Видео

}     

ШЫҢҒЫСТАУ ТӨРІНДЕГІ ДҮБІРЛІ КҮН

ШЫҢҒЫСТАУ ТӨРІНДЕГІ ДҮБІРЛІ КҮН

ШЫҢҒЫСТАУ ТӨРІНДЕГІ ДҮБІРЛІ КҮН

Абай елі тағы бір ұлы дүбірді абыроймен өткерді. Дәуірінің дана ойшылы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойы Семей шаһарынан бастау алып, ауданымызда да ұлан-асыр атап өтілді. Бір күнге сыйғызылған, ысырапсыз-ықшам, алайда, атағы алты алашқа тараған айтулы мереке көпке дейін көпшіліктің көкейінде жүрері анық. Қазақтың бас ақынына арналған шаралар легі рет-ретімен жалғастық тауып, алыс-жақыннан жиналған қауымды думанға кенелтті, һәм тағылымды ой салды. Рас, ауданымызға ат басын тіреген баба тойын тамашалаушы мейман қатары бұл күні тіптен көп болды. Алты алашқа сауын айтқан айтулы шара ең әуелі иісі Тобықтыға ұран болған Мамай батыр ескерткішінің ашылу салтанатымен бастау алды. Осыдан соң жыр сүйер қауым сөз барымтасын сарапқа салатын ақындар айтысы өтетін Мәдениет үйін бетке алса, қара күштің иелерін тамашалауға ағылған дүйім жұрт орталық алаңға жол тартты. Ал, осынау сәттері Қарауыл төбе бауырында жүйріктерін әкелген бапкерлер шабандоздарын сайлап, жорға жарысын бастауға әзірлік жасап жатқан еді. Қазақтың қай тойы болмасын бәйге шаптырып, балуан күрестіріп, сөз жарыстырмай өтпесі бесенеден белгілі жайт қой. Осыған орай Қарауыл төбе басында күні бұрын құрылған ақшаңқан қазақ үйлер қаз-қатар тізіліп, бейнебір қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл көрінісін көз алдымызға әкелді. Айта кетейік, баба тойына тігілген 23 қазақ үйге аймағымыздың өзге де аудандары мен қалалары өзіндік үлестерін қосып, әсем киіз үйлерін тұрғызып, баба тойына ат салысқан еді. Сондай-ақ тамыз айының 6 күні кешкілік Қарауыл төбе басында «Қаламқас» халық ән-би ансамбілінің және өзге аудандар мен қалалардың әншілері Қарауыл халқына концерттік бағдарлама ұсынып, әннен шашу шашып, көңілдерін бір серпілткен болатын.

 

ЕР МАМАЙДЫҢ МҮСІНІ ТҰҒЫРҒА ҚОНДЫ

 

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ауданымызда Мамай батыр ескерткішін ашу ісі қолға алынған болатын. Осылайша, санаулы уақыт аралығында сәні мен салтанаты жарасқан алып саябақ пен батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Тарихымызды танып-білу, ұрпақ санасына сіңіру, кейінгі буынға үлгі ету, ұлы құндылықтарымызды ұлықтау мен ұмытпау мақсатында тұрғызылған бәһадүр мүсіні дәл осы Абай тойын мерекелеу барысында ашылды. Әрине, бұл игі бастама өңіріміздегі руханият пен мәдениет жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың басшылығымен және «Мамай қорының» төрағасы Базарбай Бейсенбаев сынды ел ағаларының табанды әрекеттерінің арқасында һәм бабаға деген құрметтері ерекше азаматтардың белсенділігімен жүзеге асты. Яғни, «Мамай батыр» қоры құрылып, көпшілік болып күш жұмылдырудың нәтижесінде ерекше іс орын алды. Көптің көкейінде жүрген батыр ескерткіші, міне, осылайша бастамашылардың байыпты жұмыстарының нәтижесінде салынды.

