Видео

}     

Ерік Қоянбаев: АТА ЗАҢ -АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

Ерік Қоянбаев: АТА ЗАҢ -АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

ҚР Конституциясына 20 жыл

 

Ерік Қоянбаев:

АТА ЗАҢ -АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

 

Биыл Тәуелсіз еліміздің төл Конституциясының қабылданғанына 20 жыл. Егемендік жылдарындағы осынау аралықта жаңадан қабылданған Заңнамалық жүйе ел Тәуелсіздігін нықтап қана қойған жоқ, ел азаматтары құқығының қорғалуын да қамтамасыз етіп, зайырлы һәм демократиялық қоғам құруда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл орайда Абай ауданында да заң талаптарының орындалуы жіті қадағаланып, өңірдің құқықтық тұрғыдағы дамуына зор мән беріліп отыр. Осы және Конституция туралы туындайтын өзге де ұғымдар жайлы Абай аудандық сотының төрағасы Ерік Сиырбайұлы Қоянбаевты сұхбатқа тартқан едік.

 

Биылғы жыл мерейтойлы жыл. Атаулы күндер ішінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы да ел бойынша кең көлемде аталып өтілмек. Осы орайда өзіміз жиі қолданатын Конституция терминіне түсініктеме беріп өтсеңіз?

— Конституция латын тіліннен аударғанда constitutio – заң, тұрақтылық деген мағынаны білдіреді. Кеңес өкіметі тарап, Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін 1993 жылы Парламент қабылдаған бірінші Конституция Республиканың дамуындағы зор қадам болды. 1993 жылы 28 қаңтарда егеменді қазақ мемлекетінің тұңғыш Конституциясын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірауыздан қабылдады. Сөйтіп, Конституция – егеменді, ешбір мемлекетпен ортақтаспаған Тәуелсіз мемлекеттің Ата Заңы болды. Ал, 1995 жылы 30 тамызда бүкiлхалықтық дауыс беру негiзiнде екiншi, қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді. Осылайша, Ата Заң мемлекетіміздің қуатына айналды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі - өнеге. Ата Заңның негізгі маңызын айтатын болсақ, дамыған демократиялық мемлекеттерде бірде бір адам өзінің құқығы мен бостандығын Ата Заңсыз елестете алмайды. Басқаша айтқанда, олар күнделікті өмірде өздерінің құқығы мен заңдарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген заңнамаларға жүгінеді. Конституция осылайша халыққа қызмет етіп, олардың тірегі болып табылады.

— Тұңғыш Конституциямызды Жоғарғы Кеңес (яғни, парламент) қабылдаса, қазіргі Конституциямыз республикалық референдумда қабылданды. Айырмашылығын айтыңызшы?

— Шынымен тұңғыш Конституциямыз Жоғарғы Кеңесте қабылданса, қазіргі Конституциямыз республикалық референдумда қабылданды, бұл екеуінің айырмашылығы бірінші Жоғарғы Кеңеспен қабылданған конституциямызда, яғни, халық Ата заңды қабылдауда өз еркін білдіруде мүмкіндігі шектеулі болса, қазіргі қолданыстағы Ата заңымызда халық тікелей референдумда дауыс беру арқылы өздерінің еркін білдіріп, Ата заңымызды қалыптастырған және онда мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындалды.

— Конституциямызға ҚР 1998 жылдың 7 қазандағы Заңымен   біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және біраз жыл өткен соң ҚР 2007 жылдың 21 мамырдағы Заңымен   өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Себебі?

- Тарихи деректерге сүйенсек, ұдайы дамып, жетіліп, өзгеріп отыратын мемлекеттік құрылыс пен қоғам өмірі конституцияның дамуына әкеледі. Ал, конституциялық реформа – қоғам дамуы тұсындағы қажеттілік пен бұқараның құқықтық таным талабы бойынша үкімет әрекетімен және саяси-құқықтық шешімдердің тізбегімен дүниеге келетіні белгілі. 1998 жылғы 7 қазанда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа өзгерістер мен толықтырулар қос палата қызметінің мерзімі, депутаттардың сайлануы, Үкімет мүшелерінің құзыреті шегінде анағұрлым кең дербестік беру, әкімдерді сайлау тәртібін бекіту мәселелеріне қатысты болды. Қазақстан саяси партиялардың пропорционалды өкілеттік негізінде партиялық тізім бойынша Мәжіліс сайлауына қатысуына мүмкіндік жасады. Қазақстандық қоғам дамуы мен мемлекеттің жаңа жағдайдағы негізгі қырларын айқындау мақсатында халықаралық тәжірбиеге сүйенген конституциялық реформа жүргізу мәселесі көтерілді.

