Видео

}     

Байрақ боп өткен бабалар

Байрақ боп өткен бабалар

 

Байрақ боп өткен бабалар

 

Батырлықтың белгісі,

                                                                                                             Оққа қарсы шабады.

                                                                                                            Ақыл - ойдың белгісі,

                                                                                                             Ойласа ақыл табады.

(Сүйінбай).

 

     Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біздің ұлттық мәдениетімізде жалпы азиялықтарға тән биязылық, өткенге салауаттық жасау, үлкенді сыйлау, жасқа қамқорлық, қысылғанға қол ұшын беру, ағайынның ауызбірлігін сақтау – бәрі-бәрі бар. Сол ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың міндетіміз»,- деген еді. Біздің бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі сан ғасырлық тарихы бар, әлемдік өркениет жауһарлары қатарына енетін мәдени мұраларға да бай ел. Ұлан - ғайыр даламызды жандарын шүберекке түйіп жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған хас батырларымыз да қаншама. Сондай ел қорғаған батыр бабаларымыздың бірі - Көкенай Үмбетейұлы. Ол шамамен 1648-1728 жылдарда өмір сүрген,Тобықты руынан шыққан әрі батыр, әрі би, өз заманында есімі қалың қазаққа аян болған адам. Шәкәрім «Шежіресінде» Сарыдан: Үмбетей, Мәмбетей, Мәмбетсопы, Кішік тарайды. Әнет баба Кішіктен тараған Көкенайдың би ағасы.

       Ақын Қалихан Алтынбаев «Мамай батыр» дастанында Көкенай батыр туралы:         Көкенай қолбасшының біреуі еді,

                     Айбары Тобықтының тіреуі еді.

                     Қалмақтың бес - алтауын жайратты да,

                     Оқ тиіп аттан түсіп жүреледі,

                     Сол кезде Мамай батыр он үш жасар,

                    Жаспын деп көрінбейді жаудан қашар.

                     Найзамен бір қалмақты түйреп - жаншып,

                     Жасаған тұңғыш рет жүрек жалғар- деп батырдың бір ұрыстағы ерлік қимылдарын тілге тиек етеді. Көкенай батыр ұрыс даласында ауыр жарақаттан көз жұмған екен. Халқының тәуелсіздігі жолында көптеген жорықтарға өзінің егде тартқан жасына қарамастан қатысқан. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс» дастандары мен тарихи деректерінде Әнет баба, Мамай, Тоқтамыс батырлармен қоса, Көкенай батырдың ерліктері де ерекше ілтипатпен айтылады.

                     Көкенай – Мәмбетейдің бастаушысы,

                     Өзі батыр, мінезі қатты кісі,

                     Сол кісінің алдынан тараушы еді

                    Әнет бабадан соң бұл елдің көп жұмысы. (Қалқаман-Мамырдан)

Ә.Исахановтың «Көкенай-батыр, әрі би» кітабының алғашқы тарауында батырдың арғы тегі, батырлық қимылдары, жанкешті ерліктері өлең сөздерімен былайша өрнектелген:

«Көкеңнен Мамай бата алған,

                                         Туын да қолдан түсірмей,

                                         Шыңғысқа дейін апарған.

                                         Ауысты сол ту басқа ерге,

                                           Оза бір шыққан қатардан.

                                           Одан соң елдің ішінде,

                                           Тоқтамыс туы атанған.

                                           Солардың бәрі кезінде,

Батырлар болды қаһарман.»

Ел үшін жанын қиған Көкенай, Мамайдай батыр бабаларымыз қасиетті Түркістан жерінде мәңгілік тұрақ тапқан. Бұл халқымыздың өзінің біртуар қаһарман ұлдарына деген құрметі.

       Көкенай Үмбетейұлы жаужүрек батыр ғана емес, билік те айтқан би болған. Бірде Қазақ елінен мал ұрламақ болып келген қалмақтың бір топ жігіттері ұрлық үстінде қолға түсіпті. Қазақ елінің әз Тәуке хан жариялаған тәртібі бойынша мұндайлар ел биінің алдынан өтіп, тиісті жазасын алуы керек екен. Осы жөн бойынша қолға түскен қалмақ жігіттерін жазалау билігін Ұлы би Әнет баба Көкенайға міндеттеп, «Айтқан сөзі атқан оғындай мүлт кетпес батырым, мына қалмақ елінен келіп арандатып жүрген жігіттердің жазалау билігін өзің шеш, жөнсіз қан шығармай жазаласаң деймін»,- деген екен. Сонда Көкенай: «Жекпе-жекке шығар ері болса бір сәрі, болмаса мініп келген аттарының жал – құйрығын тұл қып күзеп, сол аттарымен еліне қайтарылсын»,- деп билік айтқан екен. Осы айтылған билік орындалыпты. Ол заманда билік дұрыс болмаса, би деген атқа да, әрі қарай билік айтуға да құқығы болмайды деседі. Көкенайдың билігі дереу орындалып, қалмақ жігіттері құйрық-жалы сымпия күзелген аттарымен еліне қайтарылыпты. Малын алдырған Байбөрі деген бай Көкенайдың билігіне наразылық білдіріп, «тым құрыса ол нағылет жауғырларға дүре соғып, бір атқа екіден мінгестіріп, жартысының атын алып қалу керек еді, құйрық – жалын күзеп, аттың жазығы не?»- дегенде, Көкенай тұрып: «Тынысы тар тұңғиыққа сүңгісе тұншығады, әлін білмей қамшы ұрған тұтылады. Бас аяғымыз жиюсыз жайылып жатқанымызды біліп отырған қалмақтың әдейі сойқан шығаруға жасап жүрген ілгішектері аз емес, бізге көрші елмен соғысудың, араздасудың жолы тарылып тұрған кез, сондықтан асыра сілтеу жөн емес. Олардың мініс аттарының жал – құйрығын күзеттіргенім, ат иелерінің тірі болса да өлтірілді деген белгісі. Екі елге де мәлім бұл ырымды білетін қалмақтарға енді аяқ басса тірі қайтпайтынын сездіруім. Қорқақты қамыс сылдыры тоздырады, елдің амандығын тыныштық оздырады. Ақылды іс-саулығың, қисынсыз іс-өзіңе істеген жаулығың болар»,-деп ұғындырыпты. Жеті Момын ішінде байлығымен даңқы шыққан Байбөрі бай Көкенайдың төрелігіне риза болып қайтқан екен дейді. Тобықты ішінде Мәмбетейдің қызы Мамыр мен Кішік атаның Әйтегінен туған Қалқаман сөз байласып, қазақтың жеті атаға толмай үйленуге тыйым салатын заңын бұзғанда Әнет баба Көкенайға «Қалқаманды жазалаудың оңды түйінін өзіңе бердім»,-депті. Сонда Көкенай «Оқ байлау» жазасын таңдаған екен. «Оқ байлауда» тірі кетсе, қайта жаза жоқ екен. Бұл құралайды көзге атқан мерген Көкенайдың Қалқаманды өлімге қимауынан болса керек-ті.

           Көкенайдың жаужүрек батырлығымен, әділ айтар билігімен қоса ел аузында шешендік, тапқыр сөздері мен нақылдары да қалған. Ел басына күн туған қатерлі кезеңдерде тұлпар мініп, ту алған тұғырлы тұлғалардың бірі де бірегейі – Көкенай Үмбетейұлы. Ол елдің шапқыншылық заманында алға шығарар батыры, халықтың тап басып айтар әділ биі болған дара тұлға.

       Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» атты Жолдауында 2015 жылы елімізде ресми түрде төрт мерекенің атап өтілетінін айтқан болатын. Сол әр мерекенің ел тарихында алатын орны ерекше. Солардың ішінде – Қазақ хандығына 550 жыл толатын атаулы күнді айрықша деуге болады. Өйткені, Қазақ хандығы өзінің алғашқы күнінен бастап, Қазақ елінің қабырғасын қатайтып, іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктеді. Сол жолда жан аямай тер төккен, азаттықты ту еткен ерлерімізді келер ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз. Осыған орай Саржал ауылында Қазақ халқының біртуар батырларының қатарында аталатын, қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи қабірнамасында Шығай хан, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай хандар, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тарақты Байғозы, Тобықты Мамай батырлармен бірге жерленген Көкенай батырға арналған ескерткіш тақта батыр атымен аталатын көше бойында орналасқан орталық паркте қойылған. Халық батырларының ерлік істері, күрескерлік қасиеттері еліміздің азаттық, еркіндік жолындағы тарихының құнды беттері болып саналады.

Жұман АСҚАРОВ

«Саржал ауылдық округі әкімінің аппараты»

ММ бас маманы

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар