Абай елі

Абай елі

 

 

Аудандық конференция

 

                         

Әрбір саналы азамат өз елінің,  кіндік қаны тамған жерінің өткен тарихын тани білуі һәм қадір тұтуы тиіс. Атамекеннің арғы-бергі тарихын, ондағы орын алған тағылымды жайттардан мол мағлұматта болу оңай нәрсе емес. Қазақ елінің де ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан талайлы тарихы, мол рухани қазынасы бар. Бірақ сол қазынаны қаншалықты игеріп жүрміз. Барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуде қол жеткізген жетістіктеріміз қандай? Міне, бүгінгі Тәуелсіздік биігінен көз тастар мәселелердің негізгі дені осылар. Бұл бүгінгі азат елдің жаңа буыны үшін, ертеңгі келер ұрпақ үшін аса қажет. Қамти айтар болсақ, жалпықазақстандық құндылықтарды игеруде кенжелеп қалуға болмайды. Бұл ретте абайлық көзіқарақты қауым бірқатар ілкімді істерге бастамашы болуда.  

 

Жуырда Қарауыл гимназиясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Өлкетану - өңір мұрасы» атты ғылыми-танымдық конференция болып өтті. Осынау білім ошағынан түлеп ұшқан, бүгінде ауданның тарихи-өлкетану мұражайында қызмет етіп жүрген Бауыржан Асқардың  ұйымдастыруымен өткен  бұл шара ауданымыз бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл басқосудың мазмұны тым ауқымды -  туған өлкемізді танып-білу, Абай елінің тарихи жерлерін еске сақтау, Алаш ардақтыларын құрметтеу және оқушыларға патриоттық тәрбие беру болатын. Осы мақсатында өткізілген шара барысында әр ауылдан даярлықпен келген шәкірттер үш бағытта ғылыми жоба қорғады. Атап айтсақ, архелогия секциясы бойынша 4 өрен, «Тәуелсіздік тірегім» секциясы бойынша 6 бала, «Алаш орданың құрылғанына 100 жыл» секциясы бойынша 10 оқушы қатысты.

Білім сайысы басталмас бұрын Қарауыл гимназиясының тарих пәні мұғалімі Тоғжан Абламбаева сөз алып, өткізіліп отырған шараның маңыздылығын, мәнін түсіндіре келе, ендігі аралықта жыл сайын жалғасып отыратындығын жеткізді.

Сонымен үш кабинетке бөлінген жоба қорғаушы оқушылар аталмыш тақырыптар бойынша өз білім-біліктерін сарапқа салды.

Археология секциясы бойынша алғашқылардың бірі болып сөз бастаған Көкбай орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дулатқызы Құралай ауданымыздағы бірегей тарихи орын Сарыкөл ғибадатханасы жайлы слайд көрсете отырып, кеңінен әңгімеледі. Расында Сарыкөлдің біз білмейтін, тарих қатпарларында жасырылған құпиясы мол екен. Бұл орыннан ежелгі Түркі қағанаты дәуірінен қалған жәдігерлер табылған болатын. Әлі күнге дейін археологтардың қызығушылығын тудыруда.

Ал Молдағалиев орта мектебінің 10 сынып оқушысы Маратқызы Жанерке «Туған өлке-тұнған шежіре» тақырыбында өз ауылының тарихи жерлерін сипаттап, Тоқтамыстай баһадүр бабамыздан қалған ту, қылыш, найзасының ұшы сынды  жәдігерлердің құндылығын паш етті.

Сонымен қатар, Қарауыл гимназиясының 8 сынып оқушысы Кәкімова Жұлдызай «Архелогия - бабалар мұрасы» тақырыбында ауданымыздағы Шілікті кезеңі, Күңке, Айғыз  қоражайы т.б. сынды орындардағы тарихи тұлғалар жерленген жерлерді слайд арқылы көрсетіп, әр жылдардағы басылым беттерінен алынған деректермен таныстырды. Ал Абай мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Зейнелова Айпара аудан бойынша жүргізілген археоргиялық зерттеулер бойынша әңгімелеп берді.

«Тәуелсіздік тірегім» секциясындағы жоба қорғаушылар да ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті тереңнен қозғап, егеменді еліміздің бүгінгі тынысын теберене жеткізді. Ұлт Көшбасшысы, Астана жайлы да слайдтан көрсетіліп, елін сүйген, елі сүйген Елбасының елі үшін сіңірген еңбегі жырға қосылды. Алаштың ардақтыларының есімдері аталып, азаттық жолында жан қиған күрестері айтылды.

Осылайша,  «Өлкетану –өңір мұрасы» атты ғылыми- танымдық конференцияда өрендердің ой-танымы,  жиған-терген білімі сарапталған мезет те өз мәресіне жетті.  Қатысқан оқушылардың ғылыми жобаларының тақырып ауқымы, жетекші ұстаздарының еңбектері бағаланып,  жоба үздіктері анықталды. Ғылыми-танымдық конференцияда үздік жобаларымен топ жарған оқушылар тізіміне тоқтала кетсек:«Археология» секциясы бойынша: І орынды  Көкбай атындағы орта мектеп  11 сынып  оқушысы Дулатқызы Құралай, ІІ орынды  Ж.Молдағалиев атындағы орта мектептің   10 сынып  оқушысы Маратқызы Жанерке, ІІ орынды «Қарауыл гимназиясының»   8 сынып   оқушысы  Кәкімова Жұлдызай иеленсе, 

      ІІІ орынға Абай мектеп- лицейінің 10 сынып оқушысы   Зейнелова  Айпара  лайық деп танылды. «Тәуелсіздік тірегім» секциясы бойынша:І орынды  Қарауыл гимназиясының 8 сынып оқушысы   Белгібаева  Зарина қанжығасына байласа,

ІІ орынды М.Әуезов орта мектебінің 8 сынып оқушысы   Қазбеков Ерасыл еншіледі. Ерасыл Мұхтар атамыздың Бөрілі мұражайы жайлы тың декректер қамтылған банер әзірлеп әкеліпті. Тағы бір ІІ орынды Ш.Әбенов орта мектебінің 9 сынып оқушысы Батишева Ақнұр бағындырды. Ал ІІІ орын Қарауыл гимназиясының 8 «ә» сынып оқушысы Әнуарова Ақбатаға, Абай мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Бейбітқызы Аидаға, сондай –ақ Шәкәрім орта мектебінің 9 сынып оқушысы Толымжанова Мадинаға берілді.  «Алаш Орданың құрылғанына 100 жыл» секциясы бойынша: Қарауыл гимназиясының оқушысы Алтынбекқызы Іңкәр І- орынды қоржынына салса, жүлделі ІІ орын үш өренге: Тоқжігітов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушылары  Саясатова Аружан мен Абылғазина Дианаға және Абай мектеп- лицейінің шәкірті Мәденова Мәдинаға бұйырды. ІІІ орын да екі үміткерге берілді. Қарауыл гимназиясының оқушысы Скежан Арман мен Бекбосынов орта мектебінің 11 сынып оқушысы Төлеуғазин Олжас олжалады.  Бұған қоса Қарауыл гимназиясының оқушысы Құрманов Алмас пен Тоқжігітов орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әділ Ақерке және Абай мектеп-лицейінің шәкірті Кенжеғалиұлына Алғыс хаттар табысталды.  Жеңімпаздар арнайы алғыс хаттармен һәм сыйлықтармен марапатталды.  Өскелең ұрпаққа тәлім болардай осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын тауып, маңыздылығын арттыра жалғасын таба бермек деген ойдамыз. Ғылыми- танымдық конференция деген атына сай зор мән беріле өткілсе деген ой да жоқ емес.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

Дүйсенбі, 31 Қазан 2016 00:00

ҚАЙРАН ҚАЛДЫРАТЫН ҚАРИЯ

Тұсаукесер

 

Абай елінің рухани қазынасы тағы бір аса құнды кітаппен толықты. Арттағы ұрпаққа жол көрсетер тағылымы мол бұл туындының авторы ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қария, 92 жасты алқымдаған Жағыпар Жүнісжанов. Сенсация демеске лажыңыз жоқ!

Аудан орталығындағы «Димаш-Еңлік» кешенінде өткен осынау шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері мол жиналды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі абайлық ақын Төлеген Жанғалиев алғысөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Ең қызығы автор кітапті оқырман қауымға 20 күн бұрын таратып беріпті. Сондағы қалағаны, туындының «жүректерге терең бойлап», оқырмандардың пікірлері мен сындарын есту екен. Өмірлік тәжірибесі мол қаламгердің бос уақытын қауырсын тербеумен өткізетіні, ең бастысы келер ұрпаққа қажетті жазбаларды қалдырып жүргені баршамызды толғандырды. Шараның негізгі бөлімінде жасы жүзге аяқ басқан абыз ана Күләш Жақыпқызы мен Абай ауданы  әкімінің орынбасары Бауыржан Болатұлы кітаптің лентасын қиып, көпшілік қошемет білдірді.

«Көп  ауырып, көп  жасаудың  құпиясы» атты жаңа кітап ғылыми туынды емес, абыз қарияның өмір тәжірибесінен алынған пайдалы кеңестерді қамтиды. Яғни, ақсақал өзін өмір сындарында сынау арқылы ғылымнан жоғары дүниені жарыққа әкелгеніне еріксіз келісесің. «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра!» деген нақылдың шынайы екендігін кітап мазмұнымен таныс адам есіне түсірері анық. Себебі, ұзақ ауырған, алайда, өзіне күтім жасап, дұрыс өмір сүру салтын ұстанып, денсаулық сақтау, түрлі сырқаттармен күрес, тамақтану, адамдармен қарым-қатынас саласында өзіндік жаңалықтар ашқан қарияның кеңестері өте құнды. Бұл ретте өмірден түйген сырларды өзімен бірге ала кетпей, арттағы ұрпақ кәдесіне жаратсын деген мақсатпен кітап жазған 92 жастағы ақсақалдың бұл ісін ерлікке балауға болады. Ядролық полигон сынақтарынан көп зардап шеккен аймақ тұрғындары үшін бұл  кітап адастырмас компастай құнды екендігін де айтқанымыз жөн. Расында, қаламгер қарт осыған дейінгі тың мағлұматтарға толы деректі туындыларымен де оқырманын тәнті етіп қана қоймай, таңырқата білген еді. 90 жасында арттағы өмір белестерін бір сүзіп шығып, қалам арқылы бір кітапқа жүк ету - таңғалдырар жайт екені анық.

Сондай-ақ, тұсаукесер рәсімі барысында ұзақ жылдар Қарауыл гимназиясында еңбек еткен ардагер ұстаз, жаңа кітаптің корректоры Мейрамгүл Қасымжанова тұшымды баяндама жасап, кітап туралы көзқарасын білдірді. Пікір білдірушілер қатарындағы еңбек ардагері Манатай Толғанбаев, облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Байбота Орынбаев, әдебиетші, драматург Әсет Мырзақасым, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазы және бірқатар ауыл тұрғындарымен өзге де кітап оқырмандарының  сөздерінен көп жайтты аңдауға болады. Осы орайда, батагөй қарияның өзі тәрізді аталмыш кітабы да өміршең болсын деген тілекпен, туындының корректоры, ардагер ұстаз Мейрамгүл Қасымжанованың ой-толғамын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Құнары мол құнды кітап

 

Орыс  педогогы  Сухомлинскийдің «Адам  қанша  өмір  сүргенімен  емес,  қалайша  өмір  сүргенімен  бағаланады» - деген  сөзі – Ұлы  Отан  соғысы  ардагері, батагөй  қариямыз,  қолынан  әлі  қаламы  түспеген  қарт  журналист, Абай  елінің  «Құрметті  азаматы» Жақаң  атамыздың  өнгелі  мол  өмірі  мен  ұрпағына  қалдырған  мұраларын  бағалауға  лайық  ұлағатты  сөз. Олай дейтініміз, ұзақ жасауымен ғана емес, қарттық жасына жеткен шақта тың дерек, мол тағылымға толы кітаптар жазуымен де қайран қалдыратын қария тағы буын сүбелі туындысымен таңғалдырды.

 

Атамыз зейнетке  шыққалы  бері  барша  жерлестерінің  қала  берді  әр  ұлтжанды  қазақ  баласының  қолынан  түспейтін,  той-томалақта  бата  берушінің  кәдесіне  жарап  жүрген «Бата  бере  білесің бе?», «Батагөй  атаның батасы»  баталар  жинағы,  ел, жер, шежіресін  насихаттайтын, «Ту  тіккен  Тобықтының  қолбасшысы», «Отыз  әулет, мың  ұрпақ»  еңбектері – әлі  сан жылдарға,  талай  ұрпаққа  қызмет  жасап, өресін  өрістететін, ерлікке  ұлтжандылыққа, тектілікке  жетелейтін  тамаша туындылар. Ал, бүгінде  қолымызға  тиіп  отырған  «Көп  ауырып, көп  жасаудың  құпиясы» деген  еңбегі – Аллаһ  берген  өзінің  адалдық, адамдық, азаматтық  ұстанымымымен  мағыналы  тірлік  жасап  келе  жатқан  бабамыздың  өз  өмір  тәжірибесінен  түйгенімен  медицина  ғылымын  зерделей  оқып, жазған  тұжырымдары  мен  тұщымды  ойлары  баяндалған  біз  үшін  құнды  еңбек.

            Кітап – басымыз   ауырып,  балтырымыз  сыздағанда жүгінер, тамаша  ақыл-кеңестерімен,  ұсынған  ем-дом  түрлерімен  бағалы  еңбек  3 бөлімнен  тұрады. Автор: «Менің бұл  жазғандарым  ғылым  мен  жаңалық  та  емес,  көркем  шығарма  да емес, өмірден  іріктеліп, тәжірибеден  алынған  қарапайым  әңгіме» деп  ағынан  жарылған  алғы  сөзінде әеңбегінің  мақсатын  айқындап  көрсетіпті. Жас  кезіндегі  тұрмыс  тауқыметімен  денсаулығының  күтімсіздігінен  өкпе  және  тыныс  алу  жолдарының  ауруы,  ас  қорыту  жүйесінің  бұзылуына,  атеросклероз  ауруына,   баршамыз  кейде елей  бермейтін шаншу, жүрек  қан  тамырлары  сияқты  т.б. аурулардың  пайда  болу  себептерін, әр  аурудың   түрлі  кезеңдеріндегі  белгілерін  (симптомдарын)  ашып  жаза  келіп, одан  емделудің  жолдарын  таратып  әңгімелейді. Атаның  әңгімесінен  өзімнің  түйгенім:  бар аурудан  сақтанудың  алғашқы  жолы  - жақсы  әдеттердің  жан  сақтайтын  құпиясы  бар  екендігінде. Ол  әдеттердің  алғашқысы дұрыс  тамақтануды  қатал  ұстау  деп  ескертеді.

   «Артық  ішкен  тамақ - у», деп  артық  салмақтың  дұшпандығынан  сақтандырады. Ағзаға  қажет  дәрумендер  қандай  тағам  түрлері  арқылы толықтырылатынын,  оның мөлшеріне  дейін   көрсетіп  жазған. Олар  мынадай  тақырыптарда   баяндалады. «Жасартып,  өмірді   ұзартатын  ғажайып  көкөніс», «Таза  су  адам  өмірін  ұзартады», «Ұзақ  жасаудың құпиясы –жылқы   еті  мен  қымызында», «Шәйдың  да  берері  мол», «Еңбек  - ұзақ өмір сүрудің   кепілі», «Ашығу -  құдіретті  күш», «Пайдалы  кеңес»  айдарымен  берілген  әңгімелері  өте  құнды

Келесі  жан сақтайтын  таптырмас  әдет «суықтан  сақтан», денеңді  спортпен  шынықтыр,- дей  келе, ұрпақтарына  өнеге  болар  өз  әдеттерін  былайша  баяндайды: «Менің  осы  жасқа  жеткенім қиыншылықты  көп көріп,  әбден  шыныққандығым, салауатты  өмір  салтын  сақтағандығым, жаман  әдеттерге  салынбағандығым,  тынымсыздығым, еңбекшілдігім,  мүмкіндігімше  еңбекті  көп  жасайтындығым, адалдығым,  ешкімге  қиянатымның  жоқтығы,  темекі  тартпаймын,  насыбай  атпаймын. Қомағай  емеспін, тамақты  шақтап  ішемін.

   Ақылды,  білімді,  адал  еңбекпен  байлыққа  жеткен  адамдарды  сыйлаймын. Байлық пен  мансапты   қызғанбаймын  және  күндемеймін. Өзім  жеткен  дәлет  пен  дәрежеге  ризамын. Дүниеқор  емеспін. Біреудің байлығы  мен  мансабына  қызғанышпен  қарау,  көре  алмау,  ашу-ыза  тудырады. Күйзеліске  апарады. Ызақор  адам  ұзақ  жасай  алмайды. Қазір  ойлап  отырсам, өмірде   кездескен қиыншылық  пен  тауқыметке  ғажап  шыдамдылығым осы  жасқа  жеткізген  екен».

Келесі  жақсы  әдет  «Дұрыс  ой- ұзақ  жасаудың   кепілі», «Нерв  жүйесі –денсаулықтың  қамалы». Халық арасында  «барлық  ауру  нервтен» деген  ұғым бар. Сондықтан   нервті  бұзбай,  көңіл-күйді дұрыс  ұстау  керек» деп  ескертеді. Адам  болмысында жақсы  әдеттерді  қалыптастыратын  жағымды, жағымсыз  қасиеттерді санап  берген, оның  соңын  ала,  «Өмірден  сұрыпталып  алынған тұжырымдарын»  әр адам  қойын  дәптеріне  түртіп  алуға  болатындай көркем,  образды  тілмен,  қанатты  ғақлия сөздерін ұсыныпты. «Дені  сау адамның  кедей  болуға  қақысы  жоқ», «Ең алдымен  өзіңді  таны,  өзіңнін  осал жағыңды  біл  және оны  мойында», «Өзіңнін  жақсы  жақтарынды  елге  айтудан  ұялма, біреулер одан  үлгі  алады». Аурудан ағзаңды   сақтайтын  жақсы әдеттерден  кейін  ауырғанға  жанға  дерттен  арылудың  әлдешене  жолдарын  ұсынады. Дертпен  күресудің  алғашқы  жолын «ауырсаң,  жедел  емдел» дей  келіп,  әр  ауру  түріне  әсер  ететін  дәрі–дәрмек  түрлерін  тап  басып,   белгілі уақыт  ішкеннен  кейінгі әсер  етуін  медициналық  білімі бар  дәрігердей баяндап  жаза  білгеніне  таңғалдым. Автор  медициналық   емінен  кейін  де  рухың  күшті  болса, ауруды   жеңесің  деген   ой қорытады.

  Қазақта  «қарты  бар  үй  - қазына»  деген  сөз  бар. Замандастарым  Малғаж  бен  Гүлнардың  мол қазынасы  - әкесі. Өмірден  көргені, түйгені көп,  оқығаны  мен көңіліне  тоқығаны  мол  әкейдің  болмысына  осы кітапты  оқыған  кез  келген  жас қызығары  анық. Бұл  ойыма  тарихи  мәліметі  мен  қызықты дерекке  толы мына  бөлімдері  дәлел. «Туған  өледі, ол-жаратылыс  заңы».

  • Тас ғасырларында  адамдар  орта  есеппен  18 жыл өмір  сүрген
  • Рим империясы   заманында  адамдардың  орта  есеппен  өмір  сүру  жасы  30ға  әрең  жеткен.
  • Орта ғасырларда  40 жас  қарттар  санасына  жатқызылған.
  • XX ғасырдың аяқ  шенінде ғана  орта  жас  75 жылға  жеткен.

Тақауда  бір  газет  21 ғасырда туғандар  100 жылдан  көбірек  өмір  сүреді  деп  жазады. Неміс  және  Дат  ғалымдары  дамыған   экономикасы  бар  елдерде  20 ғасырда  өмір  сүрген  ұзақтығы  30   жылға  өскенін  анықтаған. Осы   үрдіс  қазірде  де сақталып  отыр. 2004-2005 жылдардағы  зерттеулердің  нәтижелері  бойынша  дамыған  елдерде  адамдардың  ұлғайған  жастан  өлетінін  байқауға  болады. Мысалы,  адам  ең  ұзақ  өмір  сүретін  елдерде   Жапонияда  80  жасқа  жеткен  әйелдердің  жартысына  көбі  90  жасқа  толу  тойын  тойлайды. Қазір  жер  жүінде  7 миллиардтан  артық  халық  бар  көрінеді.