2007 жылғы мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі құқықтық реформа­лар уақыт талабынан туындаған өзгерістер болатын. Президенттік басқарудан демократиялық сипаты басымырақ парламенттік жүйеге өту кезеңі келді. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік және тежемеліліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталды. Біздің ойымызды адам мен азамат құқылары жөніндегі 1789 жылғы француз Декларациясындағы мына бір қағида бекіте түседі: «Құқық кепілдігі жоқ және билікті бөліске салмаған қоғамда конституция болмайды».

2007 жылғы 16 мамырда парламенттің қос палатасы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын қолдап дауыс беріп, 2007 жылғы 21 мамырда арнайы заң қабылданды.

Тәуелсіз Қазақстандағы саяси-құқықтық өзгерістердің нәтижелі болуын қамтамасыз етуге, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың жаңа тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің қалыптасуына ықпал ететін конституциялық реформалардың маңызы зор. Конституциялық реформа – мемлекетімізді одан әрі демократияландыру жолындағы маңызды та­рихи кезең. Бұл реформалар саяси-әлеуметтік дамуға, экономикалық жаңару мен жаңғыруға үлкен серпін берді. Конституцияның жаңа үлгісімен мемлекетіміз ұзақ жылдар алға қойған үлкен мақсаттарды орындауға қадам басты. Конституциямызға енгізілген демократиялық өзгерістердің негізгі бағыттарын мыналардан көруге болады. Біріншіден, бірқатар билік уәкілетті Парламентке өтті, яғни құзыреттік міндеттер қайта бөлінді. Осылайша Парламенттің рөлі күшейіп, мемлекеттік басқаруға жаңа үлгі – президенттік-парламенттік басқару жүйесі бекітілді. Елбасының депутаттық корпуспен билік өкілеттігін бөлісу күшпен немесе қысыммен емес, Президенттің өзі қабылдаған шешім бойынша жүзеге асып отыр.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, Парламент жаңа өкілеттікке ие болудың арқасында Үкімет құрамын жасақтау, сондай-ақ қажет кезінде үкімет мүшелері – министрлерді кері шақырып алу және атқарушы билік органдарына бақылау жасау құқына ие болды. Заң шығарушы ұйым реформаларға тиісті заңнамалық база қалыптастырумен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға да бақылау жасайтын болды.

Мемлекеттік биліктің бірыңғай жүйесінде сот билігі өте маңызды орынды алады. Сот билігі адам­дар мен ұйымдардың заңды мүдделері мен еркіндіктерін, Конституцияның, заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді. Сот билігі жа­залап қана қоймай, ең алдымен, адамдардың құқылары мен еркіндіктерін қорғайтындығы айшықталды.

- Конституциямыздың 1 бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» -деп жазылған. Құқықтық мемлекет қандай мемлекет болуы керек деп ойлайсыз?

Қазақстан Республикасының Контитуциясының 1 бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген, бұл айтылған әрбір сөздің өзіне бірер сағаттан тоқталуға болады, енді құқықтық мемлекет қандай мемлекет болуы керек дегенге қысқаша жауап қайыратын болсам, құқықтық мемлекет дегеніміз - конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет нысаны болып табылады. Құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқығы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет.

Құқық үстемдігі деген ең алдымен заң үстемдігін білдіреді. Басты, маңызды, негізгі қоғамдық қатынастар заңмен реттеледі. Қоғам өмірінде заң үстемдігі арқылы, барлық саяси институттарда жоғарғы құқық бастаулары, құқық рухы енгізіледі. Осылайша, азаматтардың құқықтарының шынайылығы әрі мызғымастығы, олардың сенімді құқықтық мәртебесі, заңдық қорғалуы қамтамасыз етіледі. Құқықтық мемлекет - ең алдымен, құқықтық мемлекет идеялары іске асқан конституциялық мемлекет. Конституциялық құрылымның негізгі қағидаттары, қоғам дамуының маңызды бағыттары, оның басты идеялары конституциялық деңгейде бекітіледі. Конституция құқықтық жүйенің орталығы болып табылады. Соның негізінде құқықтық мемлекеттегі заңдылық тетіктері қалыптасады. Бұл айтқан белгілердің барлығы бүгінгі Ата заңымызда орын алған және орындалуда.

— Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ұлы қайраткер Черчилль айтқандай «... бұдан артық ел басқарудың жолын ешкім ойлап тапқан жоқ». Біздің Конституциямыздағы (14 бап) «... әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деген қағида өкінішке орай, кейде орындалмай жататыны шындық. Бұған заңгер ретінде көзқарасыңыз?

- Енді қоғамда барлығы бірдей болмайды, бес саусақ бірдей емес дегендей кейбір жағдайларда кейбіреудің құқығы бұзылып жатуы мүмкін, ондай жағдайлар қоғам болғаннан кейін орын алуы да заңдылық, себебі дүниедегі ең дамыған мемлекеттердің өзінде азаматтардың құқықтары бұзылмайды дегені жалған болып табылады, ондай келеңсіз жағдайлар біздің де өмірімізде орын алуы мүмкін, бұндай жағдайларда азамат өзінің құқығын сот арқылы қорғай алады және сотта Сіз айтқандай әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына байланысты кемсіту немесе бұрмалаушылық орын алмайды деп нық сеніммен айта аламын.

- Конституция еліміздегі әрбір адам құқығын қорғау, сот билігі Конституциядан бастап барлық заң актілерінің бұзылмауын, орындалуын қадағалайды емес пе? 2000 жылы «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңы қабылданып, тәуелсіз елімізде сот-құқық реформасы одан әрі жетілдірілді. Осы реформа туралы нақты айтып берсеңіз?

- Иә еліміздің Ата заңымызда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын Конституцияда екі маңызды тәсіл бекітілді: сот арқылы және әкімшілік.

Бірінші кезеңде бұл өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғалуына құқығы. Құқықтық мемлекет жағдайында тәуелсіз сот адамның құқығын қорғауының негізгі құралы болып табылады.

Еліміздің Конституциясы азаматтардың сот төрелігіне еркін қол жеткізуін белгілеп, әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік береді және де Ата Заңымыздың VII бөлімінде соттар мен сот төрелігі жайлы айтылған.

Конституция бойынша егеменді елімізде сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы болып танылады. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

2000 жылы «Қазақстан Республика­сының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң, Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы туралы заңдардың қабылдануы судьялардың кадрлық және әлеуметтік мәселелерін түпкілікті шешіп берді. Судья қызметіне тағайындау ашық және конкурстық негізде жүргізіле бастады. Олардың міндетті түрде тағылымдамадан өту тәртібін белгілейтін нормалар енгізілді.Бұған қоса, Президент тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруда республикалық деңгейде Судьялар съезін тұрақты түрде өткізіп отыруды қолдады. Осы уақытқа дейінгі Судьялар съезінің тарихын еске алсақ, ел Президентінің қатысуымен алты съезд өтті. Мемлекет басшысы әр съезд сайын Судьялар қауымдастығы үшін сот саласында атқарылатын іргелі істер мен межелі міндеттерді айқындап берді.

Біз Қазақстан қоғамына етене жақын сот төрелігін қалыптастыру тұжырым­дамасына сүйенеміз. Даулардың бейбіт жолмен реттелуіне көмектесу судьялар қызметінің бір саласы деу керек. Әлем елдерінде дауларды баламалы түрде шешу рәсімдерінің белсенді қолданылғаны бізге де үлгі, әрі оның тиімді тұстарын алғанымыз жөн.

Сот жүйесінің қызмет ету сапасы ең алдымен білікті де тәжірибелі судьялар корпусын кадрлық қамтамасыз етуге тікелей байланысты болмақ. Жалпы, құқық мамандары арасында «Судья - заңгерлердің ең таңдаулысы» деген тәмсіл сөз бар. Бұл сөз олардың жанкешті еңбегіне, кәсіби біліктілігіне, шеберлік деңгейлеріне берілген баға болар. Аудандық соттардың судьялары еліміздегі сот істерінің тоқсан сегіз пайызын атқарады. Яғни, бұл - бейнеті көп қиын істерді қарауда, сондай-ақ салмағы басым жүктемелерге мойымай қызмет көрсетудің ең төзімді үлгісі.

Ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың «Дұрыс әрекет - мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады» деген даналық сөзі Елбасының тағылымды таңдауға толы әрбір ісінен айқын көрініс тапқанын өмірдің өзі дәлелдеп беруде.

-Сот істері қылмыстық, азаматтық, әкімшілік деп бөлінеді. Аудан бойынша қандай істер көбірек қаралады?

Аудандық сотта қаралған істердің жалпы санына тоқталатын болсам, үстіміздегі жылдың осы мерізіміне дейін 6 қылмыстық, 103 азаматтық 81 әкімшілік істер қаралған. Негізінен қаралған қылмыстық істер, ол жеке айыптау істер, азаматтық істердің ішінде басым бөлігі қарыз сомаларды өндіру, ал әкімшілік істердің ішінде отбасы ішінде орын алған кикілжіңге байланысты істер болып табылады.

Ойымды қорытындылайтын болсам, біздің халқымыз - қашанда әділ билікті, шынайы заңды ардақ тұтқан, ақиқатын айтып, ақ жүруді қалаған өте турашыл ұлт. Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің әр азаматы өз көкейінде сақтап жүруі үшін айтқан: «Егер де өзім бүгін заңға қайшы келсем, заңға қарсы шықсам, онда ертең құқығым табанға тапталған кезде менің сол құқығымды кім жақтайды, кім қолдайды» деп ойлауы керек», деген сөзінің мәні өте терең, өте тағылымды демекпін.

— Сұхбатыңызға рахмет. Әділ сот төрелігін атқарудағы еңбектеріңізге жемістілік тілейміз.

Сұхбатты жүргізген Анар ҚАБДУАЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар