Видео

}     

ӘКЕЙДІҢ ҚАБІРІН ТАБУ ҰЗАҚ ЖЫЛҒЫ АРМАНЫМ ЕДІ

ӘКЕЙДІҢ ҚАБІРІН ТАБУ ҰЗАҚ ЖЫЛҒЫ АРМАНЫМ ЕДІ

Оңғар Сыдықбайұлы:

 

ӘКЕЙДІҢ ҚАБІРІН ТАБУ ҰЗАҚ ЖЫЛҒЫ АРМАНЫМ ЕДІ

 

Бүгінде Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, сұрапыл жылдарда ұрыс даласынан қайтпай қалған майдангер аталары жайлы мәліметтер іздестірген сан ұрпақ мол мұралармен қауышқаны белгілі. Араға аттай 70 жыл салып, іздегені табылып, өшкені қайта жанғандай күй кешкен жандардың бірі Қарауыл ауылының тұрғыны, зейнеткер Оңғар Сыдықбайұлы. Соғыстың аласапыранында хабар-ошарсыз кеткен әкесі жайлы деректер нақтылана салысымен сәуір айының басында Ресейдің Новгород облысы, Демян ауданы, Кипина ауылындағы әкесі жерленген бауырластар зиратына барып, Құран бағыштап, рухына тағзым етіп қайтқан еді. Майдангер Сыдықбай Жайлауовтан бүгінде қалған жалғыз тұяқ - ұлы Оңғар Сайлаубайұлынан арнайы сұхбат алған едік.

 

— Аға, алдымен осы сапарыңыз жайлы, көптен бергі орындалмай жүрген арманыңызға қол жеткізгендегі әсеріңіз жайлы ортақтассаңыз?

— Соғыстың жүректерге салған жарасы өте ауыр. Қаншама отбасы қара жамылды, қаншасы әкеден, баладан, бауырдан, сүйгенінен айырылып, қан жұтты, қабырғалары қайысты. Менің де әкем сұм соғыстың құрбаны болған жандардың бірі. Ол кезде баламын ғой. Көп нәрсе есімде жоқ. Бертін келе бала-шаға өсіп, немере ер жеткен соң, етек-жеңімізді жинап, әкем жайлы мәліметтерді жиыстырумен болдым. Заманның ағымына қарай, ғаламтор арқылы ұл-қыздарым да іздестіріп, бірлі- жарым деректер табылған соң оны нақтылай түстік. Өткен жылдың қараша айынан бастап қарқынды жұмыс жүргіздік. Ақырында тың дерек тауып, ұлым Ержанмен бірге сәуір айында әкем жерленген бауырластар зиратына барып қайттық. Ең алдымен жолымызды оңғарсын деген ниетпен ұзақ сапарға Құран-хатым түсіріп барып аттандық. Әуелі Семейден Астанаға, одан Мәскеуге жол тартып, онда ұлым Ержанның курстас досы Талғат Уалханов келіншегі Айжанмен бізді күтіп алып, үйінен дәм татырып, Мәскеуден Кипино ауылына дейін апарды. Барғанымызда алдын-ала құлағдар болып отырған сол жердегі әкімшілік қызметкерлері де құшақ жая қарсы алып, бізге арнайы Уаз көлігі мен техникалық машина қосып берді. Тас жолдың екі жағы қалың ну орман, белуардан келетін сазды батпақ екен, арнайы техниканың көмегімен ғана діттеген жерімізге жете алдық. Өз күшімізбен бұл жерге келу мүмкін болмас еді. Осылайша, әкемнің жатқан жерін өз көзіммен көріп, жанарға жас алып, басына белгі орнатып, туған жердің бір уыс топырағын сеуіп, Құран бағыштап қайттық. Тағы бір айта кетерлігі, біз бірінші болып әкеміздің аты-жөні мен туған және қайтыс болған күндері жазылған фотосуретін қойыппыз. Талай жылғы арманым, әке алдындағы парызым орындалды десем болар. Туған жеріме әкем жатқан жердің бір уыс топырағын алып келіп, шешемнің басына сеуіп, құран оқып, қатым түсірдік.

— Кешегі әкеңіздің толарсақтан саз кешкен ізімен сіз де жүріп өтіп, арнайы белгі тақта орнатып, ұрпақ парызын өтепсіз. Осы сапарыңызда әкеңіз жайлы қандай деректер біле алдыңыз?

— Бізді арнайы сол жерге жеткізген әкімшілік қызметкері Павлов Александр деген азамат жол бойы бізге көп жайтты әңгімелеп берді. Ленинград түбі қоршауда қалған тұста, көмек келгенше аянбай соғысып, қатты ұрыстан екі жақтан да талай жауынгер опат болған екен. Сол жердегі мұражай директоры Евгений Анатольевичтың айтуынша, ғылыми жоба қорғауға келетін студенттер экскурсия жүргізіп, жер астынан талай мүрделер мен зілдей ауыр қару-жарақтар тауып, мұражай қорына табыстапты. Ал бауырластар зиратында құрбан болған майдангерлердің есімдері жазылған қос бірдей тақта орнатылған екен. Соның ішінде менің әкем де бар. Тек аты-жөні қате жазылған. Сондай-ақ, көзіме оттай басылған екі қазақ азаматының да есімдері жазылып тұр. Бірі Жаймұханов Ирғали (07.02.43 ж) және Жураев Төлепжан (17.09.42) деп жазылған. Сіздерге арнайы айтып отырған себебім, мүмкін біреудің туысы, туғаны болар. Біз де осы мұражай қорына әкеміз Сыдықбай Жайлауовтың өмірбаянын және Ұлылар елінен келген соң ауданымыздағы мүсін өнерінің майталманы Сәтбек Сьязхановтың Абай, Шәкәрім, Мұхтар бюстін табыстадық. Өз кезегімізде Сәтбекке зор алғыс білдіргіміз келеді.

— Оңғар аға, кезінде әкеңізге халық жауы деген жала жабылған екен. Осы жайында толығырақ тоқталсаңыз?

— Әкем 1928 жылы құрылған Шыңғыстау аудандық партия комитетінде осы ауданнан шыққан алғашқы он коммунисттің бірі болған екен. 1930 жылдары қазіргі Қасқабұлақ ауылының маңындағы Күлмен ауылдық кеңесіне қарасты «Жаңа талап» колхозында бастық болған. Өздеріңізге белгілі, сол жылдарда елдің зиялы қауымын халық жауы деген жаламен айыптау басталған еді. Менің әкем және Атымтаев Ораз, Боябаев Мұрат деген азаматтар да асыра сілтеудің, жазықсыз жаланың кесірінен Ресейдің Қиыр Шығысындағы Магаданға жер аударылып, кейіннен үшеуінің де кінәсі жоқтығы дәлелденіп, ақталып келген екен. Мен ол кезде іштегі нәресте екенмін. Әкемнің жолын оңғарсын, аман-есен келсін деп мені Оңғар атапты. Содан кейін соғыс басталып, 1941 жылы Красноярский край, Красноярск қаласы, Киров ауданынан Отан қорғауға аттанған екен. Содан қайтып оралмаған әкемді талай жылдардан кейін тауып отырмын.

— Майдангердің ұрпақтары жайлы айтып өтсеңіз?

— Әкемнен менің үлкем ағам 1932 жылы дүниеге келген Қасым Сыдықбаев және мен, кіші қарындасым Қапиза тараған. Алайда, Қапиза ерте өмірден өтсе, ағам да қазір бұл өмірде жоқ. Мен анамнан ерте айырылғаннан соң Сақып деген нағашы апамның қолында тәрбиеленіп, ер жеттім. Қасым ағам мен Дәмеу жеңгемізден бүгінде Әлия, Бота, Еренғайып, Рымтай, Айсұлу, Алтай есімді балалары өсіп-өнген. Мен де Төлеуғайшамен отасып, бүгінде 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырмыз. Қыздарымыз Нұргүл, Назгүл, Гүлжан, Балнұр, Бейбіткүл және Ержан, Серікжан, Нұржан атты ұлдарымыз бүгінде бір-бір жанұя болып кетті.

— Адам ұрпағымен мың жасайды демекші ұрпақтарыңыз өсіп-өне берсін. Майдангер атасының ерлігін үлгі етуден жалықпасын. Берген сұхбатыңызға рахмет!

— Сіздерге де рахмет! Сапарымда қол үшін берген барша ауылдастарыма, туған- туыстарға, Кипино әкімшілік қызметкерлеріне алғысым шексіз. Соғыс атты нәубет енді болмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

 

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар