Еске алу кубогі
МАНАРБЕК ЕСІМІ МӘҢГІ ЕСТЕ!
Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Осынау айтулы мерекеге орай ауданымызда көптеген іргелі іс-шаралар жыл басынан бері ұйымдастырылып келеді. Қашанда мәдениеттің, өнердің туын биік ұстап, тау тұлғалары мен саңлақтарын ардақтай білетін Ұлылар елі бұл үрдісті жылма жыл жалғастыруда. Оған дәлеліміз жетерлік. Атап айтсақ, Шыңғыстау төрінде төрт күн бойы Абай елінің әйгілі тұлғалары ардақталды. Халық болып өнер майталманы, Қазақстанның халық әртісі, жерлесіміз Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы мен жастайынан спортты серік еткен Манарбек Таутановты еске алуға арналған Қазақстан Республикасының Кубогын дүбірлетіп атап өтті.
Осынау ұлан-асыр тойға алыс-жақыннан мәртебелі меймандар мол келді. Аймақтағы зиялы қауым өкілдерінен «Нұр отан» партиясының ШҚО филиалы бойынша төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, ШҚО денешынықтыру спорт басқармасының өкілі Жарас Сағадиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, халықаралық «Абай қорының» президенті Отантай Кәрібжанов, ел ардақтылары Бекен Теміров, Молдабек Жанболатов, Бекен Имаханов сынды ағаларымыз арнайы келіпті. Сонымен қатар, Әмина Өмірзақованың туыс бауырлары, «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлін сомдайтын ҚР-ның мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыз, Серікбай Маусымбаев, Шаған Жұмақсанов, Ерлан Оразалин, Ғалым Қуанышбаев, Жақсыгелді Екібаев және тағы бірқатар ел азаматтары мәртебелі меймандар қатарын толықтырды.
Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков бастаған аудан басшылары, ел ағалары, арнайы шақырылған сыйлы қонақтар ең алдымен хакім Абай мен тарихи тұлға Мамай батыр ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Осыдан соң даңқты палуанымыз, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР спорт қайраткері, Абай ауданының Құрметті азаматы Манарбек Таутановты еске алуға арналған ел кубогының ашылу салтанатына қатысты.
Қазақ күресі – нағыз текті күрес түрі. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінеді. Ол нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі. Сондықтан қазақ күресінің келешегі – кемел, болашағы жарқын. Арыдан бастау алған осынау бабалар дәстүрі- қазақ күресінен аудан тарихында айрықша із қалдырған Орта Азия мен Қазақстан чемпионы болған Н.Сәдуақасов, Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны Мағауия Оразбеков, Қайырбек Дүрмекбаев, Манарбек Таутанов сынды көптеген спорт саңлақтарының есімдерімен әйгілі. Осы үрдісті бүгінде әлем чемпиондары Зекен Шаймарданов, «Қазақстан барыстары» Мереке Тұрашев, Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтар лайықты жалғастырып келеді.
Аудан командасының қазақ күресінен облыста, республикада үнемі алдыңғы орындарда көрініп жүргені осының айғағы. Киелі жердің туын жоғары ұстап, текті елдің абыройын биікке көтеріп, жұртының намысын жыртып, тұғырын мұқалтпай, туын жұқартпай белдескенді белден басып, күрескеннің аяғын көктен келтіріп, жауырыны жер иіскемеген апайтөс дақты палуандарымыздың алты Алаш алдында атағы асқақ! Байрақты бәсекеде еңселі еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын әуелетіп, ел үмітін ақтап жүрген ерлеріміз қаншама!
Абай елінде өз перзенттеріне, спорт саңлақтарына көрсетілетін құрметі қашанда ерекше. Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Манарбек Бекенұлы Таутанов атындағы республикалық турнир жылма жыл өз жалғасын тауып келеді. Өткен жылы Абайдың 170 жылдық тойы қарсаңында 4-ші мәрте өткізілсе, енді міне, араға жыл салып Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып 5-ші мәрте жалауын көтерді.
Елі ер қылып төріне шығарған, тасқа салса да мұқалмайтын қайтпас қайсар, өр тұлғалы даңқты ұлымыз, Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны болған Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, дзюдо бойынша ҚР-на еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо күресінің майталманы, Абай ауданының «Құрметті азаматы» марқұм жерлесіміз Таутанов Манарбек Бекенұлын еске алуға арналған Қазақстан Республикасының кубогын «Аға Сұлтан» алаңында республиканың түкпір- түкпірінен кел
ген жарысқа қатысушылар мен спорт майталмандары, Манарбек Таутановтың аяулы жары Гүлмира да, спорттағы үзеңгілес достары, яғни еліміздің Әлем, Азия, КСРО-ның чемпиондары, шәкірттері, аудан тұрғындары турнирді тамашалауға жиналды. Қажымұқанның ізбасарлары үшін алаңның екі бұрышына екі қазақ үй тігіліп, 24 метрлік шатырланған арнайы подиум орнатылды. Сахнада ұлтының намысы болған отты ұлы Манарбек Таутановтың атындағы ҚР Кубогы екендігін әйгілейтін баннерлер ілініп, Манарбекті еске алуға арналған республикалық турнир жарыстарының жеңіс тұғырынан көрінген палуандардың қуанышты сәттері лэд-экраннан үздіксіз көрсетіліп тұрды. Боз кілемдегі байрақты бәсекені түсіруге жергілікті баспасөз құралдары өкілдерінен өзге «Ертіс өңірі» газетінің журналистері, «Қазақстан-Өскемен», «ТВК-6» телеарналарынан арнайы тілшілер қауымы келді.
Байрақты бәсекеге арнайы шақырылған мәртебелі қонақтар сапында ҚР-ның мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыз, сондай ақ Семей қаласынан арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері, қадірменді ақсақалдарымыз бен «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы бойынша төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, ШҚО денешынықтыру спорт басқармасының өкілі Сағадиев Жарас Болатханұлы да осы салтанатты шараға куә болысты.
Қазақтың ұлы балуаны, Қажымұқан Мұңайтпасов екені барша жұртқа жақсы мәлім. Қажымұқан қазақ күресінің жілігін шағып, майын ағызғандығы бізге қазақ киномотографиясы арқылы жеткен болатын. Сол «Қажымұқан» фильмінде балуан Қажымұқан бейнесін сомдаған актер, ҚР-ның мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыздың осы күні ұлылар елінде, батырлар төрінде қонақта болуы барша абайлықтарды қуанышқа бөледі.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Абай ауданының Құрметті азаматы Манарбек Таутановты еске алуға арналған қазақ күресінен өтетін Қазақстан Республикасы Кубогын ашу үшін сөз Тұрсынғазы Жантұяқұлына берілді. Аудан басшысы өз сөзінде Әмина Өмірзақова апамыздың 100 жылдығына арналған тоймен қатарласа келген Республикалық Кубоктің маңыздылығын айта келе, барша жұртты дүбірлі тоймен құттықтап, Манарбектей оғланымыз жайлы ой толғап, палуандар бәсін ашық деп жариялап, жас балуандарға жеңісті күндер тіледі.
Мемлекетіміздің Әнұранымен асқақтата басталған турнирдің ашылу салтанатында ізгі тілек білдіргендер қатары мол болды. Атап айтсақ, сөз алған ҚР-сының мемлекеттік жаттықтырушысы Марат Жақыт ақжарма лебізін арнап, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековті осындай ауқымды турнирді биік дәрежеде ұйымдастыруға атсалысқаны үшін «Алғыс хатпен» марапаттады. Осыдан соң ҚР-сы төрешілерінің төрағасы Шалқар Жоламанов Республикалық Кубоктың өту тәртібімен таныстырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ешкімді бей-жай қалдырмайтын, намысты жанып, ептілік пен шымырлықтың бәсекесі, жігіттердің ерік жігері мен білек күшін байқататын қазақ күресіне де осылайша кезек келді. Төрешілер таныстырылған соң, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған палуандар белдесуінде сайдың тасындай іріктелген Қазақстанның 15 облысынан 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі жиыны 160-қа жуық спортшылар күш сынасты. Жарыс өте тартысты өтті деуге болады. Қазақ күресінің қарыштап дамуы жоғары деңгейде екенін байқадық. Күрестің әр түрінен, мысалы самбо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим спортымен айналысып жүрген спортшылар да осы қазақ күресіне қызығып қатысып жатыр екен. Әрі бұл жолы кубокқа «Қазақстан барысы» жобасына қатысып жүрген білекті ұлдар да келіпті.
Жарыстың бірінші күні жан-жақтан келген балуандардың салмақтары өлшеніп, қонақүйлерге орналасқан болатын. Ал, екінші күні өткен ашылу салтанатынан соң командалық жарыста жүлделер сарапқа салынды. Нәтижесінде І-орынды Астана қаласы, ІІ- орынды Алматы қаласы, ІІІ- орынды Қостанай мен Жамбыл облысы өзара бөлісіп, қанжығаларына байлады.
Жарыс үшінші күні де жалғасын тапты. Кілем үстіндегі палуандар айқасы бір сәт те толастамады. Ал төртінші күні ақтық белдесулер басталды. Ашық аспан астында төселген бозкілемде сайдың тасындай ірі денелі, елінің рухын асқақтатып, намысты жандырып жүрген палуандар ақтық сайыста өз мүмкіндіктері мен ойын ережесіне сай шеберліктерін көрсетті. Сөйтіп, еліміздің он алты облысынан келген Қажымұқанның ізбасарлары Абай төріндегі аламанның көрігін қыздырды.
Күрес десе қаны қызбайтын қазақ бар ма?! Делебесі қозған көпшілік тұс- тұстан қиқулап, кілемдегі ұлдарын барынша қолдап бақты. Әсіресе, түйе палуандыққа талас мейлінше тартысты өрбіді. 90 келі мен 100 және 100 ден жоғары келідегі балуандар бірін-бірі алып та, шалып та жығып, боз кілемде атой алды.
Осылайша, Манарбек Таутанов атындағы қазақ күресінен өткен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогі де өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар қатары белгілі болды. Бәсеке нәтижесінде осы жарыста айла асырып, күші басым түсіп жеңіске жеткен І-ІІ орын иеленген балуандарымызды атап өтсек, 55 келі салмақта І- орынды Алматы қаласынан келген Нигматуллаев Марат, ІІ- орынды Қостанай облысынан Мұхамбетжанов Әлішер иеленді. 60 келі салмақ бойынша І- орынды Солтүстік Қазақстан облысынан Ілесбеков Олжасбек олжаласа, ІІ- орын Шығыстық Мейіржан Берекетовке бұйырды. Ал 66 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынға оңтүстіктік Дәмен Дәурен, ІІ -орынға Алматы облысының балуаны Сатыбалдинов Амангелді ие болды. 74 келі салмақ дәрежесі бойынша 22 балуан өзара белдесіп, нәтижесінде І - орынды Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Қайырбек Батырхан, ІІ- орынды қарағандылық Айдос Ғалымов жеңіп алды. 82 келі салмақта І- орын иеленген астаналық Өтеулиев Қажымұқан қанжығасын майласа, ІІ- орынға оңтүстіктік Бекқұлұлы Әл-Фараби жеңіске жетті. 90 келі дәрежесі бойынша алматылық Жұмахметов Әлімжан І- орынмен қоржынын толтырса, ІІ- орынды павлодарлық Махамбетов Ислам бағындырды. 100 келі салмақ дәрежесі бойынша жүлделі І- орынмен астаналық Сейділдаев Ғани, ІІ- орынмен Алматы облысының балуаны Сакенұлы Жігер марапатталды. Ақтық белдесуде 100 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша І орынға шыққан Алматы қаласының балуаны Әбдіразақов Руслан, ІІ- орынды Шығыстық Айбек Қалибеков қанжығасына бөктерді. Түйе балуандыққа таласқан балуандар жекпе-жегінде атан жілік, апайтөс Айбат Сейтен қарсыластарын шақ келтірместен «Түйе балуан» атанды. Республикалық Осыдан соң салтанатты түрдегі марапат рәсіміне кезек берілді. Кубок жеңімпаздары мен қоса спорт саласының дамуына үлкен үлестерін қосқан жаны ізгі демеушілерге де алғыс айтылып, қошемет-құрмет көрсетілді.
Жүлде қорына келсек, жекелей салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз балуандарға І- орынға 300 мың теңге, ІІ- орынға 100 мың теңге, ІІІ- орын алған екі балуанға 80 мыңнан табысталды. Ал «Түйе балуандарға» І- орынға 500 мың теңге, ІІ- орынға 200 мың, ІІІ- орынға 100-100 мыңнан берілді. Жүлде қорының қомақты болғаны анық.
«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, алыстан ат арытып келген қаншама қонақтарды қарсы алып, спортшыларды орналастырып, турнирдің өз мәнінде өтуіне үлкен үлес қосып, спорт саңлағын ұлықтауда ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Қалиев Қуат Барысұлы бастаған ауданымыздағыМанарбек Таутанов атындағы жаңадан ашылған спорт мектебі ұстаздарының еселі еңбектерін атап өткеніміз жөн.
Сондай-ақ, турнир барысында жанының жомарттығымен танылып, демеуші болған барлық азаматтарға, яғни Әмина Өмірзақова апамыздың 100 жылдығымен қатар ұйымдастырылған Республикалық Кубокті өткізуде белсене атсалысып, қолдау көрсеткен жандарды атап өту ләзім. Олар Шаңғараев Айтжан, Ерденбеков Мұрат, Өзбеханов Қуат, Мұқанов Ержан, Сексенбаев Әділ, Қабдрахманов Ербол, Оразалин Шаған, Оразалин Ерлан, Аяпбергенов Қымбат, Омаров Мұрат, Мағауин Махмұт, Сексенбаев Серік, Жарылғапов Аян, Шымырбаев Қайсар, Садыханов Бауыржан, Көнекбаев Тлеуберді, Мұсабеков Қанат, Қалиев Қуат, Жарылғапов Мақсат, Жаңбырбаев Талғат, Абелдинов Есен, жары Таутанова Гүлмира сынды ел мерейін асырған азаматтарға Абай жұртшылығы атынан ризашылығымызды білдіреміз.
- S: Осылайша, Абай елі өз ұлын, өр ұлын тағы бір мәрте еске алып, қадір тұтты. Бүгінде өмірде жоқ болса да оның атына дүбірлі турнир өткізді. Шыңғыстау төрінде 2012 жылдан бастап бесінші мәрте орын алып отырған Манарбек Таутанов атындағы Республикалық турнирдің жыл сайын маңызы арта түспек. Бұл бір есептен өскелең ұрпақ үшін ұйымдастырылған ұлағатты іс екені анық!
Осынау дүбірлі дода барысында біз осыны аңдадық , һәм осыған қуандық.
Абай елінің спорттағы атағы да Манарбек сынды даңқты балуан ұлдарымен бірге мәңгілікке асқақтай бермек.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
