Әмина Өмірзақованы еске алу
“ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ АНАСЫ” АРДАҚТАЛДЫ
Ұлттық кинематографиямызда қазақ әйелінің рөлін сан қырынан сомдап, қайталанбас ерекше бейнелер жасай білген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы қарсаңында Қарауыл төрінен әйгілі актриссаның ескерткіш бюсті ашылды. Қазақ киносының жұлдызына айналған әйгілі тұлғаны жерлестері ерекше қошеметпен еске алды. Олай дейтініміз осынау күні өнер тарланы Әмина апамызға арналған салтанатты түрдегі еске алу кеші ұйымдастырылды.
Жайдары жүзді, көңілі ақ, күлкісі ерекше талант иесін күллі халық көгілдір экран арқылы жақсы біледі. Әйтседе, А.Карповтың “Ана туралы аңызындағы Ана бейнесі, “Тақиялы періштедегі” аңқылдаған Тана апай және өзге де сәтті шыққан рөлдері арқылы етене танығанымен көпшілік Әмина апамыздың Қарауылдың ерке қызы екендігін біле бермейді. Бұл жайт еске алу кеші барысында да айқындалды.
Өнер иесіне құрмет әсіресе кейінгі буынға өнеге көрсету үшін қажет. Мақтан тұтар даңқты жерлестеріміздің көш басында тұрған Әмина Өмірзақова да сондай бірегей тұлға. Осы ретте игілікті іске бірінші кезекте аудан басшылығы ұйытқы болған еді. Сондай-ақ ауданымыздағы мәдениет саласының қызметкерлері, өнер жанашырлары мен әйгілі актриссаның ұрпақтары бірлесе отырып жерлесімізге арналып естелік белгі орнатылса деген ниетпен аудандық Мәдениет үйінің алдына Әмина анамыздың мүсінін орнатқан еді.Бұл ескерткіш ауданымыздағы балалар көркемсурет мектебінің қолөнер шебері Сәтбек Сьязхановтың икемді қолынан шыққан туынды. Осыған дейін талай тарихи мүсіндерде қолының таңбасы қалған Сәтбек ағамыз бұл жолы да Әмина анамыздың кескінін келістіре жасапты.
Сөз орайында айта кетелік, 87 жасына қараған шағында жарық дүниемен қоштасқан Әмина Өмірзақова өнер әлеміндегі даңқты жолында 50-ден астам кинофильмге түсіпті. Сонымен қатар театр сахнасында да тамаша рөлдерімен көрермен жадында мәңгіге жатталып қалды. Сөз жоқ Әмина Ерғожақызының есімі қазақ кинематографиясы мен драматургиясының тарихында өшпестей болып жазылғаны анық.
Біртуар талант иесін еске алуға арналған мерекелік кешке актриссаның туыстары, әріптестері, ізінен еріп, тәлімін көрген шәкірттері арнайы келіпті. Мәселен, актер, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Қазақфильмнің» алтын қоржынындағы ерекше саналар комедиялық фильм «Тақиялы періште» киносында Тайлақтың рөлін тамаша сомдаған Әлімғазы Райымбеков те келіп, шараның ауқымын еселеді.
Әмина Өмірзақоваға арналған ескерткіш-бюсттің ашылуына ауданның белді кәсіпкерлері мен мекеме қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын беріп, демеушілік жасаған еді. Аз уақыттың ішінде әзірленген мүсіннің ашылуына алыс-жақыннан меймандар көп келіпті. Аталмыш шараға облыс орталығы Өскемен қаласынан «Нұр Отан» партиясының ШҚО бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов және профессор ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, туыстары Қарауыл ауылының жұртшылығы жиылды.
Ескерткіш тақтаны ашу құрметі «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханұлы мен аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековке және осынау шара мейманы актер Әлімғазы Райымбековке берілді.
Әмина апамыздың мүсін бейнесінен де дәл өмірдегі тәрізді аналық мейірім төгіліп тұр екен. Қонақтар қатары ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым білдірді.
Осыдан соң жиналған көпшілік алдында аталмыш шараға ұйытқы болған бастамашылардың бірі, өнер мен мәдениет жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сөз алып, осынау игілікті істің мән-маңыздылығына тоқталып өтті.
Әлбетте, өткенге құрмет көрсету, оның ішінде өнер адамдарын өнеге тұтып, кейінгі буынға үлгі ету берері мол тағылымды іс. Өмірін халқына арнаған, сахна әлемінің хас шебері Әмина Өмірзақова сондай жандардың бірі. Даңқты жерлесіміздің 100 жылдығы қарсаңында артындағы туған елінің құрмет білдіріп, еске алып, ескерткіш орнатуы ерекше өнер иесіне деген құрмет. Бұл ретте осынау игілікті шараның орын алуына ауданның жанашыр азаматтары демеушілік жасағанын, ерекше үлес қосқанын атап өткен аудан басшысы баршасына ризашылық білдірді.
Осыдан кейін ескерткіш жанындағы шағын жиында Әмина апамыздың әріптесі әрі сыйлас шәкірті болған актер Әлімғазы Райымбеков сөз алды.
Қазақ киносына ерекше леп әкелген, өзіндің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Әмина Ерғожақызы жайлы тебірене сөйлеген ізбасары өзінің 15 киноға түскендігін айта келе, актерлік өнерде Әмина апамыздың берген ақыл-кеңестері мен тәлім-тәрбиесінің ерекше көмек болғанын жеткізді. Сонымен қатар, даңқты актрисса жайлы көңіл төрінен суыртпақтап естеліктер айтты.
Сондай-ақ, халықаралық Абай қорының президенті, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Отантай Кәріпжанұлы да Әмина апамыз жайлы естеліктерімен бөлісті.
Ал басқосу қорытындысында апамыздың туысы Зейнолла Әбеуов осынау шараға ұйытқы болған аудан басшыларына, ел азаматтарына алғысын жеткізіп, баталы тілек білдірді.
Осыдан кейін аудандық Мәдениет үйінде Әмина Өмірзақоваға арналған салтанатты түрдегі еске алу кеші өтті. Мұндағы жиын барысында да қазақ киносының жұлдызы жайлы тұшымды пікір, ескірмес естеліктер легі ақтарылды. Әсіресе, танымал ғалым Арап Сләмұлының өнер иесінің өмірбаянын қамтыған баяндамасын көпшілік ұйып тыңдады. Әмина апамыз кәсіби шеберлігін жетілдіру жолында көп ізденген жан. Сонау 1938 жылы Ленинград төріндегі мемлекеттік сахна өнері техникумының (кейін Ленинград театр, музыка және кинематография институты) қазақ студиясын бітіруі соның айғағы. Апамыз сонымен қатар Шымкент облыстық драма театрында, «Қазақфильм» киностудиясы мен Қазақ балалар мен жастар театрында елеулі жылдар бойы еңбек еткен болатын. Кино әлеміндегі жарқын жетістіктері үшін алған ордень, медальдары бір төбе.
Сонымен қатар жиын барысында аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков құттықтау сөз сөйлеп, апамыздың өнегесін көрген ең жақын шәкірті Әлімғазы Райымбековке құрмет-қошеметпен иығына оюлы шапан жауып, ат мінгізді.
Өз кезегінде қазақ киносының бірқатар туындыларына түсіп, көрерменге танымал болған байырғы актер де осындай шара ұйымдастырғандары үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар, сан фильмге түссе де өзіне үлкен танымалдылық әкелген «Тақиялы періште» киносында әріптес болған Әмина Өмірзақова жайлы да ілтипатты пікір білдірді.Жерлес ақынымыз Төлеген Жанғалиев біртуар өнер иесі Ә.Өмірзақова рухына арнап «Періште ана» жырын төгілтті.
Мұнымен қатар еске алу кеші барысында апамыздың туыстары да сөз алды. Әсіресе, Әмина Ерғожақызының тәлімін көрген туыс бауыры Серік Төлеуғалиұлы толғана сөйлеп, осындай іргелі шараға ұйытқы болғандары үшін алғысын білдіре келе, аудандық Мәдениет үйіне даңқты жерлесіміздің атын беру жайлы айтып өтті. Бұл ретте аудан басшыларының бастамасымен ұсыныс көтеріліпті. Аталмыш ұсыныс бүгінде құзырлы орындар тарапынан қаралып жатыр екен.
Әлбетте, Абай еліндегі қандай мәдени шара болмасын ән мен жырсыз өтпейтіндігі белгілі. Осынау кеш барысында да «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі мүшелерінің әзірлеуімен мерекелік концерт орын алды. Бір айта кетерлігі сол, «қаламқастықтар» Әмина апамыз қатысқан спектакль мен кинодағы бейнелерді де сомдады. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» шығармасындағы Маржан рөлінен үзінді және «Тақиялы періште» фильмінен тартымды эпизод көрсетті. Орынды сахналық көріністерге риза болған зал толы көрермен қошемет білдіріп, ұзақ қол соқты. Бейнебір көзалдымызға нағыз кино тамашалап отырғандай әсер қалдырды. Әмина Өмірзақованың образын ашық жарқын күлкісіне дейін келісті сомдаған «Қаламқастың» белді әншісі Нұргүл Демесінова болса, Тайлақ рөлін қазақ театрының шағын сахнасынан шыңдалып келе жатқан құндыздылық мәдениет қызметкері Ерғанат Тлендиев, ал ғашығы Айшаны Назгүл Толымбекқызы, Тананың құрбысы образын қаламқастық әнші Жанат Хайсина үздік сомдап шықты. Біз мұны Әмина Өмірзақованың талантына, оның қазақ киносындағы қалдырған бай мәдени мұрасына деген ерекше құрмет деп білдік.
Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Абай елі»
