсі болдық. Сонымен қатар ақынның 35-45 өлеңіне дейін жатқа соғатын Көкбай, Шәкәрім атындағы мектептің шәкірттері де осал еместіктерін көрсетті. «Әсерлі ән арбайды тыңдаушыны» атты ІІ- бөлімде жиыны 11 сайыскер композитор Шәкірдің ән әлеміне бойлап, жүрекке жылы тиетін ойнақы да әсерлі әндерді бірінен соң бірі тарту етіп жатты. Бұл бөлімде ұлттық аспапты шебер орындайтын саржалдық жас әнші Хапан Есбол өзінің ән айту мәнерімен де, дауысының әсерлігімен де көпшілікті бірден баурап алды. Сондай-ақ бұл сайыста мектептің гимніне айналған «Шәкір ұрпақтарының әні» өлеңінің авторы Ақылбек Нұрахметов ұстазының баянмен сүйемелдеуімен «Ал, Дауа», «Гек кідік-ай» әндерін тамылжыта орындаған Қажыбекова Гүлнұр мен Шадаева Назымның өнеріне сүйсіне қол соқпаған жан болмады. Ал «Ақында бар тілі өткір, алмас қылыш» атты жас ақындар сайысында көмейінен жыр, жүрегінен сыр төгілткен дүлдүлдер тыңдармандарын селт еткізіп, көңілдерге шуақ шашты. Абай елі ақыннан кенде болған емес. Сайыста бақ сынаған 13 ақынның алғашқысы болып сахна төріне шыққан ақын Төлеген Жанғалиевтің шәкірті, Қарауыл гимназиясының М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірті Садырбекқызы Диана кең сарайдай көңілін паш етіп, жүрегінен сарқырай құлай аққан жырларымен ерекше әсерге бөледі. Тау суындай мөлдір тұнық жырлары жүрекке там-тұмдап жетіп жатты. Жас ақындар қатарында Молдағалиев орта мектебінен Рамаазанова Айпара, Тоқжігітов орта мектебінен Болатова Айзада, Көкбайлық Тілеуғабыл Нұрлы, Ш.Әбенов орта мектебінен Төкенов Айбар, Ақылтаев Дархан, Қажыбекова Гүлнұр сынды дарындардың болашағынан мол үміт күтуге болатындығын байқадық.
Сайыс барысында мектеп оқушылары өнерлерін орта салып, әннен шашу шашып, би биледі.Сайысты тамашалауға жиылған көпшілікке Шәкір ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд көрсетіліп тұрды.
«Алуан - алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын». Елбасына бата берген ел ардақтысына арналған сайыс та өз мәресіне жетіп, бағалау, марапаттауға да кезек келген-ді. Сахна төрінен орын алған қазылар алқасы жүректері лүпілдеп, сайыс нәтижесін асыға тосып, толқып тұрған үміткерлердің қуаныштарын еселеп, мерейлерін үстем етті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демей ме, сонымен, сайыс қорытындысы нәтижесінде І- бөлім «Өлең-өнер, ойыншық, емес ермек» бөлімі бойынша жүлделі І- орынды Ш.Әбенов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Серікқалиұлы Қайсар қанжығасына байласа, ІІ- орын даусыз- ақ абыз ақын атындағы мектептің 3-сынып оқушысы, барлық өлеңдерін мүдірмей мәнерлеп оқып шыққан сүйкімді Лаура Мұратжанова мен Шәкәрім орта мектебінің 7-сынып оқушысы 45 өлең жаттаған зерделі де зейінді Бағжан Кәріпбаеваға тиесілі болды. Ал жүлделі ІІІ- орын Көкбай орта мектебінің 10-сынып оқушысы, абыз ақынның 35 өлеңін білетін Айнұр Төлеутаева мен М.Әуезов орта мектебінің 6-сынып оқушысы Шуақ Серікқалиеваға бұйырды. «Әсерлі ән арбайды тыңдаушыны» тақырыбындағы ІІ- бөлім қорытындысы нәтижесі мынадай, жүлделі І-орынды саржалдық, Тоқжігітов орта мектебінің 6-сынып оқушысы, талай өнер сайыстарының жеңімпазы Хапан Есбол иеленсе, ІІ- орын екеу: әнді нақышына келтіре орындаған Шәкір мектебінің шәкірті Қажыбекова Гүлнұр мен ғұлама Мұхтар мектебінің шәкірті Сәкенова Нұрдана иеленді. Ал, ІІІ- орынға Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінің шәкірті Алтынбекұлы Бекнұр мен С. Бекбосынов атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Төлеуғазин Олжас лайықты деп танылды.
Шәкір Әбеновтің әндерінің ерекшелігі сол, тек домбырамен ғана емес, эстрадамен де, баян, әр түрлі аспаппен құйқылжыта салуға болатындығы бізді қайран қалдырды. «Әнді сүйсең, менше сүй» дегізген бөлім осылайша шын таланттарын танытты.
Сайыстың «Ақында бар тілі өткір, алмас қылыш» атты ІІІ- бөлімінің қорытынды нәтижесі бойынша жүлделі І- орынды «Ақсұңқарлық» жас ақын Диана Садырбекқызы өзінің отты жырларымен жеңіп алса, ІІ- орынды ойлары озық Тілеуғабыл Нұрлы мен Ақылтаев Дархан, ІІІ- орынды жырлары мәнді, мағыналы саржалдық Айзада Болатова мен тоқтамыстық Айпара Рамазанова иеленді.
Сайыста үздік өнер көрсеткен өнерпаздарға ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табыс етілді. Ш.Әбенов орта мектебінің 1-сынып оқушысы, атасының 15 өлеңін жаттаған Серікқызы Аяжан, «Геккідік-ай» әнін әуелетіп, әдемі қылығымен сүйсіндірген Назым Шадаева, осы мектептің 10-сынып оқушысы Секенова Жадыра, медеулік Қорлан Берікқазина, Шәкәрім орта мектебінен Кәріпбаева Назгүл, жас термешілер көкбайлық Қалиев Дәулет, құндыздылық Асхатұлы Ерназдарға үлкен үміт артылды.
Байқауға қатысушылар мен ұстаздар мектептегі мұражаймен танысып, ауыл тынысынан мол мағлұмат алды.
Мен ризамын, өскен жер, өз еліме,
Жырдан мәйек сіңірген өзегіме.
Мен кеткен соң мадақтап кейінгі ұрпақ,
Орын берер тарихтан өлеңіме...
— деп ақын өзі айтқандай бүгінгі ұрпақ Шәкір атамызды жадынан шығармауы тиіс. Осы орайда айтпағымыз үлкенді-кішілі шаралар көпшіліктің көмегінсіз өтпейтіні белгілі. Қашанда ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен ел ұтады. Сайысқа демеушілік жасап, қол ұшын созған елжанды, жомарт пейіл, мәрт жандарды атап өтсек, атамыздың туыстары Қошқарбаев Мұхамедияр, Әлімбеков Көлембай, әкеден қалған жалғыз тұяқ Шакерова Сана, Әлімбекова Гүлжанат, Еңсеханов Мақсат, Дүйсекин Айдар, Қошқарбаев Батыржан, Айтмұханбетов Төлеуқасым, Саржанов Нұрлан, Рәмиаш апа, Көкіләй апай, Жүнісов Болат, Хайруллин Сабыржан, Кемерханов Серік, Мұхаметқалиев Мұхит, жеке кәсіпкерлер: Мағауин Махмұт, Сыдықова Динара, Егеубаева Айман және ауыл әкімшілігіне ел атынан ризашылығымызды білдіреміз.
Осылайша, «Талаптыға нұр жауар» демекші, Шәкір баба шығармашылығы шарықтаған бұл күні сан шәкірттер мерейге бөленіп, куә болған барша жұрт баба мұрасының тұнығынан сусындады.
Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,
Қарауыл-Құндызды-Қарауыл
«Абай елі»
