ЕЛІНІҢ СҮЙЕНІШІ БОЛҒАН ЕРАЛЫ БАБА
Абай елінің шежіресінде Ералы Кеңгірбайұлының есімі де ерекше аталады. Заманының заңғар тұлғасы жайлы, оның елдің береке-бірлігін нығайтудағы орасан үлесі, артына қалдырған мол мұрасы жайлы бүгінгі буын хабардар. Ералының әкесі Кеңгірбай Жігітекұлы он жеті жасында Абылайдан, сондай-ақ, орта жүздің аузы дуалы биі қаз дауысты Қазыбек бидің немересі Тіленші биден бата алған, Тобықты елінің көшелі абыздарының бірі. Кейінгі ұрпақтары, артындағы елі атын тура атамай Би ата атап кеткен екен. Ұлы бабамыз өзінің көсемдігімен, әділ билігімен, қайсар батырлығымен де көзге түскен айтулы тұлға.
Ералы Кеңгірбайұлы әкесі Торғай, Кеңгір, Баянауыл өңірін аралап, Шыңғыстауға келген тұста туған екен. Есімін Мамай батыр қойыпты. Мамай - Тобықтыны Шыңғыстауға бастап келген сардар батыр. Кеңгірбай ұлды болды дегенді естіп келген Мамай батыр «Кеңгірбайжан, әлгінде келе жатып ойланып, ырым қылдым. Мына бала еліне – ер, еріне – әл болсын, атын Ерәлі деп қой» деген екен. Баланың есімі басында «Ерәлі», кейіннен Ералы аталып кеткен деседі.
Төле би Би атаның ауылында қонақ болып кетерінде: «Би, балаларыңды шақыр, сынайын» депті. Сөйтіп, Қалыбай, Нұралы, Қаумен, Төлеу, Қотанбұлақ, Ералыларға мінездеме беріпті. Жасөспірім Ералыға келгенде: «Мынауыңның екі иығында екі үкі тұрғанын қарашы. Қарғаса да, алдаса да екі сағат, екі минуттен ары жібермейтін «тезқатыр» екен. Өзіңнің төрт бөрің бар екен, төрт сағат, төрт ай, төрт күн, төрт жыл кешірімің көп екен» деген екен деседі.
Ералы бабаның ел билеудегі тұлғалық қасиеті әкесінен кем болмаған. Жас кезінде ел басқару ісіне, билік айту, жол жораға біраз жүрсе де, оған кеңінен құлық қоймаған сияқты. Сырқат адамға, малдың індетіне ем жасаған. Жылдың әр мезгілінде 12 түрлі шөп, дән, тамырды жинап, одан дәрілік сусын жасаған. Емдік шөптерді шай ретінде қайнатып ішуді шығарған жан екен.
Сонымен қатар, Шыңғыстау өңірінде там үйді ең алғаш салғызған да осы тұлға. Ералы баба көп жасаған адам. Ол дүние салар кезде, ағайын туыс, бала-шағасымен соңғы арыз қошында өзі жерленген төбені нұсқап, «Ертең мұнда Ералым жатыр демейсіңдер ме, ана төбеге жерлеңдер» деп өсиет еткен деседі. Бөрілі тауы мен Ақшоқының арасындағы кең жазық бүгінде Ералы жазығы деп аталады екен. Шалғынды жазық бұрын «Шаңтимес» деп аталған. Содан бері бұл өлке Ералы жазығы, Ералы қорығы деген атауға ие. Ералы би жатқан төбе - бүкіл жазық ортасындағы жапа-жалғыз төбе. Өзі атындағы жазықтың нақ ортасында, Орда жақ тұсында, Еңлік-Кебек ескерткішіне 4-5 шақырым жерде бабамыздың кесенесі тұр. Төбеде сонымен қатар тағы да 30 шақты кісінің қабірі бар. Би басында 1960 жылдар ішінде ұрпақтары құлпытас қойған-ды. 1998 жылы 25 қыркүйекте Қасқабұлақ ауылының ардақты азаматы, М.Әуезов атындағы шаруашылықты ұзақ жыл басқарған ел ағасы, іскер басшы Амантай Мұқатаевтың жетекшілігімен Ералы жазығында Ералы Кеңгірбайұлына мазар тұрғызылып, рухына бағышталып Құран-хатым түсірілді. Ашылу салтанатындағы алғы сөзді Амантай аға өзі алып даңқты бабаның ерекше қасиеттері жайлы сөз толғаған болатын.
Кесененің архитектуралық макетін жасаған скульптор, ҚР мәдениет қайраткері, абайлық Мұратбек Жанболатов болды. Ал құрылыс шебері Карибаев Жанарбек болса, құрылысшылары ауылдың азаматтары еді.
Ойқұдық - Ералының Қасқабұлақ суы келіп құятын қонысының аты. Бұл тарихи орында қазақтың тұңғыш театрының шымылдығы ашылған. 1917 жылы жапсарлас тігілген екі киіз үйде жерлес жазушы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен өзінің туындысы «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанған еді. Тұңғыш ұлттық театрымыз 1926 жылы осы шығармамен ашылғаны белгілі.
Бабамыздың өмірбаянын жазуда Молдабек Жанболатұлының «Тобықты Шыңғыстау шежіресі», «Би ата», Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекені» атты еңбектері пайдаланылды. Иә, өз заманында халқының қалаулысы болған Ералы баба бүгінгі күні де өткенді өнеге тұтатын ұрпақтарының жадында сақтаулы. Туған өлкенің өткенін, кешегі тағылымды тарихын барлығымыздың да біле жүргеніміз абзал.
Әсел ИБРАГИМҚЫЗЫ,
М.Әуезов атындағы орта мектебінің
тарих пәнінің мұғалімі,
Қасқабұлақ ауылы
