
19 сәуір күні Көкбай орта мектебінде Абайдың үздік ақын шәкірттерінің бірі Көкбай Жанатайұлының 155 жылдық мерей тойына орай мектеп оқушылары арасында өнер бәсекесі өтті. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен байқауға 40-тан астам жас өрен қатысып, бақтарын сынады.
Абай ауданында білім саласы бойынша жас ұрпақ - мектеп оқушыларының талабын арттыру бағытында соңғы жылдары көптеген игі шаралар жолға қойылғаны көңіл марқайтады. Айтар болсақ, дәстүрден жаңылмай өтіп келе жатқан Абай, Шәкәрім оқулары, Көкбай, Шәкір оқулары, Махамбет оқулары, Мұқағали оқулары, Кәмен оқулары келер ұрпақтың ұлылар елінің ұланы ретінде қалыптасуына негіз болуда.
Биылғы Көкбай оқулары да ерекше өтті. Үш бөлімнен тұратын байқаудың І бөлімінде оқушылар Көкбай өлеңдерін жатқа оқудан сынға түссе, ІІ бөлімде жас ақындар жыр маржандарын төгілтті. Ал, ІІІ-ші бөлім бойынша оқушылардың қолөнер бұйымдарынан жасаған көрмелері бағаланды. Сайысқа аудандық білім бөлімінің әдіскері Бектөлеу Имантаев, ақынның немересі Амангелді Ахметқалиұлы,аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы, білім бөлімінің әдіскері Гүлмира Қасеева, Семей қаласындағы Абай қорық-мұражайының қызметкері Дархан Көкебаев және «Абай елі» аудандық газетінің бас редакторы Нұржан Байтөс қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша І бөлім "Көл-көсір өлеңдеткен Көкбай ақын" тақырыбында ақын өлеңдерін жатқа айту бөлімі бойынша Бас жүлдені Мамай негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Дәлелханова Аңсаған жеңіп, І орын Қарауыл гимназиясының 6-сынып оқушысы Тоқтарбеков Бекзатқа бұйырды. ІІ орынды Көкбай орта мектебінің 8- сынып қушысы Бекенова Диана иеленсе, ІІІ орынды Бекбосынов орта мектебінің 8- сынып оқушысы Берікжанов Бақытбек қанжығалады.
ІІ бөлім "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін" жас ақындар сайысы өз шығармашылығы бойынша Қарауыл гимназиясының 10 сынып оқушысы Досбол Бекзат І орынды жеңіп алса, Тоқжігітов орта мектебінің 9-сынып оқушысы Саясатова Аружан ІІ орынды еншіледі. ІІІ орын Шәкәрім орта мектебінің 7 сынып оқушысы Кәріпбаева Бағжанға бұйырды.
"Өнерге әркімнің-ақ бар таласы" аталатын ІІІ бөлім бойынша І орынды Көкбай орта мектебінің 7 сынып оқушысы Әбутаева Сана, ІІ орынды Әбенов орта мектебінің 5 сынып оқушысы Әскерғазина Айнагүл, ІІІ орынды Әуезов орта мектебінің 6 сынып оқушысы Н.Маратқызы иеленді. Сондай-ақ, Шәкәрім орта мектебі 10 сынып оқушысы Кәріпбаева Назгүлге І бөлім бойынша үздік өнер көрсеткені үшін және Бекбосынов орта мектебінің 8 сынып оқушысы Есенғалиев Бекзат ІІІ бөлім бойынша үздік өнер көрсеткені үшін республикалық тарихи, мәдени және өлкетану мемориалдық мұражайының атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Көкбай ақын мұраларын ұрпақтан ұрпаққа насихаттап, жеткізу бүгінгі күннің еншісіндегі елеулі істің бірі болмақ. Сол мұраның мәңгілік мирасқа айналуы жолында ақын атындағы білім ордасының да атқарып отырған еңбегі орасан. Жарқын Жәукенов басқаратын педагогикалық ұжым дәл осы күні ақын Көкбай Жанатайұлының атындағы залдың ашылу салтанатын өткізді. Шараның ресми бөлімінде ақынның немересі Амангелді Ахметқалиұлы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Елдар Оразалы салтанаттың лентасын қиып, ұйымдастырушы басшыларға алғыстарын жаудырды. Айта кеткеніміз жөн, бұл залда Көкбай Жанатайұлының өмірбаяны, ақынның шығармашылығы туралы естеліктер мен жергілікті ақындардың арнау жырлары қойылған. Мектеп директоры Жарқын Жәукенов қашаған ақынның мүсіні де зал төрінен орын алды.
«АЕ» ақпараты
