«Денсаулық фестивалі-2015»
Спорт- денсаулық кепілі
Ел дамуының «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімдік стратегиясының басым бағыттарының бірі өскелең ұрпақтың денсаулығы, білім алуы мен игіліктері болып табылады. Бұл халықтың денсаулығын нығайту үшін, мектеп қабырғасынан бастап салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру, қауіпті мінез- құлық факторларына қарсы тұра алатындай өмірлік дағдыларды бойына сіңіру өте маңызды. Биылғы жылы мектептерде өткен «Денсаулық сабағынан» кейінгі тәрбиелік маңызы зор шаралардың бірі- «Денсаулық фестивалі».
Ауданда орталық алаңда 5 қыркүйек күні Конституцияның 20 жылдығына орай «Дене белсенділігі және спорт- ұлт денсаулығының кепілі» ұранымен «Денсаулық фестивалі- 2015» атты кең ауқымды акция өткізілді. Жарыстың мақсаты ел тірегі-Ата Заңның 20 жылдығын атап өту, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту, ел тұрғындарының көпшілігінде салауатты өмір салтын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Бүгінде елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортшылар қатарын арттыру игілікті мақсат етілсе, «Денсаулық фестивалі» осы мақсаттарға жету жолындағы маңызды қадам болып табылады. Елбасының 2011 жылғы Жолдауындағы 2020 жылға дейін Қазақстанның отыз пайызы бұқаралық спортпен айналысуға тиіс деген тапсырмасын орындау жолында «Денсаулық фестивалінің» ықпалы мол болатыны анық.. Абай елінде бұл дәстүрге айналып, жыл сайын атап өтіледі. Бұл күні спорттық шара Абай ауданының әр ауылдық округтерінде де қызу өткізілді.Маңызды іс-шараға әр мекеменің ұжым мүшелері, мектеп оқушылары спорттық киіммен келіп, белсене қатысты.
Алаңға жиналған акцияға қатысушылар қарасы аз болса да, мерекенің нышанын аңғартқандай. Қазақстан мемлекеттік Әнұраны ойналып, әр жүректе еліне деген сүйіспеншілік сезімі мен сенімділік, бойларында жігер күші пайда болған жас спортшылар жарысқа дайын-ақ еді. Орталық алаңға жиналған спортшылар ең алдымен гимнастика жаттығуларын жасап, сергектік танытты. Аудандық емхана бірлестінің Алмагүл Қабиқызы бастаған дәрігерлер қауымы спортшылар денсаулығын тексеріп, денсаулық жайлы парақшалар таратып, адамға қымбат ең байлық денсаулық екендігін түсіндірді. Абай ауданының Жастар орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған жарыс жоғары деңгейде және ойын ережесіне сай өтті. Жастар орталығының басшысы Мейіржан Смағұловтың өзі ұйытқы болған велобәйгеге 14-29 жас аралығындағы 33 спортшы қатысты. Жалғыз тал деген жерден аудан орталығының Аға сұлтан алаңына дейін 15 шақырымдық жарысқа велошабандоздарымыз тас-түйін дайын екендіктерін көрсетті. Міне, велобәйге де басталып кетті. Күн райының бұзылып, бұлтты күнге де қарамай желмен бірге жарысқан спортшылар мәреге жетуге асығуда. Қызықты да тартысты өткен жарыс нәтижесінде, мәре сызығын бірінші болып кескен Қабеев Олжас Бас жүлдені қанжығасына байлап, жеңімпазға велосипед тарту етілді. І- орынға лайық деп танылған Жарқынбаев Руслан болды. Жас спортшыға DVD сыйланса, ІІ- орынды жеңіп алған Әділет Құсайынов пен ІІІ- орын иеленген Ғабитов Аман да бағалы сыйлықтармен қоржындарын майлады. Жеңімпаздардың барлығына Абай ауданы әкімдігінің Жастар орталығы қазыналық кәсіпорнының атынан Мақтау қағаздары мен сый-сияпат жасалды.
Жарысты ұйымдастырушылар фестиваль барысында бірқатар спорттық ойын түрлерін өткізуді жоспарлағандықтарын, алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты ол жарыстардың өткізілмей қалғанын алға тартты. Иә, спорт –денсаулық кепілі. Лайым, спортты жанына серік еткен, «Денсаулық фестивалі» шарасына үн қосатын спортсүйер қауымның қатары молая берсін деп тілейміз!
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
