Ұлы Абай Құнанбайұлына 170 жыл
Болат Самырбай:
АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕ «ӘРУАҚ» СӨЗІН ҚОЛДАНБАҒАН
— Болат Нұрболатұлы, Абай шығармашылығы діни-тағылымдық һәм тәрбиелік қырымен де ерекшеленеді. Адамшылықтың шырқау шегі саналатын «кемел адам» идеясын дана ақын Құран мен Сүннеттен - теңіз түбінен маржан тергендей сүзіп алғаны белгілі. Ал Абайдың ақыл кенінен ағылған иләһи даналық бұлағы ешқашан сарқылмасы анық. Осы орайда, хакімнің өзіңіз жатқа білетін, әрі өмірлік ұстаным санайтын қандай діни тәрбиелік сөздерін немесе өлең шумақтарын оқырманға талдап берер едіңіз?
- Халқымызға дана Абайдай әйгілі тұлғаны берген Аллаһ Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Ибраһим Құнанбайұлын еске алғанда әуелі оның Жаратушы туралы, дін жайлы тағылымды өлеңдері, қарасөздері еске түседі. Мәселен, хакім:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас», - деп Аллаһтың бар екендігіне ерекше мән беріп тоқталған. Бұл өлең жолдары арқылы бабамыздың Құранды зерделеп, сүре-аят сырларына терең бойлағанын білеміз. Екінші өлеңінде:
«Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі сол айтты.
Ақыл сенбей, сенбеңіз.
Құран-хадис емес қой,
Күпір болды демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз!», - дейді. Бұдан келер қорытынды - Аллаһтан келген аятқа, Пайғамбарымыздан келген хадиске күмән келтіруге хақымыз жоқ. Ал пенденің білместікпен айтқан, я болмаса шариғатқа қайшы келетін сөздеріне ермеу қажет.
— Абай өзінің 16-шы қара сөзінде бәзбір қазақтың діндарлығын сынға алып: «Біздің қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып әуре болып жатпайды» деп кейістік білдіреді. Осы жолдарды «тәпсірлеп» бересіз бе? Бұл сөз қазіргі күні де мәнін жоймаған секілді...
— Дана Абайдың бұлай айтуының өзі сол кездегі халқымыздың басым көпшілігінің діни сауаты төмен болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әр нәрсенің өз жолы болады, ал жәннаттың жолы – білім» дейді. Сондықтан бірінші кезекте адам баласы білімге құмар болуы керек. Ал, енді сол уақыттағы қазақтың көпшілігінің оқуға жағдайы болмаған. Бай баласы болмаса, кедей баласы жалшылықтан босамаған. Ондай адамның білім деңгейі қандай болмақ? Молдаға беріп арабша хат танытқаннан кейін ары қарай оқытуға жағдайы болмаған. Азды-кемді сүре-аят жаттағаннан кейін намазға жығылуды үйренеді де, білімнің аздығынан құлшылықтың шынайы ләззатын түсіне алмайды. Көпшілікпен тұрып, көпшілікпен жығылып жүре береді. Хакім Абай «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде осы жайға байланысты:
«Ойында жоқ олардың,
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы -
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға,
Тырысар, келсе шамасы», - дейді. Бұл - ізденістің кемдігін, орыс тіліне ғана иек артатынын, оның өзінде де тек өзгенің үстінен арыз-шағым жазуды үйренуді ғана мансап санайтынын көрсетеді. Құдайға шүкір, бүгінде араб әліпбиін меңгеріп, Құранға түскен жерлестеріміз аз емес. Намаздың 12 парызының бірі - қирағат. Қирағат дегеніміз Құран аяттарын дұрыс оқу. Қирағат дұрыс болмаса, намаздың қабыл болуы қиын. Ал, дінді тазарту дегеніміз – ізденіс. Ислам ғалымдарының бірінің айтқан сөзі: «Екі күні бір-біріне ұқсаған адам - зиянда» дейді. Демек, бүгінгі алған білімді ертеңгі күні дамытып, жаңадан үйреніп, ілімді көбейте беру керек. Мысалы, кеше бір әріп үйренсеңіз, ертеңгісін сол білімді жетілдіріп тағы бір әріпті, одан кейінгі күні келесі әріпті үйреніп, бір орында тұрып қалмау керек. Аят-хадис жаттап, оған амал етуде де солай. Абай хакімнің айтайын деген негізгі ойы осында деп білемін.