ІІ бөлім «Қиыншылықта  шыңдалған  балалық  шағым» деп  аталған  атауына  лайық  атаның  автобиографиялық  әңгімесі  өрбиді. «Алдымен  анамды  аузыма  алайын»  деп  басталып, жарық  дүние сыйлаған  анасы Мұғиланы   есіне  алып,  14 жасында  анасынан  айырылғандағы  қаралы  көңілін   ақтарған  өлеңімен  балалық  сағынышын  жеткізіпті.

Өң  үзіп,  омыртқаңды  таптың  ана,

Мәпелеп  балапандай  бақтың,  ана

Емізіп  ақ  сүтіңді, тыным  таппай,

Төрт  бөліп,  түн  ұйқыңды  жаттың,  ана

 

Маңғазы  бұл  жалғанның  едің, ана

Біз үшін уайым-қайғы  жедің,   ана

Жалғызым  Жағыпардың  өсіп  өніп,

Жеткенін  көремін  бе? дедің,  ана.

«Әкем туралы»  әңгімесінде  Жүнісжан  әкеден  тараған   ұрпақтар,  олардың  тірлігі  арқау  болған.

Кітаптың  соңғы   3-бөлімі «Ғибадатты  ақыл», «Кабуснамадан»  деп  аталған. Бұл бөлімде  1083 жылы  жарық  көрген  аса  бағалы  педогогикалық  туындының адамзатқа  тәрбиелік  мәні  бар, ұзақ  жасауға  қатысы  бар, пайдалы  кеңес  моральдық  тәрбие, шариғат  жолына  насихат  беретін  тараулары  енгізілген. «Алла  тағаланы  тану  туралы», «Пайғамбардың  қасиеті  туралы», «Алла тағаланың  бергеніне  шүкіршілік  ету  туралы», «Тағат,  ғибадат  туралы», «Ата-ананы  құрметтеу  туралы»,  «Қарттық  және  жігіттік  туралы», «Нәпсіні тыюдың  шарапаты мен  тағам  жеудің  тәртібі  туралы» айтылады.

Ортаңғы   2 бөлімінде  «Ел  қорғаған  атам,  қабыл болсын батаң!» деген  айдармен  Абай  атындағы  мектеп-лицейінің  түлегі  Сүйеуғалиева  Аймара  Валериқызының  осыдан  он  жыл  бұрын  атаммен, Клавдия апаммен  сұхбаттасып,  қиыншылықпен  өткен   жастық  шағы, сұрапыл  соғыс  жылдарындағы  және  бейбіт   өмірдегі  еңбегі  мен  өмірбаяндық  деректері жасұрпақ  көзқарасымен  баяндалған  әсерлі  мақаласы  берілген.

Қорыта келе айтарым, аталмыш кітаптың  тілі  өте шұрайлы,  мақал-мәтел,  тұрақты  сөз  тіркес  оралымдары өте  мол. Стилі, жанрлық  сипаты ерекше,  әсіресе,  мақала  түріндегі тұщымды  әңгімемен  де  өрбіткен. Ең бастысы артқы ұрпаққа, артындағы өскелең буынға берері, үйретері көп даналық сырға толы ғажайып туынды.

 

Мейрамгүл ҚАСЫМЖАНОВА,

жаңа кітаптың корректоры.

Қарауыл ауылы.

Жексенбі, 30 Қазан 2016 00:00

АБАЙ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ  

Даналыққа тағзым

 «Абай сөзі - қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы».

Нұрсұлтан Назарбаев,

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті.

 

Тәуелсіздік атты ұғымға берілетін анықтама көп бүгінде. Әнге де, жырға да арқау болған айрықша тақырыпты сан қырынан толғауға болады. Ширек ғасырға аяқ басқан ел егемендігі жайлы сөз еткенде осыдан 25 жыл бұрын зор белестерді бағындырарымызды болжай да алмаған едік. Ал, бүгінгі таңда – міне, бейбіт елдің еркесіміз. Азат елдің арда ұрпағы Тәуелсіздік туралы пікір қорытқанда сан-саққа ой жүгірте алады. Бұл ретте ұлылар топырағында өскен менің де айтарым бар...

 

«Менің Тәуелсіздігім» менің ауылымнан басталған болатын...

 

Абай елі – қазақ елінің руханият әлемінің орталығы, қара өлеңнің қағбасы. Өлең, сөздің пайғамбары, хакім Абай дүниеге келген шежірелі Шыңғыстау қаймана қазақ үшін жаңашыл сипаттағы ақыл-ой дарытқан құт мекен. Алайда, Тәңірі өзінің осындай үлкен тартуы үшін бұл өлкеден үлкен өтем де алыпты. Қастерлі өңірге басылған қасірет таңбалары аз емес. Бүлдіргені сұқтандырып, боз жусанының жұпары көш жерден мұрын қытықтар, көк шалғыны көрпедей өлкенің ұйыған тыныштығын ядролық сынақтар бұзды. Ұлы дала төсін у мен өрт алды. Жергілікті жұрт «атом» дегенді естігенде аза бойы қаза тұрады. Себебі, олар бейбіт заманның өзінде белгісіз майданның құрбаны болғандарын Тәуелсіздік алған кезде ғана түйсінген болатын.

1949 жылдың 29 тамызы - мамыражай мекен үшін «қияметтің» басталған күні саналады. Алғашқы ядролық қарудың алапат залалы туралы деректерді бүгінгі ақпарат құралдары ашып жазып жүр. Семей полигонында ресми дерек бойынша 456 ядролық және термоядролық атом бомбалары сыналып, 616 жарылыс жасалған. Оның 116-сы жер бетінің ашық кеңістігінде жарылған. Төңіректегі тіршілік атаулы көшкен жұрттың орнындай тұлданып, тіршілік атаулы адам қолымен жасалған тамұқ құрсауында қисапсыз қырылды. Ал, жергілікті тұрғындар жарылыс сәтіндегі сәулелену салдарынан орасан зардап шекті. Экологиялық аймақта жүрек-қан тамыр аурулары, қатерлі ісіктің бұрын-соңды естіп-білмеген түрлері, құрсақтағы сәбилердің паталогиялық ақаумен өмірге келуі, психо-неврологиялық дерттің күрт асқынуы белең алды. Суицид көрсеткіштерінде де шек болмады. Және мұндай шығындардың 40 жылға созылған қырғыннан кейін де әлі күнге дейін екпінін баспағаны ешкімге құпия емес. Өрісінен от, отбасынан құт қашқан момын ел сонда да өзі құрметтеген кеңестік идеологияның жаппай қырып-жоятын қаруларды сынау саясаты мен физик ғалымдардың «ессіз экспериментіміз» деп ойламаған еді.

Тек 1989 жылдан бастап қана сең қозғалды. Орасан зор зардап әкелген  сынақтардан зәре-зап болған абайлықтар «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс сапында шеруге шықты. Күллі әлемге, бейбітшілік сүйгіш барша адамзатқа үндеу жасады. Ал 1991 жылы 29 тамыз күні қазақ даласына алапат қайғы-қасірет әкелген Семей сынақ полигоны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен жабылды. Расында, бұл жаһан бойынша тұңғыш әрі теңдессіз тарихи оқиға болатын. Әлемдік державалар арасындағы геосаяси текетіреске қарамастан, кейбір солшыл саясаткерлердің «атом шоқпарын тақымға бассақ ешбір дұшпан батып келе алмайды» деген шолақ пікіріне қарамастан маңызды қадам жасалды.

Осылайша, 40 жылдан астам уақыт запыран төктіріп, қасірет тартқызған  жарылыстың үні мәңгілікке өшті. Бұл – Елбасының ұлы шешімі, ұлылар еліне деген алғашқы жанашыр һәм ерен қамқорлығы болды. Киелі мекенді «ажал аждаһасынан» азат ету арқылы ұлт көшбасшысы қазаққа жаңа дәуірдің даңғылын салып берді.

Жаппай қырып-жою қарулары сынақтарынан зардап шеккен полигон аймағындағы тұрғындарға мемлекет тарапынан экологиялық жәрдемақылар тағайындалып, қазіргі күні әр тұрғынға зейнет демалысына шығу мерзімі қысқартылды. 1992 жылы мамырда Семей полигонының базасында, Курчатов қаласында ұлттық ядролық орталық құрылды.

Ауызынан от шашатын аждаһалар туралы ертегіні бала шақтан оқып өсіп едік. Сонда зұлымдықтың жеңіліп, аждаһаның басын шабатын бір батырдың шығатынына сенетінбіз. Елбасының бұл шешімі сол ертегінің шынайы өміріміздегі көрінісіндей болды. Ағымдағы жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толды. Бұл ел егемендігінің ең алғашқы асқақ шешімі болды. Сол себепті, аудан халқы үшін Тәуелсіздік мерекесі - ең Ұлы мейрам!

 

Негізгі бата мен лебізді бата

 

1991 жылы 1 желтоқсанда өтетін сайлаудың қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы жұмыс сапармен, жергілікті халықтың жағдайымен танысу мақсатында һәм Абай, Шәкәрім кесенелерін зиярат ету үшін Абай ауданына келген болатын. Осынау сапарында Елбасы тұрғындармен емен-жарқын жүздесіп, ел ықыласына бөленді. Сол бір күндерде небары үш жастағы Серік Әсетұлын қолына алып көтергенін де дүйім жұрт бүгінге дейін әңгімелеп айтып отырады. Сол Серік қазіргі уақытта аудандық қазынашылық басқармасында белді қызмет атқаруда.

 Осылайша, көп ұзамай жалпыхалықтық Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев  98,8%  дауыс жинады, Қазақ КСР-нің президенттігіне сайланды. Ең қызығы сайлаудан кейін 15 күн өткен соң Қазақстан өз егемендігін жариялады. Осылайша, тұңғыш мемлекет басшысы мен жас Тәуелсіз елдің жаңа қадамы, жаңа дәуірі басталды. Бұл Назарбаев модулінің қалыптасудағы алғашқы кіріспе болатын.

Сайлаудан кейін, мемлекет басшысының осынау мәртебелі лауазымды атқаруға кірісер алдындағы ант беру салтанатына Абай елінен Шыңғыстаудың абызы, белгілі халық ақыны Шәкір Әбенов арнайы шақырылған болатын. Батагөй ақсақал күллі қазақ елінің атынан, ақсақалдар атынан Тұңғыш Президентімізге бата беріп, алдағы ұлы жолына тілеулестігін жеткізді.  

«Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ

Қазақ елі ежелден көкседі азат.

Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,

Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.

 

Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін,

Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,

Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған,

Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.

 

Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,

Жаман ат жапсыра алмас жатың тілеп.

Қарадан хан туған деп қадірлеген,

Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.

 

Абылайым бүгінгі Сен емес пе?

Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!

Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,

Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.

Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,

Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!.

Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар бата берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі - негізгі бата, екіншісі - лебізді бата. Негізгі бата - халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тап­сыр­ған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол, негізінен, үш міндетке саяды:Дүниенің бар игілігін өндіретін жұ­мыс­­шы, диқан, мал өсіруші қауымның та­бан ақысын, маңдай терін зая кетірмей, ысы­рапқа ұшыратпай ұқсатып, халықтың қа­жетіне, игілігіне жарату; Осыған кедергі жасап, кесел келті­ре­тін суыққол сұғанақтарға, қиянатшыл-зор­лық­шыл зұлымдарға тыйым салу; Қошеметшіл жағымпазға бой ал­дыр­­май, өз ісіңе де, өзгеге де сын көз­бен қа­рап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш та­лап үдесінен көрінген басшы ел сенімін ақ­­тары шүбәсіз, анық. Ендігі менің ле­бізді батам, тұжырым-түйінім мынау: Иллаһи аумин! Халыққа береке, мынау қиын заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жет­кізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абы­ройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын бол­сын!.. Аллаһу акбар!», - деген екен сол кезде жасы жүзге қадам басқан ел абызы. Бабалар дәстүріне сай Шәкір Әбенов берген бұл бата-тілек қабыл болып, тек Елбасының ғана емес, еліміздің көсегесі көгергеніне бүгінгі буын куәміз. «Батаменен ер көгерер» деген осы болар, сірә.

Мемлекет басшысының Шығыстың шырайы Шыңғыстау өңіріне жасаған келесі сапары мүлде өзгеше, тың мағынаға ие болды. Сонымен қоса, тарихи сипат алды. Ол 1995 жылы болатын. Өткен күндер еншісінде алтын әріптермен жазылатын бұл мезеттің Абайдың рухани мұраларын жаңғыртуда өзіндік үлесі бар. Олай дейтін себебіміз, бұл жылы хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы бүкіл жер шарының мәдени-рухани үрдісін жандандырушы беделді халықаралық ұйым – ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен болатын. Аталмыш ұйым басшысы, көрнекті қоғам қайраткері, әлем таныған ақын Федерико Майор Елбасының шақыруымен осы тойға өзі де қатысты.

Осы арада ерекшелеп айтар бір жайт бар. Сарыарқының сайын даласында еркін жүзіп келе жатқан қос желкенді кемедей әсер қалдыратын Абай, Шәкәрімнің алып мемориалды кесенелері тұрғызылды. Бұл игі іс Елбасының бастамасымен жүзеге асқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ақтаудың қашалған әк тасынан көтерілген айрықша архитектуралық құрылыста Римдегі Колизей макетіндегі әсем амфитеатр салынып, айнала жер асты кітапханасы болып жасақталды.

Бұған қоса, тек Абай ауданында ғана емес, сол кездегі облыс орталығы Семей қаласында да Абай есімімен байланысты көптеген жаңашылдықтар орын алды. Қала мен Қарауыл ауылын жалғайтын тас жол төселіп, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың туған жері Бөрілі көріктендіріліп, махаббат символы «Еңлік-Кебек» кесенесі жөндеуден өтті, тойға қатысушы қонақтарды сары дала төсінен қарсы алып тұрғандай болды. Қарауылға 1600 ақшаң киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі додалар өтті. Замана заңғары Мұхтар Әуезов Абай есімін әлем әдебиетіне енгізіп, бір аспандатса, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы ұлы ақынды жер-жаһанға тағы бір мәрте паш етті. Сол күндерден бастап төрткүл дүниенің төрт бұрышында Абай ескерткіштері тұрғызылып, хакімге көше аттары беріліп, шығармашылығы өркениетті елдердің тілдеріне аударыла бастады. Бұл үрдісдің тіні үзілмей әлі де жалғасын тауып келе жатқанына куәміз. Мәселен, қазақ фольклорында жиі айтылатын Үнді мен Мысыр елінде қазақ ақынына құрмет көрсетіліп, мүсінінің қойылуы осы сөзімізге дәлел.

«Жалпы біз қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың. Бүгінгі халықаралық жағдайларға байланысты ұстанып отырған мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатымызға да жауапты Абайдан табуға болады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген жолдардан халықтар достығы ақын үшін қатар өмір сүрудің жалаң дипломатиясы ғана емес, тіршіліктің негізгі мағынасын айқындайтын ұлы мұрат екендігі көрінеді», – деп атап көрсеткеніндей, абайтану ілімінің жаңа дәуірінің тұсауын Нұрсұлтан Әбішұлының өзі кескен болатын.

Мемлекет басшысының қасиетті мекенге келесі сапары 1998 жылы болған еді. Ол кезде де Елбасына өлкеміздің қазыналы қариясы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт журналист Жағыпар Жүнісжанұлы ақ батасын берген болатын.

Жидебайға үшінші рет аяқ басқан Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездегі Абай ауданының әкімі Қонысбай Қойшыбайұлына «Абай, Шәкәрім кесенесі тұр. Амфитеатры бар. Тек жұмысын жандандыру керек» деп тың тапсырма жүктейді. Сол кезде аудан әкімі: «Бұл жерде облыстық «Абай, Шәкәрім оқулары» ұйымдастырылып жүр. Оқушылар ақындардың шығармашылығын жаттап, әндерін насихаттап, өз шығармашылығы бойынша байқауға түседі» деп жауап қайырады. Сонда Елбасы: «Олай болса, сол байқауды республикалық деңгейде өткізу қажет. Өте дұрыс бастама. Қазақ елінің әр ұланы Ұлы Абайдың өлеңін жаттап, көңілге тоқып өсуі тиіс» деп қолдау білдіреді.

Содан бері міне, биыл Абай оқулары 17 мәрте өткізіліпті. Рухани шара жылнамасына үңілер болсақ, әр жылдың өз үздіктері, өз жеңімпаздары бар. Абай мен Шәкәрім шығармашылығынан 300-ден астам өлең жаттап келетін, көкірегі сезімді, тілі орамды өрендер бар. Сондай-ақ, өз шығармашылығы бойынша ақындар аламанында танылған таланттар да аз емес. Бұл республикалық байқау хакімнің мұраларын  насихаттап қана қоймай, сол өскелең буынның болашағына даңғыл жол ашып берді десек қателеспейміз. Абай өсиеттерін бойтұмар тұтатын арлы жас - ел ертеңі. Ал осынау игілігі мол іргелі бастаманың көшбасында тағы да Елбасы тұр. Түйе айтсақ, Абай мен Елбасының есімдерін атағанда мәдени сабақтастықты аңғаратынымыз - заңдылық.

 

Тобықтай түйін

 

Елбасының Семей жеріне жасаған бір сапарында: «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, кең байтақ қазақ елінің өзге өңірлері бір төбе, Абай елі бір төбе» деген бейресми бір ауыз пікірі қанатты сөзге айналғалы қашан. Әлбетте, осынау астарлы ойдың сары алтындай салмағы бар. Расында, қазақ халқының әрбір әйгілі тұлғаларының Абайға айналып соқпағаны болмаған. Солардың ішінде мемлекет басшысы, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Нзарбаевтың Абайды насихаттауға, хакімді күллі әлемге танытуға күш салғаны өз алдына бір пара әңгіме. Оның ішінде Абай жерін атом аждаһасынан арашалап алуының өзі неге тұрады?

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп дана ақынның өзі айтқандай, бүгінде сарабдал саясатымен әлемді мойындатқан Елбасының Абайға деген құрметі, ықылас-ілтипаты тіптен ерекше. Оған Ұлт Көшбасшысының әр жылдарда жарық көрген деректі туындыларындағы бірқатар тақырыптарға Абай сөзін тұздық етуі дәлел болса керек. Ал біздің айтарымыз біреу ғана. Абайдың Алаш баласына өсиет еткен «кемел адам» атты философиялық ұғымын Елбасының да мұрат тұтқаны һәм бойынан көрініс тапқаны - ақиқат...

          

            Нұржан БАЙТӨС,

            «Абай елі»

Жұма, 21 Қазан 2016 00:00

АҚБӨПЕ  ШЫРҚАҒАН  ӘН

Жас жүрек жайып саусағын        

                               

Тұла бойды шымырлатар рухты ән әуелеп барып әсерлі тоқтады. Жүректен шыққан ән ғана жүрекке жетері хақ. Тыңдарман қауым залды жаңғырықтыра шапалақтап қол соғып жатыр. Көпшілігі «әй, жарайсың!, «бәрекелді!», «кіп-кішкентай болып дауысы қайдан шығып жатыр десеңші», «болайын деп тұрған бала екен», «тамаша айтады» - десіп сахнадағы  кішкентай қара қызға ризашылықтарын ыстық ықыластарымен білдіріп жатты. Ән сүйер қауымның тамсана мақтап отырғаны жастайынан әнге құмар болып өскен Ақбөпе Ағдәриева сынды өнерпаз қыз болатын.

Расында да шынашақтай қара қыздың  өзінен дауысы зор. Ал репертуары... Ол енді ерекше тақырып. Жарықтық ән атасы, даланың дара тумасы Әміре Қашаубаев айтқандай, «Әншінің әнді таңдайтыны секілді ән де әншіні таңдайды». Бұл ретте Ақбөпе патриоттық әндерді нақышына келтіре орындайды. Бәлкім дауыс диапазоны, тынысының кеңдігінен  осындай асқақ пафосты әндерді шырқауға бейім болса керек.  

Бүгінде Абай мектеп-лицейінің 5 сыныбында оқитын Ақбөпе Ағдәриева  ауданымыздағы Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінің де шәкірті. Өнердегі ұстазы Мырзаханова Нұржаннан вокал мен сольфеджио сабағынан дәріс алып жүрген ол бес жылдың ішінде хас талантымен танылып үлгерді. Олай деуге негіз бар. Жақында аудандық Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің атынан барған Ақбөпе Алматы қаласында «Ғұмырдария» орталығының ұйымдастырған «Алматым жүрегімде» ән-би байқауынан ІІ- дәрежелі дипломмен марапатталып, «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша лауреат атанып қайтты. Аталмыш байқауда жиыны 300-ге тарта жас өнерпаз бақ сынапты.  9 жастан 11 жасқа дейінгі орта топ  деп аталған топ бойынша  30 бала қатысқан. Ақбөпе І- айналымда «Алматының алмасы» әнін әуелетсе, ІІ- турда «Мен қазақпын» деп төгілткен екен.

Тыңдарманын тебірендірген, рухтандырған. Осылайша  отыз баланың ішінен оқ бойы озып ІІ-орынды бағындырған Ақбөпенің жеңісі расында да мақтанарлық емес пе?! Байқауды ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының қырағы көзіне іліккен Ақбөпе Абай елінің намысын қолдан бермей, абыройын аспандатты.  

Осы орайда Алматыға бірге барған «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншісі  Нұрбек Өмірбековтің де еңбегін атап өткен орынды секілді. Өткен жылдан бері бойында өнері бар жас өрендерге вокалдан дәріс беріп жүрген  Нұрбек  саз мектебінің шәкірті Ақбөпенің өнеріне де тәнті еді.

Ақбөпе кішкентайынан ән айтып, өнерге жақын болды. Балабақшаға барғанға дейін атасы Ағдәримен қосылып бірге  ән айтқан кездері де болыпты.  

Атасы баян аспабында шебер ойнайды. Ал Көкбай ауылында тұратын нағашы апасы Төкішті   жиын-тойдың көркі деседі. Ақ әжесінің  Ақбөпеге деген мейірімі де ерекше.  Осындай  ата-әжеден дарыған қасиет өнерлі ұрпақтың өмірге келуіне себеп болса керек. Атасы сонау бір жылдарда ауданымызда орналасқан беделі биік «Б.Байғожина» атындағы  балабақшаға жетектеп әкеліп немересіне  үлкен  үміт артқаны рас. Өнер  сахнасына шығарда қоса айтылатын атасының есімі оған  әрдайым қуат беріп,  күш сыйлайтындай. Тілеуін тілеп отыратын  Ағдәри  атасы бүгінде Семей қаласында тұрады. Ақбөпенің әр қадамын қуаттап, өнер сапарына кетіп бара жатқанда оң батасын беріп, маңдайынан иіскеп шығарып салады екен.  

Ширақтығы мен елгезектігіне байланысты небары бір жарым жасынан балабақшаға алынған ол аталмыш орталықта саналы тәрбиені бойына сіңіріп өсті. Есейе келе түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетіп, әнші қыз атанды. Әнші қыз атануына әлбетте, балабақша басшысы Лаура Орынғожина, музыка пәнінің мұғалімі, әнді  де биді де үйретуші Әсем Көзбаева еселі еңбектерімен үлес қосты.

Ең алғаш «Қарлығаш» әнін  орындағаны әлі есінде. Осылайша,  өнері өрге жүзген бүлдіршін  білімнің қарашаңырағы «Абай мектеп –лицейінің табалдырығын алғаш рет аттап, шәкірт атанады. Мектеп қабырғасында жүргенде де алған асулары баршылық. Мектепішілік, аудандық байқаулардан орын алған марапаттары өз алдына бір төбе.  Өнер жолындағы бағындырған белестеріне келсек,  2013 жылы аудандық «Айгөлек» ән-би байқауында да ән номинациясы бойынша көрермен жүрегін жаулап бас жүлдені жеңіп алды. 2014 жылы Семей қаласындағы «ТВК-6» арнасының «Балдәурен» музыкалық студиясының «Semey-Star» аймақтық телевизиялық өнер байқауының лауреаты атанды.  Тағы да осы жылы Түркияда өткен балалар ән-би байқауында ІІ- орынмен елін қуантты. Түркиядағы жеңісі көпке шейін жыр ғып айтылып жүрді. Енді ше, үшінші сыныпта-ақ, небәрі 8 жасында  түрік елін тамсандырып, таңдандырып қайтқан жоқ па?!  

Ал 2015 жылы Алматы қаласында  өткен «Самға»  республикалық, балалар және жасөспірімдер конкурсында «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша ІІ-ші орын жүлдегері атанды. Бұл конкурсқа қатысуына аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы қолдау көрсетіп, зор сенім білдірген екен. Талантты Ақбөпе ел сенімін ақтады.  «Майра» продюссерлік орталығының директоры ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Майра Ілиясованың өзі кішкентай ғана сүйкімді қараторы  әрі өжет Ақбөпенің өнеріне сүйіспеншілік танытып, «тура менің бала кезімді көз алдыма әкелдің» деп риза болғаны соншалық құлағындағы сырғасы мен сақинасына дейін  тарту етіпті.

«Өнер- деген бақ, оны ұстай алмағанға - дақ» деп бекер айтылмаған. Өнер ұстанғанға ғана дариды. Ақбөпе өзінің дарынымен, еңбекқорлығымен өнердің осынау саласын берік  ұстанып жүр. Бойындағы қабілетін тап басып тани білген, оятып, дамыта білген ұстаздары да Ақбөпені «әнші Ақбөпе» етті. Елге танытты, өнерпаз өреннің жолы мен бағын ашты. Бүгінде репертуарында 30-дан аса әні бар Ақбөпе әлі де байытуға барынша күш салып жүр. Айтатын әндерінің көбі өзінің табиғатына сай патриоттық рухтағы әндер. Ағылшын тілінде де ән шырқайды. Марқұм болған ауданымызға белгілі меценат Төлеуғазы Иманғалиев ағамыз  Ақбөпенің өнеріне тәнті болып, тіпті Беларуссияда өтетін «Славян базары» байқауына баруға қол ұшын созатындығын айтқан екен.  Амал нешік, ауданымызда талай іргелі істерге демеушілік жасаған жаны жомарт, мәрт жанның дүниеден озғаны абайлықтардың қабырғасын қайыстырды.  Арамызда жүрсе Ақбөпеге қолдау көрсетер еді. Осыны айтқан Ақбөпе бір сәт мұңайып барып, әңгімесін жалғады.

Үнемі сахнаға киетін киімді де өзі таңдап, тіктіртіп отырады. Ән жаздыру, оранжировкасын келтіру Ақбөпенің бұлжымас міндеті.  «Жаңа әнге жаңа киім қажет» дейді Ақбөпе. Әр концертке қатысуға үлкен даярлықпен, ізденіспен қадам жасайды. Әдімілеп жинап қойған өзінің Мақтау Грамоталары мен Дипломдарын алдыма үйіп тастап, болашақта әнші болатындығын нағарлап жеткізді.

Ақбөпенің өмірлік ұстанымы: «Елімді, жерімді ән арқылы әлемге таныту». Осылай деп соққан титтей жүрегінен айналдық. Болашақта Мәдина Ералиева сынды әнші болғысы келеді. Иә, арманы таудай Ақбөпе жақында Республикалық «Ғұмырдария» орталығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Туған жер - Алтын бесігім» атты жасөспірімдер мен балалар  байқауына қатысуға жолдама алды. 14-16 қараша күндері Семей қаласындағы Мәдениет сарайында өткізілетін осынау байқауда Ақбөпеміз жүлделі орынмен көрінсін деп тілейміз. Арманың аласармасын Ақбөпе!

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

Жұма, 21 Қазан 2016 00:00

ҚУАН ТАҒЫ ҚУАНТТЫ

Еуропа кубогі

 

            Осы жылдың 15- 6 қазан күндері аралығында Шығыс Еуропа төріндегі Польша мемлекетінде Еуропа Кубогы болып өтті. Жаһанның төрт бұрышынан кіл мықтылар жиналған осы жарысқа Қазақстан құрамасының сапында абайлық өрен Барыс Қуан да қатысып қазақ елінің намысын қорғады.

Кезінде «Жас барыс» атанған Барыс Қуан Қуатұлы осыған дейін де сан түрлі додаларда топ жарып, бас жүлдені еншілеп жүрген өрен. Бұл жолы да балуан ұлымыздың бағы жанды. Әлемнің ең мықты деген білектілерімен сынға түсіп, бөз кілем төрінде жасындай жарқылдады. Нәтижесінде жүлделі І орынды жеңіп алып, чемпион атанды.

Абыройы асқақтаған ұланымызға алдағы уақыттарда да жеңіс тұғырынан көріне беруін тілейміз. Жеңіс құтты болсын, Абай елі!

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

Спорт жаршысы

Волейбол

         

 

Осыдан біраз бұрын, 15 – 17  қазан күндері аралығында  Семей қаласында 2000 жылы туған жасөспірім қыздар арасында волейболдан К.Абетаева атындағы ашық турнир болып өтті. Аталмыш жарысқа Астана қаласынан екі команда, Семей қаласынан  үш, Өскеменнен  екі команда және Абай  ауданының құрама командасы қатысып, өзара жүлделі орындарды сарапқа салды.

Осылайша 8 команда бақ сынасқан, екі күнге созылған жарыс мейлінше тартысты өрбіді.

Айта кету керек, бұл жолғы кіл азулы командалар жиналған бәсекеде Абай ауданының намысын құрама команда құрамына алынған Төлеуғалиқызы Гүлсана, Дакенова Әйгерім, Маратова Жанель, Айтбаева Мадина, Әділетқызы Жанар, Хұсайынова Арай, Қабжанова Гүлзат сынды бұрымдыларымыз қорғады.

Біріншілік біздің қыздарымыз үшін жүлделі аяқталды. Өрендеріміз ІІІ-ші орынға ие болды. Бұл әлбетте өте жоғары көрсеткіш.

Сонымен қатар, жарыс барысында бірқатар ойыншылар жекелеме аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтсақ, Хұсайынова Арай «Үздік пас беруші» атағына ие болды. Қыздар командасын жаттықтырып, апарып-алып келген спорт мектебінің жаттықтыушылары Ибраев Сырым мен Мусин Досханның қосқан еңбектері өте зор екенін айта кету ләзім. Қыздарымыздың алдағы уақыттарда да жеңіс тұғырынан табыла берулеріне тілектестік білдіреміз.

 

Қазақ күресі

                                    СЫР ЕЛІНЕН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

 

Қазан айы абайлық спортшылар үшін мейлінше қызу өтуде. Мәселен, осы айдың 14 – 15 күндері аралығында Қызылорда облысында 23 жасқа дейінгі жастар арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өтті. Ел көлемін қамтыған бұл біріншілікке де үкілеп қосқан палуанымыз бар.

Аталмыш чемпионатқа жас балуанымыз Құмаров Сұңғат қатысып, Абай елінің намысын қолдан бермеді. Білекті ұлымыз жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Осылайша Сыр елін мойындатқан Сұңғат қазақ күресінің қыр-сырын, әдіс-айласын терең меңгерген кәнігі балуан екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сұңғаттың жаттықтырушысы спорт мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, қазақ күресінің жаттықтырушысы, білікті бапкер Нұғыманов Айбек екенін айта кеткен орынды.

 

 

  Спорт жаңалықтарына шолу жасаған       Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

                                                                                «Абай елі»

 

 

Дүйсенбі, 17 Қазан 2016 00:00

ЖІГІТ СҰЛТАНЫ – САРЖАЛДЫҚ СЕРІ

Аймақтық байқау

 

ЖІГІТ СҰЛТАНЫ – САРЖАЛДЫҚ СЕРІ

 

Дана халқымызда ер-жігіт ұғымына үлкен жүк артылады. «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес», «Жігітте де жігіт бар - азаматы бір бөлек» деген нақыл сөздер осыған дәлел болса керек. Ал жігіттің сұлтаны мен сырттаны деген атаққа білекті де жүректі, өр тұлғалы, ер намысты, сөзі мірдің оғындай, батырлығы көз сүйсіндірер оғландарымыз ғана тең келеді. Бұл көркем сипаттау әрине, кешегі ел іргесін ат үстінде, найза ұшында жүріп қорғаған батыр бабаларымыз бен сырбаз да сыршыл сал-серілерімізге тән қасиет екені хақ. Ал, сол серілеріміздің бүгінгі сарқытындай болған ұландарымыздың бойынан осындай асыл қасиеттер табыла ала ма? Міне, осы мақсатта Шыңғыстаудың шымыр ұландары арасында жылма-жыл серілер сайысы ұйымдастырылып, білек күштерімен қатар білімділіктерін сынаған жігіт сұлтаны сайысы өткізіліп келеді.

Биылғы жылы бұл бәсі басым бәсекенің ауқымы аудандық деңгеймен шектелмей, облыстық көлемде айшықтала түсті. Себебі, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген облыстық байқау әсіресе жастар саясатын насихаттауда, өскелең буынды ұлтжандылыққа бағыттау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуде берері мол бастамалардың бірі десек артық айтқандық емес.

Қазан айының 13 жұлдызында ауданның  орталық стадионында бастау алған білектілер сайысына Жарма, Ұлан, Күршім, Аягөз аудандарының намысын арқалай келген сырбаз серілер мен Қарауыл, Құндызды ауылы, Қасқабұлақ, Көкбай, Архат ауылдары, Тоқтамыс және Саржал ауылының жүректі жігіттері бекзаттық үлгіде, ұлттық нақышта киініп, жетектеріне тазы иттерін ертіп, жүйрік шабандоздарын ерттеп, сақадай сайланып келген екен. Серілердің бойынан бір мін таппадық. Десек те, сайыс барысында жігіттердің қарым-қабілеттері айқындалып жатты.

Алдымен стадион төрінде орын алған ұлттық ойындар барысында оғландарымыз жүректіліктері мен білек күштерін сынатты. Ал, түс ауа бекзаттарымыз мәдениет үйінде сан қырлы өнерлерімен қазылар алқасының сараптауына түсті.

Алдымен көпшілік алдында ашылу салтанаты орын алып, сайдың тасындай сән құраған серілеріміз рет-ретімен таныстырылып өтісімен, көрермен аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың ыстық лебізіне құлақ түрді. Облыстық көлемде қолдау танытылып, аудан төрінде ұйымдастырылып отырған намыстылар додасын ашық деп жариялаған аудан басшысы сәйгүліктерін ерттеген сайыскерлерге сәттілек тілесті.

Осыдан соң байқауға төрелік жасар әділ-қазылар құрамы таныстырылып өтті. Қазылар қатарында ШҚО ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Есимбекова Арайлым, «Нұр Отан» партиясы ШҚО филиалы саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі Рамазанов Сымбат, Абай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықов, «Нұр Сана» қоғамдық ұйымының төрайымы Қаныша Нұрғалиева және Абай халық театрының бас режиссері Дулат Қабдолдин болды.

«Ер жігітті тұлпар үстінде таны» деген бар. Қатысушыларды ең алдымен ат үстіндегі сайыстар күтіп тұрған еді. Әйтседе, «Теңге алу», «Аударыспақ» сынды ептілік сынға түсетін ұлттық ойындар оғландарымыздың оң жамбасынан келмеді. Олай дейтініміз, атқа отыруға икемі жоқ жігіттер теңге алуда тіпті ауып түсіп жатты. Теңгені жерден көтеріп алған сайыскерлеріміз бірен-саран ғана болды.

Ал, «Аударыспақ» сайысында ат үстінен қарсыласын өңгеріп алуы тиіс ұландарымыздың көбі тек ұпай арқылы ғана ұтып жатты. Өйткені, қоңыр күздің өнменіңнен өтер ызғарлы суығында кеуделерін жалаңаштап алып ат үстінде аударысқан жігеттерге бұл кезең оңайға соқпады. Тек біздің жерлестерге қарағанда басымырақ болған күршімдік Ақмолдаев Нұрым, жармалық Балтабаев Досхан, ұландық Ғалымқал Манай көрер көзге тартымды ойын өрнегін тамашалата білді.

Бұдан соң кезек «Жамбы ату» ұлттық ойынына берілді. Әттең-айы сол, бұл кезеңде де жігіттеріміздің мергендігінен мін табылып жатты. Жарыс мұнан соң гір тасын көтеру, қол күресі мен қазақ күрестерімен жалғанды. Білек күштері мығым жігіттер екі қолдарымен гір тасын бастан асыра көтеріп, күш атасын танытпай жатты. Белдесу кезеңінде қарсыласын боз кілем үстінде ойсырата жеңген балуандар көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Осылайша күннің суығына қарамастан ашық аспан астында өткен ұлттық ойындар бәсекесі Мәдениет үйінде «Өнер сайысымен» жалғасын тапты. «Мен, мен едім, мен едім» атты жігіттердің өзін-өзі таныстыруында әрбір сайыскерлер өздерін әр қилы таныстырып жатты. Бірі әнмен, бірі қара өлеңмен төгілтсе, енді бірі қара сөзге ерік берді. Әйтседе, тиянақты дайындық жағы аздау болғандығы байқалып қалды.

Келесі кезең «Өлеңге әркімнің ақ бар таласы» атты өнер сайысында серілерге әуезді ән орындау, жеке немесе жұппен би билеу шарт болатын. Патриоттық әндер мен «қара жорғадан» бастап түрлі ұлттың билерін жұппен орындаған сайыскерлер сахна төрін гүлдендіріп жібергені анық.

Жігіттер соңынан «Таң қалдыру» бөлімінде ерекше өнерлерімен көрерменін, қырағы қазылар алқасын таң тамаша етті. Әсіресе, біздің ауданның жігіттері қара күш иелері екендіктерін айқын дәлелдеп жатты. Архаттық Әділхан Әділжан сыйымдылығы 40 литрлік бір фляг суды допша ойнатып, басынан асыра көтерсе, қасқабұлақтық Қасымов Темірлан жалаңаш кеудесіне пышақ қадап, бес кірпішті үстіне қойып қақ жарғызғанда батырлығына тәнті болмаған көрермен қалмады. Толағай күшті танытқан жігіттер мұнымен шектелмеді. Қарауылдық Жармұханбетов Еркебұлан тісімен қос бірдей гір тасын көтерсе, жармалық Балтабеков Досхан жеңіл автокөлікті тісімен сүйретіп, кешегі Қажымұқан аталарының ерлігін қайталады. Ал көкбайлық Советқадыр Аңсаған мен Тоқтамыстық Ахмет Досжан, құндыздылық Мырзағазин Қайрат, саржалдық Жақсылықов Ерасыл да 50 кг тасты кеудесіне қойып үгітіп, темірді алақанымен майыстырып, тақтайға шегені жалаң қолымен қадап тігінен тұрған темір тістердің, сынған әйнектің үстіне жатып, үстіне еңгезердей жігітті тұрғызып, өрілген жіпті қолымен  үзіп, сынған әйнекке табандап, арқалап жатып үстіне шығарған жігітті міз бақпастан көтерген жігіттер өнеріне жиылған жұрт «бәрекелді» десті. «Тас шайнап, құм түкірген» деген осы болар сірә.

Ал, ауданның  нар жігіттері алып күш иелері екендіктерін дәлелдеп жатса, өзге аудан сайыскерлері таң қалдыру бөлімін өзінше ұсынып жатты. Мәселен, Ғалымқан Манай Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңін мәнерлеп оқи отыра бүркіт құсын көз алдымызға бейнелеп берсе, Ақмолдаев Нұрым Тәуелсіздікке дейінгі жылдарымызды т әрпімен түгендеп берді. Ал, аягөздік Ибраев Саят жақсылық пен жамандықтың диалогын жеткізе орындап, ерекше әсер қалдырды.

Қазақтың «баталы құл арымас» дегеніндей, ерлеріміз бата айтудан да қарымта байқасты. Жастарымыз бата беру жағынан сәл осалдықтарын байқатып алды.

Осылайша ұзақты күнге ұласқан облыстық жігіт сұлтаны байқауы тәмамдалып, серілерімізді сан қырынан саралап, өнерлерін бағалап, бағамдап ақылдаса келе әділ- қазылар алқасы қорытынды ұпайларын шығарды.

Сайыс нәтижесі бойынша жасы небәрі 19-да ғана болса да ағаларымен иық тіресіп белдесіп, сайыстың қай түрінен болса да осалдығын танытпаған нағыз ержүрек ұлан саржалдық  Жақсылықов Ерасыл І орынды жеңіп алды. Тақымына арғымақ атты еншілеп қайтқан жас өрен осылайша облыстық «Жігіт сұлтаны - 2016» атағының иегері атанды. Ал II-орынды Жарма ауданынан келген Балтабаев Досхан жеңіп алса, ІІІ орынды аягөздік сайыскер Ибраев Саят иеленді. Қалған қатысушылар арнайы аталымдармен марапатталды. Атап айтсақ, «Сегіз қырлы, бір сырлы» аталымымен Советқадыров Аңсаған (Көкбай ауылы), «Бүгінгі күннің батыры» номинациясымен Мырзағазин Қайрат (Құндызды ауылы), «Дарынды жігіт» аталымымен  Ахмет Досжан (Тоқтамыс ауылы), «Шешен жігіт» номинациясымен Ғалымқал Манай (Ұлан ауданы), «Шымыр жігіт» аталымы бойынша Әділхан Әділжан (Архат ауылы), «Алғыр жігіт» номинациясымен Жармұханбетов Еркебұлан (Қарауыл ауылы), «Тәуелсіз ел тарланы» атағымен Қасымов Темірлан (Қасқабұлақ ауылы), «Парасатты жігіт» номинациясы бойынша Ақмолдаев Нұрым (Күршім ауданы) марапатталды. Ал жігіт сұлтанын тамашалаған қалың көрермен қайталанбас әдемі әсермен тарасты.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

 

 

Тұсаукесер

 

ЖИНАҚ АРҚАУЫ - ЖАС АҚЫНДАРДЫҢ ЖАСЫН ЖЫРЛАРЫ

 

Бүгінде өнердің сан түріне, оның ішінде қасиет дарыған қара сөзге кенен Абай елінде ақындық жолға бет бұрған жас дарындардың тұтас бір шоғыры бар. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай хакімнің сөзімен айтсақ, тіл өнеріне сүрлеу салып, өзіндік болмыс-бітімімен танылып келе жатқан, ойы кесек, тілі орамды, жырлары жалынды, болашағынан зор үміт күттірер Шыңғыстаудың шын таланттарына қарап көңіл қуантамыз, мерейіміз өседі.

Бұл ретте кеңгірбайлық жас ақын Байтөсов Болат Берікбекұлы мен Архат ауылының ақын ұлы Ермеков Елдарды екпін түсіре атап өтуге болады. Қазіргі күні Семейдегі қара шаңырақ М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж қабырғасының 4 курс студенттері Болат пен Елдардың бағындырған белестері биік десек, артық айтқандық емес. Себебі, жас талапкерлер жуырда өздерінің тұңғыш туындыларын жарыққа шығарып, туған жері, аяулы мектептерінде тұсаукесер рәсімін өткізді.

Алдымен Архат ауылында шымылдығы түрілген шығармашылық кеш соңына ала Кеңгірбай би ауылында жалғасын тапты. Қазан айының 1 күні алғашқы қуанышын аяулы ұстаздары мен туған-туыстары арасында бөліскен Болаттың шығармашылық кешіне біз де арнайы барып, жыл әлеміне жол салған жас дарындардың шабыт қуатына куә болған едік.

Тұсаукесер рәсімде мәлім болғандай, бір жинаққа қос ақынның өлеңдер топтамасы тоғысқан екен. Заманы, өскен ортасы бір жас шығармашылық иелерінің бұл жаңашылдығын әдеби орта хош алыпты.

Өзгеше талғаммен жарық көрген туынды ерекше әсерге бөлейді. Бір мұқабасында Елдар Ермековтың «Шектеулі шексіздік» атты тақырыптағы өлеңдер жинағы берілсе, екінші мұқабада «Ақ өлең» атты Болат Берікбекұлының жырлары топтасқан. Жинақ 80 беттен тұрады. Кітаптың алғысөзіне көз жүгіртсек, екі авторға да өзінің пайымды пікірін білдірген филология ғылымдарының магистрі, ұстаз Төлеуқоңыр Жадыра Құнанбайқызының жылы лебізін оқып, көңіл жылиды. Пікір білдіруші ғалым жас ақындардың өзіндік стилін, үйлесімді иірімдерін тілге тиек ете келе, болашақтарынан үлкен үміт күтетінін де жеткізіпті.

Жинақ ішінде қос автордың 30-дан аса өлеңдері жинақталса, жалпы жиыны 70-тей өлең топтасқан. Жаңа кітап Семейдегі «Зияткер» қоғамдық қорының редакциялық баспа орталығынан әзірше 50 дана болып жарыққа шығыпты. Осынау қуанышты бөлісуге Болаттың туған-туыстары, аяулы ұстаздары және «шашбауын көтеріп» келген ақын достары арнайы кеш тізгінін қолдарына ұстап, шараны жалынды өлеңдермен жалғады. Жыр жинақтың лентасын қиған мектеп басшысы Бәкизат Скакова мен ұстаздары Арман Салқынбаева және Райгүл Тізгінбай ізгі лебіздерімен бөлісіп, шәкіртіне шығармашылық шабыттар тіледі.

Бұл жыр жинақтың жарыққа шығуына бірден бір қолдау білдірген туған-туыстары болса, осы кешке жиылған сол жанашырлары да қуанышты сәтте шашуларын шашып, кеш ажарын аша түсті. Әрбір іргелі іске ұйытқы болып, ер азаматтардың жүгін қатар алып жүретін ауыл әкімі Гүлнар Боранжанова мен мектеп басшысы Б.Скакова кітапқа қазақы жоралғымен көрімдіктерін беріп, парасаттылық танытты.

Кеш барысында Болаттың әкесі Берікбек аға сөз алып, баласының биік шыңдарды бағындыруына тілектестік білдірді. Тұсаукесер рәсім осылайша әуезді әндер мен ақын достары Қуаныш Еркінұлы мен Сәметова Хамиданың түйдек-түйдек ойларды ағытқан айтысымен жалғанды.

Жас та болса осындай үлкен істің ұйытқысы болып үлгерген Болат пен Елдардың бастаған ісіне тәнті болған біз де жинақ авторларынан алғашқы аяқалыстары жайында сыр тарқатқан едік. Өз сөзінде Болат жырларының кітап болып жарыққа шыққанына ерекше қуанышты екендігін жасырмады. Алдымен осы ретте қолдау танытқан туған-туыстарына, аяулы ұстаздарына, ақын достарына алғысын жеткізді. Бұл жаңа кітап екеуін де ынталандырып, болашақта тың шығармашылық жетістіктерге жетелейтініне сенімді.

Болатқа бұл идеяны бірінші болып ұсынған Елдар да өзінің пікірімен ортақтасып, «Шектеулі мына ғұмырда шексіз боп қалар Ақ өлең» деп жинақ атауларының философиялық тұрғыда терең мағына беретіндігін айтып өтті. Өзінің қазіргі таңдағы көңіліне жақын музасы - сары күз, сары уайым, сары қыз, сары жапырақ екендігін айта келе, бала кезде төрт шумақ тақпақтан бастау алған нәзік сезіммен астасқан өлең иірімдері есейе келе шабыт атты шалқарды оятты, дейді ол.

Өз кезегімізде біз де жас ақындарды жарыққа шыққан жыр жинақтарымен құттықтай келе, шалқар шабыт, шығармашылық өрлеу, өміршең өлеңдер тілейміз.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Жұма, 07 Қазан 2016 00:00

ТАЛАБЫҢ ҰШТАЛСЫН, ТАЛШЫН!

Жас жүрек жайып саусағын

 

                               ТАЛАБЫҢ  ҰШТАЛСЫН,  ТАЛШЫН!

 

Бүгінгі Абай елінің даңқын өнерлі өрендер де аспандатып жүр. Солардың көшбасында тұрған, Қарауыл гимназиясының 10-сынып оқушысы, кішкентайынан әнге әуес, күйме құмар болып өскен талантты Талшын Советқызын ерекше атаумызға болады. Талшын  жақында «Ғұмырдария»  орталығының ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасындағы Алматы қаласының мың жылдығына арналған республикалық «Алматым  жүрегімде» атты ән байқауынан бас жүлдені еншілеп қайтты.  

 Еліміздің орталығы, кешегі мен бүгінгі мәдениеттің түр-сипатын айқындай көрсететін алып мегаполиске айналған Алматы қаласы әрбіріміздің жүрегімізден ерекше орын алатыны анық. Биыл Алматының 1000 жылдығы ЮНЕСКОның мерейтойлық даталар тізіміне енді. Қазақстың ұлттық өнерімен көркейіп, әлемге ұлттық нақышымен танылған, ақын мен сазгердің мұрасына айналған әсем әннің ордасы, сұлулықтың символы, тамаша табиғаттың көрінісіне айналған Алматының өскелең ұрпақ үшін де әлі берері мол. !Алматым жүрегімде»  Республикалық ән-би байқауының мақсаты Алматы жайлы жазылған ақын-композиторлырдың туындыларын дәріптеп, ұмыт бола бастаған, әндер мен жырларды қайта жаңғырту болса біздің Талшынымыз да осы үдеден табыла білді.    Көркемдікке құмар, әдебиетке құштар, кітап оқығанды ұнататын ол түрлі зияткерлік және шығармашылық олимпиадалар мен сайыстарға да белсене қатысады. Мәселен, қалалық патриоттық әндер байқауының дипломанты атанды. Ауданымыздағы Ж.Кәрменов атындағы музыкалық мектептің прима-қобыз класын бітірген ол жан-жақты, сан қырлы өрен. Вокалды да қоса алып жүреді. Сонымен қатар спортқа да бейім Талшын волейбол және бимен әуестенеді. Одан өзге мектепте әр түрлі мәдени шаралардың жүргізушісі болып  өнерімен де, білімімен де алға озып, мектеп мақтанышы болып жүрген шәкірт. Алғыр қыз 2015  жылы облыстық  «Жарқын болашақ» атты өнер байқауында  І- орынды қанжығасына байласа, осы жылы  Республикалық «Абай оқуларының» «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша жүлделі ІІІ-ші орынды жеңіп алды. Бұған қоса үздік те, талантты шәкірттердің бірі ретінде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына баруға мүмкіндік алған болатын. Бұл орталықта да «Тележүргізуші», «Сазды әлем» үйірмелеріне белсене қатысқаны үшін  алған сертификаттары бар.

Өзі ата-аналары Смайлов Совет пен Серікқанқызы Зәуренің отбасындағы төрт қыздың кенжесі. Үлкен апайы Сәуле Семей қаласында мұғалімдік мамандықтың тізгінін ұстаса, Әлия кезінде «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірті болған-ды, ал Торғын да ән айтып, өнерпаз қыз екендігін дәледеп үлгерді.

Енді байқауға оралсақ, «Эстрадалық вокал» бойынша  14-19 жас аралығындағы 50-ден аса үміткерлер қатарында бақ сынаған Талшын ең алғашқы турда «Құс қайтты Алматыма» әнін шырқаса, ІІ- турда «Сағыныш күйім еліме» әнін нақышына келтіре әуелетіпті.

Осылайша,  ҚР «Кино қайраткері, ҚР киноматографиясының үздігі», профессор Ш.Имашұлы, ҚР мәдениет қайраткері, хореограф Б.Бектаев және ҚР мәденет қайраткері, әнші М.Нұрмұханбетова, «Ғұмырдария» балалар байқауының авторы А.Тоқтарбекқызы сынды әділқазылар алқасының  қырағы көзіне іліккен Талшынның бас жүлде алуын   әділ шешім тапқандығы деп білеміз.

«Адам өз бақытын қалаушы. Әр қайсысында табандылық, шыдамдылық және өмірде бір нәрсеге жету үшін ұмтылыс болу керек» дейтін өмірлік ұстанымы бар Талшынның алда әлі де талай алар асуы бар деп сенеміз.      

Талшынды осы жолғы байқауға Нұрбек Өмірбеков дайындап апарыпты. Вокалдан беретін мұғалімінің де еңбегі зор екендігі анық. Осы байқаудан Ағдәриева Ақбөпе есімді тағы бір талантты шәкірті жүлделі ІІ- орынды иеленгенін ескерсек, Нұрбектің де өнер айдынында   еркін жүзген өрелі ұстаз екендігін дөп басамыз. 

Ал Талшынның өзі болашақта әнші, актрисса болуды армандайды. Алдағы уақытта дәл осындай «Алматым жүрегімде»  байқауы Семей қаласында да өткізілетін көрінеді.Тұла бойына тұнған табиғи талант иесі  Талшынға алда да  осындай ән байқаулардан оза шауып,  өнердің биік шыңынан көріне бер дегіміз келеді. Талабың ұшталсын, Талшын!

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»   

Атаулы күн                          

                             

                                             ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ ОЗАДЫ

 

Қазан айының алғашқы хабаршысындай келіп жететін Қарттар күні де әне – міне дегенше орын алып үлгерді. Қарт дегеннен шығады, «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Себебі, көненің көзі, ақылдың кені саналатын қарияның сөзі дана, ісі ғибратты, өзі бір шежірелі кітап сынды. Ежелден үлкенін сыйлап, ауызы дуалы ақсақалдардан бата алып, халықты бірлікке, елдікке шақырған тәрбиелі сөздерін, аталы сөздерін тыңдап өскен ұрпақ қарттарын қазынаға балағанын осы сөздерден көреміз.

Халқымыздың рухани құндылықтарының  ішінде жасы үлкенді құрметтеу, олардың өнегелі өмірінен тәлім алу - тарихи тұрғыда қалыптасқан дәстүр. Осы  атадан балаға мирас болып, сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт - халықтың береке бірлігін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ынтымақпен  ұйысып, ел болуға ықпал ететін құндылық. Өнегелі өмірімен жұртына сыйлы ақсақал көп. Абай елі де ақылы дария қариялардан  кенде емес. Аудандық ардагерлер кеңесі, 9 бастауыш ардагерлер ұйымы өңірдегі атқарылып жатқан барлық келелі бастамаларға, аудан өркендеуі үшін жасалатын қандай да бір жұмыстарға белсенді атсалысып, мақсатты іске халықты жұмылдыруда ерен еңбек сіңіріп келеді. «Көп жасаған қария - ақылы теңіз дария» демекші, мұндай жандардың қатары біздің ауданымызда жетерлік. Аға буын өкілдерінің ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанқиярлық ерлігі, одан кейінгі тұралаған өндіріс пен халық шаруашылығын қалпына келтіру, басқадай да сан-салалы жұмыстарды атқару кезіндегі ерен еңбектері өскелең ұрпақ тарапынан ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс.

 Ерік - жігерін ұрпағының жарқын болашағы үшін сарп еткен қарияларымызды қадірлеу - баршаның міндеті. Ұрпақ үшін тағылымы мен тәрбиесі мол әр жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін 1 қазан - Халықаралық қарттар күні Қарауылда да биыл айрықша аталып өтті.

      Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының ұйытқы болуымен аудан басшылары, ауданның игі жақсылары қатысқан ауданымыздағы «Атамекен» тойханасында өткен осынау шуақты мерекеге саналы ғұмырлары жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық қариялар жиналды. Жастары 75-тен 100-ге дейінгі аралықтағы ақ жаулықты әжелер мен көкірегі шежіреге толы қазыналы ақсақалдар, аудан басшылары қатысты.

 «Атамекен»  тойханасында өткен мерекелік шарада ауданымыз бойынша  жасы 75- тен асқан қарияларға арналып арнайы дастархан жайылып, сый- сияпаттар үлестірілді. Жайшылықта қарыс қадам шыға алмайтын, дария кеуде, тау мүсін қазыналы қарттарымыз мерейлі мерекелерінде өзара бас қосып,  өткен кеткенді әңгіме етіп, арқалары кеңіп, шүйіркелесіп, бір жасап қалғаны рас. Әсіресе, залда қойылған  ата-әжелеріміздің шебер қолдарынан шыққан көне бұйымдар көрмесі де көпшілікті тамсандырып, көз қанықтырды.

Қарттар күнінің әр ауылдық округтерде мерекеленіп жатқаны, тіпті мекемелерде де өткізілуі - оларға деген өскелең ұрпақтың құрметі екені даусыз. Жылдағы дәстүрге сай ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Сағдат Тәтиева басқаратын ұйымшыл ұжым бұл күні де үлкен даярлық жасапты. Оны қарттардың әжім әдіптеген жүзіндегі қуаныштан анық аңғаруға болатын еді.

        Қарттарға арналған мерекелік кешті ақын, ҚР мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиев аудан жетістіктерін, оның ішінде  аға буын өкілдерінің қоғамға  қосып жүрген үлестерін  жеткізе келе  өз мәнінде  жүргізіп отырды.

Мерекелік кеш ең алдымен «қаламқастық» әншілердің тамаша әнімен бастау алды.  Қазыналы қарттарды ең алдымен аудан әкімі Т.Мүсәпірбеков төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ақ самайлы аналарымыз да мерекелік шарада  ақ тілектерін ағытты. Еңбек ардагері, ұзақ жыл «Казпотребсоюз» мекемесінде кәсіподақ ұйымының хатшысы болған аяулы ана Өмірзақова Бақытжамал, тоқсан жастан асқан қарт ұстаз Күләш Жакупова сынды тағы бірқатар аналар барлық қарттарды ақылшы болып, немере-шөберелерінің қызығын қызықтап жүре берулеріне тілектестік білдірді.

Осылайша, ата-әжелер айтқан ақжарма лебіздер баталы тілекке ұласты. Көкіректері ояу, кеуделері орден- медаль мен тұңғиық сырға толы, кейінгі ұрпаққа мақтан болатындай ұлағатты істерімен сыйлы қазыналы қарттарға арнап  Қайрат Қабышев, Еркін Жолжігітов, Ақбота Кәрменова, Еркеназ Мәнненова, Таңнұр Жақсыбеков сынды «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншілері әсем әндер шырқап, күмбірлете күй тартып, көңілдеріне шуақ сыйлады. Биылғы жылдың бір ерекшелігі «Қаламқас» халық ән-би ансамблі ғана емес, қарттарымыз да ән шашудан  қалыспады. Өз мерекелерінде өнерлерімен тәнті еткен аға буын өкілдерінің ізгі ісі көпшілікке, әсіресе  жастарға үлгі болғаны хақ. Атап айтсақ, Секен Қалиев, Нұрдырахман Қасабай, Ақыл Нұрмұхамбетов, Әсауира Құрышева, Нағила Шаңбаева, Қадиша  Қадырова, Жаңылхан Аманжолова, Майра Сіләтаева, Дәметкен Әлиясқарова және ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда ерен еңбек сіңіріп жүрген «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері шырқаған әндердің құлақ құрышын қандырғаны анық.  Құдды бір ән бәйгесі дерлік әсер қалдырды.  Иә, қариялар жағы  ерекше көңілді еді. Бір дастархан басында шүйіркелесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрысып, әсем ән тыңдап,  сый-сияпатқа кенеліп бір жасап қалды.

Ақын Т.Жанғалиев жетекшілік ететін М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбы шәкірттерінің жүрекжарды жырларын ұйып тыңдаған қариялар бастау-бұлақтан сусындағандай ма дерсіз.

Ата-әжелеріміз осындай әсерлі кеш сыйлаған Абай елінің басшысы Тұрсынғазы Жантұяқұлына, аудан басшыларына, Сағдат Әбікенқызы бастаған әлеуметтік сала қызметкерлеріне,  келесі жылы құрылғанына 45 жыл толатын, өнері республикаға танымал  «қаламқастық» өнерпаздарға  алғыстарын жаудырып, береке-бірлікпен алда талай асуларды асып, ауданымыз бұдан әрі көркейіп, жақсылықты істердің куәсі бола берейік деген ілтипатты ниеттерімен де бөлісті.

Мерекелік кеш соңында  облыс әкімінің  Абай ауданы бойынша кеңесшісі, аудан экономикасының дамуына  зор үлес қосқан ардагер ақсақал Байбота Орынбаев тебірене сөз сөйлеп,   ҰОС ардагері, қарт журналист, ел абызы,  Елбасына бата берген батагөй ақсақал Жағыпар Жүнісжанов ұлағатқа толы бата берді.  Емен-жарқын, жайдарлы жағдайда өткізілген басқосудан қарттарымыз риза көңілмен тарасты.

«Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» деген екен Бұқар жырау. Ұлағатты сөзді зейініне зерделеген ұрпақ қашанда қарттарын қадірлейтіні анық. Лайым, қарттарымыз қамықпасын! 

 

Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

 

Page 9 of 29

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар