6 шілде-Елордамыз Астананың туған күні
АСТАНА КҮНІ асқан үнмен аталып өтті
Елбасының көреген басшылығымен және көрсеткен бағытымен бой көтерген бір кездегі құрылыстар алаңы қазіргі күні Сарыарқаның сары белін қайыстырып, алып шаһарға айналды. Осындай жаңа қалаға, тәмам жұртты көркімен тамсандыратын Елордамызға да 17 жылдың жүзі болыпты.
Осылайша, небәрі 17 жылдың ішінде Астанамыз әлем жұртшылығы таныған айбыны асқақ, шырайлы шаһарлардың қатарына қосылды. Елорда еліміздің ең ірі саяси және экономикалық, һәм мәдени орталығына айналып отыр. Ғасыр ғажайыбы атанған бұл қала дүние жүзіне зиялылық нұрын төгетін, аталы сөз айтылатын орталыққа айналды. Сол себепті де тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның сәулетті қаласы болып саналады.
6-шілде Қазақстан Республикасы астанасының туған күні. Астана күні - барша қазақтың тойы, көпке ортақ мереке! Бұл біздің еліміздің жаңа орда тігіп, ақ сарай салдырған күні, ұлы өзгеріспен әлемді таңдандырған күн, қазақ сахарасының даңқын шығарып, шамшырақ жандырған күн, жасампаз ел ретінде есімін мәңгі тарихта қалдырған күн! Сол үшін де бұл мерекенің мәні терең, айрықша қастерлі...
Атаулы күнді атап өтуден Абай елі де тыс қалып көрген жоқ. Қарауыл ауылының тұрғындары биылғы жылы да «Жарқырай бер мәңгі Астана!» тақырыбымен Астананың туған күнін «Құнанбай қажы» атындағы алаңда үлкен сән-салтанатпен бастады. Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Арнаұлы және Қарауыл ауылдық округінің әкімі Құсман Ғимранұлы, мекеме басшылары осынау мерекелік кештің куәсі болды. Мұндай салтанатты сәттер көңілге қуанышты шуақ құйып, бұл күннің асқақ мереке екендігін ұқтыратын еді. Әсіресе, өскелең ұрпақ, жасөспірімдер үшін мұндай шараның Астана күнін жалпыұлттық мейрам ретінде сезінулері үшін берері мол. Бал-бұл жанған жүздер, шаттыққа толы күлкілер, жарқын құшақ, ыстық сәлемдесулер, бүлдіршіндердің Астана күніне арнап асфальтқа салған айшықты суреттері, Астана жайлы асқақ айтылған әндер қабат қосылған шақта алаңдағы көпшіліктің расында да мерекелік көңіл күйде екенін аңғаруға болатын еді. Думанды кеш Абай елінің орталығында осылайша басталып кетті.
Бірінші кезекте Қарауыл ауылдық округінің әкімі Құсман Берлешов аудан жұртшылығын осынау мерекелерімен құттықтап, ақжарма лебізін жеткізді. Бұдан соң Астана тақырыбында асфальт бетіне өздерінің ой-танымдарын қарындаш арқылы жеткізген шебер суретшілер марапатталды. Жүлделі І-орынды Құмаров Байсиық қанжығасына байласа, ІІ- орынды Кәкітаева Аяжан, ІІІ- орынды Ернар Имаханов еншіледі. Мерекеге орай әр ауылдық округтерден өнерпаздар ән шашуларын ала келіпті. «Қаламқас» ән-би ансамблінің жас әншілері Еркін Жолжігітов, Дәулет Сағатов және Азамат Елужанның орындауындағы «Өз елім» әні, тоқтамыстық Нұрбек Әмірғалының орындауындағы «Жерім менің», құндыздылық Еркін Зейтінұлының «Көк тудың желбірегені» әндері де патриоттық рухқа толы еді. Аталмыш шара барысында ауылдың алты ауызына да кезек берілгенін айта кеткен жөн. Абай елі дарынды ұл-қыздардан кенде емес қой. Мерекелік кеш барысында Кеңгірбай би ауылынан Болат Байтөсов, Құндызды ауылынан Ерғанат Төлендиев, Қасқабұлақ ауылынан Қонақаев Ормантай Елбасымыз бен Астанаға арналған жырларын оқып, төл туындыларынан шашу шашты.
Көптің алдында өтіп жатқан бұл мәдени шараның өн бойын әнмен әрлеп, күймен күптеп отырған «Қаламқас» ән-би ансамблінің өнері бір сәтке де тыным тапқан жоқ. Сонымен қатар саржалдық Әдікенов Әділеттің ұлттық аспабымызбен орындауындағы «Сарыбидай» әні, Би аталық жас өнерпаз Дидар Кеңесханованың «Қазақ елі», саржалдық Бейсенбай Сағындықтың домбырамен шырқаған «Ой жайлау», архаттық Манапова Әйгерімнің тамылжыта салған «Туған жер», Советбекова Дильяраның «Үнді биі», Қасқабұлақ ауылының өнерпазы Толғанай Слямжанованың «Қазақстан, алға!», медеулік Қарлығаш Абухасованың орындауындағы «Жібектің елі», медеулік Жаннұр Төлеубаева мен Көркем Оразалинаның орындауындағы «Астана», Нұржан Оразалиннің «Мерекем», құндыздылық Майгүл Әсенованың шырқауындағы «Қазақтың ерке қызымын», Жандос Тәубектің орындауындағы «Белгісіз бағым», Думан Болаттың «Ай мүсін» әндері көңілдерге шуақ шашып, әсем әсерге бөледі. Концерттік бағдарлама аясында алаңға жиналған қауым «Ойлы болсаң-озып көр» айдарымен Астана қаласына қатысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, тапқырлар бағалы сыйлықтармене мапаратталды.
Кеш шымылдығы «қаламқастық» әнші жігіттерден құралған трионың «Қазақтай ел қайда!» әнімен түсірілді. Мерекелік думанды кеш жастардың би кешіне ұласты.
Астана болашақтың қаласы. Оның алдағы уақытта одан әрі гүлденіп, көріктеніп, асқақтай түсеріне еш күмән жоқ. Қазақстан елінің басты ордасы әлемнің назарын өзіне аударып, талай ізгілікті шаралардың негізгі бастамашысы, ұйытқысы бола беретіні анық. Тек Астананы арқау еткен бүгінгі ел ол арқылы Тәуелсіздігіміздің туын тік ұстайды. Ендеше Астананың туған күнін көпшілік болып атап өту, ел ретінде іргемізді нықтауда, ұлт ретінде ұйысуда берері мол игілікті шаралар болып табылмақ.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