— «Кемел мұсылман кемел адам, жарым мұсылман жарым адам» деп келетін ақын сөздерінен адамшылықтың толық болмағы имандылыққа байланысты екенін ұғынамыз. Иманды адам – қоғамның толыққанды мүшесі болатыны анық қой!..
-Бұл жерде бірінші әуелі имандылық тұрғысында айтылған. Екіншіден адамның білім деңгейі туралы да меңзеу бар. Адам баласы өз білімін өмірімен байланыстыра алса – онда оны толық адам деп тануға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Иман мен амал адам баласының екі қолы сияқты. Бірінсіз бірі іске аспайды» дейді. Иман болып - амал болмаса, амал болып - иман болмаса, онда пайда жоқ. Сол себепті иман мен амал міндетті түрде қабысуы керек. Сол кезде ғана ол жемісін береді. Яғни, толық адам - өзінің тіршілігін құлшылығымен байланыстыра білген адам.
— Абай – ойшыл тұлға. Жаратылыстанушылар «адам неден жаратылды?» деген сұраққа жауап іздесе, Абай ол сауалдың аясын кеңейтіп «Адам – кім?» деген сұраққа діни догма тұрғысынан жауап қайырады. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» деп келетін өлең жолдарында «бес асыл іс» бойынан табылмайтын пенденің ешкім де емес екенін меңзейді. Жалпы, адам бойындағы жақсылық-жамандық сынды қасиеттер туралы Абайдың тағы қандай пайымдарына баса тоқталар едіңіз?
— Дана Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өліңінде:
«Ел бұзылса, құрады шайтан - өрнек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға берер көмек», - деп толғанады. Расында «шайтан азғырды, анау айтты, мынау айтты» деп жататын жұрт көп. Шариғатта «адам егер өз нәпсісіне ие болса, бағындыра білсе - періштелерден артық болады. Ал, ие бола алмаса – хайуаннан да күні төмен болмақ» делінген. Қазір БАҚ арқылы жаңалықтардан хабардармыз, неше түрлі бұзақылық, қылмыстар орын алуда. Мәселен, қандай хайуан өз төлін тастап кетеді? Ал, адамзат хайуаннан төмен сорақылыққа барып жатыр. Жануарда ақыл жоқ, нәпсі бар. Ал періштеде нәпсі жоқ, ақыл бар. Адам баласында ақыл да, нәпсі де бар. Егер ол нәпсіге жеңдіретін болса, хайуаннан төмен болып, ал ақылына жеңдірсе Аллаһ алдындағы дәрежесі періштеден артық болады.
— Бүгінде кейбір дінтанушылар «Абай Аллаһқа серік қоспаған, Ислам дініндегі Таухид ілімін (бір құдайға ғана сиыну) берік ұстанған тақуа жан болған» деп жүр. Бұл мәселеге ақынның қандай өлең жолдарынан дәлел табуға болады? Жалпы, дініміз айыптайтын - ырымшылдық, Аллаһтан өзге бір нәрседен жәрдем сұрау, тұмар тағу сынды күнәлі істерге хакімнің көзқарасы қандай болған!?.
- Қазақ «әкеге қарап ұл өседі» дейді. Ал, Абайдың әкесі Құнанбай - қажы. Меккеде Тәкие тұрғызған, Қарқаралыда мешіт салдырған тұлға. Сондай-ақ, Өскенбай да діндар адам болған. Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай қажы» кітабында Өскенбай зекет жинай келген қожаларды алып қалып, баласы Құнанбайды оқытқаны айтылады. Діни сауатты Құнекең өз балаларына да кітаби есімдер қойғаны белгілі. Мәселен, Абайға Ибраһим деп ат қоюы, Әбдірахман, Мағауия, Ғабдулхаким т.б деп атауының өзі тақуалықтың, Ислам дініне деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Әйтпесе, ол заманда тіл-көз тимесін, ұзақ жасасын деген тәрізді бақсылық ұғымнан туған ныспы-есімдер де көп болған ғой.
Абайдың барлық туындыларында да ғибрат пен насихат бар. Енді назар аударыңыз, Абайдың ешбір өлеңінде, ешқандай қара сөзінде «Әруақ» деген сөз жоқ! Қай өлеңін алып қарасаңыз да Алланы ғана ауызға алып отырады. Мәселен: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Патша құдай, сыйындым», «Алла мінсіз әуелден пайғамбар хақ» деп келеді. Сондай-ақ, «Арғы атасы қажы еді, пейіштен татқай шәрбатты» деп келетін бір өлеңі де бар. Бұл жерде Абай өз әкесінің батырлығын, аға сұлтан болғандығын айтқан жоқ, діндарлығын ғана тілге тиек етіп отыр.
Дана Абайдың Таухид ілімін берік ұстанған, бір Аллаһтан басқаға сиынбаған жан болғаны ақиқат. Ешбір өлеңінде даңқты аталарының әруағынан жәрдем тілегенін көрмейміз. Мұның өзі хакімнің шариғат талаптарына аса жетік болғанын білдіреді. Себебі Құранда Жаратушы Иеміз: «Алладан өзге сиынғандарың қабықшаның үлесіне де иелік етпейді. Егер оларға жалбарынсаңдар сендерді естімейді, ал еститін болса, сендерге жауап қайтара алмайды, ал Қиямет күні сендердің серік қосқандарыңды мойындамайды» деген болатын. (Құран 35:14) Онымен қоса, Аллаһтан өзгеден тілек тілеу – дінімізде кешірілмес күнә саналады, егер райынан қайтып Тәубегеге келмесе әрине. Оған Пайғамбарымыздың мына бір хадисі дәлел: «Кімде-кім Аллаһқа еш нәрсені серік етпей сиынып жүріп өлсе – жәннатқа кіреді. Ал, кімде-кім Оған өзге бір нәрсені серік қосып кездестірсе – Тозаққа кіреді», хадисті Муслим жеткізген.
Жалпы, Абайдың дінді ұстану туралы өсиетін айтқанда мына бір сөздеріне тоқталмай кетуге болмас. Хакімнің: «Әрбір ақылды адамға иман парыз, ал, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деген бір ауыз сөзіне үлкен мағына сыйып жатыр.
— Абайды айтсақ, ойымызға дара тұлға Құнанбай да оралады. Ал Абай өзінің әкесі дүниеден озғанда ұлан-асыр ас бермегені тарихтан белгілі. Ел мен жер шежіресінде «Құнанбайдың асы» дейтін ас жоқ. Тобықтының игі-жақсыларының Құнанбайдың жылына деп жинаған үйірлі жылқы, отар қой, бірнеше бас түйені Семейге апарып, саттырып, медресе мен орыс интернатында оқып жүрген жас шәкірттерге (олардың көбі жетімдер болғаны белгілі) әкесінің рухына бағыштап садақа ретінде таратқан екен деген пікір де айтылады. Ақынның «бес дұшпаның білсеңіз» деп келетін өлең жолдарындағы «бекерге мал шашпақ» сөзі осыдан туындапты, «интернатта оқып жүр» деген өлеңдері осы кезеңде жазылыпты деген дәлелді пікір де айтылады. Бұл жайында дін адамдары не айтар екен?
— Жалпы өлген адамға ас беру, қырқын беру, жылын беру - ол біздің дәстүріміз. Бірақ, ол дінде жоқ. Шариғаттың бұйрығы емес. Дәстүрдің шариғатқа икемделуі арқылы қалыптасқан үрдіс. Мысалы, Наурыз мейрамы - отқа, күнге сиынатын Зороастризм дінімен бірге парсылардан келген болатын. Бірақ қазақтар оны да шариғатқа икемдеп жіберді. Адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, сыйлық беруі, ренжіскендердің қауышуы дінге қайшылығы жоқ, сол себепті ынтымаққа, ізгілікке құрылған мереке болып табылады.
Хадисте келетіндей, адам өлгеннен кейін амал дәптері жабылады. Тек кей бір адамдардың амал дәптерлері ашық тұрады. Оған артындағы ізгі ұрпағының дұғасы жазылады. Бұл жердегі Абайдың негізгі мақсаты сол – сауапты әкесінің рухына бағыштау, қазақтың көзін ашу, халыққа қызмет ету болғанын көреміз.
— Абай өлеңдерінде өзі «ғамалус солихин» деп атайтын Исламдағы ізгілік жасау, Алла үшін жақсы көру сынды қасиеттерді баса айтады. Алланың адамға, адамның Аллаға және адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін басты орынға қояды. Қазіргідей діни төзеалмаушылық, қалаберді радикалды ағымдардың экстремистік пиғылдары бой көрсете бастаған тұста имамдарымыз теңгелеп берілген садақаның сауабын емес, «мұсылман бауырыңа жылы жүзбен жымиюдың өзі садақа» делінген тәрізді хадистер тағылымын көбірек насихаттауға ден қойғаны жөн секілді.
— Дана Абайдың:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Аллаһты жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп ғадаләтті», - деген тамаша сөзі бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өз хадисінде: «Мұсылман адам - тілімен де, қолымен де ешкімге зияны тимеген адам» дейді. «Бір мұсылманның екінші мұсылманның көңілін қалдыруы - Қағбаны жетпіс мәрте қиратқанмен тең» деген хадис те бар. Осыған қанық Абай арттағыға рулас, аталасты ғана емес, «Адамзаттың бәрін сүй» деген өсиет қалдырады.
Ал, садақаға келетін болсақ, мұсылманның мұсылманға күлімсіреуінің өзі сауапты амал. «Жақсы сөз-жарым ырыс» дейміз ғой, жақсы сөздің өзі садақа. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзгелермен амандасқанда күлімдеп тұрған. Сол замандағы сахабалардың өзі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) қатты еліктеген. Бір күні Аллаһ елшісі (с.ғ.с) келе жатқанда соңындағы бір сахаба тұрып қалған екен. «Неге тұрып қалдың?» дегенде әлгі сахаба: «сіз арықтан оң аяқпен секірдіңіз бе, сол аяқпен секірдіңіз бе, байқамай қалдым» деген екен. Көрдіңіз бе, соншалықты еліктеген, әрбір ісіне мән беріп отырған. Пайғамбарымыздың(с.ғ.с) сүннетін күнделікті өмірімізде іске асыру әр мұсылманға міндет. Мысалы, сақал өсірсек, тақия кисек – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)-сүннетін орындаған боламыз.
Сөз соңында айтарым, біз, қазақ халқы руға, жерге бөлінген шығармыз, бірақ ешқашан дінге бөлінген емеспіз. Біз - Аллаһтың құлымыз, Пайғамбардың (с.ғ.с) үмметіміз, ата-бабамыздың жолы саналатын дәстүрлі Имам ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамыз. Тарихымызда дінаралық түсінбестік, дін атын жамылып бүлдіргі ашу болған жоқ. Бұл бізге кейінгі жылдарда келе бастады. Сұрқия саясатқа құрылған жат ағымдарға емес, аталарымыздан мұраға қалған төл дінімізді ұстану ләзім. Бұл орайда бізге Абайдың діни-тағылымдық өсиеттері де адастырмас темірқазық бола алады деп санаймын.
— Сұхбатыңызға рахмет, жұртшылықты имандылыққа ұйыту жолындағы еңбегіңізге жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