Бірнеше шараның шымылдығы бір мезетте түрілген сәтте баба тойымен қатар ашылған батыр ескерткішінің басына жиылған қауымның қуанышы тіптен еселенді. Себебі, қазақтың хас батырлары Қабанбай, Бөгенбай, хан Абылайлардың сенімді серіктесі бола білген Мамай батыр тұлғасының тарихтағы алар орны ерекше. Өмірінің соңына

дейін 102 рет шайқасқа қатысып, Сыр бойында тарыдай шашырап жүрген Тобықты елін Шыңғыстауға әкеліп қоныстандырған, қол бастаған батыр Мамайдың кешегі елі мен жері үшін төккен терін, ерлігін құрмет тұтқан бүгінгі елі бәһадүр бабасына ескерткіш тұрғызуды парыз деп санауы орынды. Тарихтағы тұлғалық келбетіне зер салар болсақ Тобықтының бас батырларының бірі Мамай шайқастарда ержүрек, батылдығымен, қолбасшылығымен көзге түсіп, Абылайдың ақ туын иеленгендігі, Әбілхайырдың қолынан алмас қылыш алғандығы да белгілі. Батырдың өз кіндігінен тараған 7 ұлынан ұрпақ сабақтастығы өрбіп, сан салалы, шежірелі, аталы руларға бөлінген. Бүгінгі ұлан-асыр тойға, игі шараға жиылған батыр ұрпақтары да еңселі ескерткіштің ашылуына қатысып, ерекше сезімге бөленді.

Қазақтың кең даласындай көсілген ұлан-ғайыр жердің қақ ортасында жауға атой салып қаһарлана ұмтылған, арғымағын тебінген айбынды батырдың алып мүсіні алыстан көз тартады екен. Ал тамашалаушы қауымның қарасы дәл осы күні алыс-жақыннан дүбірлі тойға ағылған құрметті меймандар мен ауыл тұрғындарының толассыз қатарымен толыққан еді. Жиылған жұрт әуелі сәні жарасқан саябақты аралап, арнайы орындықтарда тынығып, гүлзарлармен көмкеріліп, абаттандырылған аллея ішінде аялдаған соң ашылу салтанатына да кезек берілді.

Батырдың ерлігін әспеттеген әдемі сөздермен шара шымылдығын түрген Ерғанат Төлендиев ескерткішті ашу құрметіне меймандарға кезек ұсынды. Шараға арнайы қатысқан ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, шежіреші, тарихшы, ел ағасы Молдабек Жанболатов, Мамай ұрпағы, жеке кәсіпкер Исағали Омарғалиевтар лента қию рәсімін жасап, «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының ақ жаулықты әжелері шашуларын шашты.

Осыдан соң құттықтау сөз алған Жақсылық Мұқашұлы:

— Ардақты ағайын, қадірменді қауым! Жыл басынан бері Абайдың 170 жылдығы елдің түкпір-түкпірінде аталып келе жатыр. Негізгі шаралары Семей шаһарынан басталып, бүгін Қарауылға да келіп жетті. Кеше мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Семейде салтанатты жиын, ғылыми конференциялар өтіп, Абай тағылымын өскелең буынға үлгі еттік. Сондықтан да бұл тойдың басқа тойдан ерекшелігі - балуан күрес, бәйге шаптыру ғана емес ұлағатты тәрбиелік мәні бар дүниелермен дараланады. Қарауыл жеріне сонау Сыр өңірінен қалың елін ертіп бүкіл Арқаны кесіп өтіп осы маңға қоныстандырған Мамай батырдың ескерткішін ашуға барлығымыз жиналып отырмыз. Батыр баба мүсінінің ашылу салтанатымен баршаңызды құттықтаймын, - деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары.

«Мамай батыр» қорының төрағасы, аудан тұрғыны, Мамай ұрпағы Базарбай Бейсенбаевтың баба ескерткішінің бой көтеруіне тигізген еңбегі зор екені анық. Арнайы қордың құрылуына, демеушілерді тартуда бастамашыл топтың бірі Базарбай аға да шара барысында сөз алып, қаржылай қолдау білдірген жаны жомарт жандарға алғысын білдірді.

