Облыстық байқау
ДАНАЛЫҚ БҰЛАҒЫНАН СУСЫНДАДЫ
Қазақ халқының біртуар данасы, хакім Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай аудан көлемінде жыл басынан бері түрлі-іс шаралар ұйымдастырылуда.
Абайдың даналық бұлағы ешқашан сарқылмасы анық. Дана ақынның нақылын бүгінгі ұрпақ жадына ұялатудың маңыздылығы зор. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді. Соның бір дәлелі - аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы мекемесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен әдеби кеш дер едік.
Абайдың 170 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген байқауда облысымызға қарасты әр ауданның филиалдары әдеби мұраларға қаншалықты адал екендіктерін көрсетті. Атап айтсақ, барша қатысушылар Абайдың өмірі, шығармашылығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы көріністер тамашалатты.
Осынау сапарлары аясында Жидебайдағы Абай мұражайымен танысып, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қарауыл ауылындағы Әнет баба ескерткішіне, «Шыңғыстау» спорт-кешенінмен, тарихи-өлкетану мұражайымен танысқан олар осынау шаралардан зор әсер алғандықтарын байқау барысында байқатты.
Байқаудың беташарында филиал директорының орынбасары Талғат Кенжеқанұлы Накишев сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп,жылы лебізін білдірді. Бұдан соң сайыскерлердің оқу мәнеріне, сахналық шеберлігіне, дарындылығына баға беріп, сарапқа салатын әділ-қазылар алқасын көпшілікке таныстырылып өтілді. Атап айтсақ, төрағасы филиал директорының орынбасары Т. Накишев, филиал директорының орынбасары
Е. Мұхамеджанов, Абай аудандық Әділет басқармасының басшысы А.Махметов, «Абай елі» газетінің директор- Бас редакторы Н.Байтөс және тәуелсіз сарапшы Ә.Дәулетқалиұлы төрелік жасайтын болды.
Сахна шымылдығын алдымен Семей қалалық №1 бөлімінің қызметкерлері ашып, «Абай жолы» эпопеясынан үзінді көрсетті. Осыдан соң кезек-кезегімен Бесқарағай, Аягөз, Ұлан, Жарма, Катон-Қарағай, Шемонайха, Көкпекті, Зайсан, Күршім, Үржар және Семей қалалық №2, Өскемен №2, Өскемен №3, Курчатов қалаларының ХҚКО бөлімдерінің қызметкерлері қазақ хандығының құрылу тарихымен таныстырып, батырлар рухын паш етіп, Абай әлеміне терең бойлап, өнерлерін ортаға салды. Мәселен, Абай мен Тоғжан арасындағы сыйластық, іңкәр махаббат, Абай мен Құнанбай бейнесі, Әзімбайлардың Абайды сабауы сахналанып, Абай өлеңдері жатқа оқылып, әндері әуеледі.
Елбасы Н.Назарбаев: «Абайдың сөзі - қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Замандар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырлары ашылып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді...» деген еді. Абай әлемін бүкіл әлемге таратушы ұлы Мұхтар «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал осынау жалынды да ізденімпаз, білімқұмар жастар дана Абай тереңіне бас қойып, сол тереңнен тек дәм татқанын ескерсек, әлі де үйренері де, алар тағлымы да көп екеніне көз жеткіземіз.
Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімдері мамандары қызметте де, өнерде де алда екендіктерін көрсетті. Атап айтсақ, сахнаның сәнін келтірген Айдана Сапарова, аягөздік Қуатжан Оспанов және тағы бірқатар жастар әннен шашу шашып, көңіл хошын сыйлады. Осылайша, Абай шығармашылығымен сусындап, бойға нәр алған, тарих қойнауына саяхат жасап, бабалар сырына үңілген бұл сайыс та өз мәресіне жетіп, жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен, мақтау грамоталарымен марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі І - орынды Абылай хан образын нанымды сомдап, жарасымды киім үлгісімен, сахнада актерлік шеберліктерін көрсеткен Семей қалалық №2 бөлімінің қызметкерлері қанжығасына байласа, ІІ-орын Күршім аудандық бөліміне бұйырды. Ал ІІІ-орын жақсы дайындықпен келген Өскемендегі №3 бөліміне тиесілі болды. Өзге ауданнан келген қызметкерлерге де алғыс айтылып, мадақтама қағаздармен марапатталды.
Бұл шара ауданымыздағы бір ғана бөлімнің атқарған ілкімді ісі. Абай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Таңат Сағатұлы Мағауиннің бастамасымен ұйымдастырылған байқаудың көпшілікке берері мол болды. Осы бір ғана сайыс арқылы біз облыстық бөлім қызметкерлерлерінің еңбекте де адал болып қана қоймай, өнерде де өрге жүзгендеріне тәнті болдық, Абаймен мақтанып, батыр бабалармен мерейленетінін аңдадық.
— Абай әлемі ұлы қазына, біз тек ақын шығармашылығының аз ғана бөлігін қамтуға мүмкіндік алдық. Бүгінгі ХХІ ғасырда біз Абайдың шығармашылығынан қазаққа қажетті руханилықты табамыз. Бізден кейінгілер де өздеріне қажетін табатыны сөзсіз. Себебі Абай - адамзат ақылманы. Бұл сайыс алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын, -дейді Халыққа қызмет көрсету орталығы басшысы.
Иә, Абай - ұлтымыздың туы. Абай адам өмірін мағыналы етуді, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды, жастарға өсиет етті. Сол жастар міне, баба өсиетіне адал болып, алға ұмтылуда.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