— Қазақтың ұлы хандарымен, Қабанбай, Бөгенбай сынды батыр ұлдарымен бірге халқын, жерін қорғаған Мамай батыр Жұмағұлұлына арналған ескерткіштің ашылуы құтты босын! Бұл күнді батырдың көптеген ұрпағы көре алмай, арманда кетті. Мен батыр Мамайдың жетінші ұрпағымын әрі бақытты ұрпақтардың бірімін. Олай дейтінім, батыр бабамыз енді халқымен, ұрпақтарымен мәнгі бірге жасайтын болады, - дей келе баба ұрпағы, жаны жомарт кәсіпкер Исағали Омарғалиевтің иығына шапан жауып, құрмет

көрсетті. Әрине, бабасы үшін барын аямайтын азаматтың мәрттік танытып бірден 1 млн. теңге қаржы аударып, кең пейілділік танытуы көпке үлгі боларлық іс.

Кешегі кең жауырынды, алып жүректі батырдың тарихи тұлғалық келбетін еш бұзбастан сол күйінде шынайы бейнелеудің өзі асқан шеберлікті, зор жауапкершілікті талап ететіні анық. Осы орайда халық батырын шебер қолдарымен бейнелеген мүсін өнерінің майталманы Марат Әбілқасимовты сөзге тартқан едік.

-Өнер адамы үшін халықтың ризашылығы, шынайы алғысы бірінші орында. Сол себепті менің туындымды жоғары бағалаған ауыл ақсақалдары мен аудан басшылығының оң пікірі жұмысымның жемістілігін айқындайды деп білемін. Маған артылған сенім мен үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, тарихи тұлғаның алдымен эскизин дайындап, 2 айдан аса уақыт аралығында темір битоннан мүсінін жасадым. Батыр мүсінінің биіктігі 3 метр 80 см болса, тұғыры 4,5 метр болды. Баба тұлғасына назар салар болсаңыздар, жауға ұрандап «Алға!» деп атойлап келе жатқанын байқайсыздар. Көбіне кейбір жандардың «неге қолына найза ұстатпаған?» деген пікірлері қылаң беріп жатыр. Яғни, бұл көрініске қарап Тобықты елін Шыңғыстауға бастап келген Мамай батырдың артынан ерген халқына жол бастаған бір сәті деп те пайымдағанымыз жөн. Жалпы, тереңінен үңілсек мағыналық маңызы жоғары деп білемін, - дейді туынды авторы.

Шара соңында батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, баба ұрпақтары естелік фотосуретке түсіп тарасты.

 

Мамай батыр қорына қомақты үлес қосқандар:

Омарғалиев Исағали 1 млн.теңге

Арғынбеков Бауыржан Оралұлы 250 мың теңге

Қариев Амангелді 100 мың теңге

Мұқатаев Амантай 100 мың теңге

Бекешов Сүйеухан 100 мың теңге

Елубаев Айдын 70 мың теңге

Молдаханов Жұлдызбек 60 мың теңге

Молдашев Еркін 60 мың теңге

Рсайев Бауыржан 50 мың теңге

Сармурзин Ерсін 50 мың теңге

Ғабдуллин Нұрхат 50 мың теңге

Әмірбеков Нұрбол 50 мың теңге

Мағауин Махмұт 50 мың теңге

Сләмбеков Фурхат 50 мың теңге

Молдаханов Жанатбек 50 мың теңге

Махмет Жарас 50 мың теңге

Медеуов Ардақ Сүлейменұлы 50 мың

Медеуов Олжас Сүлейменұлы 50 мың теңге

Шоқанбаев Ғылымжан 45 мың теңге

Зейнеткерлер:

Момынғазин Мұқташ 50 мың теңге

Айдарханов Сайлау 50 мың теңге

Қариев Әз Жәнібек 40 мың теңге

Бағдатова Зәйра 40 мың теңге

Айдарханов Орал 30 мың теңге

Шалғынбаева Рыскен 30 мың теңге

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар